ҚазАқпарат-Анонс: ақпанның 13-і мен 15-і аралығындағы оқиғалардың күнтізбесі

None
None
None
АҚОРДА ҮКІМЕТАқпанның 13-інде Ішкі істер министрлігінде интернационал-жауынгерлерге наградалар табыс ету рәсімі өтеді. ПАРЛАМЕНТПарламент Мәжілісінің регламентіне және «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясы фракциясының жұмыс жоспарларына сәйкес, ағымдағы жылғы ақпанның 9-ы мен 18-і аралығында фракция депутаттары өңірлерде жұмыс істейтін болады. Сапар аясында фракция депутаттары жергілікті билік, аймақтық партия өкілдерімен кездесіп, «Нұр Отан» ХДП халықтық тұғырнамасының жүзеге асырылу жайын талқыға салады. Ақпанның 13-інде Павлодарда ҚР Парламенті жанындағы Қоғамдық палатаның көшпелі отырысы өтеді. Оған қатысушылар «Құқық бұзушылықтың алдын алу туралы» және «Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы тұру туралы» дайындалып жатқан заң жобаларын талқылайды, Павлодар облысының әкімі Бақытжан Сағынтаевтың, ҚР Ішкі істер вице-министрі Александр Саванковтың, және Мәжіліс депутаты Жақып Асановтың баяндамаларын тыңдайды. Қоғамдық палатаның мүшелері Павлодарда Жасөспірімдерді уақытша бейімдеу орталығында, Усол шағынауданының бейнебақылау бекетінде, белгілі тұрағы жоқ әйелдерді әлеуметтік-психологиялық оңалту орталығында болады. ҚОҒАМ2009 жылғы ақпанның 25-і мен наурыздың 6-сы аралығында Қазақстан Республикасында Ұлттық халық санағы өткізіледі. 9-13 ақпан аралығында Лиссабон қаласында (Португалия Республикасы) ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Вице-министрі Ділімбетова Гүлнар Аманқұлқызы бастаған қазақстандық делегация қатысатын Халықаралық Еңбек Ұйымының 8-ші Еуропалық аймақтық кездесуі өтеді. Аталған кездесу аймақтық елдердегі саясаткерлер, экономикалық және әлеуметтік қайраткерлердің қатысуымен төрт жылдың ішінде бір рет өтеді. Кездесу барысында 1995-2007 жыл аралығындағы аймақтағы еңбек нарығы үрдісін бағалайтын тақырыптық есепті , сонымен қатар ХЕҰ төрт жылда атқарған қызметі мен оның нәтижесі туралы есепті қарастыру жоспарлануда.12-13 ақпан аралығында Чех Республикасының Премьер-Министрі және Еуропалық Одақтың төрағасы Мирек Тополанектің Қазақстанға ресми сапары жоспарлануда. Сапар барысында М.Тополанек еліміздің басшыларымен кездесіп, Орталық Азия-ЕО диалогы шеңберіндегі Чехияның Еуропалық Одақта төрағалық етуі, қазіргі ахуалы мен екіжақты қатынастардағы перспективті бағыттар туралы күрделі мәселелерді қарастырмақ. Ақпанның 15-інде Ташкенттегі «Ыстықжол» сарайында Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы мәңгілік достық туралы келісімге қол қойылғанына 10 жыл толуына, сондай-ақ, Ташкенттің 2200 жылдығына арналған ақындар айтысы өтеді. СПОРТ2009 жылғы Еуропа чемпионатының іріктеу турниріне дайындық аясында футзалдан Қазақстан ұлттық құрамасы ақпанның 9-ы мен 15-і аралығында Қарағандыда оқу-жаттығу жиынын өткізеді. Айта кетейік, Еуропа чемпионатының іріктеу кезеңінде Қазақстан Ирландия, Англия және Кипр құрамаларына қарсылас атанып отыр. Біздің топтағы матчтар ақпанның 18-і мен 22-сі аралығында Ирландияның Дублин қаласында өтеді. Қазақстандық команда ақпанның 19-да Англиямен, 20-да Кипрмен, 22-де Ирландиямен ойнайды.