ҚазАқпарат-Анонс: 2011 жылғы 5-11 қыркүйек аралығындағы оқиғалардың күнтізбесі

ҮКІМЕТ
5 қыркүйекте «Риксос» қонақүйінде ЮНЕСКО-ның орталық Азия елдері істері жөніндегі ұлттық комиссиясының аймақтық кеңесі өтеді
5 қыркүйекте ҚР Сыртқы істер министрлігінде сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі қазақстан-литва үкіметаралық комиссиясының жетінші отырысы өтеді.
6 қыркүйекте Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің «Дәрілік құралдарды, медициналық мақсаттағы бұйымдарды және медицина техникасын сараптау ұлттық орталығы» РМК конференц-залында «Дәрілік құралдардың халық үшін қолжетімділігі мен сапасын арттыру, денсаулық сақтау ұйымдарын медицина техникасымен жабдықтауды жақсартуға қатысты 2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» денсаулық сақтауды дамыту мемлекеттік бағдарламасының жүзеге асырылу барысы туралы» тақырыбында баспасөз мәслихаты өтеді.
ҚАЗАҚСТАН ЖӘНЕ ӘЛЕМ
1-7 қыркүйекте Венада Қазақстанда Семей ядролық полигонының жабылғанына 20 жыл толуына арналған фотосурет көрмесі өтуде.
ӘЛЕМ
2-7 қыркүйек аралығында Берлинде (Германия) халықаралық ірі IFA-2011 тұрмыстық электроника көрмесі өтеді.
БАСҚА МЕМОРГАНДАР
5 қыркүйекте Президенттік мәдениет орталығында ҚР Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған «Отанға деген махаббатпен» атты жас орындаушылардың классикалық музыкадан концерті өтеді.
САЯСИ ПАРТИЯЛАР
1-15 қыркүйек аралығында «Нұр Отан» ХДП «Тілге құрмет - елге құрмет» республикалық конкурсын өткізуде.
СПОРТ
5-7 қыркүйекте Астанада мүгедек спортшылар арасында үстел теннисінен ҚР чепионаты өтеді.
5-10 қыркүйекте Шымкентте белгілі көсемсөзші, қоғам қайраткері жіне спорт журналист Сейдахмет Бердіқұловті еске алуға арналған ҚР БАҚ өкілдері арасында тұңғыш спартакиада өтеді.
5-10 қыркүйек аралығында «Республикалық нейрохирургия ғылыми орталығы» АҚ-да «Қазіргі нейроанестезиология» шеберлік сабағы өтеді.
АСТАНА
5 қыркүйекте Астанада «Назарбаев Университетінде» қазақстандық жобалалрға қатысты халықаралық семинар өтеді.
8-9 қыркүйекте Астанадағы Тәуелсіздік сарайында «Келешектің госпиталі» дген тақырыпта ІІ халықаралық медициналық іскерлік форум өтеді.
АЛМАТЫ
5 қыркүйекте Алматыда «Интерконтиненталь» қонақүйінде Kcell жаңа тарифтік саясатының таныстырылымына арналған баспасөз мәслихаты өтеді.
5 қыркүйекте Алматыда «Қазақстандық баспасөз клубында» БҰҰ-ның Босқындар ісі жөніндегі Жоғарғы комиссары басқармасының азаматсыздық жоқтығының алдын алу және оны қысқартуға арналған баспасөз мәслихаты өтеді.
6-7 қыркүйекте Алматыда Орталық концерт залында ҚР Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған фольклорлық-этнографияық ансамбльдердің «Ғасырлар сазы» атты фестиваль-конкурсы өтеді.
6-9 қыркүйекте Алматыда дәстүрлі KazBuild-2011 көрмесі өтеді.
7-10 қыркүйекте Алматыда «атакент» көрме орталығында «БеларусьЭКСПО-2011» VI Ұлттық көрмесі өтеді.
7 қыркүйек пен 31 қазан аралығында ҚР Тәуелсіздігінің 20 жылдығына және алматы қаласы күніне арналған «Асыл мұра» атты алғашқы республикалық арт-конкурс өтеді.
ҚОҒАМ
2011 жылдың 1 шілдесі мен 10 қарашасы аралығында «Зерде» Ұлттық Инфокоммуникациялық холдингі» АҚ Байланыс және ақпарат министрлігінің қолдауымен «Электрондық үкімет» жұмысы тақырыбындағы ең үздік материалға журналистер арасында шығармашылық конкурс жариялады.
1 тамыз бен 30 қыркүйек аралығында республикалық акция аясында Астанада «Мектепке барар жол» акциясы өтуде .
АЙМАҚТАР
АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ
6 қыркүйек күні Алматы облысында «Бизнес-Кеңесші» бизнес-оқыту Бағдарламасын іске асырудың V кезеңі басталады. Соның аясында облысымыздың әрбір аудан-қалаларында шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері мен кәсіпкерлікпен шұғылдануға ниетті тұрғындарға арналған екікүндік «Кәсіпкерліктің жедел курсы» атты тегін оқыту курстары ұйымдастырылып, ақпараттық-консалтингтік қолдау көрсетілетін болады
АҚТӨБЕ ОБЛЫСЫ
23 сәуір мен 10 қыркүйек арасында Ақтөбе облысында «Ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған 20 екпінді апталық» деген ұранмен «Ауылдың гүлденуі - Қазақстанның гүлденуі» марафон-эстафетасы өтуде.
ҚОСТАНАЙ ОБЛЫСЫ
15 шілде мен 15 қыркүйек аралығында Қостанайда «мектепке жол» акциясы өтуде.
ҚАРАҒАНДЫ ОБЛЫСЫ
15 тамыздан бастап Қарағанды облысында «Әрбір бала білім алуға құқылы» атты әлеуметтік SMS-акция жүргізіледі. Акция 30 қыркүйекке дейін жалғасуда.
ЕЛЕУЛІ ОҚИҒАЛАР. АТАУЛЫ КҮНДЕР. ЕСІМДЕР.
2011 ЖЫЛҒЫ ҚЫРКҮЙЕК АЙЫНДА:
ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР
295 жыл бұрын (1716) қазақ ханы Қайып Сібір генерал-губернаторына Бекболат Екешұлы мен Байдәулет Бөріұлы бастаған елшілігін жіберді. Ол бұл елшілікке өзінің Ресеймен бейбіт қарым-қатынаста болуды, жоңғарларға қарсы бірлесіп күресу жөніндегі келісімге келуді қалайтынын жеткізуді тапсырды. Сонымен бірге елшілік Қайып ханның екі ел арасындағы қарым-қатынасқа нұқсан келтіретін жағдайларды болдырмауға тырысатынын, Қазақ Ордасының Ресеймен сауда-саттық жасауға мүдделі екенін жеткізді.
90 жыл бұрын (1921) Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік мұрағаты өз қызметін Орынбор қаласында 1921 жылы бастаған. Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік мұрағаты - еліміздегі ең алғаш Қазақстанның даму тарихы құжаттарын жүйелеп, бір қалыпқа келтіріп жинақтаған мұрағат. Мұрағат XVIII-ші ғасырдың орта кезеңінен бастау алған революцияға дейінгі құжаттардан бастап осы кезеңге дейінгі құжаттарды сақтауда. Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік мұрағаты Қазақстан тарихының үш кезеңінің: кеңестік дәуірге дейінгі, кеңестік дәуір мен еліміздің тәуелсіздігі кезеңіндегі құжаттарды сақтап отырған бірден бір мұрағат. Қазіргі таңда мұрағат 1 миллион 300 шамасындай құжаттар сақтап отыр.
70 жыл бұрын (1941) қазақ ақыны Жамбыл неміс фашистерінің қоршауында қалған Ленинград қаласының қорғаушыларына «Ленинградтық өрендерім!» өлеңін арнады. Ақынның бұл жыры майдандағы әр ұлттан құралған жауынгерлердің бәрінің де жүрегіне жетіп, жігерін қайрады, рух берді.
50 жыл бұрын (1961) Қазақстан Республикасының Ішкі әскерлерінің әскери апталық «Қалқан-Щит» газеті шыға бастады. Бастапқыда «На боевом посту» және «Дзержинец» деген атаулармен шыққан. Ұзақ жылдар бойы жабық басылым болып, «Бөлімнен шығарылмасын» деген белгі қойылып отырған. Газет құрылымында әскери қызмет және әзірлік, әлеуметтік-тұрмыстық мәселелер, хат-хабар және бұқаралық жұмыс бөлімдері бар. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Ішкі әскерлерінің тыныс-тіршілігін жазатын бұл басылым қазақ және орыс тілдерінде Астана қаласынан шығады.
10 жыл бұрын (2001) Астана қаласында «Шежіре» галереясының алғашқы экспозициялық жұмыстары Әбдірашит Садыхановтың жеке сурет көрмесінен басталды. Содан бері аталмыш галереяның көрмелері дәстүрлі түрде өткізіліп келеді. Галереяның ашылуындағы басты мақсат - Қазақстан суретшілерінің туындыларын, ұлттық қолөнер бұйымдарын насихаттап, қазақтың салт-дәстүрін дәріптеу. Галереяда қазақстандық және шетел бейнелеу өнер шеберлерінің, атап айтқанда Марат Бекеевтің «Смута», Гүлмира Телғазиеваның «Сәукеле», апалы-сіңлілі Габолардың «Аромат Востока», т.б. жаңа ізденістерге толы туындылары болды.
ҚЫРКҮЙЕКТІҢ 5-І, ДҮЙСЕНБІ
ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР
78 жыл бұрын (1933) Алматыда М.Лермонтов атындағы республикалық орыс драма театры ашылды. Бұл Қазақстандағы байырғы, ең үлкен театрлардың бірі. Театр ұжымы алғаш Семейде ұйымдастырылып, кейін Алматыға ауыстырылған. Сахна пердесін тұңғыш рет К.Треневтің «Любовь Яровая» пьесасымен ашты. 1964 жылы орыс ақыны М.Лермонтовтың 150 жылдық мерейтойына орай театрға оның есімі берілді. Театр труппасы 1974 жылы Мәскеуге гастрольге барып, үлкен жетістікпен оралған соң, академиялық театр атағын алды.
11 жыл бұрын (2000) Атырау қаласында Дина Нұрпейісова атындағы «Бұлбұл домбыра» атты әйел домбырашылар арасында екінші республикалық байқаудың ашылу салтанаты болды. Үш күн бойы Қазақстанның шартарабынан келген 44 орындаушы халық аспабында сайысқа түсті. Осы байқау аясында Атырау қаласындағы жаңа алаңда Дина Нұрпейісованың ескерткіші ашылды.
11 жыл бұрын (2000) Алматыда израильдік «Ормат» компаниясы Қазақстанның Денсаулық сақтау ісі жөніндегі агенттігі Медициналық апат орталығының жылжымалы дала госпиталіне 100 млн доллардың құрал-жабдықтарын берді.
10 жыл бұрын (2001) Павлодар қаласында Мәшһүр Жүсіп мешітінің ашылу салтанаты болды. Мешіт сегіз қырлы, бұл - Дешті Қыпшақтардың сәулет үлгісіне жатады. Оның үстіндегі 8 қырлы жұлдыз - түркі жұртының ортақ рәмізі. Күмбезі - шаңырақ үлгісінде, 4 мұнараның ұзындығы Пайғамбар жасына орай 63 метр. Бір мезгілде 1500 адам намазға жығылуға мүмкіндігі бар, ерлер мен әйелдер залы бөлек. Мұражай, кітапхана, ислам дінін насихаттайтын бейне зал, неке қию бөлмесі бар. Үлкен залдағы гауһар тасты шамның салмағы 3,5 тонна, биіктігі 16,5, ені 6 метр.
6 жыл бұрын (2005) Алматыда Ұлттық тұз өндірушілер қауымдастығы құрылды.
Шараға Азия даму банкі, ЮНИСЕФ пен басқа да халықаралық және үкіметтік емес ұйымдарының өкілдері қатысты.
Қауымдастық жұмысы елдегі тамақ өнімдерін шығарумен айналысатын кәсіпорындармен тығыз байланыс орнатып, тамақ нарығы маркетингі мен йод тапшылығы салдарынан ауруға шалдыққан тұрғындардың денсаулығын қадағалайтын болады. Бағдарлама «Йод тапшылығы ауруларын алдын алу туралы» Қазақстан Республикасының заңы іске асуына байланысты қабылданды.
6 жыл бұрын (2005) Қостанайдағы №23 орта мектеп ғимаратының қасбетіне белгілі ғалым
Манаш Қозыбаевтың (1931-2002) құрметіне ескерткіш тақта орнатылды.
Қазақстанның Ата заңын жасауға атсалысқан тарихшы және заңгер, академик Манаш Қозыбаевтың туған жері - Қостанай өңірі. Ғалымның аты берілген Қостанай мектебінің тәрбие жұмысына марқұмның идеялары мен ойлары негіз болып отыр. Атап айтқанда, бұл білім ошағында «этномәдени диалог» деп аталатын жоба жұмыс істейді. Балалар осы жобаның көмегімен түрлі халықтардың салт-дәстүрлерін танып білуде.
4 жыл бұрын (2007) Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Балқаштағы күкіртті ангидридті кәдеге асыру зауытының ашылу рәсіміне қатысты.
Бұл өндірістегі ең маңыздысы сол, оның арқасында аймақтың экологиялық проблемасы шешілгелі отыр. Күкірт қышқылы өндірісінің іске қосылуы күкірт диоксидінің 99 пайыздан астамын сүзіп алып, оны күкірт қышқылына конверсиялауға мүмкіндік береді.
4 жыл бұрын (2007) қыркүйектің 5-10 аралығында альпинистер бұған дейін ешкім көтерілмеген Іле Алатауының Талғар шатқалындағы Пушкин шыңына шықты.
Теңіз деңгейінен 4387 метр биіктіктегі бұл шың бірде-бір тау биіктігінің классифакторында белгіленбеген. Сондай-ақ осы уақытқа дейін оған бірде-бір альпинистік топ шықпаған.
Пушкин шыңының маршруты ең әдемі шатқалдан басталып, барлық табиғи аймақтарды басып өтеді.
4 жыл бұрын (2007) Оралдағы «Дастан» баспасынан батысқазақстандық қаламгер Қайыр Құрақұланның (Бектұрғанов) «Кері толғау» атты кітабы жарық көрді.
«Кері толғау» деген атпен берілген эсселерінде ұлағатты ата-бабаларының өнегелі үрдісі, өмірдегі ұстанымдары, ірілігі мен мәрттігі сөз болады. 324-беттік қатты мұқабамен шыққан кітап жақсы безендірілген.
Қайыр Құрақұлан - Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі. Негізгі мамандығы математика пәнінің мұғалімі. Сонымен қатар шығармашылық жұмыспен шұғылданады. Оның бірінші «Арман» атты әңгімесі 1965 жылы облыстық «Орал өңірі» газетінің беттерінде жарияланған. Жазушының шығармашылығында балаларға арналған шығармалар ерекше орын алады. 1976 жылы «Ат жалы» атты повесі «Жалын» баспасының жабық конкурсында үшінші орынға ие болған.
2 жыл бұрын (2009) тұңғыш рет қазақ күйі Мәскеудегі Қызыл алаңда өткен «Спасская башня» халықаралық әскери-музыкалық фестивалінде орындалды.
Өнер ұжымына Құрметті қарауыл ротасының командирі капитан Қанат Әзімбаев басшылық жасады, ал Президенттік оркестрдің бастығы подполковник Талғат Бердіғұлов дирижерлік етті. Қазақстандық ұландар домбырамен Құрманғазының күйлерін нақышына келтіре орындап, көрермендерді тәнті етті.
2 жыл бұрын (2009) Павлодар облысы Лебяжі ауданындағы Черное ауылында «СМП-Павлодар» ЖШС-нің кірпіш зауыты іске қосылды.
Құны екі миллион теңге болатын, заманауи қытайлық құрал-жабдықтармен жарақталған кәсіпорын жергілікті кен орнының сапалы сазын пайдаланады.
ЕСІМДЕР
85 жыл бұрын (1926) әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Механика кафедрасының меңгерушісі, техника ғылымының докторы, профессор, Қазақстан Ұлттық Ғылым академиясының академигі, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым қайраткері ЕРШИН Шахбаз Әлімгерейұлы дүниеге келді.
Өзбекстанның Ташкент қаласында туған. Қазақ мемлекеттік университетін және оның аспирантурасын бітірген. 1956-1974 жылдары - Қазақ энергетика ғылыми-зерттеу институтының кіші, аға ғылыми қызметкері. 1974 жылдан Қазақ ұлттық университетінің профессоры, кафедра меңгерушісі болған. Қазіргі уақытта зейнеткерлік демалыста.
Негізгі ғылыми еңбектері күрделі конвективтік тасымалдау теориясының түрлі саласына және осы теорияның іс жүзінде қолданылатын көптеген тарауларына (сорғы ағыс, газды жалын, қасиеттері айнымалы сұйықтықтар қозғалысы, құйынды құбылыстар, т.б.) арналған. Сондай-ақ ол газдағы, плазмадағы және сұйықтықтағы алмасу процестерінің өзара әсерлесу проблемасын зерттеу жұмыстарын басқарып, «Гипердыбыстық тура ақпалы ауа-реактивтік қозғалтқыштардың жұмыстық процесін зерттеу» жөніндегі халықаралық жобаның ғылыми жетекшісі болды. 150 ғылыми еңбектің, оның ішінде 2 монографияның авторы, 3 патент пен 1 авторлық куәлік алған.
Медальдармен марапатталған.
70 жыл бұрын (1941) мемлекет қайраткері, ғалым-агроном, Қазақстан Республикасы дипломатиялық қызметінің еңбек сіңірген қызметкері, ЮНЕСКО жанындағы Халықаралық кадр академиясының корреспондент мүшесі, «Великие звезды», «Фарватер» кітаптарының авторы ЕСҚАЛИЕВ Нәжімеден Ықсанұлы дүниеге келді.
Ресей Федерациясының Астрахан облысында туған. Астрахан педагогикалық училищесін, КСРО Министрлер Кеңесі жанындағы Халық шаруашылығы академиясын бітірген. 1972-1974 жылдары - Батыс Қазақстан облысы Жәнібек аудандық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы. 1974-1983 жылдары - Орал облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы бастығының бірінші орынбасары, 1983-1985 жылдары - Талдықорған аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы. 1985-1986 жылдары - Талдықорған облыстық атқару комитеті төрағасының бірінші орынбасары - облыстық агро өндірісінің төрағасы. 1986-1992 жылдары - Орал облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы, облыстық кеңестің төрағасы. 1992-1993 жылдары - Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің басшысы, Көкшетау облысы әкімдігінің басшысы. 1993-1994 жылдары - Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің кеңесшісі. 1994-1997 жылдары - Қазақстан Республикасының Өзбекстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі, сонымен қатар Тәжікстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі міндетін қоса атқарушы. 1997-1999 жылдары - Қазақстан Республикасының Украинадағы Төтенше және Өкілетті Елшісі, сонымен қатар Молдавадағы Төтенше және Өкілетті Елшісі міндетін қоса атқарушы. 1999-2003 жылдары - Қазақстан Республикасынан ТМД атқару комитеті төрағасының орынбасары. 2003 жылдың қазанынан - «Оралоблгаз» АҚ Директорлар кеңесінің төрағасы болып қызмет атқарған.
Халықтар достығы орденімен, «Тыңға - 50 жыл» мерекелік медалімен марапатталған.
60 жыл бұрын (1951) Қазақ қыздар педагогикалық университеті Хореография кафедрасының меңгерушісі, биші, педагог, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, Мәскеуде өткен жастар мен студенттердің 12-ші Бүкілдүниежүзілік фестивалінің дипломанты, Бельгияда өткен Халықаралық би фестивалі мен 1-ші республикалық бишілер байқауының жүлдегері ІЗІМ Тойған Оспанқызы дүниеге келді.
Ақтөбе облысында туған. Алматы эстрада-цирк өнері студиясын, Алматы театр және кино институтын бітірген. Бишілік өнер жолын Ақтөбе облыстық филармониясында бастап, Торғай мен Целиноград облыстық филармонияларында, «Сазген» ансамблі мен «Алтынай» би ансамблінің құрамында жеке биші ретінде жемісті еңбек етті. 1998-2003 жылдары қазіргі Алматы эстрада-цирк өнері колледжінде педагогикалық қызметпен айналысқан. 2003 жылдан бастап қазіргі қызметінде істейді.
55 жыл бұрын (1956) «Алматыкітап» баспасының редакторы, журналист, жазушы, Қазақстан Республикасы Баспа және полиграфия ісінің қайраткері ОРЫНБАЕВА Әсия дүниеге келді.
