Қазақ тілі өлкедегі өзге халық тілінен озық — 1940 жылдары қытай журналында не жазылған

АСТАНА. KAZINFORM — 1947 жылы Қытайдың Шанхай қаласында шығып тұрған «Ханьхайчао» журналында Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасы туралы көлемді мақала жарық көреді. Келтірген статистикалық деректерінің ескілігіне қарамастан, бұл - ұлттық үкімет билік құрған жылдары (1925-1948) Қытайда Қазақстан туралы жазылған саусақпен санарлық сауатты мақалалардың бірі еді.

«Ханьхайчао» журналы
Фото: Е. Мазанның жеке мұрағатынан

«Ханьхайчао» қандай басылым?

1946 жылы мамыр айында ұлттық үкімет Чжан Чжичжунды (1890-1969) Шыңжаң өлкесінің төрағалығына тағайындайды. Ізінше «Шығыс Түркістан Республикасы» мен Қытайдың орталық билігі арасында «Он бір тармақты бітім» жасалып, Шыңжаң өлкелік коалициялық үкіметтің құрылғаны жарияланады. Аумалы-төкпелі саяси ахуал сабасына түскендей болып көрінгенмен, анығында тараптар арасында өзара сенім мен түсіністік жоқ еді. Шығыс Түркістан тарапы тәуелсіздік ұстанымынан толық бас тартпаған, «Гоминьданның Орталық армиясы Шыңжаң аумағынан әкетілсін» деген батыл талап ашық айтыла беретін. Кеңес одағы мен Шыңжаң арасындағы сауданың тоқырауына, өте-мөте инфляцияның өршуіне байланысты баға шарықтап, халық күйзеліске түсіп, әлеуметтік қайшылық одан сайын ушығады. Онсыз да «коммунистермен ым-жымы бір» деп саналатын Чжан Чжичжунның Шыңжаңда қолға алған бірқатар саясаты, мысалы саяси тұтқындарды жаппай босату, өлкеге тарихи Шығыс Түркістан атауын ресми түрде қайтару бастамалары ішкі қытайлық мерзімді басылымдардың қатаң сынына ұшырайды. Саяси толқу, ұлтаралық текетірес және қоғамдық тұрақсыздық етек жайған дәл осындай беймаза шақта «Ханьхайчао» журналы жарық көріп, оған жұртшылық пайымын біріктіру, жергілікті биліктің саяси ұстанымын насихаттау, шекаралық аймақтың тұрақтылығын сақтауға тиімді қоғамдық пікір алаңын кеңейту міндеті жүктеледі.

Осылайша, Гоминьдаң партиясы Шыңжаң өлкелік комитетінің меңгерушісі, өлкелік мәдени қозғалыс комитетінің төрағасы Чэн Сихао мен Шыңжаң институты Қытай тілі факультетінің деканы Ван Гэнчжуанның бастамасымен 1947 жылдың қаңтар айында «Ханьхайчао» журналының тұңғыш саны жұртшылықпен жүздеседі.

Журнал ұйғыр және қытай тілдерінде шығып тұрды. Қытайша «Ханьхайчао» үрімжілік және шанхайлық басылым болып бөлінді, бұның алдыңғысы жергілікті биліктің қаражатымен өлке аумағына ғана таратылса, соңғысы нарықтық талаптарға сай бүкіл Қытайға бағытталды. Бүгінде үрімжілік нұсқаның бірер данасы ғана сақталған, ал ғылыми қауымдастыққа шанхайлық нұсқаның екі жылға таяу уақытта үздік-создық жарық көрген 16 саны белгілі.

