ҚазАқпарат-Анонс: шілденің 27-cі мен тамыздың 2-сі аралығындағы оқиғалардың күнтізбесі

ҮКІМЕТ
Шілденің 27-сінде Білім және ғылым министрлігінде «51-ші халықаралық математикалық олимпиаданы өткізу» тақырыбына арналған баспасөз мәслихаты өтеді.
Шілденің 27-сінде Ішкі істер министрлігінде апталық брифинг болады.
Шілденің 27-сінде Сыртқы істер министрлігінде апталық брифинг өтеді.
ҚАЗАҚСТАН ЖӘНЕ ӘЛЕМ
2009 жылғы шілденің 28-і мен 29-ы аралығында «Қайрақ» қазақстандық кеден бекетінде Ресей мен Қазақстан кедендерінің және шекара қызметтерінің уәкілетті тұлғаларының қатысуымен төртжақты кездесу өтеді.
БАСҚА МЕМЛЕКЕТТІК ҚҰРЫЛЫМДАР
Шілде айынан бастап қыркүйек айына дейін Кедендік бақылау комитетінің басшылары азаматтарды қабылдайды. Комитет төрағасы Козы-Көрпеш Кәрібозов азаматтарды - шілденің 11-і, тамыздың 14-і, қыркүйектің 11-і күндері қабылдайды. Азаматтар сондай-ақ, өз мәселелерімен комитет төрағасының орынбасарларына да кіре алады. Төраға орынбасары Сержан Дүйсебаев - шілденің 16-сында, тамыздың 13-інде, қыркүйектің 17-сінде қабылдаса, Жарқынбек Оспанов - шілденің 15-інде, тамыздың 12-сінде, қыркүйектің 9-ында, ал Игорь Тен - шілденің 6-сында, тамыздың 10-ында, қыркүйектің 14-інде қабылдайды. Қабылдау уақыты - сағат 16.30-18.30-дың аралығында. Мына телефон арқылы қабылдауға жазылуға болады: (8-7172) 79-45-79.
СПОРТ
Қазақстанның жеті қаласында мүмкіндіктері шектеулі адамдардың арасындағы ІІІ спартакиада бағдарламасының финалдық жарыстары өтеді. Жарыстар спорттың сегіз түрі бойынша өтеді. Олар- пауэрлифтинг, жеңіл атлетика, тоғызқұмалақ, дойбы, жүзу, волейбол, үстел теннисі ойындары. Спартакиаданың жабылу рәсімі тамыздың 5-інде Қарағандыда өтеді. Турнир жарыстары сондай-ақ, Қостанай Талдықорған, Тараз, Шымкент, Ақтөбе қалаларында өтеді. Шараны Туризм және спорт министрлігі мен Ұлттық параолимпиадалық комитет ұйымдастыруда.
Шілденің 24-27 күндері Петропавл қаласында ІV «Ақ бидай» ауылдық спортының ойындары өтуде. Төрт жылда бір болатын бұл жарыстың бағдарламасына спорттың 19 түрі еніп отыр. Олар - волейбол, футбол, қазақ күресі, тоғызқұмалақ, шахмат, дойбы, үстел теннисі, жүзу, жазғы Президенттік көпсайыс, жеңіл атлетика, кір спорты, армрестлинг пен көкпар, аламан бәйгі, жорға жарыс, аударыспақ, сайыс сияқты ұлттық ат спорты ойындары. Футбол, кір спорты мен қазақ күресінен басқа спорт түрлері бойынша өтетін сайысқа ерлер де, әйелдер де қатысады. Алғашқы кезеңде бұқаралық жарыстар дене шынықтыру ұжымдарында, екінші кезеңде аудандық және қалалық деңгейде, үшінші кезеңде облыстық, ал төртінші кезеңде ақтық сындар өтеді. Павлодар қаласында шығыс аймағынан - Шығыс Қазақстан, Алматы, Павлодар облыстары, Атырау қаласында батыс аймағынан - Маңғыстау, Ақтау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан облыстары, Қызылорда қаласында оңтүстік аймағынан - Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда облысы, Қостанай қаласында солтүстік аймағынан - Ақмола, Қарағанды, Қостанай облыстары өзара күш сынасады.
Шілденің 27-сінде үшсайыстан Қазақстан құрамасы Бурабай курортты аймағында оқу-жаттығу жиынын бастайды.
ТМД
Шілденің 30-ында РФ Президенті Д.Медведев Тәжікстанға және Қырғызстанға жұмыс сапарын жасайды.
Тамыздың 1-2-сінде Ыстықкөлде Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының бейресми саммиті өтеді.
АСТАНА
Шілденің 20-сынан бастап Бөгембай батыр даңғылы бойынша көлік құралдарының қозғалысы ішінара (жүру бөлігі бойынша) шектеледі, Осыған байланысты уақытша осы даңғылдың Сарыарқа даңғылынан Республика даңғылына дейінгі учаскесінде жолаушылар бағыттары қозғалысының кестесі өзгертіледі. № 2, 106, 109, 116, 119 және 120 жолбағыттар Жеңіс даңғылы-Жангелдин көшесі-Республика даңғылы-Бөгембай батыр даңғылы бойынша, одан әрі бұрынғы кестемен. № 4, 16, 20, 36, 45 және 59 жолбағыттар Бөгембай батыр даңғылы бойынша өзгеріссіз, жолаушылар келесі көшелерден түсіріліп-мінгізіледі. № 8, 34 және 57 жолбағыттары Жеңіс даңғылы - Жангелдин көшесі бойымен, одан әрі бұрынғы кестемен. № 19, 27 және 122 жолбағыттар Бейбітшілік көшесі-Дүкенұлы (Дружба) көшесі-Республика даңғылы бойынша, одан әрі бұрынғы кестемен. № 117 жолбағыт - Республика даңғылы - Сейфуллин көшесі- Жеңіс даңғылы бойымен, одан әрі бұрынғы кестемен. Шектелген учаскелерде жаңғырту жұмыстары жүргізіледі.
Шілденің 27-сінде «Абай» қонақүйінде облыстардың, қалалар мен аудан әкімдерінің жандарындағы әйелдер және отбасы-демографиялық саясат істері жөніндегі комиссиялардың хатшылары үшін «Гендерлік саясатты күшейту» тақырыбына арналған тренинг өтеді. Бұл шараны БҰҰ Даму бағдарламасы мен ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасы-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия бірлесіп ұйымдастырып отыр.
Шілденің 27-сі мен тамыздың 1-і аралығында Президенттік мәдениет орталығында «Мерейтой иелері» кітап көрмесі өтеді.
Шілденің 27-сі мен тамыздың 1-і аралығында Президенттік мәдениет орталығында «Нұр Отан» ХДП - 10 жыл» тақырыбында кітап көрмесі болады.
Шілденің 28-і мен тамыздың 1-і аралығында Президенттік мәдениет орталығында «Шығыс Азия. Ежелгі Когурё мәдениеті» көрмесі өтеді.
