ҚазАқпарат-Анонс: Шілденің 6-сы мен 11-і аралығындағы оқиғалардың күнтізбесі

None
None
None

ПАРЛАМЕНТ

Шілденің 6-11-і күндері Қазақстанның парламенттік делегациясы Ослода өтетін ЕҚЫҰ ПА 19-шы сессиясының жұмысына қатысады.

ҮКІМЕТ

Шілденің 6-ы күні Тәуелсіздік сарайында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ербол Орынбаевтың, ҚР Білім және ғылым министрі Жансейіт Түймебаевтың Сенат пен Мәжіліс депуттартары және 102 елдің ғалымдарының қатысуымен 51-ші Халықаралық математика олимпиадасының ашылуы болады.

ҚОҒАМ

Маусымның 1-інен бастап елімізде жыл сайынғы «Скутер» шарасы басталып, ол шомылу маусымы аяқталғанға дейін жалғасуда.

Маусымның 1-інен бастап «Қазкоммерцбанк» АҚ мемлекеттік бағдарлама бойынша "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры есебінен ипотекалық несиелеуді қайта қаржыландыруды жаңғыртты.

Шілденің 1-інен бастап Кеден одағының бірыңғай сертификаты енгізілді.

СПОРТ

Шілденің 1-і мен 7-сі аралығында Астанада тоғызқұмалақ бойынша әлем чемпионаты өтуде.

Шілденің 3-і мен 6-сы аралығында Оралда ҚР Президентінің кубогы үшін IV халықтық спорт ойындары өтуде.

Маусымның 11-і мен шілденің 11-і аралығында Оңтүстік Африка Республикасында футболдан Әлем чемпионаты өтуде.

АСТАНА

Шілденің 6-ы күні Конгресс-Холл алдындағы алаңда «Астанадағы балалар аралы» атты мерекелік шара өтеді.

Шілденің 6-сы күні Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайында Н. Хенри, К.Дэвис, Джаз-бэнданың қатысуымен концерт өтеді.

Шілденің 6-сы күні «Астана-Арена» стадионында қазақстандық, ресей және шетел жұлдыздарының қатысуымен «Асқақтай бер, Астана!» атты мерекелік концерт өтеді.

АЛМАТЫ

Шілденің 6-сы күні «Қазақстан» санаториясында сурдоаударма, ыммен сөйлесудің мамандарына арналған семинар трениг пен шеберлік класы өтеді.

Шілденің 6-сы күні Алматыдағы «Астана» алаңында Қазақстан Астанасының туған күніне арналған мерекелік шаралар өтеді.

Шілденің 6-сы күні Алматыдағы Б.Шолақ атындағы Спорт сарайында ерлер мен әйелдер командаларының арасынан «Қазақстан Ресупбликасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Кубогы» үшін волейболданXVII халықаралық турнир болады.

Шілденің 6-сы күні Орталық мәдениет пен демалыс саябағында Астана күніне арналған мерекелік шаралар өтеді.

ЕЛЕУЛІ ОҚИҒАЛАР, АТАУЛЫ КҮНДЕР, ЕСІМДЕР

ШІЛДЕНІҢ 6-Ы, СЕЙСЕНБІ

Қазақстанның Елордасы - Астана күні - Мемлекеттік мейрам. 1994 жылы Қазақстан Республикасы Парламенті отырысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның астанасын Алматыдан Ақмолаға (бұрынғы Целиноград) көшіру туралы ұсыныс жасады. 1997 жылы қазанның 20-да астананы ауыстыру туралы Жарлыққа қол қойылды. 1998 жылы мамырдың 6-да Ақмола қаласының атауы Астана болып өзгертілді. 1998 жылы маусымның 10-да жаңа елорданың халықаралық тұсаукесер рәсімі өтті, бұл күн 2006 жылға дейін астананың туған күні ретінде атап өтіліп келді.

«Қазақстан Республикасының мерекелері туралы» Заңға толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойылды. Заңға толықтыру енгізу жаңа мемлекеттік мерекені - «Астана күнін» орнықтыру мақсатында жасалды. Бұл мемлекеттік мереке мемлекет тәуелсіздігі мен жаңа астананың еліміздің жағрафиялық орталығына көшірілуіне байланысты Қазақстанның жаңа тарихындағы халқымыздың жасампаз жетістіктерін бейнелейді.

Қазақстан Республикасы Президентінің 1998 жылғы маусымның 2-дегі Жарлығымен Қазақстанның жаңа астанасының таныстырылымы құрметіне «Астана» медалі бекітілді.

2010 жылғы шілдеде жұмыс уақытын тиімді пайдалану және еңбекшілердің демалысы үшін қолайлы жағдайлар туғызу мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі демалыс күнін 2010 жылғы шілденің 3-індегі сенбіден шілденің 5-іне, дүйсенбіге ауыстыру жөнінде қаулы қабылдады.

Бүкіләлемдік өбісу күні. Аталмыш күнді алғаш ағылшындар ойлап шығарған. Кейінірек ол Біріккен Ұлттар Ұйымымен бекітілген.

