ҚазАқпарат-Анонс: қазанның 18-і мен қазанның 24-і аралығындағы оқиғалардың күнтізбесі

ҮКІМЕТ
Қазанның 18-інде Үкімет үйінде селекторлық кеңес форматындағы үкімет отырысы өтеді.
Қазанның 18-і күні Тәуелсіздік сарайында Бүкіләлемдік рухани мәдениет форумының жалпы отырысы болады.
Қазанның 18-інде Сыртқы істер министрлігінің апталық брифингісі өтеді.
Қазанның 18-20-сы аралығында Астанада Бүкіләлемдік рухани мәдениет форумы өтеді.
ПАРЛАМЕНТ
Қазанның 18-і күні Парламент Мәжілісінде үкіметтік сағат өтеді.
Қазанның 18-інде Парламент Мәжілісінде «Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасының таныстырылымы өтеді.
СЫРТҚЫ САЯСАТ
Қазанның 18-26-сы аралығында Венадағы Хофбург сарайында ЕҚЫҰ штаб-пәтерінде Шолу конференциясының веналық бөлігі өтеді. Шолу конференциясының екінші бөлігі әскери-саяси, экономикалық және экологиялық қауіпсіздік мәселелерінің талқылануына арналатын болады.
ҚАЗАҚСТАН ЖӘНЕ ӘЛЕМ
Қазанның 4-19-ы аралығында Германияның Қазақстандағы жылының аясында Павлодардағы №36 мектеп мен Германияның Веймар қаласындағы Гете-гимназияның арасында оқушылармен алмасу шарасы өтуде. Жоба аясында сондай-ақ, Астана және Павлодар қалаларында Гете-гимназияның «Die Ameisen» камералық хорының концерттері өтеді.
Қазан айының 20-23-і аралығында ТМД-ның Қаржылық-банктер кеңесі мен Әзірбайжанның Халықаралық банкі Достастықтың Атқарушы комитетінің қолдауымен Бакуде халықаралық конференция өткізеді.
ЭКОНОМИКА
Қарашаның 1-інен бастап Қазақстан Халықаралық валюта қорының және Дүниежүзілік банк тобының Швейцариялық кіші тобына ауысады
СПОРТ
Қазанның 18-і күні Теміртауда Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы Амантай Айдархановты еске алуға арналған «Магнитка алаулары» атты дзюдодан Х ашық республикалық турнир аясында 1997-2000 жылдары дүниге келген балалар арасында жеке тартыстар өтеді.
АСТАНА
Қазанның 18-і күні Астанадағы Ұлттық Академиялық кітапханада ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, жазушы, ғалым Ақселеу Сейдімбек кітабының тұсаукесері болады.
Қазанның 18-інде «Қазақстан» орталық концерт залында Карл Орв симфониялық оркестрінің концерті өтеді.
АЛМАТЫ
Қазанның 15-і мен желтоқсанның 15-і аралығында Алматыда «Үздік инвестор» конкурсы өтеді. Бұл шараны «CAIFC», «Centras Securities», «Halyk Finance», «Seven Rivers Capital», «Premier Capital брокерлік компаниялары ұйымдастырып отыр.
Қазанның 18-і күні Алматыда «Әділ сайлауды өткізу мен ұйымдастыру: проблемалар мен оларды шешу жолдары» атты дөңгелек үстел өтеді.
Қазанның 18-інде Алматыда остеопормозға қарсы Халықаралық күнге арналған баспасөз мәслихаты өтеді.
Қазанның 18-і күні Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясында симфониялық музыка концертінің қатысушыларымен бірге баспасөз мәслихаты өтеді.
Қазанның 18-інде Алматыда «Мүмкіндігі шектеулі азаматтар, оралмандар мен ішкі мигранттарға көмек көрсету тұрғысындағы бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі» тақырыбында дөңгелек үстел өтеді.
Қазанның 21-і күні Алматыда Владимир Фатьянов пен Ираклий Квирикадзенің «Қасқырлардың әділ соты» атты мистикалық драмасының таныстырылымы өтеді
АЙМАҚТАР
МАҢҒЫСТАУ ОБЛЫСЫ
Қарашаның 1-інен бастап Маңғыстау облысының Бейнеу ауданындағы Боранқұл кентінде «Бизнес-Кеңесші» бизнес-оқыту бағдарламасын жүзеге асырудың ІІІ кезеңі басталады.
ЕЛЕУЛІ ОҚИҒАЛАР. АТАУЛЫ КҮНДЕР. ЕСІМДЕР
ҚАЗАННЫҢ 18-І, ДҮЙСЕНБІ
Рухани келісім күні
1992-нші жылы қазанда Қазақстанның сол кездегі астанасы Алматы қаласында Бүкіләлемдік Рухани келісім конгресінің 1-інші сессиясы өтті. Конгреске қатысушылар қазанның 18-ін рухани келісім күні - қақтығыстар мен жанжалдарға шектеу қою, татулыққа талпыну, жақын адамдарға қайырымдылық пен жәрдем жасау күні деп жариялауға шақырған манифест қабылдады. 1992-інші жылдан бастап бұл күн Қазақстанда ұлттық мейрам ретінде атап өтіледі.
Әзербайжан Республикасының Мемлекеттік мейрамы - Тәуелсіздік күні (1991)
Әзербайжан Республикасы - Кавказдың оңтүстік-шығысында орналасқан мемлекет. Әзербайжан солтүстігінде Ресеймен, солтүстік-батысында Грузиямен, оңтүстік-батысында Армения және Түркиямен, оңтүстігінде Иранмен, шығысында Каспий теңізі арқылы Қазақстанмен шектеседі. Астанасы - Баку. Мемлекеттік тілі - әзербайжан тілі. Мемлекет басшысы - президент. Заң шығарушы жоғары органы - парламент (меджлис).
Қазақстан Республикасы мен Әзербайжан Республикасы арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылғы тамыздың 27-інде орнатылды.
ОҚИҒАЛАР
3 жыл бұрын (2007) Талдықорғанда велоспорттан Қазақстан Республикасы Олимпиадалық дайындық орталығы (ОДО) ашылды.
Қазақстанда 3 ОДО жұмыс істейді. Олар - бокстан, күрестен және ауыр атлетикадан. Талдықорған өзінің трассаларында қазақстандық велоспорт мектебінің ең таңдаулы тәрбиеленушілерін қабылдау құрметіне ие болды. Қала әлемге дарынды веложүйріктер - Бондаренконың, Кухарскийдің, Жарковтың, Кивилевтің арқасында танымал болды.