АЛМАТЫ
Шілденің 27-сінде «Прима Вера» мейрамханасында «Интелл» компаниясының Қазақстандағы өкілдерімен кездесу болады.
Шілденің 27-сінде Ұлттық баспасөз клубында «Минералдық тыңайтқыштар мен күкірт қышқылының өндірісін арттыру жолымен химиялық саланы дамыту» тақырыбына арналған баспасөз мәслихаты болады.
Шілденің 27-сінде Денсаулық сақтау департаментінде мүгедектерді әлеуметтік қорғау саласындағы кепілдеме мәселелеріне арналған кездесу болады.
Тамыздың 1-2-сінде Алматыда «Нұр Отан» партиясы мен Ауғанстан және локальды соғыс ардагерлері одағының ұйытқы болуымен Қазақстанның Ардагерлер ұйымдарының бірінші республикалық форумы болады.
--------------------------------------------------------------------------------------------------
АТАУЛЫ КҮНДЕР. ЕЛЕУЛІ ОҚИҒАЛАР
ШІЛДЕНІҢ 27-СІ, ДҮЙСЕНБІ
ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР
37 жыл бұрын (1972) Қазақ КСР-нің Су кодексі қабылданды.
17 жыл бұрын (1992) Қазақстан Республикасы мен Молдова Республикасы арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнатылды.
195 жыл бұрын (1814) Қазан университеті ашылды.
175 жыл бұрын (1834) Киев университетінің негізі қаланды (қазіргі Т.Шевченко атындағы Киев ұлттық университеті).
90 жыл бұрын (1919) тұңғыш реактивті жолаушылар ұшағы - «Комет» (Ұлыбритания) әуеге көтерілді.
ЕСІМДЕР
110 жыл бұрын (1899-1970) опера әншісі (тенор), Қазақстанның және Өзбекстанның халық әртісі ОВЧИННИКОВ Анатолий Иванович дүниеге келді.
Ресейде туған. Екатеринбор музыкалық техникумын бітірген. Ол 1936-1940 және 1943-1946 жылдары - Қазақ академиялық опера және балет театрының жетекші әншісі болды. Осы театр сахнасында қазақ, орыс және шет ел композиторларының шығармаларын орындады.
«Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет белгісі» ордендерімен, медальдармен марапатталған.
70 жыл бұрын (1939) суретші, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі ЖҰМАҒАЛИЕВ Әмір Шәкуұлы дүниеге келді.
Ресейдің Астрахан қаласында туған. В.Суриков атындағы Мәскеу мемлекеттік көркемсурет институтын бітірген. Қылқалам шеберінің «Тың астығы», «Спорт», «Қазақ», «Суретші және уақыт», т.б. туындылары бар.
30 жыл бұрын (1979) армрестлингтен халықаралық дәрежедегі спорт шебері ГЕТАЛО Евгений Владимирович дүниеге келді.
Алматы облысының Талғар қаласында туған. Қазақ спорт және туризм академиясын бітірген. Алғашқы жаттықтырушысы - С.Михайлов. Ол жасөспрімдер және ересектер арасындағы республикалық жарыстардың бірнеше дүркін жеңімпазы, жасөспірімдер арасында өткен Әлем чемпионатының күміс жүлдегері, Әлем чемпионы атанған.
105 жыл бұрын (1904-1986) шахматшы, шахмат тарихындағы екінші, кеңес шахматшылары арасындағы бірінші әлем чемпионы РУДЕНКО Людмила Владимировна дүниеге келді.
Ресейде туған. 1926 жылдан бастап алғашқы әйелдер турнирлеріне қатысқан. 1928 жылы Мәскеу чемпионы атанған. Шахмат саласындағы жетістіктері үшін «Құрмет белгісі» орденімен марапатталған.
ШІЛДЕНІҢ 28-І, СЕЙСЕНБІ
Перу Республикасының Мемлекеттік мейрамы - Тәуелсіздік күні (1821). Перу - Оңтүстік Американың батысында орналасқан мемлекет. Солтүстігінде Эквадор, Колумбиямен, шығысында Бразилия, Боливиямен, оңтүстігінде Чилимен шектеседі. Астанасы - Лима қаласы. Ресми тілі - испан, кечуа және аймара тілдері. Ақша бірлігі - нуэво соль. Қазақстан Республикасы мен Перу Республикасының арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1997 жылғы ақпанның 6-ында орнатылды.
PR-маман күні. 2003 жылы шілденің 28-інде Ресей Федерациясының еңбек және әлеуметтік даму министрі Жалпыресейлік жұмысшылар кәсібін, қызметкерлер лауазымын және тарифтік дәрежесін жіктеушімен жұртшылықты байланыстырушы мамандардың біліктілік сипаттамасын енгізу туралы қаулыға қол қойды.
Кәсіпті мемлекеттік тіркеу үдерісі 2001 жылы Ресей жұртшылықпен байланыс қауымдастығының бастамасымен басталды. PR - ұйымның негізгі бизнесін дамытуға мүмкіндік беретін маркетинг, жарнама сияқты мәртебеге ие болды. 2004 жылы шілденің 24-інде Ресей PR-қауымдастығы кәсіптің мемлекеттік тіркелген күнін атап өтті. Сол кезден бастап PR-маман күнін жыл сайын атап өту дәстүрі қалыптасты.
ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР
40 жыл бұрын (1969) Жамбыл облысында Жаңатас қаласының іргетасы қаланды. Жаңатас - Жамбыл облысы Сарысу ауданының орталығы. Қала тарихы фосфорит өндірісінің жандануымен тікелей байланысты.
17 жыл бұрын (1992) Брюссельде Қазақстан Республикасымен Еуропалық Комиссия арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнату туралы нота алмастыру рәсімі өтті.
9 жыл бұрын (2000) Мемлекет басшысы Н.Назарбаев Қазақстан Республикасының стратегиялық мүддесінде ерекше маңызы бар ұйымдар мен нысандардың қызметін мемлекеттік реттеуді қамтамасыз ету мақсатында жекешелендіруге жатпайтын мемлекеттік мүлік нысандарының тізбесі туралы Жарлыққа қол қойды.
6 жыл бұрын (2003) Қазақстан Республикасы Ұлттық банкі номиналы 10 000 теңгелік банкнотты айналымға енгізді. 2007 жылдың мамыр айында Бангкокте өткен банкноттар мен шақалар жасаудың технологиясына, оларды қорғаудың осы заманғы элементтеріне, қолма-қол ақшаның әртүрлі елдердегі айналымы проблемаларына арналған Currency конференциясында
2006 жылы қарашада шығарылған қазақстандық 10 000 теңгелік банкнот «Таңдаулы жаңа банкнот» аталымында бірінші орынға ие болды.
50 жыл бұрын (1959) Англияда пошта коды енгізілді және автоматты сұрыптау машинасы орнатылды.
ЕСІМДЕР
85 жыл бұрын (1924-1997) жазушы, Ұлы Отан соғысының ардагері ИЛЬЯШЕНКО Юрий дүниеге келді.
