Қазақ тілін геймификациялау: Steppe Rider тәжірибесі
АСТАНА. KAZINFORM — Елімізде қазақ тілін оқытудың жаңа цифрлық форматы пайда болды. 6 жастан асқан балаларға арналған Steppe Rider ойыны ана тілін геймификация тәсілімен үйретеді.
Бұл Қазақстандағы қазақ тілін ойын арқылы оқытуға арналған алғашқы қосымша. Ғылым және жоғарғы білім министрлігінің мамандары жобаның негізгі мақсатын былай деп түсіндіріп берді.
— Халықаралық тәжірибеде ойын арқылы ағылшын, испан, француз сияқты ауқымды тілдерді үйрету бірнеше жылдан бері кеңінен қолданылып келеді. Бірақ біздің нарықта оған лайықталған ойындар жоқ. Сол себепті бізге ойын элементтері мен әдістемені біріктіріп, тіл үйретуге арналған ойын жасау идеясы келді. Себебі, шынын айту керек, біз балаларымызды біраз уақыт басқа тілді аудиторияға, контенттерге жіберіп алдық, — дейді Тіл саясаты комитетінің төрағасы Ербол Тілешов Kazinform тілшісіне берген сұхбатында.
Даудың басы — дәл осы Steppe Rider қосымшасы. Халықтың құтын қашырып, жағасын ұстатқан мәселе мемлекеттік сатып алу сайтында жарияланған мына бір сандар.

Қаржы министрлігі ұйымдастырған мемлекеттік сатып алу байқауына 2 компания қатысыпты («Tau Innovative Solutions» ЖШС және «United Kingdom» ЖШС). Нәтижесінде «United Kingdom» ЖШС 239,8 млн теңгеге ұтып алған.
Ал комитет төрағасы 3 қана бағалық ұсыныс болғанын айтады.
— Бағалық ұсыныстар болды, бірақ көп емес. Бар болғаны 3 ұсыныс түсті. Себебі нарықта да, ғылыми-әдістемелік тәжірибеде де мұндай жоба болмаған. Көп жағдайда өзіміз бастамашы болып, идея беруге, бағыт көрсетуге тура келді. Қоғам тарапынан қаржыға қатысты сұрақтар болды. «Бұл ойын неге керек?» деген пікірлер айтылып жатыр. Бірақ халықаралық ойындардың бюджеті бұдан бірнеше есе көп. Әрине, олар коммерциялық жобалар, аудиториясы үлкен. Мәселен, кітаптың немесе фильмнің бекітілген бағасы бар ғой. Ал бізде дәл бұл нарықта қалыптасқан өлшемшарт болмай тұр. Ойын индустриясының әдісі қалыптаспаған. Бұл жобада бағдарламашылар, әдістемелік топ, дизайнерлер, суретшілер, сценаристер жұмыс істеді. Қазақ тілінде жұмыс істейтін мамандар да аса көп емес, — деп түсіндірді ол.
Бюджеттің қалай игерілгенін білу үшін мердігер компанияға хабарластық. Алайда олар бұл мәселеге қатысты қандай да бір пікір білдіруден түбегейлі бас тартты.
Ал жобаны техникалық тұрғыдан саралау үшін сарапшы пікіріне жүгіндік.
— Мұны қазақ тілін геймификация арқылы үйретуге бағытталған алғашқы жобалардың бірі деп айтуға болады. Бұл еліміздегі осындай форматта дайындалған бірінші платформа. Осы тұрғыдан алғанда, идеясы өте жақсы. Алайда, мемлекеттік сатып алу порталында шамамен 240 млн теңге көлемінде қаржы көрсетілгенін көрдім. Менің ойымша, мұндай бағдарлама үшін бұл сома тым көп. Бұл техникалық жағынан аса күрделі жоба емес деп санаймын. Осындай платформаны 5-10 адамнан тұратын команда 1-2 ай ішінде толық жұмыс істейтін деңгейге дейін шығара алар еді. Тіпті, әлдеқайда аз бюджетпен — шамамен 50-60 миллион теңге көлемінде жасауға болады деп ойлаймын. Әрине, бұл — Қазақстандағы алғашқы осындай форматтағы платформа болғандықтан, бастапқы кезеңде шығын көп кеткен болуы мүмкін. Бірақ бұл қаражатқа ойынды әлдеқайда тартымды етіп, маркетингке де көбірек инвестиция салуға болар еді, — дейді ІТ сарапшысы Султонбек Бахтиёров.