Өлкелік үкіметтің қолдауымен шығып тұрған саяси-идеологиялық бағыттағы айлық журнал ретінде «Ханьхайчао» шын мәнінде Гоминьдан партиясы Шыңжаң өлкелік комитетінің ресми басылымы болды. Алайда басылым жергілікті сипатпен ғана шектелмей, дәуір тынысын көрсетуге де екпін берді. Басылым «сабақтастықты сақтау және болашаққа жол ашу, қалың көпшілікке кең танымал болу» мақсатын ұстанып, «бұқаралық, революциялық және ғылыми» бағыттарды басшылыққа алатынын, «барлық ұлттың мәдениетін насихаттап», «демократиялық рухты дәріптейтінін», «деспоттық, тоңмойын, өзімшіл, тар өрісті феодалдық көзқарастарды қидай сыпыратынын» мәлімдеді. Сонымен қатар, басылым қалың көпшілікті «жаңа Шыңжаңды жаңа бағытпен дамытуға ат салысып, туған өлкені тұрлаулы, бейбіт, бақуатты және гүлденген сара жолға салуға» шақырды. Журнал бетінде Ұлттық үкімет пен жергілікті биліктің ресми ұстанымы мен саясаты, белгілі тарихи кезеңдегі Шыңжаң қоғамының саяси-әлеуметтік ахуалы, Шыңжаңда өмір сүрген тарихи тұлғалар, Орталық Азия және халықаралық қатынастар, ғалымдардың зерттеу жетістіктері, мәдениет пен өнер туралы түрлі жанрдағы жазбалар, саяси сараптамалар мен зерттеу жұмыстары жарияланып тұрды. Бұдан бөлек, Шыңжаңның жергілікті өнімдері, этникалық азшылықтардың әдет-ғұрпы, салт-дәстүрлері мен өңірлердің географиясы, тарихы жайлы мәліметтер де авторлар назарынан тыс қалмады.

Қытайдағы қазақ отбасы, 1943 жыл
Фото: Қытайдағы қазақ отбасы, 1943 жыл. Е. Мазанның жеке мұрағатынан

Басылым этникалық азшылықтар тақырыбына, соның ішінде әсіресе қазақтар мәселесіне айрықша назар аударды. Шанхайлық нұсқаның 16 санында осы бағытта аз дегенде 20-дан астам материал жарияланып, қазақтардың ұлт-азаттық қозғалысы, өлкенің әлеуметтік-саяси өміріндегі орны, шаруашылығы мен мәдениеті, ауыз әдебиетінің үлгілері, өнері мен тарихы туралы жан-жақты мағлұмат берілді. Бұның басты себебі - аймақтағы Кеңестік биліктің агенті, КОКП мүшесі Шэн Шицай орнатқан диктаторлық режімге қарсы жылдар бойы жалғасқан табанды қарсылық пен күрестің нәтижесінде қазақтар өздерін өлкедегі негізгі саяси ойыншылардың бірі ретінде мойындата білген еді. Қазақ тарихын зерттеуге ден қойып жүрген жас ғалым, Шыңжаң институтының доценті, Шыңжаң бас коменданттық басқармасының аға кеңесшісі - аударма кеңсесінің жетекшісі Су Бэйхай «Ханьхайчаода» былай деп жазады:

- Қазақтар бостандық пен тұрақтылық үшін соғысып жүр. Оларды коммунизм ғана алаңдатады. Өткен 12 жылда қазақтардың қайта-қайта көтеріліп, Шэн Шицай билігіне қарсы ашық күреске шығуының басты себебі – ол (Шэн Шицай) жатжұрттықтармен (Кеңес одағын меңзеп отыр) ауыз жаласып, коммунистік идеологияға үйір болған еді. Қазақтар коммунизмге қашанда табанды түрде қарсы болып келеді. Үкіметіміз коммунизмді аластауға бел буып, күш біріктіруге шақырса, олар, күмән жоқ, майданның алдыңғы легінде болмақ... Солтүстік-батыс Қытай – біздің ата қонысымыз, оны қорғауға міндеттіміз, ал моңғол, тибет және қазақ халықтары – Батыс Қытайдағы үш негізгі күш, жағдай толықтай солардың бақылауында. Олардың қолдауы болмаса, аймақтың тұрақтылығын іске асыру мүмкін емес. Қазақтар мемлекетке қажет, сондықтан алдымен оларды мойындауымыз, түсінуге тырысуымыз және өз жағымызға тартуымыз керек.

Басылымның негізгі шығарушылары Чэн Сихао мен Ван Гэнчжуан саяси себептерге байланысты 1948 жылдың қыркүйек айында Ішкі Қытайға қайтады, сөйтіп журнал өз жұмысын тоқтатады. Дегенмен, екі жылға жетер-жетпес уақытта басылым өлке өмірі, әсіресе жергілікті қазақтардың саяси-әлеуметтік ахуалы хақында мол мәлімет ұсынып үлгерген еді.

