ҚазАқпарат-Анонс: қарашаның 2-сі мен 8-і аралығындағы оқиғалардың күнтізбесі

Елбасы
Қарашаның 1-3-і аралығында Елбасы Н.Назарбаевтың Абу Даби Әмірлігінің Тақ мұрагері, Біріккен Араб Әмірліктерінің Қарулы Күштері Бас Қолбасшысының орынбасары шейх Мұхаммед бен Заид Әл Нахаянның шақыруы бойынша Әмірліктерге жұмыс сапары өтеді.
Cапар барысында Елбасы екі елдің саяси, сауда-экономикалық салалардағы ынтымақтастық мәселелері қарастырылып, екі ел арасында бірқатар келісімдерге қол қою күтілуде.
ҮКІМЕТ
Қарашаның 2-де Үкіметтің кезекті селекторлық кеңесі өтеді.
Қарашаның 2-де Ішкі істер министрлігінде апталық брифинг болады.
Қарашаның 2-де Сыртқы істер министрлігінде апталық брифинг өтеді.
ПАРЛАМЕНТ
Қарашаның 2-де Парламент Мәжілісінде «Дағдарысқа қарсы және энергия үнемдеу шараларын жүзеге асыру» тақырыбына арналған «Үкімет сағаты» өтеді. Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің төрағасы Н.Алдабергенов баяндама жасайды.
СПОРТ
Қарашаның 1-2-де жоғары лига командалары - «Барыс-2» және «Қазақмыс» командаларының арасында хоккейден Қазақстанның чемпионатының бірінші кезегі өтеді.
Қарашаның 5-6-да хоккейден Қазақстанның чемпионатының бірінші кезегінің аясында жоғары лига командалары «Ертіс-Павлодар» - «Қазмырыш Торпедо-2» командалары кездеседі.
АСТАНА
Қарашаның 2-де Оқушылар сарайында «ХХІ ғасырдың балалары: біздің құқықтарымыз бен мүмкіндіктеріміз» деген тақырыпта балалар саммиті өтеді.
Қарашаның 2-де Эталон орталығында «ИСО 26000 стандарты. Әлеуметтік жауапкершілік» тақырыбына арналған семинар өтеді.
АЛМАТЫ
Қарашаның 2-де Онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтында «Сүт безінің қатерлі ісін анықтау, диагностикалау және емдеу» деген тақырыпта семинар өтеді.
Қарашаның 2-де Hyatt Regency Almaty отелінде Ұлттық бизнес-форум өтеді.
Қарашаның 2-де Қазақтың Ұлттық басқару академиясында елімізге сапармен келген Нидерланды ауыл шаруашылығы министрлігі мен Сауда-өнеркәсіптік палатасының өкілдерімен кездесу болады.
АТАУЛЫ КҮНДЕР. МЕРЕКЕЛЕР.
2009 ЖЫЛДЫҢ ҚАРАША АЙЫНДА:
ОҚИҒАЛАР
105 жыл бұрын Санкт-Петерборда атақты шығыстанушы Н.Веселовскийдің жалпы редакциялауымен Шоқан Уәлихановтың тұңғыш шығармалар жинағы шықты. Оған даңқты зерттеушінің қырғыз бен қазақ халықтарының тарихы, жағрафиясы, этнографиясы мен фольклоры жөніндегі негізгі шығармалары және орыс ғалымдарының Шоқан туралы естеліктері енгізілді.
100 жыл бұрын (1909) Ахмет Байтұрсынұлы (1873-1938) «Қырық мысал» (И.А.Крылов мысалдарының ерікті аудармасы) кітабын жазды. Жазушы бұл кітабында шенеунік аппаратының екіжүзділігін сынап, білім іздеп, мәдениетті болуға шақырады, адамның дөрекілік, жалқаулық, даңққұмарлық, надандық тәрізді кемшіліктері мен сорақылықтарын әжуалайды.
90 жыл бұрын (1919) Батыс Алашорда үкіметі мен облыстық земство мекемелері Ойыл қаласына, содан соң Қызылқоғаға көшірілді.
80 жыл бұрын (1929) Бейімбет Майлин (1894-1938) «Раушан-коммунист» повесін жазды. Повесть кейіпкері күң-жалшылықтан қоғам қайраткеріне дейінгі өмір жолынан өтеді. Ауылдық кеңестің төрайымы болып жұмыс істей жүріп, Раушан байлардың келеңсіз істерін әшкерелейді. Өзі мен күйеуі Бәкен арасында туындаған жанжалды жеңе жүре, оның жалған нанымдардан арылуына жәрдемдеседі. Коммунист Раушанның бейнесі Шығыстың азат әйелінің символикалық кейпіне айналады.
73 жыл бұрын (1936) жылы Алматы кітап-журнал баспаханасы өзінің тұңғыш өнімін шығарды.
55 жыл бұрын (1954) қазақ жазушысы Қасым Қайсеновтың «Жас партизандар» аталған тұңғыш кітабы жарық көрді.
43 жыл бұрын (1966) Қазақстанда Моңғол Халық Республикасының мәдениеті күндері аталып өтті.
35 жыл бұрын (1974) Бауыржан Момышұлының (1910-1982) «Біздің отбасы» повестер мен әңгімелер кітабы шықты. Бұл - жазушының балалық шағы мен жастығы туралы, соғыс пен даңқты панфиловшылар ерлігі жайлы, Мәскеу түбіндегі гитлерлік басқыншыларды талқандау туралы, автордың өзі куәгер болған ұрыстар жайындағы естеліктер.
25 жыл бұрын (1984) жасөспірімнің өмірі мен мінезі қалыптасуын әңгімелейтін Бердібек Соқпақбаевтың (1924-1991) «Өлгендер қайтып келмейді» («Мертвые не возвращаются») кітабы орыс тілінде жарық көрді. Басты кейіпкер Еркін Мамырбаев - жаратылысынан талантты, батыл және шыншыл адам. Ол жазушы болуды армандайды, бірақ ізгі мақсатқа жету оңай емес. Алайда, бірбеткей, ымырасыз күрескер жас жігіт өмір жолындағы барлық қиыншылықтарды жеңіп шығады.
ЕСІМДЕР
110 жыл бұрын (1899-1938) мемлекет қайраткері ИСАЕВ Ораз Жанұзақұлы дүниеге келген.
Орал облысы Ілбішін уезі Шалқар болыстығының №4 ауылында (қазіргі Батыс Қазақстан облысы) туған.
1912 жылы Жұбанышкөл орыс-қазақ 1 сыныптық училищесін, 1915 жылы Қарасу-Шалқар 2 сыныптық орыс-қырғыз училищесін бітірген.
1915-1918 жылдары кеңсе хатшысы, қатынас құжаттарын атпен тасып жеткізуші, земдік басқармасының хатшысы болып жұмыс істейді. 1919-1920 жылдары - Орал уездік-қалалық милициясының қызметкері, Ілбішін уездік ревкомының инспекторы, ауылсоветтің мүшесі, хатшысы, болыстық атқару комитеті хатшысы, төрағасының орынбасары. 1920-1921 жылдары - уездік атқару комитетінің және уездік комитеттің мүшесі, Жымпиты саяси бюросының қызметкері. 1921-1922 жылдары - Орал губерниялық Төтенше комитетінің уәкілі. 1922-1923 жылдары - РКП(б) Орал губерниялық комитетінің нұсқаушысы, жауапты хатшысы, 1923-1924 жылдары - Жымпиты уездік комитетінің жауапты хатшысы, Орал губерниялық комитетінің және губерниялық атқару комитетінің мүшесі. 1924-1925 жылдары - Қазақ Автономиялық КСР Халкомының орынбасары, Қазақ Автономиялық КСР Орталық Атқару комитетінің жауапты хатшысы, 1925-1926 жылдары БК(б)П Қазақ өлкелік комитеті жауапты хатшысының орынбасары, 1926-1928 жылдары БК(б)П Қазақ өлкелік комитетінің хатшысы, 1927-1928 жылдары БК(б)П Қазақ өлкелік комитетінің ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі, ұйымдастыру-үлестіру бөлімінің меңгерушісі, 1928-1929 жылдары БК(б)П Қазақ өлкелік комитетінің екінші хатшысы, 1929-1938 жылдары Қазақ КСР Халық Комиссарлар Кеңесінің Төрағасы қызметтерін атқарған.
1938 жылы 31 мамырда тұтқындалып, 29 тамыздағы КСРО Жоғарғы Сотының қаулысымен ату жазасына кесілген. 1956 жылғы 19 мамырда ақталған.
1930-1937 жылдары БК(б)П Орталық Комитетінің мүшелігіне кандидат, 1937-1938 жылдары БК(б)П Орталық Комитетінің мүшесі. 1929-1938 жылдары КСРО Орталық Атқару комитетінің мүшесі және КСРО Орталық Атқару комитеті президиумының мүшесі. КСРО Жоғарғы Кеңесі 1-шақырылымының депутаты.
Ленин орденімен марапатталған.
