ҚазАқпарат-Анонс: 2011 жылғы 7 ақпан мен 13 ақпан аралығындағы оқиғалардың күнтізбесі
ЕЛБАСЫ
7 ақпанда Елбасы Н.Назарбаев Алматыдағы резиденциясында 7-Қысқы Азиялық ойындардың жүлдегерлерімен кездеседі.
ҚОҒАМ
Ұлттық банк төрағасы Григорий Марченко 8 ақпанда сағат 15.00-де www.profinance.kz сайтының форумында онлайн-конференция өткізеді.
СПОРТ
1-7 ақпан күндері 7-Қысқы Азия ойындары аясында Алматыдағы Орталық көрме залында «Тағылымдылық бірге өмір сүру өнері» атты көрме-конкурс өтеді.
АСТАНА
16 қаңтар мен 7 ақпан аралығында «Сарыарқа» сауда үйінде әлемдік футбол жұлдыздарының қолтаңбалары қойылған футболкалардың бірегей көрмесі өтеді.
7 ақпанда Журналистр үйінде «Астанада жоғары білікті басқарушы кадрларды дайындау» мәселесіне арналған баспасөз мәслихаты өтеді.
8-12 ақпанда Астанада ҚР Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған ұлттық Дельфий ойындарының бағдарламасы аясында «Шаттық-2011» конкурсы өтеді.
Астанада 11 ақпанда «Нұр Отан» ХДП-нің кезекті 13-інші съезі өткізіледі.
АЛМАТЫ
Алматыда 7 ақпанда «Қазіргі заманғы бизнестік білім беру - онжылдықтың қорытындысы» деп аталатын дөңгелек үстел жиыны өтеді.
7 ақпанда Халықаралық Бизнес академиясында «Қазіргі заманғы бизнес білімі - онжылдықтың қорытындысы» деген тақырыпта «дөңгелек үстел» отырысы өтеді.
ЕЛЕУЛІ ОҚИҒАЛАР. АТАУЛЫ КҮНДЕР. ЕСІМДЕР.
АҚПАННЫҢ 7-І, ДҮЙСЕНБІ
Гренаданың тәуелсіздік күні. 1974 жылы ақпанның 7-інде Британ достастығының құрамында Гренаданың тәуелсіздігі жарияланды.
Жапониядағы солтүстік аумақтар күні. Жапониядағы атаулы күндер қатарында осы күн ерекше орын алады. Өйткені, бұл ел ресейлік Кунашир, Итуруп, Шикотан аралдарын өзіне қайтару туралы мәселені күн тәртібінен түсірген емес.
ОҚИҒАЛАР
5 жыл бұрын (2006) Алматыда белгілі публицист Сағымбай Қозыбаевтың «Жұлдыздар жарығы. Отандық журналистика таңдаулылары» атты кітабының тұсаукесер рәсімі болып өтті
Туындыда тәуелсіз Қазақстандағы баспасөз саласында жемісті еңбек етіп жүрген оның ұйымдастырушылары хақында да айтылады.
Сонымен, түрлі-түсті суреттермен безендіріліп, аса сапалы қағазға басылып жарыққа шыққан кітаптың мазмұны да бай. Кітаптан бүкіл ғұмырын өз кәсібіне өлшеусіз арнаған кешегі журналистер туралы мақалаларды, БАҚ-тың бүгінгі майданында жүрген талант иелерін, жалпы журналистика туралы шынайы сыр-сұхбаттарды, артық түсініктемелерді қажет етпейтін тарихи суреттерді табуға болады. Бір жағынан бұл еңбекті әлемдік кітап бастыру тәжірибесіндегі тамаша жаңа жоба деп те атаған жөн. Бұл Қазақстан масс-медиасының өзіндік шағын-энциклопедиясы да! Кітап отандық журналистикаға қалтқысыз қызмет еткендердің бас-аяғын түгендеп қана қоймай, ақиқатқа толы материалдары арқылы қазіргі журналистиканың кемшілігі мен жетістігіне де баға береді.
Көркем-публицистикалық анықтамалық Қазақстан Журналистикасы академиясының мүше-академиктеріне, мемлекетіміздің бұқаралық ақпарат құралдарының элитасын құрайтын, сондай-ақ кешегі кеңестік аймақта баламасы жоқ Академияның ең жоғары жалпыұлттық «Алтын Жұлдыз», «Алтын Самұрық» жүлделерінің иелеріне, көрнекті публицистерге арналады.
Оқырман кітаптан еліміздің белгілі журналистері және Қазақстан масс-медиасының ұйымдастырушылары туралы материалдар мен олардың сұхбаттарын таба алады.
5 жыл бұрын (2006) Павлодарлық суретші Ғалым Қаржасовтың шығармашылығына арналған монография жарыққа шықты. Кітапта Қазақстандағы белгілі суретшінің шығармашылығы көрсетілген, ол 1980 жылы көркем училищесін бітіргеннен соң 8 жылдан кейін КСРО Суретшілер одағының мүшесі болып қабылданған. Оның суреттері халықаралық және республикалық көрмелерде ұлттық нақыштағы туындылары өнер зерттеушілердің назарында болады. Оның «Қазақтың келіндері», «Менің жерімнің гүлдер», «Айнұр» сынды туындылары бар.
Павлодарлық суретшінің еңбектері Әбілхан Қастеев атындағы Мемлекеттік мұражайдың қорында , Павлодар, Қарағанды, Семей қалаларының көркем мұражайларында, және Германия, Канада, Франция елдерінің жеке коллекцияларында сақтаулы.
Монография облыстық «Мәдени мұра» бағдарламасының аясында шығарылған.
5 жыл бұрын (2006) Семейдің Шәкәрім атындағы мемлекеттік университетінде студенттер телевизиясы ашылды.
Журналистика факультетінің студенттері аптасына үш рет жаңалықтар хабарымен жұртшылық алдына шығады. Олар келешекте авторлық бағдарламаларды жасауды ойластырып отыр. Дикторлар үшін шағын студия жабдықталып, оны студенттер өздері безендірді. Бейнематериалдарды даярлау үшін арнайы бөлме бөлінді.
3 жыл бұрын (2008) Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі Есеп комитетінде Қаржылық заң бұзушылықтарды зерттеу жөніндегі орталық құрылды.
Орталықтың негізгі қызметі қаржылық заң бұзушылықтардың алдын алуда (профилактика) және ескертуде қаржылық бақылау органдарына ғылыми-әдістемелік жағынан жәрдем көрсету, мемлекеттік қаржыны бақылаудың көкейкесті проблемаларын зерттеу, сондай-ақ, бақылау және сараптау-талдау жұмыстарына жаңа тәсілдер мен технологияларды әзірлеп, енгізу орталықтың негізгі қызметі болып табылады.