Алматы облысының орталығында велоспорттан олимпиада базасы орналасуы үшін барлық жағдай бар. Ал облыс басшылығы спорттың бұл түріне жан-жақты қолдау көрсетіп отыр.
ЕСІМДЕР
75 жыл бұрын (1935-2004) машина жасау саласындағы ғалым, техника ғылымдарының докторы, профессор ЯНЦЕН Иван Андреевич дүниеге келді.
Ресейдің Ставрополь өлкесінде туған. Қарағанды политехникалық институтын бітірген. 1959-1968 жылдары - Қарағанды политехникалық институтының ассистенті, доценті, 1968-1999 жылдары - кафедра меңгерушісі қызметтерін атқарған.
72 өнертабыстың және 1 патенттің авторы.
Негізгі ғылыми еңбектері мен өнертабыстары жол құрылысы машиналарындағы активті гидроимпульстік жүйелердің теориялық негізін жасауға арналған. Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының иегері.
50 жыл бұрын (1960) танымал әртіс, әрі режиссер ЖАН-КЛОД Ван Дамм (шын ата-тегі - Ван Варенберг) дүниеге келді.
Бельгияда туған. Бала күнінде балетпен шұғылданса, одан кейін каратэмен және кикбоксингпен айналысып, 1980 жылы Еуропа чемпионы атанады. Бір жылдан кейін АҚШ-қа келіп, 1983 жылдан бастап кино саласына бет бұрды. 1986 жылы түсірілген «Берілме де, тайсалма!» киносындағы сомдаған рөлі қалың бұқараны дүр сілкіндірді. Одан кейін шет ел көрермендеріне, оның ішінде, Азия жұртшылығының назарына арнап, шығыс жекпе-жек өнерін паш ететін, 1987 жылы түсірілген «Қанды спорт», 1988 жылы «Қара қыран», «Киборг» және 1989 жылы «Кикбоксер» фильмдерінде ойнады. Сондай-ақ өзі де жекпе-жекке арналған бірқатар шығармалар, басқа режиссерлермен бірлесіп «Екі есе соққы» фильмін түсірді. «Универсальный солдат» (1992), «Трудная мишень» (1993), «Патруль времени» (1994), «Уличный боец» (1994), «Внезапная смерть» (1995), «Максимальный риск» (1996), «Команда двоих» (1997) атты фильмдері оны АҚШ-та жетістікке жеткізді.
ҚАЗАННЫҢ 19-Ы, СЕЙСЕНБІ
ОҚИҒАЛАР
3 жыл бұрын (2007) Сәтбаев қаласының кен өнеркәсібінің шебері Шәміл Садықов «Ресейдің алтын қаламы» атты ұлттық әдеби сыйлығының күміс лауреаты атанды. Қазылар алқасы әскери-патриоттық аталымына оның «Пошташы қыздың ажалы» атты әңгімесін лайықты деп тапқан.
3 жыл бұрын (2007) Ресей Ғылым Академиясының Сібір бөлімінің Ядролық физика институты /ЯФИ/ және Қазақстан Республикасының Ұлттық ядролық орталығы ілеспе сәулелену генераторын ортақ құрылысы туралы келісіміне қол қойды. Қондырғыштың құрылысына бес жылдай уақыт кетеді. Ілеспе сәулелену генератордың қолдану саласы өте кең. Ол осы күнге дейін болмаған әуеғарыштық өндіріске қажет материалдарды шығаруға мүмкіндік береді. Медицинада ілеспе сәулелену аурулардың ерте диагностикасында көмектеседі, ал ем қабылдаған уақытта - дәрілерді тура сол ағза мүшесіне жеткізу үшін қолданылады. Ең жаңа препараттарды шығару, аурудын ерте анықталуы мен емдеуі, тамырлы аурулардың диагностикасы үшін синхротрон ауыстырғысыз болып табылады. Бүгінгі күні бірде-бір дәрі-дәрмек синхротронда нақты саралауынан өтпейінше, өндіріске жіберілмейді.
ЕСІМДЕР
85 жыл бұрын (1925-1988) ақын, жазушы БЕРДИЯРОВ Тоқаш дүниеге келді.
Оңтүстік Қазақстан облысының Сарыағаш ауданында туған. Көркем училищесін бітірген.
Ұлы Отан соғысына қатысқан.
1958-1962 жылдары «Лениншіл жас», «Қазақ әдебиеті» газеттерінде қызмет істеген. 1962 жылдан шығармашылық жұмыста болды. Алғашқы өлеңдері баспасөзде 1950 жылдан жариялана бастады. Тырнақалды өлеңдер жинағы - «Шалқар теңіз» 1952 жылы жарық көрді. Кейін «Мен өмір сүремін», «Бейбітшілік көшесі», «Тораңғы», «Оқ және гүл», «Ескі паравоз», «Дауылдан кейін тыныштық», «Көгілдір ымырт», «Бозторғай», «Күндер, күндер, күндерім», «Ескі паровоз», «Жаңа дала», «Сөнбейтін оттар», «Есіктің алды - көк терек», «Шынар» т.б. өлеңдер мен поэмалар жинақтары, таңдамалылары басылды. Ол жырларына шынайлық, қарапайымдылық, сезім тереңдігі тән.
Проза жанрында да қалам тартып «Жастық кешуі», «Солдат сыры», «Фарида» атты әңгімелер мен повестер жинақтарын жариялады.
80 жыл бұрын (1930) медицина ғылымдарының докторы, профессор, Ресей Медицина Ғылым Академиясының және Қазақстан Ұлттық Ғылым Академиясының академигі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақ тағамтану академиясының және Профилакториялық медицина академиясының негізін қалаушысы және оның президенті, ДДҰ тағамтану жөніндегі эксперттер комитетінің мүшесі ШАРМАНОВ Төрегелді Шарманұлы дүниеге келді.
Қарағанды облысының Ұлытау ауданында туған. Қарағанды мемлекеттік медицина институтын және оның аспирантурасын бітірген.
