ҚазАқпарат-Анонс: 2011 жылғы 11 ақпан мен 13 ақпан аралығындағы оқиғалардың күнтізбесі

None
None
None

ЕЛБАСЫ

11 ақпан күні Тәуелсіздік сарайында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Нұр Отан» Халықтық-демократиялық партиясының кезекті ХІІІ съезіне қатысады.

ҮКІМЕТ

11 ақпанда ҚР Сыртқы істер министрлігінде мерзімінен бұрын өтетін президенттік сайлауға қатысты Қазақстанда тіркелген дипломатиялық корпустар мен халықаралық ұйымдар үшін брифинг өтеді.

АСТАНА

8-12 ақпанда Астанада ҚР Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған ұлттық Дельфий ойындарының бағдарламасы аясында «Шаттық-2011» конкурсы өтеді.

11 ақпанда Қазақстан экономикалық университетінің акт залында тәжік-ауған учаскесіндегі ТМД-ның сыртқы шебін күзетуге шығарылған қазақ батальонының 11 жылдығына арналған баспасөз мәслихаы өтеді.

12 ақпан күні ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында Академия түлектерінің алғашқы Форумы өтеді.

Астанада 11 ақпанда «Нұр Отан» ХДП-нің кезекті 13-інші съезі өткізіледі.

АЛМАТЫ

11 ақпан күні Алматы қаласының орталық қалалық ауруханасында Бірыңғай дансаулық сақтау жүйесін енгізу қорытындылары мен денсаулық сақтаудың мемлекеттік бағдарламасы жөніндегі Денсаулық сақтау басқармасының отырысы болады.

11 ақпанда Алматыдағы Тянь-Шань қонақ үйінде А.Сәрсенбайұлының атындағы жүлде табыс етіліп, кітаптың тұсаукесері болады.

11 ақпан күні Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінде қыздар арасындағы хоккейден 2011 жылғы Азиада чемпиоандарымен кездесу болады.

АЙМАҚ

ПАВЛОДАР ОБЛЫСЫ

18-19 ақпанда Павлодарда «Дарынды мұғалім - дарынды балаларға» деген атаумен облыстық педагогикалық олимпиада өтеді.

ЕЛЕУЛІ ОҚИҒАЛАР. АТАУЛЫ КҮНДЕР. ЕСІМДЕР.

АҚПАННЫҢ 11-І, ЖҰМА

Дүниежүзілік аурулар күні. 1992 жылы мамырдың 13-інде Рим папасы Иоанн Павел II бекіткен. Католиктермен Лурдскалық Ана құдай күні тойланады.

Иран Ислам Республикасының ұлттық мерекесі - Революция күні. 1979 жылы осы күні Иранда шах режимі құлап, Иран Ислам Республикасы жарияланды.

Қазақстан Республикасы мен Иран Ислам Республикасы арасында дипломатиялық қатынас 1992 жылы қаңтардың 29-ында орнаған.

Жапон империясының құрылған күні. Біздің дәуірімізге дейін 660 жылы Кюсю аралының тұрғыны Дзимму деген кісі Ямато елін басып алып, таққа отырды. Бұл күні Жапон мемлекетінің негізі қаланған күн деп саналады. Дзиммудан бастау алған императорлар әулеті әлі күнге Жапонияны билеп келеді.

ОҚИҒАЛАР

3 жыл бұрын (2008) Астанада Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысумен сол жағалауда орналасқан «Сарыарқа» сауда орталығы ашылды. Орталықтың жалпы ауданы - 40 мың шаршы метр, мұнда киім-кешек, аяқ киім, косметика, тұрмыстық техника және электоотехника дүкендері орналасқан. Белгілі киім үлгілерінің өкілдері өздерінің бутиктарын ашты. Сауда орталығының құрлысынның 61 млн доллар инвестицияны құрады. «Сарыарқа» сауда орталығында сонымен қатар 8 залы бар кинотеатр, ресторан, кафе және бистро ашылды.

