Қазаққа «шоудың» қажеті жоқ - Кеңес Дүйсекеев, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:
ЖҰБАНОВ ПЕН ТІЛЕНДИЕВТІҢ БАТАСЫ
- Аға, биыл жетпістің жотасына шықтыңыз. Астанада дүбірлеп өнер кешіңіз, туған жеріңізде шығармашылығыңызды дәріптеген халықаралық байқау өтті.
Солардан түйген ойыңыз, алған әсеріңіз қандай?
- Ертеректе, бала күнімізде ауылдағы қырыққа толған ағаларымыз бізге шал секілді көрінуші еді. Қазір адам қартаймайтын секілді. Жетпіске толсам да, соны әлі мойындай алмай жүрмін. Қазақша айтқанда, жетпіс - адам ғұмырының ішінде алып бәйтерек секілді тамырын тереңге жіберген, жапырағы жайқалып өскен мерейлі жас деуге болады. Сондықтан, осы ақсақалдық жасқа толғанда, мені «Жетпіс жыл ішінде не істедім, еліме қандай қызмет жасадым?» деген ойлар мазалады. Содан ой түйіп, шыңырауға үңіліп қарасам, халқыма ауыз толтырып айтарлықтай еңбек жасаған екенмін. Бірақ, өзіме көңілім тола бермейді. Армансыз адам болмайды ғой. Әлі де болса елімнің мәртебесін өсірер жақсы шығармалар жазылады деп ойлаймын. Алайда, соған да шүкіршілік етемін. Биыл, осы ақпан айында, Астанадағы Ұлттық өнер университетінде мерейтойым аталып өтті. «Қазақстан» Орталық концерт залында шығармашылық кешім болды. Жұртшылықтың, қатар жүрген әріптестерімнің айтуынша, концерт жоғары деңгейде өткен секілді. Елордаға 2011 жылы қоныс аудардым. 2013 жылы бас шаһардың он бес жылдық мерейтойына
орайластырып, қала әкімдігінің қолдауымен Конгресс-холл
сарайында авторлық кешім өткен еді. Онда да халық көп жиналған еді.
Өз басым авторлық кешті жиі өткізуге қарсымын. Кейбіреулер соны кәсіп қылып, ақша табудың жолына айналдырды. Менің оған табиғатым қарсы. Сол шығармашылық кешімде көрермендерге дискіге топтастырылған әндер жинағымды үлестірдім. Ұйымдастырушылар оны «келушілерге сатайық» деп ұсыныс айтқан еді, оған қарсы болдым. Қазақстанда ән жинағын сатып, байыған адамды көрген емеспін. Оларға «есте қаларлық шара болсын, тегін таратыңыздар» дедім. Осы бір көңілімнен шыққан игілікті шара болды.
Жалпы, шығармашылық кеш болсын, концерт болсын, соның барлығы халық үшін жасалады. Соны түсіну керек деп ойлаймын. Сонда ғана берекелі, мерекелі дүние болады. Ал енді туған жерімдегі халықаралық байқау биыл да алтыншы мәрте өткізілді. Ол осыдан он жыл бұрын, алпысқа толғанда, сол кездегі Қызылорда облысының әкімі, өте білімді дипломат, елжанды азамат Икрам Адырбековтің бастамасымен тұсауы кесілген еді. Байқауға «Туған жер» деген атау бердік. Алғашқы конкурс аймақтық деңгейде ұйымдастырылды. Оған сол батыс өңірінің 18 бен 30 жас арасындағы талантты әншілері қатысты. Әуелде шараны қолға алғандар байқауды «жылда өткізіп тұрайық» деген ойларын айтқанда, оны қаламадым. Оларға: «Екі жылда бір рет жоғары деңгейде өткізсеңіздер, сонда әдемі болады» деп өз пікірімді айттым. 2008 жылы ҚР Мәдениет министрлігінің қолдауымен конкурс республикалық дәрежеде өткізілді. Содан бері екі жылда бір рет өтіп келе жатқан ән бәйгесіне облыс әкімдігі қамқорлық жасап келеді. Қазір фестиваль халықаралық деңгейге көтерілді. Өйткені оған Қытай, Өзбекстан, Қырғызстан, Түркіменстан, Ресей, Әзербайжан және Моңғолиядан талантты жастар келіп қатысып, өз өнерлерімен жұртшылықты тәнті ете білді.
