ҚазАқпарат-Анонс: наурыздың 31-і мен сәуірдің 4-і аралығындағы оқиғалардың күнтізбесі

None
None
None

ҮКІМЕТ

Наурыздың 26-31-і аралығында ҚР Көлік және коммуникация министрлігінің Көліктік бақылау комитеті БАҚ пен тұрғындарды көшпелі көліктік бақылау бекеттерінің жұмысымен таныстыру мақсатында баспасөз-турлар ұйымдастырады.

Наурыздың 30-ы мен сәуірдің 1-і аралығында ҚР Мемлекеттік хатшысы - Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев Шығыс Еуропа елдерінде сапармен болады. Сапар барысында Қ. Саудабаев Минскіде, Киевте және Кишеневте үш мемлекеттің басшылығымен, Парламент жетекшілерімен, сондай-ақ сыртқы саясат ведомствосы өкілдерімен, саяси партия көшбасшыларымен келіссөздер жүргізетін болады. Аталған сапар аясында ҚР Мемлекеттік хатшысы Тирасполь қаласында болады деп күтілуде.

Наурыздың 31-інде «Көрме» орталығында Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің қатысуымен «Қазақстандық қамтудың дамуы» деген тақырыпта семинар-кеңес өтеді.

Наурыздың 31-і мен сәуірдің 1-і аралығында Индустрия және сауда министрлігі қазақстандық қамтуды дамыту мәселесіне арналған республикалық семинар-кеңес өткізеді. Кеңес аясында «Қазақстандық қамту-2010» көрмесі өтеді.

Наурыздың 31-інде Ішкі істер министрлігінде апталық бифинг өтеді.

Наурыздың 31-інде Ауыл шаруашылығы министрлігінде «Бекіре-2010» акциясына арналған кеңес болады.

ПАРЛАМЕНТ

Наурыздың 31-інде өтетін Мәжілістің жалпы отырысында «Биоотын өндірісін және айналымын мемлекеттік реттеу туралы» заң жобасы үшінші оқылымда талқыға түседі.

Наурыздың 31-інде Парламент Мәжілісінде Заңнамалық және сот-құқықтық реформа жөніндегі комитеттің төрағасы Рахмет Мұқашев Орталық Азия жөніндегі халықаралық комитеттің уәкілімен кездеседі.

АСТАНА

Наурыздың 31-і күні Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде 2010 жылға арналған Университеттердің еуразиялық рейтингісін (World University Ranking) әзірлеу бойынша ақпарат беру және нақты мәлеметтерді тарату мәселесіне арналған «QS» атты Халықаралық зерттеу агенттігінің өкілдерімен кездесу өтпек.

Наурыздың 31-інде Тәуелсіздік сарайында «Көзқарас» партияаралық және қоғамдық диалог саяси клубының мәжілісі болады.

Наурыздың 31-інде БҰҰ кеңсесінде Мүмкіндіктері шектеулі тұлғаларды әлеуметтік қорғау жүйесін жетілдіру жобасы іске қосылады.

Наурыздың 31-інде «Риксос» отелінде «АҚШ-тың жетекші оқу орындары - Гарвард, Питтсбург, Дьюк университеттері Қазақстанда» деген тақырыпта баспасөз мәслихаты болады.

Наурыздың 31-інде «Нұр Отанның» елордалық филиалында «Азаматтық сектормен партиялық ынтымақтастықтың перспективалары» деген тақырыпта «дөңгелек үстел» отырысы болады.

Наурыздың 31-інде «Нұр Отан» партиясы орталық аппаратының кеңсесінде партияның «Өрлеу» экономикалық клубының мәжілісі өтеді.

Сәуірдің 1-2-сінде Астанада халықаралық Астық конференциясы өтеді. Конференцияның негізгі мақсаты - астық нарығындағы ағымдағы жағдайды және оның даму перспективасын талқылау.

АЛМАТЫ

Алматыда наурыздың 29-нан сәуір айының 2-не дейін қоршаған ортаны қорғау саласында үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері біліктілікті көтеру курстарынан тегін өте алады. Акцияны Ұлттық Орхус орталығының қолдауымен ҚР Қоршаған ортаны қорғау министрлігі ҮЕҰ-дар үшін Орхус конвенцияның аясында ұйымдастыруда.

Алматыда «Ретро» галереяда наурыз айының 31-і күні, аталмыш галереяның 18 жылдығына арналған «Ине-жіп» атты көрме өтеді. Көрмеге балалар суреттері мен кесте жұмыстары қойылады.

