ҚазАқпарат-Анонс: ақпанның 25-і мен наурыздың 1-і аралығындағы оқиғалардың күнтізбесі

None
None
None
ҮКІМЕТАқпанның 25-інде Үкімет үйінде селекторлық кеңес өтеді. Ақпанның 25-інде Статистика агенттігінде Халық санағының басталуына арналған брифинг өтеді. Ақпанның 25-інде Индустрия және сауда министрлігінде министр В. Школьник ресейлік делегация өкілдерімен кездеседі. Ақпанның 25-інде Мәдениет және ақпарат министрлігінде министр М.Құл-Мұхаммедтің қатысуымен «Менің елім» конкурсын жариялауға арналған брифинг өтеді. Ақпанның 25-інде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде министр Б.Сапарбаев Қазақстанның Студенттер альянсы белсенділерімен кездеседі. ПАРЛАМЕНТАқпанның 25-інде Парламент Мәжілісінің жалпы отырысы өтеді. ҚОҒАМ2009 жылғы ақпанның 25-і мен наурыздың 6-сы аралығында Қазақстан Республикасында Ұлттық халық санағы өткізіледі. Елімізде 2009 жылғы ақпанның 17-сі мен шілденің 1-і аралығында шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерін тексеруге мораторий жарияланды.Ақпанның 22-сі мен 25-і аралығында Әбу-Дабиде ҚР Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары ? Штабтар бастықтары комитетінің төрағасы, армия генералы Мұхтар Алтынбаев басқарған қазақстандық әскери делегация қорғаныс өнеркәсібінің халықаралық «IDEX 2009» көрмесіне қатысады.Ақпанның 25-інде Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Елшілігінде тарих ғылымдарының докторы, профессор Дина Аманжолованың «Сын сәтінде: Алаш Қазақстанның этносаяси тарихында» атты кітабының тұсаукесері өтеді. Кітаппен қоса, «Тарихи мұрағат» «Ресей-Қазақстан. XVIII-XX ғасыр» журналының арнайы шығарылымының таныстырылымы да жоспарланған. Журналдың бұл санына қазақстандық, ресейлік тарихшылардың «Алаш» қозғалысына қатысты әзірлеген мұрағаттық құжаттары енгізіліп отыр. Ақпанның 27-сінде «Нұр Отан» ХДП-ның барлық аймақтық филиалдарында «Нұр Отан» - шынайы істің партиясы» атты ашық есік күні өтеді.Наурыздың 1-інен бастап студенттерге қосымша білім беру гранттары мен ұзақ мерзімді жеңілдікті несие тағайындалатын болады.СПОРТАқпанның 18-і мен 28-і аралығында Қытайдың Харбин қаласында студенттер арасында XXIV қысқы универсиада ойындары өтуде. Онда отандастарымыз спорттың 5 түрі бойынша сынға түсуде. Құрлықтық хоккей лигасында ойнайтын Астананың «Барыс» клубы ақпанның 23-де Нижнекамскінің «Нефтехимик», 25-де Нижний Новгородтың «Торпедо», ал 26-да Чеховтың «Витязь» командаларымен мұз айдынына шығады. Ойындар Астанада өтеді.АСТАНААқпанның 25-інде «Нұр Отан» партиясы Орталық аппаратының кеңсесінде «Қазақстан Республикасында шығармашылық одақтарды дамытудың келешегі» тақырыбына арналған конференция өтеді. Ақпанның 25-і күні «Жас Отан» жастар қанаты Ұлттық Дельфий комитетімен бірлесіп, «Қазақстанда шығармашылық одақтарды дамыту» тақырыбында арнайы конференция ұйымдастырады. Шараға мемлекеттік органдар, жоғары оқу орындары, қазақстандық қорлар, сондай-ақ ЮНЕСКО, Британдық Кеңес, Франциялық Альянс секілді халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысады. Ақпанның 27-сінде «Нұр Отан» ХДП Партиялық бақылау комитетінің кезекті отырысы өтеді. АЛМАТЫ Ақпанның 25-інде Қазақстанның Стратегиялық зерттеулер институтында «Этникаралық және құрлықаралық келісімнің қазақстандық тәжірибесі: ЕҚЫҰ-ға арналған ұсыныстар» тақырыбында ғылыми конференция өтеді. Ақпанның 25-інде Ұлттық баспасөз клубында Грек-рим күресі бойынша әлем кубогының қорытындысы арналған баспасөз мәслихаты өтеді. Ақпанның 25-інде «Нұр Отан» партиясының филиалында бірқатар қоғамдық-саяси ұйымдармен Әлеуметтік тұрақтылықты нығайтудағы өзара түсіністік және ынтымақтастық туралы меморандумға қол қою рәсімі өтеді.