ҚазАқпарат-Анонс: Мамырдың 27-сі мен 30-ы аралығындағы оқиғалардың күнтізбесі
ҮКІМЕТ
Мамырдың 27-сінде Ақордада Мемлекеттік хатшы-Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаевтың қатысуымен Мемлекеттік рәміздер жөніндегі комиссияның мәжілісі өтеді.
Мамырдың 27-сінде Ақордада Мемлекеттік хатшы -Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаевтың қатысуымен Сыбайлас жемқорлықпен күрес жөніндегі комиссияның мәжілісі өтеді.
Мамырдың 27-сінде Бас прокуратурада апталық брифинг өтеді.
ПАРЛАМЕНТ
Мамырдың 27-сінде Парламент Мәжілісінің жалпы отырысы болады.
Мамырдың 27-сінде Парламент Сенатында депутаттар Экономикалық даму және сауда министрі Ж.Айтжановамен кездеседі.
Мамырдың 27-сінде Сенатта «Тұрғын үй құрылыс банкі» жүйесі арқылы Қазақстанда тұрғын үй құрылысының мемлекеттік саясатын жетілдіру» деген тақырыпта «дөңгелек үстел» отырысы болады.
ҚАЗАҚСТАН ЖӘНЕ ӘЛЕМ
Мамырдың 26-сы мен 28-і аралығында Астана қаласында «Рамада Плаза» («Интерконтиненталь») қонақүйінде 13 Халықаралық микроқаржы конференциясы өтіп жатыр. Оған әлемнің 50 елінен 400-ден аса өкіл қатысуда. Қатысушылардың қатарында беделді халықаралық микроқаржы институттарының өкілдері және микроқаржыландыру саласының сарапшылар бар.
Мамырдың 26-29-ы аралығында Астанада «KADEX-2010» («Kazakhstan Defense Exposition») Қару-жарақ, әскери техника мен әскери-техникалық мүлік халықаралық көрмесі өтуде.
Мамырдың 25-і мен 28-і аралығында Франция президентінің арнайы өкілі, сенатор Эмери де Монтескью бастаған іскерлік делегацияның Қазақстанға сапары өтуде.
Мамырдың 25-і мен 28-і аралығында Еуропалық парламенттің депутаттар тобы «Қазақстан Респуликасы - Еуропалық Одақ» парламенттік ынтымақтастығы комитетінің тоғызыншы отырысына қатысуда.
Мамырдың 27-28-інде Ресейдің Подольск қаласында Жеңістің 65 жылдығына арналған «Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан елдердегі іздеушілер қозғалысы» атты халықаралық конференция болады.
Мамырдың 27-28-інде Қазақстан Республикасы Статистика агенттігі Экономикалық ынтымақтастық ұйымымен бірлесіп ЭЫҰ мүше елдерінің Ұлттық статистикалық кеңселері басшыларының екінші отырысын өткізеді. Жиынға Қазақстан, Ауғанстан, Әзірбайжан, Иран, Қырғызстан, Пәкістан, Тәжікстан, Түркіменстан, Түркия және Өзбекстан елдерінің статистика мекемелерінің басқарушылары, сонымен қатар халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысады деп күтіледі. Басқосу өңірдегі статистика саласындағы жоғары деңгейде өткізілетін негізгі форум болып табылады.
СПОРТ
Мамырдың 23-і мен 31-і аралығында елордада ҚР Спорт және туризм министрлігі, Азия Бокс конфедерациясы және Қазақстан Бокс федерациясының ұйымдастыруымен бокстан әйелдер арасындағы Азия чемпонаты өтуде. Турнирге 20-дан астам елдің былғары қолғап шеберлері шақырылған. Шаршы алаңдағы 11 салмақ санатындағы бәсекелер ASBC ережелеріне сәйкес әрі Азия Бокс конфедерациясының техникалық ресми тұлғаларының қадағалауымен өтеді.
АСТАНА
Мамырдың 26-сы және 28-і аралығында Астана қаласында «Рамада Плаза» («Интерконтиненталь») қонақүйінде 13 Халықаралық микроқаржы конференциясы өтуде.