Дәрігерлердің пікірінше сүйісудің адам баласы үшін пайдалы жақтары өте мол. Медициналық сараптамалардың қорытындысына қарағанда өбісу сәтінде адамның қан айналымы жақсарып, өмір сүру деңгейі ұзарады екен.

ОҚИҒАЛАР

15 жыл бұрын (1995) 6-8 күндері аралығында Өзбекстанда Абай күндеріне арналған шаралар болып өтті.

10 жыл бұрын (2000) Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевқа Тәжікстанның «Исмоили Самони» ордені тапсырылды. 10 жыл бұрын (2000) Астанада Күләш Байсейітова атындағы Ұлттық опера және балет театры ашылды.

5 жыл бұрын (2005) елорданың «Синема Сити» кинотеатрында қазақ кинопрокаты тарихындағы ең ірі жоба «Көшпенділер» фильмінің тұсаукесері болды.

XVIII ғасырдағы қазақ пен жоңғар арасындағы шайқасты өзек еткен фильмнің мәні мен мазмұны және оның ұлтымыз тарихындағы орны туралы айтып өтті. Түсірілімге 25 елден мамандар шақыртылды. Түсіру тобының құрамында 350 адам жұмыс істеді, оның 160 шетел азаматтары. Арнайы фильм үшін соғысқа жарамсыз 13 мың қару-жарақ, жоңғарлар мен қазақтарға 15 мың шатыр, ұлттық киімдер және тұрмыстық заттар дайындалды. Фильмнің режиссері - Талғат Теменов.

«Көшпенділерде» қазақ киноматография саласының аңызға айналған актерлерінен басқа, Голливуд жұлдыздары Марк Дакаскос, Джейсон Скотт Ли, Эрик Норрис түскен.

3 жыл бұрын (2007) Алматыдағы «Рабочий поселок» шағын ауданында 1700 орындық Райымбек батыр атындағы жаңа мешіттің іргетасын қалау рәсімі болып өтті. Ізгілікті бұл шараға Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Әбсаттар қажы Дербісәлімен қатар Алмалы ауданы әкімдігінің қызметкерлері мен жергілікті тұрғындар қатысты. Жалпы аумағы 16 гектар жерді алып жатыр.

1 жыл бұрын (2009) «Атамекен» мемориалды кешенінің аумағы Мемлекеттік рәміздер алаңы болып өзгертілді.

1 жыл бұрын (2009) Құмкөл даласында «Торғай Петролеум» мұнай компаниясының күшімен сұйытылған газ дайындайтын зауыт іске қосылды.

Зауыт жылына 68 мың тонна сұйытылған газ, конденсат, 105 млн. текше метр құрғақ газ өндіреді.

ЕСІМДЕР

70 жыл бұрын(1940) - мемлекет қайраткері. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Ұлт көшбасшысы, Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің төрағасы, Қазақстан Республикасының Жоғары Әскери Қарулы Күштерінің Бас қолбасшысы, экономика ғылымдарымың докторы, профессор, көптеген ТМД, шетел университеттері мен институттарының академигі және құрметті профессоры, Халықаралық инженерлік академиясының академигі, Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясының академигі, көптеген ТМД, шетел университеттері мен институттарының академигі және құрметті профессоры НАЗАРБАЕВ Нұрсұлтан Әбішұлы дүниеге келді.

Алматы облысы Қаскелең ауданы Шамалған ауылында дүниеге келген. Днепродзержинск техникалық училищесін, Қарағанды металлургия комбинаты жанындағы жоғары техникалық оқу орнын, Кеңес Одағы Коммунистік партиясы Орталық комитетіне қарасты Жоғары партия мектебін бiтiрген.

1960-1969 жылдары Қарағанды металлургия зауытында жұмыс істеді. 1969-1973 жылдары Қарағанды облысы Теміртау қаласындағы партия-комсомол жұмыстарында жауапты қызметтер атқарған. 1973-1977 жылдары - Қарағанды металлургия комбинаты партия комитетінің хатшысы. 1977-1979 жылдары - Қарағанды облыстық партия комитетiнiң хатшысы, 2-хатшысы. 1979-1984 жылдары - Қазақстан Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің хатшысы. 1984-1989 жылдары - Қазақ КСР Министрлер Кеңесiнiң төрағасы. 1989-1991 жылдары - Қазақстан Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің бiрiншi хатшысы. 1990 жылғы ақпан-сәуір аралығында Қазақ КСР Жоғары Кеңесiнiң төрағасы болды. 1990 жылдың сәуірінен - Қазақстан Республикасының Президенті.

1991 жылдың 1 желтоқсанында тұңғыш рет Қазақстан Президентінің жалпыхалықтық сайлауы өтті. Сайлау нәтижесінде Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев басым дауыспен (98,7%) жеңіске жетті.

1995 жылдың 29 сәуірінде жалпыхалықтық референдум нәтижесінде Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә.Назарбаевтың өкілеттігі 2000 жылға дейін ұзартылды.