Ақпанның 10-15-і күндері баскетболдан ҚР Ұлттық лигасының ерлер командалары арасындағы 4-ші тур ойындары өтуде. Футболдан Қазақстанның әйелдер құрамасы алдағы мамырдың 11-і мен 17-сі аралығында Арменияда өтетін УЕФА-ның шағын турниріне қатысады. Қазақстан футбол федерациясының мәліметінше, жарыста Армения, Қазақстан және Эстония командалары өзара мықтыларды анықтайды. Турнир күнтізбесі бойынша біздің команда мамырдың 14-інде - Эстониямен, ал 16-сында Армениямен ойнайды.Астанада, ақпанның 16-нан 22-сі аралығында Ұлттық теннис орталығында Қазақстанның қысқы чемпионаты өтеді. Астанадағы теннис кортына республиканың барлық аймағындағы алдыңғы қатардағы спортшылар жиналады. Отандық теннистің «жұлдыздары» осы жарыста бас қоспақ. АСТАНААқпанны 13-інде Ұлттық академиялық кітапханада «Кеудесі жақсылардың алтын сандық» тақырыбында «дөңгелек үстел» отырысы өтті. Ақпанның 13-інде №1 перзентханада жаңа туған нәрестелердің ата-аналарына атаулы көшеттердің сертификаттарын табыс ету рәсімі өтеді. Ақпанның 16-сында «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясының Орталық аппаратында Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтеді.«Нұр Отан» ХДП халықтық сенім партиясы» тақырыбында өтетін арнайы шара аталмыш партияның 10 жылдық мерейтойына арналған. Конференцияның мақсаты ? партияның тарихи жолын, еліміз бен қазақстандық қоғамның заманауи өміріндегі рөлін ұғыну, «Нұр Отан» партияның даму болашағына қатысты ұсыныстар әзірлеу. Конференцияға ҚР Парламенті депутаттары, Президент Әкімшілігі мен ҚР Үкіметінің өкілдері, қоғамдық бірлестіктер, халықаралық ұйымдар, сарапшылар мен ғалымдар, БАҚ өкілдері қатысады.АЛМАТЫ Ақпанның 13-інде Абай атындағы Қазақтың педагогикалық университетінде «Жас Отанның» Алматы филиалының 2-ші кезектен тыс қалалық конференциясы өтеді. Ақпанның 13-інде Қалалық кардиологиялық орталықтың директоры есеп беру жиналысын өткізеді. Ақпанның 13-інде Қазақстанның футбол федерациясының кеңсесінде Қазақстанның жастар құрамасының бас жаттықтырушысы баспасөз мәслихатын өткізеді. -------------------------------------------------------------------------------------------------- АТАУЛЫ КҮНДЕР, ЕЛЕУЛІ ОҚИҒАЛАРАҚПАННЫҢ 13-І, ЖҰМАЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР16 жыл бұрын (1993) «Қазақстанкаспийшельф» теңіз мұнай кәсіпорны құрылды. Кәсіпорынның негізгі мақсаттары ? Каспий теңізінің Қазақстанға қарасты бөлігінің жер қойнауындағы мұнай-газ қорын анықтау, мұнай операцияларын іске асыру, осы аймақтың биоқорларын, минералдық байлық көздерін ашу және жағалаудағы қайраңдық кен орындарының игерілуін тездету, теңіз байлығын қазіргі заманғы техника мен технологияны шет елдік компаниялардың әлемдік тәжірибесі мен инвестициясын пайдалана отырып игеру, Каспий маңы аймағының өндірістік және әлеуметтік инфрақұрылымын жан-жақты дамыту болып табылады. Каспий теңізінің Қазақстанға қарасты бөлігінің жер қойнауындағы көмірсутек қорларын зерттеу және игеру жөніндегі кешенді бағдарламаны жүзеге асыру мақсатында 1993 жылы желтоқсанда Халықаралық мұнай компаниялары консорциумының негізі қаланды. Аталмыш консорциумның штаб-пәтері Алматы қаласында орналасқан. Ақтау мен Атырау қалаларында бөлімшелері бар.ЕСІМДЕР95 жыл бұрын (1914-1976) кино тарихшысы, өнертану ғылымының кандидаты СИРАНОВ Қабыш дүниеге келді. Павлодар облысының Баянауыл ауданында туған. Бүкілодақтық кинематография институтын бітірген. «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас алаш») газеті редакциясында, Орталық біріккен киностудияда, «Қазақфильм» киностудиясында, Әдебиет және өнер институтындағы театр және кино бөлімінде қызмет істеген. Қ.