Мамырдың 24-28-сі аралығында Астана қаласында Құрманғазы атындағы VIII Республикалық халық аспаптарында орындаушылар байқауы ұйымдастырылады.
Мамырдың 27-сінде Л.Гумилев атындағы Еуразиялық Ұлттық университетінде «Ғылым туралы» ҚР Заңының жобасын талқылауға арналған «дөңгелек үстел» отырысы болады.
Мамырдың 27-сінде Конгресс-холда «Азық-түлік өнеркәсібі» көрмесі ашылады.
Мамырдың 28-інде Бейбітшілік және келісім сарайында Германияның Қазақстандағы жылы аясында баспасөз мәслихаты өтеді. Астана әкімі И.Тасмағамбетов, BMW Group компаниясының Басқарушы директоры Алан Харрис, Германияның Қазақстандағы Елшісі Райнер Шлагетер, «Астана Групп» президенті Нұрлан Смағұлов қатысатын бұл конференция елордада жаңа BMW автосалонының салынуына арналады.
Мамырдың 29-ы мен 30-ы аралығында Астанада еліміздегі министрліктер, агенттіктер, комитеттер және басқа да орталық атқарушы органдар арасында шағын футболдан, волейболдан және бильярдтан спартакиада өтеді.
АЛМАТЫ
Алматыда мамыр айының 25-нен маусым айының 2-не дейін 6-шы Халықаралық фестиваль-байқауы өтеді. Фестивальдің мақсаты - балалар шығармашылық ұжымдарының дамуын ынталандыру, балалар ұжымдары арасында байланыстар орнату.
Мамырдың 26-сы мен 30-ы аралығында Алматы қаласында Орталық Азия мемлекеттерінің ІІІ Халықаралық театр фестивалі өткізіледі.
Алматыда мамырдың 27-сі күні «Қаржы нарығының жаһандануы. Баламалы инвестицияларды дамытудағы Қазақстанның рөлі» деп аталатын конференция өтеді.
Мамырдың 27-сінде Rixos Almaty отелінде ТМД елдерінің Салықтық (қаржылық) тексеру органдары басшылары үйлестіру кеңесінің ХІІ мәжілісі өтеді.
Мамырдың 27-сінде «Қазақстан» қонақүйінде жеке күзет қызметін реттейтін заңнаманы жетілдіру мәселелеріне арналған «дөңгелек үстел» отырысы болады.
Мамырдың 27-сінде «HolidayInn» отелінде «Майкрасофт Қазақстан» компаниясы семинар өткізеді.
Мамырдың 27-сінде Қазақстандық баспасөз клубында Балалар шығармашылығының «Бозторғай» халықаралық конкурсын өткізуге арналған баспасөз мәслихаты болады.
Мамырдың 27-сінде Қазақтың С.Асфендияров атындағы Ұлттық медициналық университетінде Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алуға арналған Ашық есік күні шарасы өтеді.
Мамырдың 27-сінде Алматы қаласы мұражайында 1937-38 жылдардағы қуғын-сүргін құрбандарын еске алуға арналған көрме болады.
Алматыда мамырдың 28-29-ы күндері «Қазақтілді ақпарат тәжірибесіне жаңа медиа технологияларын енгізу» тақырыбында семинар-тренинг өтеді. Оны Сорос Қазақстан қоры мен ЕҚЫҰ-ның Алматыдағы өкілдігінің қолдауымен «Мінбер» журналистерді қолдау орталығы ұйымдастырып отыр
АЙМАҚТАР
ПАВЛОДАР ОБЛЫСЫ
Павлодарда мамырдың 29-ы күні алғаш рет Еупропа күні атап өтіледі. Ертіс жағалауындағы қалаға Еуроодаққа мүше 15 елдің делегациясы келеді, олар павлодардықтарды өз елдерінің дәстүрлерімен, туризм саласымен, білім және бизнес жүйесімен таныстырады. «Еуропа күнін» Еуроодақтың Қазақстандағы делегациясы, Павлодар облысының әкімдігі және «Десента» қоғамдық қоры ұйымдастыруда.
