Қазақ тілін жетік білетін шанхайлық «Құралай» – шетелдегі қазақ баспасөзі
Kazinform ХАА шетелдегі қазақ тілінде тарайтын ақпарат көздеріне апталық шолуын ұсынады.

Әлемдік жыраулар Хиуада өнер көрсетті – ӨзА
26–28 сәуір аралығында Хорезмде өткен IV Халықаралық жыраулар фестиваліне әлемнің 40-тан астам елінен 200-ге жуық танымал жырау қатысты. Бұл туралы осы аптада «ӨзА» ақпарат агенттігі мәлімдеді.

Хабарламада айтылуынша, фестиваль аясында «Екінші Түркі әлемі мәдениеті форумы» және «Жаңа Өзбекстандағы жыраулық өнер: заманауи зерттеулер мен болашағы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастырылған.
Форум қорытындысында жыраулық өнердің болашағына қатысты маңызды қарар қабылданды.
Сондай-ақ ақпаратта фестивалдің қортынды нәтижелері жарияланған.
Атап айтқанда 3-орынды – Ихагвасурен Лхамрагча (Моңғолия), Степанова Аксиния (Ресей), Ахмедов Зиёдилло (Өзбекстан) иеленсе, 2-орын Абдуллаев Усмонжон (Өзбекстан) мен Күнсұлу Түрікпенге (Қазақстан) бұйырды. Ал 1-орынды Өзбекстандық Муяссар Жуматова мен Түрікменстанның ұлттық жыраулар ансамблі иеленген. Гран-при – Әзірбайжанның «Ғашықтар» тобына бұйырған.
Сондай-ақ осы аптада «ӨзА» ақпарат агенттігінде «Өзбекстанда 10 жылда шетелдік студенттер саны 18 есе артты» деген тақырыптағы ақпарат жарияланды.

Аталған БАҚ-тың дерегінше, 2024–2025 оқу жылының басында республикадағы жоғары оқу орындарында білім алып жатқан шетелдік студенттердің жалпы саны 12,5 мың адамды құрады.
Ұлттық статистика комитетінің мәліметінше, бұл көрсеткіш 10 жыл бұрынғы деңгеймен салыстырғанда шамамен 18 есеге көп.
Қазақ тілін жетік білетін Вань Жиншуан – CNR
Қазақ тілін білетін Вань Жиншуан «көп тіл білу менің өмір жолымды нұрландырды» дейді.

Бұл туралы осы аптада Қытайдың «Орталық халық радиосы» хабарлады.
«Сәлеметсізбе, менің атым Құралай, - деп амандасты Шанхай шетел тілдер университетінде қазақ тілі мамандығын оқып жүрген студент Вань Жиншуан.
Қытайлық БАҚ-тың дерегінше, оның қазақ тілін үйренгеніне төрт жыл болған.
– Вань Жиншуан қазақша еркін сөйлейді, тіпті мақал-мәтелдерді мағынасымен түсіндіріп айтқанда бізді таңғалдырды, толығын видеодан көріңіздер, - деп жазады «Орталық халық радиосы».
Қытайда нар мен түйенің аралас нәсілді ботасы дүниеге келді – «Халық газеті»
Қытайда нар мен түйенің будандасқан ботасы дүниеге келді. Бұл шұбат өндірісіндегі түйіткілді шешуге септігін тигізеді, деп хабарлайды «Халық газеті» басылымы.

Аталған БАҚ-тың дерегіне сүйенсек,2025 жылдың сәуірінде Ішкі Моңғолдың Алашань деген жерінде Қытайдағы нар мен қос өркешті түйені будандастырылған 5 өркешті бота өмірге келді. Бұл түйе сүтінің жоғары өнімді гендерін зерттеудегі үлкен жетістік болды.
«Халық газеті» басылымының дерегінше, Алашаньға қарасты Алатен өңіріндегі өнімділігі жоғары сүтті түйе өсіру базасында он жылға жуық зерттеулерден кейін ғалымдар эмбриондарды тасымалдау технологиясы арқылы нар гендерін енгізді. Қос өркешті түйе сияқты қоршаған ортаға бейімделе алатын түліктер мен күніне көп сүт беретін нардың ерекшелігіне ие аралас тұқымды түйе ботасын өмірге әкелді. Нардың орташа тәуліктік сүт өндірісі 15 кг(литр) құрайды. Ал қос өркешті түйе тәулігіне небары 2,5-3,5 кг сүт береді. Бұл будандастырудың жетістігі түйе өнеркәсібіне жаңа серпін берді.
– Елдегі қос өркешті түйенің негізгі өндірістік аймағы болған Алашаньда 68 000 түйе бар. Бұл өңір ресурстардың артықшылықтарына сүйене отырып, «ғылыми зерттеулер+асылдандыру+өңдеудің» тұтас өнеркәсіптік тізбегін құрды. Зерттеу тобы бір жыл ішінде 10 ботаны, келесі жылы 40 будандасқан ботаны өсіруді жоспарлап отыр. Ғалымдар қос өркешті түйенің сүт өндірісін 3,5 кг-нан 7 кг-ға дейін арттыруды және түйе сүтін кең көлемде өндіруді оңтайландыруды мақсат етеді, - деп жазады қытайлық БАҚ.
Иран тракторы 25 елге экспортталады – ParsToday
Ауыл шаруашылығы өндірістің маңызды салаларының бірі ретінде экономикалық дамуда маңызды рөл атқарады. Сондықтан бұл мақсатты жүзеге асыруда ауыл шаруашылығымен байланысты салалар да ерекше рөл атқарады. Ауыл шаруашылығы саласына қатысты саланың бірі – осы саладағы техника, оның ішінде трактор шығару. Ауылшаруашылық машиналарын жасау Иранның негізгі өнеркәсіптерінің бірі саналады. Ол осы саланың, соның ішінде тракторлардың өндірісінде айтарлықтай жетістіктерге жетті, деп жазды ParsToday ақпарат агенттігі.

