Қазақ тілі мен мәдениетін дәріптеу үшін тіл клубтарын кеңейту керек - депутат Надежда Шушаникова

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Өскеменде VIII сайланған қалалық мәслихаттың алғашқы отырысынан кейін депутат Надежда Шушаникованы мұқым республика жұртшылығы таныды. Оған халық қалаулысының келесі мәслихат сессиясын тек мемлекеттік тілде өткізу жөнінде жасаған ұсынысы себеп болған. №36 орта мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып жұмыс істейтін ол, қалалық Оралхан Бөкей атындағы кітапханада «Кел, сөйлесейік» атты қазақ тілі клубында да сабақ береді. Осы ретте, ҚазАқпарат тілшісі тіл жанашыры Надежда Шушаникованы әңгімеге тартқан еді.
None

- Әңгімемізді туып-өскен жеріңіз жайлы бастасақ.

- 1982 жылы Шығыс Қазақстан облысының Зайсан қаласында дүниеге келдім. Сондағы Ломоносов атындағы орта мектепті тәмамдап, С.Аманжолов атындағы ШҚУ-ға «Қазақ тілі мен әдебиеті» факультетіне оқуға түстім. Университетті 2003 жылы аяқтап, кейін осында магистратурада білім алдым. Еңбек жолым облыстық ғылыми өндірістік сот сараптамасының зертханасында аудармашылықтан басталды.

2010 жылы ШҚО лингвистика орталығына жұмысқа орналасып, 10 жыл еңбек еттім. Онда Өскемен тұрғындарына, мемлекеттік және азаматтық қызметкерлерге қазақ тілін үйреттім. 2020 жылы Лев Гумилев атындағы №38 мектеп гимназиясына жұмысқа тұрдым. Онда екі жыл қызмет істеген соң №36 орта мектепке ауыстым. Қазір сонда қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ беремін.


- Өзіңіз қазақ тілін қалай меңгердіңіз?

- Зайсандағы Ломоносов атындағы орта мектеп орыс тілді болғанымен, көрші-қолаң, ауладағы құрбы-достарымның көбісі қазақ еді. Ес білгелі қазақша сөйлеп келемін. Тек қазақтармен емес, бауырым екеуіміз де үйде өзара қазақша сөйлесетінбіз. Бастауыш сыныптарда қазақ тілінен олимпиадаларға, түрлі сайыстарға қатысып, жүлделі орындарды алып жүрдім. Аудандық ауруханада жұмыс істеген анам сол ұжымдағы жалғыз орыс болғандықтан, қазақ тілін тез меңгеріп кетті. Әкем қазақша түсінетін, еркін болмаса да ауызекі сөйлейтін.


- Мұғалімдік жолды таңдауыңызға не әсер етті?

- Бала күннен ұстаз болуды армандадым. Бірақ нақты осы жолды таңдаймын деп 7-сыныпқа келгенде шештім. Алдыма қазақ тілі пәнінің мұғалімі боламын деп мақсат қойдым. Әйтеуір көп жылғы еңбектің арқасында сол мақсатыма жеттім. Балаларды білім нәрімен сусындату – бір ғанибет. Ал шәкіртің берген дәрісіңнен оң нәтиже шығарып, биіктерді бағындырып жатса одан сайын шабыттана түсесің.

- Отбасыңыз жайлы айтып өтсеңіз.

- Күйеуім, екі қызым бар. Жұбайым қалада өскендіктен, қазақша білмейді. Ал қыздарым екі тілді де меңгерген.

- Депутат болу ойыңыз неден туындады?

- Мұғалім деген халықпен тығыз жұмыс істейтін адам ғой. Сондықтан жұртты толғандырған мәселелерді, қоғамдағы өзекті тақырыптарды жақсы білемін. Сол үшін сайлауға қатыстым. Сайлауалды бағдарламамда жаңа жұмыс орындарын құру, медициналық қызмет пен халықтың өмір сүру сапасын жақсарту, кедейлікті төмендету мәселелерін көтердім.