АТАУЛЫ КҮНДЕР. ЕЛЕУЛІ ОҚИҒАЛАР. МЕРЕЙТОЙЛАР.
МАМЫРДЫҢ 27-І, БЕЙСЕНБІ
Бүкілресейлік кітапханалар күні (Кітапханашылар күні). Бұл кәсіби мереке 1995 жылдың 27 мамырында «Жалпыресейлік кітапханалар күнін бекіту туралы» Ресей Федерациясы Президентінің Жарлығымен бекітілген.
Қырғызстанда кітапханалар күні. Қырғыз Республикасы Үкіметінің қаулысымен 1902 жылдың 27 мамырдағы Қырғызстандағы бірінші жалпыға бірдей кітапхананың ашылуына арналып 2008 жылдың 17 маусымында бекітілген.
ОҚИҒАЛАР
18 жыл бұрын (1992) Жамбыл облысы Шу ауданы Балуан Шолақ атындағы ауылда ақын, композитор Балуан Шолақтың (1864-1916) ескерткіші ашылды.
5 жыл бұрын (2005) Ақмола облысы Степногорск қаласындағы Мәдениет үйінің атауы Достық және шығармашылық үйі болып өзгертілді. Осыған сәйкес қала орталығында орналасқан көркем ғимараттың қызмет бағыты да өзгертілді.
1 жыл бұрын (2009) Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Кәрім Мәсімовтің қатысуымен Қарағанды облысындағы 500 кВ-тық «Ағадыр» қосалқы стансасында «Ағадыр-ОҚМАЭС» учаскесі іске қосылды.
Қазақстанда алғаш рет 500 кВ-тық «Ағадыр» қосалқы стансасында басқармалы шунттаушы реакторлар орнатылды. Инновациялық жабдықтың қолданылуы транзиттегі электр тораптарының жұмыс қалпын тұрақтандырады, сонымен қатар жабдықтардың тозуы қарқынын төмендетеді.
1 жыл бұрын (2009) саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне орай жазушы Қайым Мұхамедхановтың «Тағдыр және Карлаг» атты туындысы оқырмандар назарына ұсынылды. Шара «Қайым Мұхамедханов атындағы білім және мәдениет орталығы» бастамасымен және Қазақстан-Британ техникалық университеттің қолдауымен өткізілді.
Қайым Мұхамедханов (1916-2004) - Мұхтар Әуезовтың ғылыми тұжырымдамаларының шәкірті және сенімді жалғастырушысы, өз өмірінің барлығын Абай өнерін зерттеуге арнаған, ұлы ойшылдың ақындық мектебін оқуды тереңдеткен. Ол қатал кезеңдерде де ұлттық мәдениет өкілдері - Шәкәрім Құдайбердіұлының, Ахмет Байтұрсыновтың, Міржақып Дулатовтың, Мағжан Жұмабаевтың, Жүсіпбек Аймауытовтардың өнерлерін батыл насихаттаған.
ЕСІМДЕР
95 жыл бұрын (1915-1993) акушер-гинеколог, медицина ғылымдарының докторы, профессор, Қазақ КСР еңбек сіңірген дәрігері ӨТЕГЕНОВА Камила Досқызы дүниеге келді.
Ресей Федерациясының Челябинск облысында туған. Қазақ медицина институтын (С.Д.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университеті) бітірген.
Қазақ медицина институты (С.Д.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университеті) акушерлік және гинекология кафедрасының клиникалық ординаторы, аға лаборанты, ассистенті, доценті, кафедра меңгерушісі, Қазақ КСР Денсаулық сақтау министрлігінің бас акушер-гинекологы қызметтерін атқарған.
«Құрмет Белгісі» орденімен, медальдармен марапатталған.
МАМЫРДЫҢ 28-І, ЖҰМА
Әзірбайжанда Республика күні. 1918 жылғы мамырдың 28-де Демократиялық Әзірбайжан Республикасы шығыстағы мұсылман елдер арасындағы 1920 жылдың сәуіріне дейін болып келген алғашқы парламенттік республика болып жарияланды.