Наурыздың 31-інде Тұңғыш Президент қорында «Дағдарыстан кейінгі даму: жаңа онжылдықтағы жаңа мүмкіндіктер» деген тақырыпта «дөңгелек үстел» отырысы болады.

Қазақтың әл-Фараби атындағы Ұлттық университетінің журналистика факультетінде жас тілшілердің форумы өтеді.

БАЙҚОҢЫР

Кезекті экипаж мінген «Союз ТМА-18» кемесінің Халықаралық ғарыш стансысына сапары сәуірдің 2-сіне жоспарланып отыр.

АТАУЛЫ КҮНДЕР. ЕЛЕУЛІ ОҚИҒАЛАР. МЕРЕЙТОЙЛАР.

НАУРЫЗДЫҢ 31-І, СӘРСЕНБІ

ОҚИҒАЛАР

15 жыл бұрын (1995) Президент Н.Назарбаевтың «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік Реабилитациялық банкі» туралы Қаулысы шықты.

5 жыл бұрын (2005) Грузия Президенті Михаил Саакашвилидің Қазақстанға мемлекеттік сапары кезіндегі келіссөздердің нәтижесінде бірқатар екі жақты құжаттарға қол қойылды. Олар «Азаматтық және қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы» шарттың хаттамасы және «Лаңкестікке, есірткіге және есірткі заттары мен прекурсорлардың заңсыз айналысына, ұйымдасқан және басқа да қылмыс түрлеріне қарсы» келісімі. Сондай-ақ Ақтау мен Поти айлақтары, Астана мен Тбилиси қалалары арасында бауырластық байланыстар орнату туралы да екі мазмұндамаға қол қойылды.

1 жыл бұрын (2009) Жамбыл облысы Тұрар Рысқұлов атындағы ауданында «Қытай-Қазақстан» магистралдық газ құбыры бірлескен жобасы ауқымындағы Қазақстандағы алғашқы КС-4 компрессорлық стансасы құрылысының салтанатты таныстырылымы болды.

Газ құбыры «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы» АҚ мен «Қытай ұлттық мұнай-газ компаниясының» қазақстан-қытай бірлескен жобасы. Станса құрылысының ресми ашылуы салтанаты барысында «Қазақстан-Қытай» газ құбыры жобасы, КС-4 компрессор стансасы» деген жазу жазылған мәрмәр тақтайша қойылды.

ЕСІМДЕР

95 жыл бұрын (1915-1998) Кеңес Одағының Батыры, І рангілі капитан УЩЕВ Борис Петрович дүниеге келді.

Петропавл қаласында туған. Жоғары әскери-теңіз флоты училищесін, Әскери-теңіз академиясы жанындағы курсты бітірген.

1939-1940 жылы кеңес-финн соғысына қатысқан. Балтық флотының 1-гвардиялық дивизиясының торпедалық катерлер отрядының командирі болған. Соғыстан кейін де әскери-теңіз флотында қызмет еткен.

Ордендермен және медалдермен марапатталған. Петропавл қаласындағы бір көшеге Ущевтің есімі берілген.

70 жыл бұрын (1940) ақын, жазушы ЖЫЛҚЫШИЕВ Амангелді дүниеге келді.

Атырау қаласында туған. Атырау педагогикалық институтын (Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университет) бітірген.

Мақат аудандық «Мұнайшы» газетінің әдеби қызметкері, жауапты хатшысы, редактордың орынбасары, Қазақстан Жазушылар одағының Атырау облысының әдеби кеңесшісі, қалалық «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы, Мақат ауданы «Мақат тынысы» газетінде қызмет атқарған.

«Тұңғыш», «Туған жер толғауы», «Таң самалы», «Шарболаттай шыңдалған» жинақтары жарық көрген. Бір топ өлеңдері «Тоғыз перне», «Мерейлі мекен» ұжымдық жинақтарына енген.

2010 ЖЫЛДЫҢ СӘУІР АЙЫНДА:

ОҚИҒАЛАР

140 жыл бұрын (1870) Петерборда шығыстанушы-түркітанушы Василий Радлов (1837-1918) «Ер Тарғын» атты қазақтың батырлар жырын басып шығарды.

85 жыл бұрын (1925) Александр Викторович Затаевичтің (1869-1936) «Қазақ халқының 1000 өлеңі мен күйі» атты кітабы жарық көрді. Бұл жинаққа халық музыкасының ежелгі замандағы қазақ ауыз әдебиетінің теориясы мен тарихы, қазақ халқы композиторларының шығармасы мен материалдары енді.

