Қазақ ұлтының өнерінде мені өзіне баурап алған дүниелер өте көп - Е. Либранда

АСТАНА. ҚазАқпарат - Мен Филиппин азаматы ре­тінде Қазақстанды өте жоғары баға­лаймын. Өйткені, бұл елде адами қарым-қатынас, сыйластық, өз­ара құрмет, сыпайгершілік және рухани дүниелерге деген оңды көз­қарас жақсы қалыптасқан. Бұндай пікірді музыкант, ән өңдеуші Крисс Кристофер Елиазар Либранда білдірді.
None
None

«Адам баласына табиғаттан берілетін мұндай қасиеттерді жоғалтпай, оны қоғамның басты құндылығы деп қарау Қазақстан халқының бас­ты ерекшеліктерінің бірегейі деп білемін. Көшеде, көпшілік орындарда бір-біріне ілтипат білдіріп, үлкендер жағы кішілерге ізетін, жас­тар аға буын өкілдеріне құрметін көрсетіп жатқан адамдардың жарасымды іс-әрекеттеріне қызыға қарайсың. Мысалы, ас ішіп отырсаң, сені танысын, танымасын «асыңыз дәмді болсын» деп жаныңнан риясыз көңілмен басын изеп өтеді. Мәз болып қаласың. Жол сұрасаң қалбалақтап, бар мүмкіндігінше көмектесіп, дұрыс бағытты көрсетіп жібереді. Талай елде болдым, бірақ мұндайды өте сирек кездестіресің.

Қазақстан дамып жатқан, келешегіне сенімді ел деп есептеймін. Жерінің асты мен үсті байлыққа толы. Бұл - қазақтың кең пейілі мен дархан көңіліне орай Жаратқаннан берілген сый. Қазақ халқының қонақжайлығы барша әлемге белгілі. Қазақтар «кең болсаң, кем болмайсың» деген сөзді жиі айтады екен. Осы бір ауыз сөздің төркініне үңілсең, көзің ашыла түседі. Расында, қайырымдылық, мейірімділік, ізгілік деген асыл қасиеттер кеңдіктің белгісі ғой. Ал осындай қасиеттерді бойына жинаған адамдардан құралған қоғам, ел кімді де болса өзіне тартпай қоймайды.

Қазақ ұлтының өнерінде мені өзіне баурап алған дүниелер өте көп. Солардың бірі - домбыра. Осы музыкалық аспаптың мүмкіндіктеріне таңғаласың. Филиппинде дәстүрлі музыкалық аспаптар көп. Алайда солардың бірі де заман ағымына домбыра секілді ілесе алмады. Ал домбыра болса заманауи музыкаларды орындауда сәтті қолданылып жүр. Бұған қалай разы болмайсың?! Тағы бір айтар жайт, маған қазақ композиторларының әндері өте ұнайды. Қазақ әндері кең тынысты, әсерлі, құлаққа жағымды тиеді.

Бұл жерге келгеніме үш жылдың жүзі болып қалыпты. Осы аралықта Қазақстанның әлем алдындағы беделі күн санап өсіп келе жатқанын, ішкі бірлігі нығайып, ел болудың жарқын үлгісін өзгеге ұсына білер жағдайға жеткенін анық байқадым. Молшылық пен ырыс-береке ынтымағы жарасқан елден ешқайда кетпейтінін дәлелдеп жатудың өзі артық. Олай болса, Қазақстан - өзінің барлық игіліктерінің бастауын бейбітшілік пен татулықтан алып отырғанын түсінетін мемлекет. Президент Нұрсұлтан Назарбаев қандай жиында болсын өз сөзін бірлік пен ынтымаққа шақырудан бастайды және сол сөздерімен аяқтайды. Бейбітшілік пен татулықты бәрінен жоғары қоятын және тыныштықтың орнығуына бар күш-жігерін жұмсайтын Президенті бар ел ешкімнен кем болмасы анық.

Қазақстанды жарқын болашақ күтіп тұр. Оның іргелі ел, үлгілі мемлекет болуына шын жүректен тілектеспін. Тәуелсіздік туын желбіреткен Қазақстанның әрбір басқан қадамы қайырлы болғай», - деп жазылған «Егемен Қазақстан» газетінде.

Соңғы жаңалықтар