Маман қосымшаға қатысты бірнеше ескертуді атады.
— Меніңше, техникалық жағынан ойын әлі де әлсіздеу. Кей жерлерде тежеліп қалады, кейде қай батырманы басу керектігі түсініксіз болуы мүмкін. Пайдаланушы интерфейсін жетілдіру керек. Ойынды қуаттырақ қозғалтқышқа көшіруге болады, сонда тұрақтылығы артар еді. Әзірге ол бастапқы даму сатысында тұрған жоба сияқты әсер қалдырады. Менің байқауымша, жобада жасанды интеллект құралдары да қолданылған. Егер жасанды интеллект кеңінен пайдаланылса, шығынды одан әрі азайтуға мүмкіндік туады. Жалпы идея өте жақсы. Қазақ тілін ойын арқылы үйрету — дұрыс бағыт. Бірақ жобаны әлі де жетілдіру, техникалық және мазмұндық тұрғыдан дамыту қажет. Алдағы уақытта дұрыс бағытта дамиды деп үміттенемін. Бірақ оны әрі қарай қолдап, жетілдіруге қосымша қаржы мен уақыт қажет болатыны анық, — дейді спикер.
Жалпы бұл United Kingdom жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүзеге асырған жалғыз жоба емес. Компания бұған дейін бірталай мемлекеттік мекемелердің тапсырысын орындаған.

Ойынның техникалық ерекшеліктері
Мемлекеттік сатып алу сайтында көрсетілген техникалық талаптарға назар салар болсақ, Steppe Rider ойыны 6 жастан 25 жасқа дейінгі адамдарға арналған. Ойынды 12 сағат бойы ойнауға болады. Әдістеме қазақ тілін 3 деңгейге бөліп, үйретеді. Әр деңгей 4 сағатқа созылады.

Орындар мен деңгейлер
• Жайлау — қарапайым лексика және негізгі грамматика.
• Наурыз мерекесі — қазақ дәстүрлері мен мәдениетін тану.
• Ежелгі Түркістан — тарих пен фольклорға арналған күрделі тапсырмалар.
• «Бәйге» қорытындысы — білімін тексеру арқылы жарысқа қатысу.
Ойын бірнеше режимнен тұрады:
1. Білім беру геймплейі — сөздер мен грамматикаға арналған тапсырмалар.
2. Квест стилі — жаңа орындар ашу және тапсырмаларды орындау.
3. Бәсекелестік режим — басқа ойыншылармен жарысу.
4. Зерттеу — мәдени және тарихи орындарды зерттеу.
Техникалық жағынан:
Ойын C++ немесе C# тілдерінде жасалып, 2D және 3D графика, анимация және дыбыстық эффектілер қамтылуы тиіс. Ойын түрлі құрылғыларға бейімделіп, қателер жойылып, 2026 жылы техникалық қолдау көрсетілуі тиіс.
Тіл саясаты комитетінің төрағасы мердігер компанияға қойылған талаптардың түгел орындалғанын жеткізді.
— Жауапты компания техникалық талаптарды толық орындады. Қазір халық ұсыныстарын ескеріп, жетілдіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Тағы бір айта кететін мәселе, ойын 2026 жылы да сүйемелденеді. Бұл шартта көрсетілген, яғни бөлінген қаржы тек 2025 жылмен шектелмейді. 2026 жылы мердігер компания сол қаржы есебінен ойынды тегін жетілдіреді. Қазір ағылшын және қазақ тіліндегі нұсқасын дайындап жатырмыз. Техникалық ескертпелер де болды: кейіпкердің жүгіруі, сөздердің баяу оқылуы сияқты мәселелер түзетілді. Кері байланыс арқылы ұсыныстар болса, дереу реттеуге тырысамыз, — дейді Ербол Тілешов.
Бүгінде қосыша халықаралық Steam, Android және iOS жүйелерінде қолжетімді. Жауаптылардың сөзіне сенсек, қосымша жарыққа шыққан алғашқы бірнеше аптаның өзінде-ақ Steam жүйесіндегі пайдаланушылар саны 30 мыңнан асқан. Ойынды Түркия, Франция, Ресей азаматтары да қолданыпты.