Солтүстік Қазақстан облысы Қызылту ауданында туған. Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін сырттай оқып бітірген. Еңбек жолын аудандық «Қызыл Ту» және «Красное знамя» газеттерінде аудармашы болудан бастаған. 1987-2003 жылдары республикалық «Мектеп» және «Жеті жарғы» баспаларының редакторы болған. Тұрар Рысқұлов атындағы Басқару академиясы жанындағы «Экономика» баспасында қызмет істеген. 2009 жылдан бастап қазіргі қызметінде.
Жазушының «Назерке» және «Қызғаныш», «Қоштасу алтыбақаны» атты хикаят пен әңгіме жинақтары жарық көрген. Аударма саласында тәжірибесі мол, Максим Горькийдің «Артамоновтардың ісі», Гюстав Флобердің «Бувар мен Пекюше» шығармаларын, көптеген оқулықтарды, тарихи кітаптарды тәржімалаған.
ҚЫРКҮЙЕКТІҢ 6-Ы, СЕЙСЕНБІ
Чили Республикасының Мемлекеттік мейрамы - Ұлттық ынтымақтастық күні.
Болгария Республикасының Мемлекеттік мейрамы - Шығыс Румелиямен бірігу күні.
Қазақстан Республикасы мен Болгария Республикасы арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылғы маусымның 5-інде орнатылды.
Свазиленд Корольдігінің Ұлттық мейрамы - Тәуелсіздік күні (1968).
ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР
86 жыл бұрын (1925) «Таң» журналында Әлихан Бөкейханов жасаған «Қобыланды» жырының бiрiншi зерттеулерінің нәтижесі жарияланды.
Қазіргі жер бетіндегі мыңдаған этностар санаулы ғана жырларды туғызады. Мысалы, гректердің «Илиада» немесе «Одиссея», үндістердің «Махабхарата» немесе «Рамаяна» сынды жырларын келтіруге болады. Қазақ халқында, егер нұсқаларымен бірге есептейтін болсақ, мыңдаған эпостық шығармалар бар. Тек қана, «Қобыланды батыр» жырының 29 нұсқасы бар екен. «Қобыланды» жыры қазақ жырларының арасында ең көп зерттелген.
Жырдың нұсқалары батыр өмірінің 5 кезеңін көрсетеді - 9 ғасырдан 18 ғасырға дейін, шын мәнінде ол 15 ғасырда Әбілқайырханның тұсында және Қазақ хандығының құрылу кезінде өмір сүрген. Көлемді жыр бірден жасалған жоқ, оны жазу кезінде, ол өмірдің қажеттіліктеріне қарай, тарихи кезеңдерге сәйкес өзгертілді. Бұл тарихи ескерткішті сақтауға және дамытуға көптеген жырауларлар ат салысты, халық ертегілерінің сансыз жолдарын ұрпақтан ұрпаққа өсиет етіп беріп отырған. Қобыланды туралы жырды тұңғыш рет В.Радлов басып шығарды.
84 жыл бұрын (1927) Оралда әйгілі өнер зерттеушісі, Қазақстанның халық әртісі Александр Затаевичтің (1869-1936) ұйымдастырған алғашқы қазақ музыкасының кеші болып өтті.
Кеңес өкіметі орнағаннан кейін қазақ даласына келген А.Затаевич әуелі «Қазақ халқының 1000 әнін», содан кейін «500 ән-күйді» жинап бастырғаны белгілі. Ол қазақ ән-күйін жинап қана қоймай, қазақ өнерпаздарының Мәскеуде өнер көрсетіп, таныла түсуіне атсалысты. Ал 1923 жылғы 24 қазанда Мәскеуде ол тұңғыш рет қазақ музыкасының кешін ұйымдастырды. 1927 жылы осындай концерт Мәскеу консерваториясында қойылып, онда орыс ұлт аспаптар оркестрі А.Затаевич өңдеген күйлерді орындады.
51 жыл бұрын (1960) Өзбекстанда қазақ әдебиеті мен өнерінің күндері болып өтті.
17 жыл бұрын (1994) Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетінің қаулысымен «Қуат» холдинг-компаниясы мен «Амлон Трейдинг ЛТД» британ фирмасы негізінде «ҚуатАмлонМұнай» атты алғашқы жеке мұнай компаниясы құрылды.
11 жыл бұрын (2000) Нью-Йоркте БҰҰ Бас Ассамблеясының 55-ші мерекелік сессиясы басталды. Оған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қатысып, баяндама жасады.
11 жыл бұрын (2000) Алматыда Орталық Азия кен өнеркәсіп одағының ұйымдастыруымен «Қазақстандағы кен ісі. Жай-күйі және перспективалары» атты бірінші халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өз жұмысын бастады. Жеті елден жиналған 700-ден астам маман осы саланың дамуы, жаңа өндірістік және инженерлік технологиялар, жер қойнауын пайдалану процестерін реттеу туралы баяндамалар жасады.
6 жыл бұрын (2005) Алматыдағы Қазақстан-Жапон орталығында «Аки» атты деректі фильмінің таныстырылымы болып өтті.
Ұйымдастырушысы - Жас PR-мамандар қауымдастығы, Қазақстан-Жапон орталығы және Bugs продакшн-студиясы.
«Аки» қысқа метражды деректі фильмі Қазақстанның аумағында өмір сүрген жапон әскери тұтқындары туралы баяндайды. Фильмді отандық деректеушілер түсірген.
Фильмнің негізіне хроникалық кадрлармен қоса жапон жауынгерлерінің қәбірдегі сүйектерін шығарып және оларды елдеріне қайтарылғаны туралы жасалған жұмыстар да енген.
6 жыл бұрын (2005) Оралда Социалистік Еңбек Ері Вардан Чамчиян тұрған үйдің қасбетіне ескерткіш тақта орнатылды.
Вардан Чамчиян (1916-2005) Тбилиси қаласында туған. Ол 1954 жылы Батыс Қазақстанға қоныс аударды. Тың жерлерді игеріп, астық өнімін дамытуға өз үлесін қосты. «Пермь» ұжымшарының бас агрономы, ал 1957 жылдан бастап оның директоры болды. Ол басқарған шаруашылық аймақтағы алдыңғы қатардағы бес кеңшардың бірі болды. 1966 жылы Вардан Шноркович Чамчиянға Социалистік Еңбек Ері атағы берілді. Ленин орденімен марапатталған.
4 жыл бұрын (2007) Семей аумағындағы Баженов ауылында жаңа мешіт ашылды.
Бұл бес мыңға тарта тұрғыны бар аумақтағы бірінші мешіт. Мешітке бір уақытта 200 адам мінажат ете алады.
75 жыл бұрын (1936) «КСРО халық әртісі» атағы бекітілді.
20 жыл бұрын (1991) Шешенстан тәуелсіздігін жариялады.
ЕСІМДЕР
105 жыл бұрын (1906-1972) ғалым, әдебиет зерттеушісі, жазушы, әдебиеттанушы, аудармашы, сыншы, тарихшы, филология ғылымының докторы ТАЛЖАНОВ Сәйділ Омарұлы дүниеге келді.
Қарағанды облысының Нұра ауданында туған. Ташкенттегі Орта-Азия мемлекеттік университетін, Қазақ педагогикалық институтын (қазіргі Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті) бітірген. Қазақ КСР Оқу министрлігінде, Ауыл шаруашылығы институтында, Қазақ мемлекеттік көркем әдебиет баспасында, Қазақ КСР Ғылым академиясында қызмет істеді.
Алғашқы әңгімелері 1927 жылы жарияланды. «Ұстаның үйі», «Сейфолланың Сәкені», «Адам туралы аңыз» повестері жарық көрген. Ғылыми еңбектерінің негізгі тақырыбы көркем аударма теориясы, проблемалары және әдеби байланыстарға арналған. Ол Александр Пушкин, Максим Горький, Федор Достоевский шығармаларын қазақ тіліне, Сәкен Сейфуллин, Мұхтар Әуезов, Бейімбет Майлин шығармаларын орыс тіліне аударды. Сонымен қатар өзі де бірқатар шығармалар мен әдеби құнды еңбектердің авторы.
60 жыл бұрын (1951) Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Стратегиялық зерттеулер институтының директоры, тарих ғылымының докторы, доцент, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері СҰЛТАНОВ Болат Қылышбайұлы дүниеге келді.
Алматы қаласында туған. Қазақ мемлекеттік университетін, Мәскеу мемлекеттік университетінің аспирантурасын бітірген. 1983-1993 жылдары - Қазақ мемлекеттік университетінің ассистенті, аға оқытушысы, тарих факультеті сырттай бөлімінің деканы, доценті. 1993-1995 жылдары - Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі Батыс Еуропа елдері бөлімінің бірінші хатшысы, меңгерушісі. 1995-2000 жылдары - Қазақстан Республикасының Германия Федеративті Республикасындағы Елшілігінің бірінші хатшысы, кеңесшісі. 2000-2001 жылдары - Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының бөлім меңгерушісі, директор кеңесшісі, бірінші орынбасары. 2001-2002 жылдары - «Сыртқы саясат және анализ орталығы» ЖАҚ-ының директоры, «Қазақстан және қазіргі әлем» журналының бас редакторы. 2002-2004 жылдары - Қазақстан Республикасының Германия Федеративті Республикасындағы Елшілігінің кеңесші елшісі. 2004 жылдан бастап Қазақстан Республикасының бірінші Президенті қоры жанындағы Әлемдік экономика және саясат институты директорының бірінші орынбасары болған. Қазіргі қызметінде 2006 жылдан бастап істейді. 2007 жылдан - Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі жанындағы Қоғамдық палата кеңесінің мүшесі.
Халықаралық қатынастар және қауіпсіздік жағдайы турасындағы 10 кітаптың, 200-ге жуық мақаланың авторы. Қазақстан Стратегиялық зерттеулер институтының 4 ғылыми журналына жетекшілік етеді: «Общество и эпоха», «Казахстан-Спектр», «Analytic», «Central Asia's affairs».
«Қазақстан Республикасы Конституциясына 10 жыл», «Астанаға 10 жыл» медальдарымен, Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың үш алғыс хатымен марапатталған.
60 жыл бұрын (1951) Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік ұлт аспаптар оркестрінің көркемдік жетекшісі, домбырашы, күйші, Қазақстаннның халық әртісі, Құрманғазы атындағы I республикалық орындаушылар байқауының лауреаты ШӘМЕЛОВ Тұяқберді Қажыгерейұлы дүниеге келді.
