ҚазАқпарат-Анонс: Маусымның 3- 6-сы аралығындағы оқиғалардың күнтізбесі

None
None
None

ЕЛБАСЫ

Маусымның 3-інде Алматыда IV Қазақстандық инвестициялық саммит ашылады. Оның жұмысына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қатысады деп күтілуде.

Маусымның 3-інде Президенттің Алматыдағы резиденциясында мәдениет және өнер қайраткерлеріне мемлекеттік сыйлықтар табыс ету рәсімі болады.

Маусымның 3-інде Президент резиденциясында Елбасы Н.Назарбаевтың қатысуымен Азиадаға дайындық мәселелеріне арналған кеңес өтеді.

Маусымның 3-інде Президенттің Алматыдағы резиденциясында Елбасы Н.Назарбаевтың Қазақстандық инвестициялық саммитке қатысушылармен кездесуі болады

Маусымның 4-інде Алматыда Елбасы Н.Назарбаевтың төрағалығымен ҚР Президенті жанындағы Шетелдік инвесторлар кеңесінің 23-ші пленарлық мәжілісі өтеді.

ПАРЛАМЕНТ

Маусымның 3-інде Парламент Мәжілісінде «Қазақстан Республикасындағы әкімшілік құқықбұзушылықтар туралы заңнаманы жетілдіру перспективалары» деген тақырыпта «дөңгелек үстел» отырысы өтеді

Маусымның 3-інде Мәжілістің жалпы отырысы өтеді.

ҚАЗАҚСТАН ЖӘНЕ ӘЛЕМ

Мамырдың 31-і мен маусымның 3-і аралығында Түркияның Памуккале қаласындағы ежелгі театрда ТРТ-ның (Түрік радиосы мен теледидары) және Деңізлі қалалық әкімшілігінің ұйымдастыруымен Халықаралық «Түрікдидар» фестивалі өтеді. Қазақстанның атынан бұл шараға елімізде танымал «Kesh you» тобы түрік жұртшылығына өнерін танытатын болады.

Маусымның 5-і күні Қытайдың Шанхай қаласындағы Дүниежүзілік «Expo Shanghai-2010» көрмесіндегі Қазақстан ұлттық күнінің ресми ашылу салтанаты болады.

Маусымның 5-6-сы күндері Ыстамбұлда ҚР Сыртқы істер министірінің орынбасары Нұрлан Ермекбаевтың төрағалығымен АӨСШК-нің Аға лауазымды тұлғалары комитетінің кезекті отырысы өтеді.

Маусымның 6-сы мен 9-ы аралығында Ашғабадта Қазақстан Республикасының Түрікменстандағы мәдениет күндері өтеді.

ҚОҒАМ

Маусымның 1-інен бастап елімізде жыл сайынғы «Скутер» шарасы басталап, ол шомылу маусымы аяқталғанға дейін жалғасады.

Маусымның 1-інен бастап «Қазкоммерцбанк» АҚ мемлекеттік бағдарлама бойынша "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры есебінен ипотекалық несиелеуді қайта қаржыландыруды жаңғыртады.

Маусымның 4-10-ы аралығында республика бойынша 151 пунктте Ұлттық бірыңғай тестілеу өтеді. 2010 жылы 138 162 мектеп бітірушінің өтініш білдірген 110 118 -і Ұлттық бірыңғай тест тапсырады.

СПОРТ

Маусымның 3-де велоспорттан әйгілі «Тур де Франс-2010» көпкүндігі басталады. Оған команда капитаны испаниялық Альберто Контадор бастаған әлемдегі үздік велоклубтардың бірі - «Астана» қатысады. «Тур де Франс» көпкүндігінде «Астана» командасының намысын қорғайтын велошабандоздар: Александр Винокуров, Дмитрий Фофонов, Максим Иглинский, Андрей Зейц (барлығы Қазақстаннан), Оскар Перейро, Даниэль Наварро, Бенджамин Новаль, Хесус Эрнандес, Давид де ла Фуэнте, Хосеп Хуфре (барлығы Испаниядан) және Андрей Гривко (Украинадан).

Мамырдың 5-7-сі аралығында Алматыда үлкен теннистен әйелдер арасында «BELLA CUP ALMATY 2010» турнирі өтеді.