Әрине, журналда жарияланған материалдарды таратып баяндау міндетімізге кірмейді және оның қажеті де шамалы. Бүгінгі жазбамызда қазақтың тарихы, әдебиеті мен өнері және Қазақстан жайлы «Ханьхайчаода» ортаға салынған ойлармен бөлісеміз.

Қазақ тарихы туралы кім не жазды?

Журналдың он алты санында қазақтың ата тарихынан сыр шертетін біраз ғылыми-танымдық мақалалар жұрт назарына ұсынылды. Бұл ретте Алексей Дьяковтың «Қазақтар» және Нығымет Мыңжанның «Қазақ тарихы» мақалаларын ерекше атап өткен жөн.

Нығымет Мыңжанұлы мен жары
Фото: Е. Мазанның жеке мұрағатынан

Алексей Дьяков 1876 жылы Ресейдің Вологда облысында өмір есігін ашқан. Ол патшалық Ресейдің Үрімжідегі консулы қызметін атқарады. Большевиктерді билікке әкелген Қазан төңкерісінен кейін Дьяков Үрімжіде қалып қояды және Қытай азаматтығын қабылдайды. Шэн Шицай билік басына келгенде, ол бірден қамауға алынып, зынданға тасталады. Жас күнінде тарих және лингвистика бағыттары бойынша жүйелі білім алғандықтан, түрмеден босап шыққан соң біржола зерттеушілік жұмыспен айналысады. «Ханьхайчао» редакциясы ол туралы «Дьяковтың Шыңжаңда тұрғанына қырық жылдан асты, бүгінде Үрімжіде Шынжаң тарихын одан артық зерттеген, одан артық білетін адам жоқ» деп жазады.

Алексей Дьяков
Фото: Е. Мазанның жеке мұрағатынан

Дьяков журналдың төрт санына бөліп берілген «Қазақтар» мақаласында, бастысы, қазақ халқының қалыптасуы мәселесін сөз етеді. Негізінен революцияға дейінгі орыс тарихшыларының еңбегіне сүйене отырып, Дьяков қазақтың этникалық тегіне байланысты ел аузынан жиналған аңыздардың жүйелі топтамасын ұсынады. Мысалы, қазақтың ата тегі жөніндегі Алаш, Алаша хан, Қалаш және қырық қыз, Қалша Қадыр және ақ қаз, қырық қарақшы, жұртта қалған отыз үш жігіт, Қондыгер құба жұрт, Укаша ата, Әнес сахаба, он екі абақ керей, Шыңғысханның елден қуылған үш інісі – Арғын, Алшын және Найман, жауыз Абдолла хан туралы мифтік, этногенездік және шежірелік аңыздарды жүйелі түрде тарата талдаған автор қазақ халқының қалыптасу кезеңі жайлы өз пайымын ұсынады. Бүгінгінің көзімен қарағанда, мақаланы терең ойлы және тұжырымды деп айтуға болмас. Алайда, Қытайда ғылыми қауымдастықтың назарын қазақ халқының қалыптасуы мәселесіне аударған және көшпенділер тарихына қатысты ауызекі деректерді талдаудың үздік үлгісін көрсеткен алғашқы ғылыми жұмыс ретінде, «Қазақтар» мақаласы жоғары бағаға лайық деп есептейміз. Сондай-ақ, автор ұсынған аңыздардың (мысалы, Қалша Қадыр туралы) кей тұстары бізге таныс нұсқасынан сәл өзгешелеу. Бұл дереккөздердің әртүрлілігіне байланысты болуы мүмкін.