Батыс Қазақстан облысының Жаңақала ауданында туған. Алматы консерваториясын (қазіргі Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы) бітірген. 1970 жылдан Қазақ академиялық халық аспаптары оркестрі құрамында домбырашы, концертмейстер және жеке орындаушы ретінде қызмет етеді.
Оның орындаушылық репертуарынан қазақ халық композиторларының (Абыл, Дәулеткерей, Дина, Құрманғазы, Мәмен , Сейтек, Тәттімбет, т.б.) күйлері мол орын алды. Ол бірнеше ән-күйлердің авторы. Гастрольдік сапармен шет елдерде (Ауғанстан, Италия, Корея, Қытай, Португалия, т.б.) болып өнер көрсетті.
40 жыл бұрын (1971) Қарағанды облысы Приозерск қаласының әкімі ӨТЕШЕВ Ерлан Амантайұлы дүниеге келді.
Қарағанды облысында туған. Қарағанды политехникалық институтын бітірген. «ГпинКар» бірлескен кәсіпорнында диспетчер болып қызмет атқарған. 1998-1999 жылдар аралығында «Бүркіт» өндірістік кооперативі қауіпсіздік қызметінің қызметкері. 2000-2001 жылдары - Шахтинск қаласы әкімі аппаратының жетекші маманы. 2001-2002 жылдары - Новодолинский ауылы әкімінің орынбасары. 2002-2004 жылдары - Шахтинск қаласы әкімінің орынбасары, Ішкі саясат және әлеуметтік сала бөлімінің бастығы. 2004-2005 жылдары - «Тентек жылу энергетика стансасы» ЖШС атқарушы директоры. 2005-2006 жылдары - «Федотов А.В. «Дизель-Плюс» жеке кәсіпкерлігінің коммерциялық директоры. 2006-2007 жылдары - Қарағанды қаласы әкімі аппаратының бас маманы. 2007-2009 жылдары - Қарағанды облысы әкімі аппаратының Ұйымдастыру жұмыстары бөлімінің меңгерушісі, бас инспекторы. 2009-2011 жылдары - Қарағанды облысы Шахтинск қаласының әкімі. Қазіргі қызметінде 2011 жылдың қаңтарынан бастап істейді.
ҚЫРКҮЙЕКТІҢ 7-І, СӘРСЕНБІ
Соғыс ойыншықтарын жою күні. Бұл күн 1988 жылы Дүниежүзілік ата-аналарының қамқорлығынан айрылған және жетім балаларға көмек қауымдастығының бастамасы бойынша алғаш рет аталып өтті. Осы күні соғыс ойыншықтарын тәттілерге және жұмсақ ойыншықтарға ауыстыру қабылданған.
Бразилия Федеративті Республикасының Ұлттық мейрамы - Тәуелсіздік күні (1822).
Бразилия - Оңтүстік Америкада орналасқан мемлекет. Астанасы - Бразилиа. Мемлекеттік тілі - португал тілі. Ақша бірлігі - реал.
Қазақстан Республикасы мен Бразилия Федеративті Республикасы арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1993 жылғы қыркүйектің 22-інде орнатылды.
ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР
10 жыл бұрын (2001) Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Ақтау қаласында өткен бірнеше іс-шараға: паром терминалының, қаланың «Ынтымақ» алаңындағы «Достық» монументінің ашылу салтанатына және Қазақстан жастарының бірінші конгресіне қатысты.
7 жыл бұрын (2004) Елбасының өкіміне сәйкес Бесландағы лаңкестік актінің салдарынан қаза тапқандарды қазақстандықтар жалпыұлттық бір минут үнсіздікпен еске алды. Түс мезгілінде Қазақстанның барлық телеарналары мен радиостансалары хабар таратуын бір минутқа тоқтатты.
6 жыл бұрын (2005) Павлодардың «Космос» жастар-демалыс орталығында әртіс әрі кинорежиссер Қуат Әбусейітовке арналған ескерткіш тақта орнатылды. Осыдан бастап жастардың демалыс орталығы қазақ киносы шеберінің есімімен аталатын болды. Ескерткіш тақтаны ашу салтанатына қатысқан облыс әкімі Қайрат Нұрпейісов бар өмірін өнер жолына арнаған режиссер Қ.Әбусейітовтің ұлттық киноны дамытуға қосқан үлесінің зор екендігін атап көрсетті. Өзінің кіндік қаны тамған Баянауылдың даңқын аспандатқан жерлестеріне арналған кеште актер, кинорежиссер, сазгер әрі ақын Қуат Әбусейітов туралы фильмнің тұсаукесері болды. Атағына кісілік қасиеті сай болған осы адам туралы Алматыдан келген туыстары, кинематографистер, павлодарлықтар сөз сөйлеп, құрметпен еске алды.
4 жыл бұрын (2007) Алматыда әл-Фараби даңғылы мен Фурманов көшелерінің қиылысындағы жол айырығы ашылды.
Ажыратым екі деңгейде тұрғызылған тоннель әл-Фараби даңғылының бойымен Фурманов көшесінің астынан өтеді, тоннельдің ұзындығы 71 метр. Ажыратымның жалпы ұзындығы 958 метр. Фурманов көшесінің бойымен 4 жолақты қозғалыс және әл-Фараби даңғылының бойымен 6 жолақты қозғалыс, сондай-ақ тоннельдің екі бетінің бойында 3 жолақты түспежол көзделген.
4 жыл бұрын (2007) Шығыс Қазақстан облысының Глубокое кентінде «ИЗАТЕМ» базальт таужынысынан минерал-мақта бұйымдарын өндіретін жаңа зауыт ашылды.
Минеральды бұйымдардың жоғары деңгейдегі отқа төзімділік қасиеті бар және олар жанбайтын материалдар тобына жатады, оны ғимараттың отқа төзімді құрылымында пайдалануға болады.
Бұл әлемдік талаптарға сай жасалған Қазақстандағы жалғыз зауыт болып саналады. «Изатем» зауыты «Восток-Универсал» өндiрiстiк-өнеркәсiптiк кешенiнiң бiрiншi кезектісi болып табылады. Зауыттың іске қосылған бірінші желісінің қуаттылығы жылына 28 мың тонна дайын өнім. Өнімнің 40 пайызы Ресей Федерациясының Батыс Сібір және Орталық Азия елдерінің нарығына экспортталады.
2 жыл бұрын (2009) Астанада бірінші Орталық Азиядағы Эстония Республикасының консулдігі ашылды.
Салтанатты шараға Эстония Республикасының Премьер-министрі Андрус Ансип, Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігінің өкілдері, бизнесмендер қатысты.
2 жыл бұрын (2009) Петропавлда ауған-тәжік шекарасында қаза болған жауынгерлердің құрметіне ескерткіш ашылды.
Жиналғандар есімі гранит тақтасына қашалып жазылған қаза болған 17 жауынгерді бір минуттық үнсіздікпен еске алды.
2 жыл бұрын (2009) Талдықорғанда Қазақстан ардагер-энергетиктерінің І съезі болып өтті.
Пікірталас нәтижесінде энергетикалық дағдарыс проблемалары мен оларды шешу жолдары баяндалған қарар қабылданды.
90 жыл бұрын (1921) Маргарет Горхэм Американың алғашқы сұлулық байқауының жеңімпазы атанды.
ЕСІМДЕР
170 жыл бұрын (1841-1918) халық композиторы, әнші-ақын, күйші-домбырашы МЕРАЛЫҰЛЫ Мұхит (Мұхамбеткерей) дүниеге келді.
Әбілқайыр әулетінен шыққан, Қаратай сұлтанның немересі. Оның туған ағалары Паңгерей, Шәңгерей, Сақыпкерей, Жанша, Жүсіп өнерпаз адамдар болған. Мұхит Орынбор, Қостанай, Жаманқала (Орск), Қазалы, Троицк, Ақтөбе, Арал, Атырау өңірлерін аралап, «Әнші Мұхит», «Сал Мұхит» атанды. Оның «Дүние-ай», «Зәуреш», «Паң көйлек», «Қыпшақ», «Дөң асқан», «Кербез» әндері әншілік өнерінің сан қырлы табиғатын ашады. Ойлы да қуатты, нәзік те сырлы, мөлдір лиризмге тұнған әндерін асқан шеберлікпен орындай жүріп, өзінің әншілік дәстүрін қалыптастырды. Александр Затаевич «Қазақ халқының 1000 әні» және «Қазақтың 500 ән мен күйі» кітабында Мұхитты «қазақтың Баяны» атап, Қазақстанның батысында Мұхиттың шығармашылығын белгілі ән мектебі деп қарау керек» деп жазды. Ол тек әнші, ақын ғана емес, күйшілік өнерімен де танылды. Боғда, Есбай, Тазбала, Сәулебай, Абыл күйлерін өте әсерлі орындап, өзі де күй шығарды. Мұхиттың әншілік, ақындық, күйшілік мұрасын біздің заманға балалары - Шоң мен Нәу, немерелері - Шайхы, Лұқпан, Ғұбайдолла жеткізді. Қазақстан композиторлары Мұхиттың туындыларын өздерінің шығармаларында кеңінен пайдаланды. Евгений Брусиловский Мұхиттың «Алуаш» әнін «Жалбыр», «Үлкен Оразын» - «Қыз Жібек», «Дүние-ай» әнін «Ер Тарғын» операларына пайдаланды.
ҚЫРКҮЙЕКТІҢ 8-І, БЕЙСЕНБІ
Халықаралық сауаттандыру күні. 1966-ншы жылы ЮНЕСКО Тегеранда 1965-інші жылдың қыркүйегінде өткен «Бүкіләлемдік сауатсыздықты жою бойынша білім министрлері конференциясының» ұсынысы бойынша жыл сайын Халықаралық сауаттандыру күнін өткізуді жариялады. Қыркүйектің 8-і - осы конференцияның салтанатты ашылған күні.
Бұл күн ЮНЕСКО іс-қимылының басты салаларының бірі болып табылатын сауаттандыруды тарату жөніндегі қоғам күш-жігерін жандандыруға шақырады.
2002-нші жылы БҰҰ БасАссамблеясы 2003-інші - 2012-інші жылдар аралығын Сауаттандырудың онжылдығы деп жария етті.
