Қазақ суретшілерін шетелге таныту үшін қолдау керек — мүсінші Ерғали Бекешев

ОРАЛ. KAZINFORM — Әрбір өнер иесі өз туындыларының халыққа жеткенін қалайды. Әлемге кеңінен таралып, елдің абыройын арттырса, тіпті жақсы. 

Қазақ суретшілерін шетелге таныту үшін қолдау керек – мүсінші Ерғали Бекешев
Фото: Ерғали Бекешевтің жеке архивінен

Осы орайда Kazinform тілшісі белгілі мүсінші, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, республикалық және халықаралық байқау-фестивальдердің жүлдегері Ерғали Бекешевпен сұхбаттасқан еді. 

— Өнер жолына қалай түстіңіз, әуелі соған тоқталсаңыз?

— 1963 жылы Тасқала ауданында өмір есігін аштым. 1985 жылы Орал педагогикалық институтының көркемсурет-графика факультетін тәмамдап, «Туған жер» атты дипломдық жұмысымды кескіндеме жанрында қорғадым. Студенттік шақта факультеттің мүсін шеберханасында лаборант болып еңбек етіп, түрлі геометриялық өрнекті гипс розеткаларын, балшықтан мүсіндер жасап, олардың қалыптарын алып, гипстен құюмен айналыстым.

Қазақ суретшілерін шетелге таныту үшін қолдау керек — мүсінші Ерғали Бекешев
Фото: Ерғали Бекешевтің жеке архивінен

Әр түрлі қызметтерде жұмыс істесем де, бір күні шығармашылыққа толықтай ден қоямын деген үмітімді үзбедім. 1993 жылы Наурыз мерекесіне дайындық кезінде Зеленов (қазіргі Бәйтерек) ауданындағы Щапов құс фабрикасында кәсіподақ комитетінің төрағасы болып жүрген кезімде алғаш рет металдың балқып жатқан сәтін көріп, өз қолыммен дәнекерлеу жасадым. Сол сәттен бастап металл шығармашылық жолымның негізгі арнасына айналды.

2010 жылы Қазақстан Суретшілер одағының мүшелігіне өттім. Ал 2023 жылы Қазақстан Көркемсурет академиясының корреспондент-мүшесі атандым.

— Қандай туындыларыңызды атап өтер едіңіз?

— Әрине, өз ой-қиялыңнан туып, өз қолыңнан шыққаннан кейін қай дүниең де ыстық. Солардың ішінде темірді дәнекерлеу әдісімен жасалған «Бақбақ гүл», «Алдар көсе», «Суретші», «Қобыз», «Махамбет», «Нарын» секілді туындыларымды атап өтуге болады. Ал Ақтаудың ұлу тасынан қашалған «Торсық» пен «Әже» бейнелері, таттанбайтын металдан жасалған «Суретші» композициясы Ақсай қаласының сәулеттік келбетін айшықтап, көпшілік көңілінен шықты.

Қазақ суретшілерін шетелге таныту үшін қолдау керек — мүсінші Ерғали Бекешев
Фото: Ерғали Бекешевтің жеке архивінен
Қазақ суретшілерін шетелге таныту үшін қолдау керек – мүсінші Ерғали Бекешев
Фото: Ерғали Бекешевтің жеке архивінен

2019 жылы Ресейдің Екатеринбург қаласында өткен халықаралық «Лом» фестивалінде «Немере» мүсінімен «Ең жаңашыл арт-нысан» аталымы бойынша 1-орынды иеленгенім бар.
Аудандарда орнатылған обелиск, монументтерді айтпай-ақ қояйын, 2020 жылы Абайдың 175 жылдығына орай Оралда ақынның қара сөздері жазылған төрт гранит стелланы орнаттым.

Өткен жылы «Атамекен» өнер орталығының алдында «Үкілі домбыра» мүсіндік композициям бой көтерді. 

— Суретшілік кредоңыз қандай? Шығармашылық лабораторияңыз жөнінде не айтар едіңіз?

— Менің шығармашылық кредом — қарапайымдылық пен өз халқымның мәдени түп-тамырына, дәстүрлі нақыштарына деген іңкәрлік. Бұл ұстанымды туындыларымның атауларынан да, мазмұндық желісінен де көруге болады. Шығармашылықта металл, тас және ағашпен жұмыс істеймін. Соңғы жылдары табиғи тасты тот баспайтын болатпен үйлестіре отырып, жаңа мүмкіндіктерді ашып келемін.

— Ақ Жайық жұртшылығы өзіңізді темірден түйін түйетін мүсінші ретінде жақсы біледі. Кезінде Алтын Орданың 750 және Бөкей хандығының 220 жылдығына орай қала әкімдігінің өтінішімен біраз уақыт бойы тер төгіп, Оралдағы Хан тоғайына орнату үшін темір тақ жасап шыққан екенсіз. Бұл тақ неліктен орнатылмады, оның ендігі тағдыры не болмақ? Құны да едәуір еді ғой?

