Қазақ-тәжік ынтымақтастығы одақтастық деңгейіне көтеріледі: Астанада декларацияға қол қойды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақ-тәжік қарым-қатынасы стратегиялық әріптестік рухында қарқынды дамып келеді. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмонмен бірлескен мәлімдемесінде айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Менің шақыруым бойынша Қазақстанға мемлекеттік сапармен келгені үшін Тәжікстан Президенті Эмомали Шарипұлы Рахмонға шынайы ризашылығымды білдіремін.

Тәжікстан – біз үшін бауырлас ел, маңызды әрі сенімді серіктес мемлекет. Біздің халықтарымызды шынайы достық, ортақ тарих, рухани және мәдени құндылықтар біріктіреді.

Осындай мызғымас арқауы бар қазақ-тәжік қарым-қатынасы стратегиялық әріптестік рухында қарқынды дамып келе жатыр», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сондай-ақ Қазақстан басшысы Тәжікстан Президентінің мемлекеттік сапары екі елдің арасындағы қарым-қатынасты жаңа сапалы деңгейге көтеретінін айтты.

«Бүгін біз Қазақстан мен Тәжікстан арасындағы ынтымақтастықты одақтастық деңгейіне көтеру туралы декларацияға қол қойдық. Бұл – мән-мағынасы зор қадам. Басты мақсат – екі елдің достығын нығайтып, түрлі саладағы өзара тиімді ықпалдастыққа жаңа серпін беру. Біз шағын және кеңейтілген құрамдағы келіссөз барысында саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитралық байланыстарды дамытуға баса назар аудардық Осы сапар Қазақстан мен Тәжікстан қарым-қатынасын жаңа сапалы деңгейге көтеруге мүмкіндік береді деп сенемін», - деді Мемлекет басшысы.

Айта кетейік, кеше Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанға мемлекеттік сапармен келген Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмонды елорда әуежайында қарсы алған болатын.

Ал 3 мамырда Қазақстан-Тәжікстан бизнес-форумында бірқатар маңызды құжатқа қол қойылды.

Бүгін қос елдің басшылары шағын құрамдағы келіссөз өткізді. Өз кезегінде Э.Рахмон Астанаға мемлекеттік сапармен келуге шақырғаны және қазақ халқының дәстүрлі қонақжайлығы үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтты.