Қазақ тілі халықаралық қатынас тілі бола алады – «Алға Петербург» жетекшісі

− Иван, сіздің қазақ мәдениетіне қызығушылығыңыз Димаштан басталғанын білеміз. Осымен алтыншы жыл қазақ мәдениетінің жарқын сәттерін насихаттап келесіз. Бұл аралықта сіздің аудиторияңыз қаншалықты өсті? Арасында түрлі ұлт өкілдері бар екенін естідік.
− Аудитория бір жағынан айтарлықтай өсті, бір жағынан азайды деуге болады. Өйткені бұрын бізде жарты миллионнан астам жазылушы болатын – бір арнада 500 мың, екінші арнада – 150 мың, үшінші арнада тағы – 50 мың жазылушы дегендей. Өкінішке қарай, бұл арналарды жоғалтып алдық. Сосын 2020 жылы «Алға Петербург» жаңадан ашып, бәрін басынан бастадық. Мысалы 2022 жылы Instagram желісінде 5 мың жазылушымыз болса, қазір 125 мың адам бізді тамашалайды.
Бастапқыда біз Димаш туралы видеолар жариялай бастадық, кейінірек жанкүйерлер Димаш туралы, Қазақстан туралы, басқа да талантты жандар туралы айта бастады. Осылайша, аудиторияны қызықтыру үшін контентімізді түрлі бағытта жасай бастадық. «Алға Петербург» каналын жаңадан ашқанда күніне 1 млн қаралым жинайтынбыз. Ал қазір YouTube желісінде – 6 миллион, Instagram парақшамызда – 1,5 миллион қаралымға дейін жетеді.

Біздің қызметіміз бойынша анықталатын трендтер бар, оның бірі – шапан. Мен күнделікті тұрмыста шапан киюді баяғыда бастағанмын. Ең алғашқы шапанды 2019 жылы сыйға алдық, сонда Санкт-Петербургте көшеде шапанмен жүретінмін. Қазір Түркияда тұрамын және шапандарымды Аланияға әкелдім. Онда да жергілікті қазақтар күнделікті киетін шапандар берді. Содан кейін әрине, музыка, қазір Қазақстанда әлемдік музыканың бірнеше флагманы бар. Мәселен Димаш әлемдегі ең жақсы вокалистердің бірі болып саналады, оның шығармашылығы білімді, білгір жандарға арналған. Сондай-ақ, Грэмми сыйлығының иегері Иманбек Қазақстанның жастар аудиториясына сапалы музыка сыйлауда. Қазір бәрі онымен жұмыс істегісі келеді. Тиісінше, Қазақстан жастар сегментін де қамтып отыр.
− Сізге шабыт сыйлаған Димаштың өзімен кездесу мүмкіндігі болды ма?
− Иә, мен Димашты бірнеше рет көрдім. Алғаш рет 2019 жылы Минск көшесінде кездейсоқ жолықтық, бұл қалада екінші еуропалық ойындар өткен еді, онда Димаш өнер көрсетті. Сонда мен оның алғаш рет жанды дауыста ән салғанын көрдім және вокалына қайран қалдым. Ол олимпиаданың әнұранына ұқсайтын «Олимпико» әнін шырқады. Сосын Димашты 2021 жылы Сочиде көрдім, ол біздің арнамызға сәттілік тілеген еді. Осылайша, Димаштың ақ тілегімен біздің шығармашылығымыз да, аудиториямыз да кеңейе берді.

