«Қазақалтын» ТМК» АҚ басшылығы кеншілердің күзетшілерді жұмыстан босату талабын қанағаттандырды

Бұл туралы Степногор қаласы әкімінің баспасөз қызметінен хабарлады.
«Маусымның 23 күні өткен кездесуге облыс және Степногор қаласы әкімдігінің өкілдері мен құқық қорғау органдарының қызметкерлері қатысты.
Кездесуде Концерннің бас директоры кеніш жұмысшыларының талаптарын тыңдап, тұшымды жауап қайырды. Оның ішінде кен орнындағы мониторингтік топ күзетшілерін жұмыстан босату талабы қанағаттандырылды. Сондай-ақ, қауіпті өндірістік нысандарда ұрлықты болдырмау, заңсыз алтын рудаларын іздеушілерді кіргізбеу бағытындағы жұмыстар да одан әрі жүргізіле беретіні айтылды.
Кездесуде кен орнына жергілікті тұрғындарды орналастыру да сөз болды. Бұл ретте, Бестөбедегі шахтада 1466 адам еңбек етсе, оның 93 пайызы жергілікті тұрғындар.
Сонымен қатар, Бестөбе кенішіндегі жұмысшылардың айлығы Жолымбет және Ақсудағы шахтерлердікінен гөрі анағұрлым жоғары екені де айтылды. Айлығы төмен мамандардың еңбекақысын көтеру мәселесін басшылық қарап шешетін болады.
Әлеуметтік жауапкершілік төңірегінде сөз қозғаған Евгения Балашов Концерн жалпы инвестиция көлемінің 1 пайызын облыстық бюджетке әлеуметтік саланың дамуына аударып отыратынын жеткізді. Оған қоса жыл сайын қала мен кенттің инфрақұрылымын дамытуға және мекенжай бойынша көмек көрсету үшін қаржы бөлінеді. Сондай-ақ, Заводской және Бестөбе кенттерін байланыстыратын жолды жөндеуге 30 миллион теңге бөлінген.
«Қазіргі кезде, Бестөбе кентіндегі кен орнындағы жағдай тұрақты», деп көрсетілген хабарламада.