Қазақ жарнама және PR агенттігі ашылды

«Еліміз тәуелсіздік алғалы бері бизнес саласы қаншалықты дамып, өркендесе де, оның негізгі қозғаушы күші - жарнама әлі күнге дейін қазақшаға толыққанды көше алмай келеді. Рас, жарнаманы қазақшалауға бетбұрыс байқалады. Бұл құбылыс жарнамаға тапсырыс берушілердің заң талаптарын орындауға деген көзқарасынан сезіледі. Мұндай ынта, ықылас бізді қуантады. Десек те, елеулі қозғалыс туралы айтуға келмейді", - дейді Ж. Естенбаев. Агенттік басшысының айтуынша, қазақша жарнамаға, қазақ жарнамашыларына айтылар сын көп. Өйткені жарнама әу бастан өзге тілде даярланады, сосын барып ол қазақ тіліне аударылып беріледі. Ондай жарнама қазақтың діліне, яғни менталитетіне сәйкес келмеуі де мүмкін. Жарнаманы қазақ тіліне аударып беру аз, оны түпнұсқада қазақша дайындау керек. Басқаша айтқанда, жарнаманы қазақшаламау керек, оны қазақыландыру қажет.