— Тақтың Хан тоғайында орнатылмауының себебі — аталмыш жер Жайық өзені жайылмасында орналасқан. Екіншіден, орман шаруашылығы мекемесі рұқсат бермеді. Өйткені тақты орнату үшін абаттандыру жұмыстары жүргізілуі керек. Жер Орал қаласы әкімдігінің теңгеріміне өтуі қажет еді. Үшіншіден, Орал қаласының сол кездегі әкімі мен мәдениет басқармасының басшысы ауысып кетті. Шығынын айтпағанда, тоғыз ай уақытымды жасап едім, көк тиын да төленген жоқ, 2026 жылы бес жыл болады. Қазіргі таңда «Алтын алма» сауда орталығының басшысы бәлкім, біреулер алар деген үмітпен темір тақты шығарып, елге көрсету туралы ұсыныс айтып жүр. Сөйтетін болармын.

Қазақ суретшілерін шетелге таныту үшін қолдау керек – мүсінші Ерғали Бекешев
Фото: Ерғали Бекешевтің жеке архивінен

— Биыл Ұлыбританияның астанасы Лондонда өткен «Golden Time Talent» халықаралық өнер фестиваліне қатысып, жүлделі орынды иеленіп қайттыңыз? Сол жөнінде айта кетсеңіз?

— Аталмыш байқауға қатысуымның өзі кездейсоқтық деуге болады. Ғаламтордан ақпаратты көргеннен кейін ұйымдастырушыларға өз еңбектерімді жібердім. Олар жұмыстарымды жоғары бағалап, «Алдар көсе» деген темір мүсінімді бәйгеге қосты. Ақыры фестивальдің онлайн кезеңінен сәтті өтіп, алыстағы Лондонға шақырту алдым.

Қазақ суретшілерін шетелге таныту үшін қолдау керек – мүсінші Ерғали Бекешев
Фото: Ерғали Бекешевтің жеке архивінен

Үш күнге созылған фестиваль қорытындысында темір мен табиғи тастан соғылған «Табандылық» атты туындым үшін жеті жүлденің біреуі менің қанжығама байланды. Шет жерде өз еліңнің мәртебесін көтергенде, айрықша қуанышқа бөленеді екенсің. 

Қазақ суретшілерін шетелге таныту үшін қолдау керек – мүсінші Ерғали Бекешев
Фото: Ерғали Бекешевтің жеке архивінен

Жалпы, Лондонға сапар барысында және республикалық әрі халықаралық деңгейдегі түрлі іс-шараларға қатысқанда, өнер адамының мұндай ортада болуы аса маңызды екеніне көзім жетті.

Қазақ суретшілерін шетелге таныту үшін қолдау керек – мүсінші Ерғали Бекешев
Фото: Ерғали Бекешевтің жеке архивінен

Өйткені мұндай басқосулар тек тәжірибе алмасу емес, сонымен қатар өз шығармашылығың арқылы халқымыздың өнерін өзге ел өкілдеріне таныстыруға мүмкіндік береді.

— Ендеше, қазақ суретшілерін шетелге кеңінен таныту үшін не істеу керек деп ойлайсыз?

— Жас суретшілермен жүздескен сайын оларға әрдайым айтарым бар: байқауларға, симпозиумдарға, фестивальдерге қатысудан қорықпау керек. Бұл — кәсіби тұрғыда өсудің, дүниетанымды кеңейтудің ең басты жолы. Өкінішке қарай, шетелге шығуға мемлекет тарапынан материалдық қолдау жетіспейтіні үлкен қиындық тудырады. Дегенмен, біздің өнерге деген қызығушылығымыз шынайы, жүректен туындағандықтан, қандай кедергіні де еңсеруімізге тура келеді.

Қазақ суретшілерін шетелге таныту үшін қолдау керек – мүсінші Ерғали Бекешев
Фото: Ерғали Бекешевтің жеке архивінен

— Алдағы арман-мақсаттарыңыз, жоспарларыңыз қандай?

— Алдағы мақсатым — кәсіби тұрғыда өсіп, мазмұнды да мәнді, халыққа қызмет ететін туындылар жасау. Еңбектерім елдің игілігіне жарап, түрлі музей қорларынан орын алып, әсіресе, Әбілхан Қастеев атындағы өнер музейінде сақталса деген арманым бар.

Қазақ суретшілерін шетелге таныту үшін қолдау керек – мүсінші Ерғали Бекешев
Фото: Ерғали Бекешевтің жеке архивінен

— Әңгімеңізге рахмет, арманыңыздың орындалуына тілектеспіз.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда халықаралық суретшілер симпозиумы мәресіне жеткенін жазған едік

Соңғы жаңалықтар