1958-1962 жылдары - Қарағанды облысы Ұлытау ауданында орталық аурухананың бас дәрігері. 1962-1968 жылдары Қазақстан Денсаулық сақтау министрінің Өлкелік патология ғылыми-зерттеу институтында бөлім меңгерушісі. 1968-1971 жылдары Ақтөбе медицина институтының ректоры. 1971-1982 жылдары - Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрі. 1973-1984 және 1988 жылдан КСРО Медицина ҒА-ның Тағам институты Қазақ бөлімшесінің директоры (қазіргі Қазақ тағамтану академиясының президенті). 1985-1988 жылдары - Бүкілодақтық «Тағамтану сұрақтары» атты журналының бас редакторы және Мәскеу қаласындағы Дәрігерлердің біліктілігін жетілдіру институтының тағамтану кафедрасының меңгерушісі қызметтерін атқарған. 1995 жылдың мамыр айынан - Қазақстанның Профилакториялық медицина академиясының негізін қалаушысы және оның президенті. 1997 жылдан бастап «Здоровье и болезнь» журналының бас редакторы.
Негізгі ғылыми еңбектері тамақтану физиологиясына арналған. Ол тамақтану тәртібінің бұзылу себептерін зерттеп, адам денесінде ақуыз, дәрумен жетіспеу жөнінде тұжырым жасады; мешел ауруының даму механизімін ашты. Оның басшылығымен емшектегі балаларға арналған «Бөбек», «Аруана», «Антихолестерин» тағам қоспаларын шығарды. Оның бастамасымен 1978 жылы Дүниежүзілік денсаулық ұйымы (ДДҰ) мен ЮНИСЕФ-тің Халықаралық Алматы конференциясы өтіп, онда медицина - санатының алғашқы жәрдемнің ұлттық жүйесін ұйымдастырудың ұстанымдары алғаш рет тұжырымдалған Алматы декларациясы қабылданды.
Оның жетекшілігімен 56 докторлық және 170 кандидатттық диссертациялар қорғалды.
«Қазан революциясы», «Халықтар достығы», «Парасат» ордендерімен марапатталған. ДДҰ-ның Л.Бернард атындағы сыйлығын (2005) және «Қазақстан Республикасында тағам туралы ғылымның іргелі де қолданбалы аспектілерін дайындау» еңбектер топтамасы үшін Қазақстан Мемлекеттік сыйлығынның иегері және «Ғылым» номинациясындағы «Платина Тарланы» тәуелсіз сыйлығының иегері.
80 жыл бұрын (1930) ақын, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қайраткері РӘШЕВ Мыңбай Ахметкәрімұлы дүниеге келді.
Шығыс Қазақстан облысының Шұбартау ауданында туған. Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтын (қазіргі Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті) бітірген.
«Лениншіл жас» (қазіргі Жас Алаш) газетінде, «Ара» - «Шмель» журналдарында бөлім меңгерушісі болған. Қазақ КСР Кинематография жөніндегі мемлекеттік комитетінде істеген. «Ғылым» баспасы бас редакторының орынбасары, «Қазақстан» баспасының бас редакторы, Қазақстан Жазушылар одағында әдеби кеңесші қызметтерін атқарған. Қазір шығармашылық жұмыспен айналысады.
1955 жылы тұңғыш өлеңдер жинағы «Алғашқы борозда» деген атпен жарық көрді.
«Терек пен тікенек», «Суылдақ», «Қисық айна», «Тсс... тісіңен шығарма», «Біле қойдым» атты сықақтары, «Қанатты қиял», «Бес белес», «Шаттық шапағаты» атты өлеңдері және «Тоғыз жүз күн», «Бастау», Ерлік дастаны», «Дәуір-дастан», «Киелі домбыра», «Шабыт шағалы» атты поэмалары мен дастандарының, «Кері тартқанды бері тарт» сықақ әңгімелер жинағының, «Жұлдыз жаңғыры» үш томдық кітабының авторы. Ол лирикалық, азаматтық өлеңмен бірге көбінесе сатира жанрында еңбек етеді. Оның сықақтары, фельетондары мен мысалдары туысқан республикалар тілдеріне аударылған.
«Ерен еңбегі үшін», «Қазақстан Республикасына 10 жыл», «Тың және тыңайған жерді игергені үшін» медальдарымен, Қазақ КСР-нің Құрмет грамотасымен марапатталған.
ҚАЗАННЫҢ 20-Ы, СӘРСЕНБІ
Дүниежүзілік остеопороздан алдын-ала емдеу күні
Бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйымының қолдауымен, Ұлыбританияның Ұлттық остеопороз қоғамының ұйымдастыруымын 1999 жылдан бастап аталып өтіледі.
Әуәдиспетчердің халықаралық күні
1961 жылғы қазанның 20-ында Амстердамда Әуәдиспетчер одағының халықаралық федерациясы құрылды - бұл жағдай әуе көлігінің даму тарихының маңызды белгісі болды.
ОҚИҒАЛАР
15 жыл бұрын (1995) Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Жарлығымен Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Біріккен Корольдігінде Қазақстан Республикасының елшілігі ашылды.
5 жыл бұрын (2005) Таразда Жастар гүлзары ашылды. Гүлзардың қақ ортасында қол бастаған Қойгелді батырдың ескерткіші тұр. Батыр бабаның ескерткішін ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ашқан болатын. Қолбасшы мүсінінің айналасында Қазақстан мен Қырғызстан мемлекетінің басшылары еккен қарағайлар өсіп тұр. «ӘулиеАта» университетінің студенттері гүлзарды өз қамқорлықтарына алып отыр. Аталмыш жоғары оқу орнының студенттері қалалық онамастика комиссиясына осы жерді Жастар гүлзары деп атау туралы ұсыныс жасаған болатын. Қаланың басшылары жастардың ұсынысына қолдау көрсетті.
3 жыл бұрын (2007) Мәскеуде ШЫҰ Жастар қауымдастығын құру жөніндегі меморандумға қол қойылды.
Ұйымдастырушысы - бүкілресейлік қоғамдық ұйым «Ресейдің жастар одағы» және РФ Сыртқы істер министрлігімен бірге Қоғамдық жастар палатасы, РФ Президентінің Әкімшілігі және РФ Федеральды жиналыстың Федерация Кеңесі және Мемлекеттік дума.
Ресей тарабы 2007 жылдың мамырында Бейжіңде өткен ШЫҰ мемлекет басшыларының кездесуінде Қауымдастықты құру тұжырымдамасын ұсынған болатын.
1 жыл бұрын (2009) Жаңғыртылған «Қазақ елі» монументі салтанаты түрде ашылды.