80 жыл бұрын (1930) Кеңес өкіметінің жаппай күштеп ұжымдастыру, байларды тап ретінде жою, зорлап астық пен ет дайындау саясатына қарсы Алматы облысының Балқаш, Шоқпар аудандарында Балқаш-Шоқпар көтерілісі болып өтті. Бұзарбай Бұланбаев, Сәтбай Итемгенов, Әсет Диханбаев, Бектай Сәмбетов, Әбдібек Нұрабаев, Тілеуқұл Сарықбаев сынды белсенді азаматтар аудан орталығы Ақкөлге басып кірді. Көтерілісшілер «Аңшылар одағы» дүкенін бұзып, ондағы қаруларды үлестіріп алып, жергілікті өкімет адамдарын тұтқындап, мемлекеттік мекемелерді талқандады, байларды жер аудару туралы көшпелі сот қағаздарын өртеді. Бірақ, уақытымен келіп жеткен жазалаушы отряд көтерілісшілерді жаппай тұтқындай бастады. 57 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Олардың 30-ын 1930 жылы 30 мамырда ОГПУ «үштігі» ату жазасына кесті. 20 көтерілісші 3 жылдан 10 жылға дейінгі мерзімдер бойынша абақтыға жабылды.

СӘУІРДІҢ 1-І, БЕЙСЕНБІ

Күлкі күні. Бұл күнді тойлау Францияда бастау алған деседі. Ежелгі римдіктер де ақпанның он жетісінде «ақымақтар мерекесін» атап өткен. Шығыс Үндістанда наурыздың отыз бірінде «қалжыңдау салты» ежелден етек алған екен. Әзілкештердің бұл әрекеті сәуірдің біріне тап келді. Сол кезден бастап, бұл ойын халық қолдауына ие болды.

Әзіл қалжыңға бір иығын беріп тұратын қазақта да бұл күнге байланысты неше түрлі қызық әңгімелер бар. Ерте көктемнің ала-құйын мінезін қалжыңмен жуып-шайғысы келген халық бұл күні жақындарын алдауға барын салады.

Халықаралық құстар күні. 1906 жылы құстарды қорғау жөніндегі Халықаралық конвенцияға қол қойылды.

Құстардың барлық түрін жұмыртқа салу және жылы жаққа қайту мезгілдерінде қамқорлыққа алу, жоғалып кету қаупі бар құс түрлерін қорғау, құстарды аулаудың кейбір түрлеріне тыйым салу, құс өсіру және адамдарды табиғатты сақтауға сауаттандыру үшін қорықтар ашу осы конвенцияның негізгі қағидаларына жатады.

Иран Ислам Республикасының ұлттық мейрамы - Республика күні. 1979 жылы бүкілхалықтық референдумның нәтижесі бойынша Аятолла Хомейни Иранды Ислам Республикаcы деп жариялады.

Қазақстан Республикасы мен Иран Ислам Республикасы арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылғы қаңтардың 29-да орнатылды. Қазақстан Республикасының Иран Ислам Республикасындағы Төтенше және Өкілетті елшісі - Рүстемов Нұрбах Тұрарұлы. Иран Ислам Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті елшінің міндетін атқарушы - Мұхамад-али Искандери.

ОҚИҒАЛАР

95 жыл бұрын (1915) Павлодар қаласынан Екібастұзға дейін 150 шақырымға созылған телефон желісін орнату аяқталды.

15 жыл бұрын (1995) Президент Жарлығымен Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинеті жанындағы Кеден комитеті құрылды.

5 жыл бұрын (2005) Алматыда «Солтүстік Қазақстан облысы» энциклопедиясы басылып шықты. Бұдан бұрын Солтүстік Қазақстан өңірінің тарихы мен қазіргі дамуы туралы әртүрлі басылымдар болғанымен, мұндай іргелі еңбек алғаш рет шығарылып отыр. Кітапта Қазақстанның маңызды ауыл шаруашылығы және өндірістік аймағы болып табылалатын Солтүстік Қазақстан облысы туралы көптеген мәліметтер жүйеленіп, облыстың географиялық орналасуы, әкімшілік-аумақтық бөлінісі, халқының құрамы, табиғи байлықтары, экономикасы, білім беру, денсаулық сақтау ісі, мәдениеті туралы мол мағлұматтар берілген. Энциклопедияда облыс аумағында өткен тарихи оқиғалар қамтылып, белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлерінің, соғыс пен еңбек ардагерлерінің, мәдениет пен өнер өкілдерінің ғұмырнамалық мәліметтері келтірілген.

