«Қазақ тілі» қоғамы Кеңес үкіметінің қылышынан қан тамып тұрған кезінде құрылды - Өмірзақ Айтбайұлы

Осы күнге орай қоғамның президенті, академик Өмірзақ Айтбайұлының сұхбатын назарларыңызға ұсынамыз.
- Биыл «Тіл туралы» Заңның қабылданғанына жиырма жылдың жүзі болыпты. Сондай-ақ өзіңіз басқаратын қоғам да осы жас табалдырығын аттайды. Өткенге оралып, қабылдану мен құрылуға бір көз тастап өтсек?
- 80-ші жылдардың соңында бүкіл қазақтың зиялы қауымы, ғалымдар, қолына қалам ұстаған сауатты қазақтың барлығы да өзінің ана тілін құртып ала жаздап барып есін жиғандай болды. Бұл туралы көп айтылып, көп жазылды. Содан барып қазақ тілін егер мемлекеттік тіл жасамасақ, онда мүлде айырылып қалуымыз мүмкін деп шешті. Сол мемлекеттік тіл үшін неше алуан күрестер өтті. Сонау 1986 жылы біздің жастарымыз елді дүр сілкіндірді. Жастар тәуелсіздіктің алғашқы таң шапағын атырғандай болды. Қазақтың тілін, мәдениетін, дінін қаузап көтерген алаш ардагерлері болатын. Олар мәселен 20-30 жылдары барлық мәселені көтеріп келді. Содан кейінгі дүмпу - қазақ тілін сексенінші жылдардың соңында мемлекеттік тіл жасаудың жолындағы жүрген күрес. Оның басы-қасында Әбдуали Хайдар, Рахманқұл Бердібай, Шона Смаханұлы, Тұрсынбек Кәкіш сияқты ағаларымыз жүрді. Мәселен, Ғылым академиясында қазақ зиялыларының басын қосқан бірнеше дүркін басқосулар өтіп, келелі мәселелерді ортаға жиі салып отырды.
Әлі есімде, 1988 жылы Ғылым академиясының Тіл білімі институтының директоры болып істейтін академик Әбдуали Туғанбайұлы Хайдар екі-үш рет жастарды жинап алып, қазіргі қазақ тілінің жағдайы және оның болашағына қатысты мәжіліс құрды. Тілді мүлде жойып, құртып алмас үшін оның тек ғылыми проблемаларын зерттеп, сонымен шектеліп ғана қоймай, тілдің ел үшін, халық үшін, ұлт үшін ең маңызды қызметін сақтап қалу мақсатында барлық салада мемлекет те өз міндетін атқару керек. Ұлттың дамуының барлық саласында қызмет ететін тілдің тек отбасы деңгейінде шектеліп қалуы оны құрдымға әкеледі. Қазақ тілі үлкен өмір сахнасына шықпай, тұмшаланып қалып отыр. Міне, осыны толғай отырып, оның төңірегіндегі проблемаларды қаузап, халықтың, елдің есіне салып отыратын бұқаралық ұйым ретінде ол «Қазақ тілі» қоғамын құрсақ» деп ұсыныс жасады. Кеңес үкіметінің жұмса - жұдырығында, ашса - алақанында тұрған ел бола отырып, «Қазақ тілі» қоғамын құру деген бір өте тосын, қисынсыз дүние сияқты көрінді. Бұған қазақтың үлкен ғалымдары да тосырқай қарады. 1986 жылғы дүмпуден кейін бе, тілге байланысты тауқыметті көріп келе жатқан жастар бірауыздан қолдады. Сөйтіп «Қазақ тілі» қоғамын құру мәселесі шешілді. Ол кезде Орталық Комитеттің басшылығына келген Колбин дейтін бірінші хатшы тілге байланысты неше түрлі құйтырқы саясаттарды қолданып жатты. Бірақ мемлекеттік тіл, ұлттық мүдденің басты мәселелерінен тайқып жүрді. Міне осындай тұста қазақ зиялылары газеттерге жазып, радио, телеарналардан сөйлеп, «мемлекеттік тілді өркендетпесек, біздің қазақ тілінің де құны көк тиын», деген әңгімелерді қозғап, ақыры «Тіл заңы» мәселесі көтерілді. Тіл заңын қабылдар алдында бұл мәселені шеше алмай, Колбиннің басы дал болды. 26 адамнан тұратын комиссия құрды. Бір жолы сол комисияны шақырып алып: «Ал не істейміз? Қай тілді мемлекеттік тіл жасаймыз?» - дегенде, елдің көбінің көкейінде тұрса да, айтуға батылы бармай, мықты деген адамдардың барлығы кешегі 37-жылдардың ызғарынан сескеніп тұрғанда, «Қазақстанда мемлекеттік тіл - тек ғана қазақ тілі болуы керек», дегенді бірінші болып айтқан сол Әбдуали Хайдар болатын. Содан кейін бұл мәселе Жоғарғы кеңесте қаралды. Сол кеңесте біздің ұлттық сана-сезімі жоғары адамдар жүрді ғой. Мұхтар Шаханов, Өзбекәлі Жәнібеков сынды ұлттық мүддені жоғары қоятын азаматтар мемлекеттік тілі қазақ тілі болуы керектігін жақтады. Бірақ сұмдық талас болды.