Негізгі өзгерістер тұғыр граниттің төрт қабырғасына жасалған. Олардың әрқайсысына көлемі 3,7х6,9 метрлік қоладан құйылған бедербейнелер (барельеф) жасалған. Алғашқысы «Халық және Президент» деп аталады. Қазақстан тәуелсіздік алып, егемен ел болғанына 20 жылға жуықтаған жас мемлекет, сондықтан барлық композиция адам бейнесін бедерлеу арқылы жасалған. Оның орталық бейнесі Қазақстан тәуелсіздігінің символы - Бірінші Президент. Осыған орай бедербейненің басты фронтонында Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Конституцияның үстіне қолын қойып, ант беріп тұрған сәті бедерленді. Бұл - біздің тәуелсіз, демократиялық елімізде заңның үстемдік құратынын айғақтайтын нышан. Президенттің ту сыртында Қазақстан халқын бедерлейтін адамдардың сұлбасы бейнеленген. Ал монументтің оң жағындағы келесі бедербейне - «Қаһармандық» деп аталады. Онда Отан қорғау қазақ ұлтының ежелден басты және қасиетті құндылықтарының бірі болғанын көрсететін образдар шоғырланған. Ерлік пен елдікке үндеген жыраудың, ат үстіндегі ел қорғаған сарбаздың және қолында автоматы бар жауынгердің елдің шебін күзеткен бейнелері орналастырылған. Ал монументтің батыс жақ бетінде орналастырылған «Жасампаздық» бедербейнесінде халқымыздың көшпелі дәуірден ғарышқа ұшқанға дейінгі жолы көрсетілген. Осы бөлікте жоба авторлары металлург пен мұнайшы, инженер мен диқан, құрылысшы мен ғарышкер бет-бейнесі арқылы негізгі лейтмотив болып табылатын жасампаз адамдар арқылы мемлекет қуатын көрсетуге ұмтылған. Монументтің шығыс жағындағы соңғы бедербейне «Болашақ» деп аталады. Онда тәуелсіз елде өсіп, өз тағдырларын өздері жасап, ғылымда, мәдениетте, спортта үлкен жетістіктерге жетіп келе жатқан қазақстандық жастардың көңілді шақтары нақышталған. Бұл бедербейненің бір ерекшелігі композицияның ортасында жас отбасы бітімі сомдалған. Ол отбасы құндылығын бейнелеп, қазақстандық қоғамның негізі болып табылатын отбасы мен неке институтын нығайтуға шақырады. Осы идеялардың бәрі «Бірлік» атты мүсіндік композициямен түйінделіп, Қазақстан халқының тәуелсіздік алғандағы шаттанған сезімдерін бейнелеген. Тәуелсіздік жолындағы қазақ халқының тарихындағы трагедиялық сәттердің аз болмағанын, дегенмен бостандыққа жету қуанышты, мерейлі кезең екендігін көрсетеді. Сондықтан барлық бедербейнелік желі Тәуелсіздік алған жалпыхалықтық шаттықты сипаттайды.
1 жыл бұрын (2009) Алматыда Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы режиссер Сәбит Құрманбековтың «Секер» атты жаңа фильмінің таныстырылымы өтті.
Фильмнің ресми тұсау кесері «Star Cinema Mega Center Almaty» кинотеатрында өтті.
Рөлдерде - Аяулым Ахметбекова, Нұржұман Ықтымбаев, Болат Қалымбетов, Ирина Гринева және тағы басқалары.
Сюжеттің желісі бойынша фильмнің бас кейіпкері Секер есімді жасөспірім қыз ұл баладай өседі, шалбар киіп, атқа мінеді. Оның әкесі 4 қызды тәрбиелейді. Ұлды аңсаған әке өзінің тұңғыш қызын ұлдай тәрбиелейді. Секер өзінің ұл емес екенін түсінгеннен кейін, өзін табуға тырысады.
ЕСІМДЕР
75 жыл бұрын (1935-1990) журналист, аудармашы, жазушы, сыншы ТОҚБЕРГЕНОВ Төлеген дүниеге келді.
Оңтүстік Қазақстан облысында туған. С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін (қазірігі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) бітірген.
Ол Қазақ радиосында редактор, аға редактор, бас редактор болып, кейіннен «Мектеп», «Жазушы» баспаларында қызмет атқарды. «Жұлдыз» журналында, «Қазақ әдебиеті» газетінде бөлім жұмыстарын басқарған.
Оның «Тоғыз тарау», «Үш тоғыс», «Қос қағыс» атты әдеби сын-мақалалар жинақтары жарық көрген. Әдеби және көркем аударма саласында еңбек етіп, А.Алдан-Семеновтың «Семенов-Тяньшанский», К.Симоновтың «Өлілер мен тірілер» трилогиясының екі кітабын, Б.Томастың «Менің әпкем» пьесасын аударған.
60 жыл бұрын (1950-1998) актер, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі ҚҰЛЫБЕКОВ Тоқсын дүниеге келді.
Алматы облысының Кербұлақ ауданында туған. Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясын (қазіргі Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы) бітірген.
1968-1970 жылдары Амангелді ұжымшарында мәдениет үйінің меңгерушісі, Қазақ радиосының дикторы, режиссері болып істеді. Сондай-ақ ол сол тұста көрермендердің сүйікті бағдарламалары болған «Қымызхана», «Алтыбақан», «Жебе» телехабарларының жүргізушісі болды. 1984 жылдан өмірінің соңына дейін «Тамаша» ойын-сауық отауының құрамында өнер көрсетті. «Жігер» жастар фестивалінің лауреаты.
ҚАЗАННЫҢ 21-І, БЕЙСЕНБІ
ОҚИҒАЛАР
5 жыл бұрын (2005) Ақтау теңіз портында «Батыр» буксир-кантовщигінің таныстырылымы өтті. Құны үш миллион долларды құрайтын кеме Румынияның «Damen shipyard gorinchem» компаниясында жасалған. Ол кемелерді арқанмен байлауға, өрт сөндiруге және тасымалдауға қажетті барлық заманауи жабдықтармен жабдықталған. Портын мамандары Голландиядан оқып келді.