«Солтүстік Қазақстан облысы» энциклопедиясы 11 мың дана таралыммен шықты.

3 жыл бұрын (2007) ел аумағында Қазақстан Республикасының «Ойын кәсіпкерлігі туралы» заңы күшіне еніп, соған сәйкес бұрын берілген лицензиялардың мерзімі аяқталып, ойын мекемелері енді тек ғана Қапшағай мен Бурабайда ашылатын болды.

1 жыл бұрын (2009) екінші қазақстандық аумақ болып табылатын Жайық өзенінің сағасы және Каспий теңізімен іргелес жағалаулар халықаралық маңыздағы су-батпақты алаптары Рамсар тізіміне енді.

Қазақстан Рамсар конвенциясына 2007 жылғы мамырда қосылды, сол арқылы өз аумағындағы су алаптарын адамзат үшін сақтап қалу міндетін өзіне алды. Бұған дейін Рамсар тізіміне Жайық алабынан басқа Теңіз-Қорғалжын көлдер жүйелері де енгізілген болатын.

1 жыл бұрын (2009) елордамыздағы Бейбітшілік және келісім сарайында шетелдік қонақтардың қатысуымен халықаралық мәдениеттер және діндер орталығының таныстырылымы өтті.

Орталықтың басты міндеті халықаралық ұйымдармен өзара іс-қимылды жолға қою, төзімділіктің қазақстандық моделін насихаттау болмақ.

ЕСІМДЕР

85 жыл бұрын (1925-1998) композитор, дирижер, дәулескер домбырашы, КСРО халық әртісі, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Халық қаһарманы ТІЛЕНДИЕВ Нұрғиса Атабайұлы дүниеге келді.

Алматы облысы Іле ауданында туған. Алматы консерваториясын (қазіргі Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерватория), Мәскеу мемлекеттік консерваториясын бітірген.

1952-1961 жылдары - Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрының дирижері. 1960-1964 жылдары - Қазақтың халық аспаптар оркестрінің бас дирижері. 1968-1981 жылдары - «Қазақфильм» киностудиясы музыка редакциясының бас редакторы. 1981 жылдан «Отырар сазы» фольклорлық-этнографиялық ансамблінің ұйымдастырушысы әрі көркемдік жетекшісі қызметтерін атқарды.

«Алтын таулар» операсының (Қ.Қожамияровпен бірге), «Достық жолымен» балетінің (Л.Степановпен бірге), «Ортеке» балет-поэмасының, «Менің Қазақстаным» кантатасының, оркестрге арналған «Поэма», «Ата толғауы», «Ақсақ құлан», «Аққу», «Арман», «Махамбет», «Көш керуен» поэмалары мен «Халық қуанышы», «Қайрат», «Жеңіс салтанаты» атты кіріспелердің, 400-ге тарта ән мен романстың авторы. 50-ден астам драмалық қойылымға, 19 көркем фильмге, 17 мультипликациялық фильмге, 14 деректі-хроникалық фильмге музыка жазды.

Екі рет Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталған. Астана, Алматы қалаларында Нұрғиса Тілендиев атындағы көше бар.

65 жыл бұрын (1945) тамақтану гигиенасы саласындағы қазақ ғалымы, медицина ғылымының докторы, профессор, Профилактикалық медицина академиясының академигі, Тағамтану институтының вице-президенті, Халықаралық жобалар институтының директоры ТӘЖІБАЕВ Шәміл Сағынұлы дүниеге келді.

Ақтөбе облысында туған. Ақтөбе мемлекеттік медициналық институтын, 2-Мәскеу медициналық институтының аспирантурасын бітірген.

Ш.Тәжібаев Қазақстан мен Орта Азия мемлекеттерінің денсаулық сақтау ісіне айтулы үлесін қосқан. Емшекпен емізу және емшектен шығару мәселелері бойынша ұсыныстарын жүзеге асыру, зерттеу, өңдеу бойынша ана сүтінің бөгде заттармен ластануы, лактациялық аменорея әдісін қолдану, әртүрлі микронутриенттердің, соның ішінде темір, йод, А витамині, фоли, никотин қышқылдарының, тиамин, рибофлавиннің жетіспеушілігі және оларға саплементация мен тағамдық өнімдерді байыту сияқты 15 ірі халықаралық бағдарламалардың директоры және координаторы қызметтерін атқаруда.