Ақпанның 28-і мен наурыздың 1-і аралығында Алматыда автоәуесқойлар арасында «Stravel навигатор» жарысы өтеді. Аталған шараны ҚР автомотоспорты федерациясының қолдауымен «Silk Road Ralli» клубы мен «Stravel» компаниясы ұйымдастырып отыр АЙМАҚСОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНаурыздың 2-сінде Петропавл қаласында «Нұр Отан» ХДП-ның Солтүстік Қазақстан облысы бойынша филиалы Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысы өтеді. Саяси кеңестің отырысы партияның 10 жылдық мерейтойына арналып отыр. Жиынға филиал төрағасы, облыс әкімі Серік Біләлов пен облыстық ұйымның негізін қалаушы азаматтар қатысады. ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫАқпанның 25-і күні Қызылода облысы бойынша «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасын жүзеге асыру шеңберінде салынып жатқан мектептердің құрылысы туралы облыстық мәслихат депутаттарының есебі тыңдалады-------------------------------------------------------------------------------------------------- АТАУЛЫ КҮНДЕР, ЕЛЕУЛІ ОҚИҒАЛАР АҚПАННЫҢ 25-І, СӘРСЕНБІ Куәйт мемлекетінің ұлттық мерекесі ? Ұлттық күн. 1961 жылы ақпанның 25-інде Куәйт әмірі Абдалла ас-Салем ас-Сабахты таққа отырғызудың құрметіне белгіленген. Қазақстан Республикасы мен Куәйт Мемлекеті арасында дипломатиялық қатынас 1993 жылы қаңтардың 1-інде орнаған. ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР15 жыл бұрын (1994) Қазақстан Республикасы мен Камбоджа Корольдігі арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас орнады.10 жыл бұрын (1999) Қазақстанда тәуелсіздік алғаннан кейінгі алғашқы халық санағы басталды. Санақ наурыздың 4-іне дейін жалғасты. Мемлекет аумағы 1 463 санақ бөлімдеріне бөлінді. Санақ қорытындысы бойынша Қазақстанда 15 673 400 адам тұрады. 2009 жылғы ақпанның 25-інен наурыздың 6-на дейінгі аралықта екінші халық санағы өтеді. ЕСІМДЕР100 жыл бұрын (1909-1989) орыс суретшісі БОРТНИКОВ Алексей Ильич дүниеге келді. Қызылорда облысының Қармақшы кентінде туған. Одесса көркемөнер институтының сурет факультетін бітірген. Геологиялық экспедиция құрамында Бетпақдала мен Орталық Тянь-Шаньда болып, КСРО Ғылым академиясының Геологиялық мұражайының (Санкт-Петербург) тапсырмасы бойынша «Орталық Тянь-Шань тауларының панорамасын» және «Хан тәңірі шыңын» бейнелеген. 1936 жылы Мәскеуде өткен Қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігіне қатысқан. Бортников ? бейнелеу өнеріндегі Қазақстан тарихына қатысты «Жалау қасында тұрған қазақтың комсомол қызы», «Жазалаушы отряд», «Фурмановтың Верныйдағы көтерілісшілер митингісінде сөйлеуі», «Ә.Молдағұлованың портреті» сияқты бірнеше туындының авторы. АҚПАННЫҢ 26-Ы, БЕЙСЕНБІ15 жыл бұрын (1994) Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «1994 жылы ауылшаруашылық кәсіпорындарына көмек көрсету туралы» Жарлығы мен «Д.А.Қонаевтың есімін мәңгі есте қалдыру туралы» Қаулысы жарияланды.ЕСІМДЕР60 жыл бұрын (1949) актер, режиссер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері АСЫЛХАН Сәулебек Есімбекұлы дүниеге келді. Алматы облысының Ақсу ауданында туған. Қазақ академиялық драма театры жанындағы студияны, Алматы консерваториясының (қазіргі Қазақ ұлттық консерваториясы) режиссура бөлімін Ә.Мәмбетов шеберханасы бойынша бітірген. Мәскеудегі жоғары режиссерлер курсында режиссер М.Захаровтың жетекшілігімен оқыған. 1968-1971 жылдары Қазақ академиялық драма театры құрамында актер болып, Жайнақ (Ш.Айтматов «Ана - Жер-ана»), Өзбек (М.Әуезов «Айман ? Шолпан»), Олжабай (С.Жүнісов «Ажар мен ажал»), Байбол (Қ.Мұхамеджанов «Жат елде»), т.б. рөлдерді орындады. 1975-1998 жылдары Талдықорған облыстық драма театрының, Қазақ академиялық драма театрының режиссері, Талдықорған облыстық драма театрының бас режиссері, «Қазақстан-1» телеарнасының режиссері, Алматы облыстық филармониясының бас режиссері қызметтерін атқарған. 2002 жылдан Мәдениет министрлігінің театр бөлімін басқарған. Ол Т.Қалилахановтың «Абылай аманаты», Т.Ахтановтың «Әке мен бала» және «Күшік күйеу», М.Әуезовтің «Түнгі сарын», А.Вампиловтың «Тұңғыш ұл», т.