Тек көтеріп қана қоймай, нақты әрекет жолдарын ұсындым. 2023-2025 жылдары халық қатысатын бюджет шеңберінде 30 ауланы абаттандыру және 15 балалар мен спорт алаңын орнату, Өскемен қаласы бойынша кемінде 32 дәрігерді шетелде оқыту, оқу орындарында білім сапасын жақсарту шараларын ұсындым. Сондай-ақ білім беру ұйымдарындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін тиісті жабдықтармен жарақтандыруды бақылау, балаларға спорт секциялары мен шығармашылық үйірмелерге тегін баруға мүмкіндік жасау, дуальды білім беру жүйесі есебінен техникалық және кәсіптік білім беретін оқу орындары түлектерінің жұмысқа орналасу деңгейін 82 пайызға дейін көтеру қажеттігін жеткіздім.


Содан соң, ең бастысы, тіліміз бен мәдениетімізді жоғары деңгейде дәріптеу керектігін айттым. Ол үшін қала кітапханалары базасында тіл үйрететін клубтардың желісін кеңейту арқылы жыл сайын 1,2 мың адамға мемлекеттік тілді оқытып, қаладағы тарихи-өлкетану мұражайын, мәдени мұра ескерткіштерін ел арасында танымал ету бойынша тиісті жобаларды іске асыру қажет.

Осылайша, өскемендіктердің қолдауының арқасында бір мандатты №11 сайлау округі бойынша қалалық мәслихаттың депутаттығына сайландым. Маған 5092 адам дауыс беріпті. Әрине, бұл мен үшін зор мәртебе, үлкен жауапкершілік. Енді халықтың артқан сенімін ақтау үшін барымды салып еңбек етемін.

- Мәслихат депутаттарының алғашқы отырысында сіздің келесі сессияны қазақ тілінде өткізуге ұсыныс жасағаныңыз жайлы видео әлеуметтік желіде кеңінен тарап кетті. Жұртшылық ризашылықтарын білдіріп, сізді қолдайтындықтарын жеткізіп жатыр.

- Иә, сондай ұсыныс жасадым. Себебі біз қазақ елінде тұратынымызды, мемлекеттік тіл – қазақ тілі екендігін ұмытпауымыз керек. Мемлекеттік мекемелердегі жиналыстар, шаралар тек қазақша өтуі тиіс. Өкінішке қарай, кейбір шенеуніктер қазақ тілінде екі сөздің басын қоса алмай жатады. Тіпті жуықта Парламент Мәжілісі депутаттарының ант беру рәсімінде қаракөздеріміздің тілдері күрмеліп, халықтың сынына ұшырады. Бұл деген ұят қой!

- Оралхан Бөкей атындағы кітапханада «Кел, сөйлесейік» атты қазақ тілді клубында сабақ береді екенсіз...

- Бұл клуб қала әкімдігінің қолдауымен ашылған. Ұсыныс түскен соң, тіл жанашыры болғандықтан еш ойланбастан келісімімді бердім. Қазір ересектерге және балаларға мемлекеттік тілді үйретіп жүрмін. Кез келген адам үйірмеге келіп, тілді тегін үйрене алады.

- Бос уақытыңызды қалай өткізесіз?

- Бос уақытым өте аз. Жұмыс та көп, үйде бала-шағаның қамы тағы бар. Ал былай музыканы жақсы көремін. Тек қазақша ән тыңдаймын. Сүйікті әнім – Роза Рымбаеваның орындауындағы «Атамекен» әні. Әншілерден Димаш Құдайбергенді, «Мұзарт» тобын, Қайрат Нұртасты, Қыдырәлі мен Қарақатты сүйіп тыңдаймын.


Одан кейін түрлі тамақ пісірген ұнайды. Қазақтың ұлттық тағамдарын түгел дерлік әзірлей аламын. Ауылдан шыққаннан кейін бәрін үйрендік қой. Түрім орыс болғанмен, жаным қазақ. Қамырды өзім илеп, бауырсақ пісіремін, ет асамын. Әз-Наурыз сайын наурызкөже әзірлеймін.

- Әңгімеңізге көп рахмет!


Соңғы жаңалықтар