11:30, 14 Қараша 2013 | GMT +5
Қазақ тілді ҮЕҰ-ларды оқытатын арнайы бағдарлама қажет - Д.Көшім
АСТАНА. 14 қараша. ҚазАқпарат - Қазақ тілді үкіметтік емес ұйымдарды оқытуға арналған арнайы бағдарлама қажет. Бұл туралы бүгін VI Азаматтық форум барысында белгілі саясаттанушы Дос Көшім айтты.

Қазақ тілді үкіметтік емес ұйымдардың жағдайына алаңдаушылық танытқан ол: «Бізде 90-шы жылдардың басында ұйымдарды қалай құру, қалай қаржы табу, оны қалай игеру керектігін халықаралық ұйымдар оқытты. Шындығында, барлығын да орыс тілді азаматтар үйретті. Ендігі уақытта сол орыс тілді азаматтар тағы да оқытуда. Қазақ тілді ұйымдардың, әсіресе ауылды жерлерде өспей жатқандығының себебі осындай нақты бағдарламаның болмауы деп ойлаймын. Сондықтан міндетті түрде қазақ тілді ұйымдарды оқытатын бағдарлама керек», - деді саясаттанушы.
Сонымен қатар ол қоғамдық ұйымдар мен мемлекет арасындағы қарым-қатынасқа да тоқталып, олардың арасында теңдік сақталуы керектігін атап өтті.