б. спектакльдерді сахналаған. АҚПАННЫҢ 27-І, ЖҰМАДоминикан Республикасының Ұлттық мерекесі ? Тәуелсіздік күні (1863). Гаити аралының шығыс бөлігі мен соған шектесіп жатқан шағын аралдарда орналасқан мемлекет. Астанасы ? Санто-Доминго қаласы. Ресми тілі ? испан тілі. Ақша бірлігі ? песо. Ел аумағы әкімшілік жағынан 29 провинцияға, 1 ұлттық округке бөлінеді. Елді және атқарушы үкіметті президент басқарады. Заң шығарушы органы ? екі палатадан тұратын Ұлттық конгресс. Негізгі сауда серіктестері АҚШ, Оңтүстік Америка мемлекеттері. Сондай-ақ БҰҰ, Америка мемлекеттері ұйымына, Латын Америкасы экономикалық одағы, т.б. халықаралық ұйымдарға мүше.ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР8 жыл бұрын (2001) Дәулеткерей атындағы Батыс Қазақстан облыстық ұлт аспаптар оркестрі өнер ұжымының тұсаукесер рәсімі өтті. Оркестр Орал қаласындағы Батыс Қазақстан облыстық филармониясы жанынан құрылды. Құрамында 50-ден астам арнаулы жоғары кәсіби білімді мамандар бар. Оркестрдің репертуарында халық композиторлары Құрманғазы мен Динаның, Түркештің, Дәулеткерейдің күйлері, Н.Тілендиевтің, К.Күмісбековтың, А.Жайымовтың, Е.Брусиловскийдің, С.Мұхамеджановтың, т.б. шығармалары, орыс және Еуропа композиторларының туындылары бар. 5 жыл бұрын (2004) Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен «Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры» акционерлік қоғамы құрылды.90 жыл бұрын (1919) Ресейде тұңғыш радиохабар таратылып, Морзе әліпбиімен бірге эфирде алғаш рет адам дауысы тыңдалды. Радиохабар Төменгі Новгород өнертапқышы Михаил Бонч-Бруевичтің зертханасынан таратылды.ЕСІМДЕР110 жыл бұрын (1899-1978) таза инсулинді ойлап тапқан канадалық физиолог БЕСТ Чарльз дүниеге келді. АҚПАННЫҢ 28-І СЕНБІАуғанстан Республикасының Ұлттық мейрамы ? Тәуелсіздік күні (1919). Қазақстан Республикасы мен Ауғанстан Республикасы арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылы ақпанның 12-інде орнатылды.Калевала халық эпосы күні (Финляндия). 1835 жылы Фин әдебиет қайраткері Элиос Леннрот жинап жариялаған карело-фин эпосы мен мәдениетінің «Калевала» мерекесі ретінде атап өтіледі. ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР55 жыл бұрын (1954) Қостанайға жас тың игерушілердің алғашқы легі келіп жетті.12 жыл бұрын (1997) Қазақ мемлекеттік университетінде «Ана тілі» баспасынан жарық көрген «Елбасы» кітабының тұсаукесер рәсімі өтті. 7 жыл бұрын (2002) Алматыда Орта Азия мемлекеттерінің басшылары Орта Азия ынтымақтастық ұйымын құру туралы келісімге қол қойды.ЕСІМДЕР160 жыл бұрын (1849-1932) қазақ ақыны БАЙЗАҚОВ Мұсабек дүниеге келді. Ол замандастары Мәделіқожа, Майлықожа, Құлыншақ сияқты ақындардың үлгісін өзіне өнеге тұтып, ақындық жолын қуған. Жас Мұса әуелі әкесі ұстаған молдадан хан таныса, өсе келе Қарнақ қыстағындағы молда Қозы деген кісі ашқан дін мектебіне түсіп оқиды. Бірақ, схоластикалық дін оқуын қанағат тұтпай кетіп қалады да, өз бетінше білім алуға кіріседі. Шағатай, араб, парсы, түркі тілдес туысқан елдердің әдебиетімен танысады. Мұса өлеңдерінің ішінен махаббат, табиғат лирикаларын, әлеуметтік мәні зор толғауларды, көптеген мысалдар мен айтыс жырларын кездестіруге болады.70 жыл бұрын (1939) композитор ТАЙБЕКОВ Темір Мұхамедұлы дүниеге келді. Жамбыл облысының Жуалы ауданында туған. Алматы консерваториясын (қазіргі Қазақ ұлттық консерваториясы) бітірген. 1962-1965 жылдары ? Қазақ радиосының музыкалық редакторы. 1965-1971 және 1984-1990 жылдары ? Қазақ телевизиясы мен радиосы музыкалық редакциясының ұйымдастырушысы әрі бас редакторы, музыка редакциясының меңгерушісі. 1971-1981 жылдары ? «Қазақконцерт» бірлестігінің музыкалық және көркемдік жетекшісі. 1990-1997 жылдары «Өнер» баспасы музыкалық редакциясының бас редакторы қызметін атқарды. Композитордың ? «Жас дәурен», «Махаббат тілі - тілсіз тіл», «Жаңа жыл вальсі», «Мәңгі шырақ» әндері, «Туған жермен әңгіме» толғау-балладасы, «Атамекен» поэмасы, т.б. аспаптық шығармалары бар. «Жас дәурен» әндер мен романстар, балалар мен бүлдіршіндерге арналған «Кремль жұлдыздары», «Көктем вальсі» атты ән жинақтарының авторы.65 жыл бұрын (1944) экономика ғылымының кандидаты, Қазақстан Республикасы Ұлттық инженерлік академиясының корреспондент мүшесі АСАНОВА Сабыркүл Жайлаубекқызы дүниеге келді. Жамбыл облысының Меркі ауданында туған. Мәскеу тоқыма институтын бітірген. 1969-1972 жылдары ? Мәскеудегі «Трикотажница» фабрикасының инженері, бас инженері, 1972 жылдан «Алмагүл» фабрикасының бас инженері, директоры, «Қазақстан» фирмасының бас директоры, Алматы қалалық атқару комитеті Тұрмыстық қызмет көрсету басқармасының бастығы қызметтерін атқарған. 1992 жылдан «Сымбат» мода бизнесі академиясының ректоры. Ол «Қазақстан» фирмасын басқарған кезінде қызметкерлердің біліктілігін арттыруға баса назар аударды. Оның жетекшілігімен «Қазақстан» фирмасы шығаратын киім үлгілері шетелдік көрмелерге шығарылып, алдыңғы қатарлы жүлделерді иеленді. «Сымбат» мода академиясының президенті ретінде ұлттық дәстүрді жандандыра түсуге баса назар аударды, өңдіріске ұлттық киімдердің 500-ден астам үлгісін енгізді. 20-дан астам ғылыми еңбегі бар. «Халықтар достығы» орденімен және «Еңбек ардагері» медалімен марапатталған.60 жыл бұрын (1949) техника ғылымының докторы, Қазақстан Республикасы Ұлттық инженерлік академиясының академигі МҰСАЕВ Темірхан Сырбайұлы дүниеге келді. Оңтүстік Қазақстан облысының Түркістан қаласында туған. Ташкент темір жол көлігі инженерлері институтын бітірген. Еңбек жолын Алматы жол дистанциясының инженері болып бастаған. 1981-1996 жылдары Алматы темір жол көлігі инженерлері институтында ассистенттен оқу ісі жөніндегі проректорына дейінгі еңбек жолынан өткен. Қазір М.Тынышбаев атындағы Қазақ көлік және коммуникациялар академиясының құрылыс факультетінде дәріс оқиды. Негізгі ғылыми енбектері құрылысқа қажетті жетілдірілген құйматас алуға, фосфор-қож тұтқырғышын жасау технологиясын жетілдіруге, темір жол шпалдарының бүгінгі күн талаптарына сай беріктігі мен қолданылу мерзімін ұзартуға арналған. Көптеген әдістемелік оқулықтардың авторы.70 жыл бұрын (1939) боксшы, спорт төрешісі, КСРО спорт шебері, Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы ӘБДЕНӘЛИЕВ Серік дүниеге келді. Алматы облысының Жамбыл ауданында туған. Жамбыл педагогикалық институтын бітірген. Ол 1960 жылы КСРО студенттері арасында өткізілген жарыстың жеңімпазы, 1958, 1960, 1961, 1964 жылдары Қазақ КСР-нің чемпионы, 1964 жылы КСРО біріншілігінің күміс жүлдегері атанған. Әбденәлиев ұзақ жылдар бойы бокстан өтетін жарыстарға төрешілік етіп келеді. КСРО чемпионаттарында ең таңдаулы 10 төрешінің қатарына 4 рет, АҚШ-та 1999 жылы өткізілген әлемдік чемпионатта таңдаулы 6 төрешінің қатарына енген. 2000 жылы Сидней Олимпиадасында төрешілік етті. 2008-ШІ ЖЫЛДЫҢ НАУРЫЗ АЙЫНДА:85 жыл бұрын (1924) «Кедей» деген атпен қазіргі облыстық «Ақтөбе» газеті қазақ тілінде жарық көрді. 1930 жылы тамыздың 19-ында «Кедей» Темір аудандық газетіне айналып, орнына «Алға» газеті шықты. 1932 жылы Ақтөбе облысы құрылғаннан кейін «Алға» газетінің орнына «Социалистік жол» газеті жарық көрді. Басылым Қазақстанда өлкелердің құрылуына байланысты 1962 жылы шілденің 1-інде шығуын тоқтатты. Өлкелер қайта таратылған соң Ақтөбе облыстық «Коммунизм жолы» газеті болып шыға бастады. 1990 жылы қазаннан бастап «Ақтөбе» атауымен шығып келеді. 45 жыл бұрын (1964) Жезқазған кен-металлургия комбинатына геология-минералогия ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Ғылым академиясын ұйымдастырушылардың бірі әрі тұңғыш президенті, КСРО және Қазақстан Ғылым академияларының академигі Сәтбаев Қаныш Имантайұлының есімі берілді. 17 жыл бұрын (1992) түркі тілдес тәуелсіз алты мемлекеттің Мәдениет министрлері Ыстамбұлда кездесіп, бірлесіп жұмыс жүргізу жөніндегі Меморандумға қол қойып, ТҮРКСОЙ-дың негізі қаланды. ТҮРКСОЙ-дың жұмыс жүргізу принциптері жөніндегі шарт Алматыда 1993 жылғы шілденің 12-інде жасалды. Осы жиынға ұйымға мүше алты елдің ? Түркия, Қазақстан, Қырғызстан, Түрікменстан, Әзірбайжан және Өзбекстанның мәдениет саласының басшылары қатысты. Кейіннен шартқа бақылаушы ел ретінде Татарстан, Башқұртстан, Солтүстік Кипр, Хакасия, Гагауз, Тува қосылды.16 жыл бұрын (1993) Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің салық қызметі туралы» Заңы қабылданды.11 жыл бұрын (1998) Жамбыл университеті, Жамбыл гидромелиорация-құрылыс институты және Жамбыл жеңіл және тамақ өнеркәсібі институтының бірігуі негізінде М.