200 ғылыми басылымның, оның ішінде 9 кітаптың, КСРО және Қазақстан Республикасының 12 авторлық куәліктері мен патенттерінің авторы, 10 бекітілген және қорғалған докторлық, 23 кандидаттық диссертациялардың жетекшісі.

Білім беру, ғылым және техника саласында Қазақстан Республикасы мемлекеттік сыйлығының лауреаты.

СӘУІРДІҢ 2-І, ЖҰМА

Қазақстан Республикасы Әскери-теңіз күштері құрылған күн. 1993-ші жылғы сәуірдің 2-сінде Қазақстан Республикасының Президенті «Қазақстан Республикасы Әскери-теңіз күштерін құру туралы» Жарлыққа қол қойды.

Бүкіләлемдік аутизм мәселесі туралы ақпарат тарату күні. БҰҰ Бас Ассамблеясы 2007-ші жылғы желтоқсанның 18-інде арнайы № A/RES/62/139 қарарымен бекіткен. 2008-ші жылдан бастап жыл сайын сәуірдің 2-сінде атап өтіледі. Бұл Бүкіләлемдік күн Катар мемлекетінің ұсынысы бойынша белгіленді, мұны БҰҰ-ның Бас Хатшысы 2008-ші жылғы жолдауында атап өтті. Бас Ассамблеяның қарарында, ең алдымен, балалардағы аутизм мәселесіне көңіл бөлінді, аутизмнен зардап шеккендер арасында балалар үлесінің жоғары болуы мазалайтыны айтылған, неғұрлым ерте диагноз қою және тиісті тексеру жүргізу атап көрсетілген.

Қарар қоғамды, оның ішінде отбасыларын, аутизмнен зардап шеккен балалар туралы хабардар ету үшін барлық шараларды қабылдауға ұсыныс береді.

Халықаралық балаларға арналған кітап күні. 1956 жылдан бастап Халықаралық кеңестің шешімімен жыл сайын дат жазушысы Ганс Христиан Андерсеннің (1805-1875) туған күніне орай атап өтіледі.

ОҚИҒАЛАР

80 жыл бұрын (1930) Қазақстанның ғылыми-зерттеу мекемелері қызметкерлерінің 1-ші съезі өтті.

70 жыл бұрын (1940) Семейде Абайдың мұражай-үйі ашылды (Мемлекеттік тарихи-мәдениетті және әдеби-мемориалды Абай мұражайы).

8 жыл бұрын (2002) Павлодарда Қазақстан халықтарының кіші Ассамблеясында Қазақстандағы этникалық болгарлардың «Славяне» қоры ресми түрде тіркелді.

1 жыл бұрын (2009) Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Жапонияның ең үздік жоғары оқу орындарының бірі болып табылатын Васэда университетімен (Waseda University) ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

Құжаттың басты мазмұны ынтымақтастықтың келешектегі дамуы, білім саласын қолдауы, оқытушылар мен студенттер арасындағы кәсiби және мәдени өзара қарым-қатынастары болып табылады. Ортақ қызығушылық салалары болып академиялық қызметтің дамуы, ғылыми-зерттеу саласындағы ынтымақтастық, студенттер мен мамандарды оқыту анықталған.

ЕСІМДЕР

90 жыл бұрын (1920-2007) Қазақстан халық мұғалімі КУБРАКОВ Григорий Максимович дүниеге келді. Ұлы Отан соғысына қатысқан.

Солтүстік Қазақстан облысының Ленин ауданында туған. Петропавл медициналық техникумын, Петропавл педагогика институтын бітірген.

1939-1954 жылдары Солтүстік Қазақстан облысында жауапты қызметтерде болған. 1954-1960 жылдары - Мамлют ауданында мектеп директоры. 1960-1963 жылдары - Булаев аудандық халық ағарту бөлімінің меңгерушісі, Булаев орта мектебінің директоры. 1963-1988 жылдары - Мамлют санаториялық мектеп-интернаттың директоры. 1988-1991 жылдары Петропавл педагогика институтында педагогика кафедрасының оқытушысы, зертхана меңгерушісі қызметтерін атқарған.

I дәрежелі Отан соғысы ордені, Еңбек Қызыл Ту және 2 рет Қызыл Жұлдыз ордендерімен марапатталған.