105 жыл бұрын (1904-1985) мемлекет қайраткері ҚАРЖАУБАЕВ Ғабдулла Шалқарұлы дүниеге келді.
Ақмола облысы Атбасар ауданында туған.
Свердлов геология-геодезиялық техникумын, КОКП ОК жанындағы Жоғарғы партия мектебін бітірген.
1924-1940 жылдары іс жүргізуші, Атбасар қаласы прокурорының көмекшісі, халық соты, бастауыш мектеп мұғалімі, ұжымшар төрағасы, шахта бас инженерінің орынбасары, Қарағанды облыстық партия комитетінің нұсқаушысы болды. 1940-1943 жылдары - Қазақстан Компартиясы ОК көмір өнеркәсібі бөлімінде нұсқаушы, бөлім меңгерушісі, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің көмір өнеркәсібі жөніндегі хатшысы. 1943-1947 жылдары - Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті көмір өнеркәсібі жөніндегі хатшысының орынбасары. 1945-1947 жылдары - Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің отын-энергетика бөлімінің меңгерушісі. 1947-1952 жылдары - Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің үшінші хатшысы. 1952-1955 жылдары - Шығыс Қазақстан облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы. 1957-1959 жылдары - Алматы облыстық атқару комитетінің төрағасы. 1959-1962 жылдары - Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының хатшысы. 1962-1963 жылдары - Қазақ КСР Министрлер Кеңесі жанындағы жұмысшы күшін қоныс аудару және ұйымшылдықпен қабылдау Бас басқармасының бастығы. 1963-1968 жылдары Қазақ КСР Сыртқы істер министрлігінің бас хатшысы қызметтерін атқарған.
Кеңес-моңғол достығы қоғамы Қазақ бөлімі басқармасының төрағасы болды.
Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі 3-5-шақырылымдарының депутаты. КСРО Жоғарғы Кеңесі 3-4-шақырылымдарының депутаты.
1-дәрежелі Отан соғысы, екі мәрте Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет Белгісі» ордендерімен, медальдармен марапатталған.
105 жыл бұрын (1904-1948) мемлекет қайраткері КОЗЛОВ Виктор Николаевич дүниеге келді.
Башқұртстан Республикасында туған.
К.Тимирязев атындағы Мәскеу ауыл шаруашылығы академиясын бітірген.
1928-1933 жылдары нұсқаушы, Сүт өнеркәсібі және сауда ғылыми-зерттеу институтының ғылыми қызметкері, Трактор орталығының аға агрономы, нұсқаушысы, Орталық ауыл шаруашылығы стансасының директоры, БЛКЖО ОК ауыл шаруашылығы бөлімі меңгерушісінің орынбасары болып жұмыс істеген. 1933-1941 жылдары - Сталин аудандық дайындау бөлімінің аға агрономы, Солтүстік Қазақстан облыстық жер бөлімінің сұрыптау басқармасының бастығы, Ақмола облыстық жер бөлімі сұрыптау басқармасының бастығы. 1941-1944 жылдары - Қазақстан Компартиясы ОК ауыл шаруашылығы бөлімінің нұсқаушысы, бөлім меңгерушісі. 1944-1947 жылдары - Ақтөбе облыстық партия комитетінің екінші хатшысы. 1947-1948 жылдары Қостанай облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметтерін атқарған.
Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі 1-2-шақырылымдарының депутаты.
Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет Белгісі» ордендерімен, медальдармен марапатталған.
1 ҚАРАША, ЖЕКСЕНБІ
Украинада Әлеуметтік сала қызметкерлерінің күні. Украина Президентінің 1999 жылғы 13 сәуірдегі Жарлығымен қарашаның бірінші жексенбісінде аталып өтеді.
Беларусьтегі Азаматтық авиация қызметкерлерінің күні. Жыл сайын қарашаның бірінші жексенбісінде аталып өтеді.
ОҚИҒАЛАР
45 жыл бұрын (1964) Т.Ахтанов атындағы Ақтөбе облыстық драма театрының орыс труппасы құрылды. Осы кезең аралығында 200-ден астам спектакль қойылды. Көптеген қойылымдар негізі - адамдар тағдыры, олардың өсу өрістері, адамгершілік еріктері. Сахна саңлақтары арасындағы танымал есімдер қатарында Леонид Фомин, Людмила Шипкова, Раиса Телеуова, Полина Савицкая, Ольга Павлова, т.б. бар.
8 жыл бұрын (2001) Оралда «051 - құтқару қызметі» мемлекеттік мекемесі құрылды.
5 жыл бұрын (2004) Ақтөбеде «Казахстанская правда» және «Егемен Қазақстан» газеттерінің күні өтті. Қалалық Оқушылар сарайында газеттер делегациясы қаланың қауымдастығымен кездесу өткізді. Кездесу диалог түрінде өрбіді. Еліміздің басты газеттерінің журналистері мұғалімдердің, ардагерлердің, оқушылардың көптеген сұрақтарына жауап берді, атап айтқанда, нашақорлық, қылмыскерлік мәселелерін жариялау жайы көтеріліп, спорт журналистикасын дамыту, т.б. мәселелер әңгімеге арқау болды. «Казахстанкая правда» мен «Егемен Қазақстан» газеттерінің журналистері Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университеті журналистика факультетінің студенттері үшін шеберлік сабақтарын өткізіп, өлкетану мұражайында «дөңгелек үстел» ұйымдастырды, «Шалқар» баспаханасында, педагогикалық институтта, «Ақтөбемұнайгаз СНПС» ААҚ-да болып, Алға, Мұғалжар, Хромтау және Шалқар аудандарына барды.
5 жыл бұрын (2004) Қарағанды қаласының «Аяла» вокалды-хореографиялық ансамблі Мәскеуде өткен «Толқын үстінде» халықаралық хореографиялық байқауында бірінші орынды жеңіп алды. «Аяла» ансамблі Қарағанды экономикалық университеті жанынан құрылған. «Толқын үстінде» байқауына ТМД-ның әр елдерінен барлығы 47 өнер ұжымы мен 450 әнші қатысты.
3 жыл бұрын (2006) Солтүстік Қазақстан облысында елімізде тұңғыш рет Қазақстан Республикасы Кеден органдары ардагерлері кеңесінің облыстық филиалы құрылды.
ЕСІМДЕР
60 жыл бұрын (1949) жазушы, драматург, Қазақстан журналистер одағы Кәкімжан Қазыбаев атындағы сыйлығының иегері ӘБДІКӘРІМОВ Сейілғазы дүниеге келді.
Қытай Халық Республикасында туған.
1962 жылы ата жұрты Қазақстанға оралған.
Қазақ мемлекеттік университетін (қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) бітірген.
Мәдениет министрлігінің репертуарлық редакциялық алқасының редакторы, «Қазақ әдебиеті» газетінің аға тілшісі, Қазақ теледидарының комментаторы қызметтерін атқарған.
«Аға сержант» атты екі бөлімді драманың, «Үрейлі күндер», «Көпе-көрнеу», «Мазасыз түн», «Қанды қарымта» пьесалары мен «Беу, Қатира-ай» деген бір актілі комедияның, «Белес, белес, белестер», «Өнер мұраты» (Е.Төлегеновпен бірігіп жазған) жинақтардың авторы.
40 жыл бұрын (1969) «PetroKazakhstan International» компаниясының қоғам және үкіметпен байланыс жөніндегі вице-президенті ӘБДІҚАЛЫҚОВ Арман Айдарханұлы дүниеге келді.
Ресей Федерацияның Санкт-Петербор қаласында туған.
Алматы халық шаруашылығы институтын бітірген.
1991-1997 жылдары - жеке құрылыс компанияларында бухгалтер, атқарушы директоры, «Қазкоммерцбанк» АҚ-ның экономисі, жетекші экономисі, басқарма бастығының бірінші орынбасарының көмекшісі. 1997-2002 жылдары - «BDT Audit&Consulting» ЖШС-нің атқарушы директоры, «ҚазТрансГаз» ЖАҚ-ның активтерді басқару департаментінің директоры, «Мұнай мен газ көлігі» ҰК» ЖАҚ-ның корпоративтік басқару және индикативтік жоспарлау департаменті директорының орынбасары. 2002-2003 жылдары - «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ-ы индикативтік жоспарлау және экономикалық талдау департаменті директорының орынбасары, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ-ы бюджеттендіру, индикативтік жоспарлау және экономикалық талдау департаментінің бас менеджері, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ-ы активтерді басқару департаменті директорының орынбасары. 2004-2007 жылдары - «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ-ы активтерді басқару департаментінің директоры қызметтерін атқарған. Қазіргі қызметінде - 2007 жылдан.
35 жыл бұрын (1974) танымал балуан, еркін күрестен халықаралық дәрежедегі спорт шебері ДЕҢГЕЛБАЕВ Берік Шалғымбайұлыдүниеге келді.
Алматы облысының Қаскелең қаласында туған.
1997-2000 жылдары бірнеше мәрте республика чемпионы атағын жеңіп алған. Халықаралық балуандар бәсекелерінде де бірнеше рет жүлделі орындарды иеленген.