Журналистердің халықаралық ынтымақ күні (1958). Бұл - чех журналисі Юлиус Фучикті гитлершілердің Берлин түрмесі - Плетцензеде айуандықпен өлтірген күні. Жалынды журналисті еске алу мақсатында Халықаралық журналистер ұйымының Бухаресте өткен 4-ші конгресінің шешімі бойынша атап өтіледі.
Блокада құрбандарын еске алу күні. 2006 жылғы қыркүйектің 8-інде Ұлы Отан соғысы тарихындағы ең қайғылы оқиғалардың бірі - 900 күнге созылған Ленинград қоршауына 70 жыл толады.
ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР
11 жыл бұрын (2000) Алматыда Қазақстанның тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 60 жылдық мерейтойына арналған «Болашаққа сеніммен» атты фотоальбомның тұсаукесер рәсімі өтті. «Отан» партиясының ұйымдастыруымен жарық көрген альбомда Елбасының жеке мұрағатынан алынған суреттер пайдаланылған.
10 жыл бұрын (2001) Астанада Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә.Назарбаев «Қазақстан картасы: «Атамекен» деп аталатын жаңа этномемориалдық парктің салтанатты ашылу рәсіміне қатысып, оның лентасын қиды. Бұл картада Қазақстанның барлық аймақтары қамтылып, еліміз аумағында орналасқан 100-ден астам нысан түпнұсқасынан айнымайтындай етіп көрсетілген. Олардың арасында қалалар, ондағы басқару мекемелері, мәдениет ошақтары, ірі өндіріс орындары, тарихи ескерткіштер қамтылған.
7 жыл бұрын (2004) Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан-Австрия қарым-қатынастарын дамытуға қосқан елеулі үлесі, екі мемлекет арасындағы сан тарапты байланыстарды орнатуға тигізген ықпалы үшін Австрияның бұрынғы канцлері Франц Враницкийді І дәрежелі «Достық» орденімен марапаттау туралы Жарлыққа қол қойды.
6 жыл бұрын (2005) Астанада Қазақстан Республикасы Үкiметтiк емес ұйымдардың Ұлттық ақпараттық қор орталығының және оның ресми сайтының таныстырылымы болды.
Басты мақсат - жаңа ақпараттық технологияларды енгiзуi арқылы мемлекеттiк органдар және үкiметтiк емес ұйымдарды тиiмдi және конструктивтiк iстестiк тетiгiн әбден жетiлдiру болып табылады.
4 жыл бұрын (2007) Қобда ауданының Жиренқопа ауылында Қобыланды батырдың мемориалдық кешені салтанатты түрде ашылды.
Авторы - сәулетші Бек Ибраев. Қобда жағалауындағы мемориалдық кешен әскери тақырыпта салынған. Әскери бас киіміне ұқсатып жасалған дөңгелек ғимарат бұрынғы жерленген жерде бой көтерді. Мавзолейге бара жатқан жолда меңгір-тастары орнатылған, олар қолбасшының тыныштығын сақтайтын сарбаздар сияқты. Шетінде әскери жебеге ұқсатылып жасалған ғимарат, онда кішігірм мұражай және саяхаттанушыларға арналған қонақ үй бар.
4 жыл бұрын (2007) қыркүйектің 8-9 күндері Щучинск-Бурабай демалыс аумағында Қазақстан Республикасының «Білім туралы» жаңа заңына арналған «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ-ның кубогына І республикалық дебаттық турнирі болып өтті.
Шараның ұйымдастырушысы - Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі, «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ.
2 жыл бұрын (2009) қыркүйектің 8-12 аралығында Астана мен Алматыда «Үнді мәдениеті мен асханасының апталығы» фестивалі болып өтті.
ЕСІМДЕР
100 жыл бұрын (1911-1994) Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген зоотехнигі, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты СУББОТИН Виктор Яковлевич дүниеге келді.
Ресей Федерациясының Пермь облысында туған. Мәскеу зоотехникалық институтын бітірген. 1946-1947 жылдары - Қазақ КСР Мал шаруашылығы министрлігі басқармасы бастығының орынбасары. 1947-1953 жылдары - Қазақ КСР Совхоздар министрлігі Мал шаруашылығы басқармасы бастығының орынбасары, бастығы, министрдің орынбасары, Ауыл шаруашылығы және дайындау министрлігі Бас совхоздар басқармасының бастығы. 1953-1954 жылдары - Қазақ КСР Совхоздар министрінің орынбасары. 1954-1964 жылдары - Қазақстан Компартиясы Орталық комитеті бөлім меңгерушісінің орынбасары, ауыл шаруашылығы бөлімінің меңгерушісі. 1964-1978 жылдары Қазақ КСР Ауыл шаруашылығы министрі, министрдің орынбасары болған. 1978 жылы зейнет демалысына шыққан.
3 мәрте Еңбек Қызыл Ту, 3 мәрте «Құрмет белгісі» орденімен, медальдармен марапатталған.
75 жыл бұрын (1936) Халел Досмұхамедұлы атындағы Атырау мемлекеттік университеті ректорының кеңесшісі, тарих ғылымының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Қоғамдық ғылымдар академиясының академигі ТАБЫЛДИЕВ Хисмет Бозанұлы дүниеге келді.
Атырау облысының Махамбет ауданында туған. Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтын бітірген. 1963-1994 жылдары - Гурьев педагогикалық институтының оқытушысы, аға оқытушысы, доценті, деканның орынбасары, проректоры, ректоры. 1994-2000 жылдары - Атырау университетінің ректор-үйлестірушісі, ректоры, ректордың кеңесшісі. 2000-2003 жылдары - Атырау облыстық мәслихатының депутаты, хатшысы. 2003-2008 жылдары - «Атырау» газеті бас редакторының орынбасары. Қазіргі қызметінде 2008 жылдың қыркүйегінен бастап істейді.
Үш томдық «Боздақтар» жинағының, Атырау облысы энциклопедиясының, «Ақтаңдақтар ақиқаты», «Құрманғазы», «Кіші жүз руларының тарихы мен шежіресі», «Сауатсыздықтан білім шыңына», «Сарайшық», «Қазақстанда сауатсыздықты жоюдың қиыншылықтары» монографияларының, 200-ге жуық ғылыми еңбектің авторы. Облыстық ономастикалық комиссияның мүшесі болып табылады, Гурьев қаласының атауын Атырау, Ембі ауданын - Жылыой қылып өзгертуге ат салысқандардың бірі.
«Парасат» орденімен, «Еңбек ардагері», «Ерен еңбегі үшін», «Қазақстанның 10 жылдығы», «Қазақстан Республикасының Парламентіне 10 жыл», «Қазақстан Республикасы ғылымының дамуына қосқан үлесі үшін», «Каспий маңы жоғары оқу орындары қауымдастығының 10 жылдығы» медальдарымен, құрмет грамоталарымен марапатталған.
75 жыл бұрын (1936) әскери және саяси қайраткер, отставкадағы генерал-майор, журналист, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің еңбек сіңірген қызметкері ҚАЛМАТАЕВ Мұрат Дүйсенбіұлы дүниеге келді.
Шығыс Қазақстан облысының Жарма ауданында туған. Қазақ мемлекеттік университетін (қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті), Алматы жоғары партия мектебін бітірген. 1959-1965 жылдары - Семей облысы, Көкпекті ауданы комсомол комитетінің бірінші хатшысы, аудандық «Жұлдыз» газетінің редакторы. 1967-1975 жылдары - Семей облыстық партия комитетінің нұсқаушысы, партиялық-ұйымдастыру бөлімі меңгерушісінің орынбасары. 1975-1980 жылдары - Қазақстан коммунистік партиясы орталық комитетінің инспекторы. 1980-1983 жылдары - Орал облыстық партия комитетінің хатшысы. 1983 жылы республикалық Ішкі істер министрлігінің жаңадан ұйымдастырылған саяси бөлімі бастығы болып тағайындалды. Оның азаматтық тұлғасы желтоқсан оқиғасы кезінде айқын көрінді. Республика Бас прокурорына, Қазақстан коммунистік партиясы орталық комитетінің 2-хатшысына кіріп, алаңда заңсыздыққа жол беріліп жатқанын айтып, бұл тағылықты тоқтатуды талап етті. Әділдік жолындағы осы заңды әрекеттері үшін «өз қызметіне лайықсыз адам» ретінде Ауғанстан соғысына жөнелтілді. 1988-1989 жылдары Ауғанстан соғысында бірнеше жауапты операцияларға қатысып, басшылық етті. Майданнан аман-есен елге оралып, 1989-1994 жылдары Семей облыстық Ішкі істер басқармасын басқарды. 1995 жылы Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің кеңесшісі болып тағайындалып, 1995-1997 жылдары «Сонар» фирмасының вице-президенті болды. 1996 жыллдан - «Намыс» ЖШС-інің директоры, ал 2000 жылдың қыркүйегінен - «Намыс-Секьюрити» ЖШС-інің президенті болып қызмет атқарған.
«Құрмет белгісі», Қызыл Жұлдыз, Халықтар достығы, «Отан күзетінде» ордендерімен, көптеген КСРО және шет ел медальдарымен марапатталған.
55 жыл бұрын (1956) журналист, Қазақстан Жастар одағы сыйлығының иегері ПАРМАНҚҰЛОВ Сапарбай Нұрпейісұлы дүниеге келді.
Оңтүстік Қазақстан облысының Жетісай ауданында туған. Қазақ мемлекеттік университетін (қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) бітірген. «Қазақстан пионері» газетінде тілші, аға тілші, бөлім бастығы болып қызмет атқарған. 1980-1992 жылдары - «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас алаш») газетінде тілші, аға тілші, бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы. 1992-1997 жылдары - «Жас алаш» газеті бас редакторының бірінші орынбасары. 1997-1999 жылдары - «Аркас» баспа үйінің президенті. 1999-2006 жылдары - «Алматыжарнама» коммуналды мемлекеттік кәсіпорнының бас редакторы, дизайн-студияның басшысы. 2006 жылдың наурызынан - «Дала мен қала» газетінің бас редакторы, 2009 жылдың мамырынан - «Нұр-Медиа» Баспа үйі» ЖШС-інің бас директоры.
Медальмен марапатталған.
ҚЫРКҮЙЕКТІҢ 9-Ы, ЖҰМА
Әсемдіктің бүкілдүниежүзілік күні. Халықаралық Эстетика және косметология комитетінің (СИДЕСКО) бастамасы бойынша атап өтіледі.
Корей Халық Демократиялық Республикасының Ұлттық мейрамы - КХДР-дің құрылған күні (1948).