205 жыл бұрын (1805-1875) әлемге әйгілі дат жазушысы АНДЕРСЕН Ханс Христиан дүниеге келді.

Андерсеннің туған қаласы Оденседегі музей-үйінде оның дүниежүзі халықтарының тілдерінде жарық көрген туындыларынан, жазушы шығармашылығы жайында жазылған еңбектерден тұтас бір кітапхана жасақталған.

«Импровизатор», «Тек скрипкашы», «Қос баронесса» романдары, «Мулат» пьесасы, «Ақын базары» қолжазба очерктер кітабы, «Менің өмірімнің ертегісі» өмірбаяндық кітабы және басқа да шығармалары әлем оқырмандарына жақсы таныс. Негізінен, әдеби ертегі, повестерімен даңқы шыққан. Танымал ертегі кітаптарында жазушы ар тазалығы мен жан жомарттығын, әділет, жақсылық сезімдерін ашып көрсеткен.

Андерсен атындағы халықаралық әдеби сыйлық бар.

СӘУІРДІҢ 3-І, СЕНБІ

ОҚИҒАЛАР

3 жыл бұрын (2007) Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде студенттердің «Сыр орманы. Болашақ» қоғамдық бірлестігі құрылды.

Қоғамдық бірлестіктің мақсаты мемлекеттік «Жасыл ел» бағдарламасын іске асыруына қатысу болып табылады.

1 жыл бұрын (2009) Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің мәдени құндылықтарды ұрлауға қарсы күрестегі және оларды қайтаруды қамтамасыз етудегі ынтымақтастығы туралы келісімді ратификациялау туралы», «Кеден одағында тауарлардың, жұмыстарды орындаудың, қызмет көрсетулердің экспорты мен импорты кезінде жанама салықтарды алу қағидаттары туралы келісімді ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасы Заңдарына қол қойды.

1 жыл бұрын (2009) Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігінде 2010-2015 жылдарға арналған Біріккен Ұлттар Ұйымының Қазақстан Республикасы дамуына көмек көрсету жөніндегі шеңберлі бағдарламасына (ЮНДАФ) қол қойылды.

2010-2015 жылдарға арналған аталмыш бағдарлама бес жылда бір рет қабылданады. ЮНДАФ - Қазақстан - БҰҰ ынтымақтастығын анықтайтын негізгі құжат. Бұл бағдарламаның негізгі міндеті Қазақстанның басым мақсаттарын жүзеге асыру, сондай-ақ даму саласындағы басқа да халықаралық міндеттемелер аясындағы мәселелерді шешудегі БҰҰ жүйесімен бірлескен, келісілген және ықпалдасқан көмек көрсету болып табылады. Ынтымақтастықтың негізгі стратегиялық құжаты болғандықтан, ЮНДАФ БҰҰДБ, ЮНИСЕФ, ЮНФПА, ЮНИФЕМ, ЮНЭЙДС сияқты БҰҰ-ның арнайы құрылымдарымен қарым-қатынастың жалпы бағытын айқындайды.

1 жыл бұрын (2009) Алматыда «Қазпошта» АҚ ел аумағында «Еуропа» сериясы бойынша Халықаралық астрономия жылына арналған екі марка енгізілгенін мәлім етті.

«Қазпошта» АҚ «PostEurop» қауымдастығының келісімімен «Еуропа» сериясының маркаларын шығаруға 2005 жылы қосылған болатын.

Жаңа маркаларда Галилейдің портреті мен табиғат аясындағы телескоп бейнеленген. Әрқайсысы 230 теңге тұратын маркалардың пішіні - 33х27,5 мм, таралымы - 150 мың дана. Олар Қытайдың Пошта және телекоммуникация министрлігінің Бейжіңдегі пошталық төлем белгілері фабрикасында басылып шыққан.

ЕСІМДЕР

95 жыл бұрын (1915-1942) ақын ЖҰМАҒАЛИЕВ Абдолла дүниеге келді.

Ұлы Отан соғысына қатысқан.

Батыс Қазақстан облысында туған. Қазақ педагогикалық институтын (қазіргі Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық институт) бітірген.

1938-1939 жылдары Қызылорда сауда техникумында оқытушы, Қазақстан мемлекеттік көркем әдебиет (қазіргі «Жазушы) баспасында редактор болған. 1936 жылдан жұртшылыққа ақын ретінде таныла бастаған. Өлеңдері, поэмалары республикалық, облыстық басылымдарда жарияланып тұрды. Оның шығармалары өршіл пафос пен нәзік те сыршыл лиризмге толы. «Таңдамалы өлеңдері», «Өшпес жалын», «Өлмес өмір дастаны» атты жинақтары жарық көрді. «Токио», «Шығыс қызы», «Асан қайғы» атты поэмалары бар.