Ал жауаптылар сәуір айында ойынның тиімділігіне қатысты мониторинг жүргізбек.
— Ойынның жалпы әсеріне сәуір айында мониторинг жүргіземіз. Сауалнама да аламыз. Қатысушылардың аты-жөні бар, сол арқылы тиімділігін бақылаймыз. Бұл тәжірибе жалғасады деп ойлаймын. Себебі бүкіл әлем осындай форматқа көшіп жатыр, — дейді Тіл саясаты комитетінің төрағасы.
Ербол Тілешов қазақ тілін үйретудің заманауи тәсілдерін пайдалану аса маңызды екенін айтады.
— Қазақ қоғамы цифрлық форматқа үйренуі керек. Қазақ тілінде де цифрлық мүмкіндіктерді пайдаланып тіл үйренуге, ойын шығаруға болатынын көрсетуіміз қажет. Мұндай ойындар көбеюі керек. Қолданушыларда таңдау болуы тиіс. Егер біз мұны жасамасақ, балаларымыз басқа тілдегі ойындарды ойнайды, — дейді ол.

Министрлік маманы мұндай жобаларды коммерцияландыру керек екенін де атап өтті.
— Бұл жобаларды коммерцияландыруға да үйренуіміз керек. Нарықтық психологияны қалыптастыру қажет. Тілді осы арқылы үйретуге де, насихаттауға да болады. Ағылшын немесе орыс тілінде бір ғана ойын болмайды, онда үлкен бәсеке бар. Бізде де сондай таңдау болуы керек. Біз де өзімізден кейін осындай жобаларды жүзеге асыратын мамандарға үлгі қалыптастырғымыз келеді. Сол себепті өзіміз осындай тәуекелге баруды жөн көрдік, — дейді спикер.
Ал психологтар мұндай ойындардың тіл үйретуге әсерін жоғары бағалап отыр.
— Мұндай ойындардың бәрі балаларға өте жақсы әсер етеді. Өйткені, бала ойнағанда қателесуден қорықпайды. Ойын арқылы жаңа ақпаратты жылдам қабылдайды. Ойынның өзі балалардың қызығушылығын арттырады. Бұл ойын арқылы балалар сөздің мәнін түсіне алады. Сол үшін қазақ тілін үйренуге жақсы құрал деп ойлаймын. Бұл ойын балаға комуникативтік тұрғыдан көмектеседі. Шешім қабылдауға, өзіне сенімді болуға үйретіп, балада логикалық ойлау дамиды, — дейді психология саласының сарапшысы Жадыра Сабирова.
Маман балалардың қызығушылығын жоғалтпай, көбірек әсер ету үшін ойынды үнемі жетілдіріп отыру керектігін жеткізді.
— Steppe Rider ойынын өндірушілер мен ойнаушылар байланыста болу керек. Себебі, қазір ойындар арасында бәсекелестік жоғары. Мұндайда бір ойынға балалардың қызығушылығы жылдам кетіп қалады. Сол үшін ойыншылардың барлық кеңесін қабылдап, үнемі жақсартып отыру қажет. Сол кезде ғана ол балаларға жақсы пайдасын тигізеді, — дейді ол.
Осыдан бұрын қазақстандық төреші 2026 жылғы Азия ойындарына ресми шақырту алғанын жазғанбыз.