Қазақ тілінің жанашыры Мейрамбек аға туралы не білеміз

Күні бүгінге дейін тізе бүгіп, қарап отырған емес, әлі де қызметтен қол үзген жоқ. Себебі бүгінгі уақытта ағамыздың қол қусырып отыратын шағы емес облыстық «Қазақ тілі мен мәдениеті» қоғамдық бірлестігін басқарып отыр. Бүгінгі осы бірлестік жанынан ашылған «Көкше дидары» газетінің дүниеге келуі, қалың қазақ арасында өз оқырмандарын табуы да осының кісінің тікелей бастамасымен жүзеге асырылып отыр деуге болады.
Сондай-ақ, алдыңғы жылы бүкіл ел болып дүбірлетіп атап өткен Қазақ хандығының 550 жылдығы, Ұлы Жеңістің 70 жылдығы, Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Ата заңымыздың 20 жылдығы, сондай-ақ, Кеңес одағының Батыры Мәлік Ғабдуллин мен еліміздің бір туар ұлы Ілияс Есенберлиннің 100 жылдығы, былтыр толағай ел Тəуелсіздігінің 25 жылдығы сияқты басқа да бастан асатын шаруалардың барлығының қасында Мейрамбек ағамыз жүрді десек асыра айтпағандаймыз.
Енді осы еңсегей бойлы ақсақалдың өткені мен бүгінгісі жайында аз-кем әңгіме өрбітуді жөн көрдік. Ағамыз сонау 1940 жылдың 12 қарашасында Еңбекшілдер ауданына қарасты Казгородок селосында дүниеге келіпті. Балалық шағы екінші дүниежүзілік соғыспен тұспа тұс келген ағамыз соғыс кезінде туған балалардың бәрі сияқты еңбекке ерте араласып, ерте есейді. Еңбекті жанына етене тұтып, еңбекпен есейген Мейрамбек аға тағдыр тауқыметіне мойыған емес. «Бақытын еңбектен тапқан жан» деп жатады халық даналығы мұндайда.
Осылайша, өмірде кездескен ауыртпалықтарға мойымай, керсінше алға ұмтылып, елін, жерін ту етіп, таудай талабы мен еңбегінің арқасында көркейген ағамыз сол кезеңдердегі балалар тәрізді өгіз айдап, соқамен жер жыртты.
Кейін өсе келе ер жетіп, арман қуған бала ағасы Қайыржанның жолын қуып, Қатаркөл ауыл шаруашылығы техникумында оқуға түседі. Техникумда оқып жүріп қоғамдық жұмыстарға атсалысты. Қолына дипломын алған соң ұжымшарда төрт ай зоотехник болып жұмыс істеді. Одан соң әскер қатарына аттанып, жауынгерлік міндетін абыроймен атқарып келеді.
Бертін Алматы қаласындағы зооветеринарлық институтқа оқуға түсіп, оны да тәмамдайды. Институтта оқып жүрген кезінде қоғамдық жұмыстарға етене араласып, өзін жақсы жағынан көрсете білген оған білімін одан әрі жалғастыру жөнінде ұсыныстар жасалады. Алайда, ағамыз бұл мүмкіндіктін жетегінде кетпей, туған жеріне оралып, бұрынғы Көкшетау облысының Арықбалық ауданда аға зоотехник ретінде алғашқы еңбек жолын бастайды.
«Адам ұрпағымен мың жасайды» демекші, өмірге ұрпақ әкелу, шаңырақ көтеру, адал еңбек ету, өзегінді жарып шыққан балаларыңа саналы тәрбие, сапалы білім беру - баршамыздың арманымыз емес пе?!
Осы орайда, ағамыз 1965 жылы Алматы қаласының Кеңес аудандық комсомол конференциясына делегат болып сайланады. Сол жолы өмірлік жары Зере Еспайқызымен танысып, кейін отбасын құрды. Дүниеге Асқар мен Әскер есімді ұлдары келді. Біраз жыл бұрынғы Володар ауданына қарасты «Лавров» кеңшарында, кейін Еңбекшілдер ауданында, Шағалалы тәжірибе станциясында бас зоотехник болып жұмыс істеді. Тәп-тәуір тәжірибе жинақтап, еңбекте ысылған, ұйымдастыру ісінің қыр-сырын меңгерген Мейрамбек Қиықов Зеренді ауданына қарасты Мәлік Ғабдуллин атындағы кеңшарды табаны күректей он жыл бойы басқарды. Осы аралықта кеңшардың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіші жақсарып, ағамыздың тікелей басшылығымен бірқатар игі шаралар жүзеге асырылды.
Кейінгі жылдары 14 жыл бойы Қарағанды облысында қызмет істеген кезінде, «Қарағанды резинотехника» зауыты директорының орынбасары, Сарань қаласында округ әкімі болғанында да қолға алған істері оңға басып, абырой биігінен көрінді. Бұл үрдіс «Тыныс» акционерлік қоғамында кадр бөлімінің басшысы, «Нұр Отан» ХДП Ақмола облыстық қоғамдық қабылдау меңгерушісі қызметінде болғанында да жалғасын тапты.
Ұлы Отан соғысының 65 жылдық мерейтойына орай, сазгер-жауынгер Рамазан Елебаевтың туғанына 100 жыл, Құдықағаш ауылының құрылғанына 80 жыл толуына арналған «Рамазан Елебаевтың елі» деп аталатын кітабын шығарды. Аталмыш жинақта аудан мен ауылдың белгілі адамдары жайында жазылған. Ал, Ұлы Жеңістің 70 жылдығы мерекесі қарсаңында ел ақсақалы Мәлтай Жүнісовпен бірлесе ескерткішті жаңартып, үлкен іс-шара өткізді.
Ағамыз қолға алған ең басты жобалардың бірі ол еліміздің бір туар перзенті, ғұлама ғалым Қаныш Сәтпаевтың ғылыми еңбегін зерттеу болып отыр. Бұл бағытта ағамыздың еңбектері ғалымның соңынан ерген жастар үшін жол сілтер таптырмас әдістемелік құрал десек де болады. Соңғы жылдары қазақ халқының салт-дәстүрімен, әдет-ғұрпын насихаттауды мықтап қолға алды. Оған 2011 жылдан бері «Алтын сақа» ұлттық ойынын жандандыру айқын дәлел. Оған қоса, ағамыздың 77 жылда алған асуымен өмір белестері туралы сырт шертіп отырған, екі тілде қалың оқырмандарының жүрегіне жол тауып жүрген бүгінгі «Көкше дидары» газеті де өмір аспанында қыран болып қалықтаған ағамыздың талмас қанаты іспеттес.
«Байлықтың бір көзі еңбек пен қанағат» деген сөздер адами қасиеттерді ашып көрсететін айна іспетті. Осы қасиеттердің Мейрамбек аға да бар екендігіне күмән келтірмейміз. Әрине, танымайтын, білмейтін адамдар бұл кісімен алғаш кездесіп, жүздескенде басқаша ойлауы мүмкін. Бірақ, уақыт өте келе танысып, біліскеннен кейін ағамыздың жүрегінің кеңдігін, арының тазалығын, ниет-пиғылының адалдығын, өмір мектебінен өткен тәжірибесі мол екендігіне көз жеткізеді.