Аталған ақпарат агенттігінің мәліметі бойынша, Иранның Трактор өндіру өнеркәсіп тобы Ирандағы ең ірі ауылшаруашылық техникасын өндіруші ретінде осы уақытқа дейін өз өнімдерін Азия, Еуропа, Африка және Латын Америкасының 25 еліне экспорттады.
Келтірілген деректерге сүйенсек, Иранның трактор өнімдері әртүрлі елдерге, соның ішінде Германия, Франция, Италия, Ресей, Түркия, Ирак, Ауғанстан, Әзербайжан, Венесуэла және кейбір Африка елдеріне экспортталады. Көрші елдерде Иран ауылшаруашылық техникасына деген нарық қажеттілігінің айтарлықтай бөлігін өтей алды. Мысалы, Ирак пен Ауғанстанның тракторға деген қажеттілігінің 70-80 пайызын Иран қамтамасыз етеді.
Сондай-ақ осы аптада ParsToday-де «Times Asia рейтингінде Иранның 81 университеті» деген тақырыптағы ақпараты жарық көрді.

81 университетімен Иран Times Asian University Rankings рейтингінде Ислам елдері арасында Түркиядан кейінгі екінші орынды иеленген.
Ирандық басылымның дерегінше, Times Higher Education World University Rankings халықаралық рейтингтік жүйенің бірі болып табылады, ол 2013 жылы Азия университеттерін халықаралық рейтингтерімен қатар алғаш рет бағалады.
ParsToday ақпарат агенттігінің Mehr ақпарат агенттігіне сілтеме жасап хабарлауы бойынша, Ислам әлемі ғылым және технология дәйексөз және мониторинг институтының (ISC) басшысы Мұхаммад Мәһди Алавиан Мехр мәлімдеген. Оның айтуынша, 2025 жылы Азия университеттерінің рейтингі туралы соңғы есепте Иранның 81 университеті кірді, оның ішінде Иран Ислам республикасының 4 университеті 100 үздік жоғары оқу орындарының қатарында болды.
Османлы дәуірінде салынған картина Лондонда 1,3 миллион долларға сатылды – TRT
19 ғасырда өмір сүрген Османлы суретшісі Осман Хамди Бейдің жақында табылған картинасы Лондонда өткен аукционда 1 миллион фунт стерлингке (1,3 миллион АҚШ доллары) сатылып, коллекционерлер мен мекемелердің үлкен қызығушылығын тудырды.
1881 жылғы «Кофе дайындау» туындысы Османлы өнерінің жаһандық аренадағы тарихи сәтін білдіретін ең құнды туынды ретінде ерекшеленеді.
Бұл туралы осы аптада Түркия Радио Телевизия порталы хабарлады.

«TRT»-ның дерегінше, 1881 жылы салынған «Кофе дайындау» атты бұл туынды Еуропадағы жеке коллекцияларда бір ғасырдан астам уақыт бойы сақталып, қайта жарыққа шықты. Туынды сол кездегі танымал фотографтар Жан Паскаль Себа мен Поликарп Жоайлье түсірген ақ-қара фотосурет арқылы белгілі болатын.
50 картина лезде сатылған аукционда «Кофе дайындау» туындысы жоғары бағаланды. Картинаны сейсенбі күні телефон арқылы өтінім берген анонимді сатып алушы алған.
Айта кетейік, туындыны алғаш рет шамамен 1910 жылы грузиялық өнер коллекционері ханзада Садық Ядигаров сатып алған. Одан кейін картина оның ұлы Арчилге, кейін 1930 жылдары Венадағы Арчилдің туысына өткен. Картина 2008 жылға дейін мұрагерлік жолмен сақталып келген.