ҚазАқпарат-Анонс: 2011 жылғы 25-28 тамыз аралығындағы оқиғалардың күнтізбесі

None
None
None

ЕЛБАСЫ

24-25 тамыз күндеріЕлбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың шақыруымен Қазақстанға ресми сапармен келген Корея Республикасының Президенті Ли Мен Бак пен Елбасы арасында өтетін келіссөздерден кейін екіжақты ынтымақтастықтың басым салаларын көздейтін бірқатар құжаттарға қол қойылады. Ли Мен Бактың ресми сапары аясында Астанада Қазақстан - Оңтүстік Корея бизнес форумы ұйымдастырылады.

25 тамызда сағат 11.30-да Ақордада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Кореяның Президенті Ли Мен Бакпен кездеседі.

25 тамыз күні «Rixos Prezident Astana» қонақ үйінде екі ел мемлекет басшыларының қатысуымен Қазақстан-Корея бизнес форумы өтеді.

ҮКІМЕТ

25 тамыз күні ҚР СІМ-де ҚР Сыртқы істер министрі Ержан Қазыханов Корея Республикасының сыртқы істер және сауда министрі Ким Сон Хванмен кездесу өткізеді.

25 тамызда Министрліктер үйінде Әділет министрінің орынбасары Дулат Құстаулетов Ресей Федерациясы Үкіметінің жанындағы Заңнама институтының директоры, Ресейге еңбегі сіңген заңгер Талия Хабриевамен кездеседі.

25 тамыз күні ҚР Байланыс және ақпарат министрі Асқар Жұмағалиев республикалық мемлекеттік БАҚ басшыларымен кеңес өткізеді.

25 тамызда ҚР вице-премьері Ербол Орынбаев пен еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Гүлшара Әбдіқалықова жұмыс сапарымен Қарағанды облысына барады.

26 тамызда BNews.kz порталында Қазақтан Республикасының Денсаулық сақтау министрі Салидат Қайырбекованың қатысуымен он-лайн конференция өтеді. Интернет-мәслихаттың тақырыбы: «Қазақстан халқы үшін қолжетімді медициналық көмек көрсету».

АСТАНА

25 тамыз күні елордадағы ««Рэдиссон»» қонақ үйінде «Қазақстанда ана мен бала денсаулығын қорғауға көмектесу» атты екіжылдық жобаның қорытындысы бойынша кеңес өтеді.

25 тамызда Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінде «Отбасы, мектеп, қоғам - болашақ үшін бірге» атты республикалық педагогикалық форум өтеді.

25 тамыз күні «Бәйтерек» халықаралық медиа орталығында «Астананың ең үздік тауары - 2011» атты аймақтық байқау-көрмеге арналып баспасөз мәслихаты өтеді.

25 тамызда елордадағы «Бейбітшілік және келісім сарайында» «Қазақстан Республикасының Конституциясы - тең құқық, тең мүмкіндіктер» тақырыбында дөңгелек үстел өтеді.

26 тамыз бен 30 тамыз аралығында ҚР Тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай М.Лермонтов атындағы театр гастролдік сапармен Астанаға келеді.

25 тамыз күні сағат 15.00-де К.Байсейітова атындағы Ұлттық опера және балет театрының баспасөз залында М.Лермонтов театрының директоры Юрий Якушев, көркемдік жетекшісі, Қазақстанның халық әртісі, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Рубен Андриасян және театр әртістері - Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Анатолий Креженчуков пен Қазақстанның еңбек сiңiрген қайраткері, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Ирина Лебсактың қатысуымен баспасөз конференциясы өтеді.

22-28 тамыз аралығында «Қазақ елі» монументінің алдындағы алаңда ел тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған әскери парадтың дайындығы өтеді.

АЛМАТЫ

25 тамыз күні ҚР Тұңғыш Президентінің қорында Білім күніне арналған қайырымдылық акциясы өтеді.

25 тамызда «Қазжол» қонақ үйінде «Кавказ пен Орталық Азия: тәуелсіздіктің 20 жылынан кейін» тақырыбында халықаралық конференция өтеді.

25 тамыз күні сағат 11.00-де Қазақ мемлекеттік циркінде «Мектепке жол!» акциясының аясындағы мерекелік іс-шара болады.

25 тамыз күні сағат 12.00-де Самал шағынауданында КСРО және Қазақ КСР Халық әртісі, Халық қаһарманы Роза Бағланованың мемориалды тақтайшасы ашылады.

СПОРТ

25 тамыз күні Нью-Йоркте (АҚШ) ҚР Ішкі істер министрлігі қызметкерлерінің қатысуымен ХIV Бүкіләлемдік полиция және өрт сөндірушілер олимпиадасы басталады. Жарыстар 25 тамыздан 5 қыркүйек арасында өтетін болады. Олимпиадаға барлығы әлемнің 70 елінен 15 мыңнан астам құқық қорғау органдарының қызметкерлері қатысады. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің намысын бес қызметкер қорғайды.

19 тамыз бен 28 тамыз аралығында Астанада ерлер командалары арасында шайбалы хоккейден Қазақстан Республикасы кубогы үшін тоғызыншы жарыс өткізіледі.

23-28 тамыз күндері Францияның Париж қаласында дзюдодан Әлем чемпионаты болады. Оған 150-ден аса мемлекеттен спортшылар қатысады деп жоспарлануда. 2012 жылы Лондонда өтетін жазғы Олимпиада ойындарының ұпайлары сарапқа салынады. Онда ел намысын 7 салмақта ерлер арасында да, әйелдер арасында да 12 балуан қорғамақ.