Мәскеу қаласында туған. 1947 жылы Қазақстанға көшіп келген. Жамбыл және Шығыс Қазақстан облыстық газеттерінде, республикалық радиода, «Простор», «Партийная жизнь Казахстана» журналдарында қызмет атқарған. Қазақ жазушыларының бірқатар шығармаларын орыс тіліне аударған.
185 жыл бұрын (1824-1895) француз жазушысы ДЮМА Александр (кіші Дюма немесе бала Дюма) дүниеге келді.
Парижде туған. А.Дюманың (әке-Дюма) баласы. «Гүл таққан келіншек», «Доктор Серван», «Палуан жігіт» тағы басқа романдардың, көптеген драмалардың авторы. Дюманың атағын жайған 1852 жылы қойылған «Гүл таққан келіншек» пьесасы болды. Бұл пьесаның сюжетіне Дж.Верди «Травита» операсын жазды. Дюманың шығармашылығына өзек болған негізгі тақырыптар әйел тағдыры, махаббат пен жезөкшелік, неке мәселелері. Дюманың көптеген шығармалары орыс тіліне аударылған.
ШІЛДЕНІҢ 29-Ы, СӘРСЕНБІ
ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР
73 жыл бұрын (1936) Бүкілодақтық Орталық Атқару Комитетінің Қарағанды облысын бөлу туралы қаулысы жарық көрді. Осы құжатқа сәйкес Солтүстік Қазақстан облысы бөлініп шықты. Қарағанды облысының орталығы - Қарағанды қаласы. Облыс құрамында 11 қала, 39 кент, 168 ауылдық әкімшілік округі бар.
73 жыл бұрын (1936) Қостанай мен Торғай губернияларының негізінде Қостанай облысы құрылды. Орталығы - Қостанай қаласы. Бүгінгі таңда облыс құрамында 5 қала, 13 кент, 16 аудан, 808 ауылдық елді мекен бар.
19 жыл бұрын (1990) Алматыдағы Медеу мұз айдынында «Азия дауысы» музыка өнеріндегі танымал әндер мен талантты орындаушылардың бірінші Халықаралық байқауы өтті. Бас жүлдені Өзбекстаннан келген «Карс» тобы жеңіп алды. 1993 жылы «Азия дауысы» Халықаралық фестивальдар ұйымдастыру федерациясына (ФИДОФ) мүшелікке қабылданды. Аталған байқауға арналған «Алтын домбыра» жүлдесін алғашқы жылдары М.Жүнісова, Н.Есқалиева, 1997 жылы Р.Рымбаева жеңіп алды.
9 жыл бұрын (2000) Семей полигонының аумағында соңғы ядролық заряд жойылды. Ұзақ жылдар бойы көп қасірет шеккен Қазақстан халқы халықаралық атом зардабының бүкіл ауыртпалығын көтеріп келді. 45 жыл бойына дерлік Семей даласында 459 ядролық жарылыс, соның ішінде ауада 113 жарылыс жасалды. Радиоактивтік сәуле алған жарты миллионнан астам қазақстандықтардың денсаулығы ядролық жанталаса қаруланудың құрбандығына шалынды.
7 жыл бұрын (2002) Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен «Қазақстан Республикасында таратылатын шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарын есепке алу ережесі» бекітілді.
135 жыл бұрын (1874) ағылшындық Уолтер Вингфилд жиналмалы теннис кортына патент алды.
95 жыл бұрын (1914) бірінші дүниежүзілік соғыстың алғашқы оғы атылды. Австрия-Венгрия Сербияның астанасы Белградты атқылай бастады.
ЕСІМДЕР
60 жыл бұрын (1949) Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты, Заңнама және құқықтық мәселелер комитетінің мүшесі, Қазақстан Республикасы прокуратурасының құрметті қызметкері ЖҰМАБАЕВ Ермек Жианшаұлы дүниеге келді.
Павлодар облысында туған. Қазақ мемлекеттік университетін бітірген. Баянауыл ауданы прокуратурасының тергеушісі, Павлодар облысы прокуратурасының аға тергеушісі, Индустриальный ауданы прокурорының орынбасары, Екібастұз, Май, Железинск аудандарының прокуроры қызметтерін атқарған. 1995 жылдан бері Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты.
«Құрмет» орденімен, Қазақстан Республикасының Құрмет Грамотасымен және үш медальмен марапатталған.
ШІЛДЕНІҢ 30-Ы, БЕЙСЕНБІ
Марокко Корольдігінің Ұлттық мейрамы - Тақ күні. 7 жыл бұрын (1999) VI Мұхаммед таққа отырды. Қазақстан Республикасы мен Марокко Корольдігі арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылғы мамырдың 28-де орнатылды. Марокко Корольдігінің Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі - Нуреддин Сефиани.
Вануату Республикасының Ұлттық мейрамы - Тәуелсіздік күні (1980). Вануату - Тынық мұхитының оңтүстік-батыс бөлігіндегі аралдарда орналасқан мемлекет. Әкімшілік жағынан 11 округке бөлінеді. Астанасы - Порт-Вила қаласы. Ресми тіл - бислама (пинджин), ағылшын және француз тілдері. Ақша бірлігі - вату. 1980 жылы қабылданған Конституциясы бойынша мемлекет басшысы - Президент. Жоғары заң шығарушы органы - Ұлттық ассамблея.
ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР
55 жыл бұрын (1954) Қытайда Іле қазақ автономиялық ауданы құрылды.
17 жыл бұрын (1992) Қазақстан Республикасы мен Кабо-Верде Республикасы арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнатылды.
16 жыл бұрын (1993) Қазақстан Республикасы Президенті Н.Назарбаев Алматыға ресми сапармен келген Болгария Президенті Желю Желевпен кездесті. Кездесу қорытындысы бойынша Қазақстан мен Болгария арасындағы достық қарым-қатынас және ынтымақтастық туралы шартқа, сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі келісімге, Қазақстан-Болгар бірлескен несие-инвестиция банкін және холдингісін құру туралы, ауыл шаруашылығы саласында ынтымақтастық туралы конвенцияға және басқа да құжаттарға қол қойылды.
16 жыл бұрын (1993) Қазақстан Республикасы мен Шығыс Уругвай Республикасы арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнатылды.
ЕСІМДЕР
80 жыл бұрын (1929-1993) тарих ғылымының докторы, Қазақ КСР Ғылым академиясы Ш.Уәлиханов атындағы сыйлығының лауреаты ӘУЕЗОВА Ләйлә Мұхтарқызы дүниеге келді.
Ташкент қаласында туған. Мәскеу мемлекеттік университетінің тарих факультетін, КСРО Ғылым академиясы Шығыстану институтының аспирантурасын бітірген. 1956-1962 жылдары Қазақ КСР Ғылым академиясы Тарих, археология және этнография институтының ғылыми қызметкері болған. 1963 жылдан М.Әуезов әдеби-мемориалдық мұражайының, «Әуезов үйі» мұражайының директоры қызметтерін атқарды.