1999 жылдың 10 қаңтарында өткен жалпыхалықтық сайлаудың нәтижесiнде Н. Назарбаев 79,78% дауыс алып, Қазақстан Республикасы Президентi болып қайта сайланды.

2005 жылдың 4 желтоқсанында сайлаушылардың 91,5 пайыз дауысын алып, Қазақстан Республикасының Президенті болып қайта сайланған.

1981-1986 жылдары - Кеңестер Одағының Коммунистік партиясының Тексеру комиссиясының мүшесі, 1986-1991 жылдары - Кеңестер Одағының Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің мүшесі, 1990-1991 жылдары - Кеңестер Одағының Коммунистік партиясы Орталық Комитеті Саяси бюросының мүшесі, 1990-1991 жылдары - Кеңестер Одағының Коммунистік партиясы Федерация кеңесінің мүшесі, 1991 жылы Кеңестер Одағының Коммунистік партиясы Қауіпсіздік кеңесі мен Кеңестер Одағының Коммунистік партиясы Мемлекеттік кеңесінің мүшесі. Кеңестер Одағының Коммунистік партиясы Жоғарғы Кеңесінің Х-ХІ шақырылымының депутаты, 1989-1991 жылдары - Кеңестер Одағының Коммунистік партиясы Халық депутаты болған. 1999 жылдың наурыз айынан «Отан» (Отчизна) партиясының төрағасы, 2006 жылдың желтоқсан айынан «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясының төрағасы.

Ресей Федерациясы әлеуметтік ғылымдар академиясының академигі. Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің құрметті профессоры. Беларус ғылым академиясының құрметті мүшесі. М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің құрметті профессоры. Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының төрағасы, сондай-ақ, Орта Азия мен Қазақстан халықтарының достығы қорының құрметті төрағасы ретінде халқының этникалық құрамы сан алуан елде ұлтаралық келісім мен әлеуметтік байсалдылық ахуалды орнықтырып, ұлан-байтақ Еуразия кеңістігінде, күллі әлемде бейбітшілік пен татулықты сақтауға, халықаралық экономикалық, саяси-мәдени ынтымақтастық аясын кеңейтуге жеке үлесін қосып келеді.

Н.Назарбаев Қазақстанның тұңғыш Президенті ретінде елді демократиялық даму жолына бағыттап, экономиканы нарықтық қатынастар жолымен түбегейлі түрде реформалау, қоғамдық меншікті жекешелендіру, өндіру және өңдеу салаларына шетел инвестициясын тарту, рухани құндылықтарды сақтау, жаңғырту және байыту саясатын ұстанып келеді. Оның басшылығымен республикада мұнай, газ өндіру, өңдеу және тасымалдау, отын-энергетика кешені, металлургия, транспорт пен телекоммуникация, ғылым-білім, мәдениет және денсаулық сақтау салаларында түбегейлі реформалар жүзеге асуда. Халықаралық құқықтық және демократиялық талаптарға сай Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы, тағы басқа аса ірі нормативті-құқықтық актілер қабылданып, Қазақстанда тұңғыш рет көппартиялық негізде сайланған қос палаталы парламент жұмыс істей бастады. Қазақ тіліне мемлекеттік мәртебе беріліп, оның қолдану аясы кеңи түсті. 1993 жылдың қарашасында Қазақстанның ұлттық валютасы - теңге еңгізіліп, еркін сауда айналымына жіберілді. Қаржы-қаражат және банк жүйесінде халықаралық талаптарға сай оң өзгерістер жүзеге асырылып, ол өз кезегінде қаржы-қаражат жүйесіне тұрақтылық орнатты. Қазақстанның 2030 жылға дейінгі стратегиялық дамуы белгіленген «Қазақстан-2030» бағдарламасын жасауға басшылық етті. Ішкі саясатта жүйелі түрде ұлтаралық келісім мен саяси тұрақтылық бағытын ұстанып келеді. Қазақстанның ішкі және сыртқы саясаты мен геосаяси жағдайының ерекшеліктерін ескере отырып, елдің астанасын Астана қаласына көшіріп, оның заманауи талаптарға сай келбет табуына ұдайы қамқорлық жасауда. Сыртқы саясатта Қазақстанның территориялық тұрақтылығы мен қауіпсіздігіне АҚШ, Ресей және Англия басшылары кепілдік берген Будапешт келісіміне қол қойды. Дүниежүзінің 100-ден астам елімен дипломатиялық байланыстар орнатып, сыртқы саяси қарым-қатынастарда еуразиялық интеграция идеясының авторы және жүзеге асырушысы болып келеді.

Нұрсұлтан Әбішұлы әлемнің аса ірі мемлекет басшылары мойындаған қазақ мемлекетінің ең алғашқы басшысы, дүние жүзіне әйгілі саясаткерлердің бірі. Ол ел басқару ісінде халықтың ғасырлар бойы жинақталған бай тәжірибесі мен әлемдік тәжірибені тал бойына тоғыстырған алымды да алғыр басшы. Ел өмірінің алуан салалы тіршілік-тынысын терең білу, маңдай тіреген проблемалардың ең елеулісін тап басып тани алу, ел ішіндік және әлемдік ахуалдармен санаса отырып ұрымтал әрекеттерге бару, сол жолда таңдалған бағытын табандылықпен жүзеге асыру - Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың мемлекет басшысы ретіндегі басты қасиеті.