Орталық отандық ғылыми-зерттеу институтарымен, жоғары оқу орындарымен және мемлекеттік органдармен ынтымақтастық орнатылды.
ЕСІМДЕР
60 жыл бұрын (1951) халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Қазақстан Республикасының еңбегі сіңірген жаттықтырушысы, Республикалық су және қолданбалы спорт түрлері бойынша жоғары спорт шеберлігі мектебінің жаттықтырушысы ГОРУН Александр Иванович дүниеге келді.
Алматы қаласында туған. Қазақстанның бірнеше дүркін жеңімпазы, КСРО Кәсіподақтары ерікті спорт қоғамының чемпионы, Халықаралық «Алтын қырғауыл» турнирінің күміс жүлдегері атанған. Қазақ КСР-і құрама командасының сапында КСРО кубогы біріншілігіне қатысқан. 1976 жылдан Орталық кеңестің «Қайрат» Ерікті спорт қоғамының қабырғаға оқ атудан жаттықтырушысы, аға жаттықтырушысы. 1993 жылдан Республикалық су және қолданбалы спорт түрлері бойынша жоғары спорт шеберлігі мектебінің жаттықтырушысы. 1992-1993 жылдары - Ұлттық штаттық командалар дирекциясыныңаға жаттықтырушысы. 1993-2001 жылдары - Қазақстан Республикасының жаттықтырушысы. 2001-2003 жылдары - қолданбалы спорт түрлері бойынша жоғары спорт шеберлігі мектебі директорының орынбасары, Қазақстан Республикасының бас жаттықтырушысы қвызметтерін атқарған. 2003 жылдан - Республикалық су және қолданбалы спорт түрлері бойынша жоғары спорт шеберлігі мектебінің жаттықтырушысы қызметін атқарады. 3 еңбегі сіңірген спорт шеберін, 5 халықаралық дәрежедегі спорт шеберлерін, 9 спорт шеберін дайындаған.
35 жыл бұрын (1976) еңбегі сіңірген спорт шебері, Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы, ушу-саньдадан Әлем чемпионы ЖАМАШ Диас Сапарбекұлы дүниеге келді. Жамбыл облысы Қордай кентінде туған. 1997 жылы Муайтай боксынан Бангкок қаласында өткен әлем біріншілігінде күміс жүлдеге ие болған. Қытайда өткен Әлем чемпионатының абсолюттік чемпионы, Бангкоктағы Әлем кубогының күміс жүлдегері, муайтайдан Астана қаласында өткен Азия чемпионатының чемпионы, Бангкок қаласында ушу-саньдадан өткен ХІІІ Азия ойындарының қола жүлдегері атанған.
Жаттықтырушысы - Үсенов Смет Еспенбетұлы.
АҚПАННЫҢ 8-І, СЕЙСЕНБІ
Ресей ғылымының күні. Ресей Федерациясы Президентінің 1999 жылғы маусымның 7-гі Жарлығымен белгіленген.
ОҚИҒАЛАР
5 жыл бұрын (2006) Қазақстанда «Құрметті машина құрастырушы» деген белгі бекітілді, ол Қазақстан Республикасы Индустрия және сауда министрлігінің атынан тапсырылады.
3 жыл бұрын (2008) Павлодарда алғаш рет қазақ тілінде облыстың төрт ауданы мен Екібастұз және Ақсу қалаларының әкімшілік-аумақтық карталары шығарылды.
Тәуелсіздік жылдары кейбір ауылдарға жаңа атаулар берілсе, енді біреулері тарихи атауларын қайтарып алған. Тілдерді дамытудың облыстық бағдарламасы аясында жүзеге асырылған карта шығарылымы Павлодар облысының 70 жылдығына орайластырылған.
1 жыл бұрын (2010) Зырян ауданында сүт өндіретін жаңа шағын зауыт ашылды.
Цехтың өндірістік қуаты - ауысымына 3 тонна. Шығарылатын өнімдер арасында сүт, айран, кілегей, сүзбе бар.
1 жыл бұрын (2010) Берлиндегі «World Money Fair» халықаралық көрмесінде Krause Publications өткізетін конкурстың қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің «Ұлы қолбасшылар» сериясынан шығарылған «Шыңғыс хан» ескерткіш күміс монетасы «Тарихи тақырып бойынша ең үздік монета» аталымымен марапатталды.
Конкурс шеңберінде монета сарайларында соғылған немесе мемлекеттік органдар - эмитенттер шығарған ең үздік монеталалар бірнеше аталыммен айқындалды. Конкурстық комиссия шара кезінде шығарылған коллекциялық және ескерткіш монеталарды дербес іріктеп алды. Монеталарды бағалау дизайнының тартымдылығын, көркемдік орындалуын және соғылу сапасын бағалауға негізделді.
«Ұлы қолбасшылар» сериясынан номиналы 100 теңгелік «CHINGIZ KHAN» монетасы 2008 жылғы 31 мамырда айналысқа шығарылған.
Монетаның бет жағындағы ортасында Қазақстан Республикасы Елтаңбасының алтындалған суреті монетаның номиналын білдіретін «100 ТЕҢГЕ» деген жазу, ат үстіндегі жауынгер, Қазақстан теңге сарайының тауар белгісі және монетаның соғылған жылын білдіретін «2008» деген сан орналасқан. Монетаны айналдыра шығыңқы жиек жүргізіліп, мемлекеттік тілде «ҚАЗАҚСТАН ҰЛТТЫҚ БАНКІ» және ағылшын тілінде «NATIONAL BANK OF KAZAKHSTAN» деген жазу жазылған. Жазулар нүктелермен бөлінген.
Монетаның сырт жағындағы ортада сансыз әскердің ортасында ат үстіндегі Шыңғыс ханның бейнесі «Ағымсалы Дүзелханов картинасының фрагменті» орналастырылған. Монетаны айналдыра ағылшын тілінде «CHINGIZ KHAN» деген жазу, өмір сүрген жылдарын білдіретін «1162 - 1227» деген сандар және монета соғылған металды, оның сынамасын және массасын білдіретін «Ag 925 31,1gr.» деген жазу бар.
ЕСІМДЕР
85 жыл бұрын (1926-2003) жазушы, сыншы, аудармашы, филология ғылымының кандидаты РҮСТЕМБЕКОВА Разия дүниеге келді.
Ақмола (қазіргі Астана) қаласында туған. М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін (әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) және аспирантурасын бітірген.
1956-1959 жылдары - Қазақтың көркем әдебиет баспасының редакторы. 1959-1971 жылдары - Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының оқытушысы. 1971-1983 жылдары - Мұхтар Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының аға ғылыми қызметкері қызметтерін атқарған. 1983 жылы зейнет демалысына шыққан.
Драматургия, әңгіме, комедия жанрына арналған сын-зерттеу кітаптары жарық көрген. әдебиеттану саласында «Майлин драматургиясы», «Қазақ комедиясы», «Қазіргі қазақ әңгімелері» атты кітаптары бар. Көркем аударма саласында да жемісті еңбектер атқарған.
АҚПАННЫҢ 9-Ы, СӘРСЕНБІ
Тіс дәрігерлерінің халықаралық күні. Александрияда III ғасырда өмір сүрген Әулие Аполлонияны еске алу құрметіне бекітілген. Аполлония - Христосқа сенген көрнекті александрлық шенеуніктің қызы. Аполлонияны христиандықтан бас тартуын талап етіп, қатаң жазаға тартады. Аполлония өлім алдында шімірікпеген. Қиналуы мен өжеттігі сол кездегі замандастарын қатты толқытқан, кейін Аполлония есімі естілсе не оған сыйынса - тіс ауруы қоя салады деген аңыз шыққан. 300 жылы Аполлония қасиетті азап шегуші ретінде заңдастырылған. Оның күні - ақпанның 9-ы.
Орыс жазушысы Ф.М.Достоевскийді еске алу күні (1821-1881). Әлем әдебиетіне елеулі ықпал еткен ұлы орыс жазушысы Федор Михаилович Достоевский кезінде Семейге жер аударылған. Қазақ ғалымы Шоқан Уәлихановты аса жоғары бағалап, бос тұтқан. Сонымен бірге «Жазушы күнделігінде» отар ұлттардың болашақтағы тағдыры туралы қайшылықты пікірлері де бар.
ОҚИҒАЛАР
5 жыл бұрын (2006) Қазақстан Республикасы Ұлттық академиялық кітапханасында Үндістанды зерттеу орталығы ашылды. Орталықта Үндістан туралы толық ақпаратты кітаптардан, ағылшын, орыс, қазақ, және хинди тіліндегі аудио- және бейнекассеталардан алуға болады, сонымен қатар үнді телебағдарламаларды көруге болады.
3 жыл бұрын (2008) Семейдегі №6 мектеп-гимназияның биыл 10 жылдығын атап өтетін тарихи-өлкетану мұражайы тағы бір қызықты жәдігермен толықты. Жас тарихшыларға Геннадий Толмачевтің «Олжас туралы сөз» биографиялық кітабы тарту етілді.
Олжас Сүлейменовтің қолтаңбасы қойылған кітапты ақынның өз өтініші бойынша оқушыларға Коммерциялық емес ұйымдар қауымдастығының президенті Сұлтан Қартоев табыс етті
Сұлтан Қартоевтың айтуынша, ақын сыйлығының бүгінде аймақта ғана емес, республика бойынша танымал болып отырған мектеп мұражайына табыс етілуі кездейсоқ емес. Қазақстанның ЮНЕСКО жанындағы Тұрақты өкілі Олжас Сүлейменов, білім мен мәдениетті дамыту - әлемдік қоғамдастықтың басты міндеттерінің бірі, деп санайды.
1 жыл бұрын (2010) Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік униерситетінде өңірлік Диссертациялық кеңестің тұсауы кесілді.
Жаңадан ұйымдастырылған кеңес құрамына Астана, Алматы, Павлодар, Шымкент, Жезқазған, Орал, Ташкент қалаларындағы жоғары оқу орындарының белгілі ғалымдары енгізілді.
Кеңестің маңызды міндеттерінің бірі оқу орнында ғылыми жұмысқа жастарды кеңінен тарту, кадрлық мүмкіндікті арттыру болып табылады.
ЕСІМДЕР
80 жыл бұрын (1931-1976) ақын, аудармашы, драматург, Қазақстанның мемлекеттік сыйлығының лауреаты, «Ғасыр ақыны» атағының иегері МАҚАТАЕВ Мұқағали дүниеге келді.
Алматы облысы Райымбек ауданында туған. М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін (әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) бітірген.
1952-1969 жылдары Қарасаз бастауыш мектебінде орыс тілінің мұғалімі, Қазақ радиосының дикторы, Шалкөдеде Қызыл отау меңгерушісі, Нарынқол аудандық «Советтік шекара» (қазіргі «Хантәңірі») газетінің жауапты хатшысы, «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінде, «Мәдениет және тұрмыс» (қазіргі «Парасат»), «Жұлдыз» журналдарында әдеби қызметкер, Жазушылар одағы поэзия бөлімінің кеңесшісі қызметтерін атқарған. 1973-1974 жылдары Мәскеудегі Әдебиет және өнер институтында оқыған.
Ақынның тырнақ алды туындылары Нарынқол аудандық «Советтік шекара» газетінде 1948 жылы жарияланған. Оның «Ақ қайың әні», «Аққулар ұйықтағанда», «Арман», «Шолпан», «Райымбек! Райымбек!», «Қашқын», «Моцарт. Жан азасы» атты поэма толғаулары мен 650-ден астам лирикалық өлеңдері бар. Ол қазақ өлеңін мазмұн, пішін жағынан түрлендіріп, интонация, инверсия, мазмұн тұрғысынан жаңалық енгізді. Мұқағали Мақатаев поэзия жанрында ғана емес, проза, драма, сын саласында да қалам тартты. Оның «Қош, махаббат» жинағына әр жылдар жазылған «Құлпытас», «Марусяның тауы», «Өзгермепті», «Әже» әңгімелері, «Қос қарлығаш», «Жыл құстары» повестері мен «Қош махаббат» пьесасы, бірнеше сыни еңбектері енген. Аударма саласында Шекспирдің сонеттерін, Дантенің «Құдіретті комедиясын», Е.Евтушенко, А.Акопян, Ф.Моргун, У.Уитмен, Р.Бернс, Ф.Ансаридің өлеңдерін тәржімалаған. Оның өлеңдеріне Нұрғиса Тілендиев, Шәмші Қалдаяқов, Бейбіт Оралұлы, Аалтынбек Қоразбаев тағы басқа сазгерлер ән жазды. Алматыда ақын атында мектеп, көше және сол көше бойында ескерткіші бар. Туған ауылы Қарасазда мұражайы бар. Қазақстан Жазушылар одағы 1985 жылдан бері үздік әдеби шығарма авторларына берілетін Мұқағали Мақатаев атындағы сыйлық тағайындаған.
50 жыл бұрын (1961) Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары ӘМРИН Ғұсман Кәрімұлы дүниеге келді.
Торғай облысы (Ақмола облысы) Жақсы ауданында туған. Ыбырай Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық институтын, Ф.Дзержинский атындағы КСРО Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Жоғары мектебін бітірген.
Еңбек жолын 1982 жылы Торғай облыстық білім бөлімінің инспекторы болып бастаған. 1982-1984 жылдары Кеңес Армиясы қатарында болған. 1984-1985 жылдары - Торғай облыстық мұғалімдердің білімін жетілдіру институтының физика кабинетінің меңгерушісі. 1985-1987 жылдары - Ф.Дзержинский атындағы КСРО Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Жоғары мектебінің тыңдаушысы. 1987-1993 жылдары Қазақстан Республикасы Ұлттық (Мемлекеттік) қауіпсіздік комитеттерінде қызметтер атқарған. 1993-1995 жылдары - Қазақстандағы «Renault» мен «Sodechanges» фирмалары өкілдіктерінің директоры, директордың орынбасары. 1995-1996 жылдары - «Альдос» компаниясы» ЖШС-нің атқарушы директоры. 1996-1997 жылдары - Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Жоғары экономикалық кеңесі хатшылығының сектор меңгерушісі. 1997-1999 жылдары - Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау агенттігі Стратегиялық жоспарлау департаментінің директоры, Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлаужәне реформалар агенттігінің Стратегиялық талдау департаментінің директоры, бюджеттік бағдарламалар департаментінің директоры. 1999-2001 жылдары - Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің экономика және қаржы жөніндегі орынбасары, Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесі хатшысының орынбасары. 2001-2003 жылдары - Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің экономика және қаржы жөніндегі орынбасары, Қазақстан Республикасы Индустрия және сауда министрінің бірінші орынбасары. 2003-2004 жылдары - «Технология трансферт және инжиниринг орталығы» АҚ («Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры АҚ) президенті, Қазақстан Республикасы Индустрия және сауда министрінің бірінші орынбасары. 2004-2006 жылдары - «Ұлттық Инновациалық қоры» АҚ басқармасының төрағасы. 2006-2007 жылдары - «Қазына» әл-ауқат қоры» АҚ басқармасының төрағасының кеңесшісі. 2007-2009 жылдары - «Кіші кәсіпкерлікті дамыту қоры» («Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ) АҚ басқармасының төрағасы. 2009-2010 жылдары -«Самұрық-Қазына» жылжымайтын мүлік қоры» АҚ Басқармасының бастығы қызметтерін атқарған. 2010 жылдан - қазіргі қызметінде.
Медальдармен марапатталған.
АҚПАННЫҢ 10-Ы, БЕЙСЕНБІ
А.С.Пушкинді еске алу күні. Э.Дантеспен дуэльден кейін қаза болған ұлы орыс ақынын еске алудың 174 жылдығы (1799-1837). Дантеспен дуэль Санкт-Петербордың іргесіндегі Қара өзенде өткен.
ОҚИҒАЛАР
5 жыл бұрын (2006) Елордада Басқару институтының жаңа ғимараты ашылды.
Институттың жаңа бес қабатты ғимаратында компьютері бар оқу залдары, кітапхана кешені, кең аудиториялар мен мәжіліс залы орналасқан. 1997 жылы Сәкен Сейфуллин атындағы Агротехникалық университеттің негізінде құрылған, онда студенттер тоғыз мамандық бойынша білім алады.
5 жыл бұрын (2006) Алматыда қазақтың белгілі ақыны Мұқағали Мақатаев (1931-1976) атындағы республикалық қоғамдық қор құрылды. Қордың негізгі мақсаты - ақынның шығармашылығын шет тілдерге аудару, оның шығармашылығын зерттеушілерді көпшілікке таныту, ақын туралы еске түсірулерді басып шығару.
3 жыл бұрын (2008) Өскеменде Дәулет Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университетінің базасында нанотехнологиялар мен электронды микроскопиялар жөніндегі жапон-қазақстан ғылыми-зерттеу оқу орталығы құрылды.
Халықаралық орталықтың құрылуы Қазақстанда ең серпінді жобаларды жүзеге асыру үшін инженерлік бағыттағы зертханалар желісін құрудың президенттік бағдарламасын дамытудағы маңызды қадам болып отыр.
Кен-металлургиялық өнеркәсібі ресурстарын кешенді пайдалану негізінде жаңа материалдар алудың жоғары технологиялар бағыты бойынша жұмыс істейтін «ІРГЕТАС» инженерлік зертханасында заманауи жабдықтарды құрстыру үшін өңірге жапондық «Interactive Corporation» компаниясының өкілдері келді.
1 жыл бұрын (2010) Алматыда «Рывок» қазақ жастар филімінің премьерлік көрсетілімі болды. Жаңа картинаның ұраны - «Табысты құрастыруға негіз болатын - жігер мен еңбек». Фильмдегі басты кейіпкер - аурухана төсегінде жатып қалған және қайтадан жүруді үйренуге мәжбүр болған спортшы. Ол аңсаған арманына жету үшін алыстағы балалық шағындағыдай жұлқыныс жасайды. Фильмде ресей артисі Гоша Куценко, Арыстан Мырзагереев, Назим Хаиров, Тимур Балбаев, Әсел Сәдуақасова, Аманжол Айтуаров, Гүлнара Досматова, Салтанат Бақаева, Алтынбек Күмісбеков, Ядыгар Розыев, Ольга Шишигина, Андрей Цупиков, Мұрат Бисенбин, Қарлығаш Мұхамеджанова және Меруерт Өтекешева, тағы басқалар рольдерді сомдаған. Сценарийдың авторлары - Қанағат Мұстафин, Ержан Рүстембеков, Ерлан Нұрмұхамбетов, қоюшы-режиссеры Қанағат Мұстафин. Фильмнің музыкасын жазған композитор Армен Мартиросян (DJ Man).
ЕСІМДЕР
65 жыл бұрын (1946) композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері ДҮЙСЕКЕЕВ Кеңес Дүйсекеұлы дүниеге келді.
Қызылорда облысы Қазалы ауданында туған. Алматы консерваториясын бітірген.
1974-1976 жылдары - «Гүлдер» ансамблінің бас дирижері және музыкалық жетекшісі. 1976-1979 жылдары - «Қазақконцерт» гастрольдік-концерт бірестігінің музыкалық жетекшісі. 1975-1984 жылдары - Қазақ теледидары музыкалық редакциясының бас редакторы болып қызмет атқарған. Оның жетекшілігімен «Тамаша», «Халық - талант қайнары», «Шабыт», «Жастарға арналған музыкалық кештер», «Музыка әлемінде», т.б. теледидарлық бағдарламалар шығарылды. 1984-1997 жылдары - Қазақстан мемлекеттік телерадио комитеті эстрадалық-симфониялық оркестрінің көркемдік жетекшісі және бас дирижері. 1997 жылдан «Қазақконцерт» гастрольдік-концерт бірлестігінің көркемдік жетекшісі. Ол «Толғау» симфониясының, «Жалаңтөс батыр» симфониялық поэма-картинасының, «О, дүние» кантантасының, «Жыл мезгілдері» романстар циклінің, «Мәди», «Аққу Жібек» мюзиклінің, «Алдар көсе» опереттасының, симфония-концерттер, аспаптарға арналған концерттер, камералық оркестрге шығармалар, соната, рапсодия, вариациялар және 200-ден астам әндердің авторы. Кеңес Дүйсекеевтің музыкасында қазақтың ұлттық дәстүрі қазіргі замандық музыка тілімен үндесіп, жаңа сипатқа ие болады. Композитор қолтаңбасының айрықша қасиеттері көңілге қонымдылығында, музыка тілінің мәнерлілігінде. Оның шығармашылығының бұл ерекшеліктері мына дүниелерінде анық белгі береді: Камералық оркестрге арналған «Жайлаудағы таң», «Көшу», хор капелласына арналған «О, туған жер». Дүйсекеев ән жанрында да өз бағын сынап, халық жүрегінен жол»тапты. Оның әндерін жас та, кәрі де ықыласпен тыңдайды. Оның «Сәлем саған, туған ел» әні эстрада жұлдыздары КСРО және Қазақстанның халық әртісі Роза Рымбаева мен Қазақстанның еңбегі сіңірген әртісі Нағима Есқалиеваның репертуарынан белді орын алған.
«Құрмет» орденімен және медальдармен марапатталған.
60 жыл бұрын (1951) Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты - Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік жөніндегі комитетінің мүшесі, Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері, тарих ғылымының кандидаты БАЙМАҒАМБЕТОВА Бағила Бірмағамбетқызы дүниеге келді.
Торғай облысында (қазіргі Қостанай облысы)туған. Қостанай мемлекеттік педагогика институтын, Алматы жоғары партия мектебін бітірген.
1975-1979 жылдары - Жетіқара қалалық комитетінің хатшысы, Қазақстан ЛКЖО Қостанай облыстық комитетінің нұсқаушысы, бөлім меңгерушісі. 1981-1982 жылдары - Қарасу аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары. 1982-1983 жылдары - Федоров аудандық партия комитетінің хатшысы. 1983-1988 жылдары - Қостанай облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары. 1988-1991 жылдары - Қостанай облыстық партия комитетінің хатшысы, екінші хатшысы, Қостанай облыстық кеңесі төрағасының кеңесшісі. 1991-1995 жылдары - Қостанай облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары, Қостанай облыстық әкімшілік басшысының орынбасары. 1995-1998 жылдары - Қостанай облыстық Білім департаментінің бастығы. 1998-2002 жылдары-Қостанай облысы әкімі апппаратының жетекшісі. 2002-2004 жылдары - Қостанай облысы әкімінің орынбасары. 2004-2007 жылдары Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ІІІ шақырылымының депутаты - Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік жөніндегі комитетінің хатшысы қызметтерін атқарған. 2007 жылдан - қазіргі қызметінде.
«Құрмет» орденімен, медальдармен марапатталған.
50 жыл бұрын (1961) Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының мүшесіСҮЛЕЙМЕН Ләззат Жаңылысқызы дүниеге келді.
Алматы облысы Ақсу ауданында туған. Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтын (Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті), Ресей мемлекеттік әлеуметтік университетін бітірген.
Еңбек жолын 1977 жылы Талдықорған облысы Ақсу тәжірибе шаруашылығының жұмысшысы болып бастаған. 1983-1985 жылдары - Талдықорған облысы Чапаев орта мектебінің мұғалімі, директордың орынбасары. 1986-1990 жылдары - Талдықорған облысы Ақсу аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы. 1990-1992 жылдары - Ресей мемлекеттік әлеуметтік институтының студенті, Мәскеу қаласы. 1992-1994 жылдары - Талдықорған облыстық Жастар істері жөніндегі комитетінің төрағасы. 1994-1997 жылдары - Талдықорған облыстық Жастар істері, спорт және туризм жөніндегі басқарма бастығының бірінші орынбасары. Талдықорған қаласы әкімі аппаратының Ішкі және әлеуметтік саясат бөлімінің меңгерушісі. 1997-1998 жылдары - Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің бас маманы. 1998-2003 жылдары Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясы ақпараттық-талдау бөлімінің консультанты, Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясы ақпараттық-талдау бөлімінің меңгерушісі қызметтерін атқарған. 2003 жылдан Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының мүшесі қызметін атқарады.
2010 жылғы 9 сәуір күні Парламент Сенатының пленарлық отырысында Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының мүшесі лауазымына жаңа бес жылдық мерзімге тағайындалды.
Екі медальмен марапатталған.
АҚПАННЫҢ 11-І, ЖҰМА
Дүниежүзілік аурулар күні. 1992 жылы мамырдың 13-інде Рим папасы Иоанн Павел II бекіткен. Католиктермен Лурдскалық Ана құдай күні тойланады.
Иран Ислам Республикасының ұлттық мерекесі - Революция күні. 1979 жылы осы күні Иранда шах режимі құлап, Иран Ислам Республикасы жарияланды.
Қазақстан Республикасы мен Иран Ислам Республикасы арасында дипломатиялық қатынас 1992 жылы қаңтардың 29-ында орнаған.
Жапон империясының құрылған күні. Біздің дәуірімізге дейін 660 жылы Кюсю аралының тұрғыны Дзимму деген кісі Ямато елін басып алып, таққа отырды. Бұл күні Жапон мемлекетінің негізі қаланған күн деп саналады. Дзиммудан бастау алған императорлар әулеті әлі күнге Жапонияны билеп келеді.
ОҚИҒАЛАР
3 жыл бұрын (2008) Астанада Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысумен сол жағалауда орналасқан «Сарыарқа» сауда орталығы ашылды. Орталықтың жалпы ауданы - 40 мың шаршы метр, мұнда киім-кешек, аяқ киім, косметика, тұрмыстық техника және электоотехника дүкендері орналасқан. Белгілі киім үлгілерінің өкілдері өздерінің бутиктарын ашты. Сауда орталығының құрлысынның 61 млн доллар инвестицияны құрады. «Сарыарқа» сауда орталығында сонымен қатар 8 залы бар кинотеатр, ресторан, кафе және бистро ашылды.
1 жыл бұрын (2010) Нұр Отан» ХДП Орталық аппаратында «Нұрсұлтан Назарбаев: гуманизм және саяси ерік» атты орысша шыққан кітаптың тұсаукесер рәсімі болып өтті.
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н. Назарбаевтың саяси және мемлекеттік қайраткерлігі туралы сыр шертетін кітаптың авторлары - Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты, Жемқорлықпен күрес жөніндегі Республикалық қоғамдық кеңестің төрағасы Оралбай Әбдікәрімов, философия ғылымының докторы, профессор Гурий Хан, философия ғылымының кандидаты ҚазГЗУ профессоры Ирина Хан болып отыр.
Кітапта сондай-ақ мемлекет басшысының баяндамалары, мақалалары, еңбектері негізінде оның барлық саяси және мемлекеттік қызметіне қатысты ғылыми пайымдаулар мен жүйелі талдаулар жасалған. Авторлар ғылыми-философиялық талдаулар жасай отырып, тұтастай қазақстандық қоғамды жетілдірудегі саяси көшбасшының ізгілікті қағидаттарына баса мән береді.
Кітаптың тұсаукесеріне Парламент депутаттары, ғылыми және шығармашылық зиялы қауым өкілдері қатысты.
1 жыл бұрын (2010) Ұлыбритания астанасы Лондонда Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің түлектері қауымдастығының бөлімшесі ашылды.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Түлектер қауымдастығы 2009 жылы құрылған. Одан бері Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің түлектерінің қауымдастығының бөлімшелері Қазақстанның әр облысында және Мәскеуде ашылған болатын.
Бүгінде Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің түлектерінің саны 125 мың адамды құрайды.
1 жыл бұрын (2010) Сотталғандарға арналған республикалық газеттің бірінші нөмірі шықты.
Газеттің «Үміт сәулесі» («Луч надежды») деп аталуының өзі бас бостандығынан айырылған жерлерде отырған адамның жай-күйін білдіреді. Басылым сегіз бет болып шықты.
ЕСІМДЕР
АҚПАННЫҢ 12-І, СЕНБІ
ОҚИҒАЛАР
5 жыл бұрын (2006) Алматыда Достық үйінде мәскеулік режиссер Константин Харалампидистің «От Рождества до Воскресения» атты ежелгі және бүгінгігректер туралыдеректі фильмінің премьерасы өтті.
Премьераны ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл фильм Мәскеуде өткен «Еуразия калейдоскопы» кинофестивалінде «Шетелдік кино» аталымы бойынша бас жүлдені жеңіп алған. Автор «От Рождества до Воскресения» туындысында ежелгі грек-понтийлер тап болған апат пен бүгінгі гректердің бастан кешкен дағдарыстан арылып келе жатқандығы арқау етілген. Константин Харалампидис 1999 жылдан бастап біздің елде кино түсіре бастады. Ресейдің Мәскеу, Санкт-Петербор, Новороссийск қалалары мен Владикавказда, Сочиде, сондай-ақ Грекияда, Афины, Салоника мен Патрахта және киелі Афон тауында фильмдер түсірген.
3 жыл бұрын (2008) Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің штаттық саны мен құрылымы туралы» Жарлыққа қол қойды.
Мемлекет басшысы өз Әкімшілігіне ел Президентіне қарайтын құқық қорғау органдары мен ұйымдарында әкімшілік реформалар жүргізуді қамтамасыз етуді тапсырған болатын. Осы тапсырманы орындауды Президент Әкімшілігі өз құрылымын қайта құрудан және штат санын қысқартудан бастады. Президент Әкімшілігінің қызметін жетілдірудің негізгі мақсаттары: - Президент Әкімшілігінің бөлімдері арасында функцияларды оңтайландыру және нақты бөлу - құрылымды заңнамамен белгіленген нормаларға сәйкестендіру. Президент Әкімшілігіне тән емес қызметтерді тиісті мемлекеттік органдарға беру - басқарма деңгейін және басқару аппаратын қысқарту - құрылымдық бөлім басшыларының жауапкершілігі мен дербестігін арттыру болып табылады.
3 жыл бұрын (2008) Павлодар облысындағы Қашыр селосының атауы Тереңкөл болып өзгертілді. Әкімдіктің бірлескен қаулысы мен облыстық мәслихаттың шешімі бойынша, тұрғындардың пікірі ескеріле отырып, Қашыр селолық округінің атауы Тереңкөл округі болып, ал Қашыр селосының атауы - Тереңкөл селосы болып өзгертілді.
1 жыл бұрын (2010) Алматы қаласы Әуезов ауданында балаларға арналған демалыс және шығармашылық орталығы ашылды. «Ақ барыс» атты демалыс орнында аумағы мың шаршы метр мұз айдыны, сырғанақ, әткеншек, алтыбақан және басқа да аттракциондар бар. Құрылысқа барлығы 60 миллион теңге қаржы жұмсалыпты. Енді балалар үшін спортзал, интернет клуб, жекпе-жек және би алаңдары салынбақ.
ЕСІМДЕР
70 жыл бұрын (1941) Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың зайыбы, Қазақстан Республикасының қоғам қайраткері, Қазақстан Республикасы білім беру саласының құрметті қызметкері НАЗАРБАЕВА Сара Алпысқызы дүниеге келді.
Қарағанды облысы Бұқар жырау ауданы Қызылжар ауылында туған. Қарағанды металлургиялық комбинаты жанындағы жоғары оқу орнын экономист мамандығы бойынша бітірген. Аталған комбинатта «Қарағандыкөмір» бірлестігінде жұмыс істеген.
1992 жылы елдегі ана мен балаларды әлеуметтік қорғау, балалар үйлерін қамқорлыққа алу, тұрмысы төмен, жетім балаларға жәрдемдесу мақсатында «Бөбек» халықаралық балалар қайырымдылық қорының негізін қалады. Қазақстанда алғашқы болып жетім балаларды қорғайтын заң (Отбасылық үлгідегі балалар ауылдары және жасөспірімдер үйлері туралы) шығару бастамасын көтерді. Осыған орай Назарбаеваның тікелей қатысуымен жетім балаларға арналған балалар ауылдары салынды. Онда тәрбиеленген түлектер тұрғын үймен, білім алу мүмкіндігімен немесе жұмыспен қамтамасыз етіледі.
1992 жылдан «Бөбек» балалар қайырымдылық қорының президенті. Қор аурудын асқынған түрлерімен сырқаттанған балаларға Қазақстан мен шетел клиникаларында емдейтін балалар мекемелері мен ұйымдарына қамқорлық көрсетеді. Әсіресе Арал мен Семей ядролық полигоны сияқты экологиялық апатты аймағының балаларына ерекше көңіл бөлінеді. 1994 жылдан «505 - Қазақстанның балалар деревнясы» (Австрияның «Киндердорф Интернационал» қорының филиалы) қорының президенті.
1999 жылдан - «Демография» қайырымдылық қоры қамқоршылар кеңесінің төрайымы.
«Педагогические проблемы укрепления и развития здоровья учащихся, их нравственного воспитания с использованием системы «Детка» Порфирия Корнеевича Иванова» (1999 ж.), «Здоровье человека и система П.К. Иванова «Детка» (1999 ж., қосалқы авторлармен бірге) кітаптарының авторы.
1-ші дәрежелі «Достық» орденімен, «Өзін-өзі тану философиясы мен оқу мәдениетіне қосқан зор үлесі үшін» Шыңғыс Айтматов атындағы Алтын медальмен, Халықаралық «SOS-Киндердорф» қорының Алтын медалімен, Балалар құқығын қорғау саласына зор үлес қосқаны үшін ЮНИСЕФ-тің арнайы наградасымен марапатталған.
Бүкіләлемдік денсаулық ұйымының И. Дограмачи атындағы сыйлығының, халықаралық «Unity» сыйлығының, Денсаулық сақтау, қайырымдылық және өскелең ұрпақты рухани тәрбиелеу саласындағы ерен еңбегі үшін «Курманджан Датка» сыйлығының лауреаты, «Мээрман Энее-98» атағының иегері атанған.
65 жыл бұрын (1946-2007) жазушы, сыншы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері ЖҰМАБЕК Сайлаубек дүниеге келді.
Оңтүстік Қазақстан облысында туған. С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін (әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті), Мұхтар Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының аспирантурасын бітірген.
1974-1979 жылдары - Қазақ КСР Кинематография жөніндегі мемлекеттік комитеті сценарийлық бөлімінің аға редакторы. 1979-1981 жылдары - «Жас алаш» газеті әдебиет және өнер бөлімінің меңгерушісі. 1981-1990 жылдары - «Қазақ әдебиеті» газеті сын бөлімінің меңгерушісі. 1990-1993 жылдары - «Егемен Қазақстан» газеті әдебиет және өнер бөлімінің меңгерушісі, республикалық «Ара-Шмель» журналының жауапты хатшысы. 1993-1996 жылдары - «Ара-Шмель» сатиралық журналының және осы аттас газеттің бас редакторы. 1996 жылдан бастап Қазақстан Жазушылар одағының аға референті - әдеби кеңесшісі.
Оның «Сын пернесі», «Ғабит Мүсірепов», «Шерхан Мұртаза. Жұлдызы нұрлы суреткер», «Сын әуені», «Тахауи Ахтанов. Талант тектоникасы», «Жүрегі - мұң, жүрегі - жыр...» атты сын кітаптары бар.
Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 10 жылдығы мерекелік медалімен марапатталған.
60 жыл бұрын (1951) ақын, журналист, қазіргі айтыс өнерінің ұйымдастырушысы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері ЕРМАНОВ Жүрсін Молдашұлы дүниеге келді.
Қарағанды облысы Ұлытау ауданында туған. С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін (қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті), Алматы жоғары партия мектебін бітірген.
1980 жылға дейін Жезді ауданы «Октябрь туы» газетінің әдеби қызметкері, 1971-1978 жылдары - Жезқазған облыстық телерадиокомитетінің аға редакторы, 1978-1980 жылдары - Жезқазған облыстық телерадиокомитетінің бас редакторы. 1982-1992 жылдары - Қазақ республикалық теледидарының бас редакторы, 1992-1996 жылдары - «Қазақ әдебиеті» газетінің, «Жұлдыз» журналының бөлім меңгерушісі, «Қазақ мемлекеті» газеті бас редакторының бірінші орынбасары, «Қазақстан қанаты» - «Крылья Казахстана» газетінің бас редакторы қызметтерін атқарды. 1997-2003 жылға дейін шығармашылық жұмыста болды. 2003-2006 жылдары - Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті гуманитарлық ғылыми-зерттеу орталығының жетекші ғылыми қызметкері, зертхана меңгерушісі, 2006-2007 жылдары - «Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясы АҚ Басқарма төрағасының орынбасары - Қазақ радиосының бас директоры. 2007-2009 жылдары - «Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясы АҚ Басқарма төрағасының кеңесшісі қызметтерін атқарған. 2009 жылдан бастап - «Алматықұрылыс» Ұлттық холдинг компаниясы акционерлік қоғамы президентінің кеңесшісі.
Тұңғыш өлеңдер жинағы - «Жанартау» 1983 жылы жарық көрді. «Арайлы күн армысың», «Ұлытауға бардың ба?..», «Құдіретке жүгіну» , «Екі тізгін, бір шылбыр» атты кітаптардың авторы.
Өлеңдері мен поэма, балладалары адам, оның жан дүниесі, рухани құдылықтарын өзек етеді. Жүрсін Ерманов қазақтың атамұра өнері - ақындар айтысын қайта жаңғырту, оны теледидар мен радиода насихаттау ісінде айтарлықтай жұмыстар атқарды. Ақындарды 1984 жылдан үлкен сахнаға шығарып, халық өнерін, ұлттық рухты көтеруге үлес қосты. Ақындар айтысын жинақтап жариялау, зерттеу жұмыстарын жүргізіп, «Қазіргі айтыстар» (2005, Астана, 2 том) жинағын құрастырды. Бірнеше бейне, аудиокассета, дискілері жарыққа шыққан. Қазақстан Жазушылар одағының Мұқағали Мақатаев атындағы сыйлықтың екі мәрте иегері. Халықаралық қазақ тілі қоғамының мүшесі. Қарағанды облысы Ұлытау ауданының Құрметті азаматы.
45 жыл бұрын (1966) «ҚазАгро» Ұлттық басқарушы холдингі» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары, экономика ғылымдарының кандидаты БЕЙСЕНҒАЛИЕВ Берік Тұрсынбекұлы дүниеге келді.
Қостанай облысында туған. Ебней Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін және оның аспирантурасын бітірген.
1994-1995 жылдары - «Компьютерлік емдік-диагностикалық жүйе» ұжымдық кәсіпорында бас есепші. 1995-1996 жылдары - «Казкоммерцбанк» банкі дилинг басқармасының дилері. 1996-1997 жылдары - «Alеm Bank» Kazakhstan» Қарағанды басқармасы бастығының орынбасары. 1997-1998 жылдары - «Тұран-Әлем Банкі» ЖАҚ Ақмола филиалының бастығы. 1998-2004 жылдары - «Алматы сауда-қаржы банкі» АҚ-ы Астана қалалық филиалының директоры. 2004-2006 жылдары - «АТФБанк» АҚ-ының басқарушы директоры, «АТФБанк» АҚ басқармасы төрағасының бірінші орынбасары. 2006-2009 жылдары - «Аstana Capital Investment Group» инвестициялық компаниясының бас директоры қызметтерін атқарған. 2009 жылдың қаңтар айынан бастап - қазіргі қызметінде.
2004 жылдың наурыз-қараша айларында «Қазақстан халықтық жинақ банкі» АҚ Директорлар кеңесінің мүшесі болған. 2004-2006 жылдары - Омбы қаласындағы «Банк Сибирь» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы қызметін атқарған. 2005 жылдың наурызынан « Тұрар Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университеті» АҚ директорлар кеңесінің мүшесі, 2010 жылдың қаңтарынан - «Азық-түлiк келісім шарт корпорациясы» ҰК» АҚ директорлар кеңесінің мүшесі.
«Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 10 жыл» мерейтойлық медалімен марапатталған.
АҚПАННЫҢ 13-І, ЖЕКСЕНБІ
ОҚИҒАЛАР
5 жыл бұрын (2006) Алматыда ЕҚЫҰ-ның Алматыдағы орталығы мен үкіметтік емес «Демократияға жәрдемдесу орталығы» ұйымы «Дау-жанжалдарды шешудің баламалы әдістері» жөніндегі ақпараттық-кітапшаның тұсаукесері өтті. Орыс тілінде шыққан кітап заң, басқару және әлеуметтік сала қызметкерлеріне, үкіметтік емес ұйым өкілдеріне, оқытушылар мен студенттерге арналған. Онда дау-жанжалдарды реттеу туралы ақпараттар мен осы салалардағы тренингтер материалдары топтастырылған.
3 жыл бұрын (2008) Павлодардағы «Базальт технологиялары» ЖШС-інің жылу сақтайтын материалдар шығаратын жаңа кәсіпорнында кеше алғашқы өнім шығарылды.
Өнімді шығару үшін жергілікті шикізат - Шідертінің шағыл тасы мен Ақмола облысының Алексеевка кенішінің доломиті пайдаланылады. Материал азаматтық және өнеркәсіптік құрылыста кеңінен пайдаланылады. Жаңа өндіріс бұрынғы Павлодар химия комбинатының қайта құрылған цехында іске қосылып отыр.
1 жыл бұрын (2010) Қазақстан Республикасының Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов Алматы облысына жұмыс сапары аясында Тілдер сарайының ашылу рәсіміне қатысты. Республикадағы алғашқы және әзірге жалғыз Тілдер сарайының құрылысы Елбасының «Тілдің үштұғырлығы» бағдарламасына сәйкес салынған болатын. Оның құрлысына облыстық бюджеттен 304 млн. теңге қаржы жұмсалды. Жобаның авторы Қазақстан Сәулетшілер одағының мүшесі Нұркен Белдібаев, сонымен қатар ол Талдықорғандағы Достар үйінің де авторы. Тілдер сарайының барлық сыныптары оқу барысына қажеті заманауи жабдықтармен қамтылған. Бір уақытта онда 80 адам білім алуға мүмкіндік жасалған. Сонымен қатар мұнда сабақ жүргізілетін бөлмелерден басқа 150 орынға есептелген актілік залы, облыстық тілдерді дамыту басқармасы қызметкерлерінің кабинеті және орталықтың қазақ, ағылшын және орыс тілін оқытатын оқытушылардың кабинеттері де қарастырылған.
1 жыл бұрын (2010) Петропавлда салтанатты түрде Қан орталығы ашылды.
Қан орталығының өндірістік қуаттылығы жылына 10 мың литр қан. Бұл бес қабатты қосалқы бөлмелері бар ғимарат. Ғимараттың жалпы құны 1,18 млрд теңге.
Петропавлдағы Қан орталығы - Астанадағы орталықтан кейінгі осы бағыттағы екінші медициналық мекеме болып табылады.
ЕСІМДЕР
75 жыл бұрын (1936-1991) жазушы, очеркші, КСРО Журналистер одағы сыйлығының лауреаты МУСИН Жанайдар Баймырзаұлы дүниеге келді.
Ақмола облысы Зеренді ауданында туған. Көкшетау педагогикалық училищесін, С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін (қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) бітірген.
Еңбек жолын «Көкшетау правдасы» облыстық газетінде әдеби қызметкер болып бастаған. 1963-1965 жылдары - Қостанай облыстық «Путь к коммунизму» - «Коммунизм жолы» газетінің жауапты хатшысы. 1965-1968 жылдары - Қостанай облыстық «Коммунизм жолы» газеті редакторының орынбасары. 1968-1971 жылдары - Талдықорған облыстық «Октябрь туы» газеті редакторының орынбасары. 1971 жылдан Көкшетау облыстық «Көкшетау правдасы» газетінің редакторы қызметін атқарған.
Оның «Ақ алаң», «Туған үйдің түтіні» романдары, «Қанат ұшқанда қатаяды», «Адам еңбегімен даңқты», «Таң нұры» очерктері және «Үміт» атты әңгімелер жинағы бар.
«Құрмет белгісі» орденімен және медальдармен марапатталған.
35 жыл бұрын (1976) «Қазақстан Республикасы Үкіметі жанындағы «Ұлттық сараптама орталығы» акционерлік қоғамының заң қызметі және мемлекеттік сатып алу департаментінің директоры САТЫБАЕВА Сәуле Мақашқызы дүниеге келді.
Астана қаласында туған. Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін бітірген.
1997-2002 жылдары - Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің жетекші, бас маманы, бөлім бастығы, Заң жобаларымен жұмыс басқармасының бастығы. Заңнама департаменті директорының орынбасары. 2002-2003 жылдары - Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі Аппаратының заңнама бөлімі меңгерушісінің орынбасары. 2003-2004 жылдары - Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі Аппараты Заң жобаларымен жұмыс орталығының директоры. 2004-2005 жылдары -Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі Аппаратының заңнама бөлімі меңгерушісінің орынбасары қызметтерін атқарған. 2005-2007 жылдары - жеке тәжірибеде болды. 2007 жылдың қазан айынан - қазіргі қызметінде.