Сиранов қазақ кино өнері тарихының мәселелерін зерттеумен айналысқан алғашқы кинотанушы. Ол В.Морозовпен бірге «Ақ гүл», Д.Тарасовпен бірге «Өмір жолы» көркем фильмдерінің, С.Тимошенкомен бірге «Домбыра үні», «Алматы», «Тыңдағы кеңшарлар», «Кенен Әзірбаев», т.б. деректі фильмдердің сценарийін жазды. «Құрмет белгісі» орденімен марапатталған.АҚПАННЫҢ 14-І, СЕНБІЛихтенштейн Князьдігінің Ұлттық мейрамы ? князьдің туған күні ( Князь Ханс Адам II фон Лихтенштейн) (1945).ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР17 жыл бұрын (1992) Венада Қазақстан Республикасы мен Австрия Республикасы арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнату туралы мәлімдемеге қол қойылды.17 жыл бұрын (1992) Мемлекеттік ономастика комиссиясының шешімімен Гурьев облысы мен Гурьев қаласының атауы Атырау облысы және Атырау қаласы болып өзгерді. Ал Павлодар облысының Ермак ауданы Ақсу ауданы аталды.17 жыл бұрын (1992) Абай атындағы Қазақ мемлекеттік педагогикалық университетінің көне оқу ғимаратының біріне ғалым, жазушы, қоғам қайраткері Ахмет Байтұрсынұлының бейнесі мен есімі қашалған ескерткіш тақта орнатылды.17 жыл бұрын (1992) Беларус астанасы Минск қаласында Әзірбайжан, Армения, Қазақстан, Қырғызстан, Молдова, Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбекстан, Ресей және Украина мемлекеттерінің басшылары кездесіп, ТМД шеңберінде ынтымақтастық принциптерін сақтау туралы Декларация қабылдады.15 жыл бұрын (1994) Қазақстан Республикасы Халықаралық атом энергиясы жөніндегі агенттікке (МАГАТЭ) кірді.ЕСІМДЕР110 жыл бұрын (1899-1972) техника ғылымының докторы, профессор, Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі СМИРНОВ Василий Иванович дүниеге келді. Петроград тау-кен институтын бітірген. 1946-1972 жылдары Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясы Металлургия және кен байыту институты директорының орынбасары қызметін атқарды. Ол Қазақстандағы ғылыми мекемелерді ұйымдастыруға, КСРО түсті металлургия саласын дамытуға үлкен үлес қосты. Оның қатысуымен Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясы Металлургия және кен байыту институтының негізі қаланды. Ғалымның негізгі ғылыми еңбектері мыс өндірудің жаңа технологиялық әдістерін табу, өндіріске енгізу, Орал мен Қазақстан металлургиялық өнеркәсіптерін дамыту мәселелеріне арналған. «Ленин», екі мәрте «Еңбек Қызыл Ту» ордендерімен марапатталған.40 жыл бұрын (1969) Қызылорда облысының әкімі, Қазақстан Республикасы Президентінің «Байқоңыр» кешеніндегі арнаулы өкілі ҚУАНДЫҚОВ Болатбек Баянұлы дүниеге келді. Қызылорда облысының Қармақшы ауданында туған. Қазақ мемлекеттік басқару академиясын бітірген. Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінде экономист, жетекші экономист, бөлім бастығы, басқарма бастығы қызметтерін атқарған. 1996-1999 жылдары ? Қазақстан Республикасы Ұлттық банкі Қызылорда облыстық басқармасының бастығы. 1999-2004 жылдары ? Қызылорда облысы әкімінің орынбасары, бірінші орынбасары. 2004-2007 жылдары ? Қазақстан Республикасы Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігінің департамент директоры, Қазақстан Республикасы төтенше жағдайлар вице-министрі. 