Әзірбайжан Республикасы Кавказ тауының оңтүстік-шығысында орналасқан. Солтүстігінде Ресеймен, солтүстік-батысында Грузиямен, оңтүстік-батысында Армениямен және Түркиямен, оңтүстігінде Иранмен шекараласып жатыр. Шығысы Каспий теңізімен қоршалған. Астанасы - Баку. Мемлекет басшысы - президент. Жоғарғы заң шығарушы органы - парламент (мәжіліс). Ресми тілі - әзірбайжан. Ақша бірлігі - манат.
Қазақстан Республикасы мен Әзірбайжан Республикасы арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылдың 27 тамызында орнатылған.
ОҚИҒАЛАР
17 жыл бұрын (1993) Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Ордабасы ұлттық тарихи-мәдени және табиғи қорығын құру туралы» Жарлығы басылым бетінде жарияланды.
11 жыл бұрын (1999) Алматыда қазақстандық қаржыгерлердің бірінші конгресі болды.
5 жыл бұрын (2005) Алматыда Жеңістің 60-жылдық мерекесіне орай «Рақымжан Қошқарбаев. Рейхстаг дауылы» деректі фильмінің таныстырылымы болып өтті.
Режиссері Әділ Медетбаев. 40-минуттық фильм Халықаралық мәдени құндылықтарды сақтайтын және қолдау көрсететін қордың көмегімен «Amanat studio» студиясында түсірілген.
3 жыл бұрын (2007) Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Азия Олимпиялық Кеңесінің (АОК) орденімен марапатталды. Кеңестің жоғарғы наградасын Н.Назарбаевқа Азия Олимпиялық Кеңесінің президенті, Кувейт мемлекетінің ұлттық қауіпсіздік министрі Шейх Ахмад әл-Фахад ас-Сабах табыс етті.
1 жыл бұрын (2009) Румынияның Яссы уезіндегі Струнга коммунасынның Братулешть ауылында 1944 жылы Ұлы Отан соғысында қаза болған қазақстандық жауынгер Шернияз Аяғановқа арналған ескерткіштің ашылу рәсімі салтанатты түрде өтті.
Қатардағы Шернияз Аяғанов Қарағанды облысының Қарқаралы ауданында дүниеге келдi және соғысқа Семей облысының Аягөз әскери комиссариатынан шақырылды. Мотоатқыштар батальонының 56-бригадасының 23-танк корпусының құрамында қызмет етті.
Бұл шара Қазақстан Республикасының дипломатиялық миссиясы мен Румынияның батырларды еске алу ұлттық агентствосы және «Ромпетрол» серіктестік тобының бірлескен көмегімен ұйымдастырылды.
1 жыл бұрын (2009) «БТА банкінің» «Столичное» бөлімшесінде автоматтандырылған сейфтік депозитарий жүйесі ашылды. Орталық Азия аймағында ол алғаш рет ашылып отыр.
460 адамға лайықталып жасалған жүйенің басты ерекшеліктерінің бірі, банк клиенттері депозитарий қызметін тәулік бойы және банк қызметкерінің көмегінсіз пайдалана алады.
Аталмыш жобаның құны 1 миллион АҚШ долларын құрайды. Банк клиенттері осы жүйе негізінде қаржы, құжат, құнды бұйымдар немесе өзге де дүниелерін сақтау үшін арнайы дайындалған кәртішке мен ПИН-кодты пайдаланады.
ЕСІМДЕР
120 жыл бұрын (1890-1949) геолог, КСРО Ғылым Академиясының академигі ГРИГОРЬЕВ Иосиф Федорович дүниеге келді.
Санкт-Петербор қаласында туған. Петроградтың тау-кен институтын бітірген.
Кен институтында алғаш рет минераграфиядан, Мәскеу кен академиясында кен орындары жөнінде дәріс оқыған.
Ұлы Отан соғысы жылдары табиғи қорларды Отан қорғау мұқтажына жұмылдыру жөніндегі комиссияның мүшесі. Оның алғашқы ғылыми еңбектері Оңтүстік Қазақстан геологиясына арналған. Кенді Алтайдың полиметал кен орындарында жүргізілген геологиялық барлау жұмыстар Григорьевтың ғылыми қағидаларына негізделді және нәтижелі болды. Ол кенді минераграфиялық зерттеу әдісін ұсынды және кен құрылымының түрлерін анықтады.
Екі орденмен және медальдармен марапатталған.
МАМЫРДЫҢ 29-Ы, СЕНБІ
БҰҰ-ның Халықаралық бітімгершілер күні. 2003-ші жылдан бастап жыл сайын атап өтіледі.
2002 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясының A/RES/57/129 қарарымен бекітілген. Қарарда БҰҰ мүше мемлекеттерге, үкіметтік емес ұйымдарға және жекелеген азаматтарға БҰҰ-ның бейбітшілікті қолдау мақсатындағы операцияларының құрамында қызмет істеген адамдарға құрмет, сонымен қатар қаза болғандарды есте сақтау күні ретінде атап өту ұсынылған.
ОҚИҒАЛАР
15 жыл бұрын (1995) республикалық «Үкілі үміт» сазгерлер байқауы басталды.
3 жыл бұрын (2007) Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше-мемлекеттердің үкіметтері арасындағы Төтенше жағдайларды жоюда көмек көрсету кезінде өзара іс-қимыл жасау туралы келісімді ратификациялау туралы» Заңына қол қойды.
1 жыл бұрын (2009) жамбылдық жазушы, журналист Бақытяр Әбілдәұлының «Шапырашты Наурызбай батыр» деп аталатын жаңа кітабы жарық көрді. Тарихи-деректі роман XVIII ғасырда жоңғарлардың басқыншылығына қарсы соғыста даңқы шыққан қазақтың қолбасшысына арналған. Тарихшылардың мәліметі бойынша, осы азаттық үшін болған шайқаста миллионнан астам қазақтар опат болған.
Бақытяр Әбілдәұлы осы деректерді Ресей мұрағаттарынан тапты. Олардың негізінде деректі-көркем роман жазып шықты. Бақытяр Әбілдәұлының «Шапырашты Наурызбай батыр» романының таныстырылымы Қазақстан Жазушылар одағы өкілдерінің және қалың жұртшылықтың қатысуымен батырдың туған жерінде, Алматы облысының Қаскелең қаласында өтті. Романның авторына Алматы облысындағы Қарасай ауданының құрметті азаматы атағы берілді.
ЕСІМДЕР
70 жыл бұрын (1940-2003) альпинист, география ғылымдарының кандидаты, спорт шебері, КСРО Қарулы Күштері мен Кеңес Одағы біріншіліктерінің чемпионы, бірнеше дүркін жеңімпазы ПОПОВ Виктор Иванович дүниеге келді.
Ресей Федерациясының Мәскеу облысында туған. Қазақ мемлекеттік университетін (әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) бітірген.
Қазақстан Республикасы Альпинизм федерациясының вице-президенті, Қазақстан Республикасы Ұлттық Альпинизм федерациясының атқарушы директоры, «Вестник гор» жинағының жауапты редакторы, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі География институтының жетекші ғылыми қызметкері, Абай атындағы Алматы мемлекеттік университеті (Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университет) туризм кафедрасының доценті қызметтерін атқарған.
Одақ кезінде «жетімыңдық» шыңдарын бағындырудағы экспедицияны басқарған. Африканың Килиманджаро жанартауы мен Тянь-Шань, Памир, Кавказ, Алтай, Камчатка, Альпы таулы аудандарындағы шыңдарға өрлеуге қатысқан.
Одақта алғашқы рет қыста Мәрмәр қабырғасы шыңын бағындырған. Памирдегі Ленин - Раздельная шыңы, Хан-Тәңірі шыңы, Тянь-Шандағы Жеңіс шыңы, Альпі шыңындағы Кристатурм қабырғасына өрлеуге қатысқан.
«Құрмет белгісі» орденімен, медальдармен марапатталған.
40 жыл бұрын (1970) «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ-ның бірлескен даму және активтерді басқару бойынша бас директордың орынбасары ӘУБӘКІРОВ Асқар Әкімбайұлы дүниеге келді.
Қызылорда облысында туған. Мәскеу гидромелиоративті институтын, Еуразиялық нарық институтын бітірген.