Нұрсұлтан Назарбаев - «Важнейшее условие интенсификации», «Стальной профиль Казахстана», «Экономика Казахстана: реальность и перспективы становления», «Без правых и левых», «Әділеттің ақ жолы», «Стратегия становления и развития Казахстана как суверенного государства», «Қазақстанның егемен мемлекет ретінде дамуы мен қалыптасу стратегиясы», «Идейная консолидация общества - как условие прогресса Казахстана», «Ресурстарды сақтау және нарыққа өту стратегиясы: нарық және әлеуметтік - экономикалық даму.», «Слово об Абае», «Нарық және Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуы», «XXI ғасыр табалдырығында», «Еуразиялық кеңістік: интеграциялық потенциал мен оның жүзеге асырылуы», «Ғасырлар тоғысында», «Еуразиялық одақ: идеялар, практика, перспективалар. 1994-1997ж.», «Уроки истории и современность», «Казахстанско-российские отношения», «Казахстан 2030: Процветание, безопасность и улучшение благосостояния всех казахстанцев», «Слово о родном народе», «О времени, о судьбах, о себе», «Жаңа Астана - жаңа мемлекет - жаңа қоғам», «Тарих толқынында», «Президент и Парламент», «Мы строим новое государство. Труды и речи», «Туған елім, тірегім», « «Сындарлы он жыл», «Бейбітшілік кіндігі», «Еуразия жүрегінде», «Қазақстандық жол» сияқты танымдық-талдамалық кітаптар мен тағы басқа көптеген ғылыми еңбектердің авторы.

Теміртау, Алматы, Бухарест, Астана, Қарағанды, Дулута (АҚШ), Мадрид, Днепродзержинск, Тбилиси, София, Афина қалаларының және Атырау облысының құрметті азаматы.

1992 жылы Н.Назарбаевқа «ТМД-дағы аса маңызды республикалардың бірінде жаңа саяси, экономикалық және әлеуметтік жүйені дамытып, нығайтуға сіңірген қомақты үлесі үшін» «Капри сыйлығы», 1998 жылы Түркия Республикасының 75 жылдығына орай «Түркі әлемі халықтарының арасындағы қарым-қатынасты дамытуға қосқан үлесі үшін» сыйлығы, 1999 жылы «Түркі әлеміне қызмет еткені үшін» сыйлығы, 1996 жылы прогресті дамытуға сіңірген еңбегі үшін Кранс-Монтана халықаралық форумының арнаулы жүлдесі, 1999 жылы «Алтын Атлант» сыйлығы мен халықаралық технология академиясының мүшелік дипломы және Ниобий медалі берілген.

Елбасы Қазақстан Республикасының ең жоғары наградасы - «Алтын қыран» орденімен, «Құрмет белгісі», Еңбек Қызыл Ту ордендерімен, Ресейдің жоғары мемлекеттік наградасы - Қасиетті апостол Андрей Первозванный орденімен, Өзбекстанның «Буюк хизматлари учун» орденімен, Румын елінің аса мәртебелі наградасы - «Стяуа Ромынией» орденімен, Қырғызстанның «Манна алтын орденімен, Олмпиаданың алтын орденімен, Украинаның «Ярослава Мудрый», Италияның «Үлкен крест» орденімен, Ватикан елінің жоғары наградасы Пия орденімен және Тәжікстан, Литва, Австралия, Греция, Хорватия, Словения, Польша елдерінің, тағы басқа көптеген ТМД және шетелдердің ордендерімен және медальдармен марапатталған.

40 жыл бұрын (1970) Алматы қаласы Медеу ауданы әкімінің орынбасары МҰСТАФИН Берік Лұқманұлы дүниеге келді.

Астана қаласында туған. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін, Қазақстан-Ресей университетін бітірген.

«КокшетауГлавСнаб» ақпараттық-коммерциялық орталықтың инженері, «Сенім» емдеу-диагностикалық орталығында қаржы директоры, Көкшетау облысы әкімінің бірінші орынбасарының кеңесшісі, Сыртқы істер министрлігінің дипломатиялық корпуспен жұмыс істейтін департаментінің бас маманы, орталық аппаратының және шетелдегі мекемелердің қызметін қамтамасыз ететін департаменттің жетекші маманы, бөлім меңгерушісі, ТМД істері жөніндегі департаменте бөлім меңгерушісі, Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің басқару ісінің бастығы, «Торговый дом «ҚазМұнайГаз» АҚ-ның әкімшілік департаментінің директоры қызметтерін атқарған. Қазіргі қызметінде - 2005 жылдан.

«Астанаға 10 жыл» мерейтойлық медалімен марапатталған.

ШІЛДЕНІҢ 7-І, СӘРСЕНБІ

ОҚИҒАЛАР

15 жыл бұрын (1995) Моңғолияның Баян-Өлгий аймағында ұлы Абайдың туғанына 150 жыл толуына арналған мерейтой басталды.