Бұл күрделі мәселе шешілер кезде Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың бір ауыз сөзі қатты әсер етті жұртқа. Ол кезде депутаттардың көпшілігінің олқымалы-толқымалы болып тұрған кезі еді. Дегенмен 1989 жылдың 22-қыркүйегінде «Тіл туралы» заң қабылданды, содан бір айдан кейін, яғни 22-қазанда Халықарлық «Қазақ тілі» қоғамы құрылды. Сол Заңда да көп кемшіліктер бар. Қазақтардың саны 40 пайыз шамасындағы ғана кез ол. Сондай жағдайда «Тіл туралы» заңды қабылдату біздің халқымыздың ұлы ерлігі деп есептеймін. Әрине, кейін есімізді жинап қарай бастаған кезде қаншама кемшіліктер кеткенін байқадық. Тіпті енді баптарының көбі қазақ тілі, орыс тілі деп қабаттасады да отырады. Орыс тілін айтпаса, қазақ тілінің тынысы мүлде тарылатын сияқты. Ал шынында керісінше болатын. Сондықтан да жаңа екі редакциясымен үш рет қабылданды ғой заң. Сонда да кемшіліктерден арыла алмай отырмыз. Бірақ жұрттың бәрін алаңдатып жүрген мәселе Конституцияға кірді. Онда «Мемлекеттік тіл - қазақ тілі» деп берілгеннен кейін ғана жұрт екі ойлы пікірінен арылды. Бірақ «орыс тілі барлық ресми мекемелерде қазақ тілімен тең қолданылады» деген сөйлем бар. Мұны жұрт ресми тіл деп өздерінше жобалап алды. Ресми тіл дегеннің этимологиясына үңілсек, мемлекеттік тіл мен ресми тіл деген екеуі бір сөз. Міне осылай алып-қашып жүріп, көп адам қате түсініп жүр. Орыс тілі мемлекетік мекемелерде мемлекеттік тілмен қатар тең қолданылады дегенді білдіреді. Оны енді дұрыс түсінудің орнына алып-қашып, кейде қазақ тілінің күні бітті деп ойлайды. Мемлекеттік тіл - орыс тілі емес, мемлекеттік тіл - қазақ тілі. Ал орыс тілі қатынас құралы ретінде ресми мекемелерде тең қолданылатын тіл. Сондай-ақ Конституция ондаған жылдарға бірақ қабылданатын құжат қой. Шамасы осы Конституциямызға ептеп-ептеп өзгерту енгізетін уақыт келетін болу керек. Міне, сол кезде мемлекеттік тілдің қасында орыс тілін қабаттастырмау керектігінің қажеттігі айтылатыны күмәнсіз.
- Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының басты міндеті - Қазақ ССР-нің 1989 жылы 22-қыркүйекте қабылданған «Тіл туралы» заңы негізінде 2001-2010 жылдарға арналған тілдерді дамытудың жүзеге асуын, қазақ тілінің өмірдің барлық саласына толық енуіне арналған іс-әрекеттердің жүзеге асуы қалай жүріп жатыр?
- «20 жыл ішінде біз нендей мақсатқа қол жеткіздік?» -деген сауалдан бастайтын болсам, ауызды құр шөппен сүртудің қажеті жоқ. Жалпы бұл кезеңді қазақ халқының өзін-өзі тану, жоғын жоқтау және оны түгендеу, ұлттық санасын жаңғырту, ана тілін түлету, ұлттың рухын асқақтату кезеңі десек, артық айтқандық емес. 1990 жылғы наурыздың 22-інде республикалық «Ана тілі» газеті шығып, содан бергі аралықта ол республикамыздағы таралу мөлшері көп беделді басылымдардың қатарына шықты. «Ана тілі» газетінің негізгі нысаны - тіл мәселесі деп танып, бұл бағытта елеулі дүниелер жариялаудан тынбай келеді. Сондай-ақ қоғамдық сананы оятуда да бірқатар жұмыстар атқарылды. Мәселен, бір кездері құрылған саяси ұйымдар мен түрлі ұжымдардың бағдарламаларында мемлекеттік тіл жөнінде бірде-бір сөз айтылмайтын. Қазіргі кезде олар да мемлекеттік тілге бет бұрып, өздерінің құжаттарында бұл маңызды мәселе жөнінде құрастырып, өздерінің ұстанымдарын жеткізе бастады. Тіл туралы таным-біліміміздің біржақтылау, таяздау болып шығуына өз әсерін тигізбей қойған жоқ. Осындай жайттарды ескере отырып, «Тіл тағылымы» атты халықтық университет аштық. «Тіл тағылымында» осы уақытқа дейін 20-ға жуық дәріс өтті. Университет сабағында танымал ғалымдар, жазушылар, журналистер қатысып, қазақ тілі төңірегіндегі келелі мәселелерді шешудің жолдарын іздестірді. Сондай-ақ қоғам ұлттық мүде мен мемлекеттік тіл мәселесіне байланысты мемлекеттік органдармен және түрлі қоғамдық ұйымдармен бірлесіп жұмыс істеп келеді. Қоғамның тынбай еңбектенуінің арқасында мынадай нәтижелерге қол жеткізілді. Мәселен, Қазақстан Республикасының «Тіл туралы» заңының 2001-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының әзірленіп қабылдануына, тіл мәселесімен тікелей айналысатын ресми мекеме - Тіл комитетінің құрылуына, мемлекеттік қызметке қызметкерлер қабылдағанда тестке мемлекеттік тілге және тіл туралы заңға қатысты сұрақтардың енгізілуіне, Елбасының 2006 жылғы жарлығымен бекітілген облыстар мен Алматы және Астана қалаларында іс қағаздарын мемлекеттік тілге кезең-кезеңмен көшіру туралы кестесінің жасалуына, бұрынғы жабылып қалған қазақ мектептерінің қайта ашылып, олардың санының едәуір арта түсуіне қол жеткізілді. Сонымен бірге Үкімет жанынан Премьер-Министрдің өзі төрағалық ететін мемлекеттік тіл мәселесі жөнінде арнайы комиссия құрылғанын өздеріңіз жақсы білесіздер. Ол комиссия жұмысына тұрақты түрде Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының ұстанымы ашық білдіріліп отырады. Сол секілді 2007 жылғы ақпан айында Үкімет тарапынан министрлер мен әкімдіктерге, Үкімет кеңсесіне беретін ақпараттарын алдағы уақытта қос тілде, орыс және мемлекеттік тілде беру туралы нұсқауының орынсыздығын дәлелдеп, бұған тосқауыл қоя алдық.
Дегенмен атқарылмаған істер де баршылық. 20 жыл өткеніне қарамастан, қазақ тілінің қоғам өмірінің бар саласында кеңінен қолданылуына, көп жағдайда басымдыққа ие болуына қол жеткізе алмай келеміз. Ең аяғы елімізде тек ғана қазақ тілінде хабар тарататын бір телеарна аша алмай отырмыз. Мемлекеттік тіл туралы заң, яғни тек қана мемлекеттік тілдің мүддесін қорғайтын нормативтік-құқықтық құжаттар қабылдай алмай келеміз. Орыс тілді қазақтар мен елімізде мекендеп жатқан кейбір өзге ұлт өкілдерін соңымыздан ерте алмадық. Қазақтың мүддесін, ойы мен пікірін орыс тілді қауымға жеткізетін және табанды білдіретін орыс тілінде шығатын басылымдар ашу керек еді. Бұл да әлі қолға алынбады. Ақпараттық кеңістігіміздің 80 пайызынан астамын Ресей иелігіне беріп қойдық. Осы қуысты қазақ тіліндегі ақпараттық өнімдермен толықтыруда қауқарсыздық танытып келеміз. Жер-су, елді мекен, көше, кәсіпорын атауларының қазақ тілінің ережесіне сай жазылмай, түрліше бұрмалануына әлі күнге жол беріп келеміз. Осы сияқты шешімін таппаған мәселелер көп.
