Қазақ тілін жетік меңгерген ересектер үлесі - 91,3 пайыз
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Ақтөбе-ақпарат» орталығында Ақтөбе облысының тілдерді дамыту басқармасының басшысы Гүлайым Төлебаева бұқаралық ақпарат құралдарына арнап брифинг өткізді. Онда тілдерді қолдану мен дамыту бағытындағы шаралардың алты айлық қорытындысы айтылып, алдағы уақытта атқарылар жұмыстар сөз болды, деп жазады «Ақтөбе» газеті.
- Облыста тілдерді қолдану мен дамыту Қазақстан Республикасында тілдерді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының шеңберінде жүзеге асырылады. Биылғы жыл біз үшін маңызды жыл, себебі мемлекеттік бағдарламаның 2014-2016 жылдарға арналған екінші кезеңі аяқталып келеді, - деп бастады Гүлайым Тельманқызы. - Жүзеге асырылып жатқан кіндік шаралардың мақсаты - төзімді тілдік орта қалыптастыру.
Басқарма басшысының айтуынша биылғы жылдың өткен алты айында облыста тілдерді қолдану мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасының бағыттары бойынша бірталай тілдік шаралар кешені жүзеге асырылған. Ересек азаматтардың мемлекеттік тілді меңгеруі үшін қолайлы жағдайлар жасалған. Басқарма жанынан құрылған тілдерді оқыту орталығы 11 809 адамды мемлекеттік, орыс және ағылшын тілдерін оқыту курстарымен қамтыды. Бұл 21-63 жас аралығындағы облыс тұрғындарының 2,7 пайызы. Деңгейлер бойынша дистанциялық оқыту жүйесі енгізілді. 2014 жылдың қорытындысы бойынша Тілдерді оқыту орталығы Ақтөбе облысында қосымша білім беру нарығындағы «Үздік мемлекеттік кәсіпорын - 2014» ұлттық сертификатына ие болды. Басқарма, орталық тарапынан 2004-2016 жылдар аралығында 45 баспа материалдары, 37 салалық кешендер мен әдістемелік кешендер, 15 оқыту сипатындағы телерадио сабақтар, 10 балаларға арналған телебағдарламалар, мемлекеттік тіл саясатын насихаттау мазмұнындағы 30 телехабар, 9 жарнамалық-имидждік роликтер әзірленген.
Төзімдік тілдік орта құру мақсатында облыста тұратын өзге ұлт өкілдерінің ана тілдері мен мемлекеттік тілді меңгеруіне жағдай жасалып отыр. Бұл мақсатқа 2005-2016 жылдар аралығында 55 млн. теңге бөлініп, 3258 өзге ұлт өкілдері жексенбілік мектептер арқылы украин, неміс, корей, шешен, татар, әзірбайжан тілдерімен бірге мемлекеттік тілді оқытумен қамтылды. Мемлекеттік тілді оқытудың инфрақұрылымын кеңейту бағытындағы жүйелі жұмыстардың арқасында облыс тұрғындарының облыста мемлекеттік тілді меңгеруге қажетті жағдайлар жасалынған деп есептейтіндердің саны артып, 93,5 пайызды құрады. Қазақ тілін (мемлекеттік тілді) жетік меңгергендердің ересектер арасындағы үлесі 91,3, ағылшын тілін білетін облыс тұрғындарының үлесі 22,6, үш тілді де меңгергендер 12,3 пайыз. Қазақ тілін меңгерген өзге ұлт өкілдерінің үлесі 24,5 пайызға жетті.
Басқарма тарапынан берілген мемлекеттік тапсырыстың арқасында облыстың электронды бұқаралық ақпарат құралдарындағы мемлекеттік тіл саясатын түсіндіру, насихаттау мен оқыту сипатындағы бағдарламалардың үлесі - 25,5 пайыз. Бүлдіршіндердің алғашқы тілдік дағдыларын игертуге арналған тілашарлар, ертегілер, мультфильмдер жинақтары, танымдық әдебиет, үш тілде «Күншуақ» журналы, қазақ тілін оқыту мақсатында «Тілдерді оқыту: ізденіс және әдістеме» атты ақпараттық-әдістемелік бюллетені шығарылады.
Гүлайым Тельманқызы басқа да атқарылып жатырған жұмыстарға кеңінен тоқталып өтті. Оның айтуынша облыстың мемлекеттік басқару органдарындағы іс қағаздарын мемлекеттік тілде әзірлеу үлесі облыс мемлекеттік тілге көшірілген 2006 жылдан бері 34,6 пайызға артқан. Облыста ұлттық ономастикалық кеңістіктің қалыптасуына толық ғылыми негіз жасалған. Алдағы атқарылар жұмыстар да жетерлік.
Тілдерді дамыту басқармасының басшысы өз баяндамасынан соң журналистердің бірқатар сұрақтарына тиянақты жауаптар қайтарды. Брифингте айтылған әңгімелерге қарағанда мемлекеттік тілдің мәртебесі арта түспек.
З.КӘЛКЕНБАЕВ.