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті құрылды. 40 жылдық тарихы бар бұрынғы бірнеше жоғары оқу орындарының негізінде құрылғандықтан Тараз мемлекеттік университеті республикадағы ең үлкен жоғары оқу орындардың бірі болып табылады. Университетте 700-ден астам оқытушы сабақ береді, оның 52-і ғылым докторы, профессор, 250-ден астамы ғылым кандидаты. Білім ордасы 127 мамандық бойынша кадрлар дайындайды.3 жыл бұрын (2006) LG Philips серіктестігі (Оңтүстік Корей, Нидерланды) Паджу қаласында диагоналі 254 сантиметрлік ең үлкен сұйық кристалды экран (LCD) жасап шығарғанын жариялады. Экранының ені ? 2,2 м, биіктігі ? 1,2 м.2 жыл бұрын (2007) Қытайда сыйымдылығы 300 адамдық әлемдегі ең ұзын автобус жасалды. Аталмыш көлік Бейжіңдегі Олимпиада қонақтарына қызмет көрсетуге арналды. Салонының ұзындығы 25 метрлік жолаушылар автобусы Чжэцзян провинциясында орналасқан «Циннянь» автомобиль корпорациясы құрастырушыларының жобасы бойынша әзірленген. Қазіргі заманғы экология саласының талаптарына сай «суперавтобус» сонымен қатар мүмкіндігі шектеулі жандардың тілектерін ескере отырып жоспарланған. Онда арбадағы мүгедектерге арнайы орын әзірленген, салон едені жаяужол деңгейімен бірдей.ЕСІМДЕР365 жыл бұрын (1644-1700) қазақ халқының бірлігін нығайтуға үлкен үлес қосқан атақты үш бидің бірі, мемлекет қайраткері, Әмір Темірдің бас кеңесшісі Ораз қажының бесінші ұрпағы, бүкіл парсы, өзбек, қырғыз, қазақ, құрама жұрты «Синесоф буа» (жаны пәк жан) атаған Сейітқұл әулиенің үшінші ұрпағы, 1622-1635 жылдары Қоқанға хан болған Ақшаның немересі, 1622-1656 жылдардағы Самарқан әмірі Жалаңтөс баһадүрдің немерелес туысы БАЙБЕКҰЛЫ Әйтеке би дүниеге келді. Әлім тайпасының төртқара руынан шыққан. Әйтеке би бес жасында ауыл молдасынан сауатын ашқан. Шешендік қасиетінің ерте танылуына әкесі Байбек пен Қосуақ бидің айрықша ықпалы тиген. Алайда жеті жасынан бастап аталары Ақша хан мен Жалаңтөс баһадүр Әйтекені өз тәрбиесіне алған. Ол әуелі Самарқандағы Ұлықбек медресесінде, кейін Жалаңтөс баһадүр салдырған, сән-сәулетімен әйгілі «Тіллә-кари» (Алтынмен апталған), «Шер-дор» (Арыстанды) медресесінде оқыған. Дін, құқық, аспан әлемі, жағырапия, тарих, математика пәндерін, араб, парсы, шағатай, өзбек тілдерін меңгерген. Әйтеке би Ақша атасынан ел басқару, елшілік байланыстар жасау жолдарын үйренсе, Жалаңтөс атасынан әскери қолбасшылық дәстүрлер мен дағдыларға жаттыққан. Медресені бітірісімен туған ауылына оралып, әкесі Байбекпен, ұстазы Қосуақпен бірге ел басқару істеріне араласқан. Сөйтіп жиырма бір жасында бүкіл Бұқара мен Самарқан төңірегіндегі казақ, өзбек, қарақалпақ, құрама жұртының бас биі болған. Ал жиырма бес жасында барша Кіші жүз халқы оны бас би етіп сайлаған. 1680 жылы Салқам Жәңгірдің жасы үлкен балалары Уәлі мен Бақыны емес, кішісі Тәукені хан етіп сайлауға қазақ халқының бетке ұстарлары: Әнет баба, Соқыр Абыз, Едіге, Майлы, Төле, Қазыбек, карақалпақ Сасық, құрама Мұхаммед, қырғыз Қоқым билермен бірге Әйтеке би де айрықша ат салысқан. Тәуке таққа отырғаннан кейін алғаш рет ресми түрде айрықша құқты «Хан кеңесі» сайланған. Әйтеке би Кіші жүз жұртының атынан осы кеңестің мүшесі болған. Осы кезде бұрынғы «Қасым салған қасқа жолдың», «Есім салған ескі жолдың» заман өзгерісіне орай, кейбір тұстарының ескіруіне байланысты жаңа заң үлгілерін жасау қажеттігі туды. Тәуке хан және жоғарыда аталған билердің қатысуымен 1684 жылы «Жеті жарғы» қабылданған. Күні бүгінге дейін негізі сақталып отырған ежелгі Солон заңымен (б.з.