- Елімізде 1283 балабақшаның 395-і ғана қазақ тілді екен. Мәселен, Семей қаласында қазақ тіліндегі балабақша былтыр тұңғыш рет ашылды. Бұл мәселе шешімін тауып жатыр ма?
- Бұл мәселе де біздің назарымызда. Біздің Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы сонау құрылған заманынан бермен қарай бұқаралық ұйым болып келеді. Қоғам республиканың барлық облыстарын қамтыды, барлық облыс орталықтарында облыстық ұйымдар жұмыс істеді, қалада да тура солай. Барлық аудандар, жалпы 250 аудан бар еді, барлығында да аудандық ұйымдар құрылды. Содан кейін мыңдаған бастауыш ұйымдар құрылды. Сондай-ақ ірі-ірі оқу орындарында, мемлекеттік мекемелердегі азаматтардың іс-әрекеттерінің нәтижесінде қай жерде қанша балабақша бар, қай жерде жоқ, қай жерден ашу керек, қанша мектеп жабылды, қай жерден қанша мектеп ашу керек деген әлеуметтік мәселелерді бір жыл көлемінде зерттеп, есеп бердік, жоғарғы жаққа хат жаздық. Әлі күнге дейін ісіміз солай жалғасуда.
Нарыққа ыңғайланудың қыр-сырын «Қазақ тілі» қоғамы да үйрене бастады. Қоғамдық ұйымдар 90-шы жылдардың басынан бастап өзін-өзі қаржыландырып келеді. Осыған байланысты бұрынғыға қарағанда жұмысымыздың қарқыны едәуір бәсеңдеп қалды. Оның артынан жекешелендіру деген нәрсе шықты. Жекешелендіруде қолы ұзын, қалтасы қалың, икемі күшті адамдар көптеген балабақшаларды, тіпті кейбір мектептерді иеленіп алды. Бұл да заманның қисынсыз тірліктерінің бірі. Көптеген білім беру орындары, мектептер мен балабақшалар жекешелендірудің құрбанына айналып кетті. Енді оны ешкім ала алмайды. Кейбір саналылары қайтарып беріп жатыр. Кейбірі басқаша пайдаланып, сіңіріп кеткендері бар. Соған қарамастан, балабақша, мектеп керек. Елбасының бұл кемшіліктің орнын толтыру есебінде «100 мектеп, 100 аурухана» әлеуметтік бағдарламасы жүзеге асып жатыр. Қазір еліміздің түкпір-түкпірінде қазақ мектептерінің саны артып келеді. Оның бәрін біз қадағалап отырмыз. Барлығында қоғамның үлесі бар деп есептеймін.
- Қоғамдық «Тіл инспекциясы», «Тіл полициясын» құру туралы мәселеге ғалым, маман ретінде көзқарасыңыз қандай?
- Мемлекеттік тіл деген не? Ол - қазақ тілі. Қазақ тілі - бұл ұлтымыздың ана тілі. Ешуақытта, ешқашан өзінің тілін, ешбір халық, әсіресе қазақ өзінің туған тілін сан түрлі саққа жүгіртіп, әртүрлі саудаға салып заң шығарудың өзі әбестік. Мұндай заңның өзін шығарудың қажеті жоқ. Өз тілі арқылы өзін тәрбиелейді, тілін тәрбиелеу арқылы өзін тәрбиелейді. Тілдің мүддесін неше түрлі полицеймен, прокурормен, бұйрық-жарлықпен шешемін деу ақылға сыймайды. Батыста, Қытайда «Тіл инспекциясы», «Тіл полициясы» бар дейді. Ол тілге және қоғамдық ұйымдарға көмектесу үшін ғана құрылу керек. Шет елде былай екен, қолдарында заң бар. Мемлекеттік тілді бұзып сөйледің ба, айыппұл салынады. Салынған айыппұл мемлекеттің есебіне кетеді. Осындай негізде жасалатын болса, онда бұқаралық ұйымдар мен қоғамдық ұйымдарда қаншама адамдар бос жүр. Ақша жоқ, қаражат жоқ. Мұндай инспекциялар осындай қоғамдық негізде жұмыс істейтін болса мен түсінер едім. Ал тілдің мәселесін полицейлермен, инспекциялармен жөндеу деген менің онша көңіліме қонбайды. Халықтың өзі жөндейді, тек қана қадағалап отыру керек.
-Әңгімеңізге рахмет!