Ақын Лермонтовтың, Низамидің, Байронның жекелеген шығармаларын қазақ тіліне аударған.

Қасым Аманжолов ол туралы «Ақын өлімі туралы аңыз» поэмасын жазды.

90 жыл бұрын (1920-1994) орыс әдебиетінің классигі, прозаның шебері және стилист, киносценарист НАГИБИН Юрий Маркович дүниеге келді.

Мәскеу қаласында туған. Ұлы Отан соғысына қатысқан.

Әскери тілші ретінде Сталинградта, Ленинград түбінде, Минск, Вильнюс, Каунасты азат етуге қатысты.

Өз новеллаларында ұлы адамдардың өмірбаянын трагедиялы түрде көркем бейнелей білді. «Майданнан қайтқан адам», «Үлкен жүрек», «Екі күш», «Адам және жол», «Алыс пен жақын», «Ерте көктемде», «Менің алтын енем», «Қызыл басты жасыл құс» секілді прозалық шығармалар жинағының авторы. Сонымен қатар «Құбыр» және «Қысқы емен» әңгімелерімен де танымал. «Төраға», «Директор», «Қызыл шатыр», «Түнгі қонақ» фильмдерінің сценариін жазған.

СӘУІРДІҢ 4-І, ЖЕКСЕНБІ

Халықаралық мина қауіпсіздігі және минаны залалсыздандыруға қатысты іс-қимылға көмек көрсету мәселелері бойынша ағарту күні. БҰҰ бастамасымен 2006-шы жылдан бастап атап өтіледі.

Геолог күні. КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1966 жылғы наурыздың 31-індегі Жарлығымен елдің минералдық-шикізат қорын құруда кеңес геологтары сіңірген қызметі құрметіне орай бекітілді. Бұл Жарлықтың шығуына 1966 жылы алғашқы Батыс Сібір мұнайлы аймағы кен орнының ашылуы түрткі болды. Геолог күні бұрынғы Кеңес одағының барлық геологиялық және өндіру мекемелерінде атап өтіледі. Геологтармен қатар бұл мерекені маркшейдерлер, қопарғыштар, шахта үңгушілері, сондай-ақ пайдалы қазбаларды іздеумен және өндірумен айналысатын басқа да адамдар өздерінің төл мерекесі деп есептейді.

Мейрамның өткізілу уақыты - сәуірдің бірінші жексенбісі - бекер таңдалмаған, өйткені қыстың аяқталғаны жазғы дала жұмыстары мен экспедицияларға даярлықтың басталуын білдіреді.

Веб бағдарламашы күні. Сәуірдің 4-і - Веб - бағдарламашылар күні болып есептеледі.

Бұл мереке тұтасымен виртуалды болғандықтан, біздердің атақты бағдарламашыларымыздың еңбектері нақты бола бермек. Бағдарламашы мамандығының маңызын күнделікті өмірде бағаламау өте қиын. Бұл қызмет түрі бұқаралыққа айналып келеді, сондай-ақ қазіргі қоғамның жаңалығын білдіреді.

Сенегал Республикасының мемлекеттік мейрамы - Тәуелсіздік күні. 1960 жылғы сәуірдің 4-інде Франция Сенегалға Франция қауымдастығы шеңберінде өкілдік берді. Осы жылғы тамыздың 20-сында Сенегал Тәуелсіздігін жариялады.

ОҚИҒАЛАР

80 жыл бұрын (1930) ОГПУ (Біріккен мемлекеттік саяси басқарма) алқасының үкімімен Ахмет Байтұрсынов бастаған қырыққа жуық адам әртүрлі мерзімдерге қамалуға, жер аударылуға кесілді. Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Мырзағали Есболов, Хәлел Ғаббасов, Дінмұхамед Әділов, Жүсіпбек Аймауытов, Ғазымбек Бірімжанов Әбдірахман Байділдин, Асқар Дулатов, Теміржан Есмағамбетов, т.б. (барлығы 20 адам) ату жазасына кесілді. Ол үкім кейін он жыл мерзімге лагерьде жазасын өтеуге ауыстырылды.