10 жыл бұрын (2000) Астанада жаңа Орталық алаң ашылды.

5 жыл бұрын (2005) Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің кассалық операциялар және құндылықтарды сақтау ортылығы Қазақстан банк жүйесінің тарихында алғаш рет және ТМД елдерінен бірінші болып банк қызметтерінің сапа менеджменті жүйесі ISO 9001:2000 халықаралық сапа стандарттарына сәйкестілік туралы сертификатқа ие болды.

Әлемнің 148 мемлекетін біріктіретін бұл стандарт Халықаралық ISO стандарттау орталығы өңдеген.

3 жыл бұрын (2007) Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев республика аумағында арнайы экономикалық аумақтардың құрылу ретін, қызметі мен таратылу шарттарын анықтайтын «Қазақстан Республикасының арнайы экономикалық аумақтары туралы», «Арнайы экономикалық аумақтардың қызмет мәселелері жөніндегі Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңдарға қол қойды.

1 жыл бұрын (2009) Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Біріккен Араб Әмірліктерінің Үкіметі арасындағы Қазақстан Республикасы, Астана қаласындағы Әбу-Даби Плаза кешенінің құрылысына қатысты келісімді бекіту туралы» Заңға қол қойды.

ЕСІМДЕР

105 жыл бұрын (1905-1965) зоолог-териолог, биология ғылымдарының докторы, профессор АФАНАСЬЕВ Александр Васильевич дүниеге келді.

Орал қаласында туған. Ленинград мемлекеттік университетін және КСРО ҒА-ның аспирантурасын бітірген.

Қазақ КСР ҒА Зоологиялық институты зоогеография зертханасының аға ғылыми қызметкері, меңгерушісі, құрлық омыртқалылары секторының меңгерушісі қызметтерін атқарды.

Афанасьев Қазақстан сүтқоректілерінің систематикасы, географиясы, тіршілік етуі жайлы жазылған белгілі еңбектердің авторы.

Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет Белгісі» ордендерімен және медальдармен марапатталған.

65 жыл бұрын (1945) «Костанайские новости» ЖШС-нің директоры-бас редакторы, тарих ғылымдарының кандидаты, социология ғылымдарының докторы, профессор, Халықаралық ақпараттану академиясының мүшесі ХАРЧЕНКО Сергей Васильевич дүниеге келді.

Украинаның Житомир облысында туған. Дзержинск құрылыс училищесін, Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін (әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) бітірген.

Қостанай облысы Жетіқара асбест комбинатында, көптиражды «За асбест» газетінің штаттан тыс тілшісі, «Ленинский путь» облыстық газеті редакторының орынбасары қызметтерін атқарған. Қазіргі қызметінде - 1992 жылдан бастап.

«Социальное настроение общества», «Социальное настроение», «Полвека переломов: в судьбе, государстве, политике», «Журналистика: профессия, призвание или политика?», «И каждый день и целый век» (Петр Чернышпен бірге), «Казахстан: от суверенитета к мировой конкурентоспособности» атты монографиялар мен кітаптардың, 200-ден астам ғылыми еңбектердің авторы.

Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Бұқаралық ақпарат жөніндегі Қоғамдық кеңесінің, Қазақстан Халықтары Ассамблеясының, «Нұр Отан» ХДП Саяси кеңесінің, Қазақстан Журналистер Конгресі атқару комитетінің мүшесі, Халықаралық орыс баспасөз кеңесінің мүшесі, Халықаралық конфедерациялық журналистер одағының мүшесі, Қазақстан Журналистер одағы Қостанай филиалының төрағасы.

«Құрмет» орденімен, «Қазақстанның құрметтi журналисi» белгісімен және көптеген медальдармен марапатталған.

ШІЛДЕНІҢ 8-І, БЕЙСЕНБІ

ОҚИҒАЛАР

155 жыл бұрын (1855) Есет батыр жасақтары А.Жантөрин сұлтанның лагеріне шабуыл жасап, оны өлтірді. Бұл көтерілістің шығуына Арал теңізінің батыс жағындағы Үлкен және Кіші Борсықты, Сам құмын, Сағыз, Жем өзендері бойын мекендеген шекті руына түтін салығын салу, әскери мақсат үшін күш-көлік алу, бекініс салынуы салдарынан мал жайылымының тарылуы себеп болды. 1858 жылы қыркүйекте Сам құмында жеңілген Есет батыр көтерілістен бас тартып, патша үкіметіне адал қызмет етуге уәде берді.

90 жыл бұрын (1920) Семей уезінің Долонская станциясы мен Канонерское селосында революцияға қарсы шыққан кулактар бүлік бастады. Оларды азық-түлік салғыртына наразы болған орта шаруалардың біразы қолдады. Бүлік бастағандар «Коммунистерсіз советтер үшін!», «Еркін сауда үшін» деген ұрандар көтерген.