2007-2008 жылдары Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы болған. Қазіргі қызметінде 2008 жылдың мамыр айынан бастап істейді. Медальмен марапатталған. АҚПАННЫҢ 15-І, ЖЕКСЕНБІРесейде интернационалист жауынгерлерді еске алу күні. Кеңес әскерлерінің Ауғанстаннан шығарылған күніне орай атап өтіледі.ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР347 жыл бұрын (1662) Қазақстанның байырғы қалаларының бірі Атырау қаласының іргесі қаланды. 1640 жылы патша үкіметі ағайынды Гурьевтерге қалашық салуға рұқсат берген. Қала 1662 жылы салынып бітіп, патша жарлығымен Гурьев аталған. Ал жергілікті қазақтар оны Үйшік деп атаған. Бүгінгі таңда қала өнеркәсібінің басты саласы мұнай мен химия өндірісі. Қалада мұнай айыру, полиэтилен, машина жасау, металл өңдеу, балық құтылау, тамақ, басқа да жеңіл өнеркәсіп орындары бар. Сондай-ақ мұнда мұнай өнеркәсібінің жобалау институты, мұнай және табиғи тұздар институты, ғылыми-зерттеу институты, драма театры, филармония, музыка, спорт мектептері, мәдениет үйі, кітапханалар, кинотеатрлар, мәдениет және демалыс бақтары, қонақүйлер, медициналық мекемелер жұмыс істейді.95 жыл бұрын (1914) Император II алкогольді ішімдіктерді шектен тыс пайдалануға қарсы науқанның басталғанын мәлімдеді.90 жыл бұрын (1919) Петроградтың Үлкен драма театры Ф.Шиллердің «Дон Карлос» спектаклімен сахнасын ашты. Қазір бұл театр Георгий Товстогоновтың есімімен аталады.20 жыл бұрын (1989) Кеңес әскерлері Ауғанстан аумағынан шығарылды. Ауғанстан жерінде 9 жылға созылған соғысқа Кеңес Одағының 500 мыңнан астам азаматы қатысты. Олардың арасында 22269-ы қазақстандықтар. Бұл соғыста 15 мың жауынгер опат болды. Оның 889-ы қазақстандық.ЕСІМДЕР115 жыл бұрын (1894-1966) мемлекет және қоғам қайраткері ТОҚТЫБАЕВ Иса дүниеге келді. Қызылорда облысының Тереңөзек ауданында туған. Ташкенттегі мұғалімдер семинариясын, Орта Азия мемлекеттік университетін бітірген. 1917-1919 жылдары ?Ташкент қалалық депутаттар кеңесінің хатшысы, Халық комиссариаты алқасының мүшесі және комиссарының орынбасары, Түркістан компартиясы орталық комитетінің баспа бөлімінің меңгерушісі. 1922-1925 жылдары ? Сырдария облыстық партия комитеті үгіт-насихат бөлімінің меңгерушісі, «Шолпан», «Сәуле», «Коммунист», «Сана», «Шаншар» журналдарының және «Ақ жол» газетінің редакторы, Түркістан Республикасы Орталық комитетінің үгіт-насихат бөлімі алқасының мүшесі, Қазақ АКСР-і Халық ағарту ХКК саяси-ағарту кеңесі басқармасының меңгерушісі. 1926-1929 жылдары ? Ақтөбедегі Жер басқармасының бастығы, Семейдегі «Қазақ тілі» газетінің редакторы, Орынбордағы педагогикалық институттың директоры және жұмысшы фақультетінің меңгерушісі. 1929-1930 жылдары ? Қазақ АКСР-і Халық ағарту комиссарының орынбасары. 1930-1932 жылдары ? Ленинград педагогикалық институтының аспиранты, Қызыл профессура курсының тыңдаушысы. 1932-1933 жылдары ? Ленинградтағы Шығыс халықтары курсының ректоры және әскери саяси академияның лекторы. 1933-1936 жылдары қуғын-сүргінге ұшырап, түрмеде отырды. 1936 жылы В.Куйбышевтың көмегімен босап шықты. 1937 жылы Ленинградтағы КСРО халықтарының этнографиялық мұражайының бөлім меңгерушісі қызметінде болды. 1938-1947 жылдары екінші рет қамауға алынып, Коми АКСР-іне, 1949-1957 жылдары үшінші рет ұсталып, Красноярск өлкесіне жер аударылды. 1957 жылы ақталып, елге оралды. 1958-1964 жылдары Қызылорда қаласындағы облыстық өлкетану мұражайының ұйымдастырушысы әрі директоры болды. И.