13-17 қыркүйек аралығында Астанада бокстан әйелдер арасындағы екінші халықаралық турнир өтеді.

ҚОҒАМ

2011 жылдың 1 шілдесі мен 10 қарашасы аралығында «Зерде» Ұлттық Инфокоммуникациялық холдингі» АҚ Байланыс және ақпарат министрлігінің қолдауымен «Электрондық үкімет» жұмысы тақырыбындағы ең үздік материалға журналистер арасында шығармашылық конкурс жариялады.

1 тамыз бен 30 қыркүйек аралығында республикалық акция аясында Астанада «Мектепке барар жол» акциясы өтеді .

СЫРТҚЫ САЯСАТ

Санкт-Петерборда Ресей, Қазақстан, Украина, Норвегия, Финляндия, Германия, Франция, Италия, Беларусь, Латвия, Эстониядан келген 100-ден астам темірден түйін түйетін ұсталар мен суретшілер өз шеберліктерін көрсететін «Туфелька для Золушки» атты халықаралық байқау басталды. Фестивальдің өзі 10-11 қыркүйек күндері Кронштадта өтетін болады. Байқауға дейінгі бір айда барлық темір ұсталары шығармашылық тапсырманы орындап, темірден туфли мен басқа аяқ киім жасап шығарады.

27 тамыз бен 2 қыркүйек аралығында Молдовада табиғат апаттарының салдарын жою жөніндегі «Кодры-2011» оқулары өтеді, оған әлемнің 30 елінің өкілдері, соның ішінде қазақстандық құтқарушылар да қатысады.

25 тамыз бен 30 тамыз аралығында Өзбекстанның Самарқанд қаласында «Шарк тароналари» (Шығыс әуендері) атты 8-ші Халықаралық музыка байқауы өтеді.

АЙМАҚТАР

АҚТӨБЕ ОБЛЫСЫ

23 сәуір мен 10 қыркүйек арасында Ақтөбе облысында «Ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған 20 екпінді апталық» деген ұранмен «Ауылдың гүлденуі - Қазақстанның гүлденуі» марафон-эстафетасы өтеді.

ҚОСТАНАЙ ОБЛЫСЫ

15 шілде мен 15 қыркүйек аралығында Қостанайда «мектепке жол» акциясы өтеді.

ҚАРАҒАНДЫ ОБЛЫСЫ

15 тамыздан бастап Қарағанды облысында «Әрбір бала білім алуға құқылы» атты әлеуметтік SMS-акция жүргізіледі. Акция 30 қыркүйекке дейін жалғасады.

ОҢТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫ

27 тамыз күні Оңтүстік Қазақстандағы 20 альпинист Тәуелсіздік шыңына шығады.

АҚМОЛА ОБЛЫСЫ

26-28 тамыз аралығында Көкшетау ұлттық паркінің аумағында «Би ДЖИ Энерджи Чаллендж - Қазақстан» спорттық -қайырымдылық шарасы жобасы өтеді

ЕЛЕУЛІ ОҚИҒАЛАР. АТАУЛЫ КҮНДЕР. ЕСІМДЕР.

ТАМЫЗДЫҢ 25-І, БЕЙСЕНБІ

Шығыс Уругвай Республикасының Ұлттық мейрамы - Тәуелсіздік күні (1825). Уругвай - Оңтүстік Америка құрлығы орталық бөлігінің шығысында орналасқан мемлекет. Солтүстігі және шығысында Бразилиямен, батысында Аргентинамен, шығысы мен оңтүстігінде Атлант мұхитымен шектеседі. Астанасы - Монтевидео қаласы. Мемлекеттік тілі - испан тілі. Ақша бірлігі - уругвай песосы.

Парагвайдың Конституция күні. Парагвай - Оңтүстік Америкада орналасқан мемлекет. Солтүстігі мен солтүстік-батысында Боливиямен, шығысында Бразилиямен, оңтүстігі мен оңтүстік-батысында Аргентинамен шектеседі. Астанасы - Асунсьон қаласы. Мемлекеттік тілі - испан тілі. Ақша бірлігі - гуарани.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

16 жыл бұрын (1995) Алматы қаласында Президент Нұрсұлтан Назарбаев атындағы кубок үшін теннистен халықаралық турнир болып өтті.

6 жыл бұрын (2005) Алматыда, Қазақстан энергетиктерінің алғашқы кеңесі болып өтті.

Оған Қазақстанның барлық өңірінен келген өнеркәсіптік кәсіпорындардың 100-ден астам өкілдері, жақын және алыс шетелдерден келген энергетикалық жабдықтарды шығаратын кәсіпорындар, тағы да біздің еліміздің бірқатар министрлері қатысты.

Жұмыс барысында энергетика саласының заң шығару және нормативтік базасы, өнеркәсіптік кәсіпорындарын электрқуатымен қамтамасыз ету мәселелері және жаңа технологиялармен қазіргі заманғы жабдықтарды енгізу мәселелері талқыланды.

6 жыл бұрын (2005) Алматыда «Жеті Жарғы» баспасы Қазақстан Республикасы Конституциясының 10-жылдық мерейтойына орайластырған заңнама актілер жинағын және Қазақстан Республикасы Конституциясының сыйлық комплектісін басып шығарды.

Заңнама актілер жинағының құрастырушысы - белгілі ғалым, Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым Академиясының академигі Ғайрат Сапарғалиев. Жинақ қазақ және орыс тілінде жарық көрді, оның тиражы - 2500 дана.