5 жыл бұрын (2005) Астанада Сыртқы істер министрлігінде «ХХІ ғасыр: Әлем саясаткерлері Н.Ә.Назарбаев туралы» кітаптың таныстырылымы болды.

Бұл кітапта мемлекет басшылары мен саясаткерлердің, дін қайраткерлерінің, зияткерлік және іскерлік әлемнің Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев туралы пікірлері жинақталған.

1 жыл бұрын (2009) Ұлттық банктің Астанадағы орталық филиалына «OLУMPIC GAMES 2010», «Ежелгі қорған қазыналары. Берел қорғаны» сериясынан - «Жыртқыш пен бұғы» және «Жалаулы көмбесі» коллекциялық шақалары келіп түсті.

«Жалаулы көмбесі» шақалары 999/1000 сынамалы, «proof» сапалы алтыннан жасалған, салмақтары 0,5 және 1,24 грамм. Олардың ішіндегі үлкенінің құны - 8500 теңге, кішісінің құны - 4500 теңге. «Жыртқыш пен бұғы» шақасы да осы сынамадан жасалған, құны да осындай.

«OLУMPIC GAMES 2010» шақасы 925 сынамалы күмістен жасалған, салмағы - 31,1 грамм, диаметрі - 38,61 мм.

1 жыл бұрын (2009) Павлодар облысының Ақсу қаласында салтанатты жағдайда Қазақстан Ғылым Академиясының тұңғыш президенті Қаныш Сәтбаевқа ескерткіш ашылды.

Ғалымның мүсіні қаланың басты көшесіне орнатылды. Ескерткіш авторы павлодарлық мүсінші Игорь Соболев мүсіндік портретте атақты жерлесін барынша шынайы көрсетуге тырысқан.

ЕСІМДЕР

120 жыл бұрын (1890-1974) суретші, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері (1960) ГОВОРОВА Елизавета Антоновна дүниеге келді.

Ресей Федерациясында туған. 1907-1915 жылдары Санкт-Петербордағы Өнер тарихы интернатында оқыған.

Говорованың шығармашылық қызметі Қазақстанмен тығыз байланысты болды. Негізінен көп қырлы пейзажшы ретінде танылды. Оның қаламұшпен, тушьпен, сангинамен, қорғасынды қарындашпен әсем табиғат көріністерін салған суреттері бояулардың үйлесімділігімен, сызбалары мен штрихтарының ойнақылығымен ерекшеленеді.

«Қазақстанның таулы пейзажы» суреттер топтамасының («Шоқыдағы шыршалы орман», «Сарқырама жартасы», «Тас құрсаудағы бәйтерек», «Жар шетіндегі шыршалар»), «Қазақстанның шөптері» топтамасының («Ошаған ханзада», «Серуен», «Музыкант шегіртке», «Шөптер шілтері», «Таудағы тұман», «Ежелгі Каллиералар орны», «Көкек айы», Қашу») авторы.

40 жыл бұрын (1970) Қостанай облысы Жетіқара ауданының әкімі ИСПЕРГЕНОВ Қуандық Хайдарұлы дүниеге келді.

Қостанай облысында туған. Рудный индустриалдық институтын, Қостанай әлеуметтік академиясын бітірген.

Жетіқара ауданы халық шаруашылық объектілерінің қызмет үйлестіруші бойынша қалалық басқармасының бас маманы, Жетіқара аудандық пошта торабы байланысының бастығы, аудан әкімінің орынбасары, Жетіқара политехникалық колледжінің сауда директоры, Қостанай облысы Жетіқара аудан әкімінің орынбасары қызметтерін атқарған. Қазіргі қызметінде - 2008 жылдың қарашасынан.

«Құрмет» орденімен марапатталған.

ШІЛДЕНІҢ 9-Ы, ЖҰМА

Миғраж түні. Пайғамбар жеті көкке көтерілген түн (Мұсылман мейрамы).

619 жылғы Миғраж түнінде пайғамбарымыз хазіреті Мұхаммед Меккедегі әл-Харам мешітінен Құддыстағы (Иерусалим) әл-Ақса мешітіне бір сәтте исра жасады (түнгі сапар арабтарда «исра» деп аталады). Одан Миғражға, яғни жеті қат көкке көтеріліп, дүниеден өткен барлық пайғамбарлармен кездесіп, үнемі құлшылықта жүретін періштелермен жолықты. Құдіретті Жаратушымыздың түрлі белгі-аяттарын көріп, Онымен тілдесті. Бес уақыт намаз осы түнде парыз етілді.

ОҚИҒАЛАР

3 жыл бұрын (2007) Атырау мемлекеттік университеті жанындағы археология-этнографиялық орталықтың кезекті экспедициясының мүшелері сармат дәуірінен жеткен алты обаны тапты.

Сармат дәуіріне қатысты бірнеше көне құмыра, ежелгі халықтың басқа да тұтынған ыдыс-аяқтары Атырау облысының Қызылқоға ауданынан табылды.

1 жыл бұрын (2009) Астанада ТМД бірінші автомобильдің тозған шиналарын өңдейтін зауыт іске қосылды.