Тәжікстанның Мемлекеттік мейрамы - Тәуелсіздік күні. 1991 жылы Мемлекет тәуелсіздігі туралы декларация қабылданды.
Қазақстан Республикасы мен Тәжікстан Республикасы арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1993 жылғы қаңтардың 7-інде орнатылды. Қазақстан Республикасының Тәжікстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі - Әбілдаев Ерлан Әділханұлы. Тәжікстан Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі - Акбаршо Искандарович Искандаров.
ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР
6 жыл бұрын (2005) Қазақстан Республикасы Бас прокурорының бұйрығымен Екібастұзда Қазақстандағы тұңғыш базалық прокуратура ашылды. Онда Павлодар және Шығыс Қазақстан облыстары прокуратураларының жас қызметкерлері кәсіби дайындықтары деңгейін көтереді.
6 жыл бұрын (2005) Астанада Қазақстанның алғашқы Ұлттық жастар дельфий ойындары ашылды.
Дельфий ойындары - классикалық және заманауи жанрдағы өнерлердiң барлық түрін бiрiктiретiн мәдени форум. Бұл фортепиано және скрипка, баян және халық билері, эстрадалық ән салу және театр, цирк және фотосурет, плакат және теледидарлар. Шара аясында Ұлттық ойындар конкурсы 14 номинация бойынша өтті.
6 жыл бұрын (2005) Алматыда Балқаш-Алакөл бассейндік кеңесінің алғашқы мәжілісі болып өтті.
Ұйымдастырушысы - Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылық министрлігінің Су ресурстары комитеті және Қазақстандағы су қорларын бірлесіп басқару және суды қорғау жоспарын әзірлеу жөніндегі БҰҰ Даму бағдарламасы жобасының техникалық қолдауымен Балқаш-Алакөл бассейні.
Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы мен Қоршаған ортаны қорғау министрлігінің аумақтық бөлімшелері, Балқаш-Алакөл бассейндік су шаруашылығы және жергілікті төтенше жағдайлар басқармаларының қызметкерлері мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысқан бұл басқосуда Бассейн кеңесін құру туралы шешім қабылданып, оған мүше азаматтардың тізімі бекітілді, кеңестің ережесі мен жоспары қаралды.
6 жыл бұрын (2005) Алматыда «Қауымдасқан қазақтың Қалдарбегі» атты естелік кітабы жарық көрді.
Кітап қазақтың белгілі жазушысы, Қазақтан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, Бүкіләлемдік қазақтар қауымдастығы алқасы төрағасының бірінші орынбасары қызметін атқарған Қалдарбек Найманбаевқа (1939-2004) арналған.
Кітаптың тысында жазушының өз қолымен жазған сөздері келтірілген. Екі бөлімнен тұрады: бірінші бөлімінде Қ.Найманбаевтың саяси, мемлекеттiк және қоғамдық қызметiндегі зор еңбектері жазылған; екінші бөлімі жазушының шығармашылығына, қазақ ұлттық әдебиетінің дамуына қосқан зор үлесіне арналған.
Қалдарбек Найманбаев шығармашылық қызметін «Лениншіл жас» газетінен бастаған. Кейінен басқа республикалық баспаларында жетекшілік қызметтерін атқарған. Жазушының шығармаларының ішіндегі ең танымал кітаптары: «Үміт өткелі», «Даңқ тұғырында», «Көктөбе», «Біз сені тосамыз, Гүлзат», «Алыс сапар». 1992 жылы Қ.Найманбаев Бүкіләлемдік қазақтар қауымдастығы алқасының төрағасы болып сайланған және осы лауазымында өмірінің соңына дейін қызмет атқарған.
2 жыл бұрын (2009) Астанада «2009-2012 жылдарға арналған Қазақстан Республикасындағы адам құқықтары саласындағы ұлттық іс-қимыл жоспарының» таныстырылымы болып өтті.
Ұсынылып отырған ұлттық жоспар адам құқықтары жөніндегі заңнаманы, адам құқығын қорғаудың жүйесін, сондай-ақ халықтың өз құқықтары тұрғысында қорғану тетігі бойынша нақты қадамдарды қарастыратын топтастырылған бағдарлама болып табылады.
Жоспардың тұжырымдамалық бөлімінде адамның азаматтық, саяси, әлеуметтік, экономикалық және мәдени құқығына қатысты мәселелері талданған.
235 жыл бұрын (1776) Америка Құрама Колонияларының жаңа атауы болып Америка Құрама Штаттары бекітілді.
85 жыл бұрын (1926) американдық Эн-Би-Си телекомпаниясы құрылды.
ЕСІМДЕР
45 жыл бұрын (1966) Халықаралық бизнес академиясының проректоры, заң ғылымдарының кандидаты, әділет полковнигі НҮСЕНОВ Жолдасбек Мүслімұлы дүниеге келді.
Оңтүстік Қазақстан облысының Сайрам ауданында туған. Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген. 1990-1995 жылдары - Еңбекші ауданы прокуратурасының тергеушісі, Оңтүстік Қазақстан облысы Прокуратурасының маңызды істер жөніндегі тергеушісі, аға тергеушісі. 1995-1996 жылдары - Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша Мемлекеттік тергеу комитеті басқармасы бастығының орынбасары, бөлім бастығы, аса маңызды істер жөніндегі тергеуші. 1996-1997 жылдары - Қазақстан Республикасы Мемлекеттік тергеу комитеті төрағасы хатшылығының басшысы, көмекшісі. 1997-1998 жылдары - Қазақстан Республикасым Бас әскери прокурорының аға көмекшісі. 1998-1999 жылдары - Қазақстан Республикасы Бас әскери прокуратурасы Ұйымдастыру бөлімінің бастығы. 1999 жылы - Қазақстан Республикасы Ішкі әскері әскери прокуроры. 1999-2000 жылдары аралығы - Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі төрағасының кеңесшісі. 2000-2004 жылдары - Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі төрағасы хатшылығының меңгерушісі. 2005-2008 жылдары - Жалпыхалықтық социал-демократиялық партиясы орталық аппаратының басшысы. 2008 жылдың желтоқсанынан - қазіргі қызметінде.
Медальдармен, Қазақстан Республикасының Құрмет грамоталарымен марапатталған.
ҚЫРКҮЙЕКТІҢ 10-Ы, СЕНБІ
Өзін-өзі өлтірудің алдын алудың бүкіләлемдік күні (ДДҰ). Бүкіләлемдік өзін-өзі өлтірудің алдын алу күні бүкіл әлемде өзін-өзі өлтірудің алдын алу бойынша іс-қимылды қолдауды нығайту мен көтермелеу мақсатында жыл сайын қыркүйектің 10-ында өткізіледі.
Осы мәселеге қолдау көрсетіп жүрген демеуші - Халықаралық өзін-өзі өлтірудің алдын алу жөніндегі ассоциациямен бірге Өзін-өзі өлтірудің алдын алудың бүкіләлемдік күні мен басқа да әріптестер өзін-өзі өлтіруге тырысқан адамдарды тиісті деңгейде емдеуді және содан кейін күтімге алуды жақтайды, сондай-ақ БАҚ-тарда өзін-өзі өлтіруді мейлінше ұстамды жариялауға шақырады.
ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР
86 жыл бұрын (1925) сол кездегі Қазақстан астанасы (1925-1929) Қызылордада қазақтың бірінші ұлттық театры құрылды.
19 жыл бұрын (1992) Жамбыл облысы Мойынқұм ауданы Көктерек совхозында қазақ халқының батыр ұлы, 1986 жылғы Алматыдағы Желтоқсан оқиғасының құрбаны Қайрат Рысқұлбековке ескерткіш ашылды.
15 жыл бұрын (1996) Қазақстан Республикасы Жоғары дипломатиялық мектебі құрылды (1997 жылғы ақпанның 28-інен Дипломатиялық академия).
6 жыл бұрын (2005) Астанада Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасы салтанатты түрде ашылды.
Жаңа бес қабатты кітапхана 15 мың шаршы метрді алып жатыр, оның 20 оқырмандар залына бір мезгілде 500 адам сияды. Ұлттық кітапханада 2 млн. томға жуық баға жетпес білім қазыналарымен қатар, осы заманғы электрондық ақпараттар сақталып, оқырмандарға қызмет көрсетеді.
6 жыл бұрын (2005) Алматыда Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Шет тілдері әскери институты салтанатты түрде ашылды.
Әскери институт - «аудармашылық iс» және «өлкетану» сияқты мамандықтар бойынша жоғарғы әскери арнайы бiлiмi бар офицерлердi дайындайтын Орталық азия аймағындағы жалғыз оқу орын.
Салтанатты ашылу рәсіміне Алматы қалалық әкімшілігінің, АҚШ-тың, Ресейдің, ФРГ-ның, Туркияның, ҚХР-ның, Оңтүстік Корея елшілігінің әскери атташелері және елшіліктің өкілдері, республикамыздың жетекші жоғарғы оқу орындардың ректорлары қатысты.
6 жыл бұрын (2005) Қостанай облысының Қарабалық ауданында Ауған соғысында қаза болған жауынгерлердің құрметіне ескерткіш ашылды.
Ескерткіш төрт қарабалықшылардың есімі қашалған постаменттен тұрады. Постамент - қара жауқазын және автомат гильзасы топтастырылған мүсін.
4 жыл бұрын (2007) Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Ақтау Морпорт» арнайы экономикалық аймақтағы тоғыз кәсіпорынын салу жұмысының басталуына арналған шараға қатысты.
4 жыл бұрын (2007) Алматыда «Шебер қол» бірінші халықтық қолөнер фестивалі болып өтті.
Шараның негізгі мақсаты - қолөнерге қолдау көрсету және оны жастардың арасында кеңінен насихаттау. Ұйымдастырушысы - Халықаралық көшбасшылық орталығының бастаушы тобы.
Шараға әртүрлі жастағы адамдар қатысып, өздерінің былғары, саз, ағаш, металл, киіз сынды материалдардан жасаған бұйымдарын ұсынды.
4 жыл бұрын (2007) Павлодарда Қазақстанның биологиялық алуандылығын сақтау қорының тұсаукесері болып өтті.
Оның қатысушылары үкіметтік емес ұйымдардың, атқарушы органдар мен коммерциялық құрылымдардың өкілдері өңірдегі өзекті экологиялық мәселелерді және табиғатты пайдалану, жануарлар мен құстарды сақтау жайын талқылады.
ТМД-дағы алғашқы мамандандырылған экологиялық үкіметтік емес ұйым әлем жануарларын сақтауға бағытталған жобаларды қаржыландыру тетіктерін құруға бағытталған. Алғашқы кезеңде жаңа қоғамдық ұйымға Ғаламдық экологиялық қор көмек көрсетпек.
2 жыл бұрын (2009) Қазақстан Республикасы Президенті Ақтөбе ферроқорытпа зауыты жаңа цехы құрылысының іргетасына капсула салу рәсіміне қатысты.
Ақтөбе ферроқорытпа зауыты «Қазхром» Трансұлттық компаниясы» АҚ-ның филиалы. 1943 жылы құрылған, Қазақстан қара металлургиясы саласының тұңғышы. Өзінің құрамында зауыттың үш балқыту цехы, сондай-ақ шлактарды қайта өңдеу, шихталарды даярлау, кен-байыту цехтары және басқа да көмекші нысандары бар. Өзінің газ-турбина электр стансасы жұмыс істейді.
2 жыл бұрын (2009) Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Ақтөбе маңындағы Кирпичный кентіндегі жаңа теннис орталығын ашты.
Теннис орталығын ашудың негізгі мақсаты жоғары деңгейдегі спортшыларды даярлау, сондай-ақ халықтың әртүрлі жіктерінің арасында теннис спортын тарату болмақ.
Орталық құрамына төрт жабық және алты ашық теннис корты, үш орындық көрермендер мінбері, екі тренажер залы, оқу-әдістемелік сыныптар кіреді. 150 автомашинаға тұрақ, жаттықтырушыларға арналған тұрғын үйлер салынған.
ЕСІМДЕР
105 жыл бұрын (1906-1978) эпизоотолог, малдәрігерлік ғылымының докторы, профессор, ҚазКСР-інің еңбек сіңірген ғылым қайраткері СТУДЕНЦОВ Константин Петрович дүниеге келді.
Татар АКСР-інде туған. Қазан малдәрігерлік институтын бітірген. 1930-1932 жылдары - Павлодар, Петропавл, Семей облыстарының мал дәрігері. 1932 жылдан Қазақ малдәрігерлік ғылыми-зерттеу институтының зертхана меңгерушісі, ғылыми қызметкері. Негізгі ғылыми зерттеулері эпизоотология мәселелеріне арналған. Ол маңқа, алаөкпе, бруцеллез ауруларының эпизоотологиясы мен эпидемиологиясын зерттеп, олардан сақтанудың арнайы шараларын белгілеп берді. Ауру сиырдан туған бұзауды оқшаулап, оған бруцеллез жұқтырмау жолын тапты.
«Құрмет белгісі» орденімен және медальдармен марапатталған.
90 жыл бұрын (1921-2006) Қазақ КСР білім беру саласының озық қызметкері, КСРО ағарту саласының озық қызметкері СҮЛЕЙМЕНОВ Мүтәш дүниеге келді.
Қарағанды облысының Нұра ауданында туған. Қарағанды педагогикалық институтының тарих факультетін сырттай бітірген. Еңбек жолын Нұра ауданының Чкалов атындағы колхозында есепші қызметінен бастады. 1942 жылы армия қатарына шақырылып, 49-шы Армиянының 139-шы Рославск Қызыл Тулы дивизиясында, 2-ші Беларус майданында бағыттаушы және 45-мм зеңбіректің командирі болды. 1946-1987 жылдары Нұра ауданының қазақ орта мектебінде алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі болған. 2001 жылы Қарағанды мектептерінің бірінде оның есімімен аталатын мұражай ашылды.
«Даңқ», Қызыл Жұлдыз ордендерімен, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталған.
60 жыл бұрын (1951) жазушы, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты ӘШЕНОВ Қазыхан дүниеге келді.
Қазақ мемлекеттік университетін, Қазақстан мемлекеттік басқару академиясын бітірген. 1967-1989 жылдары аудандық, облыстық, республикалық басылымдарда, «Мектеп», «Жазушы» баспаларында еңбек еткен. 1989-1995 жылдары - «Сөзстан» баспасының директоры. 1995-1996 жылдары - «Қазақ энциклопедиясы» бас редакторының өндіріс жөніндегі орынбасары. 1996-1999 - жылдары - «Бухгалтерлік есеп және аудит» журналы бас редакторының орынбасары. 1993-2003 жылдары республикалық «Ара - Шмель» журналының бас редакторы болған.
Жазушының «Айшуақ әлем» атты мысал, аңыз-әңгімелер жинағы, «Материктердің физикалық географиясы» және «Аспан мен ханзада және басқалар туралы» атты аудармасы, «Өзімнен де бар» атты сықақ әңгімелер мен повестер жинағы, т.б. кітаптары жарық көрген.
60 жыл бұрын (1951-1998) жазушы РАХМАНБЕРДИЕВ Мұсабек дүниеге келді.
Жамбыл облысының Жамбыл ауданында туған. Қазақ мемлекеттік университетінің (қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық униврситеті) журналистика факультетін бітірген. Жамбыл аудандық «Еңбек туы» газетінің әдеби қызметкері, Қазақ КСР Баспа, полиграфия және сауда істері жөніндегі мемлекеттік комитетінің аға редакторы, «Қазақ әдебиеті» газетінің бөлім меңгерушісі, «Қазақстан» баспасы бас редакторының орынбасары, «Қазақтелефильмнің» директоры, Жамбыл облыстық радиотеледидар комитетінің төрағасы қызметтерін атқарған.
Оның «Қайырлы жол», «Құз, қия», «Жылы жел», «Қарқаралы» секілді көркем және деректі кітаптары бар.
45 жыл бұрын (1966) «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ-ының басқарма төрағасы, кәсіпкер, экономика ғылымының кандидаты ҚҰЛЫБАЕВ Тимур Асқарұлы дүниеге келді.
Алматы қаласында туған. Михаил Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетін бітірген. 1988-1990 жылдары - Қазақ КСР Мемлекеттік жоспарлау комитеті жанындағы Жоспарлау және нормативтер ғылыми-зерттеу экономикалық институтының экономисі, кіші ғылыми қызметкері. 1990-1992 жылдары - Қазақстанның Мәдени, әлеуметтік және ғылыми-техникалық даму қоры Ғылыми-консультациялық орталығының директоры. 1992-1997 жылдары - «Алтын Алма» Концерні» АҚ-ының бас директоры, президенті, Қазақстанның халықаралық даму қорының бас директоры, «Altyn Alma» сауда үйінің президенті, «Алтын Алма» жабық үлгідегі акционерлік қоғамының президенті. 1995-1997 жылдары - «Алматы сауда-қаржы банкі» ЖАҚ Бақылау кеңесінің төрағасы, Қазақстан Республикасы Инвестициялар жөніндегі мемлекеттік комитеті Жобаларды бағалау және келіссөздер жүргізу дирекциясының директоры. 1997-1999 жылдары - «Казақойл» Ұлттық мұнайгаз компаниясы» ЖАҚ-ының экономика және қаржы жөніндегі вице-президенті. 1999-2001 жылдары - «ҚазТрансОйл» Ұлттық мұнай тасымалдау компаниясы» ЖАҚ-ының президенті, «ҚазТрансОйл» ЖАҚ-ының бас директоры. 2001-2002 жылдары - «Мұнай және газ тасымалдау» Ұлттық компаниясы» ЖАҚ-ының бас директоры. 2002 жылдан бастап «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы» ЖАҚ-ының бірінші вице-президенті болған. 2002 жылдан бері «ҚазТрансОйл» ЖАҚ Директорлар кеңесінің төрағасы. 2006-2007 жылдары - «Самұрық» Ұлттық холдингтік компаниясы» АҚ басқармасы төрағасының орынбасары. 2008 жылдың қазанынан - «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ басқармасы төрағасының орынбасары. 2009 жылдың қаңтарынан - Қазақстан бокс федерациясының президенті. 2010 жылдан - Қазақстан Республикасы Ұлттық олимпиадалық комитеті атқару комитетінің мүшесі. 2010 жылдың наурызынан Қазақстан Республикасы кәсіпкерлер бірлестігі үйлестіру кеңесінің мүшесі. 2010 жылдың сәуірінде «Атамекен» одағы» Қазақстанның ұлттық экономикалық палатасы төралқасының төрағасы болып сайланған. 2010 жылдың мамырында Қазақстан Репсубликсы Президенті жанындағы Кәсіпкерлер кеңесінің құрамына кірген. 2011 жылдың 12 сәуірінде «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ басқармасының төрағасы болып тағайындалған.
Оның басшылығымен қор ауқымды индустриаландыру міндеттерін жүзеге асыру және ұлттық компанияларда корпоративтік басқару принциптерін енгізу бойынша жұмыстарды жалғастыруда.
3 дәрежелі «Барыс», «Құрмет», Достық, 2 дәрежелі князь Даниил Московский ордендерімен, 2 медальмен марапаттаған. Seimar Open 2000 гольфтан 3 жыл сайынғы қазақстандық турнирде 1 орынды жеңіп алған.
ҚЫРКҮЙЕКТІҢ 11-І, ЖЕКСЕНБІ
Фашизм құрбандарын еске алу күні. «Фашизм құрбандарын еске алу күні» мейрамы қыркүйектің 2-ші жексенбісінде атап өтіледі. Бұл күнің басты мақсаты - фашизмнің қайта жаңғыртылған идеологиясын ұлтаралық бірлік пен халықтар достастығы идеологиясына қарама- қарсы қою.
Бұл күн 1962 жылы белгіленген. Қыркүйек айының таңдалуы бекер емес, өйткені бұл айда Екінші дүниежүзілік соғыспен байланысты екі атаулы күн бар. 1939 жылғы қыркүйектің 1-і - соғыстың басталуы, ал 1945 жылғы қыркүйектің 2-і - соғыстың аяқталуы.
ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР
128 жыл бұрын (1883) Семей аймақтық мұражайы ашылды. Мұражайды саяси қуғынға ұшыраған адамдар өздері жиған археологиялық және зоологиялық қазбалар негізінде ұйымдастырды. Аталмыш шараны ұйымдастыруға Абай Құнанбаев та қатысқан. Ол мұражайға барлық жасауымен киіз үй сыйға тартқан.
80 жыл бұрын (1931) Қарағанды облыстық «Индустриальная Караганда» газетінің алғашқы саны жарық көрді. Газет 1935 жылға дейін «Большевистская кочегарка», ал 1935-1963 жылдары «Социалистическая Караганда» деген атаумен шығып тұрды. 1965 жылдан бастап қазіргі атымен шығады. Газет Ұлы Отан соғысы жылдары «Қарағанды комсомолы» танк колоннасының, «Нұркен Әбдіров» ұшағының, «Қарағанды әйелдері» әуе звеносының құрылысына қаржы жинауды ұйымдастырған. Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталған. Аптасына екі рет шығады, таралымы 15000 дана.
20 жыл бұрын (1991) Қазақстан Республикасы Президенті Жарлығымен Ғарыштық зерттеулер агенттігі мен Жер мәселелері және жерге орналастыру жөніндегі мемлекеттік комитеті құрылды.
14 жыл бұрын (1997) Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Әскери академиясы құрылды.
10 жыл бұрын (2001) лаңкестер Нью-Йорктегі Дүниежүзілік сауда орталығы мен Пентагондағы Қорғаныс министрлігі ғимаратына ұшақпен соқтығысты. Дүниежүзілік сауда орталығының 50 мыңға жуық адам еңбек ететін екі бірдей 110 қабаттық зәулім ғимараты жермен-жексен болды.
Осы жарылыстарға байланысты Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Америка Құрама Штаттарының Президенті Джордж Бушқа көңіл айту жеделхатын жолдады.
4 жыл бұрын (2007) Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Шоқан Уәлиханов» желкенді кемесіне қазақстандық тұңғыш экспедицияның дүниежүзілік теңіз саяхатына жолдама берді.
Мемлекет басшысы экипаж мүшелеріне Қазақстан туын табыс етті. Бұдан кейін Қазақстанның Әнұраны орындалып, кемеде мемлекетіміздің туы көтерілді. Президент дүниежүзілік саяхатқа шыққан экипаж мүшелеріне сәт-сапар тіледі.
4 жыл бұрын (2007) Елбасы Каспийдегі жаңа «Ақтау Сити» қаласының алғашқы іргетасын қалады.
«Ақтау Ситиде» 4 млн. шаршы метрден астам тұрғын үй салынады. Тәуелсіздік аллеясы бой көтереді. Көптеген мәдениет және білім беру нысандары, бизнес орталықтар, қазіргі заманғы кәсіпорындар салынады.
Жобаның ашылу салтанатына Біріккен Араб Әмірліктерінің сыртқы істер министрі шейх Абдулла бин Заид әл-Нахайан, Әбу-Даби Мәдениет басқармасының төрағасы шейх Сұлтан бин Тахнун әл-Нахайан қатысты.
4 жыл бұрын (2007) Астанада Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының өкілдерімен бірлесіп шығарылған «Туған тіл» журналының тұсауы кесілді.
Бұл басылым алғаш рет араб, латын және қазақ тілдерінде шығарылып отыр. Журналды шығару шет елдік қандастарымызға деген қамқорлықтың көрінісі.
4 жыл бұрын (2007) Павлодар облысының Шалдай ауылының орталығында өрт сөндіру кезінде қаза болған «Ертіс орманы» табиғи резерват қызметкерлерінің құрметіне ескерткіш орнатылды.
2006 жылы Шалдай орманында күшті өрт болды. Өрт сөндіру кезінде орман шаруашылығының төрт қызметкері қайтыс болды. Төрт ай өткен соң ормандағы өртті сөндіру кезінде тағы да екеуі өмірлерімен қоштасты.
Ескерткіштің мәрмәр тасында орман шаруашылығы инспекторларының суреттері мен есімдері қашаланып жазылған.
4 жыл бұрын (2007) Махамбет Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің 75-жылдығына орай мерекелік медаль шығарылды.
Медальдың айналасы шеңбермен қоршалып, жоғарғы жағы «БҚМУ» деген әдемі жазумен өрнектелген классикалық үлгіні аңғартады. Араб үлгісіндегі әріптер шашыраңқы, отшашу түрінде берілген. Жетпіс бес деген жазу бір-бірімен жалғасып, ерекше сән беріп тұр. Композицияның нақ ортасына аспандағы жұлдыздар тәріздес асыл тас салынған. Университеттің туған жылы асыл тастармен безендірілсе, медальдың шет жағы қырдың қызғалдағымен әсемделген. Бұл да кең даланың, студенттік жастық шақтың белгісі іспеттес.
М. Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті 1932 жылғы 1 қазанда Орал қаласында педагогикалық институт ретінде құрылған, ол республикамыздың екінші педагогикалық институты болды. Институтқа КСРО халық ағарту комитетінің орынбасары М.Н.Покровскийдің, 1937 жылдан бастап институт А.С.Пушкиннің есімі берілді. Соғыстан кейінгі жылдары А.С.Пушкин атындағы Орал педагогикалық институты жылына 18 мамандығы бойынша 700 түлекті шығаратын ірі жоғары оқу орнына айналыды. 1996 жылдың мамырында Қазақстан Республикасы Үкіметінің Жарлығымен А.С.Пушкин атындағы Орал педагогикалық институты А.С.Пушкин атындағы Батыс Қазақстан гуманитарлық институты болып өзгертілді. 2000 жылғы 14 ақпанда Қазақстан Республикасы Үкіметінің Жарлығымен Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті құрылды, ал 2003 жылы оған Махамбет Өтемісұлының есімі берілді.
2 жыл бұрын (2009) қыркүйектің 11-12 аралығында Павлодарда «Эльпида» достарын жинайды» деген атпен Грек мәдениетінің фестивалі өтті.
Бұл шара Павлодардың Ертіс жағалауында өмір сүріп жатқан 500-ден астам гректің басын қосып отырған облыстық «Эльпида» этномәдени құрылымының 10-жылдығына арналып отыр.
Шараға республикамыздың басқа облыстарының, Ресей Федерациясының және Грекияның Қазақстандағы елшілігінің өкілдері қатысты.
2 жыл бұрын (2009) Ақтөбе облысы Алға ауданының орталығында мүгедек балаларды сауықтыру орталығы ашылды.
Оның негізгі мақсаты - тірек-қозғалу аппараттары зақымданған, психикалық дамуы тежелген, церебральды сал ауруына шалдыққан және т.б. зардап шеккен 3-тен 15 жас аралығындағы мүгедек балаларды медициналық сауықтыруға және әлеуметтік бейімдеуге көмек көрсету. Орталық облыстың барлық аудандарынан және Ақтөбе қаласынан келген 40 баланы бір мезгілде емдеуге есептелген.
ЕСІМДЕР
100 жыл бұрын (1911-1969) жазушы, аудармашы СЛАНОВ Ғабдол дүниеге келді.
Атырау облысының Қызылқоға ауданында туған. Орал қаласындағы техникалық-кәсіпшілік мектебінде білім алып, Мақат мұнай кәсіпорнында, Қазақстан Жер халық комиссариатында қызмет етті. 1931-1957 жылдары қазіргі «Егемен Қазақстан» газетінде әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі, Жамбыл Жабаевтың әдеби-мемориалдық мұражайының директоры, «Қазақ әдебиеті» газетінде қызмет еткен.
Алғашқы өлең, фельетон, очерктері баспасөзде 30-жылдары жариялана бастады. Тұңғыш «Арман ағысы» повесі 1940 жылы жарық көрді. Ауылдағы әлеуметтік өзгерістерге арналған «Дөң асқан», Атырау мұнайшыларының 2-дүниежүзілік соғысы жылдарындағы қажырлы еңбегін суреттейтін «Жанартау» романдары басылды. Соғыстан кейінгі ауыл өмірінің тыныс-тіршілігін көрсететін «Кең өріс» повесін қайтадан өңдеп, толықтырып, «Шалқар» романына айналдырды. Бұл романда 50-жылдардағы ауыл еңбеккерлерінің сан алуан бейнесі жасалды. Ұзақ жылдар бойы Қарғалы шұға комбинатының өмірін зерттеп, «Жетісу өңірінде көп ұлтты жұмысшы табының қалыптасу тарихын бейнелейтін «Асау арна» романын жазды. Өнер тақырыбын сөз ететін «Домбыра күйі - ақиық», ауыл өмірінен алынған «Қызбел» повестері жарық көрді. «Айқайтас» атты аяқталмаған романы жазушы шығармаларының 6 томында жарияланды. Әр алуан тақырыпқа арналған көптеген очерктері «Өмірдің асқар биігінде», «Бесжылдық өрендері», «Замандастар», «Азамат», «Замана шежіресі», «Алтай баласы» жинақтарында жарияланды. «Махамбет» атты пьесасы республика театрлары сахналарында қойылды. Жекелеген шығармалары орыс тіліне аударылған. Александр Фадеевтің «Жас гвардия» романын қазақ тіліне аударды.
«Құрмет белгісі» орденімен және медальдармен марапатталған.
75 жыл бұрын (1936) Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының құрметті директоры, медицина ғылымының докторы, профессор, Қазақстан Ғылым Академиясы академигі, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым қайраткері, Қазақстан Респубикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстан Республикасы Профилактикалық медициналар академиясының академигі және вице-президенті ОРМАНТАЕВ Камал Сәруарұлы дүниеге келді.
Қызылорда облысының Қармақшы ауданында туған. Алматы мемлекеттік медицина институтын (қазіргі Санжар Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті) бітірген. 1959-1961 жылдары - Алматы мемлекеттік медицина институты балалар хирургиясы кафедрасының клиникалық ординаторы. 1961-1962 жылдары - Алматы қалалық 1-ші ауруханасының дәрігер-хирургы, бөлімше меңгерушісі. 1962-1967 жылдары - Алматы мемлекеттік медицина институтының аспиранты, ассистенті. 1967-1968 жылдары - КСРО Медицина ғылымдары академиясы Педиатрия ғылыми-зерттеу институтының докторанты. 1968-1980 және 1988-1992 жылдары - Алматы мемлекеттік медицина институты, Қазақ мемлекеттік медицина университеті балалар хирургиясы кафедрасының меңгерушісі, педиатрия факультетінің деканы. 1980-1985 жылдары - Қазақ КСР Денсаулық сақтау министрлігі Педиатрия ғылыми-зерттеу институтының директоры. 1993 жылдан Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының директоры, 2001 жылдан бастап - құрметті директоры.
Ол 310-нан астам ғылыми еңбектің, оның ішінде 9 монографияның, 42 өнертабыстың және бір патенттің авторы. 10 000-нан астам операция жасаған.
«Парасат» орденімен, медальдармен марапатталған.