«Қазақ ұлтының әскери дәстүрлері» атты бірінші жастар құрылтайы өтеді

Бұл туралы «Жас қыран» әскери-патриоттық республикалық дамыту орталығынан хабарлады.
Бұл шара елімізде алғаш рет өткізілуде. Ол ұлттық салт-дәстүрлердің, рухтың, мәдениеттің сақталуы мен дамуына, ұлттық спорт түрлерінің кеңінен таралуына, балалар мен жастардың денсаулықтарының жақсаруына, олардың Отанға деген патриоттық сезімдерін оятуға бағытталады.
Бірінші жастар құрылтайы ағымдағы жылдың 13-17 қараша аралығында «Жас қыран» әскери-патриоттық бірлестіктерінің республикалық дамыту орталығы мен Астана қаласы әкімшілігінің ұйымдастыруымен, ҚР Білім және ғылым министрлігі мен ұлттық спорт түрлері қауымдастығының қолдауымен өткізіледі.
Шара аясында Қазақстанның барлық өңірінен ұлдар мен қыздар қатысатын «Жұдырықтасудан», «Тоғызқұмалақтан», «Қазақ күресінен» және «Асық атудан» республикалық чемпионаттар мен жарыстар өткізіледі. Сондай-ақ, «Қазақ ұлтының салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары» атты көрме мен ұлттық киімдер мен тағамдар конкурсын өткізу жоспарлануда.
Шақырылған қонақтар қатарында «Нұр Отан» партиясының өкілдері, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаттары, министрліктер өкілдері, көрнекті қоғам қайраткерлері, спорт қайраткерлері, мәдениет және өнер қайраткерлері, т.б. бар.
«Жас қыран» әскери-патриоттық бірлестіктерінің республикалық дамыту орталығы азаматтардың әскери-патриоттық, рухани-адамгершілік және тәрбие мәселесін шешумен айналысады. Оларды әскери қызметке дайындаумен, сонымен қатар, мемлекетке болашақ патриот жастарды тәрбиелеуге көмектеседі. Әскери-патриоттық ұйымдар қозғалысының қайта өркендеуіне байланысты жұмыстар атқарады. Сондай-ақ, балалар мен жастардың отаншылдық сезімдерін оятуға бағытталған шаралар мен жобалар жасаумен айналысады. Қазіргі таңда, «Жас Қыран» республикалық орталығының Қазақстанның барлық облыстарында еріктілер мен әскери-патриоттық ұйымдарды, әскери-спорттық, әскери-іздеушілік және спорттық-техникалық клубтар желілерін біріктіретін 400-ден астам өңірлік өкілдіктері бар.