2000 жылғы XIII Азия ойындарына қатысқан.
2 ҚАРАША, ДҮЙСЕНБІ
Қырғызстан Мәдениет қызметкерлері күні. Қырғызстан Республикасы Үкіметінің 1995 жылғы 28 шілдедегі Қаулысымен бекітілген.
ОҚИҒАЛАР
5 жыл бұрын (2004) Жамбыл облысы Амангелді газ кен орнында реттік саны 114-інші болған 14-інші бұрғылау орны іске қосылды.
5 жыл бұрын (2004) қазақстандық журналист Олег Квятковский «Российская газета» ТМД және Балтық елдері БАҚ-ның орыс тілді өкілдері арасында өткізген «Русский мир» байқауының жеңімпазы атанды. Олег Квятковский (1948-2007) - әл-Фараби атындағы ҚазҰУ журналистика факультетінің түлегі. «Советская Чукотка», «Казахстанская правда» газеттерінің тілшісі, «Строительная газетаның» Қиыр Шығыс бойынша меншікті тілшісі, «Труд» газетінің Түркіменстан мен Қазақстандағы меншікті тілшісі, «Караван» газетінің бас редакторы қызметтерін атқарған. 2000 жылы «Кода» ақпараттық агенттігінің негізін қалап, жетекшілік еткен. Олег Квятковский - бірқатар кітаптардың авторы. Журналистер одағы сыйлығының және Қазақстан Республикасы Президенті сыйлығының иегері.
5 жыл бұрын (2004) Алматының «Қайраты» Петропавлда «Есіл-Богатырь» командасымен арадағы матчта жеңіске жетіп, сол жылдың республика чемпионы атанды.
3 жыл бұрын (2006) 2-9 қарашада Алматыда II халықаралық «Қазақстандағы корпоративтік басқару және инвестициялық ахуал» конференциясы болып өтті.
3 жыл бұрын (2006) С.Торайғыров атындағы Павлодар облыстық кітапханасының раритеттік басылымдар топтамасы тағы бір сирек кездесетін - 1914 жылы шыққан «Ресейдегі ауыл шаруашылығы кәсіпшілігі» кітабымен толықты. Бұл кітапты жиырма жыл бойы Павлодар облыстық ауыл шаруашылығы тәжірибе стансасын басқарған, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Анатолий Золотарев кітапханаға сыйға тартқан. Кітапта ауыл шаруашылығы ғылымын қолдана білген аграрлық сала қызметкерлерінің конференциялары мен өзге де жиындары туралы кеңінен әңгімеленіп, жағымды тәжірибелер мен жаңа жерді өңдеу технологиялары ашып көрсетілген. Құнды кітап беттерінде Ресей империясы ауыл шаруашылығының 1895-інші жылдан 1913 жылға дейінгі ахуалы туралы көптеген диаграммалар, графика мен суреттер қолданыла отырып, статистикалық мәліметтер келтірілген.
ЕСІМДЕР
90 жыл бұрын (1919-1983) тарих ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген ғылым қайраткері, Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының, Ш.Уәлиханов атындағы Қазақстан Ғылым академиясы сыйлығының иегері ДАХШЛЕЙГЕР Григорий Федорович дүниеге келді.
Ұлы Отан соғысына қатысқан.
Украинаның Одесса қаласында туған.
Одесса мемлекеттік университетін, Қазақстан Ғылым академиясының Тарих, археология және этнография институтының аспирантурасын бітірген.
1946-1983 жылдары Қазақстан Ғылым академиясының Тарих, археология және этнография институтының кіші ғылыми қызметкері, ғылыми хатшы, директордың орынбасары қызметтерін атқарған.
Қызыл Жұлдыз орденімен, медальдармен, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамоталарымен марапатталған.
75 жыл бұрын (1934) геолог ЕРЕКЕШЕВ Ерлан Әбжанұлы дүниеге келді.
Ақмола облысы Щучье қаласында туған.
Щучье тау-кен техникумын, Москвадағы Бүкілодақтық политехникалық институтын бітірген.
«Жетіқараалтын» трестінің Аққарға кен байыту орнының шебері, Торғай геологиялық барлау экспедициясының аға техник-геологы, Қазақстан коммунистік партиясы Арқалық аудандық комитетінің өнеркәсіптік-көліктік және ұйымдастырушылық бөлімдерінің меңгерушісі болған. 1971-1974 жылдары - Торғай геологиялық барлау экспедициясының бастығы. 1974-1994 жылдары - Солтүстік Қазақстан аумақтық геологиялық басқармасы орталық зертханасының бастығы. 1994 жылдан «Солтүстікқазгеология» өндірістік-геологиялық бірлестігі бас директорының орынбасары қызметін атқарған.
«Құрмет белгісі» орденімен марапатталған.
3 ҚАРАША, СЕЙСЕНБІ
Панаманың тәуелсіздігі жарияланған күн - Ұлттық мейрам (1903). Панама Республикасы - Кариб теңізі мен Тынық мұхиты арасындағы Панама мойнағында орналасқан Орталық Америкадағы ел. Астанасы - Панама-сити. Мемлекеттік құрылымы - демократиялық республика. Мемлекет пен үкімет басшысы - президент. Заң шығарушы органы - бірпалаталы Ұлттық Ассамблея. Сот билігі - Жоғарғы Сот. Ресми тілі - испан. Ақша бірлігі - бальбоа.
Жапониядағы мәдениет күні. Мәдениет күні - жапондықтарға уақыттарын ақыл-есі мен жан-тәні үшін ыңғайлы өткізуге мүмкіндік беретін бүкілхалықтық демалыс күні. Әдетте Мәдениет күні әдебиеттегі, поэзиядағы, бейнелеу өнеріндегі сіңірген еңбектері үшін марапаттау мен сыйлық тапсыру салтанаттары өтеді. Әсіресе жас жазушылардың жетістіктері айрықша аталып өтеді, сөйтіп, жастар арасында әдебиетті бағалау әдетін дамытуға және дәріптеуге мүмкіндік береді.
ОҚИҒАЛАР
15 жыл бұрын (1994) Қарағанды облысы Ұлытау ауданының Жезді кентінде және Қарсақпай ауылында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен Тау-кен және балқыту ісінің тарихы мұражайы мен академик Қ.И.Сәтпаевтың Мұражай-үйінің ашылу салтанаты болып өтті.
Республика Президенті мұражайдың ұйымдастырылуына жоғары баға беріп, мыс қорытпасынан құйылып, бабалар әдісі бойынша жасалған көне балқыту пешінің істеп тұрған кішігірім нұсқасында экспонат құйып тарту етті.
Мұражай үш бөлімнен тұрады - тау-кен және балқыту ісінің тарихы, тарих және экскурсиялық жұмыс бөлімі, мұрағаттар сақталған, көркемөнер шеберханасы, кітапханасы бар қорлар бөлімі. Қ.И.Сәтпаевтың мұражай-үйінде академиктің өмір жолын және Қарсақпай зауытының тарихын зерттеуге арналған бөлім бар.
5 жыл бұрын (2004) Қарағанды қаласының әкімшілігінде Қазақстан мен Украинаның ғалым-экологтары Дания ғылыми ұйымдарының қатысуымен бірлесіп жасаған «Биогазды технологияларды дамыту орталығы» жобасының таныстырылымы болып өтті.
5 жыл бұрын (2004) Қазақстанда тұңғыш рет екі жарналық инвестициялық қор «Compass Портфельдік Инвестициялар» және «Compass Тікелей Инвестициялар» қорлары құрылды. Бірінші қор инвестицияларының мерзімі бес жылды құрайды. «Compass Тікелей Инвестициялар» қорын құрудағы мақсат - бірлестіктердегі, жер учаскелерін, Қазақстандағы және шет елдердегі жылжымайтын мүлік пен құрылыс нысандарын қоса есептегендегі тартымды қаржылық құралдарды инвестициялау. Бұл қор инвестицияларының мерзімі - жеті жыл.
5 жыл бұрын (2004) Петропавл қаласының «Сүт одағы» АҚ-ның өнімі Барнаул қаласында өткен IV Бүкілресейлік сүт өндірушілер конгресінде алтын және күміс медальдарды жеңіп алды. Бұл конгреске сүт өнеркәсібі ғылыми-зерттеу институттарының өкілдері, Ресейдің Алтай өлкесі, Кемеров, Омбы, Новосібір облыстарының, сондай-ақ Украина мен Қазақстанның кәсіпорындары қатысқан. Қазіргі уақытта «Сүт одағы» АҚ 40-тан астам сүт өнімдерін шығарады.
3 жыл бұрын (2006) Астанадағы мектеп оқушылары арасында «Қазақстанның дәстүрлері күні» атты қазақ әдет-ғұрыптары мен дәстүрлері біліктілігін сынау сайысы болып өтті. Басты мақсаты - жастарды қазақ халқының дәстүрлеріне баулу, және де мектеп оқушыларының шығармашылық бейімділігін жетілдіру. Ұйымдастырушы - Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің, Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің, астаналық білім беру департаментінің қолдауына сүйенген - Қазақстан жастар конгресі.