АСТАНА

Маусымның 3-інде сағ. 12.00-де Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің Музейінде Балаларды қорғау күні және Бала құқықтары туралы БҰҰ Конвенциясы қабылдануының 20 жылдығына арналған «Жас шебер» аттыбалалар шығармашылығыныңфестивалі өтеді.

Маусымның 3-інде Қырғызстанның Қазақстандағы Елшілігінде «2010 жылы маусымның 27-сінде Қырғыз Республикасы Конституциясын қабылдау жөніндегі референдум өткізу» мәселесіне арналған баспасөз мәслихаты өтеді.

АЛМАТЫ

Алматыда маусымның 3-4-і күндері ІV қазақстандық инвестициялық саммит өтеді. Оны «Интернэшнл геральд трибьюн» газеті мен ҚР Президенті жанындағы Шетелдік инвесторлар кеңесі бірлесіп ұйымдастырып отыр.

Маусымның 3-інде «Тянь-Шань» Гранд-отелінде «Ақпараттық технологиялар және Интернет әлеміндегі балалардың денсаулығы мен қауіпсіздігі» деген тақырыпта конференция болады.

Маусымның 3-інде «Рахат-Палас» отелінде Кавказ және Орталық Азия елдеріндегі экономикалық дамудың перспективасына арналған Халықаралық валюта қорының баспасөз мәслихаты өтеді.

Маусымның 3-інде «Риксос» отелінде «Қазатомөнеркәсіп» компаниясы мен «Тошиба» корпорациясы бірлескен кәсіпорын құру туралы келісімге қол қояды.

АТАУЛЫ КҮНДЕР. ЕЛЕУЛІ ОҚИҒАЛАР. МЕРЕЙТОЙЛАР.

МАУСЫМНЫҢ 3-І, БЕЙСЕНБІ

Черногория тәуелсіздігін жариялаған күн. 2006 жылғы маусымның 3-де Черногорияның Парламенті Югославия Одақтас Республикасының құрамынан, Сербия одағынан шығатынын және Черногорияның тәуелсіздігін жариялады. Бұл хабарлама 2006 жылдың 21-ші мамырында өткен референдумның нәтижесіне негізделген, онда сайлаушылардың 55,5% Черногорияның тәуелсіздігін қалады.

ОҚИҒАЛАР

85 жыл бұрын (1925) қырғыз елімен арадағы шекараны межелеуге байланысты Шу болысы «уезд құқығындағы аудан» (орталығы - Георгиевка селосы) мәртебесін алды.

15 жыл бұрын (1995) ЮНЕСКО-ның Париждегі штаб-пәтерінде ұлы ойшыл Абай Құнанбаевтың (1845-1904) 150-жылдығына арналған мәдени күндер басталды.

1 жыл бұрын (2009) Астанада белгілі қазақстандық мұнайшы, Қазақстан Республикасы өнеркәсібіне еңбек сіңірген қызметкер Балтабек Қуандықовтың «Каспий қайраңының кілттері» («Ключи каспийского шельфа») атты кітабының тұсаукесері өтті.

Кітапқа деректі мәліметтер, бейнефильмдер, басылымдарда жарық көрген мақалалар мен Каспий теңізін игеру ісіне тікелей қатысқан адамдардың алғашқы еңбектері енгізілген.

1 жыл бұрын (2009) Ашхабадта «Нұрбанк» АҚ және Инвестициялар мен экспорттық несиелерді сақтандыратын Ислам корпорациясы (ICIEC) арасындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қою рәсімі өтті.

«Нұрбанк» АҚ қазақстандық банктердің ішінде өз пайдаланушыларына ICIEC қатысушы-елдермен инвестициялық келісім-шартты сақтандыруға және АҚШ-тың 150 млн. долларына дейінгі сомада экспорттық несие беру қызметтерін ұсынды.

Келісімге қол қою шарасы Ислам даму банкінің басқарушы топтарының 34-ші жыл сайынғы кеңестің мәжілісі шеңбері аясында өтті.