5 жыл бұрын (2005) Таразда жаңа өндірістің - Қазақстандағы бірден-бір керамзит бұйымдарын өндіретін зауыттың таныстырылымы болды. «Керамик-Инвест» ЖШС-іне Ресейде және басқа елдерде құрылыс материалдарын өндіретін зауыттар тобының - «Стройтех» ғылыми-өндірістік орталығы» Ресей компаниясы инвестиция салып отыр. Бұл Қазақстандағы теңдесі жоқ бірегей өндіріс. Ресейде осыған ұқсас 20 шақты кәсіпорын бар. Шет елдерде автоматтандыру деңгейі тап осындай құрылыс тақталарын шығаратын кәсіпорын жоқ. «Керамик-Инвест» ЖШС-інің негізгі өнімі - құрылыс индустриясында үлкен сұранысқа ие болып отырған беріктігі жоғары және жоғары сапалы төсем тақталары, сондай-ақ зауыт сәндік әрлеу тақталарын да шығарады
5 жыл бұрын (2005) Санкт-Петерборда Ұлттар үйі ашылды.
Бүгінгі күні Ұлттар үйі Петерборда тұратын 36 көркем өнерпаздар ұжымын, ғылыми орталықтарын және 130-ға тарта халықтардың өкілдерін біріктіріп отыр.
1 жыл бұрын (2009) Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы ұйымдастырған Қазақстан Республикасы мен Еуропалық Одақ арасындағы құрылымдық келісімнің отырысы барысында «2009-2012 жылдарға арналған Қазақстан Республикасының Адам құқықтары саласындағы Ұлттық іс-қимыл жоспарының» таныстырылымы өтті.
1 жыл бұрын (2009) Бішкекте Орталық Азияның жазушы-әйелдерінің «Тордағы бұлбұл» атты жинағының таныстырылымы өтті.
Жинаққа Орталық Азия республикаларының жазушы-әйелдерінің жұмыстары енген. Қазақстаннан жинаққа Мадина Омарова мен Зарина Жандосованың жұмыстары кірді. Кітап қырғызстан мен финдік ПЕН-орталықтарының ынтымақтастығымен қазақстандық «Ескендір» баспасынан шығарылды. Жинақтың таралымы бір жарым мың дана.
1 жыл бұрын (2009) Астанада Қазақстанның тұңғыш жел атласының таныстырылымы өтті.
Аталмыш жел атласы Қазақстан аумағындағы кез келген нүктедегі желдің жылдық орташа жылдамдығы жайында хабардар ететін интерактивті карта болып табылады. Атласты жасаушылардың айтуынша, Қазақстан жерінің 50 мың шаршы километрі жел энергетикасын дамытуға қолайлы. Ал осы әлеует пайдаға жаратылып жататын болса, жылына 900 мың ГВт /сағ. электр энергиясы алынады деп болжануда. Атлас - жел энергиясын алудың тиімді, басымдықты аймақтарын оңай анықтауға мүмкіндік беріп, осы салаға инвестициялар тартуға, жел энергиясын өндіру көрсеткіштерін арттыруға жол ашады.
ЕСІМДЕР
80 жыл бұрын (1930-1986) қоғам қайраткері, биология ғылымдарының кандидаты МАШЕЕВ Тәңірберген Сыздықұлы дүниеге келді.
Қарағанды облысының Қарқаралы қаласында туған. Алматы зооветеринарлық институтын (қазіргі Қазақ ұлттық аграрлы университеті) бітірген.
1959-1960 жылдары - Қазақстан ЛКЖО Алматы облыстық комитетінің бірінші хатшысы, 1960-1961 жылдары - Қазақстан ЛКЖО ОК-тың бірінші хатшысы. 1961-1966 жылдары - Кеген ауданды «Қарқара» кеңшарының директоры. 1966-1968 жылдары - «Дегерес» кеңшарының директоры. 1968-1970 жылдары - Алматы облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы. 1970-1973 жылдары - Алматы облыстық партия комитеті ауыл шаруашылығы бөлімінің меңгерушісі. 1973-1977 жылдары - Жамбыл ауданы «Рославльский» кеңшарының директоры қызметтерін атқарған. 1977-1986 жылдары Қазақ КСР Ауыл шаруашылығы министрлігі басқармасында жұмыс істеді.
Еңбек Қызыл Ту орденімен, медальдармен марапатталған.
65 жыл бұрын (1945) актер, режиссер, сценарийші, продюсер, Ресей Федерациясының Халық әртісі МИХАЛКОВ Никита Сергеевич дүниеге келді.
Мәскеу қаласында туған. Б.В.Щукин атындағы театр училищесін, Бүкілодақтық мемлекеттік кинематографистер институтын бітірген.
«Тендер арасында өзі, өздері арасында бөтен», «Махаббат құлы», «Бес кеш бойында» сияқты фильмдердің режиссері. «Урга», «Сібір шаштаразы», «Күннен қалжырағандар» фильмдері үшін үш рет РФ Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанған. 1991 жылы Венецияда өткен Халықаралық кинофестивальда «Урга» фильмі үшін «Алтын арыстан» сыйлығын, «Күннен қалжырағандар» фильмі үшін «Оскар» сыйлығын иеленген. Ол қазақ киносына да өз үлесін қосып, «Мәншүк туралы ән» фильміне түсіп, «Транссібір жүрдек пойызы» фильмінің сценарийін жазуға қатысқан.
1992 жылдан - Ресей мәдениет қорының төрағасы, 1998 жылдан - Ресей кинематографистер Одағының төрағасы, «ТРИТЭ студиясының» президенті қызметтерін атқарады.
Еңбек Қызыл Ту, «Отан алдында сіңірген еңбегі үшін» ордендерімен марапатталған. Қазақ КСР-інің Мемлекеттік сыйлығының лауреаты.
ҚАЗАННЫҢ 22-І, ЖҰМА
Дағыстанның Мемлекеттік мейрамы - Ақ тырналар мерекесі
Дағыстанның халық ақыны Расул Ғамзатовтың бастамасымен, поэзия мерекесі ретінде соғыс даласында мерт болған барлық жауынгерлердің рухын ардақтау мақсатында жиырма жылдан астам уақыт атап өтілуде.
ОҚИҒАЛАР
95 жыл бұрын (1915) Семейдің теміржол вокзалы ашылды. Семей вокзалының тарихы 1915 жылы қазанда осында Новониколаевтан алғашқы пойыз келген күннен басталады.
Осы жылдар ішінде ол екі рет күрделі жөндеуден өтті. Өз тарихында миллиондаған жолаушыларды қабылдап, шығарып салды.
5 жыл бұрын (2005) Көкшетаудың «Жайлау» ықшамауданында медресе ашылды. Дiни мектептiң ашылуына қолдау көрсеткендер «Науан хазрет» мешіті және «Қайрат» қайырымдылық қоры. Медресе оқуға, бес уақыт намазға арналған бөлмелермен жабдықталған, және онда асхана мен демалыс бөлмелері бар.