1 жыл бұрын (2010) Нұр Отан» ХДП Орталық аппаратында «Нұрсұлтан Назарбаев: гуманизм және саяси ерік» атты орысша шыққан кітаптың тұсаукесер рәсімі болып өтті.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н. Назарбаевтың саяси және мемлекеттік қайраткерлігі туралы сыр шертетін кітаптың авторлары - Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты, Жемқорлықпен күрес жөніндегі Республикалық қоғамдық кеңестің төрағасы Оралбай Әбдікәрімов, философия ғылымының докторы, профессор Гурий Хан, философия ғылымының кандидаты ҚазГЗУ профессоры Ирина Хан болып отыр.

Кітапта сондай-ақ мемлекет басшысының баяндамалары, мақалалары, еңбектері негізінде оның барлық саяси және мемлекеттік қызметіне қатысты ғылыми пайымдаулар мен жүйелі талдаулар жасалған. Авторлар ғылыми-философиялық талдаулар жасай отырып, тұтастай қазақстандық қоғамды жетілдірудегі саяси көшбасшының ізгілікті қағидаттарына баса мән береді.

Кітаптың тұсаукесеріне Парламент депутаттары, ғылыми және шығармашылық зиялы қауым өкілдері қатысты.

1 жыл бұрын (2010) Ұлыбритания астанасы Лондонда Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің түлектері қауымдастығының бөлімшесі ашылды.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Түлектер қауымдастығы 2009 жылы құрылған. Одан бері Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің түлектерінің қауымдастығының бөлімшелері Қазақстанның әр облысында және Мәскеуде ашылған болатын.

Бүгінде Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің түлектерінің саны 125 мың адамды құрайды.

1 жыл бұрын (2010) Сотталғандарға арналған республикалық газеттің бірінші нөмірі шықты.

Газеттің «Үміт сәулесі» («Луч надежды») деп аталуының өзі бас бостандығынан айырылған жерлерде отырған адамның жай-күйін білдіреді. Басылым сегіз бет болып шықты.

ЕСІМДЕР

АҚПАННЫҢ 12-І, СЕНБІ

ОҚИҒАЛАР

5 жыл бұрын (2006) Алматыда Достық үйінде мәскеулік режиссер Константин Харалампидистің «От Рождества до Воскресения» атты ежелгі және бүгінгігректер туралыдеректі фильмінің премьерасы өтті.

Премьераны ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл фильм Мәскеуде өткен «Еуразия калейдоскопы» кинофестивалінде «Шетелдік кино» аталымы бойынша бас жүлдені жеңіп алған. Автор «От Рождества до Воскресения» туындысында ежелгі грек-понтийлер тап болған апат пен бүгінгі гректердің бастан кешкен дағдарыстан арылып келе жатқандығы арқау етілген. Константин Харалампидис 1999 жылдан бастап біздің елде кино түсіре бастады. Ресейдің Мәскеу, Санкт-Петербор, Новороссийск қалалары мен Владикавказда, Сочиде, сондай-ақ Грекияда, Афины, Салоника мен Патрахта және киелі Афон тауында фильмдер түсірген.

3 жыл бұрын (2008) Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің штаттық саны мен құрылымы туралы» Жарлыққа қол қойды.

Мемлекет басшысы өз Әкімшілігіне ел Президентіне қарайтын құқық қорғау органдары мен ұйымдарында әкімшілік реформалар жүргізуді қамтамасыз етуді тапсырған болатын. Осы тапсырманы орындауды Президент Әкімшілігі өз құрылымын қайта құрудан және штат санын қысқартудан бастады. Президент Әкімшілігінің қызметін жетілдірудің негізгі мақсаттары: - Президент Әкімшілігінің бөлімдері арасында функцияларды оңтайландыру және нақты бөлу - құрылымды заңнамамен белгіленген нормаларға сәйкестендіру. Президент Әкімшілігіне тән емес қызметтерді тиісті мемлекеттік органдарға беру - басқарма деңгейін және басқару аппаратын қысқарту - құрылымдық бөлім басшыларының жауапкершілігі мен дербестігін арттыру болып табылады.

