Қазақ жастарының тәуелсіздік үшін күресі толық зерттелмеген тақырып - тарихшы Әміржан Әлпейісов

- Қазақ жастарының тәуелсіздікке ұмтылған күрес жолы зерделенген «Жас тұлпар дүбірі», «Азаттық аңсаған Сарыарқа» және «Қашқын суыр» повестері топтастырылған кітабыңыздың тарихи маңызына тоқталсаңыз.
- Қазақ жастарының тәуелсіздік үшін күресі - толық зерттелмеген тақырып. Сондықтан да бұл еңбектің айтар мәнді ойы, көтерген тың идеясы, арқалған елдік жүгі бар деп ойлаймын. Мызғымайтындай көрінген Кеңес Одағының шаңырағының ортасына түсуіне, социалистік жүйенің ыдырауына қазақ жастарының қосқан үлесі зор. XX ғасырдың басындағы Алаш қозғалысынан 40 жыл өткеннен кейін, Кеңес Одағында көптеген өзгерістер орын алды. 1953-1964 жылдардағы «Хрущевтік жылымық» кезеңін пайдаланып, Мәскеуде оқитын қазақтың студент жастары алғаш «Жас тұлпар» қозғалысын ұйымдастырды. Кітаптағы «Жас тұлпар дүбірі» повесінде 60 жылдардағы «Жас тұлпар» қозғалысының пайда болуы, жұмыс істеуі, өркендеуі жан-жақты қамтылып жазылған. Ол кезде Қазақстаннан тысқары жерде, тек ғана Мәскеудің өзінде 10 мыңнан астам қазақ жастары білім алып жатты. Сол сияқты Кеңес Одағының басқа да қалаларында қаншама жастар оқып жүрді. Міне осылардың көбісі «Жас тұлпар» ұйымына қосылды, ықпалында болды. Жастар ұйымның көтерген идеялары мен үндеуіне құлақ түрді. «Жас тұлпар» қозғалысы мәдени мақсаттарды басты бағдар тұтқанымен, шындап келгенде қазақ тарихы, ашаршылық азабы, ұлт болашағы, білімді жастарды өсіріп шығу секілді ұлтымызды рухтандыратын, еңсе көтертетін түрлі мақсаттарды да қатар алып жүрді.
«Жас тұлпар» дүбірі қазақ жастарының санасын біржолата серпілтіп, азаттық күресіне жетеледі. Дүбірден оянған жастар Қазақстанның барлық аймақтарында жасырын үйірмелер ұйымдастырып, өз шама-шарықтарына қарай тәуелсіз ел болуға талпыныс жасады. Қарағандыда «Жас қазақ», Қостанайда «Жас түлек», Өскеменде «Ұлттық мамандарға әділеттік тобы», Семейде «Тайшұбар», Гурьевте «Ұшқын», Павлодарда «Жас ұлан», Целиноградта «Тың тұлпар», «Оян қазақ», Шымкентте «Адыр қасқырлары», Алматыда «Сарыарқа» ұйымдарының болғаны соның айғағы.
Кітаптағы «Азаттық аңсаған Сарыарқа» осы Алматыдағы 70 жылдары құрылған «Сарыарқа» ұйымы туралы жазылған. Мен «Жас тұлпар» қозғалысының мүшесі болдым және Алматыда жүріп, «Сарыарқа» ұйымының жұмыстарына да атсалыстым. Алаш идеясын жалғастырушы, мұрагерлері болған бұл ұйымдардың көбі кейіннен күштеп жабылды. Белсенді жастар қудалауға ұшырады. Ал, кітаптағы «Қашқын суыр» повесім өзім қатысқан Желтоқсан көтерілісін баян етеді. Бұл шығарма - көтерілісті жан-жақты сипаттаған, сонымен бірге көтерілістің қазақ жастарына тигізген әсерін талдаған психологиялық повесть.