Ғалымның негізгі ғылыми еңбектері Қазақстан тарихына, Қазақстанда жер шаруашылығының дамуына, М.Әуезов шығармашылығындағы Қазақстан тарихының мәселелеріне арналған.
100 жыл бұрын (1909-1993) ағылшын тарихшысы, жазушы, драматург ПАРКИНСОН Сирил Норткот дүниеге келді.
Жазушы оқырмандарына «Parkinson's Law» («Паркинсон заңдары») әзіл-оспақ кітаптың авторы ретінде жақсы таныс. Оның әскери-теңіз тарихшысы ретіндегі беделі өте зор. Қаламгердің британдықтардың теңіздегі беделі және Наполеон дәуіріндегі теңіз саудасы жөнінде жазылған кітаптары өзінің ғылыми құндылығын әлі күнге дейін жойған жоқ. С.Паркинсонның көптеген әңгімелері, романдары, пьесалары және энциклопедиялар мен журналдарға арналған мақалалары бар.
ШІЛДЕНІҢ 31-І, ЖҰМА
Жүйе әкімшілері күні. 1999 жылдан бастап шілде айының соңғы жұмасында корпоративтік әкімшілік және үй жүйелері, деректер базасы, пошта жүйесі, программалық комплекс және басқа да жүйелер мамандарының кәсіби мейрамы - Жүйе әкімшілері күні аталып өтіледі.
Африка әйелдерінің күні. 1962 жылы Бүкілафрикалық әйелдер конференциясының ұйымдастыруымен бекітілген.
ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР
80 жыл бұрын (1929) белгілі ғалым-астроном Николай Степанович Черных сансыз жұлдыздардың арасынан белгісіз № 2402-ші ғаламшарды ашып, оны ғұлама-ғалым Қаныш Сәтбаев есімімен атады. Шағын ғаламшар Жерге әрбір 5 жылда жақын келеді.
33 жыл бұрын (1976) Орал қаласында облыстық ғылыми-техникалық кітапхана ашылды. Онда ғылым мен техниканың әр түрлі саласынан, сондай-ақ өндірістік және әлеуметтік-экономикалық әдебиеттер жинақталған. Кітапханадағы кітап қоры шамамен 815 000 дана.
23 жыл бұрын (1986) КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының Жарлығымен қазақстандық интернационалист-жауынгер Шахворостов Андрей Евгеньевичке Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.
17 жыл бұрын (1992) Қазақстан Республикасы мен Молдова арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнатылды.
55 жыл бұрын (1954) итальяндық альпинисттер Ахилл Компаньони мен Лино Лачеделли әлемдегі 2-ші биік шың - Чогориді (8611 м) бағындырды.
45 жыл бұрын (1964) американдық «Рейнджер-7» ғарыш кемесі алғаш рет Жерге Айдың үлкен көлемдегі түрлі-түсті суретін жіберді.
ЕСІМДЕР
155 жыл бұрын (1854-1932) американдық бизнесмен әрі өнертапқыш, Eastman Kodak компаниясының негізін қалаушы ИСТМЕН Джордж дүниеге келді.
Американың Уотервилл қаласында туған. Дж.Истмен 24 жасында Санто-Домингоға барып демалып, қаланың барлық әсем жерін фотопленкаға түсіріп алмақ болады. Бірақ сатып алған фотоаппараты тым үлкен әрі ебедейсіз болып, алып жүруге қолайсыздық тудырады. Осы кезден ол аталған қиын үдерісті жеңілдету жолдарын ойластыра бастады.
1879 жылы Истмен құрғақ бромды-желатинді фотографиялық пластинка дайындайтын машина құрастырып, бір жылдан кейін алғашқы өнімін шығарады. 1881 жылы «Истменнің құрғақ пластинка компаниясы» тіркелді. 1883 жылы оның фирмасы барлық фотоаппаратқа сәйкес келетін орамды пленка шығара бастады. 1888 жылы жаз айында Kodak маркасымен алғашқы фотоаппарт шығарылды. Бастапқы құны 25 долларды құрады. 1888 жылы қыркүйектің 4-інде Kodak тауар белгісі ретінде тіркелді. 1889 жылы Eastman Company концерні құрылды. 1901 жылы компания Нью-Джерси штатында Eastman Kodak Company of New Jersey атауымен тіркелді, ол қазір де осы атауымен қызмет жасайды.
65 жыл бұрын (1944) американдық киноактриса, Чарли Чаплиннің қызы ЧАПЛИН Джералдин дүниеге келді.
Ол 8 жасынан киноға түсе бастаған. Ең алғаш сомдаған бейнесі - «Доктор Живаго» атты фильмдегі басты кейіпкердің әйелі. Оның Андрон Михалков-Кончаловскийдің «Одиссей» фильміндегі бейнесі елге танымал қылды. Өз әкесі туралы Р.Аттенборо түсірген «Чаплин» атты кинобиографияда әжесінің бейнесін сомдауы Джералдин өміріндегі ұлы оқиға болды.
ТАМЫЗ АЙЫНДА:
90 жыл бұрын (1919) Жамбыл облыстық «Знамя труда» газетінің алғашқы саны жарық көрді. Басылым Әулие ата уезі РКП (б) комитетінің органы ретінде «Аулиеатинский вестник» деген атпен шыққан болатын. Газет атауы 1963 жылға дейін «Беднота», «Профессиональный вестник Аулиеатинского уезда», «Дехканин», «Радиограммы РОСТА», «Вольная беднота», «За пятилетку», «Сталинский путь», «Коммунист» болып бірнеше мәрте өзгерді. Қазіргі атауымен 1963 жылғы маусымның 1-нен бастап шығып келеді.
48 жылбұрын (1961) Ақмола облыстық Суретшілер одағы құрылды. Алғашқы ұжым құрамында И.Репин атындағы Ленинград көркемсурет институтының және Львов мемлекеттік қолданбалы және сәндік өнер институтының түлектері: кескіндемешілер Б.Бельтюков, М.Порунин, В.Кучеровский, В.Холуев, А.Свитич, графикшілер В.Толчинский, О.Шелепугин, мүсіншілер Л.Колотилина, Ю.Буштрук, Э.Яблонская, М.Антонюк, В.Товтиндер болды. Басқарманың тұңғыш төрағасы болып кескіндемеші Б.Бельтюков сайланды. 1969 жылы өндірістік цехы және шеберханасы бар «Суретшілер үйі» салынды. Суретшілер одағының мүшелері Астана қаласында, облыстың көптеген аудандарының орталықтарында Ұлы Отан соғысында қаза тапқан жауынгерлерге арналған мемориалдық ескерткіштер орнатқан. Бүгінгі таңда осы мекеменің суретшілері Қазақстанның жас астанасының гүлденуіне өз үлестерін қосуда. Олардың үздік кескіндеме, график, мүсін, қолданбалы-сәндік туындылары Ә.Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер мұражайында, Көрме және аукциондар дирекциясында, Мәдениет және ақпарат министрлігінде, Астана қаласындағы Қазіргі заман өнері мұражайында сақтаулы. Қазір осынау шығармашылық бірлестіктің 50-ден астам мүшесі бар және үнемі Е.Ралина, Л.Жанпейісова, К.Кажекенов, Н.Терещенко, Г.Телғозиева, Т.Ермеков сияқты жаңа буын таланттармен толығуда.