3 жыл бұрын (2008) Павлодар облысындағы Қашыр селосының атауы Тереңкөл болып өзгертілді. Әкімдіктің бірлескен қаулысы мен облыстық мәслихаттың шешімі бойынша, тұрғындардың пікірі ескеріле отырып, Қашыр селолық округінің атауы Тереңкөл округі болып, ал Қашыр селосының атауы - Тереңкөл селосы болып өзгертілді.

1 жыл бұрын (2010) Алматы қаласы Әуезов ауданында балаларға арналған демалыс және шығармашылық орталығы ашылды. «Ақ барыс» атты демалыс орнында аумағы мың шаршы метр мұз айдыны, сырғанақ, әткеншек, алтыбақан және басқа да аттракциондар бар. Құрылысқа барлығы 60 миллион теңге қаржы жұмсалыпты. Енді балалар үшін спортзал, интернет клуб, жекпе-жек және би алаңдары салынбақ.

ЕСІМДЕР

70 жыл бұрын (1941) Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың зайыбы, Қазақстан Республикасының қоғам қайраткері, Қазақстан Республикасы білім беру саласының құрметті қызметкері НАЗАРБАЕВА Сара Алпысқызы дүниеге келді.

Қарағанды облысы Бұқар жырау ауданы Қызылжар ауылында туған. Қарағанды металлургиялық комбинаты жанындағы жоғары оқу орнын экономист мамандығы бойынша бітірген. Аталған комбинатта «Қарағандыкөмір» бірлестігінде жұмыс істеген.

1992 жылы елдегі ана мен балаларды әлеуметтік қорғау, балалар үйлерін қамқорлыққа алу, тұрмысы төмен, жетім балаларға жәрдемдесу мақсатында «Бөбек» халықаралық балалар қайырымдылық қорының негізін қалады. Қазақстанда алғашқы болып жетім балаларды қорғайтын заң (Отбасылық үлгідегі балалар ауылдары және жасөспірімдер үйлері туралы) шығару бастамасын көтерді. Осыған орай Назарбаеваның тікелей қатысуымен жетім балаларға арналған балалар ауылдары салынды. Онда тәрбиеленген түлектер тұрғын үймен, білім алу мүмкіндігімен немесе жұмыспен қамтамасыз етіледі.

1992 жылдан «Бөбек» балалар қайырымдылық қорының президенті. Қор аурудын асқынған түрлерімен сырқаттанған балаларға Қазақстан мен шетел клиникаларында емдейтін балалар мекемелері мен ұйымдарына қамқорлық көрсетеді. Әсіресе Арал мен Семей ядролық полигоны сияқты экологиялық апатты аймағының балаларына ерекше көңіл бөлінеді. 1994 жылдан «505 - Қазақстанның балалар деревнясы» (Австрияның «Киндердорф Интернационал» қорының филиалы) қорының президенті.

1999 жылдан - «Демография» қайырымдылық қоры қамқоршылар кеңесінің төрайымы.

«Педагогические проблемы укрепления и развития здоровья учащихся, их нравственного воспитания с использованием системы «Детка» Порфирия Корнеевича Иванова» (1999 ж.), «Здоровье человека и система П.К. Иванова «Детка» (1999 ж., қосалқы авторлармен бірге) кітаптарының авторы.

1-ші дәрежелі «Достық» орденімен, «Өзін-өзі тану философиясы мен оқу мәдениетіне қосқан зор үлесі үшін» Шыңғыс Айтматов атындағы Алтын медальмен, Халықаралық «SOS-Киндердорф» қорының Алтын медалімен, Балалар құқығын қорғау саласына зор үлес қосқаны үшін ЮНИСЕФ-тің арнайы наградасымен марапатталған.