Әншіні үшінші рет Дубайда көрдім. 2022 жылы Дубайдағы концертінде Димаш «Менин арманым» қоры көмектескен баламен кездесті. Бұл қор қайырымдылықпен айналысады және балаларға армандарын орындауға көмектеседі, мен олардың бейнематериалдарын түсіруге көмектесіп, репортаж жасадым. Онда да Димашпен аздап сөйлесе алдық, ол менің концертке келгеніме алғыс айтып, арнамызды үнемі көретінін айтты. Димаштай әншінің бізді білетініне және үлкен алғыс айтқанына қуандым, өйткені ол мен үшін Қазақстанды ашқан адам. Қазір де Димаш Қазақстанды әлемдік аудиторияға танытып келеді, оның арқасында әлемде көптеген адамдар Қазақстан туралы біледі, қазақ тілін үйреніп, қазақша ән айтады. Сондықтан Димаш әрине, Қазақстанды таныту үшін үлкен жұмыс атқаруда.
− Сіздің арнаңыздың «Алға Петербург» атауы есте қаларлықтай жатталып қалды. Мұндай сәтті атауды қалай таңдадыңыз?
- Бұған дейін айтқанымдай, «Эхо Петербурга» деп аталатын үлкен аудиториясы бар арналарымыздан айырылып қалдық қой. Сонда біздің қазақ достарымыз қолдау көрсетіп, «Жігіттер, көңіл-күй түспесін! Алға Петербург!» деп жазған еді. Жаңа арнаны ашқанда да «Алға Петербург» деп атауды ұйғардық. «Кемені қалай атасаң, солай жүзеді» дегендей, қазір тек қана алға қадам басып келеміз. Сондықтан, арнамыздың атын Қазақстан халқы ұсынған деп сенімді түрде айта аламыз.

− Қазақ мәдениетін зерттеген алты жылда өзіңіз үшін қандай жаңалықтар аштыңыз? Қазақстанның қандай өнер адамдары, қандай салт-дәстүрі есіңіздер қалды?
− Әрине, ең алдымен Димашты айтамын, ол Қазақстанның ғана емес, бүкіл әлем мәдениетінің нағыз флагманы. Тұтас әлемді біріктіретін бірнеше фактор бар, бұл мәдениет, спорт және аспаздық тағамдар (гастрономия). Қазақстан осы бағыттардың бәрінде әлеуетті. Спортта Қазақстанды халықаралық аренада насихаттап жүрген батырларды шексіз санауға болады, бұл Геннадий Головкин, Александр Винокуров, UFC-де танылған Шавкат Рахмонов, Асу Алмабаев, Азат Максум, одан басқа көптен бері сайысқа түсіп жүрген жігіттер бар. Бокста Қазақстан дәстүрлі түрде мықты және дәстүрлі түрде керемет ойын көрсетеді. Ауыр салмақта да қазақстандық боксшылар алдағы 5-10 жылда халықаралық деңгейге шығып, әлем чемпионы болады деп сенемін.
Мәдениетте де көптеген жас таланттар бар, олар да халықаралық деңгейге көтеріліп, өте танымал болатынына сенімдімін. Қазақстан барлық уақытта талантты дауыстарымен және музыканттарымен танымал болды. Оған қоса, Қазақстанның дәстүрлі халық музыкасы да айрықша назарға ілінді. Мысалы, «Тұран» этноансамблі қазір Еуропаны, Американы аралап жүр, олар керемет қошеметпен қарсы алады. Мен Түркияның Мерсин қаласында «Тұранның» концертін тамашаладым. Жергілікті тұрғындардың Қазақстан музыкасын қалай бағалайтынын көріп, таң қалдым, тіпті аудан мэрі ортаға шығып, билеп кетті. Мен бұл концертке тек қазақстандықтар келеді деп ойлағанмын, сөйтсем жергілікі халық өз балаларымен керемет көңіл көтерді. Өзім қазақша әндерден «Көзімнің қарасын», «Дударайды» жақсы көремін, Димаштың да әдемі әндері көп, «Еркем-ай» әнін қазір үйреніп жатырмын, бір күні өзім шырқап беретін шығармын.

Тағамға келсек, қазақ асханасы әлемнің түкпір-түкпірінен туристерді тарта алатындай ерекше. Қазақстанда міндетті түрде гастротуризмді дамыту қажет, менің ойымша, бұл жақын арада Мәдениет және спорт министрлігіңіз қолға алатын бағыттардың бірі. Мысалы, қазақша ет пен бауырсақ Қазақстанның визит картасына айналды. Жақында біз қазақша ет дайындаған Ливанның танымал фудблогері туралы сюжет жасадық. Бұл шетелдіктердің асқан қызығушылық танытып отырғанын дәлелдейді. Тиісінше, Қазақстанның осы сегментте орасан зор әлеуеті бар екенін көрсетеді. Қазақстан небәрі 30 жыл бұрын тәуелсіздік алды, тарих стандарттары бойынша бұл уақыт өте аз. Қазір Қазақстан осындай керемет нәтижелерді көрсетуде, болашақта Қазақстан одан да көп ашылатынына сенімдімін.
Сонымен қатар, Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметін ерекше атап өткім келеді. Қазақстанда тұратын адамның ұлты мен этносы маңызды емес, уақыт өте келе ол қазақ болады. Кеше Ассамблея сессиясында үндістандық азаматпен таныстым. Ол 20 жыл бұрын Маңғыстауға көшіп келген және қазақ сияқты сөйлеп, қазақ сияқты ойлайды. Тіпті мені Маңғыстауға шақырғанынан да қазақы қонақжайлылық сезіледі. Өкінішке қарай, Маңғыстауға ұзақ уақытқа бара алмаймын, өйткені менің негізгі жұмысым бар, өз міндеттемелерім бар. Мен Аланияға 2021 жылы көштім, онда да қазақтар шақырған еді. Қазір Нұржан есімді досыммен жылжымайтын мүлік сататын компания ашып, серіктес болдық. Қазіргі блогерлік қызметім жалғасуы үшін де жұмыс істеуім керек.
Яғни, ашықтық, мейірімділік, мәдениет, тәрбие, зияткерлік әрбір қазақстандыққа бала кезінен сіңіріледі. Бұл қасиеттер болашақ ұрпаққа берілуі керек. Себебі қазір біздің әлем өзгеруде, адамдар түрлі елдерге көшіп-қонып жүр, мен де Санкт-Петербургте дүниеге келдім, Түркияда тұрамын, ал жаным әрқашан Қазақстанмен бірге.
− Сіздің негізгі мамандығыңыз – қонақжайлылық индустриясы. Финляндияда, Ресейде, Оңтүстік Кореяда тұрдыңыз, қазір Түркияның Алания топырағындасыз және салыстырмалы түрде пікір білдіре аласыз. Қазақтар шынында да әлемдегі ең қонақжай халық па?
− Одан да асырып айтайын, қазақ қонақжайлылығы – нағыз эталон! Барлық адамдар қонақ күтуді қазақтардан үйренуі керек. Мен мұнда сервис немесе қандай да бір мәселені айтпаймын, қазақтардың мұны шын жүректен, жан-тәнімен жасайтыны ерекше жылулық сыйлайды. Қазақстанға келгенде мені көп адамдар шәйға, етке шақырады, ал менің уақытым тығыз болады да, бас тартуға мәжбүр боламын. Сондағы олардың ренжігенін көріп, қатты сасамын, тіпті ыңғайсызданамын. Қазақтар үшін алыстан келген қонақты күту қандай маңызды екенін түсінемін, бірақ менің де өз уақытым өзіме тиесілі болмайды. Шақырушы тарап күн тәртібін белгілейді, ұйымдастырушылар алып жүреді. Сондықтан, ренжіткен, мұңайтқан адамдар болса, үлкен өкінішімді білдіремін.