Осы жылдары өлкелік Қаржы департментінің жетекші хатшысы қызметін атқарған, жергілікті басылымдарда «Жауынгер семья» (1942 ж.), «Қыз Жібек жайында» (1943 ж.), «Сегіз бересі борыш» (1944 ж.), «Білім – өмір шырағы» (1945 ж.), «Құныкерлер» (1946 ж.), «Қазақтың ағарту-тәрбие жағдайы» (1947 ж.), «Тінейдің сары құсы», т.б. дастан, пьеса, әңгіме, зерттеулерімен қуатты қалам иесі ретінде танылып үлгерген болашақ тарихшы Нығымет Мыңжан 1946 жылдың аяғына қарай Үрімжідегі Дәрнек конференциясында қазақ тарихы туралы ұзақ баяндама жасайды. Баяндама мәтіні Су Бэйхайдың аудармасымен «Ханьхайчао» журналының бірнеше санында жарық көреді. Қазақтың бай аңыздарымен өрнектеліп, нақты жазба деректермен түйінделген, Мұхаммед Хайдар Дулати, Әбілғазы Баһадүр Хан, Шоқан Уәлиханов, Шәкәрім қажы, Санжар Асфендияров, Мұхаметжан Тынышбайұлы, Сәкен Сейфуллин, т.б. ғалымдарымыздың еңбегіне көбірек сілтеме жасалған ғылыми жұмыс Н. Мыңжанның ғылымға үлкен дайындықпен келгенін көрсетеді. Кіріс сөз, қазақ атауының төркіні, қазақ рулары және қандастық, қазақтың өріс-қонысы және оның қалыптасу үдерісі, қазақтың әлеуметтік жүйесі, қазақтың шаруашылық өмірі, қазақтың тілі, діні және мәдениеті секілді жеті бөлімнен тұратын мақала деректерінің молдығымен, ой-пікірлерінің объективтілігімен, көзқарас-пайымының сонылығымен жоғары бағаланып, жас ғалымның ғылыми қауымдастыққа танымалдығын арттырады. Н. Мыңжанның көшпенділер тарихын зерттеу мәселелері, ұлтшылдықтың тарихи зерттеулерге тигізер кесірі, тарих пен саясат, тарих пен дін арасындағы байланыстар, ұлтаралық түсіністік, ұлт мәдениетінің трансформациясы, т.б. туралы пікірлері бүгін де өзектілігін жойған жоқ. Автор қытайлық жазба деректердің маңыздылығына да мән беріп, оны ғылыми айналымға кіргізуге талпыныс жасайды. Қазақ тарихын тұтас жүйе ретінде бағалаған автор шекараның екі бетіндегі қазақтардың тағдырын тең қарастырады, Ұлтшыл бағыттағы Алашорда қозғалысының ықпалы туралы тоқталып, Бөкейханов, Байтұрсынұлы, Дулатов, Аймауытов, Жұмабаев есімдерін айрықша атап өтеді. Алашордашылар шығарған «Айқап» және «Қазақ» басылымдарының бағыты мен мақсатындағы сәйкестік пен айырмашылық мәселесін де арнайы тілге алады.

Бұдан басқа, журналдың әр санында жарық көрген өзге мақалаларда (Дьяков: «Жоңғар даласындағы ескілік іздері»; Сюза Тачибана: «Қалмақтар туралы»; Су Бэйхай: «Ежелгі ұйғырлар хақында») да қазақ тарихы мен мәдениетінің мәселелері сөз болады. Мысалы, Цин Цзя деген лақап атпен берілген «Қазақтар арасына саяхат» дейтін мақалада халқымыздың сөз өнері туралы келесідей пікір келтіріледі:

- Қазақ тілі түркі тілінің ежелгі келбетін толық сақтап қалған. Азын-аулақ ұйғыр және араб сөздері араласқанмен, саны көп емес. Қазақ тілінің артықшылығы өте көп. Біріншіден, грамматикалық ережелері біркелкі, сөйлем құрылысы үйлесімді. Екіншіден, сөз-сөйлемі ырғақты, жағымды, әуезді және ұйқасқа бейім. Ауыз екі әңгімені де түрлендіріп, ұйқастырып, үйлестіріп айтады, сөз-сөйлемінен поэтикалық сарын есіп тұрады. Үшіншіден, сын есімге өте бай. Табиғат құбылыстары мен ішкі сезімдерді айрықша нәзіктікпен және шынайы сипаттайды, сондықтан бұл халықтан сөз зергерлері көп шыққан, осы тілмен жазылған танымал шығармалар да аз емес. Қазақ тілі, шыны керек, өлкеміздегі өзге барлық халықтың тілінен озық, бұл шындыққа көз жұма қарамауымыз керек.