Зауыттың қуаты - жылына 21 мың тонна резеңке үгінділері. Зауыттан шыққан резеңке үгінділері спорт, балалар алаңдары, стадион беттерін жабуға, жол үсті белгілерін, жаяу жүргіншілер жолдарының жабындысын, теміржолдарды, жол жиектемелері және құдықтардың қақпақтары жасап шығаруға пайдаланылады.

Германия технологиялары қолданылған жобаны Қазақстан даму банкі қаржыландырды.

1 жыл бұрын (2009) Астанада 254 көлік құралына есептелген көпқабатты жерасты тұрағы ашылды.

Автотұрақ Республика даңғылы бойындағы №7 мекен-жайында орналасқан. Жаңа автотұрақ жалпы ауданы 10112 шаршы метрді құрайтын 4 қабаттан тұрады.

Нысан тұрақ қызметі үшін ақы төлеуге болатын жартылай автоматтандырылған неміс техникасымен жабдықталған.1 жыл бұрын (2009) «Қазпошта» АҚ Қазақстан Республикасының аумағында «Ежелгі Қазақстанның қаруы және қару-жарағы» топтамасының көркемдік маркасын айналымға енгізді.

Маркада XVIII ғасырдағы батырдың қалқаны бір топ жауынгердің бейнесінде бейнеленген. Марка төрт бояуда офсет, бұғылап тесу тарақты әдiсi бойынша орындалған, өлшемі 50 х 38 мм, ал тиражы 30 мың дана. Суретшi - Данияр Мұхамеджанов. Маркалар Пекиннің (ҚХР) пошталық төлеу таңбалар фабрикасында басып шығарылған.

ЕСІМДЕР65 жыл бұрын (1945-1998) инженер-экономист НОСИКОВ Николай Тимофеевич дүниеге келді.

Ресей Федерациясында туған. Новосібір темір жол көлігі инженерлерінің институтын, Алматы жоғары партия мектебін бітірген.

Қазақстанның Лениндік коммунистік жастар одағының Шемонайха райкомының бірінші хатшысы, Шығыс Қазақстанның обком партиясының нұсқаушы, «Алтайсвинецстрой» парткомы хатшысы, Өскемен қалалық атқару комитетінің төрағасы, Өскемен қалалық партия комитетінің бірінші хатшысы, қалалық кеңестің төрағасы, Өскемен қалалық әкімшілігінің басшысы, «Экспресс» АҚ ұйымдастыру дирекциясы бастығының орынбасары, Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары қызметтерін атқарған.

Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің 12-шақырылымындағы депутаттыққа кандидат.

«Құрмет Белгісі» орденімен және медальдармен марапатталған.

ШІЛДЕНІҢ 10-Ы, СЕНБІ

Халықаралық кооперативтер күні. 1992 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясы 1995 жылғы шілденің бірінші сенбісін - 700 миллионнан астам адамды біріктіретін Халықаралық кооперативтік альянстың жүзжылдығын тойлау мақсатында - Халықаралық кооперативтер күні (желтоқсанның 16-сындағы №47/90 қарары) деп жариялады.

1994 жылы Бас Ассамблея кооперативтердің әлеуметтік-экономикалық дамудың қажетті құралына айналғанын ескере отырып, жыл сайын осы күні атап өтуді ұсынды (желтоқсанның 23-індегі №49/155 қарары).

Халықаралық кооперативтер күнінің мақсаты - әлем қоғамдастығының назарын кооперативтерге аудару және халықаралық кооперативтік қозғалыс пен басқа да, үкіметтер мен барлық деңгейдегі үкіметтік емес ұйымдарды қоса есептегендегі, субъектілер арасындағы әріптестік байланыстарды кеңейте түсу.

ОҚИҒАЛАР

45 жыл бұрын (1965) Маңғышлақ мұнайының бірінші эшелоны мұнай өңдеу өнеркәсібіне жөнелтілді.

18 жыл бұрын (1992) Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетінің қаулысымен Алматы қаласындағы Қазанның 50 жылдығы атындағы спорт сарайы ақын, әнші және композитор Балуан Шолақ есімімен аталатын болды.

3 жыл бұрын (2007) Тараздың металлургиялық зауытында алғаш рет күкіртсиликомарганеці балқытылған №5 пеші іске қосылды. Бұл болат балқыту және құю өнеркәсібінде пайдаланатын темір марганецтің және кремнидің қоспалы қорытпасы.

1 жыл бұрын (2009) Қостанай облысының Жетіқара қаласында ауған соғысының ардагерлеріне арналған ескерткіш ашылды.

Ескерткіш қаланың ортасындағы бульварда орналасқан. Төрт метрлік ескерткіште әскери тапсырманы орындап қайтып келе жатқан жауынгерлердің бейнесі бейнеленген. Ескерткіштің авторы - Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Құбай Ахмет Құсайынұлы.

1 жыл бұрын (2009) Алматы облысындағы Талғар ауданы Еламан ауылында «Қазақстан-Қытай» газ желісі алғашқы бөлігінің дәнекерлеу жұмыстары аяқталды.