ЕСІМДЕР

100 жыл бұрын (1910-1985) суретші, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері БАРАНОВ Константин Яковлевич дүниеге келді. Ұлы Отан соғысына қатысқан.

Ресей Федерациясында туған. Иркутск қаласындағы И.Копылов шеберханасында оқыған.

1948-1956 жылдары Қазақ мемлекеттік баспасының бас суретшісі, Қазақстан Суретшілер одағының төрағасы қызметтерін атқарған.

Станоктік және кітап графикасында линогравюра, литография техникасымен, акварель және гуашь қолдана отырып жұмыс істеген. Жоғары техникалық шеберлікті талап ететін айқындығымен, әдемілігімен, суреткерлік тілінің үнемділігімен, метафоралығымен ерекшеленетін линогравюра саласында табысты еңбек еткен. Қазақстан графикасының дамуына айтарлықтай үлес қосты.

«Қарағанды», «Алматының алмасы», «Балқаш пен Арал балықшылары» сияқты линогравюралық, «Жамбылдың портреті», «Абайдың портреті», «Болат балқытушылар» атты еңбектердің авторы. «Қазақтың халық ертегілері», «Қазақ эпосы» «Қазақ және ұйғыр ертегілері» атты кітаптарды безендірген.

1-, 2-дәрежелі Отан соғысы, «Қызыл Жұлдыз» ордендерімен марапатталған.

60 жыл бұрын (1950) заң ғылымдарының докторы, Қазақстан Республикасы Әлеуметтік Ғылымдар Академиясының академигі, Қазақстан Республикасы Конституциялық кеңесінің мүшесі НҰРМАҒАМБЕТОВ Аманжол Мағзұмұлы дүниеге келді.

Ақмола облысы Көкшетау қаласында туған. Қазақ мемлекеттік университетін, М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің аспирантурасын бітірген.

Қазақстан Республикасы Президенті Аппараты және Министрлер Кабинеті секторының меңгерушісі, Қазақстан Республикасы Конституциялық сотының хатшысы, Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің орынбасары қызметтерін атқарған. 1998 жылдан - Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия университетінің азаматтық және еңбек құқығы кафедрасының меңгерушісі, заң факультетінің деканы, Қазақстан Республикасы Әділет біліктілік алқасының хатшысы, Құқықтық реформалар жөніндегі мемлекеттік комиссияның, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы азаматтық мәселелер жөніндегі комиссияның мүшесі. 1999-2004 жылдары - Қазақстан Республикасы Парламент Сенаты төрағасы хатшылығының меңгерушісі. 2004-2005 жылдары - Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Хатшы хатшылығының бас инспекторы. Қазіргі қызметінде - 2005 жылдың сәуірінен.

«Қазақстан Республикасы Парламенті депутаттарын сайлау. Сауалдар және жауаптар», «Еңбек шарты» кітаптарының авторы. Еңбек және құқық мәселелеріне арналған 50-ден астам еңбегі бар. 6 заң ғылымдарының кандидаттарын дайындаған.

МАУСЫМНЫҢ 4-І, ЖҰМА

Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері күні. 1992 жылғы маусымның 4-де тәуелсіз Қазақстанның жаңа мемлекеттік рәміздері алғаш рет бекітілді - бұл күн ел тарихында жаңа мемлекеттік рәміздер күні ретінде мәңгі есте сақталады. Мемлекеттік рәміздер - мемлекеттің мызғымас негіздерінің бірі.

Мемлекеттік Ту, Мемлекеттік Елтаңба және Мемлекеттік Әнұран мемлекеттің негізгі рәміздері саналады.

Көгілдір түсті туымыз бен ортасында шаңырақ бейнесіндегі алтын сәулелі күн орныққан елтаңбамыз бүкіл әлемге Қазақстан Республикасы аталатын жаңа тәуелсіз Мемлекет бейнесін паш етті. 1992 жылы суретші Шәкен Ниязбеков салған Мемлекеттік ту бекітілді. Егемен Қазақстанның бүгінгі Елтаңбасы екі танымал сәулетші Жандарбек Мәлібеков пен Шота Уәлихановтың қыруар еңбегінің жемісі болып табылады. 1992 жылы республикамыз әнұранның әні мен мәтініне конкурс жарияланды. Тұңғыш Қазақстан әнұран әнінің авторлары - Мұқан Төлебаев, Евгений Брусиловский мен Латиф Хамиди. 2006 жылы жаңа Мемлекеттік әнұран қабылданды.