41 жыл бұрын (1968) Шонжы шекара отряды құрылды.
40 жыл бұрын (1969) Өзен-Атырау-Куйбышев мұнай құбырымен (ұзындығы 711 шақырым) алғашқы мұнай жөнелтілді. Аталған мұнай құбырын тарту жұмыстарына Ақтау қаласының тұрғындары да қатысқан болатын.
28 жыл бұрын (1981) Павлодар көлік және коммуникациялар колледжі құрылды. Бүгінгі таңда аталған оқу ордасы Қазақстандағы ірі және беделді білім мекемелерінің бірі. Колледжде 50-ден астам кабинет, зертхана және 40 000-нан астам кітап қоры бар кітапхана қызмет істейді.
16 жыл бұрын (1993) Қазақстанда Адам құқықтары және заңдылықты сақтау жөніндегі бюро ұйымдастырылды.
16 жыл бұрын (1993) Минералды шикізаттарды кешенді өңдеу ұлттық орталығы құрылды. Орталық құрамына Тау-кен ісі институты, Металлургия және байыту институты, Химия-металлургиялық институт (Қарағанды), Шығыс түсті металдар ғылыми-зерттеу тау-кен металлургиялық институты кіреді. Қызметінің негізгі бағыттары - республикада қара, түсті, сирек кездесетін металдардың кен орындарын игеру саласындағы қолданбалы зерттеулер жүргізу және үйлестіру.
9 жыл бұрын (2000) Алматыда, Т.Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университеті Жапон Үкіметінің даму үшін арнайы көмек бағдарламасы (SODA) бойынша Қазақстанда жұмыс істеп жатқан жапондық халықаралық серіктестік агенттігімен (JІCA) бірлесіп, Қазақстан-Жапон адам ресурстарын дамыту орталығын ашу жайлы келісімге қол қойды. Орталықтың негізгі мақсаты - Қазақстандағы нарықтық экономиканың өсуі жолында адам ресурстарын дамытуға өз үлесін қосу болып табылады.
ЕСІМДЕР
175 жыл бұрын (1834-1897) әнші, композитор, ақын БІРЖАН САЛ, Біржан Қожағұлұлы дүниеге келді.
Ақмола облысының Еңбекшілдер ауданында туған. Орта дәулетті шаруа отбасынан шыққан. Бозбала кезінен ел арасында әншілігімен көзге түсіп, жасы жиырмаға таянған кезде ән шығара бастады. Шөже, Салғара, Толыбай, Орынбай, Нүркей, Сегізсері, Арыстан тәрізді өнер иелері - Біржан салдың ұстаздары болды. 1865 жылы Абаймен кездесуі Біржан салдың композиторлық, әншілік, ақындық өнерінің дами түсуіне үлкен әсер етті. Өзінен бұрынғы айтулы әнші-ақын, сал-серілердің жанына еріп жүріп, тәлім алды. Кейін өзі де айналасына халықтың небір дүлдүл ақын-әнші, өнерпаздарын топтастырды. Жаяу Мұса, Басықараның Қанапиясы, Құлтума, Ақан сері, Балуан Шолақ, Ғазиз, Естай, Үкілі Ыбырай, Жарылғапберді сияқты Арқаның атақты әншілері - Біржан салдың мектебінен өнеге алып, өріс жайған, оның композиторлық өнерін жалғастырып, ілгерілеуіне үлес қосқан өнерпаздар. Бізге Біржан салдың 60-қа жуық әндері жеткен. «Ғашығым», «Қаламқас», «Ләйлім шырақ», «Айтбай», «Ақтентек», «Жанбота», «Адасқақ», «Жамбас сипар», «Көкек», «Жонып алды», «Теміртас», «Алтын балдақ», «Көлбай-Жанбай», тағы басқа да құнды әндері бар. Біржан салдың әндері сөзінің де ұлттық бояуымен, бейнелеу құралдарының ерекше көркемдігімен бірегей тұтастық танытады. Сарамен айтысы оны дарынды, суырып салма ақын ретінде дүйім елге атын шығарды.
Біржан салдың музыкалық мұрасы бірнеше рет жинақ болып басылған. Оның шығармашылық өмірі мен өнеріне А.Жұбанов «Қазақ композиторларының өмірі мен творчествосы» атты кітабында үлкен бір тарау арнады. М.Төлебаев «Біржан - Сара» операсын жазды.
95 жыл бұрын (1914-1937) жазушы, аудармашы, Қазақстан журналистерінің 1-ші съезін ұйымдастырушылардың бірі, Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты ЕРУБАЕВ Саттар Асқарұлы дүниеге келді.
Оңтүстік Қазақстан облысының Түркістан ауданында туған. 1930 жылы Саттардың белсенді комсомол мүшесі және зейінді жас екені ескеріліп, жоғары оқу орындарына даярлайтын Алматыдағы курсқа жіберілді. Сол жылы ол Қазақстан оқу комиссариатының арнайы жолдамасымен Ленинград тарих, философия және лингвистика институтына түсті. Институтты Саттар 1933 жылы үздік бағамен бітірді. Ол дипломдық жұмысын өте жақсы қорғап, осы еңбегі үшін бәйге алды. Сөйтіп, бұл жұмыс баспасөз бетінде жариялансын деген қаулы жарық көрді. Ұстаздарының ұсыныстары бойынша С.Ерубаев аспирантураға қалдырылды. Бірақ Қазақстан өлкелік комсомол комитеті арнайы жеделхат жолдап, С.Ерубаевты шұғыл түрде Қазақстанға шақыртты. Алматыда Саттар 1933-1934 жылдары «Ленинская смена» газеті әдебиет және өнер бөлімінің меңгерушісі, «Лениншіл жас» газетінің редакторы, Музыка театрының директоры, Жоғары ауыл шаруашылығы мектебі философия кафедрасының ұстазы қызметтерін атқарды.
Қазақстан өлкелік партия комитетінің «Қарағанды пролетариаты» газеті жауапты редакторының орынбасары болып істеді. 1935 жылдың жазында Ленинград университетінің аспирантурасына түсті. Бірақ меңдеп кеткен өкпе ауруы оған бар болғаны бір-ақ жыл оқуға мүмкіндік берді. Осыдан соң С.Ерубаев Алматыға қайтуға мәжбүр болды. Мұнда ол 1936-1937 жылдары Қазақстан педагогикалық институтында қазақ әдебиетінің тарихы мен теориясынан дәріс оқыды. Бірақ бойын әбден меңдеп алған ауыр дерт бар болғаны 24 жастағы Саттарды Алматы қаласындағы Түрксіб ауруханасында алып тынды.