- Тарихтың ішіндегі тарихқа үңіліп, көмескі, елеусіз қалған жалқы беттерді парақтап шығу оңай болмаған болар. Қажыр-қайрат жұмсап, шын ынтамен кіріспесе табыла бермейтін, жасырылып, жабулы келген осы құнды деректерді қолыңызға қалай түсіріп, жинақтадыңыз?
- Бұл кітапқа арқау болған жастар қозғалысының тарихи мәнін ашу үшін, ұлтымыздың бірегей болмысын, тарихын шолып, алаш идеясы, алаш қозғалысының мақсаттарын түсіндіріп, оның жастарға қалай рух сыйлап, тәуелсіздікке деген ұмтылыс ұрпақтан-ұрпаққа қалай тамырланып жетіп, аманатталып келгенін қамтып жазуға тырыстым. Сондықтан жастар қозғалысынан басқа да тарихи тақырыптар қалам ұшына еріксіз ілікті. Ал шығармаға жан бітірген құнды деректер Мәскеудегі, Қазақстандағы құпия құжаттардан алынған. Сондай-ақ, осы ұйымдардың тағанын қалаған, белсенді мүшелері болған адамдармен кездесіп, әңгімелестім. Сол ортада өзім де жүрдім. «Сарыарқа» ұйымында болдым, Желтоқсан оқиғасына қатыстым.
Кітапта келтірілген мына бір дерктерге қарасаңыз, Кеңес Одағы кезіндегі адамдар тағдырының қандай қиын болғанын білесіз. Ұлтымыздың адам қанымен боялған қанды қасап қоғамға зор бодау беріп жүріп тәуелсіздікке қол жеткізгенін түсінесің. 1921-1954 жылдар аралығында Кеңес Одағы өзінің 3 миллион 777 мың азаматын «халық жауы» деп соттап түрмеге тоғытты. Оның 642 мыңы атылды. Өмірі түрме көрмеген қазақ жері «халықтар түрмесіне» айналды. Бір ғана «Карлагта» 200 мың адам қуғын-сүргін көрді. И.В. Сталин өлгеннен кейін 20 күннен соң 1953 жылы НКВД басшысы Л.Н. Берия дайындаған «Кешірім жөніндегі» өкіметтің шешімімен түрмелерде жатқан 2 миллион 526 мың адамның 1 миллион 183 мыңы босатылды. Мұндай кешірім жасап, осыншама адамды бір мезгілде түрмеден босату адамзат тарихында бұрын соңды болмаған. Сонымен бірге ашаршылық жылдарының ауыр күндерін де қазақ халқы басынан өткізді.
- Кітаптың сыртқы мұқабасын безендіріп тұрған «Жас тұлпар» ұйымының қара, қызыл, көк түстерден құралған туының да айтар ойы мен сыры мол екен. Сол кезеңнің өзінде-ақ, алдарына биік мақсат қоя білген қазақ жастары бүгінгі тәуелсіздігімізді алыстан болжап білгендей әсер етеді...
- «Жас тұлпар» ұйымын құрып, қазақ жастарының басын біріктіріп, соңынан ерткен азаматтар білімді, ұлтшыл, текті отбасылардан шыққан. Мұрат Әуезов, Алтай Қадыржанов, Болатхан Тайжан, Мақаш Тәтімов сынды ұлтшыл жастар сол тұстарда көзге түсті. Олардың жақындары кезінде қызыл империя қуғынына ұшырап, текті болғаны үшін түрмеге қамалып, атылған болатын. Қазақтың қайсар ұл-қыздарының серпілуіне себеп болған сол кездегі жас студенттердің өздері де білімді, талапты болды. Сондықтан алдарына үлкен мақсат, міндет қоя білді. Бұл студент жастардың жай ғана құра салған ұйымы емес еді. «Жас тұлпар» өзінің эмблемасын, туын жасады. Жастұлпарлықтардың үш түстен тұратын (қара, қызыл, көк) туына тұлпардың суреті салынған болатын. Онда Патшалық Ресейдің боданынан құтылып, қара түнектен шықтық, қызылды аттап, көкке жетеміз деген көкейдегі армандары жасырынып жатты. Тудағы тұлпардың басы көк түске қарап, бүгінгі тәуелсіздікке қарай шауып келе жатқан бейнесі әсерлі шыққан.