16 жыл бұрын (1994) Корея Халық Демократиялық Республикасында «Сәуір көктемі» атты халықаралық фестиваль өтті. Онда Нұрғиса Тілендиев жетекшілік ететін «Отырар сазы» ансамблі бірінші орын алды.

15 жыл бұрын (1995) Қазақстан Республикасы Президенті Н.Назарбаевтың «Қазақстан Республикасының Ұлттық саясат жөніндегі мемлекеттік комитетін құру туралы» Жарлығы баспасөз бетінде жарық көрді.

3 жыл бұрын (2007) Павлодарда еңбекте, өнер мен әдебиетте, аймақтың қоғамдық өмірінде айтулы жетістіктерге қол жеткізген павлодарлықтар туралы жаңа анықтамалық жарық көрді. «Кто есть кто» деп аталатын бұл анықтамалықтың беттерінде соғыс және еңбек ардагерлерінің, өнеркәсіпшілер мен мәдениет және қоғам қайраткерлерінің өмірбаяндары берілген. Ұлттық-мәдени орталықтардың жетекшілері, ұлтаралық келісімді нығайтудағы олардың қызметтері туралы әңгімелер енгізілген.

Энциклопедия С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің ректоры, профессор Ерлан Арынның редакциясымен шығып отыр.

3 жыл бұрын (2007) Семей облысының 1939-1997 жылдардағы әкімшілік-аумақтық бөліну тарихы туралы бірегей анықтама жарық көрді.

Анықтамада мерзімдік ретте барлық әкімшілік-аумақтық өзгерістер, аудандардан бастап елді мекендерге дейін әкімшілік-аумақтық бірліктердің шекараларын өзгертулері көрсетіліп берілген.

Кітапқа енгізілген барлық мәліметтер Шығыс Қазақстан облыстық қазіргі заман тарихының құжаттама орталығында сақталған ресми құжаттар негізінде алынған.

ЕСІМДЕР

100 жыл бұрын (1910-1987) ғалым, химия ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Ғылым Академиясының академигі, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым қайраткері, Социалистік Еңбек Ері СОКОЛЬСКИЙ Дмитрий Владимирович дүниеге келді.

Иран Ислам Республикасында туған. Мәскеу мемлекеттік университетін және оның аспирантурасын бітірген.

Қазақ мемлекеттік университетінің (қазіргі Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университет) доценті, профессоры, кафедра меңгерушісі, проректоры, Қазақстан Ғылым академиясының Химия ғылымдары институты директорының орынбасары, Қазақстан Ғылым академиясының бірінші вице-президенті, Органикалық катализ және электрхимия институтының директоры қызметтерін атқарған.

Негізгі ғылыми еңбектері каталитикалық гидрогендеу теориясы мен тиімділігі жоғары гидрлеу катализаторларын жасауға, гидратациялау, тотықтыру және кіші молекулалар негізінде синтездеу процестеріне, іргелі және қолданбалы ғылымды ұштастыруға арналған. Оның басқаруымен күрделі органикалық заттарды (майлар, хош иісті заттар, витаминдер) талғамдап гидрлейтін, автокөліктер мен көптеген өнеркәсіпте кеңінен қолданылатын өндірістік катализаторлар жасалды.

1800-ден аса ғылыми еңбектің авторы, оның ішінде 20 шетелдік патенті, 500 авторлық куәлігі және 18 монографиясы бар.

Екі рет Еңбек Қызыл Ту, Ленин, «Халықтар достығы», «Құрмет белгісі» ордендерімен марапатталған. Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының иегері.

40 жыл бұрын (1970) Ақмола облысы Көкшетау қаласының әкімі САПАРОВ Бақыт Аманжолұлы дүниеге келді.

Ақмола облысы Щучинск қаласында туған. Қазақ мемлекеттік сәулет-құрылыс академиясын, Тұрар Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университетін, Көкшетау экономика және менеджмент институтын бітірген.

«Сарыарқа» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы ұлттық компаниясы» АҚ атқарушы директоры болған. Аталған қызметінде - 2008 жылғы 26 наурызынан.

30 жыл бұрын (1980-2000) Сиднейде өткен XXVII-ші Олимпиадада бокстан чемпион болған САТТАРХАНОВ Бекзат Сейілханұлы дүниеге келді.

Оңтүстік Қазақстан облысы Түркістан қаласында туған.

1998 жылы өткен әлем чемпионатының, 1999 жылғы Азия чемпионатының күміс жүлдегері. Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері.

I дәрежелі «Барыс» орденімен марапатталған.

Соңғы жаңалықтар