б. 7-6 ғ.) терезесі тең бұл заңның бытыраңқы елдің басын біріктіруге, жұртымыздың әл-ауқатының артуына, ата дәстүрлеріміздің сақталуына, ұрпақ тәрбиесіне қосқан үлесі зор болды. «Жеті жарғыға» Әйтекенің ұсынған баптарының ішінде екеуі ғана белгілі. Ол ? «Сүйек құны», «Өнер құны». Әйтеке би шешендігімен, «қара қылды қақ жарған» әділдігімен бірге жоңғарлармен болған ұрыстарда қол бастаған батыр да болған. 1685 жылы Нұрата маңына шабуыл жасаған Қалдан-Бошақтының он мың жасағына Нұрата, Қыз Бибі, Ақтау, Тамды, Кенимех төңірегіндегі алшындар мен қарақалпақтардан және құрамалардан жиналған бес мың қол әскерімен Әйтеке би қарсы аттанған. Ол әуелі Қалдан-Бошақтының өз әкесінен емес, есігінде жүрген қытай құлдан туғанын бетіне басып жерге қаратады. Ізінше жан алып-жан берген соғыс басталады да, бір күнге созылады. Келесі күні Әйтекеге Самарқаннан, Бұқарадан қалың әскер көмекке келе жатыр деген қауесетті естіп, Қалдан-Бошақты негізгі жасағы қалған Сайрам төңірегіне шегініп кетеді. Сол жылы Сайрам талқандалып, жыл сайын Күлтөбеде өтіп жүрген «Хан кеңесі» болмай қалады. Бұдан кейінгі қазақ жиыны Қарақұмда және Тәуке хан ордасын тіккен Түркістан маңында болғаны тарихтан мәлім. Қазақ сахарасына көз тіккен көрші елдерден қауіптенген Әйтеке би 1698-1699 жылдары Түркістанда өткен үлкен екі жиында мынадай ұсыныс жасаған: 1) Ресеймен, Қытаймен не басқа бір елдермен одақ жасаудың ешбір қисыны жоқ. Олардың көксегені терезесі тең одақ емес, қазақтарды қайткенде де бодан елге айналдыру. Қазақ жұрты әлі де іргесі мықты ел бола алады. Өйткені қарамағындағы қарақалпақтар мен құрамаларды есептемегенде, әлі өз жұртынан сексен мыңдық қол жинай алады. Шекара аймақтарында әскери соғыс әдістеріне үйретілген жасақтар ұстайық. Шекараға таяу ауылдарды ішкі бетке көшірейік. 2) Мал-мүлікті аямайық. Ресейден, Қытайдан, Хиуадан және Бұқара мен Түріктерден қару-жарақты көптеп сатып алайық. Әскери әдістерге әбден жетілген тұрақты жасақ ұстау үшін керекті қаражатты төрелерден, сұлтандардан, ауқатты адамдардан жинайық. 3) Бүкіл қазақ жасағы бір қолбасшыға бағынсын. Қолбасшы Ресей, Қытай, Түрік не Еуропаның әскери өнері жетік бір елінде оқытылсын. Ол өзі шешен, батыр, көпті көрген көсем, елшілік жұмыстарды жақсы білетін адам болсын. Ол тек «Хан кеңесіне» ғана бағынатын және айрықша кұқты адам болсын. 4) Қолбасшы қарадан шыққан адам болсын. Өйткені төре арасы тату емес, қай-қайсысы да хандық жолында қарабастарын ойлаудан әрі аса алмайды дейді. Ел ішіндегі бірі орға, бірі сорға тартқан алауыздық солардың ісі дейді. Әйтекенің бұл ұсыныстары Төле, Қазыбек секілді ел басқарған билер тарапынан қолдау тапқанымен, сұлтандар мен төрелер, әскерге жиналатын мол шығынды ауырсынған байлар қарсы шығып, түрлі себептер айтылып, ақырында қабылданбаған. Ел аузында Әйтеке айтқан билік, шешендік сөздер, толғаулар, баталар көп сақталған. Ол туралы аңыз әңгімелер мен жырлар да жеткілікті. Соның бірі авторы беймәлім «Әйтеке би» деген ұзақ дастан. Биді халық «айыр тілді Әйтеке» деп атаған. Әйтеке қайтыс болғаннан кейін Нұрата тауы маңын мекендеген төртқара ауылдарының көпшілігі Сыр бойына көшіп кеткен. Әйтекенің тікелей өзінен тарайтын алтыншы-жетінші ұрпақтары мен аталастары Қызылорда, Ақтөбе облыстарында, бірқатары Өзбекстан Республикасының Науаи облысындағы Нұрата ауданында тұрады. Ақтөбе облысының бұрынғы Қарабұтақ және Комсомол аудандары біріктіріліп, қазір Әйтеке ауданы деп аталады. НАУРЫЗДЫҢ 1-І, ЖЕКСЕНБІҚазақстан Республикасы криминалистикалық қызметінің құрылған күні. 1919 жылы дәл осы күні РКФСР-дің Іздестіру орталығы жанындағы Сот сараптамасының кабинеті өз жұмысын бастады. Бұрынғы одақтас республикалардың барлық криминалистері осы мерекені атап өтеді. Аталмыш қызметтің қазақстандық милицияның қатарына қосылуы 1920 жылғы тамыздың 26-дағы Автономиялық Қазақ Социалистік Кеңестік Республикасының құрылу күнімен байланысты. Республиканың құрылуымен қатар Ішкі істер халық комиссариаты, ал оның жанында Милицияның бас басқармасы құрылды. Бас басқармада фотографтардан, қылмыскерлерді есепке алуды жүзеге асыратын және басқа қызметкерлерден тұратын Қылмыстық іздестіру орталық басқармасы ? Іздестіру орталығы пайда болды. 