ҚазАқпарат-Анонс: Маусымның 18-і мен 20-сы аралығындағы оқиғалардың күнтізбесі

ПАРЛАМЕНТ
Маусымның 18-і күні сағат 10.00-де Сенатта «ҚР көші-қон үдерісі және көші-қон саласындағы заңнамаларды жетілдірудің болашағы» тақырыбында ғылыми-тәжірибелік конференция өтеді.
ҮКІМЕТ
Маусымның 18-і күні ҚР Білім және ғылым министрлігінде Жансейіт Түймебаевтың қатысуымен баспасөз конференция өтеді.
Маусымның 18-і күні сағат 15.00-де Әйелдер ісі жөніндегі Ұлттық комиссияның отырысы өтеді.
Маусымның 18-і күні Брюссельде саяси диалог кестесіне сәйкес ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары - Қазақстанның Еуроодақ жанындағы Төтенше және Өкілетті елшісі Константин Жигаловтың қатысуымен «Қазақстан - Еуропалық Одақ» ынтымақтастық комитетінің 10-шы отырысы өтеді.
Маусымның 19-25-і аралығында ҚР Көлік және коммуникация министрлігі «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» транзиттік дәлізіне арналған баспасөз-турын өткізеді.
ҚАЗАҚСТАН ЖӘНЕ ӘЛЕМ
Маусымның 14-і мен 18-і аралығында штаб пәтері Эр-Риядта орналасқан Шығанақ араб мемлекеттері ынтымақтастық кеңесінің бас хатшысы Архман әл-Атыя Астанаға келеді.
ҚОҒАМ
Маусымның 1-інен бастап елімізде жыл сайынғы «Скутер» шарасы басталып, ол шомылу маусымы аяқталғанға дейін жалғасады.
Маусымның 1-інен бастап «Қазкоммерцбанк» АҚ мемлекеттік бағдарлама бойынша "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры есебінен ипотекалық несиелеуді қайта қаржыландыруды жаңғыртады.
СПОРТ
Маусымның 11-і мен шілденің 11-і аралығында Оңтүстік Африка Республикасында футболдан Әлем чемпионаты өтуде.
Маусымның 12-17-сі аралығында Тараз қаласында футболшы әрі жаттықтырушы Антон Шохты еске алуға арналған халықаралық турнир өтеді.
АСТАНА
Маусымның 18-і күні сағат 10.00-де Астаналық саябақта дәрігерлердің қатысуымен «Пайдалы шөптер аллеясы» атты акция өтеді.
Маусымның 18-і күні Президенттік мәдениет орталығында қолданбалы өнер көрмесінің ашылуы болады.
Маусымның 18-і күні сағат 12.00-де «Шебер-2010» байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі болады.
Маусымның 14-і мен 19-ы аралығында ҚР Президенттің мәдениет орталығында кітап көрмесі өтеді.
Маусымның 14-19-ы аралығында Президенттік мәдениет орталығында сондай-ақ «Түрк әлемі» тақырыбында көрме өтеді.
АЛМАТЫ
Маусымның 18-і күні Алматы ҚазҰАУ 80 жылдығына арналған «Түлектердің мерейтойылық кездесуі» болады.
Маусымның 18-і күні Г.Айзанқызы кітабының тұсаукесері болады.
Маусымның 18-і күні Almaty Towers, Ball Room-де медицина қызметкерлер күніне арналған салтанатты жиын болады.
Маусымның 14-і -18-і аралығында Директорлар институты «Менеджменттің» авторлық семинарын өткізеді.
МАУСЫМНЫҢ 18-І, ЖҰМА
Әзірбайжанда адам құқығы күні. Әзірбайжан Президенті Ильхам Әлиевтің 2007 жылғы маусымның 18-дегі Қаулысына сәйкес жыл сайын атап өтеді.
ОҚИҒАЛАР
3 жыл бұрын (2007) Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Әкімшілік рәсімдерді жетілдіру мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» сапалы мемлекеттік қызмет ұсынуды қамтамасыз етуге бағытталған Заңға қол қойды.
1 жыл бұрын (2009) Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан Республикасындағы Мемлекеттік жоспарлау жүйесі туралы» Жарлыққа қол қойды.