Қазақстан туралы қандай ақпарат ұсынылды?

Шекараны түпкілікті айқындаған Шәуешек бітімінен кейін, Маньчжур билігінің қазақ даласына қызығушылығы саябыр тартты. Қытайлық ғылыми қауымдастықтың қазақ даласы және Қазақстан туралы танымы ескілікті түсініктердің көлеңкесінен ұзай алмады. Жалпы, XX ғасырдың басында қытайлықтардың Орталық Азия туралы білімі ағылшын, француз, жапон әлемінен әлдеқайда артта қалып қойған еді.

Синхай революциясы (1911) көздеген мақсатқа жетіп, монархиялық жүйеге нүкте қойылғаннан кейін де Қытай қоғамында қазақ даласы және Қазақстан туралы ақпараттарға қажеттілік туындаған жоқ. 1935 жылы Жаңасібір қаласындағы Қытай консулдығының дайындауымен «СІМ хабаршысы» басылымында «Қазақстанның игерілуі» атты сараптамалық баяндама жарияланды. Бұл баяндама Қазақстан туралы Қытай республикасының ресми ақпарат құралдарында жарық көрген алғашқы материал еді.

Екінші дүниежүзілік соғыс жылдары Кеңес одағы мен Қытай республикасы арасында одақтастық қатынастың орнығуына орай, 1940 жылдардың орта шенінен кейін қытайлық мерзімді басылымдарда Қазақстан туралы ақпараттар көбірек беріле бастады. Бұл Қытай интеллигенциясының Орталық Азияға қызығушылығы ояна бастағанын білдірсе керек. Осы жылдары, белгілі қоғам қайраткері Чжан Симань «Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының Конституциясын» қытайшаға аударады. Ол аудармаға жазған алғы сөзінде:

«Мен қуатты әрі гүлденген одақтасымыздың Конституциясының аудармасын әзірледім, осы арқылы қазақтың ұлы ақыны Жамбыл мырзаны туған күнімен құттықтаймын», - деп жазады.

«Ханьхайчаоның» 1947 жылғы 9 санында «Кеңестер одағының Орталық Азиядағы бес республикасы туралы» деген атпен жарияланған мақалалар топтамасына енген «Малы мыңғырған мұнайлы Қазақстан» деген мақала, шыны керек, Қытайда осы жылдары біздің еліміз туралы жазылған ең сауатты жазба. Мақала «Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының жері өте кең, батыста Еділ ойпатынан шығыста Алтай тауына, солтүстікте Сібір даласынан оңтүстікте Тянь-Шань тауларына дейін созылып жатыр, жер аумағы - 2 734 700 шаршы шақырым, бұл - бүкіл Батыс Еуропаның жер көлемінен бір жарым есе үлкен. Халық саны 6 миллион 100 мың адам, оның басым бөлігі - қазақ, сондай-ақ республика аумағында орыс, украин, өзбек, ұйғыр, дүнген және басқа да ұлт өкілдері тұрады» деп басталады. Ары қарай мақала авторы Қазақ республикасының әкімшілік-аумақтық бөлінісі, табиғаты, климаты, шаруашылығы, әлеуметтік-экономикалық өмірі, жол-қатынасы, өнеркәсібі туралы жан-жақты мағлұмат ұсынуға тырысады. Бір қызығы, автор келтірген экономикалық-әлеуметтік көрсеткіштер толықтай 1937 жылдың статистикалық деректері-тұғын. Бірақ, соған қарамастан, Қытайда Қазақстан туралы жүйелі, дәйекті ақпарат ұсынған алғашқы сараптаманың маңызын төмендетуге болмас. Сондай-ақ, мақаланың соңына қарай автор Қазақстанның Шыңжаң мәселесінде атқаратын рөлі туралы арнайы тоқталып, сөзін: «Болашақта бізге кесірі тимес үшін көршіміздің жағдайын ерте бастан жан-жақты зерттегеніміз жөн», - деп түйіндейді.

Су Бэйхай Сейфуллинді аударған ба?