Бүкіләлемдік денсаулық ұйымының И. Дограмачи атындағы сыйлығының, халықаралық «Unity» сыйлығының, Денсаулық сақтау, қайырымдылық және өскелең ұрпақты рухани тәрбиелеу саласындағы ерен еңбегі үшін «Курманджан Датка» сыйлығының лауреаты, «Мээрман Энее-98» атағының иегері атанған.

65 жыл бұрын (1946-2007) жазушы, сыншы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері ЖҰМАБЕК Сайлаубек дүниеге келді.

Оңтүстік Қазақстан облысында туған. С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін (әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті), Мұхтар Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының аспирантурасын бітірген.

1974-1979 жылдары - Қазақ КСР Кинематография жөніндегі мемлекеттік комитеті сценарийлық бөлімінің аға редакторы. 1979-1981 жылдары - «Жас алаш» газеті әдебиет және өнер бөлімінің меңгерушісі. 1981-1990 жылдары - «Қазақ әдебиеті» газеті сын бөлімінің меңгерушісі. 1990-1993 жылдары - «Егемен Қазақстан» газеті әдебиет және өнер бөлімінің меңгерушісі, республикалық «Ара-Шмель» журналының жауапты хатшысы. 1993-1996 жылдары - «Ара-Шмель» сатиралық журналының және осы аттас газеттің бас редакторы. 1996 жылдан бастап Қазақстан Жазушылар одағының аға референті - әдеби кеңесшісі.

Оның «Сын пернесі», «Ғабит Мүсірепов», «Шерхан Мұртаза. Жұлдызы нұрлы суреткер», «Сын әуені», «Тахауи Ахтанов. Талант тектоникасы», «Жүрегі - мұң, жүрегі - жыр...» атты сын кітаптары бар.

Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 10 жылдығы мерекелік медалімен марапатталған.

60 жыл бұрын (1951) ақын, журналист, қазіргі айтыс өнерінің ұйымдастырушысы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері ЕРМАНОВ Жүрсін Молдашұлы дүниеге келді.

Қарағанды облысы Ұлытау ауданында туған. С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін (қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті), Алматы жоғары партия мектебін бітірген.

1980 жылға дейін Жезді ауданы «Октябрь туы» газетінің әдеби қызметкері, 1971-1978 жылдары - Жезқазған облыстық телерадиокомитетінің аға редакторы, 1978-1980 жылдары - Жезқазған облыстық телерадиокомитетінің бас редакторы. 1982-1992 жылдары - Қазақ республикалық теледидарының бас редакторы, 1992-1996 жылдары - «Қазақ әдебиеті» газетінің, «Жұлдыз» журналының бөлім меңгерушісі, «Қазақ мемлекеті» газеті бас редакторының бірінші орынбасары, «Қазақстан қанаты» - «Крылья Казахстана» газетінің бас редакторы қызметтерін атқарды. 1997-2003 жылға дейін шығармашылық жұмыста болды. 2003-2006 жылдары - Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті гуманитарлық ғылыми-зерттеу орталығының жетекші ғылыми қызметкері, зертхана меңгерушісі, 2006-2007 жылдары - «Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясы АҚ Басқарма төрағасының орынбасары - Қазақ радиосының бас директоры. 2007-2009 жылдары - «Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясы АҚ Басқарма төрағасының кеңесшісі қызметтерін атқарған. 2009 жылдан бастап - «Алматықұрылыс» Ұлттық холдинг компаниясы акционерлік қоғамы президентінің кеңесшісі.

Тұңғыш өлеңдер жинағы - «Жанартау» 1983 жылы жарық көрді. «Арайлы күн армысың», «Ұлытауға бардың ба?..», «Құдіретке жүгіну» , «Екі тізгін, бір шылбыр» атты кітаптардың авторы.