Қазақтар мені қатты қолдайды, көмектеседі, маған камералар сыйлады, ноутбук сатып алуға көмектесті. Мәселе мынада, контент өндірумен байланысты жұмыстың шығыны көп және ол біз үшін әлі де өте қымбат хобби болып отыр. Сондықтан келіп түскен барлық ақшаны каналдың дамуына жұмсаймыз. Техника үнемі бұзылады, камера құлайды, жаңасын сатып алу керек болады. Қазақстандықтардың қолдауы болмаса, бізде ештеңе болмас еді. Бұл үшін үлкен алғысымызды айтамыз. Қаражаттан бөлек, бізге жазылған жылы пікірлер, түрлі ақылды, білімді адамдардың ақыл-кеңестері аса маңызды. Мұндай қолдаумен жұмыс істеу, шығармашылықпен айналысу бір ғанибет.
− Қазақстан туризм саласында қарқынды дамып жатқан мемлекет. Қазақстанның қай жері ерекше ұнады, қайда барып көргіңіз келеді?
− Сөзсіз, Қазақстанның туристік әлеуеті зор және мемлекеттің туризмді дамыту үшін көп нәрсе істеп жатқанын білеміз. Бұл туралы көбірек айту керек және қолдау қажет, бірлі-жарым адам дамытатын сала емес. Мысалы, мені Маңғыстау тұрғынының қонаққа шақырғанын айттым, егер әрбір қазақстандық мүмкіндігінше өз жерін насихаттауға ниет білдірсе, онда туризм шарықтап көтеріледі. Өйткені көптеген әдемі жерлер бар, өте бай мәдениет пен өте бай тарих бар. Сондықтан Қазақстан біраз уақыттан кейін әлемдік туризм орталығына айналатынына сенімдімін. Өйткені, Қазақстан үлкен назарға лайық, мүмкіндік болғанда өзім де бірнеше айлап Қазақстанды аралап шығар едім.

− Көптеген шетелдіктер қазақ тілін үйрену өте қиын деген пікір айтады. Сіздің қазақшаңыз қандай? Тіл үйренуге кім көмектеседі?
− Күн сайын қазақшамды жетілдіріп келемін. Жұмыстағы серіктесімнен де қазақша сөйлесуді сұраймын: «Нұржан, енді 5 минут қазақ тілі болсын» деймін. Ол қазақша сөйлей бастағанда ештеңе түсінбейтінмін. Бірақ бірте-бірте нәтиже шығады, қазірдің өзінде белгілі бір сөз тіркестерін айтуды үйрендім. Мысалы, «Қалайсың?» және «Қалайсыз?» сөздерінің айырмашылығын білемін, «Рұқсат болса, мен барайын» деген секілді тұрмыстық сөздерді үйреніп алдым. Бірақ әлі де көп күш салу керек, қазақ тілі – халықаралық қарым-қатынас тілі де бола алады. Себебі қазір Димаштың арқасында латынамерикалықтар да, еуропалықтар да қазақ тілін үйреніп жатыр. Малайзияда қазақ тілі курстары ашылды, бүкіл планета қазақ тілін үйренуде деуге болады. Біз тіпті әлемнің түкпір-түкпіріндегі Димаштың фанаттарын жинап, қазақ тілінде ән айтатын онлайн-концерттер сериясын жасағанбыз, соның ішінде Африка, Аустралия, Қытай, Еуропа және т. б. ел тұрғындары болды.
− Уақыт бөліп, қызықты сұхбат бергеніңіз үшін алғыс айтамыз! Сөз соңында 1 мамыр – Бірлік күнінде оқырмандарға қандай тілек айтасыз?
− Баршаңызды Қазақстан халқының бірлігі күнімен құттықтаймын! Бұл үлкен және жарқын мереке. Әрине Қазақстанның әрқашан дамығанын, гүлденгенін тілеймін, жақсы жаңалықтар көп болсын, жаман хабар болмасын. Баршамызға мәлім, Қазақстан – көпұлтты ел, мұнда көптеген этностар достық пен келісімде өмір сүруде. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев айтқандай, бұл бағытта белсенді жұмыс істеу керек және достықты дамыта беру қажет. Бұл үшін Қазақстанда барлық мүмкіндік бар деп санаймын және дәл солай болуын тілеймін!