Қазақ жеріндегі тарихи ескерткіштер: Айша бибі кесенесі

Бұл жоба аясында «Бабалар сөзі», «Қазақ хандары», «Ежелгі қалалар тарихы», «Халық қазынасы» қатарлы жаңа айдарлар ашылды. «Бабалар сөзі» айдары негізіне «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында шыққан 100 томдық ауыз әдебиетінің жыр-толғаулары, қисса-дастандар, сөз ұстаған шешендер мен билерімізден қалған нақылдар, тарихи жәдігерлер алынды. «Қазақ хандары» айдарында тарихымызда еліне қорған болған хандардың өмірі туралы деректер беріледі. Ал «Ежелгі қалалар тарихы» айдарына қазақ даласындағы өркениеттің ордасы болған көне қалалардың тарихы туралы жазбалар жарияланады. «Халық қазынасы» айдары бойынша, Қазақстандағы тарихи, мәдени ескерткіштер, қазақ халқының салт-дәстүрлері, қолөнер, қару-жарақтары туралы мағлұматтар берілмек. Жоба материалдары қазақ тілінде (қазақша және төте жазумен) агенттік сайтында жарияланып отырады.
***
ЮНЕСКО сарапшыларының бағалауынша өн бойы өрнекпен өріліп, айшықпен көмкерілген және 60-тан астам түрлі оюлармен безендірілген терракот кірпіштер сыртқы жапсырма емес, қабырғалық материал болып өрілген әлемдегі жалғыз мұра Айша бибі кесенесі - ортағасырлық сәулет өнері ескерткіштерінің бірі. 12 ғасырда салынған. Жамбыл облысының Жамбыл ауданы Айша Бибі ауылында орналасқан. Кесене құрылысын 1897 жылы В.Каллаур, 1938-1939 жылдары А.Бернштам бастаған КСРО ҒА Қазақ филиалының тарих және материалдық мәдениет экспедициясы, 1953 жылы Қазақстан Ғылым академиясының экспедициясы зерттеген.
Айша Бибі тарихтан белгілі Қараханның әйелі. Күмбезді сол Қарахан (Әулие ата) салдырған. Бірақ кесенені салған сәулетші туралы нақты дерек жоқ. Пішіні шаршыланып біткен, ауданы 7,6 х 7,6 метр, бұрыштары бағана тіреулер арқылы көтерілген. Кесене ортасында құлпытас (3 х 1,4 м) орнатылған. Батыс жақ қабырға мен бағаналар оюлы ұсақ плиткалармен қапталған. Қабырғаның ортасында сүйір аркалы текше жасалған. Текше беттерінің қабырғаға ұласар тұсы шағын бағаналармен сәнделген. Бұл бағаналардың жоғары жағы көгеріс өрнекпен әшекейленген мығым блок болып келеді. Бұрыштағы бағаналар көгеріс өрнекті жұқа кірпішпен өрілген белдеу арқылы әсемделген. Айша бибі кесенесінің іргетасынан бастап есептегенде 3,4 биіктікте бағаналарға араб әрпінде жазуы бар белдеу жүргізілген. Солардың бірінде «күз, бұлттар, дөңгеленген дүние...» деген сөздер жазылған. Кесене қабырғалары (қалыңдығы 80 см) үш бөліктен: күйдірілген кірпіштен қаланған ішкі жағынан, оймыш әшекейлі плиталармен қапталған сыртқы жағынан, сонымен бірге саз балшықпен және жарамсыз плиткалардың сынықтарымен толтырылған қабырға ортасындағы кеңістіктен тұрады. Қабырғалар мен бағаналар беріктігін арттыру үшін қабырғаның ішкі жағына арша ағашынан арқалық қойылған. Кесене қабырғаларының сыртқы беті артқы жағындағы сыналарымен бекітілген оймыш ұсақ плиталар арқылы безендірілген. Ұсақ плиталардың шырмауық өрнегіне 60 түрлі әшекей қолданылған. Қашаумен үңгіп жасалған бұл оюлар бір-бірімен қиюласып, кесененің мақсатына лайық сәулеттік сипат, композициялық шешім тапқан. Кесене құрылысынан Темір дәуіріндегі сәулет өнерінде үлкен орын алған порталды-тақталы дәстүр айқын аңғарылады.
Айша бибі - шамамен 11-12 ғасырларда өмір сүрген ару қыз. Айша бибі еліне сапарлап келген Қараханмен жүздесіп, бір-бірін ұнатады. Алайда тұтқиылдан елін жау шапқанын естіген Қарахан дереу еліне аттанады. Уәделі кезде хабар болмаған соң, алаңдаған Айша бибі «Күйеу жігіт еліне барып, бір хабарын білейін, аман болса алдыңызға келіп ақ батаңызды алып қосылармыз», деп әкесінен рұқсат сұрайды. Бірақ қыз әкесі келісімін бермейді. Үш рет өтініп, меселі қайтқан Айша бибі 40 қыз жолдас ертіп, Қараханның еліне өз бетімен аттанады. Ел шетіне таяғанда демалмақшы болып су бойына тоқтап жуынады. Сол кезде сәукеленің ішінде жасырынып қалған улы жылан Айшаны басынан шағып өлтіреді. Қыздардың хабарын естіп Қарахан да жетеді. Бірақ Айша тілге келмейді. Ең болмаса о дүниеде қосылайық деп Қарахан осы жерде Айшамен некесін қидырады. Келін болып босаға аттамаса да уәдеге берік Айшаның соңғы демі өз қолында шыққанына әрі риза, әрі құса болған Қарахан Айша бибі қабірінің үстіне күмбез тұрғыздырады.
Айша бибі хикаясын зерттеген тараздық журналшы Б.Әбілдаев «Айша бибі» деген пьеса жазды.
Айша бибі кесенесі республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің тізіміне енгізіліп, мемлекет қорғауына алынып, ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мәдени мұра тізіміне енгізілген.
Дереккөзі:
Қазақстан ұлттық энциклопедиясы, 1 том