- Жалпы, композитор болып адам туа ма, әлде ол оқудан, ізденістен пайда бола ма?
- Менің түсінігімше оған бәрі де кіреді. Әрине, бастысы ананың сүтімен, атаның тегімен келетін тамшыдай болса да талант болу қажет. Орыстың ұлы композиторы Чайковскийден бір кісі: «Ұлы деген кім?» деп сұрапты. Сонда ол оған «бір пайыз талант, тоқсан тоғыз пайыз еңбек» деп жауап беріпті. Қазақтың кең даласы жұлқынып тұрған талантқа бай. Бірақ, соны жетілдіріп, ұштауға талмайтын еңбек керек. Талай азаматтар дарынды болса да консерваторияда оқып, қолға қалам алып, ештеңе жазбай кетті. Соның сыры еңбекте тұр деп ойлаймын.
- Бала күніңізде өнер адамы болам деп ойладыңыз ба, ата-анаңыздың оған қатысы бар ма?
- Балалық шағымда отбасымда өнерге бағыттаған ешкім болған жоқ. Бірақ, біздің Сыр елінде жыраулар мен термешілердің даңқы дүбірлеп тұратын. Олар елді аралап, өнер көрсететін еді. Солар ауылға келгенде, әкемнің тізесіне отырып, қисса-дастандарды түнімен тыңдайтынмын. Солардың әуезі бала күнімнен құлағыма құйылып қалған.
Жыраулар кеткеннен кейін әкемнің қамшысын домбыра ретінде қолыма алып, сабалай береді екенмін. Содан әкем маған шағын домбыра жасатып берді. Бес жасымда әкем дүниеден озғаннан кейін оның барлығы ұмытылды. Өнерге келемін деген ойым жоқ еді. Бірінші сыныпты ауылдан оқыдым да, екінші сыныптан бастап Алматыға келдім. Мектепте оқып жүрген кезімде
домбыра үйірмесіне қатысып, содан домбыра үйреніп, күй шығарып, бірнеше ән жаздым. Орта білім ордасын бітірерде әкеміздің орнына әке болған
Рахаддин деген үлкен ағам әйгілі өнертанушы, профессор Ахмет Жұбановқа ертіп барды...
- Сонда сіз Ахмет Жұбановты көзіңізбен көріп, батасын алдыңыз ба?
- Мен ол жайында талай сұхбатта айтқанмын. Ахмет Жұбановтың алдына барып, өзім шығарған бірнеше күй мен әндерімді орындадым. Ұлағатты адам ғой. Ағама: «Баланың
талабы бар екен, композиторлықта білім алсын депті. Менің мектеп тәмамдайын деп жатқанымды біліп, консерваторияның жанында екі жылдық дайындық курсы бар, сонда оқысын. Ал менің ақылымды тыңдасаңыздар, білімі терең болып қалыптасу үшін музыкалық училищеден бастап оқыған жөн» деп кеңес беріпті. Орта мектепті үздік оқысам да, асыл тұлғаның ақылымен Алматыдағы Чайковский атындағы училищенің дайындық курсына түстім. Жұбановтың батасын аз көріп, домбырамды құшақтап, Нұрғиса аға Тілендиевтің үйіне бардым. Оған да өнерімді көрсеттім. Ол да ақ батасын берді. Ардақты ағаларымның баталарымен бес жыл училищеде, бес жыл консерваторияда оқып, жиырма сегіз жасымда оқуымды аяқтадым.
ТУҒАН ЖЕРІМДЕ «ҰЛТАН» БОЛЫП ЖҮРМІН
- Жұртшылық көбінесе сізді танымал әндеріңізбен жақсы біледі. Ал сіз сүйекті симфониялық шығармалар жаздыңыз. Осы қырыңыз көп айтыла бермейді.