89 жыл ішінде өзгеріп жаңару және сапалы даму жолында криминалистикалық бөлімшелер ішкі істер органдарындағы қылмысты ашу мен тергеуге тікелей қатысатын басты қызметтердің біріне айналды. Олардың басты мақсаты криминалистикалық құралдар мен әдістерді тергеу әрекеттері және жедел іс-шаралар кезінде айғақ заттарды табу, белгілеу, алу, зерттеуде қолдану болып табылады. Криминалистерге өздерінің арнайы білімдерін толық көлемде қолдану, іздік ақпараттарды пайдалану, қылмыстық істер бойынша дәлелдеу мәліметтерін құру арқылы қылмысты ашуға бар назарын салу міндеттері жүктелген. Мамандар қылмысты ашуға көмектесіп қана қоймай, азаматтардың конституциялық кепілдігі мен құқықтарын қамтамасыз етеді. Қазіргі таңда осы қызметтің мамандары криминалистикалық зерттеудің дәстүрлі және күрделі 32 түрін жүргізеді. Жұмыста қазіргі заманғы компьютерлік және электрондық оптикалық құралдар, ультрадыбыстық қондырғылар, іздестіру техникаларының жиынтығы пайдаланылады.Бүкіләлемдік азаматтық қорғаныс күні. 1931 жылы медицина қызметінің генералы француздық Джордж Сан-Пол Парижде «Женева аймағы қауымдастығын» құрды. Қауымдастықтың атауы 1972 жылы Халықаралық азаматтық қорғаныс ұйымы болып өзгерді.Жапонияда бейбітшілік үшін ұлттық күрес күні ? Бикини күні. 1954 жылы АҚШ Жапонияның Бикини аймағында сутегі бомбасын жарды. Жарылыс нәтижесінде «Фукурюмару» кемесіндегі жапон балықшылары және Жапония, Микронезия, Полинезия аралдарының мыңдаған тұрғындары зардап шекті.Панаманың Конституция күні (1972). Панама Республикасы ? Солтүстік және Оңтүстік Американы қосып жатқан ең жіңішке құрлық Панама мойнағында орналасқан мемлекет. Астанасы ? Панама қаласы. Ақша бірлігі ? бальбоа. Мемлекеттік тілі ? испан тілі. 1972 жылы қабылданып, 1978, 1983 және 1990 жылдары өзгерістерге ұшыраған Конституциясы бойынша Панама ? унитарлы президенттік республика. Босния және Герцеговина Республикасының Ұлттық мейрамы ? Тәуелсіздік күні (1992). Босния мен Герцеговина ? Оңтүстік-Шығыс Еуропада орналасқан мемлекет. Астанасы ? Сараево қаласы. Ресми тілі ? серб, хорват тілдері. Республика 1992 жылы Югославиядан өз тәуелсіздігін алды.Швейцария Конфедерациясының мемлекеттік мейрамы ? Республика күні. Швейцария ? Орталық Еуропада орналасқан мемлекет. Солтүстігінде Германиямен, шығысында Лихтенштейн, Австриямен, батысында Франциямен, оңтүстігінде Италиямен шектеседі. Астанасы ? Берн қаласы. Ақша бірлігі ? швейцар франкі. Әкімшілік жағынан 23 кантонға бөлінеді. Әр кантонның өз конституциясы, парламенті және үкіметі бар. ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР47 жыл бұрын (1962) Қазақ КСР Ауыл шаруашылығы министрлігінің ауыл шаруашылығы әдебиеттері редакциясының негізінде «Қайнар» баспасы құрылды. 1964 жылдан бастап ауыл шаруашылығының барлық салаларына қатысты әдебиеттер, қазақ және орыс тілдеріндегі оқу-әдістемелік кітаптар шығарады. Алғашқы директоры ? А.Бектемісов. 1996 жылғы шілденің 16-нан бастап «Қайнар баспасы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі деп аталады. Қазіргі уақытта баспаға Оразбек Сәрсенбаев басшылық жасайды.16 жыл бұрын (1993) Алматыдағы Космонавтар көшесі Ахмет Байтұрсынұлы атындағы көше болып өзгерді. 14 жыл бұрын (1995) Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Қазақстан халықтары Ассамблеясы құрылды. Қазақстанның Тұңғыш Президенті Ассамблеяның өмірбойғы төрағасы болып табылады және оның қызметінің негізгі бағыттарын анықтап, бекітеді, сонымен қатар сессиясын шақырады. Қазір Қазақстан халқы Ассамблеясы деп аталады. Ассамблея құрамы мемлекеттік органдардың, ұлттық-мәдени және басқа да қоғамдық бірлестіктердің өкілдерінен сонымен қатар қоғамдық-саяси белсенді тұлғалардан тұрады. Ассамблеяның 350 мүшесі бар. Жалпы Қазақстанда 130-ға жуық этнос мекендейді.10 жыл бұрын (1999) «Отан» Республикалық партиясы құрылды. 