Қазақстан Республикасы Конституциясының сыйлық комплектісі қазақ және орыс тіліндегі кішкентай кітапшадан тұрады, оның тиражы - 2000 дана. Тағы да сыйлық комплектісіне арнайы ыдыстағы қазақ, орыс және ағылшын тіліндегі кітап кіреді, оның тиражы - 1000 дана.

«Жеті Жарғы» баспаханасы 10 жылдан астам заң әдебиетін шығарады. Оның қызметінің негізгі бағыты - жаңадан қабылданған заңдарды, толықтырулар мен өзгертулерді, бұрын шыққан заңнама актілеріне толықтыруларды жедел түрде шығару және заңгерлердің практикалық қызметінде қолданылатын нормативтік-құқықтық актілер жинағын дайындау. 2002 жылы баспахана Франция өнеркәсібін қолдайтын қауымдастықтың Алтын медалімен марапатталды.

2 жыл бұрын (2009) Астанада «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясының орталық аппаратында Қазақстан әйелдері ұйымдарының форумы өтті.

Аталмыш шараға Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Әйелдер ісі және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрайымы Гүлшара Әбдіхалықова, сондай-ақ Парламент депутаттары, мәдениет, өнер саласының майталмандары, әйелдер ұйымдарының өкілдері қатысты.

«Нұр Отан» партиясы мен Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Әйелдер ісі және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссиясы арасындағы ынтымақтастық жөніндегі Меморандумға қол қойылып, Қазақстан әйелдері ұйымдарының альянсын құру жөніндегі қарар қабылданды.

2 жыл бұрын (2009) Елордадағы Успен Кафедралық Соборының күмбездері орнатылды.

Православ діні Ислам дінімен қатар дәстүрлі конфессия болып саналады. Әлемдік екі діннің арасындағы түсіністік қазақстандық қоғамның тұрақтылығын білдіреді.

2003 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен Астана Әлемдік және дәстүлі діндер съезі өткізілетін жерге айналған, онда конфессияаралық ынтымақтастық саласындағы маңызды әрекеттер ұсынылған.

Бұл Орталық Азияда соңғы 20 жылда салынған жалғыз кафедралық собор. Ол аймақтағы Орыс православ шіркеулерінің рухани орталығы болмақ. Аумағы 900 шаршы метр, ал биіктігі 68 метр болатын шіркеуге бір уақытта 4 мың адам кіре алады.

ЕСІМДЕР

80 жыл бұрын (1931) танымал кинорежиссер, сценарист, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері ТАТЕНКО Владимир Пантелеевич дүниеге келді.

Украинаның Донецк облысында туған. Кишинев университетін, Бүкілодақтық кинематография институтын бітірген. 1955-1972 жылдары - Қарағанды облыстық телевизия мен радиохабар жөніндегі комитеті жанындағы «Телефильм» шығармашылық бірлестігінің жетекшісі әрі бас редакторы. 1972 жылдан Қазақфильм киностудиясында деректі фильмдер режиссері, 1986 жылдан Қазақстан Кинематографияшылар одағы басқармасының екінші хатшысы болды.

Ол «Жылдар өткен соң», «Донбас - Қарағанды», «Шахтерлер әулеті», «Қарлығаш», «Алма гүліне оранған қала», «Тоқаш Бокин», «Ең қымбатты», т.б. фильмдерді түсірген. Ол өзі түсірген фильмдердің сценарийін де жазған. Татенко түсірген фильмдер бірнеше мәрте халықаралық кино байқауларында жүлдегер атанған.

75 жыл бұрын (1936) ақын, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты АЙТХОЖИНА Марфуға дүниеге келді.

Қытай Халық Республикасы Шыңжаң өлкесінің Құлжа қаласында туған. Құлжадағы қыздар гимназиясын, Қазақ мемлекеттік университетін (әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті), Мәскеу жоғары әдеби курсын бітірген. 1961-1969 жылдары - «Қазақ әдебиеті», «Қазақстан мұғалімі» газеттерінің әдеби қызметкері болған.

Алғашқы өлеңдер жинағы 1962 жылы «Балқұрақ» деген атпен жарық көрген. Содан бергі уақытта «Шыңдағы жазу», «Аққуым менің», «Қаракөз Айым», «Баянжүрек», «Көзімнің қарасы», «Ақ бесігім», «Жарқыра, менің жұлдызым», «Қыран жеткен», «Сағыныш сазы», «Жапырақ сілкінген кеш» атты кітаптары жарық көрген. Шығармалары болгар, поляк, венгр, чех, т.б. тілдерге аударылса, өзі Біләл Назымның, Те Лан Виннің туындыларын, бірқатар моңғол, орыс, араб, қырғыз, татар, башқұрт, венгр, украин, т.б. ақындарының өлеңдерін аударған.

«Құрмет белгісі» орденімен, Болгарияның «Достық» медалімен марапатталған.

65 жыл бұрын (1946) Қазақстанға еңбегі сіңген қызметкер МӘМЕШЕВ Әбдімаш дүниеге келді.

Жамбыл облысының Талас ауданында туған. Қазақ химия-технология институтын бітірген. 1969-1982 жылдары Жамбыл «Казстальконструкция» тресі басқармасында шебер, қауіпсіздік техникасы инженері, 1982-1984 жылдары - Алматы Жоғары партия мектебінің тыңдаушысы, 1984-1988 жылдары Жамбыл облыстық партия комитетінде нұсқаушы, бөлім бастығының орынбасары, бөлім бастығы, 1989-1992 жылдары - Шу қалалық атқару комитеті төрағасы. 1992-1995 жылдары - Қаратау қаласының, Талас ауданының әкімі. 1998-2000 жылдары - кедей отбасыларды қолдау қорының Жамбыл аймақтық атқарушы директоры қызметтерін атқарған. 2000-2005 жылдары - Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет жөніндегі агенттігінің Жамбыл облыстық басқармасының бастығы. 2005-2007 жылдары - Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттігінің Аймақтық басқарма бастығы - Жамбыл облысындағы Тәртіптік кеңестің төрағасы. 2007 жылдың мамырынан - Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттігінің Аймақтық басқарма бастығы - Қостанай облысындағы Тәртіптік кеңестің төрағасы.