Қызылорда қаласындағы «Көктем» шағын жеке кәсіпкерліктің директоры, «Казкоммерцбанк» ААҚ Қызылорда облыстық филиалының жинақтау бөлімінің меңгерушісі, Атырау қаласындағы «Қазақойл» ҰМК қаржы бөлімінің менеджері, «Эмбамұнайгаз» ААҚ экономикалық анализдің және қаржы бөлімінің меңгерушісі, қаржы дирекциясының директоры, бірінші вице-президенті, «Қазақойл-Эмба» ААҚ-ның бірінші вице-президенті, «Өзенмұнайгаз» ААҚ бірінші вице-президенті, «EuroAsiaGroup» басқарма төрағасы, «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ-ның «Эмбамұнайгаз» өндірістік филиалы директорының бірінші орынбасары, «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ-ның бірлескен даму және активтерді басқару бойынша бас директордың орынбасары, «Ассоциация «KazEnergy» заңды тұлғалар бірлестігінің атқарушы директоры қызметтерін атқарған. Қазіргі қызметінде - 2009 жылдың қазанынан.
МАМЫРДЫҢ 30-Ы, ЖЕКСЕНБІ
Түркімен кілемінің күні. Мамырдың соңғы жексенбісінде атап өтіледі. Ол 1992 жылдан бастап мемлекеттік мереке болды және Ашхабадта орналасқан әлемдегі бірінші түрікмен кілемінің мұражайында өткізіледі.
Химик күні. Бұл осы мамандық бойынша студенттерді, аспиранттарды, оқытушыларды және барлық түлектерді біріктіретін халықаралық мереке.
ОҚИҒАЛАР
415 жыл бұрын (1595) қазақ ханы Тәуекел (т.ж.б.-1598) В.Степанов бастаған орыс елшілігін қабылдады.
3 жыл бұрын (2007) Батыс Қазақстан облысы Қазталов ауданы орталығындағы Тәуелсіздік саябағында сталиндік зобалаңнан зардап шеккен және құрбан болған жандарға арналған ескерткіш тақта ашылды.
Тарихтың сол бір ақтаңдақ жылдары ауданнан 36 адам «халық жауы» атанып, олардың 22-сі өлім жазасына кесілген.
1 жыл бұрын (2009) республикада отандық бизнеске көмек ретінде «Қазақстандық мөлшер» ақпараттық интернет-порталы іске қосылды.
1 жыл бұрын (2009) Алматыдағы Республика алаңында қымыздың 6000-жылдық тарихына арналған алғашқы «Қымызмұрындық» фестивалі болып өтті.
1 жыл бұрын (2009) Бішкекте өткен Маргарет Мид атындағы ІІ деректі фильмдер фестивалінде қазақстандық кинотанушы Гүлнәр Әбікееваның «Ұлттық сана сезімнің құрылуының екі дәуірі» атты жинағының тұсау кесер рәсімі болып өтті.
Гүлнәр Әбікееваның жинақты ұсыну мақсаты сирек кездесетін деректі ленталарды сақтап қалу және қайта өңдеу, Орталық Азияның барлық аумақтарындағы мұраларды насихаттау болып табылады.
ЕСІМДЕР
55 жыл бұрын (1955) Солтүстік Қазақстан облысы Тайынша ауданының әкімі МАКОВСКИЙ Анатолий Павлович дүниеге келді.
Ақмола облысында туған. Целиноград ауыл шаруашылық институтын бітірген.
Ақмола облысы Ленинград ауданының әкiмi қызметін атқарған. Қазіргі қызметінде - 1997 жылдан.
45 жыл бұрын (1965) Қазақстан Республикасы мәдениет министрлігі ішкі аудит басқармасының бастығы МЕЙРІМОВ Асхат Қожыбекұлы дүниеге келді.
Шығыс Қазақстан облысында туған. Алматы темір жол көлігі инженерлерінің институтын, С.Сейфуллин атындағы Қазақ мемлекеттік аграрлық университетін бітірген.
Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі ішкі бақылау бөлімінің бастығы қызметін атқарған. Қазіргі қызметінде - 2008 жылдан.