- Оның бәрі насихаттың аздығынан болып тұр. Мысалы, біздің композиторлардың шығармаларын республикалық өнер ұжымдары жиірек орындап, жарыққа шығарса, жұртшылық жақсы білетін еді. Халыққа ән деген жанр өте жақын. Бірақ, менің үлкен симфониялық оркестрге арналған және басқа да камералық шығармаларым шет елдерде жиі орындалады. Бір жағынан мен кәсіби музыкантпын. Сүйекті дүниелер жазып жүріп, арасында әнге де қалам тербеймін.
- Қазіргі жас композиторлар осындай күрделі туындыларға сирек барады. Көбінесе жеңіл ойналатын әндерге жақындау. Оның сыры неде деп ойлайсыз?
- Оған мемлекет тарапынан қолдау мен шынайы көңіл бөлу қажет. Тарих сахнасынан кеткен Кеңес дәуірінің бәрі жаман болды деп айта алмаймыз. Мәселен, өзім сол уақытта Алматыдағы он екі көркемдік кеңестің мүшесі болдым. Әлгіндей күрделі туындыларды жазу үшін үкіметтен арнайы қаржы бөлінеді. Мәдениет министрлігінде репертуар алқасы жұмыс істеді. Олар композиторларға симфониялық шығармалар жазуға тапсырыс береді. Оған тиісті қаламақы төленеді. Қазір ондай қамқорлық жоқ. Әсіресе, болашағынан үміт күттіретін жас композиторларды қолдау кемшін. Мемлекет тарапынан сүйекті шығармаларға тапсырыс жоқ. Алайда, тапсырыс болмаса да, өзіміз үшін жазып жүрміз.
Мәселен, біздің елден Ресейге қоныс аударып, сонда тұрып жатқан композиторлар бар. Солардың айтуынша, Мәскеуде симфониялық шығармаларға тапсырыс жоғары екен. Оған тым жақсы өмір сүруге де болады дейді. Соған қарағанда,
Ресей мемлекеті Кеңес үкіметінің тәуір дәстүрлерін сақтап қалған деуге болады.
Жалпы, шетел асып кеткен отандық композиторлар өздерінің жазған музыкаларының арқасында бақуатты тұрмыс кешуде. Кезінде, еліміз егемендік алған елең-алаң шақта мені де шетелге барып жұмыс істеуге шақырған еді. Оған мен бармадым. Әке-шешемнің бейіті осында, жылына бір рет олардың басына барып, құран оқытып тұруым қажет. Оған шетелден келе аламын ба деген ой да болды. Әрі, бабаларымыздың «өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» деген мақалы бар. Енді туған жерімде «ұлтан» болып жүрмін.
- Дегенмен, сізді жұртыңыз төбесіне көтеріп, балаша әлпештеп сыйлайды ғой...
- Әрине, ол жағынан ешқандай кемшілік жоқ. Ел сыйлайды, халық құрметтейді. Бірақ, ел басқарып отырған азаматтар сондай көңілде болса, нұр үстіне нұр болар еді. Әсіресе, дарынды жастардың жағдайын ойласам, жүрегім ауырады. Алғашқы тоқырау жылдары қиыншылыққа шыдамай, талай талантты жас басқа салаға ауысып кетті. Соларды кейін қайтара алмай қалдық. Себебі, төрт-бес жыл ештеңе жазбасаң, оның орнын толтыру қиын. Оған үлкен еңбек қажет. Соның бәрі де - өкініш.
- Ұзақ жылдар бойы Алматыда іргелі өнер ұжымдарын басқардыңыз. Сол уақыттарды қимастықпен еске аласыз ба?