1 жыл бұрын (2009) Оралда б.э.д. VІ-ІІ ғасырлардағы археологиялық қазбалар табылды. Табылған тұрмыс тіршілік заттары және әшекей бұйымдарды бағалау үшін Ресейдің және Германияның ғалымдары шақыртылған. Ғалымдар бұл қазбалардың тарихи маңыздылығы зор екенін бағалап, оларды халықаралық тізімге енетінін хабарлады.
ЕСІМДЕР
110 жыл бұрын (1900-1984) суретші, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері АНТОЩЕНКО-ОЛЕНЕВ Валентин Иосифович дүниеге келді.
Украинаның Полтава облысында туған. Мәскеудегі жоғарғы техникалық көркемсурет шеберханасында оқыған.
«Советская степь», «Еңбекші қазақ», «Жаршы», «Әйел теңдігі» газет-журналдар редакцияларында жұмыс істеген.
Тарихи тақырыпқа жазылған «Әкелеріміздің жастық шағы», «Қамығу», «Бостандық және өлім» графикалары, «І.Жансүгіров», «П.Пикассо», «О.Ренуар», «Ы.Жақаев», «А-Х.Ярмұхамедов», тағы басқа психологиялық портреттері және замандастар өмірінен алынған романтикалық сипаттағы «Жарқырайды жаңа құрылыс оттары», «Мазар», «Қонаққа бару» линогравюралық шығармалары бар. Шығыс тақырыбына арналған «Хиуа», «Ақындар» топтамалары бар.
95 жыл бұрын (1915-2007) жазушы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты СЕРГЕЕВ Александр Николаевич дүниеге келді. Ұлы Отан соғысына қатысқан.
Ресейдің Тула қаласында туған. Алматы жоғары партия мектебін, Мәскеу жоғары партия мектебін бітірген.
Қарағанды облыстық радиокомитетінің бас редакторы, «Социалистическая Караганда» облыстық газеті бас редакторының орынбасары, «Казахстанская правда» республикалық газеті редакторының бірінші орынбасары, «Советский патриот» газетінің Қазақстан мен Қырғызстан бойынша меншікті тілшісі, «Ара» - «Шмель» журналы редакторының орынбасары қызметтерін атқарған.
«Пастырь поневоле», «Опасное задание», «Сыновья возвращаются», «Звездное небо Талгата» әңгімелер, повестерінің, «Петербургский посол», «Искупление» романдарының авторы.
Көптеген шығармалары қазақ тіліне аударылған. Орыс тіліне қазақ және ұйғыр жазушыларының шығармаларын тәржімәлаған.
Отан соғысы орденімен, медальдармен, Қазақстан Жоғарғы Кеңесінің грамотасымен марапатталған.
105 жыл бұрын (1905-1989) кеңес шығыстанушысы, филология ғылымдарының докторы, профессор, Тәжік КСР Ғылым Академиясының корреспондент мүшесі, Тәжік КСР-інің еңбек сіңірген ғылым қайраткері БРАГИНСКИЙ Иосиф Самуилович дүниеге келді. Ұлы Отан соғысына қатысқан.
Киев қаласында туған. Мәскеу Шығыстану институтын бітірген.
КСРО Ғылым Академиясының Шығыстану институтында, Дүниежүзілік әдебиет институтының ғылыми қызметкері, «Азия және Африка халықтары» журналының бас редакторы болған.
Негізгі еңбектері Орта Азия халықтары әдебиетінің тарихи және теориялық мәселелерін, Шығыс пен Батыс әдебиетінің өзара байланысын, парсы-тәжік әдебиетінің классиктері Рудаки, Фирдоуси, Хафиз, Жәми еңбектерін, тәжік кеңес әдебиетін зерттеуге арналған.
«Садриддин Айни», «12 миниатюр», «Исследования по таджикской культуре», «Иранское литературное наследие» атты кітаптардың авторы.
МАУСЫМНЫҢ 19-Ы, СЕНБІ
ОҚИҒАЛАР
15 жыл бұрын (1995) Бейжің қаласында маусымның 19-26 аралығында Абай күндері өтті.
3 жыл бұрын (2007) Алматыда тұңғыш рет қарт адамдарға арналған «Үшінші ұрпақ мектебі» ашылды. Жоба қалалық әкімшіліктің ішкі саясат департаментінің қолдауымен жұмыс істей бастады.
