«Қазақфильм» киностудиясы демеушілердің есебінен жөнделіп жатыр
АСТАНА. KAZINFORM — Биыл «Қазақфильм» киностудиясы қызметіне бюджеттен 926,7 млн теңге бөлінді.

— Соңғы екі жылда киностудияда ауқымды жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Табыс көлемінің артуы мен шығындарды оңтайландыру нәтижесінде, былтыр «Қазақфильм» соңғы 7 жылда алғаш рет өзін-өзі ақтайтын ұйымға айналды. 15 жылдан бері алғаш рет киностудияда демеушілер есебінен жөндеу жұмыстары басталды, — деді Мәдениет және ақпарат министрлігі мәдениет комитеті кинематография басқармасының жетекшісі Ғани Мұратов елордада өткен баспасөз мәслихатында.
Киностудия былтырдан бастап бірнеше бағыт бойынша мемлекеттік қолдауға ие болып отыр:
— фильмдерді дистрибуциялау және көбейту;
— Алтын қордағы фильмдерді цифрлық рестоврациялау;
— шетелде қазақ киносы күндерін өткізу.
— «Қазақанимация» шығармашылық бірлестігінің жұмысын қамтамасыз ету.
— Өткен жылы киностудияға 903,2 млн теңге бөлінді, ал биыл 926,7 млн теңге қарастырылған, — деп толықтырды министрлік өкілі.
Сәуірде Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева «Қазақфильм» отбасылық демалыс орталығына айналатынын айтқан еді.
Сондай-ақ Аида Балаева «Қазақфильм» төңірегіндегі дауға қатысты пікір білдірді.