- Рас, қазақ өнерінің дамуына үлес қосқан «Гүлдер», «Қазақконцерт» секілді өнер ұжымдарында еңбек еттім. Отыз екі жасымда Қазақ теледидарының музыка редакциясының бас редакторы болдым. Қазақстан мемлекеттік телерадио комитеті эстрадалық-симфония оркестрінің көркемдік жетекшісі қызметін атқардым. Онын барлығы қазір ертегі секілді. Шәкен Айманов атындағы Қазақфильм киностудиясы түсірген бес-алты көркем фильмдегі музыканың авторы атандым. Ерсайын Әбдірахманов деген режиссермен бірлесіп, бірнеше мультфильмге музыка жаздым. Театрлардағы қойылымдарды да музыкамен әрледім. Соңғы М.Әуезов атындағы академиялық театрда қойылған талантты жазушы, марқұм Талаптан Ахметжанның «Сұлу мен суретші» спектаклінің музыкасын жаздым. Оны, әсіресе, жастар қызығып көреді.
ТЫҢДАРМАННЫҢ ТАЛҒАМЫ ТӨМЕНДЕДІ
- Композитор ретінде қазіргі қазақ эстрадасына көңіліңіз тола ма?
- Шындығына келгенде, бүгінгі қазақ эстрадасының талғамы төмендеп кеткен секілді. Бәріміз де еліктеу арқылы адам болдық. Ол - творчествоның төл қасиеттерінің бірі. Жас композиторлар еліктеуден бастап, сосын әрі қарай өз жолын табады. Бүгінде ешқандай білімі, тереңдігі болмаса да, ыңылдап ән шығаратындар көбейді. Тойдың әндері молайды. Оның барлығы жеңілтек дүние. Қазаққа «шоудың» қажеті жоқ. Ол халқымыздың табиғатына, болмысына сәйкес келмейді. Қазір шетелдің әндерін қазақша аударып айтатын бір бәле шықты. Ол да біздің табиғатымызда жат.
1979 жылы белгілі композитор Әбілахат Еспаев ағам: «Кеңес, заман не болып кетті, далаға шығып таяқ лақтырсаң, мен композитормын дегенге тиеді» деп айтқан еді. Ал соның көкесі енді болып отыр. Менің өмірдегі ұстанатын өз қағидам бар. Әркім өз шаруасымен айналысу керек. Қазір өзі ақын, өзі композитор, өзі әнші данышпандар көбейді. Одан ешқашан шырайлы шығарма шықпайды. Тыңдармандардың талғамын төмендетіп жіберді. Солардың барлығы өнерге жасаған зиянкестік деп ойлаймын.
- Белгілі ақын Шөмішбай Сариев екеуіңіз шығармашылық байланыста болып, бірнеше ән жаздыңыздар. Сонда сіздерді біріктірген жерлестік пе, әлде рухани үндестік пе?
- Інім, өнерде жерлестік деген болмайды. 1974 жылы Алматыдағы Құрманғазы атындағы Консерваторияны тәмамдағаннан кейін ән жаза бастадым. Содан әндерімді алып, жас үлкен ұлағатты ақындарға барамын. Ағаларым әнімді көріп, ұнатқаннан кейін «жарайды бала, жазып берейін, ертең кел» деп шығарып салады. Ертеңіне барсам, жазылған дүниесі көңілімнен шықпайды. Осылай талай дүние сол күйінде қалды. 1975 жылы Композиторлар Одағының төрағасы, көрнекті композитор, марқұм Еркеғали Рахмадиев ағамыз жас композиторлар мен жас ақындарды шақырып, кездесу жасады. Сонда Шөмішбай Сариев пен Жарасқан Әбдірашевпен таныстым. Шөмішбай менімен ерінбей еңбек етті. Әлі күнге дейін әуелі шығарманың музыкасын жазамын. Сосын сол идеяны ақынға айтамын. Тіпті, әр жолдың буындарын жазып беремін. Текст көңілден шықпай жатса, басқа да варианттарын жазамыз. Соған Шөмішбай шыдады. Жұрт сүйсініп тыңдайтын қаншама жақсы әндер осылай дүниеге келді.
- Өнер майданында бірге жүріп, дүниеден ерте озған композиторлар Жолан Дәстенов, Сейдолла Бәйтереков және Тілес Қажығалиев секілді достарыңыз жайында не айтар едіңіз?