1963 жылы құрылған «Жас тұлпар» ансамблі мәдени іс-шаралар өткізуге жолдама жеңіп алады. Олар Ресейдің Омбы облысындағы қазақтар тұратын мекендер мен Қазақстан жерлерінде мәдени-ағартушылық іс шараларымен айналысты. Тек бір Жамбыл облысында 90 концерт беріп, 50 дәріс оқыды. Осы кезде «Жас тұлпарлықтар» өздерінің осы туын бірге алып жүрді.
- Алаш арыстары ХХ ғасырдың басында Алаш идеясын, Алаш ұранын ту етіп көтеріп шықты. Осындай ел тарихында көп айтылатын, халқымыздың санасында орныққан «Алты Алаш» ұғымы туралы айтып берсеңіз?
- «Алаш» аты тарихта кездесетін ең көне атаулардың қатарына жатады. Алаш атауы туралы шежірелерде, тарихшы-ғалымдардың еңбектерінде әртүрлі тұспалдар айтылып жүр. Ескі шежіре деректерінде Алаш атауы қазақ халқының синонимі ретінде де келтіріледі. Қадырғали Жалаири өз еңбегінде қазақтың орнына Алаш атауын қолданады. Ал, шежірелердің бірінде Алашқа өзбек, түркімен, қарақалпақ, қырғыз, қазақ, ноғайды жатқызады. Алты Алашты қазақ руларымен байланыстырып ғана айтып жүргендер де бар. Менің білуімше, Алаш ұлы мемлекеттілікті білдіреді. Ол - Түркі халықтарының негізгі этностарын құраған ірі тайпалардың ортақ атауы. Оның ішіне қазақтың байырғы ру, тайпалары да енеді. Алты Алашқа қазақ, қарақалпақ, татар, қырғыз, ноғай, башқұрттарды жатқызуға болады. Қиын кезеңдерде осындай ұлан-ғайыр, ұлы даланы сақтап қалуымыз Алты Алаштың бір тудың астына бірігіп, бір-біріне сүйеу жасап, қамқоршы болғанының арқасында орындалды. Алашордалықтардың да Алты Алашты біріктіру арманы болды. Олар сол тұста Алты Алаштың басы қосылса, маңайымыздағы ірі империялардың тісі батпайтындығын білді. Қазіргі күні түркі халықтарының саны 300 миллионға жуық. Осы бауырлас халықтар бірігетін болсақ, берекелі болсақ, жауларымыз бізге тіс батырады деп қорықпай-ақ, әлемнен ойып тұрып орын алып, өзгені сесімізбен жасқандыратын дәрежеге жетеміз.
- Өткен тарихымыздағы сансыз күрестер - ұлтымыздың тәуелсіздігі үшін жан алып, жан беріскен арпалыс шежіресі. Ғасырлар бойы арман болған Тәуелсіздіктің биылғы 25 жылдық мерекесіне қандай тілек айтасыз?
- Қазақтың әрбір азаматының арманы бостандықта өмір сүру болды. Қазақ ұлты - ұлы далада еркін өмір сүрген халық. Сондықтан олардың тәуелсіздікке, бостандыққа ұмтылуы қанында бар қасиет. Тарихта қазақ халқы отаршылдыққа қарсы 300-ден астам көтеріліс жасаған. АқынЖұбан Молдағалиевтің «мың өліп, мың тірілген қазақпыз» дейтіні тегін емес. Тәуелсіздікке мың өліп, мың тіріліп жүріп жеткен қазақпыз. Ұлтымыздың мұраты мен арманы болған ұлы тойдың қадір-қасиетін ерекше бағалаймын. Қазақ халқын, Қазақстанда тұрып жатқан, қазақ жерін отаным деп сезінетін басқа да ұлт өкілдерін қастерлі мерекемен шын жүректен құттықтаймын! Мәңгілік еліміз өсіп, өркендей берсін!