3 жыл бұрын (2006) қарашаның 3-і мен 6-сы аралығында Семейде VII Халықаралық «Козге Иртыш моннары» татар өнерінің фестивалі өтті. Өнер фестиваліне жақын және алыс шетелден татар диаспораларының өкілдері қатысты. Семейдегі татар диаспорасы қоғамдық өкілдігі 1990 жылдан жұмыс істейді. Осы кезең аралығында татар өнері мектебі мен татар мәдениетінің мұражайы ашылған.
ЕСІМДЕР
140 жыл бұрын (1869-1930) ғалым, шығыстанушы, шығыс тарихының докторы, профессор, академик БАРТОЛЬД Василий Владимирович дүниеге келді.
Санкт-Петербург университетінің шығыс тілі факультетін бітірген.
Санкт-Петербург университетінде ғылыми және оқытушылық қызмет атқарды. Бартольдтың Орталық Азия және қазақ өлкесін мекендеген тайпалардың тарихы жөніндегі еңбектерінің ғылыми мәні зор. Бұл еңбектерін жазуда ол араб, парсы және жергілікті авторлардың материалдарын пайдаланды. Олардың ішіндегі аса құндылары: «Моңғол кезеңіне дейінгі Түркістандағы христиандық туралы», «1893-1894 жылдары ғылыми мақсатпен Орталық Азияға саяхат туралы есеп», «Жетісу тарихының очерктері», «Моңғол шапқыншылығы дәуіріндегі Түркістан», «Ежелгі заманнан 17 ғ-ға дейінгі Арал теңізі мен Әмударияның төменгі бойы туралы деректер», «Түркістанды суландыру тарихына», «Ұлықбек және оның заманы», «Түркістанның мәдени өмірінің тарихы», «Қырғыздар. Тарихи очерк», «Түркі-моңғол халықтарының тарихы», «Түрікмен тарихының очерктері», «Орта Азиядағы түркі халықтарының тарихы жөніндегі он екі дәріс».
Бартольд Орта Азия мен Қазақстан халықтарының көне дәуірден бастап-ақ өзінің тарихы, мәдениеті болғанын ғылыми түрде негіздеді. Ислам тарихы туралы «Халиф және сұлтан», «Ислам», «Мұсылман қауымы мәдениеті», «Мұсылман дүниесі», «Мусейлима» еңбектерін жазды. Ежелгі славяндар туралы жазған араб авторларының еңбектерін зерттеді. Шығыстану тарихына зор көңіл бөлді. «Еуропа мен Ресейде шығысты зерттеу тарихы», «Петербург университеті шығыс тілдері факультетінің 1855-1905 жылдардағы қызметіне шолу» атты еңбектер жариялады. Бартольд 1905-1913 жылдары Орыс археологиялық қоғамының Шығыс бөлімшесінің хатшысы, «Мир ислама», кейін «Мусульманский мир» журналдарын шығарушы әрі редакторы болды. 1918 жылы Орыс археологиялық қоғамының шығыс бөлімінің меңгерушісі, Ресей ҒА-ның Антропология және этнография мұражайы жанындағы Радлов үйірмесінің төрағасы болды. 1921 жылы Азия мұражайының жанынан құрылған Шығыс зерттеушілері алқасын және оның «Записки коллегии востоковедов» атты баспасөз органын басқарды. КСРО-дағы мұсылман халықтарының әліпбиін араб әрпінен латын әрпіне көшіру жөніндегі комиссияның жұмысына, Орта Азия университетін құруға, шығыстану кітапханаларын ұйымдастыруға, шығыс қолжазбаларын жинауға қатысты. Бартольдтың көптеген еңбектері ағылшын, француз, неміс, түрік, араб, парсы, т.б. тілдерге аударылған.
60 жыл бұрын (1949) суретші, кескіндемеші, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі ЖАЗЫБАЕВ Темірболат дүниеге келді.
Алматы қаласында туған.
Алматы көркем сурет училищесін бітірген.
«Кеніш», «Жәйрам кен орындарының таңы», «Зауыт стадионында», «Талас даласы», «Нан» атты шығармалардың авторы.
60 жыл бұрын (1949) «Нұр Отан» ХДП-ның Шығыс Қазақстан облыстық филиалының төрағасы ЫБЫРАЕВ Төлеген Тоқтасынұлы дүниеге келді.
Шығыс Қазақстан облысының Большенарым ауданының Көктерек ауылында туған.
Семей зоотехникалық-ветеринарлық институтын бітірген.
1980-1982 жылдары - Шығыс Қазақстан кеңшар-техникумының кәсіподақ комитетінің төрағасы. 1982-1989 жылдары - Таврия аудандық партия комитетінің нұсқаушысы, ауыл шаруашылығы бірлестігі партия комитетінің хатшысы, партия комитетінің бөлім меңгерушісі, партиялық комиссиясының төрағасы. 1989-1992 жылдары - Шығыс Қазақстан облыстық партия комитетінің нұсқаушысы, жауапты ұйымдастырушысы, облыстық кеңес төрағасының референті. 1992-1996 жылдары - Шығыс Қазақстан облысы әкімінің аппаратының жетекшісі, «Жалын» ЖШС-нің президенті. 1996-1997 жылдары - Қатон-Қарағай ауданының әкімі. 1997 - 2003 жылдары - Шығыс Қазақстан облысы әкімінің аппаратының жетекшісі. 2003-2005 жылдары - Шығыс Қазақстан облыстық ауыл шаруашылығы, азық түлік және қайта өңдеу шаруашылығы басқармасының бастығы. 2005-2007 жылдары - Шығыс Қазақстан облыстық ауыл шаруашылығы департаментінің директоры, ҚР Мемлекеттік қызмет жөніндегі агенттігінің ШҚО бойынша Аумақтық басқармасының бастығы - ШҚО Тәртіптік кеңесінің төрағасы қызметтерін атқарған. Қазіргі қызметінде - 2007 жылдан.
«Құрмет» орденімен марапатталған.
4 ҚАРАША, СӘРСЕНБІ
Панама туы күні. 1903 жылғы 3 қарашада енгізілген, 1904 жылғы 4 маусымда мақұлданған. Панама туындағы көк пен қызыл түс - саяси партиялардың (консерваторлар мен либералдар) белгісі, ал олардың ортасындағы ақ түс арадағы бейбітшілікті бейнелейді.
Армениядағы әлеуметтік қызметкерлер күні. 2009 жылдың басында Армения үкіметі 4 қарашада аталып өтетін Әлеуметтік қызметкерлер күні туралы жариялады.
Италияның ұлттық бірлігі күні. Бұл күн Отан үшін қаза болғандар құрметіне арналған. 1922 жылы бұл мейрам «Бірінші дүниежүзілік соғыстағы Жеңіс күні» деп аталып, Қарулы күштер мейрамы болып өзгертілген және 1977 жылға дейін осы атаумен аталып келген.
ОҚИҒАЛАР
5 жыл бұрын (2004) Кенияның Қазақстан Республикасындағы және Мексика Құрама Штаттарының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшілері Қазақстан Мемлекеттік хатшысына Сенім грамоталарын табыс етті.
5 жыл бұрын (2004) Астанада «ЖҚТБ/АҚТҚ кеселдеріне байланысты заңдылық пен адам құқықтары мәселелері бойынша халықаралық ұсыныстарға шолу» тақырыбында семинар өтті. Семинар жұмысына ЮНИСЕФ-тің Орталық Азия елдері мен Қазақстандағы өкілі, ЮНИСЕФ-тің Астанадағы кеңсесінің басшысы, ЮСАИД ОАА-дың денсаулық және білім беру кеңсесінің жұқпалы аурулар жөніндегі кеңесшісі, Орталық Азия елдері мен Қазақстандағы БҰҰ-ның ЖҚТБ/АҚТҚ бойынша біріккен бағдарламасының мемлекетаралық кеңесшісі және ҚР Парламенті Сенатының депутаттары қатысты. ЖҚТБ/АҚТҚ кеселінен жапа шеккен адамдардың мұқтаждықтары мен сол кеселге қатысты заңдылықтар жайы, ЖҚТБ жұқтыру қаупіне бейім топтар өкілдерінің осалдығы жайттары, жастардың ақпарат пен алдын-алу бағдарламаларына қол жетімділігі мәселелері талқыланды.
5 жыл бұрын (2004) Алматыда белгілі қазақстандық суретші Айжан Бекқұлованың «Бес ай» атты жеке көрмесі болып өтті. А.Бекқұлова - Қазақстан Республикасы Суретшілер одағының және WCC (World Craft Council - Дүниежүзілік Суретшілер-Қолданбалы өнер шеберлері одағының) мүшесі. Ол 1994 жылы Алматы театр-өнер институтын бітірген. Еңбектері Қазақстанның, Италияның, Кореяның, АҚШ-тың мұражайларына қойылған және әлемнің көптеген елдеріндегі жеке қорларда да сақтаулы.
5 жыл бұрын (2004) Ақтөбеде Қазақстан Республикасы Мемлекеттік істер жөніндегі агенттігінің қолдауымен Қазақстан Жастар конгресі дайындаған «Мемлекеттік қызмет мектебі» арнайы жобасының аумағында мемлекеттік қызмет мектебі ашылды. Мемлекеттік қызмет мектебі ашылуының мақсаты - түрлі мемлекеттік мекемелерде тәжірибеден өту жолымен жас мамандарға жұмыстың қыр-сырын іс жүзінде меңгеруге мүмкіндік жасау.
3 жыл бұрын (2006) Оралда қазақтың көрнекті әншісі әрі композиторы Мұхит Мерәліұлының (1841-1918) туғанына 165 жыл толуы құрметіне халықаралық айтыс өтті. «Кейінгі ұрпақтарым есіне алар» тақырыбымен өткен ақын-жыраулық өнер шеберлерінің сайысында Батыс Қазақстан облысының ақыны Бауыржан Халиолла жеңімпаз атанды. Ол - дарынды баларға арналған Сәкен Сейфуллин атындағы №11-інші облыстық мектеп-интернаттың және Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетінің түлегі.
ЕСІМДЕР
85 жыл бұрын (1924-1991) ақын, әдебиеттанушы, филология ғылымының кандидаты ЫСҚАҚОВ Бүркіт дүниеге келді.
Ұлы Отан соғысына қатысқан.
Қарағанды облысының Нұра ауданында туған.
Қарағанды оқытушылар институтын, Қазақ мемлекеттік университетін (әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті), Қазақ КСР Ғылым Академиясының аспирантурасын бітірген.
Қарағанды облыстық газетінде әдеби қызметкер, республикалық «Пионер», «Білім және еңбек» журналдарында бөлім меңгерушісі, «Лениншіл жас» газетінде жауапты хатшы қызметтерін атқарған. 1969 жылдан М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының аға ғылыми қызметкері болған.
Онға жуық жыр жинақтардың, бірнеше монографияның авторы. А.С.Пушкин, М.Ю.Лермонтов, В.В.Маяковский, И.Франко, Н.Хикмет, С.Вургун, т.б. шығармаларын қазақ тіліне аударған.
80 жыл бұрын (1929-1992) әнші, Қазақстанның халық артисі ӘБУСЕЙІТОВ Суат Әуезбекұлы дүниеге келді.
Павлодар облысының Баянауыл ауданында туған.
Алматы мемлекеттік консерваториясын (Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерватория) бітірген.
«Қазақфильм» киностудиясында, Қазақ ән-би ансамблінде, Қазақ теледидары мен радиосының эстрадалық оркестрінде әнші болды.
Әбусейітов әншілік өнерде өз орындаушылық мәнерін танытты. Оның репертуарында Қазақстан композиторларының «Тербеледі тың дала», «Алатау», «Баянауыл», «Ауылым», «Екі жирен», «Жеңеше», орыс классиктері П.И.Чайковскийдің, Н.А.Римский-Корсаковтың романстары болды.
1957 жылы Мәскеуде өткен Дүние жүзілік жастар мен студенттер фестивалінің лауреаты.
«Құрмет белгісі» орденімен марапатталған.
60 жыл бұрын (1949) Қазақстан Республикасының Тәжікстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі АХМЕТОВ Әбутәліп Ібіжанұлы дүниеге келді.
Жамбыл облысы Талас ауданында туған.
Москвадағы КСРО Сыртқы істер министрлігінің Мемлекеттік халықаралық қатынастар институтын бітірген.
Түрік Республикасындағы экономикалық қызметтестік бойынша мемлекеттік комитет өкілдігінің аудармашысы болып жұмыс істеген. 1981-1982 жылдары - Қазақ достық және мәдениет қоғамы шетелмен байланыстар бөлімінің аға референті. 1982-1989 жылдары - Қазақ КСР Сыртқы істер министрлігінің баспа және ақпараттар бөлімінің бірінші хатшысы, хаттама бөлімінің бірінші хатшысы, саяси-хаттама бөлімінің бірінші хатшысы, баспа және ақпараттар бөлімі меңгерушісінің міндетін атқарушы. 1990-1992 жылдары - КСРО-ның Вьетнам Социалистік Республикасындағы Елшілігінің екінші хатшысы. 1997 жылдан - Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Таяу, Орта Шығыс және Африка басқармасының бастығы, Азия, Таяу Шығыс және Африка департаменті директорының орынбасары. 1997-1998 жылдары - Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Екінші департаменті директорының орынбасары - басқарма бастығы. 1999-2000 жылдары - Қазақстан Республикасының Мешхед қаласындағы (Иран Ислам Республикасы) Бас консулы. 2000-2002 жылдары - Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің ТМД істері комитеті төрағасының орынбасары. 2002 жылдың сәуірінен 2008 жылдың мамыр айы аралығында - Қазақстан Республикасының Стамбул қаласындағы (Түрік Республикасы) Бас консулы. Қазіргі қызметінде - 2008 жылдың 22 мамырынан.
45 жыл бұрын (1964) Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісінің депутаты - Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісінің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрайымы НӨКЕТАЕВА Динар Жүсіпәліқызы дүниеге келді.
Алматы облысы Алакөл ауданында туған.
С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін (әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті), Ө.А.Жолдасбеков атындағы Механика және машинатану институтын бітірген.
ІІІ сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты.
2007 жылғы 2 қыркүйектен - Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісінің депутаты - Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісінің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрайымы.
5 ҚАРАША, БЕЙСЕНБІ
Армения барлау әскерлерінің күні. 1992 жылдың 5 қарашасынан, Армения Қарулы күштерінің барлау бөлімшелерін құру аяқталған күннен бастап аталып өтеді.
Әскери барлаушы күні. Ресей Федерациясы Қорғаныс министрлігінің 2000 жылғы 12 қазандағы № 490-ыншы бұйрығымен бекітілген.
Перудегі Пуно күні. Үндістердің аңызында инктердің ежелгі ата-бабалары - Манко Капак пен оның апайы және әйелі Мама Окльо Титикака көлінің суынан шығып, қаланың негізін қалайды. Олар Манко Капактың алтын аса таяғы жерге кіретін орынды іздейді. Сол жерді таба салысымен инктердің қаласын тұрғыза бастайды. Пуно күні дәстүр бойынша Титикака көлінің жағасындағы сол аттас қалада аталып өтеді.
ОҚИҒАЛАР
5 жыл бұрын (2004) Қызылордадағы көшенің біріне Сағымбай Рысбаевтың есімі берілді. Ол өткен ғасырдың 30-ыншы жылдары қала басшысының қызметін атқарған, маңайдағы ауылдарының біріндегі қоймада сақталған 5-6 тонна тарыны аштықтан қиналғандар арасында бөліп бергені үшін қуғын-сүргінге ұшыраған. Ол Сәкен Сейфуллинмен және Бейімбет Майлинмен тығыз достық қарым-қатынаста болған екен.
С.Рысбаев - асқан мәдениетті адам болған, айналасындағыларға адамгершілікпен қарап, жанашырлығымен, тыңғылықты білімділігімен де ерекшеленген.
5 жыл бұрын (2004) Таразда республикалық жеңіл атлетикалық кросс жарысы өтті. Оған Қазақстанның сегіз облысынан 200 спортшы қатысты. Бірінші орынды Жамбыл облысының жеңіл атлеттері жеңіп алды.
ЕСІМДЕР
85 жыл бұрын (1924) Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген ауыл шаруашылығы қызметкері БРУСНИК Дмитрий Яковлевич дүниеге келді.
Қостанай облысының Сарыкөл ауданында туған.
Златоуст (Ресей Федерациясы Челябі облысы) әскери училищесін, Алматы жоғары партия мектебін бітірген.
1947-1950 жылдары - Қостанай облысы Аннов ауылдық кеңес хатшысы, төрағасы. 1950-1954 жылдары - Сарыкөл аудандық партия комитетінің хатшысы, бөлім меңгерушісі. 1958-1970 жылдары - кеңшар партия комитетінің хатшысы, Сарыкөл және Обаған аудандары партия комитеттерінің 1-хатшысы. 1970-1986 жылдары - Қостанай облысы кәсіподақ кеңесінің төрағасы. 1987-2006 жылдары облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы қызметтерін атқарған.
Отан соғысы, ІІІ-дәрежелі Даңқ, үш Еңбек Қызыл Ту, Халықтар достығы ордендерімен марапатталған.
65 жыл бұрын (1944) құрметті теміржолшы, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ техникалық департаменті техникалық басқармасының бастығы НАРЫМБЕТОВ Әділғазы Сарымсақұлы дүниеге келді.
Оңтүстік-Қазақстан облысының Арыс қаласында туған.
Новосібір теміржол көлігі инженерлері институтын бітірген.
1968-1984 жылдары Алматы Теміржол басқармасының Арыс-1 стансасында станса бойынша кезекші, стансалық диспетчер, сұрыптау стансасының бас инженері, станса бастығы болып жұмыс істеген. 1984-1992 жылдары - Арыс қалалық партия комитетінің екінші хатшысы, Алматы Теміржолының Шымкент бөлімшесі бастығының орынбасары, 1 Теміржолдағы Семей бөлімшесінің қозғалыс бөлімінің бастығы - бөлімше бастығының орынбасары. 1992-1997 жылдары - Алматы теміржолы бастығының бірінші орынбасары, қозғалыс қызметінің бастығы - Алматы темір жолы бастығының орынбасары. 1997-1998 жылдары - «Қазақстан теміржолы» РМК жүк тасымалдау және коммерциялық жұмыстар Бас басқармасы бастығының бірінші орынбасары. 1998-2004 жылдары - «Русский мир» ұлттық компаниясының Қазақстан Республикасындағы өкілдігінің директоры. Қазіргі қызметінде - 2004 жылдың сәуірінен.
45 жыл бұрын (1964) киноактриса ДОСМАТОВА Гүлнар Абдуллақызы дүниеге келді.
Алматы қаласында туған.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін бітірген.
1985 жылдан «Қазақфильм» киностудиясының актрисасы.
Кинодағы алғашқы елеулі ролі - «Даладағы қуғын» фильміндегі Әйгерім. 20-дан астам фильмге түскен. Олардың ішінде «Жеңімпаз», «Мерекенің үш күні», «Кардиограмма», «Адамдық тағдыр», отандық телесериал «Тоғысқан тағдырлар», және т.б.
«Адамдық тағдыр» фильміндегі ролі үшін 1985 жылы Минскіде (Беларус) өткен Бүкілодақтық кинофестивальда «Ең үздік әйел бейнесі» жүлдесін иеленген. 2000 жылы «Жыл таңдауы» байқауында «Жылдың үздік актрисасы» атанды.
6 ҚАРАША, ЖҰМА
Соғыс және қарулы қақтығыстар кезінде қоршаған ортаны залалдауды болдырмаудың халықаралық күні. БҰҰ-ның Бас Ассамблеясы соғыстың экологиялық зардаптарына көңіл аудару және әскери мүдделеріне жету жолында экожүйелерді залалдаудан да, мәнсіз залал келтіруден де бас тарту мақсатында бекіткен.
РФ сот приставтарының күні. РФ-ның «Сот приставтары туралы» Заң күшіне енген 1997 жылдың 6 қарашасынан аталып өтеді.
Финляндиядағы швед мәдениеті күні. Ту күні (заңдылықтармен бекітілген орындарда мемлекеттік ту көтерілетін мейрамдар мен еске алу күндері) 1908 жылдан Швеция мен швед мәдениетіне арналып белгіленген және кеңінен аталып өтеді.
ОҚИҒАЛАР
30 жыл бұрын (1979) азамат және Ұлы Отан соғыстарында қаза тапқан солтүстік қазақстандықтарды мәңгі есте қалдыру мақсатында Петропавл қаласының алаңында Революциялық және жауынгерлік даңқ мемориалы ашылды. Мемориал авторлары - ленинградтық сәулетшілер М.Е.Константинов, В.А.Федоров, В.Н.Фурсов және петропавловдық А.Н.Бургаев.
5 жыл бұрын Астана қаласының әкімшілігі мен Сеул қаласының мэриясы Қазақстан мен Корея Республикасы астаналары арасында бауырластық қатынастарды бекіту туралы келісім-шартқа және өзара түсіністік меморандумына қол қойды. Бұл - сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастық туралы келісім, сондай-ақ қалалық инфрақұрылым мәселелеріндегі бірлескен әріптестік кепілі.
5 жыл бұрын (2004) Алматыдағы Орталық концерт залында атақты америкалық дирижер Руберт Гуттердің жетекшілігімен Қазақ симфониялық оркестрінің орындауында «Америка киносының әуендері» концерті болып өтті. Р.Гуттер - Солтүстік Каролина штатындағы Гринсборо филармониясының музыкалық директоры және Халықаралық дирижерлер институтының арт-директоры. Нью-Йорк Музыка мен Өнер мектебін және Йель университетінің музыка факультетін тәмамдаған. Дирижер дәрежесінде ол 25 елдің алдыңғы қатарлы оркестрлерімен жұмыс істеген.
5 жыл бұрын (2004) Таразда Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы Марат Жаһиттың 60 жылдық мерейтойына арналған қазақша күрестен кубок турнирі болып өтті. Қазақша күрестен Қазақстан Кубогын жеңіп алу үшін еліміздің барлық облыстарынан, Астана мен Алматы қалаларының командалары белдесті.
Марат Жаһит - Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген бапкер, көптеген талантты шәкірттер - қазақша күрестен бірнеше мәрте республикалық және халықаралық жарыстардың жеңімпаздарын тәрбиелеп шығарды.
ЕСІМДЕР
85 жыл бұрын (1924-1986) кескіндемеші, Қазақстанның халық суретшісі, өнертану кандидаты, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының иегері НҰРМҰХАМЕДОВ Нағымбек Жемаладдинұлы дүниеге келді.
Ұлы Отан соғысына қатысқан.
Павлодар облысы Баянауыл ауданында туған.
Театр-көркемсурет училищесін, Санкт-Петербор кескіндеме, мүсін және архитектуралық институтын, КСРО Көркемсурет академиясы жанындағы аспирантураны бітірген.
«Даладағы өрт», «Әкем келе жатыр», «Бес қаруың сай болсын», «Кеңес Одағы Әскери Теңіз-флотының адмиралы И.С.Исаков», «Кеңес Одағының Батыры М.Ғабдуллин», «Теміртау су қоймасы», «Алатау беткейінде», «Фудзияма тауы», «Еңбек даңқы ерлері» атты еңбектері кеңінен танымал.
Бүкілодақтық және республикалық көрмелерге қатысты. 7 мәрте өзінің жеке көрмесі болды. Оның еңбектері Канадада, Бельгияда, Югославияда, Финляндияда көрмелерге қойылды.
Қазақстанның бейнелеу өнері жөніндегі бірнеше кітаптар мен альбомдардың авторы.
2-дәрежелі Отан соғысы, «Құрмет белгісі» орденімен марапатталған.
85 жыл бұрын (1924-1996) Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген сауда қызметкері САЛТЫБАЕВ Сәкен Әбілғазыұлы дүниеге келді.
Ұлы Отан соғысына қатысқан.
Қарағанды облысы Қарқаралы ауданында туған.
КСРО Сауда министрлігінің Жоғарғы сауда мектебін бітірген.
1945-1954 жылдары Түркістан-Сібір теміржолында жұмыс істеген. 1956-1958 жылдары - Түркістан-Сібір теміржолы жұмысшыларды қамтамасыз ету басқармасы бастығының орынбасары. 1958-1961 жылдары - Оңтүстік-Қазақстан облыстық сауда басқармасының бастығы. 1961-1962 жылдары - Шымкент қалалық атқару комитетінің төрағасы. 1962-1963 жылдары - Оңтүстік-Қазақстан өлкелік партия комитетінің бөлім меңгерушісі. 1963-1966 жылдары - Қазақ КСР Партиялық-мемлекеттік бақылау комитетінің бөлім меңгерушісі. 1966-1971 жылдары - Қазақ КСР Сауда министрінің орынбасары - Қазақ КСР Сауда палатасы президиумының төрағасы. 1971-1979 жылдары - Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің сауда, жоспарлау және қаржы органдары бөлімінің меңгерушісі. 1979-1984 жылдары - Қазақ КСР Еңбек жөніндегі Мемлекеттік комитеті төрағасының орынбасары қызметтерін атқарған.
Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің 8-9 шақырылымдарының депутаты.
Ұлы Отан соғысы, Қызыл Жұлдыз, екі мәрте Еңбек Қызыл Ту ордендерімен, медальдармен және Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталған.
55 жыл бұрын (1954) Қазақстан Республикасы Энергетика және минералдық ресурстар министрлігінің энергетикалық қадағалау жөніндегі комитетінің төрағасы РАМАЗАНОВ Мұрат Зекенұлы дүниеге келді.
Ақмола облысында туған.
В.Куйбышев атындағы Мәскеу инженерлік-құрылыс институтын бітірген.
1977-1980 жылдары Целиноград инженер-құрылыс институтында оқытушы болып жұмыс істеген. 1980-1996 жылдары - «Целинэнерго» электр стансасының инженері, аға инженері, кезекші инженері, партия комитеті хатшысының орынбасары, диспетчер, сектор бастығы. 1996-1997 жылдары - «Қазақстанэнерго» ұлттық энергетикалық жүйесі аймақтық диспетчерлік орталығының аға диспетчері. 1997-1998 жылдары - «АРЭК» АҚ-ы Ақмола электр жүйесінің бас инженері. 1998-1999 жылдары - Ақмола қаласы әкімі аппаратының энергиямен және қаланың қалыпты тіршілігін қамтамасыз ету бөлімінің меңгерушісі, Астана қаласы «Қалалық электр жүйелері» Ашық түрдегі акционерлік қоғамның (ТЭЦ, ТЭЦ-2, «Жылу жүйелері» акционерлік қоғамдарының басқарушы компаниясы) президенті қызметтерін атқарған. 1999-2000 жылдары - Энергетика және минералдық ресурстар министрлігі Энергетикалық қадағалау комитеті төрағасының орынбасары. Қазіргі қызметінде - 2000 жылдың сәуірінен.