«Астана», «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігіне 10 жыл» мерекелік медальдарымен марапатталған.

ТАМЫЗДЫҢ 26-СЫ, ЖҰМА

Барлық мұсылман қауымы үшін қасиетті Қадір түні (2011 жылғы тамыздың 26-нан 27-не қараған түн - 1432 хижра жылының 26-27-ші рамазаны). Айлардың ұлығы - Рамазан, күндердің ұлығы - жұма болса, түндердің шапағаттысы - Қадір түні. Бұл түні тек бір Аллаға мадақ айтылып, Жаратушы иеден тілек тіленеді. Таң атқанша айтылған тілек-ниеттің барлығы періштелер арқылы Алла тағалаға жеткізіледі. Сол үшін де барша мұсылман қауымы бұл түнді асыға күтеді.Қадір түні ұлық пайғамбарымыз Мұхаммедке (с.ғ.с.) Аллаһтан уаһи келіп, Құранның алғашқы сүрелері түсе бастаған. Бұл түні мұсылман жамағат мешітке жиналып, таңды ұйқысыз қарсы алып, Аллаһқа мінәжат етеді. Осы түні оқылған аяттың сауабы мың айға, яғни, 83 жылға тең деп саналады.

Украинаның авиация күні.

Абхазияның тәуелсіздік алған күні. 2008 жылы тамыздың 26-ында Ресей Федерациясы Абхазияның тәуелсіздігін тану туралы Жарлыққа қол қойғанын жариялады.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

171 жылбұрын (1840) Оралда орталық мәдениет және демалыс бағы ашылды.

Бақтың бастапқы аумағы 7,5 шақырымды құрады. Қазіргі кезде 5,6 гектар жерді құрайды. 1935 жылы баққа Сергей Кировтың есімі берілген. 1997 жылы ол мемлекет қорғауындағы тарихи және мәдениет ескерткіштер санына қосылған болатын, кейінен мемлекеттiк қазыналық коммуналдық кәсiпорынға өзгертілді.

91 жыл бұрын (1920) тамыздың 26-ы мен 31-і аралығында Гурьев (қазіргі Атырау) қаласында Гурьев уезі Кеңесінің бірінші съезі өтті. 125 делегат қатысқан бұл съезде жергілікті мемлекеттік басқару органы құрылды.

13 жылбұрын (1998) Тараз қаласындағы Тараз мемлекеттік университетінің алдына ұлы тарихшы, шығыстанушы, ойшыл, ақын, қолбасшы Мұхамед Хайдар Дулатиге ескерткіш орнатылды.

12 жыл бұрын (1999) Қазақ ұлттық университеті ғимаратында академик Өмірбек Жолдасбековке ескерткіш тақта орнатылды.

6 жыл бұрын (2005) Алматыда Қазақстан Республикасы Конституциясының 10-жылдық мерейтойына арналған жаңа көркем пошта маркаларының таныстырылымы болып өтті.

Пошта маркасында Қазақстан Республикасы Конституциясының 10-жылдығын тойлау рәсімі бейнеленген. Марканы офсет әдісін қолданып төрт түрлі бояумен орындаған, өлшемі 33 х 27,5 мм. Ресімдеуші - Р.Жапалова. ҚХР байланыс және ақпараттандыру министрлігі жанындағы Қытай пошта маркаларының типографиясында жасалған.

5 жыл бұрын (2006) Қарағандыда Сәкен Сейфуллин атындағы облыстық қазақ драма театрының ғимаратын салуды бастауға арналған салтанатты шара өтті. Бұл шараға Қарағанды облысында жұмыс сапарымен жүрген Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қатысты. Алаңда мәдениет қызметкерлері, ұлттық мәдени-орталықтардың өкілдері мен қала тұрғындары жиналды. Бұл Қарағанды үшін көптен күткен оқиға. Биыл өзінің 75 жылдығын атап өтетін қазақ драма театры Қазақстанда ғана емес, одан тыс жерлерде де танымал. Бірақ театрдың өзінің ғимараты жоқ болатын. Бүгінгі шараны өткізу үшін алаңда шекті музыкалық аспап түріндегі нышандық белгі орнатылды. Сол белгінің түбіне Мемлекет басшысы Н. Назарбаев алғашқы кірпішті қалады. - Мен сіздерді облыстың 70 жылдығымен құттықтаймын. Мемлекеттің тартуы ретінде осы жерде С.Сейфуллин атындағы драма театры тұрғызылатын болады. Еліміз бүгінгі күні күллі әлемде бәсекеге қабілетті елге айналу мақсатында мүлдем жаңа міндеттерді шешіп отыр. Толағай табыс пен жақсы өмірге тек жақсы білімі, қабілеті барлар, басқара білетіндер ғана қол жеткізе алады. Сондықтан да, әдеттегідей әрқашанда мәдениетке де, біздің зиялы қауымға да ерекше маңыз беріледі. Зиялы қауым халықты алға жетелейді, Үкіметтің саясатын түсіндіреді, тұрақтылыққа, тыныштыққа, сенім білдіруге шақырады, - деді Елбасы өз сөзінде. Театрдың жаңа ғимаратын салуға республикалық бюджеттен 2 миллиард теңге бөлінген. ҚР Халық әртісі Жәмила Шашкина бата берді. Театр ғимаратының құрылысы 2008 жылы аяқталуы керек. Онда 500 және 200 орындық екі көрермендер залы болады. Осымен Мемлекет басшысының Қарағанды облысындағы сапары аяқталды.

