Қазақ тілінің латын әліпбиіне көшуі шетелдік сарапшылардың назарында
Комитет төрағасының сөзіне қарағанда, сарапшылар тіл реформасының ауқымына назар аударып отыр. Олар алдағы сегіз жылда Қазақстанды жаңа графиканы енгізу бойынша орасан жұмыс күтіп отырғаны туралы айрықша атап өтуде.
Айта кетерлігі, «Рухани жаңғыру» туралы Мемлекет басшысының бағдарламалық мақаласы жария етілгеннен бері Сыртқы істер министрлігі жаңа әліпбиді енгізудің тиімділігін шет елдерде түсіндіру бойынша жүйелі шаралар қолға алды. Сондай-ақ латын қарпіне көшкен әлем мемлекеттерінің тәжірибесін зерттеу бойынша ақпараттық-сараптамалық жұмыс жүргізіліп келеді.
«Халықаралық сарапшылар реформаның тиімді жақтарын атап өтуде. Ең алдымен олар ақпараттық технологиялармен байланыстырылады. Жаңа әліпби қазақстандықтардың жаңа буынына сыртқы әлеммен қатынасын жеңілдетуі тиіс. Сондай-ақ шетелдегі қазақ диаспорасымен байланыстарды оңтайландырады. Сонымен бірге, шетелдік әріптестерге реформаның прагаматикалық сипатына баса назар аударамыз. Қазақ тілінің дамуы елімізде тараған басқа тілдерге нұқсан келтірмейді»,-дейді комитет төрағасы.