Өлеңдері мен поэма, балладалары адам, оның жан дүниесі, рухани құдылықтарын өзек етеді. Жүрсін Ерманов қазақтың атамұра өнері - ақындар айтысын қайта жаңғырту, оны теледидар мен радиода насихаттау ісінде айтарлықтай жұмыстар атқарды. Ақындарды 1984 жылдан үлкен сахнаға шығарып, халық өнерін, ұлттық рухты көтеруге үлес қосты. Ақындар айтысын жинақтап жариялау, зерттеу жұмыстарын жүргізіп, «Қазіргі айтыстар» (2005, Астана, 2 том) жинағын құрастырды. Бірнеше бейне, аудиокассета, дискілері жарыққа шыққан. Қазақстан Жазушылар одағының Мұқағали Мақатаев атындағы сыйлықтың екі мәрте иегері. Халықаралық қазақ тілі қоғамының мүшесі. Қарағанды облысы Ұлытау ауданының Құрметті азаматы.

45 жыл бұрын (1966) «ҚазАгро» Ұлттық басқарушы холдингі» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары, экономика ғылымдарының кандидаты БЕЙСЕНҒАЛИЕВ Берік Тұрсынбекұлы дүниеге келді.

Қостанай облысында туған. Ебней Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін және оның аспирантурасын бітірген.

1994-1995 жылдары - «Компьютерлік емдік-диагностикалық жүйе» ұжымдық кәсіпорында бас есепші. 1995-1996 жылдары - «Казкоммерцбанк» банкі дилинг басқармасының дилері. 1996-1997 жылдары - «Alеm Bank» Kazakhstan» Қарағанды басқармасы бастығының орынбасары. 1997-1998 жылдары - «Тұран-Әлем Банкі» ЖАҚ Ақмола филиалының бастығы. 1998-2004 жылдары - «Алматы сауда-қаржы банкі» АҚ-ы Астана қалалық филиалының директоры. 2004-2006 жылдары - «АТФБанк» АҚ-ының басқарушы директоры, «АТФБанк» АҚ басқармасы төрағасының бірінші орынбасары. 2006-2009 жылдары - «Аstana Capital Investment Group» инвестициялық компаниясының бас директоры қызметтерін атқарған. 2009 жылдың қаңтар айынан бастап - қазіргі қызметінде.

2004 жылдың наурыз-қараша айларында «Қазақстан халықтық жинақ банкі» АҚ Директорлар кеңесінің мүшесі болған. 2004-2006 жылдары - Омбы қаласындағы «Банк Сибирь» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы қызметін атқарған. 2005 жылдың наурызынан « Тұрар Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университеті» АҚ директорлар кеңесінің мүшесі, 2010 жылдың қаңтарынан - «Азық-түлiк келісім шарт корпорациясы» ҰК» АҚ директорлар кеңесінің мүшесі.

«Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 10 жыл» мерейтойлық медалімен марапатталған.

АҚПАННЫҢ 13-І, ЖЕКСЕНБІ

ОҚИҒАЛАР

5 жыл бұрын (2006) Алматыда ЕҚЫҰ-ның Алматыдағы орталығы мен үкіметтік емес «Демократияға жәрдемдесу орталығы» ұйымы «Дау-жанжалдарды шешудің баламалы әдістері» жөніндегі ақпараттық-кітапшаның тұсаукесері өтті. Орыс тілінде шыққан кітап заң, басқару және әлеуметтік сала қызметкерлеріне, үкіметтік емес ұйым өкілдеріне, оқытушылар мен студенттерге арналған. Онда дау-жанжалдарды реттеу туралы ақпараттар мен осы салалардағы тренингтер материалдары топтастырылған.

3 жыл бұрын (2008) Павлодардағы «Базальт технологиялары» ЖШС-інің жылу сақтайтын материалдар шығаратын жаңа кәсіпорнында кеше алғашқы өнім шығарылды.

Өнімді шығару үшін жергілікті шикізат - Шідертінің шағыл тасы мен Ақмола облысының Алексеевка кенішінің доломиті пайдаланылады. Материал азаматтық және өнеркәсіптік құрылыста кеңінен пайдаланылады. Жаңа өндіріс бұрынғы Павлодар химия комбинатының қайта құрылған цехында іске қосылып отыр.

