Қазақ топырағынан шыққан Һисамиддин Сығнақи секілді ғұламалар исламды қабылдап қана қоймай, оны байытты - Бас муфти

АСТАНА.  8 қазан. ҚазАқпарат - Адамзаттың асылы Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымыздан кейін мұсылмандардың бірінші әмірі, халифа Әбу Бәкір ас-Сыддықтың он алтыншы ұрпағы - Һисамиддин Сығнақидың туғанына биыл 880 жыл.
None
None

Ислам өркениетіне сүбелі үлес қосқан ғұламаның өмірі мен қызметін біреу білсе, біреу білмес. Сондықтан да, имам һәм ақын Һисамиддин Сығнақидың бай мұрасын жалпы жұртқа паш ету мақсатында Қызылорда облысы Жаңақорған ауданында игілікті іс-шаралар жүзеге асты. Бас мүфти, шейх Әбсаттар қажы Дербісәлі бастаған Қазақстан мұсылмандары діни басқармасынан барған делегация осындай игілікті істің куәсі болды. Бұл туралы muslim.kz сайты жазады.

Дінбасы «Һисамиддин ілімі - Ислам игілігі» атты ғылыми-танымдық конференцияда баяндама жасаған. Қазақ даласының даналары мен ғұлама-ғалымдарының өмірі мен шығармаларын зерттеп, құнды деректерді кітап етіп жариялап жүрген Бас мүфти Әбсаттар қажы Дербісәлі Һисамиддин бабаның жазған еңбектерін сонау араб елінен арнайы алып келгенін жеткізді.

«Һисамиддин бабамыз араб тілін жетік меңгерген. Тіпті арабтардан артық білген десек қателеспейміз. Оған дәлел, кез келген адам Құран сүрелеріне түсіндірме жаза алмайды. Ас-Сығнақи ханафи мазһабының атақты ғалым дәрежесіне жетті. Оны ғұламалар: «Даңқты ғалым, имам, мұсылман фиқһының білгірі, араб грамматикасын жақсы білген, зеректігімен ерекшеленген», - деп сипаттаған. Ал ибн Тағриберди болса бабабамыз жайлы: «Ірі дін ғалымы, тәпсірші, ғылымды жүйелеуші, «әл Һидаяның» түсіндірушісі», - деп жазады. Көрдіңіздер ме, қазақ топырағынан шыққан ғұламалар тек Исламды қабылдап қана қоймай, оны байытты», - дейді Дінбасы.

Жаңақорған қаласында «Һисамиддин Сығнақи» атындағы зәулім мешіт бар. Ол тоғыз жолдың торабында орналасқан. Оны ел игілігі үшін салдырып берген заң ғылымдарының докторы, академик Сұлтан Сартаев та алқалы жиында салихалы сөз айтты. Академик мінберге шығып, ғұламаның шығармашылығы жайлы ойларын ортаға салды. «Қараңыздаршы, бабамыз қаншама еңбек қалдырған. Осыларды не үшін жазды дейсіздер? Мұның бәрі ислам дінінің игілігі үшін еді. Ендеше біз де бабалар жүрген жолмен жүруге тырысуымыз керек», - деп парасатты пікірімен бөлісті.

Ал «Нұр-Мүбарак» университетінің проректоры Шәмшадин Керім жуырда ғана жарық көрген «Сығнақи саңлағы» атты еңбегінде ғұлама бабамыз жайлы ғылыми деректерді кітапқа енгізгенін мәлімдеді.

Соңғы жаңалықтар