2006 жылғы желтоқсанның 22-дегі кезектен тыс X съезінде бірнеше партияның бірігуімен «Отан» партиясы «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партияға айналды. 10 жыл бұрын (1999) Қазақстанда «Халықаралық ақпараттану академиясы» қоғамдық ұйымы құрылды. 2 жыл бұрын (2007) Қытай Тибетіне жақын жерде орналасқан Цинхай провинциясының Синьхуа-Салар автономиялық уезіндегі Цзецзы мешітінде Құран Кәрімнің Қытай Халық Республикасындағы ең көне көшірмесін қайта жаңарту жөніндегі жұмыс аяқталды. Тарихи жылнамаға сүйенсек, Құранның көшірмесін осыдан 700 жылдай бұрын Қытайға Орталық Азиядан қытайлық аз ұлт өкілі - салар жұртының ата-бабалары әкелген көрінеді. Көне жәдігерді қалпына келтіру жұмыстары заманауи ғылым мен техника жетістіктерінің көмегімен жүргізілген. Жәдігерді мемлекеттік мәдениет ескерткіштерінің тізіміне енгізу мақсатында Қытайдың Мәдениет ескерткіштерін қорғау жөніндегі мемлекеттік басқармасына өтініш берілген.ЕСІМДЕР70 жыл бұрын (1939) ауыл шаруашылығы ғылымының докторы, профессор, Бүкілодақтық ауыл шаруашылығы академиясының (ВАСХНИЛ) корреспондент мүшесі, Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының академигі, Қазақстан Республикасы Президенті Бейбітшілік және рухани келісім сыйлығының лауреаты СҮЛЕЙМЕНОВ Мехлис Қасымұлы дүниеге келді. Қарағанды қаласында туған. Қазақ ауыл шаруашылығы институтын бітірген. 1960-1962 жылдары - Ақтөбе ауыл шаруашылық тәжірибе стансасының ғылыми қызметкері. 1962-1990 жылдары ? Бүкілодақтық астық шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының аға ғылыми қызметкері, бөлім меңгерушісі, директордың ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары, директоры. 1992-1994 жылдары ? А.Бараев атындағы Қазақ астық шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының директоры. 1994-1995 жылдары ? Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаты. 1995-1996 жылдары ? Қазақ ауыл шаруашылығы академиясының вице-президенті. 1997 жылдан Тәлімі жерлерде ауыл шаруашылығын ұйымдастыру халықаралық ғылыми орталығының Орталық Азия және Кавказ маңы елдері бойынша аймақтық үйлестірушісінің орынбасары қызметін атқарады. Негізгі ғылыми-зерттеулері дәнді дақылдар өсіру технологиясы мен ауыспалы егіс мәселелеріне арналған. М.Сүлейменов егістік танаптарда қар тоқтатып, минералдық және органикалық тыңайтқыштарды және өсімдік қорғау құралдарын кең қолдана отырып, астық түсімділігін сүдігерсіз-ақ әрбір гектардан 25-30 центнерге, тіпті одан да жоғары көтеруге болатынын іс жүзінде дәлелдеді. Республикада бұршақ тұқымдас дақылдардың егіс көлемін арттыру мәселелерін көтерді. Ғалым 140-қа жуық ғылыми еңбектің авторы, оның 15-і шет елдерде жарық көрген. «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет белгісі», «Халықтар достығы» ордендерімен, медальдермен марапатталған. 50 жыл бұрын (1959) Қазақстан Республикасының Түркия Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі және Албания Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметін қоса атқарушы, Созақ ауданынының құрметті азаматы ӘМІРЕЕВ Бағдат Құлтайұлы дүниеге келді. Оңтүстік Қазақстан облысының Созақ ауданында туған. Душанбе мемлекеттік университетінің шығыстану факультетін бітірген. 1981-1996 жылдары Йемен, Ливан мемлекеттерінде тілмаш, Қазақ мемлекеттік университетінің (қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) оқытушысы, Сыртқы істер министрлігінің басқарма бастығы, Ирак мемлекетінде тілмаш қызметтерін атқарған. 1996-2002 жылдары Қазақстан Республикасының Сауд Арабиясы, Кувейт, Оман, Катар, Бахрейн мемлекеттеріндегі, Египет Араб Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі, Сирия Араб Республикасындағы, Марокко Корольдігіндегі Төтенше және Өкілетті Елшісі міндетін қоса атқарушы болған. Қазіргі қызметінде 2008 жылдан бастап істейді. «Құрмет» орденімен марапатталған.
Соңғы жаңалықтар