Бақытты тағдыры өткен ғасырдың елуінші жылдарының екінші жартысынан басталған халық арасында кең танымал патриоттық ән «Менің Қазақстаным» жаңа Әнұран негізіне айналды. Қазақстан Республикасы жаңа Мемлекеттік әнұранның авторлары - Шәмші Қалдаяқов, Жұмекен Нәжімеденов, Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекеттік рәміздер күні - Қазақстандағы мүлде жаңа мейрам, әйтсе де оны қазақстандықтар асқан патриоттық сезіммен мерекелейді.

Халықаралық жазықсыз агрессия құрбаны болған балалар күні. БҰҰ Халықаралық жазықсыз агрессия құрбаны болған балалар күнін қоғамдастықтың соғыстар барысында тек солдаттар ғана емес, соғыс қимылдары аймағында балалар да қаза болатынын ұмытпау үшін бекітті. Әлемді шарпып өткен бұған дейін кездеспеген жантүршігерлік лаңкестік шабуылдар көптеген жазықсыз балалардың да өмірін қыршынынан қиды, бүкіл адамзат үшін халықаралық терроризмнен тарайтын қауіптің жаңа өлшемдерін айқындап берді.

1982 жылғы тамыздың 19-да палестина мәселесі бойынша өткен БҰҰ Бас Ассамблеясының төтенше арнайы сессиясының шешімімен, 1982 жылғы маусымның 4-дегі Израиль Қарулы Күштерінің Бейруттағы тұрғын үй аудандарын бомбалауының бір жылдығына орай, 1983 жылдан бастап атап өтіледі.

ОҚИҒАЛАР

3 жыл бұрын (2007) Астанада Шешенстан Республикасының Президенті Рамзан Қадыров Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа Шешенстанның алғашқы президенті Ахмет Қадыровтың орденін ұсынды.

Қазақстан басшысына бұл орден екі ел арасындағы байланыстарды дамытуға қосқан үлесі және депортация жылдарында қазақ елінің шешен халқына көрсеткен қолдауы үшін ұсынылды.

3 жыл бұрын (2007) Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Маңғыстау облысының әкімшілік-аумақтық құрылысындағы өзгеріс туралы» Жарлыққа қол қойды.

Жарлыққа сәйкес Маңғыстау облысының құрамында әкімшілік орталығы Маңғыстау ауылында болатын әкімшілік-аумақтық бірлік - Мұнайлы ауданы құрылды.

3 жыл бұрын (2007) Алматы-Атырау бағытында жаңа вагондардан жасақталған «Ақжайық» фирмалық жедел жолаушылар пойызы іске қосылды.

Жаңа пойыз Қытайдан алынған 19 вагоннан тұрады. Алматы-Атырау бағытының қашықтығын 4 сағатқа, Алматы-Ақтөбе бағытын 3 сағатқа қысқартуға мүмкіндік беретін жаңа пойыз жолаушылар үшін аса ыңғайлы.

1 жыл бұрын (2009) Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне құжаттамалық қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды. Аталған Заң мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдарда құжаттаудың бірыңғай талаптарын белгілеуге, құжаттармен жұмысты ұйымдастыруды жақсартуға және құжаттардың сақталуын қамтамасыз етуге бағытталған.

1 жыл бұрын (2009) Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасының Мәдени бағдарламалар орталығында педагогика ғылымдарының докторы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Қайрат Закирияновтың «Шыңғысханның түркілік ғұмырнамасы» атты кітабының тұсаукесері өтті.

«Шыңғысханның түркілік ғұмырнамасы» кітабында Шыңғысхан мемлекетінің құрылуы, Шыңғысхан әулетінің генетикалық мұрасының мәселелері талданады, Түркі қағанаты кезеңіндегі моңғолдар тарихының мәселелері қарастырылады. Шыңғысхан мемлекеті мен Қазақстан тарихы арасындағы өзара байланыс сараланып дәлелденеді. Ру таңбаларының шығу тарихы ғылыми тұрғыдан түсіндіріледі.