ЕСІМДЕР

65 жыл бұрын (1946) «Огни Мангыстау» газеті бас редакторының орынбасары КАРИН Ғани Меңтайұлы дүниеге келді.

Батыс Қазақстан облысында туған. Атырау педагогикалық институтын, Шахмардан Есенов атындағы Ақтау университетін бітірген. Орта мектепте мұғалім, Қазақстан ЛКЖО Гурьев облыстық комитетінде бөлім меңгерушісінің орынбасары болған. 1970-1973 жылдары - Қазақстан ЛКЖО Ембі аудандық комитетінің бірінші хатшысы. 1973-1977 жылдары - Қазақстан ЛКЖО Маңғышлақ облыстық комитетінің екінші хатшысы. 1977-1982 жылдары - Ералы аудандық партия комитетінің хатшысы. 1982-1990 жылдары - Маңғышлақ облыстық партия комитеті саяси ағарту үйі меңгерушісінің орынбасары, Шевченко қалалық партия комитеті Марксизм-Ленинизм университеті ректоры. 1990-1994 жылдары - Маңғыстау облыстық кеңесі Аппаратының басшысы, бөлім бастығы, меңгерушінің орынбасары. 1994 жылы - Маңғыстау облыстық әкімі аппаратының басшысы. 1994-2006 жылдары - Маңғыстау облыстық мәслихаты аппаратының басшысы. 2006-2007 жылдары - «Нұр Отан» Халықтық демократиялық партиясының Маңғыстау облыстық филиалының төрағасы. 2007 жылдан - қазіргі қызметінде.

«Құрмет» орденімен, медальдармен марапатталған.

60 жыл бұрын (1951) медицина ғылымының докторы, доцент, Қазақстан Курортолог және реабилитолог дәрігерлері қауымдастығының президенті, Қазақстан және Халықаралық дәрігерлер мен провизорлар қауымдастығының мүшесі ДЕРНОВОЙ Анатолий Григорьевич дүниеге келді.

Қарағанды қаласында туған. Қарағанды мемлекеттік медицина институтын бітірген. 1974-1981 жылдары - Талдықорған облысы Киров аудандық санэпидстансасы санитарлық бөлімінің меңгерушісі, Бас мемлекеттік санитар дәрігері. 1981-1987 жылдары -Талдықорған облыстық партия комитетінің нұсқаушысы. 1987-1991 жылдары - Талдықорған қалалық атқару комитеті төрағасының орынбасары, Қазақстан Компартиясы ОК бөлімінің нұсқаушысы. 1991-1994 жылдары - Алматы облыстық Бас мемлекеттік санитар дәрігері. 1994-1996 жылдары - Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік санитар дәрігері, Денсаулық сақтау министрінің орынбасары. 1996-2006 жылдары - Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасы Медициналық орталығының директоры. 2006-2008 жылдары - Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау министрі. 2009 жылдың шілдесінен - Қазақстан Республикасы Қоршаған ортаны қорғау министрлігінің жауапты хатшысы.

3 монографияның, 124 ғылыми мақаланың, 5 әдістемелік ұсынымның авторы.

«Құрмет» орденімен, «Ерен еңбегі үшін», «Астана», «Қазақстан Республикасына сіңірген ерен еңбегі үшін», «Қазақстан Республикасының Конституциясына 10 жыл» медальдарымен марапатталған.

45 жыл бұрын (1966) Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары ҚАНЫБЕКОВ Сәкен Әсембекұлы дүниеге келді.

Оңтүстік Қазақстан облысының Төле би ауданында туылған. Қазақ ауыл шаруашылығы институтын, Қожа Ахмет Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетін бітірген. Еңбек жолын 1988 жылы Алматы облысы Талғар ауданының Мичурин атындағы колхозда колхозшы болып бастаған. 1992-1994 жылдары - Алматы қаласындағы «Бақтілеу» фирмасының халық тұтынатын тауарларын тарату цехының бастығы. 1994-1995 жылдары - «Бақтілеу» фирмасы директорының коммерциялық мәселелері жөніндегі орынбасары. 1995-2000 жылдары - «Заман» ЖШС директорының орынбасары. 2000-2001 жылдары - Шымкент қалалық «Корпорация НИМЭКС» ЖШС аға менеджері. 2001-2005 жылдары - «Корпорация НИМЭКС» ЖШС-інің Түркістан қаласындағы директоры. 2005-2006 жылдары - Оңтүстік Қазақстан облысы «Корпорация НИМЭКС» ЖШС Шардара ауданы мақта зауытының директоры. 2006 жылы - Оңтүстік Қазақстан облысы Мақтарал ауданы әкімінің орынбасары. 2006-2009 жылдары - Оңтүстік Қазақстан облысы Ордабасы ауданының әкімі. 2009-2010 жылдары - Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі ұйымдастыру-аумақтық және мемлекеттік бақылау бөлімінің мемлекеттік инспекторы. 2010 жылдың сәуірінен - қазіргі қызметінде.

ТАМЫЗДЫҢ 27-СІ, СЕНБІ

Молдова Республикасының Мемлекеттік мейрамы - Тәуелсіздік күні (1991). Молдова - Еуропаның оңтүстік-шығысында орналасқан мемлекет. Солтүстігі, шығысы және оңтүстігі Украинамен, батысы Румыниямен шектеседі. Астанасы - Кишинев қаласы. Мемлекеттік тілі - молдован тілі. Ақша бірлігі - молдова лейі.