Медальмен марапатталған.
35 жыл бұрын (1974) Қазақстан Республикасының Грекия Республикасындағы істері бойынша уақытша сенімді өкілі НҰРТАЕВ Сергей Нұртайұлы дүниеге келді.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін бітірген.
Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігінің Алматы қаласындағы өкілдігінің үшінші хатшысы, 2002-2004 жылдары Қазақстан Республикасының Ұлыбританиядағы Елшілігінің үшінші хатшысы, 2004 жылдың наурыз айынан Қазақстан Республикасының Санкт-Петербор қаласындағы Бас консулы болып қызметтер атқарған. 2007 жылдан - Қазақстан Республикасының Грекия Республикасындағы істері бойынша уақытша сенімді өкілі.
7 ҚАРАША, СЕНБІ
Түркіменстандағы денсаулық күні. 2000 жылы Түркіменстан Президентінің Жарлығымен бекітілген. Қарашаның бірінші сенбісінде аталып өтеді.
Ресейде әскери даңқ күні - Мәскеудің Қызыл алаңында Ұлы Октябрь Социалистік революциясының жиырма төртінші жылдығы құрметіне әскери шеру өткізілген күн (1941).
Қырғызстан ақпарат және баспасөз күні. 1924 жылдың 7 қарашасы - ұлттық газет «Эркин-тоо» (қазір «Кыргыз Туусу») бірінші санының жарық көрген күні Қырғыз Республикасы Үкіметінің 1993 жылғы 1 қарашадағы Қаулысымен кәсіби мейрам болып бекітілген.
Дүниежүзілік ерлер күні. КСРО-ның бұрынғы президенті Михаил Горбачевтың ұсынысын веналық магистрат, БҰҰ-ның Венадағы бөлімшесі және бірқатар басқа да халықаралық ұйымдар қолдаған. Қарашаның бірінші сенбісінде аталып өтеді.
ОҚИҒАЛАР
80 жыл бұрын (1929) Алматыда «Қызыл әскер»- қазақ тіліндегі тұңғыш әскери газет аптасына бір рет шығып тұрды.
Газет Кеңес өкіметінің қорғаныс қуатын арттыру, қазақ жастарын әскери өнерге баулу, офицерлердің әскери білімдерін кеңейту, еңбекшілердің Қызыл әскермен байланысын нығайту жолында жұмыс жүргізді. Қазақ дивизионын, атты әскер полкін жасақтау ісіне белсене атсалысты. Газеттің жұмысына І.Жансүгіров, А.Лекеров, Ә.Көшімов, т.б. белсенділер қатысып тұрды. Оның бүгінгі мұрагері - Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің орталық баспасөз органы - «Қазақстан сарбазы» басылымы.
75 жыл бұрын (1934) Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрында «Қыз Жібек» - опералық шығармасының алғашқы қойылымы өтті. Басты партияларды К.Байсейітова (Жібек), Қ.Байсейітов (Төлеген), М.Ержанов (Шеге) орындады. Екі жастың мөлдір махаббаты лиро-романтикалық сазбен өрбіп, армандарына жете алмаған аянышты тағдыры трагедиямен аяқталады. Операда ұлттық вокалдық және аспаптық шығармалар, халық композиторларының (Үкілі Ыбырай, Мүхит, Жаяу Мұса, Тәттімбет) ән-күйлері молынан пайдаланылды. «Гәкку», «Айқара көк», «Аққұм», т.б. халық әндері кейіпкерлердің бейнелерін ашып, шығарманың ұлттық бояуын канықтыра түсті. «Қыз Жібек»» операсының қойылуы ұлттық мәдениет тарихындағы айтулы оқиға еді. Опера сахнада ұзақ жылдар қойылып келеді. Әнші артистердің кәсіби деңгейі өсіп, орындаушылық қабілетінің шыңдалуына ықпал етті. «Қыз Жібек» операсындағы әндер, билер көркемөнерпаздар үйірмелері мен жеке орындаушылар репертуарынан берік орын алды. 1968 ж. 27 қаңтарда «Қыз Жібек» операсының мыңыншы қойылымы (реж. Б.Досымжанов) өнер мерекесіне айналды.
5 жыл бұрын (2004) 7-8 қарашада Өскеменде ауыл жастарының «Рауан-2004» республикалық слеті болып өтті. Форум қорытындысында ауылдағы жастар саясаты саласында жаңа заңдық негіз жасау үшін нақты ұсыныстар қарастырылған қарар қабылданды.
ЕСІМДЕР
80 жыл бұрын (1929-1979) ғалым, филология ғылымының кандидаты САХАРИЕВ Баламер дүниеге келді.
Шығыс Қазақстан облысының Қатонқарағай ауданында туған.
Қазақ педагогикалық университетін (Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университет) бітірген.
1950-1962 жылдары - «Халық мұғалімі» (қазіргі «Қазақстан мектебі»), «Жұлдыз» журналдарының бөлім меңгерушісі. 1962-1963 жылдары - Әдебиет және өнер институтының ғылыми қызметкері. 1963 жылдан - Әдебиет және өнер институтына қарасты М.О.Әуезовтің әдеби-мемориалдық мұражай үйінің аға ғылыми қызметкері.
«Бұқа мен аю» әңгімелер туындысы, «Уақыт тынысы», «Күрескер тұлғасы» атты ғылыми-зерттеу еңбектері мен әдеби-сын мақалалар жинақтары жарық көрген. «Қазақ совет әдебиеті тарихының» кейбір тарауларын жазған, орта мектептерге арналған «Қазақ совет әдебиеті» оқулығы авторларының бірі болған. М.Базарбаевпен бірге қазақ әдебиетінің окулығын жазған.
Орыс жазушылары А.Куприннің, И.Буниннің, әзірбайжан жазушысы О.Туманянның, қырғыз жазушысы Ш.Айтматовтың кейбір шығармаларын, Н.Крупскаяның педагогикалық еңбектерін, куба жазушысы Д.Олеманның «Төңкеріс түлектері» повесін, Поповтың «Семья», А.Корнейчуктың «Днепр айдынында» пьесаларын казақ тіліне аударған.
80 жыл бұрын (1929) қоғам қайраткері, Тараз қаласының құрметті азаматы АҚҚОЗИЕВ Сейілхан дүниеге келді.
Жамбыл облысының Мойынқұм ауданында туған.
Қазақ ауыл шаруашылығы институтын бітірген.
1953-1963 жылдары бас инженер, Ульянов аудандық партия комитетінің екінші хатшысы, аудандық атқару комитетінің төрағасы, Жаңаарқа аумақтық ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру және дайындау басқармасының парторгы, 1963-1964 жылдары Жамбыл облыстық партия комитетінің бөлім меңгерушісі, 1964-1970 жылдары Луговой аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы, 1970-1971 жылдары Жамбыл облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы, 1971-1973 жылдары Жамбыл облыстық партия комитетінің хатшысы, 1973-1986 жылдары Жамбыл облыстық атқару комитетінің төрағасы, 1986 жылдың желтоқсанынан - «Жамбылдорстрой» АҚ-да меңгерушісінің орынбасары, вице-президенті қызметтерін атқарған.
Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің 9-11 шақырылымдарының депутаты.
Төрт мәрте Еңбек Қызыл Ту, екі мәрте «Құрмет Белгісі» ордендерімен, медальдармен марапатталған.
70 жыл бұрын (1939) ғалым, геология-минералогия ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Ұлттық Ғылым академиясының академигі ОЗДОЕВ Сұлтан Мәжитұлы дүниеге келді.
Ресейде туған.
Қазақ политехникалық институтын (Қ.И.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университеті) бітірген.
1967 жылдан Қазақстан ҒА-ның Қ.И.Сәтбаев атындағы Геология ғылымдары институтында ғылыми қызметте.
Негізгі ғылыми еңбектері Қазақстанның мұнай алаңдарының геологиясын зерттеу мәселелеріне арналған. Зерттелмеген кен орындарының болашағы мен оны анықтаудың бұдан бұрын қолданылмаған әдістерін: мұнай, газ кен орындарын барлап-болжау жұмыстарында қолданыс тапқан тау жыныстарының толқынданып орналасуына негізделген жаңа белгілер ұсынды.
3 монография, 60-тан астам ғылыми еңбек жазған.
1995 жылдан Қазақстандағы ингуш ұлттық-мәдени орталығының төрағасы.
65 жыл бұрын (1944) Қазақстанның спорт шебері, самбодан Қазақстанның және КСРО-ның еңбек сіңірген жаттықтырушысы, қазақша күрестен Қазақстанның мемлекеттік бапкері ЖАҺИТ Марат Нұрмұханбетұлы дүниеге келді.
Шығыс Қазақстан облысының Аягөз қаласында туған.