Мектеп зейнеткерлерге арналған экология және әлеуметтік қамтамасыз ету саласындағы, заңға сүйенген сауаттылықты жоғарлату, өздерінің денсаулығы туралы жаңа білімдерді алуға көмектесетін тегін курстарды өткізеді.
«Үшінші ұрпақ мектебінің» ашылуы қарт адамдардың мәселелерін көтеріп ғана қоймай, оларды шешуге бағытталған мемлекет тарапынан қаржыландырылған алғашқы іс-әрекет.
3 жыл бұрын (2007) Қазақстан Республикасы Үкіметінің Қаулысымен Алматыда Достық үйінде «Достық үйі - Этносаралық қатынастардың мәселелерін зерттейтін орталығы» республикалық мемлекеттік кәсіпорын құрылды.
Орталықтың басты мақсаты ұлтаралық қатынастар саласындағы негiзгi мәселелердi анықтау, жұртшылық пiкiрiнiң жүйелi барлауын өткiзу болып табылады.
3 жыл бұрын (2007) қалалық мәслихат шешімімен Семипалатинск қаласы ресми түрде Семей болып өзгертілді.
1 жыл бұрын (2009) Өскеменнің Аблакетка тауында Қазақстанның мемлекеттік туы орнатылды. Еліміздің басты мемлекеттік рәміздерінің бірі - көлемі 6-да 12 метрлік ту теңіз деңгейінен 522 метр биіктікте орнатылған. Оның қасына үлкен әріптермен жазылған «Қазақстан» орын алған.
ЕСІМДЕР
110 жыл бұрын (1900-1938) мемлекет қайраткері, жазушы ЖҮСІПБЕКОВ Хамза дүниеге келді.
Қарағанды облысының Нұра ауданыныда туған. Марксизм-ленинизм курсын бітірген.
1920-1922 жылдары Омбы, Ақмола губернияларында, Көкшетау уезінде жауапты қызметтер атқарған. 1922-1926 жылдары - БК(б)П Ақмола, Бөкей губерниялық комитеттерінің бөлім меңгерушісі, жауапты хатшысы. 1927-1932 жылдары - БК(б)П Қазақ өлкелік комитеті бақылау комиссиясының алқа мүшесі және жауапты хатшысы. 1933-1937 жылдары - Қазақстан кәсіподақтар кеңесінің төрағасы, Қазақ АКСР әділет халық комиссары, коммуналдық шаруашылық халық комиссарының орынбасары, Марксизм-ленинизм ғылыми-зерттеу институтының қазақ бөлімшесінің аудармашысы, Қазақ мемлекеттік көркем әдебиет баспасының директоры қызметтерін атқарған.
1925-1937 жылдары мерзімдік баспасөзде әдеби-сын мақалалары, әңгімелері, очерктері жарияланған. «Қарсақбай» атты кітабы жарық көрді. Н.Островскийдің «Құрыш қалай шынықты» романын қазақ тіліне аударған.
Х.Жүсіпбеков 1937 жылы күзде «халық жауы» деген жалған айыппен тұтқындалып, ату жазасына кесілді.
60 жыл бұрын (1950) Алматы облысының әкімі ҮМБЕТОВ Серік Әбікенұлы дүниеге келді.
Алматы облысының Жамбыл ауданында туған. Алматы мал дәрігерлік институтын бітірген.
Күрті ауданындағы «Желтораңғы» кеңшарының директоры, Кеген аудандық агроөнеркәсіп бірлестігінің төрағасы қызметтерін атқарған. 1992-1999 жылдары - Күрті ауданының әкімі, Алматы облысы әкімінің орынбасары, бірінші орынбасары, әкімі. 1999-2005 жылдары - Жамбыл облысының әкімі, Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылық министрі. Қазіргі қызметінде - 2005 жылдан.
«Парасат» орденімен марапатталған. Жамбыл облысының Құрметті азаматы.
МАУСЫМНЫҢ 20-Ы, ЖЕКСЕНБІ
Медицина қызметкері күні. Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 2003 жылғы қарашаның 15-індегі Жарлығына сәйкес жыл сайын маусым айының үшінші жексенбісінде атап өтіледі.