1 жыл бұрын (2010) Қазақстан Республикасының Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов Алматы облысына жұмыс сапары аясында Тілдер сарайының ашылу рәсіміне қатысты. Республикадағы алғашқы және әзірге жалғыз Тілдер сарайының құрылысы Елбасының «Тілдің үштұғырлығы» бағдарламасына сәйкес салынған болатын. Оның құрлысына облыстық бюджеттен 304 млн. теңге қаржы жұмсалды. Жобаның авторы Қазақстан Сәулетшілер одағының мүшесі Нұркен Белдібаев, сонымен қатар ол Талдықорғандағы Достар үйінің де авторы. Тілдер сарайының барлық сыныптары оқу барысына қажеті заманауи жабдықтармен қамтылған. Бір уақытта онда 80 адам білім алуға мүмкіндік жасалған. Сонымен қатар мұнда сабақ жүргізілетін бөлмелерден басқа 150 орынға есептелген актілік залы, облыстық тілдерді дамыту басқармасы қызметкерлерінің кабинеті және орталықтың қазақ, ағылшын және орыс тілін оқытатын оқытушылардың кабинеттері де қарастырылған.

1 жыл бұрын (2010) Петропавлда салтанатты түрде Қан орталығы ашылды.

Қан орталығының өндірістік қуаттылығы жылына 10 мың литр қан. Бұл бес қабатты қосалқы бөлмелері бар ғимарат. Ғимараттың жалпы құны 1,18 млрд теңге.

Петропавлдағы Қан орталығы - Астанадағы орталықтан кейінгі осы бағыттағы екінші медициналық мекеме болып табылады.

ЕСІМДЕР

75 жыл бұрын (1936-1991) жазушы, очеркші, КСРО Журналистер одағы сыйлығының лауреаты МУСИН Жанайдар Баймырзаұлы дүниеге келді.

Ақмола облысы Зеренді ауданында туған. Көкшетау педагогикалық училищесін, С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін (қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) бітірген.

Еңбек жолын «Көкшетау правдасы» облыстық газетінде әдеби қызметкер болып бастаған. 1963-1965 жылдары - Қостанай облыстық «Путь к коммунизму» - «Коммунизм жолы» газетінің жауапты хатшысы. 1965-1968 жылдары - Қостанай облыстық «Коммунизм жолы» газеті редакторының орынбасары. 1968-1971 жылдары - Талдықорған облыстық «Октябрь туы» газеті редакторының орынбасары. 1971 жылдан Көкшетау облыстық «Көкшетау правдасы» газетінің редакторы қызметін атқарған.

Оның «Ақ алаң», «Туған үйдің түтіні» романдары, «Қанат ұшқанда қатаяды», «Адам еңбегімен даңқты», «Таң нұры» очерктері және «Үміт» атты әңгімелер жинағы бар.

«Құрмет белгісі» орденімен және медальдармен марапатталған.

35 жыл бұрын (1976) «Қазақстан Республикасы Үкіметі жанындағы «Ұлттық сараптама орталығы» акционерлік қоғамының заң қызметі және мемлекеттік сатып алу департаментінің директоры САТЫБАЕВА Сәуле Мақашқызы дүниеге келді.

Астана қаласында туған. Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін бітірген.

1997-2002 жылдары - Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің жетекші, бас маманы, бөлім бастығы, Заң жобаларымен жұмыс басқармасының бастығы. Заңнама департаменті директорының орынбасары. 2002-2003 жылдары - Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі Аппаратының заңнама бөлімі меңгерушісінің орынбасары. 2003-2004 жылдары - Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі Аппараты Заң жобаларымен жұмыс орталығының директоры. 2004-2005 жылдары -Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі Аппаратының заңнама бөлімі меңгерушісінің орынбасары қызметтерін атқарған. 2005-2007 жылдары - жеке тәжірибеде болды. 2007 жылдың қазан айынан - қазіргі қызметінде.

Соңғы жаңалықтар