Алматы ауылшаруашылық институтын бітірген.
Студент кезінде П.Терещенкодан самбо әліппесін үйреніп, 1963 жылы республикалық біріншілікте, бүкілодақтық жарыстарда жүлделі орындарға ие болған. КСРО-ның студенттер құрамасы сапында күресіп, есімі әлемге танылған атақты жаттықтырушы А.Харлампиевтен тәлім алған. Әскерде жүріп Беларусьтің чемпионы, күміс жүлдегері болды. М.Жаһит тәрбиелеген А.Мұсабеков, Қ.Байшолақов, Т.Байшолақов, С.Жартыбаев, С.Валобуев, А.Махмұтов, Н.Оспанов, А.Жақит, М.Жүнісбеков, Ғ.Ахметов, С.Жақит Қазақстанның, КСРО-ның, Азияның, Еуропаның, дүние жүзінің чемпионаттары және Кубок жолындағы жарыстарда қола, күміс жүлдегер болып, жеңімпаз, чемпион атанған.
Аягөзде және Семейде Марат Жаһит атындағы жүлде үшін самбошылардың жарысы өткізіліп тұрады.
«Халықтар достығы» орденімен, медальдармен марапатталған.
60 жыл бұрын (1949) «Акмо-Фарм» Қоғамдық қоры президентінің кеңесшісі БЕЛГІБАЕВ Сейіт Қуандықұлы дүниеге келді.
Оңтүстік-Қазақстан облысында туған.
Қазақ политехникалық институтын, Алматы Жоғарғы партия мектебін бітірген.
1972-1975 жылдары - Шымкент қорғасын зауытының бригадирі, агломерациялық цехтың шебері. 1975-1982 жылдары - Қазақстан ЛКЖО Еңбекші аудандық комитетінің бірінші хатшысы, аудандық партия комитетінің бөлім меңгерушісі, Шымкент облыстық партия комитетінің нұсқаушысы. 1982-1988 жылдары - Кентау қалалық партия комитетінің хатшысы, Абай аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы. 1988-1992 жылдары - Қазақстан Коммунистік партиясы Орталық комитетінің жауапты ұйымдастырушысы, ұйымдастыру-партиялық жұмыс бөлімі меңгерушісінің орынбасары, «Тамыр» ЖШС-нің вице-президенті. 1992-1995 жылдары - Шымкент қалалық әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары, «Түркістан» фирмасының бас директоры, Шымкент қалалық әкімшілігінің басшысы. 1995-1997 жылдары - «БСК» ЖШС-нің президенті. 1997-2004 жылдары - «Энергия» институты» АҚ-ның бірінші вице-президенті, президент кеңесшісі қызметтерін атқарған. Қазіргі қызметінде - 2004 жылдан.
8 ҚАРАША, ЖЕКСЕНБІ
Халықаралық КВН (Көңілділер мен Тапқыштар Клубы) күні. 2001 жылдың 8 қарашасынан аталып өтеді.
Германияда халықтық азалы күн. Халықтық азалы күнінің тарихы тұңғыш рет 1922 жылы рейхстагта бірінші дүниежүзілік соғыс құрбандарын Еске алу сағаты өткен күннен бастауын алады. ФРГ құрылғаннан кейін, католиктік Рождествоны еске алу шараларынан шамамен бір ай бұрын жүйесіз өткізіліп келсе, 1952 жылдан бастап қарашаның екінші жексенбісінде біріктіріп атап өтуге шешім қабылданды.
Қытайда журналист күні. 2004 жылдың 8 қарашасынан атап өтіледі.
Әке күні. Тұңғыш рет «Әке күні» Вашингтонда 1910 жылғы 19 маусымнан жаппай тойлана бастап, содан бері Америкадағы көптеген отбасылар өздерінің әкелерін құттықтайтын болған. Алайда, тек президент Линдон Джонсон маусымның үшінші жексенбісін ұлттық мейрам деп жариялағаннан кейін ғана, 1966 жылдан бастап «Әке күні» бүкіламерикалық мейрамға айналды. Әдетте, жыл сайынғы салтанаттар барысында мемлекет пен қарапайым азаматтар балаларын жалғызілікті тәрбиелеп отырған, табыстары төмен әкелерге қамқорлық жасауға асығады екен.
Баку метрополитені қызметкерлерінің күні. Әзірбайжан Президентінің 2006 жылғы 28 қазандағы жарлығына сәйкес, бакулік метро жүйесінің іске қосылғанына 40 жыл толуына байланысты, Әзірбайжанда жыл сайын қарашаның 8-інде Баку метросы қызметкерлерінің күні аталып өтеді.
ОҚИҒАЛАР
5 жыл бұрын (2004) Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінде Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше елдері Елшілері клубының бірінші мәжілісі болып өтті. Мәжіліске Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі, Қытай Халық Республикасының, Қырғыз Республикасының, Ресей Федерациясының, Тәжікстан Республикасының, Өзбекстан Республикасының Елшілері қатысты. Мәжілісте ШЫҰ хатшылығының, Қазақстанда тіркелген Ұлттық үйлестірушілер мен тұрақты өкілдер кеңесінің бірлескен әрекеттестіктері қарастырылды.
5 жыл бұрын (2004) Қазақстан делегациясы 8-11 қарашада Лондонда «World Travel Market» - WTM-2004 туристік көрмесіне қатысты. Көрмеде әлемнің 190 елінен келген мемлекеттік туристік ұйымдар мен жеке туристік компаниялардың өкілдері өздерінің туристік мүмкіндіктерін паш етті және іскер ынтымақтастықтың болашағын талқыға салды.
Біздің делегация құрамында Қазақстан Республикасы Индустрия және сауда министрлігінің Туризм жөніндегі комитетінің, аймақтық туризм жөніндегі департаменттердің, «Эйр Астана» ұлттық әуе тасымалдаушысының, Қазақстан туристік ассоциациясының, сондай-ақ «Тұран-Азия», «Отырар-групп», «Глобал-Эйр», «Хан Тәңірі», «Asia Discovery», «Азия Туры» тәрізді ірі қазақстандық туристік компаниялардың және «Астана Интер Отель» мен «Қазақстан» қонақ үйлерінің өкілдері қатысты.
5 жыл бұрын (2004) Семей мешітіне 1907 жылы Қазанда басып шығарылған Құран табыс етілді. Оны ескі ғимаратты жөндеу жұмыстары кезінде «Дау-Қаз» серіктестігінің қаржы директоры Олег Власенко тауып алған. Бұл басылымда Құранның араб мәтінімен қатар көрнекті орыс шығыстанушысы Гордий Саблуков жасаған орысша аудармасы қоса келтірілген.
5 жыл бұрын (2004) Павлодар қаласының «РубиКОМ» ЖШС-і «Агропродэкспо» халықаралық көрмесінен төрт алтын, бір күміс және үш қола медаль жеңіп алды. Бұл фирма ет және шұжық бұйымдарын шығарумен айналысады, өнімдерін Қазақстанның басқа да облыстарына жөнелтеді.
3 жыл бұрын (2006) Қазақстан мен Египет басшылары Нұрсұлтан Назарбаев пен Хұсни Мүбарак «Отан қорғаушылары» ескерткішіне гүл шоқтарын қою салтанатына қатысты. Дәстүрге сәйкес Х. Мүбарак «Мемлекет басшылары аллеясына» ағаш отырғызды.
ЕСІМДЕР
85 жыл бұрын (1924) кескіндемеші РЕЧЕНСКИЙ Павел Иванович дүниеге келді.
Ресей Федерациясының Саратов облысында туған.
Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан.
1930 жылдан Қарағанды қаласында тұрады.
«Саран шахтерлары», «Дүбірлі Қарағанды», «Қазақстан Магниткасы», «Алтын шынар», «Күз», «Көктемгі қар», «Шахтаға түскен суретшілер», «Прометей туралы аңыз» еңбектердің авторы.
40 жыл бұрын (1969) «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ экономика және қаржы жөніндегі бас директорының орынбасары БЕКЕЖАНОВА Жаннета Дүйсетайқызы дүниеге келді.
Алматы қаласында туған.
Қазақ мемлекеттік басқару академиясын бітірген.
1989-1995 жылдары «Казахинторг» бірлестігінде аға экономист, ҚР-ның ҚХР-дағы Сауда өкілдігінде аға экономист, Гонконгтегі Қазақ сауда үйі директорының орынбасары, 1995-1997 жылдары «Финекс-Центр» ЖШС-нің директоры, 1997-2004 жылдары «ҚазТрансОйл» ЖАҚ-ның материалдық-техникалық жабдықтау департаментінің бастығы, қаржы жөніндегі атқарушы директоры, қаржы директоры, қаржы директоры - қазынашылық бастығы, экономика және қаржы жөніндегі бас директордың орынбасары қызметтерін атқарған. 2004 жылдың сәуірінен - «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ экономика және қаржы жөніндегі бас директорының орынбасары қызметін атқарады.
2004 жылдың шілде - тамызында «АНПЗ» ЖШС қадағалаушы кеңесінің мүшесі.