Сонымен қатар осы кітап беттерінде ғалым Қайрат Закириянов қазақ халқының тұрғылықты мекені, басқа халықтармен және өркениеттермен байланысы, халық болып қалыптасу жолындағы жеңістері мен жеңілістері мәселелерін қарастырады. Автор қазақ ұлтының қазіргі Қазақстан территориясында қалыптасу мәселелерін саралайды. Кітап осы еңбекте Шыңғысхан мемлекеті мен Қазақстан тарихының жаңа белгісіз беттерінің ашылуымен ерекшеленеді.

ЕСІМДЕР

75 жыл бұрын (1935-2009) ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Райымбек ауданының Құрметті азаматы, Мұқағали Мақатаев атындағы Республикалық қордың және сыйлықтың иегері ІБІТАНОВ Еркін Жұмаділұлы дүниеге келді.

Алматы облысы Райымбек ауданында туған. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін бітірген.

Нарынқол аудандық мәдениет бөлімінде, аудандық «Хантәңірі» газеті редакциясында бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы, редактордың орынбасары қызметтерін атқарған.

«Қойшылар», «Арман-әлем», «Хантәңірі, қайдасың?», «Қасіретті де қасиетті ғасырым» атты өлеңдері мен дастандар жинақтарының авторы. Бірқатар өлеңдері орыс тіліне аударылып, «Бүгінгі күн» жинағына енгізілген.

35 жыл бұрын (1975) спортшы, кикбокстен халықаралық дәрежедегі спорт шебері ҚАЙЫПЖАНОВ Елмұрат Мұқашұлы дүниеге келді.

Алматы облысында туған.

Азияның, Еуропаның 2 дүркін чемпионы. 1997 жылғы Әлем Кубогының жеңімпазы, 1997 жылғы Әлем чемпионатының қола жүлдегері. Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы атанған.

МАУСЫМНЫҢ 5-І, СЕНБІ

Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күні. Біріккен Ұлттар Ұйымының қоршаған ортаны қорғау мәселесі бойынша Стокгольм конференциясы басталғандықтан осы күн таңдалды (1972 жыл), осыдан кейін БҰҰ қоршаған орта бойынша - ЮНЕП бағдарламасы құрылды.

Бүкіләлемдік қоршаған ортаны қорғау күні - экологиялық күнтізбедегі маңызды оқиғалардың бірі. 5 маусым күні әлемнің жүзден астам елінде аталып өтіледі. Осы оқиғаны атап өту ЮНЕП-тің қоршаған орта бойынша БҰҰ бағдарламасына тапсырылған. Жыл сайын сайланатын ел осындай маңызды шараны өткізу үшін басты және жауапты болып табылады. Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассемблеясының 1972 жылғы (27) қарарында маусымның 5-і Бүкіләлемдік қоршаған ортаны қорғау күні деп жариялаған.

Әзірбайжан мелиораторы күні. Әзірбайжан Республикасы Президентінің 2007 жылғы мамырдың 24-дегі Жарлығына сәйкес жыл сайын атап өтіледі.

ОҚИҒАЛАР

30 жыл бұрын (1980) Ақтөбе қаласында Әлия Молдағұловаға мұражай ашылды. Мұражайға қойылған іс-қағаздар, газеттер, фотосуреттер мен өнер туындылары қазақ халқының даңқты қызы, Кеңес Одағының батыры Ә.Молдағұлованың (1924-1944) өмірін суреттейді.

10 жыл бұрын (2000) Алматыда жазушы Тахауи Ахтанов (1923-1994) тұрған үйге ескерткіш тақта орнатылды.

3 жыл бұрын (2007) «Ертіс жағалауы» өлкетану қоғамының мүшелері Шығыс Қазақстан облысының Абай ауданында тас дәуіріндегі адамдардың бірнеше қоныс орындарын тапты.

Археологтар бұл табылған заттарды энеолит кезеніне жатқызып отыр. Бұл жерде табылған жебелер, қырғыштар, жоңқалардың ұштары ғалымдардың жорамалдарын растайды. Ғалымдар оларды жақсы ұста болғандарын атап өтті. Мысалы, тас жоңқаларымен немесе қырғыштармен малдарды мүшелеген.