Қазақстан Республикасы мен Молдова арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылғы шілденің 31-інде орнатылды.

Ресей Федерациясының Кино күні.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

92 жыл бұрын (1919) Бүкілресейлік Орталық атқару комитетінің Қостанай уезін Челябинск облысына қосу туралы шешімі қабылданды. Бұл шешімге қарсы Ахмет Байтұрсыновтың саяси наразылығы Қостанайды Қазақстанға қайтаруға негіз болды.

19 жыл бұрын (1992) Алматыдағы Кино үйінде Асанәлі Әшімовтың «Елім-ай» киностудиясы түсірген «Қозы Көрпеш - Баян сұлу» фильмінің премьерасы болды.

19 жыл бұрын (1992) Қазақстан Республикасы мен Армения Республикасы арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнатылды.

17 жыл бұрын (1994) Алматыда Неміс үйі ашылды.

10 жыл бұрын (2001) Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Алматы-Бішкек тас жолының бойында жоңғарлармен болған соғыстағы қазақ халқының жеңісіне арналған тарихи ескерткіштің ашылу салтанатына қатысты.

7 жыл бұрын (2004) Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасында Абай атындағы интеллектуалдық-рухани клубтың ашылу рәсімі өтті. Аталған шара «Тәуелсіз Қазақстанның мәдени дамуы» атты жаңа жоба шеңберінде өтті. Клубқа жазушылар, мәдениеттанушылар, философтар, өнертанушылар, сонымен қатар басқа да интеллектуалдық-гуманитарлық саланың өкілдер мүше болып тіркелген.

4 жыл бұрын (2007) Ақтауда жоспарланып отырған Ақтау-Сити құрылысының аумағында сексеннен астам тарихи құнды ескерткіштері бар 28 тарихи-археологиялық кешен табылды.

Энеолит және қола дәуіріндегі тұрақтар және қола, темір және орта ғасырлардағы қорымдар табылды. Олардың арасында Қазақстан аумағында мал шаруашылығының тараған дәуіріндегі Қосқұдық-1 және Қосқұдық -2 тұрақтары орналасқан.

Археологиялық қазбалар кезінде Басқұдық-1 діни-қабірлеу орнының қалдықтары табылды. Қалдықтарды тазалау кезінде 11-12 ғасырға жататын қыпшақ бозбаласының қорымы, 12-13 ғасырға жататын мұсылмандардың қорымы табылды.

2 жыл бұрын (2009) Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «2010 жылдан 2020 жылға дейінгі кезеңдегі Қазақстан Республикасының құқықтық саясатының тұжырымдамасы туралы» Жарлыққа қол қойды.

2 жыл бұрын (2009) Павлодардағы Бұхар жырау атындағы облыстық мұражайда тәуелсіз Қазақстанның Ата заңы туралы әңгімелейтін көрме ашылды.

Көрмеге байырғы қазақ қоғамының қажетін өтеуге толық лайықталған және араб жазуымен жазылған Әз-Тәуке ханның «Жеті Жарғысы», фотосуреттер мен Конституцияға арналған материалдарды, Ата заңның қабылдануына жетекшілік жасаған Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың суреттері, Елбасы жазған кітаптар, Қазақстанның жаңа тарихы туралы баяндайтын журналдар, құқықтанушы-ғалымдардың материалдары қойылған.

ЕСІМДЕР

50 жыл бұрын (1961) техника ғылымының кандидаты, экономика ғылымының докторы ЖАНҒАСКИН Қанат Қарасайұлы дүниеге келді.

Қостанай облысының Таран ауданында туған. Алматы сәулет-құрылыс институтын, Қазақ энергетика ғылыми-зерттеу институтының аспирантурасын бітірген. 1988-1990 жылдары - Алматы қаласы Алатау аудандық партия комитетінің нұсқаушысы, Алматы үй құрылысы комбинаты Құрылысты механизациялау басқармасының бас инженері, «Леноблауырқұрылыс» тресінің бас инженері. 1990-1991 жылдары - «Қазвест» бірлескен кәсіпорнының директоры. 1991-1993 жылдары - «Ақ бидай» агрофирмасының директоры. 1993-1994 жылдары - «Қазагроқұрылысмаш» ғылыми-өндірістік бірлестігінің бас директоры. 1994-1995 жылдары - Алматы қаласы Алатау аудандық әкімдігі басшысының бірінші орынбасары. 1996-1997 жылдары - Түрксіб ауданы әкімінің бірінші орынбасары. 1997-2000 жылдары - Алматы қалалық антимонополиялық комитетінің төрағасы. 2002-2004 жылдары - «Рахат» бірлескен кәсіпорны бас директорының орынбасары. 2002 жылдан бастап «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы» ЖАҚ-ының басқарушы директоры, вице-президенті, бірінші вице-президенті болған. 2006-2007 жылдары - «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы» АҚ-ының басқарушы директоры.

50 жыл бұрын (1961) Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Техникалық қызмет департаментінің бастығы КӨКЕБАЕВ Сәрсен Керімбайұлы дүниеге келді.