5 жыл бұрын (2005) Алматы «А-club» спорттық-сауықтыру орталығы ашылды.
«А-club» спорттық-сауықтыру орталығы Алматы орталығының маңындағы Ремизовск шатқалында орналасқан бұрынғы Демалыс үйінің орнында салынған.
5 жыл бұрын (2005) Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Еуропа Қайта Құру және Даму Банкі арасындағы Техникалық жәрдемдесу мен ынтымақтастық туралы негіздемелік келісімді бекіту туралы» және «Халықты жұмыспен қамту туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңдарға қол қойды.
3 жыл бұрын (2007) Павлодарда Төлеубек Қоңыровтың «Бөкейханнан Баубекке дейін» атты жаңа кітабы жарық көрді. Жергілікті журналистика ардагерінің кітабында жерлестері мен Ұлы Отан соғысына қатысушылар жайында очерктер, әскери буын балалары жайындағы әңгімелер басылған. Баспада жарияланған сұхбатта 70 жастағы автор өмірі мен шығармашылық жолы, облыстық «Сарыарқа самалы» газетіндегі қызметі жайында айтып береді.
3 жыл бұрын (2007) Халал өнімдерін стандарттау мен сертификаттау жөніндегі мемлекетаралық комитет пен мемлекетаралық кеңес құрылды. Оның құрамына Қырғызстан, Ресей, Қазақстан және Малайзия елдері кірді. Қазіргі кезде елде 150-ден астам фабрикалар мен кәсіпорындар шариғат заңдарына сүйеніп, таза өнім өндіруді қолға алған.
3 жыл бұрын (2007) Шымкентте жастар діни білім алатын жаңа оқу орны ашылды. Бұл - бозбалалар мен бойжеткендер қатар білім ала алатын алғашқы діни мекеме. Оқудың ұзақтығы 2,5 жыл. Жаңа медресенің өз жатақханасы, кітапханасы, компьютерлік сыныбы, спорттық залы және мешіті бар.
1 жыл бұрын (2009) «Ақтөберентген» АҚ-ның жетекші инженері Иван Кисельниковтың басшылығымен «Санжар» атты бірегей кішідозалы флюрографиялық рентген аппараты ұсынылды. Мұндай бірінші аппарат облыс орталығының ауруханаларына қойылды.
Бұл жоғары технологиялық аппараттын бірегейлігі соншалық, онда алғаш рет сканерлік рентгендік тексеру амалы қолданылды, бірақ қаралушы адамның күнделікті мөлшерінен аспайтын микроскопиялық сәулеге шалдығады. Жаңа аппаратта сәулеге шалдығудан қорықпай, флюрографияны жылына 200 рет түсуге болады. Бұл аппаратта алдын алу мақсатында әдеттегіден жиі балаларды, жасөспірімдерді, жүкті әйелдерді тексеруге болады.
Аппараттың басқа ерекшеліктерінің ішінде жоғары қарама-қарсы болып тұрған сезгіштік, рұқсат етілетін қабілеттілігі, динамикалық диапазон және сканерлік өрісі көбейуі болып табылады. Аппараттың құрылымы адам ағзасының барлық мүшесін түсіруге мүмкіндік береді және жұмсақ ұлпаларды, сүйек құрылымын бір суреттен қарауға болады. Сканерлік өрісі 1200 мм дейін көбейген, ал жәй аппараттар 400-де 400 мм ғана болады. Аппаратқа тиісті сертификат берілген.
1 жыл бұрын (2009) Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Түркияның жоғары мемлекеттік наградасымен марапатталды.
ЕСІМДЕР
140 жыл бұрын (1870-1953) орыс жазушысы, Нобель сыйлығының лауреаты БУНИН Иван Алексеевич дүниеге келді.
Ресейдің Воронеж қаласында туған. Оның әдеби қауымға 1887 жылы жарыққа шыққан алғашқы көркем дүниелерімен-ақ таныла бастаған. «Күзгі жапырақтар» жинағы үшін 1901 жылы Ресей Ғылым Академиясының А.С. Пушкин атындағы сыйлығын алды. «Антонов алмасы», «Қарағайлар», «Жаңа жол» атты шығармалар жинағын да оқырман қауым жылы қабылдаған. Өмірінің соңғы сәттерінде жазылған естеліктер мен мақалалары 1990 жылы Мәскеуде «Советский писатель» баспасынан «Окаянные дни» деген атпен жарық көрді. Кеңес өкіметін, большевиктер билігін өмір бойы мойындамай өткен Бунин кеңес жазушылары, кеңес қоғамы туралы өзінің шынайы ойларын аталмыш кітапта жан-жақты жазып қалдырған.
Оның «Не пугай меня грозой» деген өлеңінін Абай «Қорқытпа мені дауылдан» деген атпен қазақ тіліне аударған. Жазушының «Антонов алмасы» жинағы Ғ.Қайырбеков аудармасымен қазақ тілінде жарық көрді.
85 жыл бұрын (1925-2004) қазақ экономисі, экономика ғылымдарының докторы, профессор, Қарағанды қаласының құрметті азаматы ҚАШЫҚОВ Шағатай Қашықұлы дүниеге келді.
Қарағанды қаласында туған. Семей педагогикалық институтын (қазіргі Семей мемлекеттік педагогикалық институты), және С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің аспирантурасын (қазірігі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) бітірген. Ұлы Отан соғысына қатысқан.
1947-1960 жылдары Қарағанды облыстық халық ағарту мекемелерінде істеген. 1960-1965 жылдары Қазақ мемлекеттік университетінің аға оқытушысы, доценті, 1965-1991 жылдары Қарағанды политехникалық институты (қазіргі Қарағанды мемлекеттік техникалық университеті) кафедрасының меңгерушісі, 1991-2004 жылдары профессоры болып қызмет атқарған.
Ғылыми жұмысының негізгі бағыты - жиынтық қоғамдық өнімнің ұдайы өндіріс процестерін зерттеу және социализм кезіндегі мемлекет пен оның кәсіпорындары арасындағы таза өнімді бөлу.
«Структура и темпы роста национального дохода», «Модификация чистого продукта в распределительные формы национального дохода» атты шығармаларының авторы.
І-інші дәрежелі Отан соғысы, «Құрмет белгісі» ордендерімен және медальдармен марапатталған.