1 жыл бұрын (2009) Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Ғылым комитеті Мемлекет тарихы институтында «Тәуелсіз Қазақстан тарихы» жаңа оқулығы мен хрестоматиясының тұсау кесер рәсімі өтті. «Тәуелсіз Қазақстан тарихы» хрестоматиясы қазақ және орыс тілінде дайындалған.

«Тәуелсіз Қазақстан тарихы» хрестоматиясы жоғары және арнаулы оқу орындарының студенттеріне арналған.

ЕСІМДЕР

55 жыл бұрын (1955) ғалым, медицина ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қызметкері, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Бүкіләлемдік және Еуропалық урологтар қауымдастығының мүшесі, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің бас урологы АЛШЫНБАЕВ Мырзакәрім Кәрімұлы дүниеге келді.

Өзбекстан Республикасында туған. Алматы мемлекеттік медициналық институтын (С.Д.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университеті) бітірген.

Алматы облыстық ауруханасының, 4-Бас басқарма орталық ауруханасының дәрігер-урологы қызметтерін атқарған. 1986-1996 жылдары - Алматы қаласындағы клиникалардың аға ғылыми қызметкері, бас дәрігердің орынбасары, 1-қалалық аурухананың бас дәрігері. 1996 жылдан - О.Жарбосынов атындағы Урология ғылыми орталығының директоры.

Негізгі ғылыми жұмыстары урологиялық ауруларды емдеу мәселелеріне арналған. Жедел пиелонефрит ауруының емдеу әдісін жетілдірді. Оның басшылығымен қуық түбі безінің қатерлі ісігінің алдын алу және оны ерте анықтау бағдарламасы жасалған. 400-ден аса ғылыми еңбектің, оның ішінде 16 монографияның, 2 оқу-әдістемелік құралының, 1 оқулық пен 61 өнертабыстың авторы. Ғалымның жетекшілігімен 14 докторлық және 17 кандидаттық диссертация қорғалды.

«Құрмет» орденімен, медальдармен марапатталған.

30 жыл бұрын (1980) дзюдодан спорт шебері, халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы ҚАЛИЕВА Шолпан Сейдоллақызы дүниеге келді.

Алматы қаласында туған.

1998-2003 жылдары Қазақстан Республикасы біріншіліктерінің чемпионы болған. 1998 жылы Тблиси мен Бішкек қалаларында өткен Халықаралық турнирлердің қола жүлдесіне ие болып, 2002 жылы Оңтүстік Кореядағы Пусан қаласындағы Азия ойындарының қола жүлдегері атанған. 2004 жылы Афинадағы және 2008 жылы Бейжіңдегі Олимпиада ойындарына қатысқан.

Жаттықтырушысы - Әбілқайыр Байбосынов.

Қазіргі кезде - Қазақстанның ұлттық құрама командасының мүшесі.

МАУСЫМНЫҢ 6-Ы, ЖЕКСЕНБІ

Швецияның ұлттық күні (Швед байрағының күні). Ұлттық мереке ресми түрде 1983 жылдан бастап атап өтіледі. Мереке екi тарихи атаулы күнмен байланысты: 1523 жылғы маусымның 6-да Густав Эриксон Швецияның королі болып Густав І Ваза атымен сайланды, ол 1521 жылы антидат халық көтерілісін басқарған; 1809 жылғы маусымның 6-да жаңа Конституция қабылданды, ол 1975 жылғы қаңтардың 1-не дейін қолданылды.

1916 жылдан бастап маусымның 6-ы Швед байрағының күні ретінде де атап өтіледі. Швед байрағының дәл жас шамасы белгiсiз, бiрақ сары крестi бар көк матаның суреттерi XVI ғасырда кездеседі.

Қазақстан Республикасы мен Швеция Корольдігі арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылғы сәуірдің 7-де орнатылды.

Ресей мелиораторы күні. Мелиоратор күні КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығымен 1976 жылғы мамырдың 24-де бекітілген. Ресейде 2000 жылы Президент Жарлығымен енгізілген. Жыл сайын маусымның бірінші жексенбісінде атап өтіледі.