Басылымның белсенді авторларының бірі ретінде болашақ тарихшы Су Бэйхайдың есімін ауыз толтырып айта аламыз. Саналы ғұмырын қазақтың тарихы мен мәдениетін, Шығыс Түркістан өлкесінің тарихи-географиясын зерттеуге арнаған ғалымның соңында өте бай шығармашылық мұра қалды. Төрт томнан тұратын «Қазақтың жалпы тарихы» және «Қазақ мәдениетінің тарихы» еңбектері ана тілімізге аударылып, отандық ғылымның игілігіне қызмет етіп келеді. Жас Су Бэйхай «Ханьхайчаода» басылған саяси сараптамаларында қазақтардың өлкені жайлаған тұрақсыздықтар кезіндегі қарулы күресіне түсіністік, тілеулестік білдіреді. Оның «Соңғы төрт айдағы Алтай айқастары» және «Тяньшаньның асқарынан Азияға көз жібергенде» мақалаларында өлкедегі ахуал әлемдік геосаясат тұрғысынан талданып, Алтай қазақтарының Кеңестік жүйе мен диктаторлық режімге қарсы қарулы күресті қалайша он жылдан артық уақытқа жалғастыра алғанына өзінше жауап іздейді.

Су Бэйхай
Фото: «Ханьхайчао»

- Қазақтар жасыл желек жамылған әсем табиғатқа, қарағайы қайысқан ұлы таулар мен тал-терегі майысқан ерке өзендерге ынта-шынтасымен ғашық, ата қонысын жер бетінің жәннаты деп біледі. Өмірі тыныш әрі жайлы болса, сыртқы саяси күштер қысым жасамаса, шатақ шығаруға бейім халық емес... Алтай қазақтарының көтерілісін жаныштауға арнайы барған кеңестік Қызыл армияның Құмылдағы сегізінші полкі де қирай жеңіліп, бір генерал-лейтенант, бір генерал-майор оққа ұшты. Жер жадысын жетік білетін қазақтар мұздай қаруланған әскерді сан соқтырып, қапы қалдырып кете береді. Сондықтан көтеріліс жылдар бойы толастамай келеді. Тек қазақты қазаққа салғанда ғана бірдеме шығуы мүмкін... Кеңестіктер мен Шығыс Түркістандықтар қазір осылай істеп отыр, - деп жазады Су Бэйхай.

Журналдың №11 санында Су Бэйхайдың «Қазақ халық әндерін талдау» деген мақаласы берілген. Мақалада автор қара өлеңнің айтыс, тарихи жырлар, балық өлең, жер өлең, жұмбақ өлең, діни өлең, аң-құс өлең, т.б. түрлерін атайды. Қазақ сөз өнерінің құдіретіне тамсанған жас ғалым «қазақ жұртына үгіт-насихат жүргізгенде, біздің қағаз жүзіндегі сала құлаш сұлу сөздеріміз олардың бір ауыз өлеңіне татымайды» дей келе, ары қарай біраз ән мәтіндерінің қытайша аудармасын келтіреді. Бұлардың арасында «Бипыл», «Қаракер», «Дудар-ай», «Қайран заман», «Әри айдай» секілді халық әндері және «Алашорда маршы» («Абай» журналының 1918 жылғы №1 санында жарияға шыққан Жүсіпбек Аймауытұлының «Ұран» деген өлеңі), сондай-ақ, жергілікті қазақ сазгерлерінің әндері бар. Қазтуғанның жыры мен «Он сан ноғай бөлгенде, Орманбет хан өлгенде» деп басталатын ұзақ жырдың соңында автор «Су Бэйхай аударған Сәкен Сейфуллиннің «Қазақтың қысқаша тарихы» еңбегіне қараңыз» деп сілтеме жасайды. Демек, Сәкен Сейфуллиннің белгілі еңбектерінің бірі, мүмкін «Қазақ әдебиетінің тарихы» Су Бэйхайдың аудармасымен 1948 жылға дейін Қытайда басылып шыққан болып тұр ғой. Бұған дейін еш жерде айтылмаған осы дерек тарихшыларымыздың, әдебиеттанушы, алаштанушы ғалымдарымыздың назарын аударуға тиіс деп санаймыз.

Соңғы жаңалықтар