ҚАЗАННЫҢ 23-І, СЕНБІ
Венгрияның Мемлекеттік мейрамы - Республика күні
1956 жылғы қазанның 23-інде тәуелсіздік жолындағы күрес басталып, 1989 жылы Венгрия Республикасының егемендігі жарияланды.
Венгрия Республикасы - Еуропаның орталығында орналасқан мемлекет. Ресми тілі - венгр (мадьяр) тілі. Мемлекет басшысы - президент. Заң шығарушы органы - бір палаталы Мемлекеттік жиналыс. Астанасы - Будапешт.
Қазақстан Республикасы мен Венгрия Республикасы арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылғы наурыздың 24-інде орнатылды.
ОҚИҒАЛАР
3 жыл бұрын (2007) Грозный қаласының мэрі Мүсілім Хучиев Бутырин атындағы көшенің атауын Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың атына ауыстыру туралы өкімге қол қойды. Бұл - екі халықтың арасындағы бауырластық байланыстарды нығайту ісіне қомақты үлес қосқан Қазақстан Мемлекетінің басшысына көрсетілген құрмет.
1 жыл бұрын (2009) Семейде Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің стадионы салтанатты түрде ашылды.
Стадион жоғары оқу орнының ректоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Ерлан Сыдықовтың жеке бастамасымен университет бас корпусының маңындағы бос алаңқайға салынған. Семей мемлекеттік университетіне қарасты жаңа стадионың футбол алаңына қаладағы бірінші және әзірше жалғыз жасанды жамылғы төселген.
1 жыл бұрын (2009) Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Чираган Сарайында Ыстамбұлдың Окан университетінің Құрметті докторы атағына ие болды.
Окан университетін 1999 жылы Окан мәдениет, білім және спорт қоры құрған болатын.
ЕСІМДЕР
45 жыл бұрын (1965) инженер-құрылысшы, экономист, техника ғылымдарының кандидаты, «Қазақстан темір жолы» ҰҚ» АҚ президенті МАМИН Асқар Ұзақбайұлы дүниеге келді. Астана қаласында туған. Целиноград инженерлік-құрылыс институтын (Л.Гумилев атындағы Еуразиялық ұлттық университет), Г.В.Плеханов атындағы Ресей экономикалық академиясын бітірген.
Еңбек жолын «Целинтяжмаш» трестінің құрастырушысы болып бастады. 1991-1993 жылдары - Қазақстан инновациялық кәсіпорындары одағы бас директорының орынбасары. 1993-1996 жылдары - «Интер-Есіл» біріккен кәсіпорынның бас директоры. 1996-2000 жылдары - Ақмола (Астана) қаласы әкімінің орынбасары. 1998-2000 жылдары - Ақмола еркін сауда аймағының әкімшілік кеңесі төрағасының орынбасары. 2000-2002 жылдары - Қазақстан Республикасының Көлік және коммуникациялар вице-президенті, Қазақстан Республикасының Көлік және коммуникациялар министрлігі Автомобиль жолдары комитетінің төрағасы. 2002-2003 жылдары - «Инком Астана» ЖШС-інің бас директоры. 2003-2004 жылдары - Қазақстан Республикасының Индустрия және сауда бірінші вице-министрі, «Қазақстан инвестициялық қоры» АҚ-ы Директорлар кеңесінің, «Қазақстан даму банкі» ЖАҚ-ы Директорлар кеңесінің, «Каzakhstan Engineering» ҰК» ААҚ-ы Директорлар кеңесінің мүшесі. 2005-2006 жылдары - Қазақстан Республикасының Көлік және коммуникациялық министрі. 2006-2008 жылдары - Астана қаласының әкімі қызметтерін атқарған. Қазіргі қызметінде - 2008 жылдан бастап.
2008 жылдан бастап - Қазақстан Республикасының хоккей федерациясының бастығы. «Астанаға 10 жыл» медальмен, «Құрмет» және и ІІІ дәрежедегі «Святой благоверный князь Даниил Московский» ордендерімен марапатталған.
ҚАЗАННЫҢ 24-І, ЖЕКСЕНБІ
Қарусыздану апталығы
Бүкіләлемдік бейбітшілік кеңесі мен Қарусыздану жөніндегі БҰҰ Бас Ассамблеясының арнайы сессиясының шешімімен 1978 жылғы қазанның 24-і мен 31-і аралығында жыл сайын атап өтіледі.
Бүкіләлемдік ақпараттың даму күні
БҰҰ Бас Ассамблеясының 27-інші сессиясының шешімімен (қарар А/RES/3038) 1973 жылғы қазанның 24-інде жыл сайын атап өтіледі. Қарарда айтылғандай, 24 қазан Дүниежүзілік күн Біріккен Ұлттар Ұйымы күнімен сәйкес келуі керек.
Бұл күннің мақсаты әлемдік және қоғамдық пікірдің назарын даму мәселелеріне аудару және оны шешуде халықаралық ынтымақтастықты нығайту қажеттілігі.
«Байқоңыр» ғарыш айлағында қаза тапқан сынақшыларды еске алу күні
1960-шы жылы осы күні М.Янгель құрастырған Р-16 жаңа континентаралық баллистикалық зымыран сынақ барысында апатқа ұшырады. Электрлік сынақ жүргізу сәтінде жанармай толтырылған зымыранның 2-інші сатыдағы қозғалтқышы жүйеге еріксіз қосылып кеткен. Соның салдарынан өршіген өрттен және жанармай газынан уланған 76 әскери қызметкер мен өнеркәсіп өкілдері опат болды. Олардың ішінде артиллерияның Бас маршалы М.Неделин, полигоннан сынақ жетекшілері полковниктер А.Носов пен Е.Осташев бар. Бүгінде олардың есімдері Байқоңыр қаласындағы көшелерге берілген. Қазанның 24-і жыл сайын «Байқоңыр» ғарыш айлағында қаза тапқан сынақшыларды еске алу күні ретінде атап өтіледі.
Біріккен Ұлттар Ұйымы күні
Біріккен Ұлттар Ұйымының Жарғысы күшіне енген күн - 1945-інші жылғы қазанның 24-і - 1948-інші жылдан Біріккен Ұлттар Ұйымы күні ретінде мерекеленеді. Дәстүр бойынша ол бүкіл әлемде Ұйымның жетістіктері мен мақсаттарына арналған мәжілістер, пікірталастар мен көрмелер өткізу жолымен жүзеге асады.
