Қазақ ұлттық өнер университетіне Күләш Байсейітованың есімі беріледі
АСТАНА. KAZINFORM – Астанадағы Қазақ ұлттық өнер университетіне Күләш Байсейітованың есімі беріледі. Бұл туралы бүгін Ақордада мәдениет және өнер қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтаған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.

«Менің тапсыраммен Халық әртісі және Халық жазушысы атағы қайта беріле бастады. Қазақта „Өнерлінің өрісі кең“ деген сөз бар. Халқымыз дарынды ұл-қыздарын қашанда қадірлей білген. Осы орайда сіздерге тағы бір жақсы жаңалық айтқым келеді. Мен министр Аида Балаеваның ұсынысы бойынша Астанадағы Қазақ ұлттық өнер университетіне Күләш Байсейітованың есімін беру туралы шешім қабылдадым. Бұл әйгілі әншіге көрсетілген зор құрмет әрі ерекше өнерімен тарихта қалған тұлғаларға ел ықыласының айрықша белгісі. Түптеп келгенде мұны тарихи әділдікті қалпына келтіру деп түсінген жөн», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.