Дүниежүзілік босқындар күні. БҰҰ Бас Ассамблеясы Дүниежүзілік босқындар күнін 2000 жылы желтоқсанның 4-де (№55/76 қарарымен) жариялаған. Маусымның 20-да атап өтіледі.
Қарарда атап көрсетілгендей, бұл шешім Африка Бірлігі Ұйымымен (АБҰ) келісім бойынша қабылданған, өйткені осы күні, 1969 жылдан бастап, Халықаралық африкалық босқындар күні атап өтіліп келді (2002 жылдан АБҰ Африкалық одақпен алмастырылды).
Босқындар құқығы 1951 жылы қабылданған босқындар дәрежесі туралы конвенцияда айқындалған. Жыл сайын БҰҰ босқындар жөніндегі Жоғарғы комиссарының Басқармасы Нансен Сыйлығының лауреатын анықтап, ол Дүниежүзілік босқындар күні табыс етіледі.
ОҚИҒАЛАР
10 жыл бұрын (2000) Мәскеу үкіметі мен Астана әкімшілігі экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени шараларға байланысты келісімге қол қойды. Келісімде Астана қаласында Мәскеу сауда үйін ашу, жәрмеңкелер мен көрмелер ұйымдастыру қарастырылды.
5 жыл бұрын (2005) Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваторияда «Қазақстанның ән өнерінің атақты шеберлері» атты үн таспаның тұсау кесер рәсімі өтті.
Үн таспа «Асыл Мұра» жобасы шеңберінің аясында шығарылды.
«Асыл Мұра» - қазақ музыкасының «алтын» қорын қалпына келтіруге және сақтап қалуға бағытталған коммерциялық емес гуманитарлық жоба. Оның мақсаты - Қазақстанның ұлттық мұрасын көпшілікке тарату.
1 жыл бұрын (2009) Ақтөбеде Кеңес Одағының екі дүркін батыры Талғат Бигелдиновқа арналған ескерткіш ашылды.
Ескерткiш - гранит постаментiндегi қола мүсiн Талғат Бегелдинов атындағы Әскери әуе қорғаныс күштерi институтының аумағында орнатылған. Ескерткіштің авторы - Қазақстан суретшілер одағының мүшесі Марат Ғабдрахманов.
ЕСІМДЕР
105 жыл бұрын (1905-1983) хирург-онколог, медицина ғылымдарының докторы, профессор, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген дәрігері ЫДЫРЫСОВ Ақырам Сәлімұлы дүниеге келді. Ұлы Отан соғысына қатысқан.
Атырау облысының Теңіз ауданында туған. Саратов медициналық институтын бітірген.
1932-1957 жылдары Саратов облысында, Қызылорда, Алматы қалаларында дәрігер болған. 1957-1960 жылдары - Семей медицина институты жалпы хирургия кафедрасының меңгерушісі. 1960-1962 жылдары - I Республикалық аурухананың бас дәрігері. 1962-1964 жылдары - Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институты хирургия клиникасының меңгерушісі. 1964-1983 жылдары Алматы мемлекеттік дәрігерлердің білімін жетілдіру институты онкология кафедрасының доценті, меңгерушісі болған.
Ысқақов туберкулез перитониті мен алапес асқынуларын емдеу әдістерін ұсынды.
2-ші дәрежелі Отан соғысы, Қызыл Жұлдыз, «Құрмет белгісі» ордендерімен және медальдармен марапатталған.
95 жыл бұрын (1915-1986) актер, Қазақстанның халық әртісі БАҚИЕВ Мақпир Құрбанұлы дүниеге келді. Ұлы Отан соғысына қатысқан.
Алматы қаласында туған.
Ұйғыр музыкалық драма театрының (Ұйғыр музыкалық комедия театры) актері.
Театр сахнасында Хамра (Д.Асимов пен А.Садыровтың «Анарханында»), Қозы (Ғ.Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш - Баян сұлуында») Ғарип (И.Саттаров пен В.И.Дьяковтің «Ғарип пен Сәнәмінде»), Таһир (С.Абдулланың «Таһир мен Зуһрасында»), Полат (Ш.Сәлиевтің «Отанға деген махаббатында») рөлдерін сомдаған.
1981 жылы Ұйғыр музыкалық комедия театры құрамында Мәскеу қаласында өнер көрсетті.
2-дәрежелі Отан соғысы орденімен және медальдармен марапатталған.