Тоқтыбаев Қазақстанда оқу-ағарту саласын өркендету, әдеби мұраларды жинау ісінде қажырлы жұмыстар атқарды. Қызылорда қаласындағы бір көшеге есімі беріліп, өзі тұрған үйге ескерткіш-тақта орнатылды. 1998 жылдан туған ауданындағы қазақ орта мектебі Тоқтыбаевтың есімімен аталады. 95 жыл бұрын (1914-1970) актер, кинорежиссер, Қазақстанның және КСРО-ның халық әртісі, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі АЙМАНОВ Шәкен Кенжетайұлы дүниеге келді. Павлодар облысында туған. Семей мұғалімдер техникумында оқып жүргенде, Алматыдағы Қазақ драма театрына шақырылды. Ш.Айманов 1933 жылдың маусым айында театрға жұмысқа қабылданды. Ол алғашында Грамофонов (К.Погодин «Менің досым»), Қодар, Алдар көсе (Ш.Құсайынов «Алдар Көсе»), Исатай (I.Жансүгіров «Исатай - Махамбет»), Кассио (У.Шекспир «Отелло») рөлдерін ойнады. Көп ұзамай Тихон, Великанов (А.Островский «Таланттар мен табынушылар», «Найзағай»), Шадрин (К.Погодин «Мылтықшы адам»), Кидд (Б.Лавренов «Америка дауысы»), Бретт (Дж.Гоу, А.Дюссон «Терең тамырлар»), Хлестаков (Н.Гоголь «Ревизор»), Казанцев (М.Әуезов «Түнгі сарын») сияқты классикалық рөлдерді сомдады. Бұл тұлғалар ұлттық сахнамыздың сүбелі табыстарына жатады. Оның актерлік болмысы тұлғалы, іргелі, көшелі кейіпкерлерді кескіндеуге бейім. Ол қазақ сахнасында романтикалық театр мектебін калыптастырды. Ақан сері, Қобыланды, Сатин, Петруччо, Отелло бейнелерін аса зор актерлік машықпен зерледі. «Мылтықты адам», «Таланттар мен табынушылар», «Намыс соты» атты аударма пьесаларды сахнаға шығарып, режиссерлық жасады. 1947-1951 жылдары Қазақ драма театрының бас режиссері болды. Ш.Аймановтың режиссерлік стилінде ұлттық бояу, сахналық айшықты түр іздеуі басым еді. 1949 жылы өз инсценировкасымен қойған «Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық институты» спектаклінде осы ізденістері анық көрінді. Ал «Ақан сері ? Ақтоқты» трагедиясындағы ақындық шабыт, әншілік толғаныс, таза махаббат, мөлдір сүйіспеншілік сезім, философиялық ойлар, ұлттық тұрмыс-салт, әдет-ғұрып дәстүрлері Ш.Айманов режиссурасынан ансамбль тұтастығына құрылған актерлік ойындардан көркем шешімін тапты. Актер ғұмырының соңына дейін тынымсыз шығармашылық ізденісте жүрді. Өнер сапарымен әлемнің әр қиырында болып, өзі болған ортаның бәрінде қазақ халқының әнімен, өнерімен, дәстүрімен таныстырудан танбады. Әр түрлі кинофестивальдерде, симпозиумдарда Жан Габен, Жан Марэ, Лоуренс Оливье, Софи Лорен, Радж Капур, Френк Копра сияқты әлемдік киножұлдыздармен кездесіп, соларға еліктей жүріп, өзі сахнада, кинода ойнаған рөлдерін әлемдік биікке көтере білді. «Абай әні», «Жамбыл» фильмдеріне түсу арқылы кино өнерінің де қыр-сырын меңгеріп, осы саладағы жемісті жолын бастады. 1953-1970 жылдары «Қазақфильм» студиясының көркемдік жағын басқарып, қазақ кино өнерінің өркендеуіне үлес қосты. 1953-1966 жылдары аралығында ол түсірген «Махаббат туралы аңыз», «Алдар көсе», «Атамекен», «Найзатас баурайында» фильмдердің бәрінен де ұлттық бояу сезіледі. Жұртты қыран-топан күлкіге батырған әндері, екінің бірінің аузынан түспейтін «Біздің сүйікті дәрігер», «Тақиялы періште» фильмдеріндегі әзіл-күлкілі көріністер мен қисындардың да табиғаты ұлттық дәстүрлермен тамырласып жатыр. Көп ізденістің нәтижесінде Ш.