Жамбыл облысының Меркі ауданында туған. Алматы халық шаруашылығы институтын, Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетін бітірген. 1984-1992 жылдары - Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі жанындағы Ведомстволық күзет басқармасы партиялық және кеңестік органдардың ғимараттарын күзету жөніндегі жеке батальонның милиционері. 1992-1999 жылдары - Фрунзе аудандық ішкі істер бөлімінің төлқұжат және виза жұмыстары жөніндегі аға инспекторы, Алматы қалалық ішкі істер басқармасының айрықша тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы, Төлқұжат және виза жұмыстары басқармасының бөлім бастығы. 1999-2001 жылдары - Алматы облыстық ішкі істер басқармасы Төлқұжат және виза жұмыстары басқармасының бастығы, Көші-қон полициясы басқармасы бастығының орынбасары. 2001-2010 жылдары - Алматы қалалық көші-қон полициясы басқармасы бастығының орынбасары, бастығы, Алматы қалалық ішкі істер департаменті бастығының орынбасары. 2010 жылдан - қазіргі қызметінде.

ТАМЫЗДЫҢ 28-І, ЖЕКСЕНБІ

Шахтер күні. Тамыз айының соңғы жексенбісінде атап өтіледі. КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының 1947 жылғы қыркүйектің 10-ындағы Жарлығымен бекітілген.

Қазақстанның көмір өнеркәсібі еліміз экономикасының ең ірі салаларының бірі болып табылады. Көмір қоры бойынша Қазақстан әлемде 8 орынға ие, республикамыздың кенді қойнауында бүкіләлемдік қор көлемінің 4 пайызы жинақталған. Көмір өнеркәсібі ел электр энергиясының 80 пайызға жуығын қамтамасыз етіп отыр.

Байкал күні. Тамыз айының соңғы жексенбісінде атап өтіледі.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

22 жыл бұрын (1989)Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімімен «Әзірет - Сұлтан мемлекеттік қорық-мұражайы» ұйымдастырылды. Қорық мұражай Түркістан қаласында көне Жібек Жолы бойында қазіргі Шымкент-Қызылорда автожолының бойында, Тәуке хан даңғылы мен Алматы алаңының қиылысында орналасқан. Қорық мұражайдың құрамында 100-ден астам тарихи-мәдени және археологиялық ескерткіш бар. Олардың жалпы қорғау аймағы 529,4 гектарды алып жатыр. Ал кесене орналасқан қаланың тарихи орталығының қорғау аймағы 88,7 гектар. Осы аймақта орналасқан сегіз тарихи ескерткіш мұражайландырылып халыққа қызмет көрсетуде. «Әзірет - Сұлтан» мемлекеттік қорық мұражайы Қазақстандағы ерекше маңызы бар рухани орталық болып табылады.

15 жыл бұрын (1996) Венгрияда Қазақ мәдениетінің күндері өтті.

13 жыл бұрын (1998) Қазақстанда түсіріліп жатқан 250 сериялы «Тоғысқан тағдырлар» телесериялы ТМД және Балтық жағалауы елдері арасында өткен фестивальде жүлделі бірінші орынды иеленді.

10 жыл бұрын (2001) Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Бейбітшілік кіндігі» кітабының тұсаукесері өткізілді.

9 жыл бұрын (2002) Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан Республикасы мемлекеттік басқару жүйесін одан ары дамыту шаралары туралы» Жарлыққа қол қойды.

5 жыл бұрын (2006) Қостанай облысының Сарыкөл ауданында Аққозы қажы атындағы мешіт ашылды. Аққозы қажы Абайдың серіктестерінің бірі болған. Ол осыдан 100 жылдан астам бұрын қазіргі Сарыкөл ауданы аумағында уағыз және тәрбие жұмыстарын жүргізген тұлға.

5 жыл бұрын (2006) жезқазғандық ағаш өңдеу шебері Александр Кузьмин биіктігі 2 метр 60 сантиметрлік ағаш ваза ойып шығарды. Бұл салада бұған дейінгі рекорд жасаған ваза бұдан 10 сантиметрге (бұдан бұрын оралдық шебер тастан биіктігі 2,5 метрлік ваза ойған болатын) қысқа. Алып вазаның салмағы 30 кг. Оның ең кең бөлігінің диаметрі 1 метрді құрайды. Жасалуына 1 ай уақыт кеткен вазаны құрастыруға 24 ағаш талшықты тақтай кеткен. Автор өз өнер туындысын «Арман» деп атаған, себебі бұл идеясын жүзеге асырудың мүмкіндікті технологиясын іздеуге бірнеше жылдар уақыты кеткен.

4 жыл бұрын (2007) Алматыда www.atameken-asr.com қазақ тіліндегі жаңа веб-сайт құрылды.

Тәуелсіздік жылдары ресми ақпарат көзі бойынша республикамызға 650000 оралмандар қоныс аударды. Көші-қон саясаты мемлекеттік саясаттың бірден-бірі болып табылады. Құрылған сайт көші-қон саласының жетістігіне және Қазақстанда ақпараттық технологиялардың дамуына ықпал етеді.

2 жыл бұрын (2009) Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Астанадағы көп бейінді «Абу Даби Плаза» кешені құрылысының іргетасына капсула қалады.

2009 жылғы шілденің 7-де Қазақстан Республикасының Заңымен еліміздің Үкіметі мен Біріккен Араб Әмірліктері арасында аталған кешеннің құрылысы бойынша келісім бекітілген болатын. Жобаны «Алдар ЕуроАзия» ЖШС-і жүзеге асырады. Оның жұмысына Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайы жобасының авторы британдық сәулетші Норман Фостердің бюросы тартылып отыр.

«Абу Даби Плаза» жобасы бойынша нысанның биіктігі 382 метр болатын 88 қабатты құрайды. Аталған кешенде жоғары және орта сыныптағы 450 пәтер мен 2 қонақ үй салынатын болады.

Жалпы ауданы 80 мың шаршы метрден тұратын кеңселік орын-жайлардың құрылысы қарастырылған. Оның аумағында 4,5 мың автокөлікке арналған тұрақ орналасады. Жобаның құны 1 млрд. АҚШ долларынан астам қаржыға бағаланып отыр. Нысанның бірінші кезеңінің құрылысын 2013 жылдың қыркүйегінде тапсыру жоспарланған. Ал екінші кезегі 2014 жылдың аяғына қарай пайдалануға берілмек.

2 жыл бұрын (2009) тамыздың 28-і мен 30-ы аралығында Солтүстік Қазақстан облысының аудандарында Конституция күніне орай 1600 шақырымдық қашықтыққа алаумен жүгіру шаралары өтті.

Петропавлдық «Үміт» желаяқтар клубының мүшелері қатысқан бұл жорықтың бағыты облыстың барлық аудандарын қамтыды. Олар Солтүстік Қазақстан облысында алғаш өткен «Ақбидай» IV республикалық ауыл ойындарында тамыздың 15-інде жағылған алаумен жүгіруде.

Қатысушылардың ең үлкені Алик Әзмұхаметов - 69 жаста, ең жасы - 18 жаста. Жүгіру Конституция күні Петропавлда мәреге жетті.

ЕСІМДЕР

90 жыл бұрын (1921-2008) жазушы, филология ғылымының докторы, Жамбыл атындағы халықаралық сыйлықтың иегері ТӨРЕҚҰЛ Нысанбек дүниеге келді.

Оңтүстік Қазақстан облысының Бәйдібек ауданында туған. Алматы жоғары партия мектебінің журналистика факультетін бітірген. Ұлы Отан соғысына қатысып, Панфилов атындағы 8-інші гвардиялық дивизия жауынгерлерімен бірге Мәскеу түбіндегі ұрыстарға қатысқан. Оңтүстік Қазақстан облысының Арыс қаласында Халық судьясы, кейін «Оңтүстік Қазақстан», «Социалистік Қазақстан» газеттерінің редакцияларында істеген. 1961 жылдан Қазақ КСР Ғылым Академиясы Мұхтар Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында қызмет атқарған. Осы институтта қазақ әдебиеті тарихының 6 томдығын және басқа да ғылыми жинақтарды шығаруға қатысты. Ол Жамбыл, Кенен, Үмбетәлі, Есдәулет, Орынбай тәрізді 500-ге жуық халық ақындарының өмір тарихы мен өлең-жырларын жинап, қазақтың би-шешендері туралы 4 кітап жариялаған.

2-інші дәрежелі Отан соғыс, Қызыл Жұлдыз ордендерімен, медальдармен марапатталған.

80 жыл бұрын (1931-1998) мемлекет қайраткері, этнограф, тарих ғылымының кандидаты ЖӘНІБЕКОВ Өзбекәлі дүниеге келді.

Оңтүстік Қазақстан облысының Отырар ауданында туған. Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтын бітірген. 1955-1956 жылдары - Оңтүстік Қазақстан облысы Келес аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы. 1956-1961 жылдары - Шымкент облыстық комсомол комитетінің хатшысы. 1961-1971 жылдары - Қазақстан ЛКЖО Орталық комитетінің бірінші хатшысы, хатшысы. 1970-1975 жылдары - Қазақстан Компартиясы Торғай облыстық комитетінің хатшысы. 1975-1977 жылдары - Қазақстан Компартиясы Орталық комитеті шетелдермен байланыс бөлімінің меңгерушісі. 1977-1988 жылдары - Қазақстан Мәдениет министрінің орынбасары - Мәдениет министрі. 1988-1991 жылдары Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің хатшысы қызметін атқарған.

Ол қазақ халқының ұлттық мәдениетінің, ана тілінің, дәстүрі мен әдет-ғұрпының дамуына елеулі үлес қосты. XX ғасырдың 70 жылдарында Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің қалпына келтіруіне ұйытқы болды. Оның бастамасымен Қазақстанның көптеген қалаларында этнографиялық мұражайлар ашылып, Қазақстанның тарихи және мәдени ескерткіштерін сақтау мен қалпына келтіру мақсатын көздеген «Арқас» қоғамы құрылды. «Шертер», «Адырна», «Алтынай», т.б. фольклорлық өнер ансамбльдерін ұйымдастырды. Сонымен қатар «Наурыз» мейрамының, Міржақып Дулатов, Жүсіпбек Аймауытов, Мағжан Жұмабаев, Шәкерім Құдайбердіұлы есімдерінің халқына қайта оралуына белсене ат салысып, ана тілін дамыту бағдарламасының мемлекеттік тұжырымдамасын жасауға қатысты. Оның «Қазақтың ұлттық қол өнері», «Жаңғырық», «Уақыт керуені», «Қазақ киімі», «Ежелгі Отырар», т.б. еңбектері жарық көрген.

Үш мәрте Еңбек Қызыл Ту орденімен, медальдармен марапатталған.

75 жыл бұрын (1936) рентгенолог, медицина ғылымының докторы, профессор ТҮСІПБЕКОВ Сапар Түсіпбекұлы дүниеге келді.

Павлодар облысының Баянауыл ауданында туған. Қарағанды медицина институтын бітірген.

Негізгі ғылыми еңбектері рентгенология мәселелеріне арналған. Ол бауыр, ұйқы безі, он екі елі ішек маңын зерттеп, онда қолданылатын рентген-радиологиялық әдістерге салыстырмалы түрде сипаттама берген. 104 ғылыми жарияланымның авторы. Ғалымның жетекшілігімен 1 ғылым кандидаты және 1 докторы диссертация қорғаған.

Соңғы жаңалықтар