ОҚИҒАЛАР

65 жыл бұрын (1945) Қарағандыда әлемде тұңғыш көмір комбайны сынақтан өтті.

10 жыл бұрын (2000) Алматыдағы Қымбат Нұралиева жетекшілігімен «Ер Төстік» ер балалар хоры Австрияның Линц қаласында өткен халықаралық «Хор олимпиадасы - 2000» байқауына қатысып, қола жүлдеге ие болды.

3 жыл бұрын (2007) Екібастұз орталық қалалық кітапханасының қызметкерлері қазақ және орыс тілдерінде «Екібастұз қаласының құрметті азаматы» - «Почетный гражданин города Экибастуза» атты кітабын шығарды.

Бұл қаланың құрылысына, кен өндірісіне, электрстансаларына еңбек сіңірген тұрғындары туралы әңгіме.

«Құрметті азамат» атағы кәсіпорын ұйымдастырушыларына, дәрігерлер, ұстаздар, кен өндірушілерге берілген.

1 жыл бұрын (2009) маусымның 6-9 аралығында Ашхабадта Қазақстан Республикасының Мәдени күндері өтті.

Салтанатты ашылу рәсіміне Түрікменстанның Ұлттық мәдениет орталығында сол елдің мәдениет қайраткерлері, дипломатиялық корпустың, бұқаралық ақпарат құралдардың өкілдері қатысты.

Түрiкменстанның концерттiк және театр залдарында өткен шаралардың бағдарламасына Қазақстанның өнер майталмандарының концертi, «Қазақстан - Еуразия жүрегінде» фотокөрмелерi, соңғы жылдары түсірілген көркем киноленталары көрсетілді.

ЕСІМДЕР

100 жыл бұрын (1910-1982) геоботаник-ғалым, биология ғылымдарының докторы МИХАЙЛОВА Валентина Павловна дүниеге келді.

Ресей Федерациясында туған. Мәскеу мемлекеттік университетін бітірген.

1935-1945 жылдары - КСРО Ғылым Академиясы Қазақ филиалы ботаника секторының кіші ғылыми қызметкері, Топырақтану және ботаника институтының ғылыми хатшысы. 1945-1982 жылдары Қазақ КСР Ғылым Академиясы Ботаника институтының ғылыми хатшысы, жоғары сатыдағы өсімдіктер флорасы бөлімінің меңгерушісі, директордың ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары, өсімдіктер қоры бөлімінің меңгерушісі қызметтерін атқарған.

Негізгі ғылыми еңбектері өсімдік қоры мәселелеріне арналған. Михайлова Қазақстанда өсетін илік өсімдіктердің биологиясы мен таралуын зерттеп, олардың қорын тиімділікпен пайдалану тәсілдерін ұсынды.

«Құрмет белгісі» орденімен және медальдармен марапатталған.

50 жыл бұрын (1960) Маңғыстау облысы Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының бастығы БАБАХАНОВ Жалғас Бисалыұлы дүниеге келді.

Түркіменстан Республикасында туған. Қазақ мемлекеттік сәулет-құрылыс институтын, Қазақ мемлекеттік басқару академиясы жанындағы нарық институтын, Қаныш Сәтпаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетін бітірген.

«Шевченкооблгаз» өндіріс бірлестігіне газ учаскесінің шебері, аға инженері қызметін атқарған. 1985-1996 жылдары - «Мангышлакнефть» өндірістік бірлестігінің жөндеу-құрылыс басқармасының учаске шебері, аға инженері, өндірістік-техникалық бөлімнің бастығы, басқарманың бас инженері, басқарма бастығы, «Өзенмұнайгаз» өндірістік бірлестігінің кен орындарды орнықтыру жөніндегі өндірістік бөлімінің бастығы. 1996-2009 жылдары - Жаңаөзен қаласы әкімінің орынбасары - мемлекеттік кәсіпорын коммуналдық шаруашылығының директоры, Маңғыстау облысы Жаңаөзен қаласының әкімі. Аталған қызметінде - 2009 жылдың 22 желтоқсанынан.

«Құрмет» орденімен, медальдармен марапатталған.

Соңғы жаңалықтар