«Қазақмыс» корпорациясының кенішінде адам шығынына соқтырған қайғылы оқиғаны арнайы комиссия тексеретін болады

деп хабарлайды компанияның баспасөз қызметі.
Өткен жексенбі, маусымның 20-сы күні Қарағанды облысы Сәтбаев қаласындағы Сткпной кенішінде 9 сағат 50 минутта жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатқан бас ұнтақтағышта 140 метр тереңдікте жарылыс болды. Төтенше жағдай салдарынан 23, 28 және 37 жастағы жөндеу-механика басқармасының үш жұмысшысы қаза тапты. Сонымен қатар, 28 жастағы жұмысшыны күйік шалып, ауруханаға жатқызылды.
Анықталғанындай, кеніште қазба жұмыстарына арналған жарылыс заттар болған. Алдын ала болжам бойынша, төтенше жағдай дәнекерлеу жұмыстары барысында өрт қауіпсіздік шараларын сақтамағандықтан орын алған.
Қарағанды облысы төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің ақпараты бойынша, апат залалын жою үшін оқиға орнына Жезқазған қаласы төтенше жағдайлар басқармасының жедел тобы, «Көмір» әскери даяраланған апат-құтқару қызметі келген.
Жағдайды тексеру үшін мемлекеттік қадағалау органдары мамандары мен компания өкілдерінен құралған арнайы комиссия құрылды. Аталмыш оқиғаға байланысты ҚР ҚК «Еңбекті қорғау ережесін бұзу» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды.