Қазақ-түрік бизнес форумында құны 2 млрд. 400 млн. доллар болатын келісімдерге қол қойылмақ - Н.Назарбаев

Бұл туралы бүгін Қазақстан мен Түркия арасындағы Жоғары деңгейлі стратегиялық ынтымақтастық кеңесі бірінші отырысынан кейін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев мәлім етті.
«Бүгін біз «Жаңа синергия» бағдарламасының іс-шаралар жоспарына қол қойдық. Бұл да саланы ауқымды мақсаттарға жетелейді», деді Мемлекет басшысы.
Бұл орайда ҚР Президенті екі елдің сауда-саттық көлемін 10 млрд. долларға жеткізу межесі таяу арада орындалатындығын зор сеніммен атап өтті.
«Біздің болашағымыз үлкен, өте зор. Түрік инвесторлары Қазақстанда бұдан әрі де белсенді жұмыс істей беретін болады. Бүгін біз Қазақстан-Түркия инвестициялық аймақтары мәселелерін талқыладық. Екі елде де бизнес форум өтетін болады.
Ертең Ыстамбұлда, менің білуімше, екі арадағы іс адамдарының, министрлердің кездесулері арқасында 2 млрд. 400 млн. долларлық бизнес келісімдерге қол қойылатын болады», деді Н.Назарбаев.