Қаламы ұшқыр, пікірі таза, дарынды қаламгер С.Ерубаев сол кезде Қазақстан Жазушылар одағының 1-ші сьезіне қатысып, одақ мүшелігіне алғаш қабылданғандардың бірі болды. Толық аяқтап үлгермегенмен, «Менің құрдастарым» романымен, көркем әңгіме, новеллаларымен прозашы ретінде, суреттеме-очерк, мақалалары арқылы - публицист, өлең-жыр, балладалары, эпиграмма, пародиялары арқылы ақын ретінде ол қазақ әдебиеті тарихынан өз орнын алды.
ТАМЫЗДЫҢ 1-І, СЕНБІ
Дүниежүзілік емшекпен емізуді насихаттау апталығы (1-7.08.). 1992 жылдан бастап, ЮНИСЕФ балалар қорының бастамасымен барлық елде өткізіледі. Қазақстан 1994 жылдан бұл мәселеге үлкен мән беріп, оны қорғау, жандандыру жөнінде ұлттық бағдарлама жасады. Қазақстанда 14 аурухана «Балаға аялы алақан» деген атпен жұмыс істеп, ЮНИСЕФ-тің «Алтын тақтасын» сыйға алды.
Қытай Халық Республикасы Армиясының күні - Қытай әскери қызметкерлерінің кәсіби мейрамы (1927). 1927 жылғы тамыздың 1-інде Қытайдың шығысындағы Цзянси провинциясының Наньчан қаласы тұрғындары Гоминьдан режиміне қарсы көтеріліске шықты. Бұл көтеріліс елдегі екінші азамат соғысының басталуына себеп болды және Қытай жұмысшы-шаруаларының қызыл армиясы құрылды.
Қытай - Еуразия құрлығының шығыс бөлігінде, Тынық мұхитының батыс жағалауын алып жатқан мемлекет. Шекарасы Ресей, Моңғолия, Қазақстан, Қырғызстан, Ауғанстан, Пәкістан, Непал, Бутан, Үндістан, Бирма, Лаос және Вьетнаммен шектеседі. Мұхит жағалауындағы аймағында 5 мыңнан астам арал бар, олардың ең ірісі - Тайвань және тропикалық Хайнань аралдары. Көне Қытайға өнертабыстың төрт түрі - қағаз, кітап шығару, компас және оқ-дәрі жасау жатады. Ел халқының саны бойынша бірінші орында, адам саны 1,3 млрд. Әкімшілік жағынан 23 провинцияға, 5 автономиялық ауданға, орталыққа тікелей бағынатын Бейжің, Шанхай, Тяньцзинь, Чунцин қалаларына және Сянган (Гонконг) мен Аомынь (Макао) арнайы әкімшілік аудандарына бөлінеді. Жоғарғы заң шығарушы органы - Бүкілқытайлық халық өкілдері жиналысы. Мемлекет басшысы - ҚХР Төрағасы. Атқарушы органы - Премьер-Министр басқаратын Мемлекеттік кеңес. Астанасы - Бейжің қаласы. Ресми тілі - қытай тілі. Ақша бірлігі - юань.
Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылғы қаңтардың 3-інде орнатылды. Қазақстанның Қытайдағы Төтенше және Өкілетті Елшісі - Адырбеков Икрам. Қытайдың Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі - Чжан Сиюнь.
Швейцария Конфедерациясының ұлттық мейрамы - Конфедерацияның негізі қаланған күн. Швейцария - Еуропаның дәл ортасында орналасқан мемлекет. Аумағы Франция, Германия, Австрия, Лихтенштейн, Италиямен шектеседі. Астанасы - Берн қаласы. Мемлекеттік тілі - неміс, француз, итальян тілдері. Ақша бірлігі - швейцар франкі. Швейцария 23 кантоннан тұратын федеративтік республика. Әр кантонның өз Конституциясы, Үкіметі және Парламенті бар. Мемлекет басшысы - Президент. Заң шығарушы органы - Ұлттық және Кантондар кеңесінен тұратын екі палаталы Федералдық жиналыс. Атқарушы органы - Федералдық кеңес.
Қазақстан Республикасы мен Швейцария арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылғы маусымның 1-інде орнатылды. Қазақстан Республикасының Швейцариядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі - Жанқұлиев Аманжол Қазбекұлы.
Бенин Республикасының Ұлттық мейрамы - Тәуелсіздік күні (1960). Бенин -Африканың батысында, Гвинея шығанағына таяу орналасқан мемлекет. Солтүстігінде Буркина-Фасо, Нигермен, шығысында Нигериямен, батысында Тогомен шектеседі. Астанасы - Порто-Ново қаласы. Ресми тілі - француз тілі. Ақша бірлігі - батыс африкалық франк. Мемлекет және Үкімет басшысы - Президент. Жоғары заң шығарушы органы - Ұлттық жиналыс.
Ресей Федерациясының инкассатор күні. 1939 жылы КСРО Мемлекеттік банкі жанындағы инкассация аппараты құрылды.
Ресей Федерациясы Қарулы күштерінің тыл күні. 1998 жылы мамырдың 7-індегі РФ Қорғаныс министрлігінің бұйрығымен бекітілген.
Тамыздың 1-і мен 3-і аралығында Литваның Друскининкай курортында үзіліссіз үш күнге созылатын дәстүрлі би марафоны өтеді.
ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР
50 жыл бұрын (1959) Теміртау қаласында жұмысшылардың тоталитарлық тәртіпке қарсы бас көтеруі басталды. Жұмысшылар мен солдаттардың қақтығысынан 10 адам қазаға ұшырап, көптеген адам жарақат алды. «Қарағанды зауытының құрылысындағы істің жайы» КОКП Орталық Комитетінің Төралқасында қаралып, кейіннен Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Н.Беляев қызметінен босатылды.
42 жыл бұрын (1967) Баянауылда «Дос-Мұқасан» ансамблінің музыканттары өздерінің алғашқы концертін қойды. Тыңдармандары жергілікті тұрғындар мен Қазақ политехникалық институты студенттік құрылыс отрядтарының мүшелері болды. Ансамбль аты оны ұйымдастырушылар есімдерінің алғашқы буындарынан («Дос» - Досым Сүлеев, «Мұ» - Мұрат Құсайынов, «Қа» - Қамит Санбаев және «Сан» - Саня, Александр Литвинов) құралған. Оны құрылыс отрядындағы Венгриядан келген студенттердің жетекшісі Янош Карпоти ұсынған. Кейін ансамбль құрамына М.Молдабеков, Қ.Әжібаева, Ш.Омаров, Б.Жұмаділов, Н.Құсайыновтар қосылды. Олардың репертуарында электронды музыкалық аспаптар сүйемелімен орындалатын «Назқоңыр», «Ахау, бикем», «Он алты қыз», «Сұлу қыз», «Құдаша», т.б. қазақтың халық әндері, халық және қазіргі қазақ композиторларының, сондай-ақ ансамбль мүшелерінің шығармалары орын алды. «Дос-Мұқасан» дәстүрлі фольклорлық-музыкалық туындыларды өз кезеңіндегі эстрадалық музыка мәнеріне сай өңдеп, құлпырта орындаған. Бұл сипат, әсіресе «Жерұйық» рок-операсы, «Дала және ғарыш» сияқты күрделі шығармалардан анық байқалады. Ансамбль Ташкент қаласында өткен Бүкілодақтық «Халықтар достығы» фестивалінің, Минскіде өткен кәсіби орындаушылар байқауының, сонымен қатар Берлинде, Мәскеуде өткен Жастар мен студенттердің халықаралық фестивальдарының лауреаты атанған. Қазақстан комсомол сыйлығын иеленген.
6 жыл бұрын (2003) Елбасы Н.Назарбаев Қарашығанақ кенішінде Каспий құбыр желісі консорциумы (КТК) құбырлары арқылы бірінші мұнай жіберу салтанатына қатысты.
175 жыл бұрын (1834) Британия империясының отар елдерінде құлдыққа тыйым салатын заң қолданыла бастады.
175 жыл бұрын (1834) ағайынды механик Черепановтар Ресейдегі ең алғашқы паравозды құрастырып шығарды.
95 жыл бұрын (1914) дүниежүзін қайта бөліске салу жолында «Үштік одақ» (Австрия-Венгрия, Германия, Италия) пен Англия, Франция, Ресей одағы арасындағы саяси-экономикалық қайшылықтардан бірінші дүниежүзілік соғыс басталды. Соғыс барлық елдердің экономикасын күйзелтіп, адамзатты бұрын көрмеген қайғы-қасірет пен ашаршылыққа душар етті. 1916 жылы маусымның 25-інде Ресей патшасы империяның «бұратана халықтарын», оның ішінде қазақтарды да майдан шебіндегі қара жұмысқа алу туралы жарлық шығарды. Қара жұмысқа 100 000-нан астам қазақ жігіттері алынып, олардың басым көпшілігі батыс майданға аттандырылды.
85 жыл бұрын (1924) Кеңес Одағы Қызыл Жұлдыз орденін бекітті.
85 жыл бұрын (1924) КСРО-ның астанасы - Мәскеу қаласындағы В.Лениннің бальзамдалған денесі салынған кесене келушілер үшін алғаш рет ашылды.
70 жыл бұрын (1939) КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының Жарлығымен «Кеңес Одағының Батыры» медалі бекітілді. 1939 жылғы қазанның 16-ындағы Жарлық негізінде медаль атауы Кеңес Одағы Батырының «Алтын Жұлдыз» медалі болып өзгертілді.
70 жыл бұрын (1939) Орта Азияда Үлкен Ферғана арнасын қазу жұмыстары басталды. Арна құрылысына Қазақстанның оңтүстік өңірінен де көп адам тартылды.
70 жыл бұрын (1939) Мәскеуде Бүкілодақтық ауылшаруашылығы көрмесі ашылды. 1992 жылдан бастап Бүкілресейлік көрме орталығы деп аталады.
45 жыл бұрын (1964) «Маяк» радиосы атақты композитор Соловьев-Седойдың «Подмосковные вечера» әнінің әуенімен өз жұмысын бастады.
35 жыл бұрын (1974) Ресейдің Дубна қаласындағы Біріккен ядролық зерттеулер институты Менделеев кестесіндегі 106-шы элемент (Sg) алынғаны туралы хабарлама таратты.
20 жыл бұрын (1989) Польшада азық-түлікке бағаны мемлекет тарапынан реттеу жойылды. Баға бірер күнде 500 пайызға дейін шырқап шыға келді. Сол тұста елді апатты жағдайдан бір мезгіл тегін түстік тамақ таратуды ұйымдастыру сақтап қалды.
ЕСІМДЕР
60 жыл бұрын (1949) Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының төрағасы ТҰРҒАНҚҰЛОВ Қуандық Тұрғанқұлұлы дүниеге келді.
Алматы облысында туған. Қазақ политехникалық институтын бітірген. 1979-1986 жылдары - Қапшағай қалалық партия комитетінің нұсқаушысы, бөлім меңгерушісі. 1986-1990 жылдары - «Оңтүстікқазгеология» өндірістік бірлестігі партия комитетінің хатшысы. 1990-1993 жылдары - Қазақстан Республикасы Президенті мен Министрлер Кабинеті Аппаратының консультанты, аға референті, ұйымдастыру-инспекторлық және аймақтық даму бөлімінің бас инспекторы. 1993-1996 жылдары - Қазақстан Республикасы Президенті Аппаратының, Әкімшілігінің кадр саясаты бөлімі меңгерушісінің орынбасары. 1996-2007 жылдары - Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары. Қазіргі қызметінде 2007 жылдан бастап істейді.
Медальмен марапатталған.
160 жыл бұрын (1849-1901) канадалық геолог ДОУСОН Джордж Мерсер дүниеге келді.
Макгиль университетінде, Лондондағы Корольдік тау-кен мектебінде білім алған. 1883 жылдан Канаданың геологиялық қызметі директорының көмекшісі, директоры қызметтерін атқарған. Ол Юкон өзені бассейніне жасалған экспедицияға жетекшілік жасаған. Лондондағы Корольдік қоғамының мүшесі, Канада Корольдік қоғамының президенті болған. Доусон Канаданың геологиялық картографиясына зор еңбек сіңірген. Геологтың есімі алтын өндіру өнеркәсібінің орталығына берілген.
100 жыл бұрын (1909-1986) этнограф, тарих ғылымының докторы ЖДАНКО Татьяна Александровна дүниеге келді.
Украинада туған. М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетін, КСРО Ғылым академиясы Этнография институтының аспирантурасын бітірген. 1947 жылдан КСРО Ғылым академиясы Этнография институтының кіші ғылыми қызметкері, ғылыми хатшысы, Орта Азия және Қазақстан бөлімшесінің меңгерушісі, Этнология және антропология институтының басшысы қызметтерін атқарған.
Ғалымның негізгі ғылыми еңбектері Орта Азия мен Қазақстанның көшпелі және отырықшы тұрғындарының тарихы, Арал теңізі жағалауы халықтарының этногенезі және этникалық тарихына арналған.
«Халықтар достығы» орденімен, медальдармен марапатталған.
ТАМЫЗДЫҢ 2-СІ, ЖЕКСЕНБІ
Көлік және байланыс қызметкерлері күні. Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 2003 жылғы қарашаның 15-індегі Жарлығына сәйкес жыл сайын тамыздың бірінші жексенбісінде атап өтіледі.
Теміржолшылар күні. Тамыз айының бірінші жексенбісінде ТМД аймағында аталып өтіледі.
