«Қазақмыс» техникалық селеннің алғашқы партиясын жөнелтті

АСТАНА. KAZINFORM – Бұл – Қазақстанда вакуумдық дистилляцияның бірегей әдісін қолдану арқылы өндірілген алғашқы өнеркәсіптік өнім, деп хабарлайды Kazinform агенттігі.

 «Қазақмыс» техникалық селеннің алғашқы партиясын жөнелтті
Фото: «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС PR департаменті

Жақында осы жоба туралы Премьер-министр Олжас Бектенов салаларды дамыту бойынша атқарылған жұмыс тиімділігі туралы баяндамасында айтып берді. 

 «Қазақмыс» техникалық селеннің алғашқы партиясын жөнелтті
Фото: «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС PR департаменті

– Балқаш қаласындағы «Қазақмыс Прогресс» ЖШС селенді тазарту және қалдықты өңдеу цехында СТ-1 маркалы техникалық селен өндірілді. Жаңа технология селеннің қосымша құнын әлемдік нарық бағасының 30%-ынан 97%-ына дейін арттырды. Алғашқы жөнелтілім көлемі – 100 тонна. Партиядағы селеннің мөлшері кемінде 99,5%, – деп хабарлады компания өкілдері.

Бұл технологияны Satbayev University Металлургия және байыту институтының ғалымдары әзірлеген. Осының арқасында әлемдік түсті металдар нарығының талаптарына сай өнім өндіруге мүмкіндік беретін бірегей қондырғыны қолдану игерілді. 

 «Қазақмыс» техникалық селеннің алғашқы партиясын жөнелтті
Фото: «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС PR департаменті

– Вакуумдық дистилляция әдісі реагенттерді қолданбай-ақ, селенді жоғары деңгейде тазартады, бұл процесті экологиялық тұрғыдан қауіпсіз етеді. Жобаның тарихы 2017-2018 жылдары «Қазақмыс Смэлтинг» ЖШС бағалы металдар цехындағы газ тазарту жүйесін жаңғыртудан басталды. Нәтижесінде тазартылмаған селен өндірісі жылына 60 тоннадан 100 тоннаға дейін артты. Бұл оны тазартуды экономикалық тұрғыдан тиімді етті, – деп атап өтті «Қазақмыс».

Бағалы металдарды өндіруде қосалқы өнім ретінде алынатын бастапқы селенді тазарту жобасын жүзеге асыру 2020 жылы Балқаш өнеркәсіптік алаңында басталды. 2022 жылы жаңа өндірістік учаске іске қосылып, 2023 жылы оны өнеркәсіптік эксплуатациялау басталды. 

«Қазақмыс корпорациясы» ЖШС PR департаменті
Фото: «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС PR департаменті

Айта кетейік, селен күн батареяларын, көшірме аппараттарын, шыны мен керамика өндірісінде, сондай-ақ медицина мен химия өнеркәсібінде кеңінен қолданылады. Балқаштағы жаңа өндірістің іске қосылуы Қазақстан мен «Қазақмыстың» әлемдік түсті металдар нарығындағы экономикалық позициясын нығайтуға үлкен мүмкіндік ашады.

Қазақмыс қызметкерлерімен әлеуметтік қорғауды күшейту бойынша шарт жасасқанын жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар