18:19, 12 Қаңтар 2009 | GMT +5
Қазақ тілінің мемлекеттік мәртебе алғанына 20 жыл толғанымен бұл бағытта кемшіліктер жеткілікті ? Е. Қарин
АСТАНА. Қаңтардың 12-сі. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Қазақ тілінің мемлекеттік мәртебе алғанына 20 жыл толғанымен бұл бағытта кемшіліктер әлі де жеткілікті. Бүгін «Нұр Отан» ХДП мен Мемлекеттік тілді дамытудың Президенттік қоры арасында Тіл саясатындағы бірлескен қызмет туралы меморандумға қол қою рәсімі барысында «Нұр Отан» ХДП хатшысы Ерлан Қарин осылай мәлім етті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Шындығында мемлекеттік тілді дамыту бойынша кемшіліктер әлі де орын алуда. Мемлекеттік тілді дамыту бағдарламасына сәйкес, бірқатар министрліктер мен билік органдарының іс қағаздарын қазақ тіліне көшіргеніне біраз уақыт болды. Соған қарамастан, қоғамдық ұйымдардың сараптаулары бойынша мемлекеттік тілде іс қағаздарын жүргізу мәселесінде айтарлықтай нәтиже болмай отыр. 2006-2007 жылы іс қағаздарын қазақ тілінде жүргізуге көшкен министрліктердің бұл мәселедегі үлесі 25-30 пайыздан аспайды. Тіпті, қазақы болып саналатын облыстарда мемлекеттік тілдегі құжаттардың айналымы 70 пайызға әрең жетеді. Әрине, бұған алдымен орталық мекемеден келетін хат-құжаттардың басқа тілде жазылатындығы себеп болып отыр», деді Е. Қарин.
Оның айтуынша, еліміздің оқу орындарында, білім беру мекемелерінде мемлекеттік тілдің қолданылуы мен үлес салмағы да қуантарлық жағдайда емес екен. Мәселен, республикадағы бүгінгі күні барлық мектеп оқушыларының 55 пайызы ғана қазақ тілінде білім алып отыр. «Біз биыл қазақ тілінің мемлекеттік мәртебеге ие болғанына 20 жыл толды деп қуанамыз, бірақ сол кезеңдерден бері өз ана тілінде білім алатын қазақ балаларын небәрі 58 пайызға ғана жеткіздік. Еліміздегі 1 мың 300 балабақшаның 400-інде ғана бүлдіршіндер қазақ тілінде тәрбие алады. 2006 жылмен салыстырғанда қазақ тілінде жұмыс істейтін балабақша саны небәрі 92-ге көбейген. 1-6 жастағы қазақ балаларының 17 пайызы ғана балабақшамен қамтылған. Бұндай өкінішті мысалдарды жою үшін тек бірлескен іс-қимыл керек. Сонымен бірге, тіл мәселесі тек мемлекеттің ғана емес, қоғамның да жауапкершілігін талап етеді», деді «Нұр Отан» ХДП хатшысы.