Қазақ-түрікмен ғалымдары дәнді-дақылдардың өнімділігін бірлесіп арттырмақ
АСТАНА. KAZINFORM — Экономист Бауыржан Ысқақов еліміздің Ұлттық аграрлық ғылыми білім беру орталығы мен Түрікменстанның Астық дақылдары ғылыми-зерттеу институты арасындағы меморандумға қатысты пікір білдірді.
— Қазақстан Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты Ұлттық аграрлық ғылыми білім беру орталығы мен Түрікменстанның Ауыл шаруашылығы министрлігі Астық дақылдары ғылыми-зерттеу институты арасында ғылыми-техникалық ынтымақтастықты дамыту мақсатында меморандум жасалды. Құжат екі елдің аграрлық ғылымы арасындағы өзара әрекеттестікті күшейтуге, ортақ ғылыми жобаларды іске асыруға және инновациялық агротехнологияларды енгізуге бағытталған. Меморандумның мақсаты біріншіден — астық дақылдары саласындағы ғылыми зерттеулерді бірлесіп үйлестіру, дәнді дақылдардың өнімділігін, әртүрлі ауруларға төзімділігін және климаттық өзгерістерге бейімділігін арттыруға бағытталған зерттеулер жүргізу. Екіншіден — инновациялық агротехнологияларды дамыту және енгізу, селекция, генетика, цифрлық егіншілік, су үнемдеу технологиялары саласында бірлескен ғылыми шешімдерді әзірлеу. Үшіншіден — ғалымдар мен сарапшылардың өзара тәжірибе алмасуы, әртүрлі оқыту семинарларын, ғылыми тағлымдамалар ұйымдастыру, ортақ зертханалық және ғылыми-техникалық жобаларды іске асыру, екі елдің зертханалық инфрақұрылымын пайдалану, бірлескен ғылыми орталықтардың әлеуетін арттыру, аграрлық ғылымдағы білім мен тәжірибені тасымалдау, яғни ғылыми мақалалар, зерттеу нәтижелері арқылы инновациялық әзірлемелермен алмасу мен азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге үлес қосу, — деді сарапшы.
Оның айтуынша, меморандум аясында екі елдің ғылыми орталықтары ынтымақтастығының негізгі бағыттары дәнді-дақылдар мен жаңа өнім сұрыптарын шығару, климатқа төзімді агротехнологиялар әзірлеу, өсімдік қорғау саласындағы зерттеулер, топырақ құнарлығын арттыру және тыңайтқыштарды оңтайлы пайдалану, статистикалық және цифрлық егіншілік технологияларын дамыту, генетикалық зерттеулер мен молекулярлық-биология әдістерін кеңейту болмақ.
— Әрине, қолға алынған жұмыстардың нәтижесінде жоғары өнімді және климатқа бейімделген дәнді дақылдар өндіріске енгізіледі. Қазақстан мен Түрікменстан ғалымдарының бірлескен зерттеулері мен халықаралық жарияланымдарының саны артады. Аграрлық секторда инновациялық технологиялар жедел енгізіліп, аймақтық азық-түлік қауіпсіздігі мен ауыл шаруашылығы тұрақталады. Екі елдің ғылым орталықтары арасында тұрақты серіктестік қалыптасып, қызметкерлердің кәсіби деңгейі көтеріледі, — деді Бауыржан Ысқақов.
Осы орайда ол елордадағы С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университеті Түрікменстанның бірқатар жоғары оқу орнымен ынтымақтастықты жолға қойғанын атап өтті. Бүгінде университетте 510-нан астам түрікмен жасы ІТ, бизнес, агрономия, инженерия, биология, логистика және қаржы салалары бойынша білім алып жатыр.
— Бұл С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университеті өңірлік хаб ретіндегі рөлін күшейтіп отыр. Қорыта айтқанда, Түрікменстан университеттерімен серіктестік ең алдымен ғылыми білім беру байланыстарын нығайтып, ауыл шаруашылығындағы инновацияларды нығайтады. Климаттық қауіпсіздік бойынша өңірлік шешімдерге үлес қосады. Мамандар даярлау сапасын арттырып, академиялық ұтқырлықты кеңейтуге де мүмкіндік береді, — деді сарапшы.
Айта кетейік, бүгін Қасым-Жомарт Тоқаев пен Сердар Бердімұхамедов арасындағы келіссөздер қорытындысында ресми делегация мүшелері бірқатар үкіметаралық және ведомствоаралық құжаттарды алмасты. Олардың арасында Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Ұлттық аграрлық ғылыми білім беру орталығы мен Түрікменстанның Ауыл шаруашылығы министрлігі Астық дақылдары ғылыми-зерттеу институты арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум да бар.