- Соғыстан кейін туғандардың барлығы талантты болып ер жетті. Мен олармен жас күнімнен жақын араластым. Бір-бірімізге жазған шығармаларымызды көрсетіп, пікір алысып, қуанатынбыз. Арамызда ешқандай іштарлық болған емес. Ойланып қарасам, соның барлығы олардың талантты болғандығынан деп айтамын. Өкінішке орай, қазақ өнерінің дамуына ерен үлес қосып жүрген осы жігіттер өмірден ерте озды. Мемлекет олардың талантын, еңбектерін дер кезінде бағаламағандықтан, іштерінен күйіп, бәрі де жүректен жанып кетті. Мен де сол күйіктен жүрекке үш рет ауыр операция жасап, о дүниеге сапарлап келгендей болдым. Құдайға шүкір, Астанадағы бас кардиолог Юрий Пяның арқасында аман қалдым. Ол кісі болмағанда, жер бетінде жүрмес едім. Содан бері он бір жыл өмір сүріп келемін.
БАС ҚАЛАДА «АСТАНА» ДЕГЕН СИМФОНИЯ
ЖАЗДЫМ
- Бес жылдан бері елорданың тұрғынысыз. Бас қаламыз сіздің шығармашылығыңызға шабыт қосты ма?
- Әрине, тіршілігіме оның ешқандай әсері жоқ. Құдай берген құдірет болғандықтан, шабыт ешқашан толастамайды. 1997 жылы Алматыдан Ақмолаға көшерде Президент Әкімшілігінен хабарласып: «Жаңа елордаға барасыз ба?» деп қоңырау шалған еді. Мен сол кезде бас ордаға арнайы шақырылған жиырма өнер адамының ішіне кірген екенмін. Бірақ, одан бас тартып, Алматыда қалып қойдым. Астанадағы Қазақ ұлттық өнер университетінің ректоры Айман Мұсақожаева он жыл бойы ізімнен қалмай, қайта-қайта шақырған соң осында келдім. Елордаға келгеннен кейін денсаулығым дұрысталды. Барлық жағдайды жасап берді. Аталған университеттің профессорымын. Студенттерге композиторлықтан сабақ беремін. Осында келгеннен кейін «Астана» деген симфония жаздым. Құрманғазының «Ақсақ киік» деген күйін хорға өңдеп шығардым. Тағы да басқа шығармалар жазылды. Ең бастысы, далада туғандықтан ба, маған бас қаланың ауа-райы мен желі денсаулығыма жағып, күш жинадым.
- Қазақ композиторларының ішінде табиғатыңызға жақын деп кімдерді айтар едіңіз?
- Біздің классиктердің арасынан Мұқан Төлебаев, Евгений Брусиловский, Нұрғиса Тілендиев, Еркеғали Рахмадиев пен Ғазиза Жұбанованың шығармаларын жаныма жақын көремін. Бірақ, оларға ешқашан еліктеген емеспін. Өз жолымды ертерек тауып алдым. Алайда, мен айтып отырған тұлғалардың қазақ өнерін шырқау биікке көтергенін ұмытуға болмайды. Меніңше, олар - ғасырда бір туатын сирек дара тумалар деуге болады.
- Атаққа, марапатқа қалай қарайсыз?
- Әрине, жоғарыда өнерде бірге жүрген достарымның еңбектері еленбей, мемлекеттік марапатқа ілінбей, соған іштерінен күйініп, жүрекке жүк түсіріп, өмірден өтіп кеткенін айттым. Менің де ауырып жүргенімнің бір себебі сол деп ойлаймын. Еңбегің болса да, мемлекеттік дәрежеде бағаланбай жатқаны өкінішті. Басқалар алып жатқанда «одан менің қай жерім кем?» деген арам ой адамға бірінші келеді ғой. Арам ойды жеңген адам - нағыз адам болады. Әңгіме сонда.
- Өмірдегі мұратыңыз қандай?
- Меніңше, нағыз композитор адал болмаса, жүрегі таза болмаса, талантты шығарма жаза алмайды деп ойлаймын. Алдымен тазалық болған дұрыс.
- Ардақты аға, осы тазалығыңыздан таймай, халқыңызды тамаша шығармаларыңызбен қуанта беріңіз!