Македония Республикасының Мемлекеттік мейрамы - Республика күні. Түркия қол астында болған Македонияның 106 жыл бұрынғы (1903) ұлт-азаттық көтерілісіне байланысты 1998 жылдан бастап атап өтіледі. Македония - Еуропаның оңтүстігінде, Балқан түбегінде орналасқан мемлекет. Әкімшілік жағынан 30 ауданға бөлінеді. Астанасы - Скопье қаласы. Ресми тілі - македон тілі. Ақша бірлігі - денар. Мемлекет басшысы - Президент. Жоғары заң шығарушы органы - бір палаталы парламент. Атқарушы органы - Үкімет.
Қазақстан Республикасы мен Македония арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1994 жылғы маусымның 1-інде орнатылды.
Ресей Федерациясының Әуе-десант әскерлерінің күні. 1930 жылы Воронежге таяу жерде Мәскеу әскери округінің бөлімі, шартты түрде алынған жаудың ту сыртына алғаш рет парашютті десант түсірді.
Әзірбайжанның ұлттық кино күні. Ұлттық кино күні Әзірбайжан Президенті Гейдар Әлиевтің 2000 жылғы желтоқсанның 18-індегі бұйрығымен бекітілген. Дегенмен алғашқы «қозғалмалы картина» 1898 жылы ел экранында көрсетілген болатын. Бірінші рет халыққа кино көрсету тамыздың 2-інде өтті. Оны фотограф А.Мишон ұйымдастырды. Ол туған қаласы Баку туралы киносюжеттер түсірген болатын. Олардың қатарына «Биби-Эйбаттағы өрт», «Балаханы-Сабунчи кәсіпорнындағы мұнай бұрқағы», «Кавказ биі» картиналарын жатқызуға болады.
ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР
14 жыл бұрын (1995) Абай атындағы халықаралық қор Алматыдағы Достық үйінде А.Құнанбаевтың «Өлең сөздің патшасы» деген өлеңдер жинағының тұсаукесерін өткізді.
76 жыл бұрын (1933) Ақ теңіз бен Онега көлін жалғастыратын Беломор-Балтық арнасының құрылысы салтанатты түрде ашылды. Жалпы ұзындығы 227 шақырым, оның 190 шақырымы өзен-көл арналары арқылы өтеді. Қалған 37 шақырымы қолмен қазылған. Арнада 19 шлюз, 15 бөгет, 49 дамба, 12 су ағытқыш, т.б. гидротехникалық құрылыстар бар. Ресейдің еуропалық бөлігінің солтүстігін су жолы қатынасымен қамтамасыз етіп, Санкт-Петербор мен Архангельск қалалары аралығын Скандинавия түбегін айналып жүретін су жолына қарағанда 4000 шақырымға қысқартты.
Арна құрылысына саяси қуғын-сүргінге ұшыраған қазақ зиялылары Міржақып Дулатов, Мағжан Жұмабаев, т.б. қатысқан.
45 жыл бұрын (1964) Солтүстік Вьетнамның әскери кемелері АҚШ-тың 2 торпедо тасушы кемесін атқылады. Бұл шабуыл Вьетнамдағы соғысқа араласуға ілік таппай отырған АҚШ-тың арандатуынан туындады.
10 жыл бұрын (1999) Британияның Ғылым министрлігі Марста тіршілік белгісі бар-жоқтығын анықтау үшін ғарыштық зерттеу құралын ұшыру туралы шешім қабылдағаны туралы мәлімдеме жасады.
ЕСІМДЕР
65 жыл бұрын (1944) техника ғылымының кандидаты, Қазақстан Республикасы Инженерлік академиясының, Халақаралық инженерлік академияның корреспондент мүшесі БИЖАНОВ Нұрахмет Құсайынұлы дүниеге келді.
Алматы облысында туған. Қазақ политехникалық институтын, Мәскеу инженерлік-құрылыс институтының аспирантурасын бітірген. Қазақ политехникалық институтының оқытушысы, аға оқытушысы, құрылыс факультеті деканының орынбасары, деканы, Алматы сәулет-құрылыс институты құрылыс факультетінің деканы, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің нұсқаушысы, сектор меңгерушісі, «Қазагроөнеркәсіпқұрылыс» бірлестігі төрағасының орынбасары қызметтерін атқарған. 2004 жылдан Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар агенттігінің төрағасы, Қазақстан Республикасы төтенше жағдайлар бірінші вице-министрі, Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі Төтенше жағдайларды және өнеркәсіптік қауіпсіздікті мемлекеттік бақылау комитетінің төрағасы болған.
«Құрмет» орденімен, медальдармен марапатталған.
55 жыл бұрын (1954-2000) белгіліәнші, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі ЕРӘЛИЕВА Мәдина Есмалайқызы дүниеге келді.
Қызылорда облысының Қазалы ауданында туған. Қызылорда педагогикалық училищесінің музыка бөлімін, Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтының музыкалық факультетін бітірген. 1978-1984 жылдары Әдебиет және өнер институтында қызмет істеді. 1985 жылдан өмірінің соңына дейін Алматы облыстық филармониясының жетекші әншісі болды.
М.Ералиева нәзік те сыршыл үнімен, өзіндік мәнерімен халықтың сүйікті әншісіне айналды. Оның орындауындағы «Ай-қарагөз», «Ақбаян», «Жылқы ішінде ала жүр», тағы басқа көптеген әндері мен «Кірмеші жиі түсіме», «Сағым жылдар» сияқты қазіргі қазақ композиторларының әндері әншінің өзіне тән ғана әншілік мәнерімен, өзіндік орындау ерекшелігімен, нақыш-бояуымен халық жадында қалды. Ол халқымыздың ұлттық ән өнерін насихаттауға елеулі үлес қосты.
40 жыл бұрын (1969) қазіргі бессайыс пен су астында бағдарлаудан еңбек сіңірген спорт шебері, суға жүзуден халықаралық дәрежедегі спорт шебері, қазіргі бессайыстан үш дүркін Азия чемпионы ШУМИЛОВА Людмила Григорьевна дүниеге келді.
Алматы облысында туған. Жаттықтырушысы - В.Василев. Спортшы 1984-1993 жылдары аралығында КСРО мен ТМД кубогы мен біріншіліктерінің бірнеше дүркін жеңімпазы атанған. Л.Шумилова - ХХ ғасырдағы әлемнің ең мықты бессайысшыларының бірі. Қазақстан Республикасының 25 рет рекордын жаңартқан. 19 елде өткен қазіргі бессайыс пен су астында жүзуден ашық біріншіліктерге қатысып, бірнеше дүркін чемпион болды. Қазіргі бессайыстан Афинада өткен Олимпиада ойындарына қатысқан.
«Құрмет» орденімен марапатталған.
125 жыл бұрын (1884-1953) француздық велошабандоз, 1908 жылғы жаздық Олимпиада ойындарының чемпионы және күміс жүлдегері ОФРЕ Андредүниеге келді.
Велошабандоз 1908 жылы Лондонда өткен жаздық Олимпиада ойындарында жарыстың 5 түріне қатысты. Ол тандем жарысында Морис Шилемен бірге чемпион атанса, 5000 метрлік жарыста қола жүлдеге ие болды.