Айманов қазақ кино өнерінде де романтикалық-патриоттық мектептің негізін қалады. Оның соңғы еңбегі «Атаманның ақыры» фильмі талантының шарықтау шоқтығы болды. Бұл фильм таза іріктелген актерлік құрамы, режиссерлік сапасы, техникалық орындалу деңгейі жағынан да әлемдік талапқа сай шыққан туынды еді. Ш.Айманов Қазақстан Кинематографистер одағын ұйымдастыруға қатысып, одақ басқармасының бірінші хатшысы қызметін атқарды. 1963 жылы Каир қаласындағы Азия мен Африка елдері Халықаралық және Мәскеу қаласында өткен үшінші халықаралық кинофестивальдердің қазылар алқасы мүшесі болды. Оның есімі Алматының бір көшесіне, «Қазақфильм» студиясына берілді. Ол тұрған үй мен студия ғимаратына мемориалдық тақта орнатылып, мұражай кабинеті ұйымдастырылды. «Ленин», «Еңбек Қызыл Ту», т.б. ордендермен марапатталған. 70 жыл бұрын (1939) биология ғылымының кандидаты КӘРІМОВ Шайдолла дүниеге келді. Атырау облысында туған. Алматы мал дәрігерлік институтын, Қазақстан Ғылым академиясы Эксперименттік биология институтының аспирантурасын бітірген. Атырау облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы, облыстық партия комитетінің бөлім меңгерушісі, Индер аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметтерін атқарған. 1992-1994 жылдары Атырау облысы әкімдігі басшысының орынбасары ? облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы. 1994-1995 жылдары ? Қазақстан Ғылым академиясының Батыс бөлімшесі төрағасының бірінші орынбасары. Қазіргі қызметінде 1995 жылдан бастап істейді. «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет белгісі» ордендерімен, медальдармен марапатталған. 445 жыл бұрын (1564-1642) итальяндық физик, механик, астроном, табиғаттану ғылымдарының негізін салушы ГАЛИЛЕЙ Галилео дүниеге келді. Италияның Пиза қаласында кедейленген ақсүйек отбасында туған. Әкесі Винченцо белгілі музыкант еді. Галилейдің үлкен оқымысты болуына әкесінің ықпалы тиді. 1581 жылы Пиза университетіне түсіп, медицинаны оқып үйренеді. Мұнда ол Аристотель, Евклид, Архимед еңбектерімен танысты. Сөйтіп, геометрия мен механикаға әуестенген Галилей медицинаны тастайды. Флоренцияға оралып, төрт жыл бойы математиканы зерттейді. Аристотельге қарсы «Қозғалыс туралы сұхбат» деген еңбек жазды. 1592-1610 жылдары Галилей шығармашылығының кемеліне келген шағы болатын. Тепе-теңдік принципіне негізделген машина жайлы зерттеуі, дененің еркін түсуі, дененің көлбеу жазықтықтағы қозғалысы, көкжиекке (горизонтқа) бұрыш жасай лақтырылған дененің қозғалысы, маятник тербелісінің изохрондығы туралы жаңалықтары осы кезеңге жатады. 1609 жылы Галилей өзінің алғашқы телескопын құрастырды. Ол осы телескоптың көмегімен Шолпан планетасының фазасын, Күндегі дақты, Юпитердің 4 серігін, Сатурнның сақинасын ашты. 1916 жылы Дін басылары Н.Коперник іліміне тыйым салған соң, Галилей ұзақ уақыт үй тұтқында ұсталды. 1630 жылы «Әлемнің екі негізгі жүйесі туралы сұхбат» деген еңбегін Римге алып келді. Мұнда Коперник пен Евклидтің дүние жүйелері қаралған еді. 1637 жылы Галилей екі көзінен айырылады. Галилей 17 ғасырдағы механика, оптика және астрономия ғылымдарының дамуына елеулі үлес қосты. Ол ашқан жаңалықтар дүниенің гелиоцентрлік жүйесі туралы ілімнің жеңіп шығуына ықпал етті. Статика тарихы Архимедтен басталса, динамика тарихы Галилейден басталады. Ол ұлы ғалым болуымен бірге, музыкант, суретші, ақын, әдебиетші де.
Соңғы жаңалықтар