1971-інші жылы Бас Ассамблея барлық ұйымға мүше мемлекеттер бұл күнді мемлекеттік мейрам ретінде атап өтуге ұсыныс жасады (2782-нші қарар (XXVI)).
ОҚИҒАЛАР
5 жыл бұрын (2005) Павлодар мемлекеттік педагогика институтында жаңа жайлы қоныс - Студенттер үйі ашылды. Бұл еліміздің жоғары оқу орындарындағы пәтер үлгісіндегі бірден-бір жатақхана. Жатақханада тұруға рұқсатты облыс әкімі грантының иегерлері бірінші болып алды. Олар Студенттер үйінде тегін тұрады.
3 жыл бұрын (2007) Алматыда «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында «Әлемдік классика» сериясымен жарық көрген «Экономика» және «Адамзат ақыл-ойының қазынасы» сериясымен жарық көрген «Психология» атты қос 10 томдықтың таныстырылымы өтті.
1 жыл бұрын (2009) «Байқоңыр» ғарыш айлағында оттегі-азот зауыты іске қосылды.
Ол зымырантасығыштарды ұшыру үшін отын компоненттерін өндірумен айналысатын болады.
Зауыт жылына екі рет - күздің екінші жартысында және қыстың аяғында іске қосылады.
1 жыл бұрын (2009) Астанада халқымыздың көрнекті қаламгері, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері, профессор-ғалым Ақселеу Сейдімбекке арналған мемориалдық тақта орнатылды.
Ақселеу қай бағытқа ізін салса да, өзінің ерекшелігімен, ұтқыр ойларымен, биік парасаттылығымен айрықша көзге түсетін. Жан-жақты, қарымды қаламгер болатын. Оның қаламынан 30-дан астам көркем, ғылыми-танымал монографиялар мен кітаптар жарық көрген.
Көрнекті қоғам қайраткері әр жылдары «Жас Алаш», «Орталық Қазақстан», «Егемен Қазақстан» газеттерінде жұмыс істеген. «Зерде» журналының және «Әлем» альманахында бас редактор болған. М. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында бөлім меңгерушісі, Ы. Алтынсарин атындағы Білім беру институтының директоры, Қазақ ұлттық білім беру академиясының бірінші президенті, Президенттік мәдениет орталығы директорының орынбасары қызметтерін атқарған. Өмірінің соңына дейін Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры болды.
1 жыл бұрын (2009) Астанадағы № 54-ші қазақ мектеп-лицейі көрнекті ғалым, белгілі қайраткер, марқұм Ақселеу Сейдімбектің есімімен аталған.
№54 мектеп-лицейі Елбасының «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы бойынша бой көтерген алғашқы мектеп және ол барлық жағынан заманауи талаптарға сәйкес келеді.
1 жыл бұрын (2009) Бурабайда Абылай хан атындағы «Бурабай» мемлекеттік ұлттық паркінің экспозиция кешенінің ашылуы барысында Тарихта «Шаңды жорық» деген атаумен қалған оқиға Бурабайдағы Абылай хан мұражайының бір қабырғасына безендірілді Абылай хан алаңындағы айтулы кешен тақырыптық жазулардан, «Әскери кеңес» сәулет композициясынан, ақпараттық стендіден тұрады. Игілікті істің ұйытқысы болған ҚР Президентінің Іс басқармасы мен «Нұр Отан» халықтық -демократиялық партиясы. Кешеннің басты мақсаты - кең көлемді, танымдық, идеологиялық және отансүйгіштік рухтағы тәрбиелік жұмыстарды атқаруды көздейді.Сонымен қатар жас буынды Қазақстанның бай тарихынан, мәдениетінен хабардар етіп, өңірде туристік кластерді кеңінен өрістестуге бағытталған.
ЕСІМДЕР
100 жыл бұрын (1910-1987) ғалым, биология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Ғылым Академиясының академигі, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым қайраткері ДАРҚАНБАЕВ Темірбай Байбосынұлы дүниеге келді.
Қостанай облысының Қарабалық ауданында туған. М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетін және КСРО Ғылым Академиясы жанындағы биохимия институтының (қазіргіМикроорганизмдердің физиология және биохимия институты) аспирантурасын бітірген.
1941-1946 жылдары - КСРО Ғылым Академиясының Қазақ бөлімшесінде аға ғылыми қызметкер, зертхана меңгерушісі. 1946-1970 жылдары - Қазақ мемлекеттік университетінде оқу ісі жөніндегі проректоры, кафедра меңгерушісі және ректоры. 1972-1983 жылдары - Қазақстан Ғылым Академиясының биологиялық ғылымдар бөлімінің академик-хатшысы. 1983-1987 жылдары - Молекулалық биология және биохимия институтында дәнді дақылдар зертханасының меңгерушісі қызметтерін атқарған.
Ол Қазақстан бидайының тағамдық маңызы мен технологиялық қасиеттеріне баға беріп, олардың құрамындағы белоктардың түзілу және кебу заңдылықтарын анықтады. Ол бидай дәнінде амилаза ферментінің жасырын түрде кездесетінін дәлелдеп оның биосинтезін зерттеген. Амилаза ферментінің, глиадиндермен қатар, бидай сорттарының сапалық көрсеткіші бола алатындығын анықтаған.
Ленин, Еңбек Қызыл Ту, екі рет «Құрмет белгісі» ордендерімен марапатталған.
50 жыл бұрын (1960) Алматы қалалық сотының төрағасы БӘРПІБАЕВ Тілектес Ешейұлы дүниеге келді.
Алматы облысының Жамбыл ауданында туған. С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін (қазірігі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) бітірген.
1986-1990 жылдары - Қаскелен аудандық ішкі істер бөлімінің нұсқаушысы, Жамбыл аудандық ішкі істер бөлімінің тергеушісі. 1990-1992 жылдары - Жамбыл аудандық прокуратурасының тергеушісі. 1992-1999 жылдары - Жамбыл аудандық сотының судьясы, төрағасы. 1999-2002 жылдары - Алматы облыстық сотының төрағасы. 2002-2003 жылдары - Алматы қалалық сотының азаматтар ісі жөніндегі коллегиясының төрағасы. 2003-2007 жылдары - Оңтүстік Қазақстан облысы сотының төрағасы қызметтерін атқарған. Қазіргі қызметінде - 2007 жылдан бастап.
«Қазақстан Конституциясына 10 жыл» медалімен марапатталған.