Бұл жоба Түрікменстанның табиғи газын Қазақстан аумағы арқылы Қытайға жеткізу мақсатында жүзеге асырылуда. Сонымен қатар, Қазақстанның батыс өңіріндегі табиғи газды Қытайға, Қызылорда, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан, Алматы облыстары мен Алматы қаласына тасымалдау жүзеге асырылады.

Газ құбыры Өзбекстан мен Қазақстан шекарасынан басталып, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Алматы облыстарының аумағынан Қытаймен шекаралас Қорғас бекетіне дейін жеткізіледі. Құбыр желісінің жалпы ұзындығы 1304,5 шақырымды құрайды.

ЕСІМДЕР

105 жыл бұрын (1905-1970) кеңес жазушысы, КСРО Педагогика Ғылым академиясының корреспондент мүшесі, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты КАССИЛЬ Лев Абрамович дүниеге келді.

Саратов облысы Энгельс қаласында туған. Мәскеу мемлекеттік университетінің физика математика факультетін бітірген.

Шығармалары 1925 жылдан бастап жарияланды. 1928-1937 жылдары - «Известия» газетінің тілшісі, фельетонисті, арнаулы тілшісі. В 1937-1942 жылдары - «Мурзилка» журналының жауапты редакторы қызметтерін атқарған.

Ұлы Отан соғысы кезінде Мәскеу және Орал қалаларындағы мектептерде, мекемелерде, әскери бөлімдерде, радиода сөз сойлеген. 1947-1948 жылдары КСРО Жазушылар одағының балалар әдебиеті жөніндегі комиссияның төрағасы болған. Ол кеңес балалар әдебиетінің дамуына үлкен үлес қосты. «Кондуит», «Швамбрания» повестерінде 1917 жылғы Қазан оқиғаларын суреттесе, ал «Республика қақпашысы» кеңес спортының адамдарының өміріне, «Черемыш - батырдың інісі», «Қымбатты балаларым» кітаптарында кеңес жастарының өмірін суреттеуге арнаған. Оның елеулі туындылары - «Ұлы бетпе-бет» романы мен М.Поляновскиймен бірігіп жазған «Кенже ұлдың көшесі» повесі КСРО Мемлекеттік сыйлығын алған. Кассиль шығармалары көптеген шетел тіліне және ТМД халықтары тілдеріне аударылған. Кейінгі жылдары М.Горкий атындағы Әдебиет институтында оқытушылық қызмет атқарған. Саратов облысы Энгельс қаласындаКассиль Лев Абрамович атындағы мұражай жұмыс істейді.

Төрт орденмен және медальдармен марапатталған.

ШІЛДЕНІҢ 11-І, ЖЕКСЕНБІ

Дүниежүзілік халықтың өсіп-өнуі күні. 1989 жылы «Біріккен Ұлттар Ұйымы Даму бағдарламасының (ПРООН) Басқарушылар кеңесі» шілденің 11-де осы күнді атап өтуге ұсыныс жасады, өйткені 1987 жылғы шілденің 11-де Жер тұрғындарының саны 5 миллиард адамнан асты, ал бұл 1990-ыншы жылдан атап өтіледі.

Бұл күннің мақсаты - халықтың өсіп-өнуі мәселелеріне, жалпы даму бағдарламаларына, жалпы мәселелердің шешімін іздеуге назар аударту.

2050 жылға қарай, БҰҰ мәліметтері бойынша, Жер халқының саны 9 миллиардтан астам тұрғындарды құрамақ, соның ішінде 7,8 миллиарды дамушы елдерде өмір сүреді (қазіргі кезде - 5,3 миллиард). Ал, еуропалық нәсілдер мөлшері қысқарады, бұл туудың төмендеуімен ғана емес, этникааралық және нәсіларалық некелердің ұлғаюымен де түсіндіріледі.

Дүниежүзілік шоколад күні. 1995 жылы алғашқы рет француздар шоколад күнін ойлап тапты. Шоколадты жасауды бірінші ацтектер үйренді деген пікір қалыптасқан. Олар оны «құдайлар асы» деген. Еуропаға алғаш жеткізілген Испан конкистадорлары бұл тәттіге «қара алтын» деген атау берді, және оны дене күшін нығайтуға және шыдамдылық үшін пайдаланды. Біраз уақыттан кейін Еуропада шоколадты ақсүйектер әулеті ғана пайдаланды. Танымал әйелдер шоколадты афродизиак деп есептеді. Терезаның анасы шоколадқа құмары болды, ал Помпадур ханым шоколад қана құмарлықты оятады деп сенген. Тек 20-шы ғасырдың басында шоколадты өндіретін өндіріс пайда болғаннан бастап, ақсүйектер әулетіне жатпайтын адамдар да шоколадты рақаттана пайдаланды.

Қазіргі заман ғылымының айтуы бойынша шоколадта демалуға көмек көрсететін, психологияны орнына келтіретін элементтері бар. Шоколадтың күңгірт түрі эндорфинді тудырады, эндорфин - бақыт гормоны, ол қуаныш орталығына әсер етіп, көңіл-күйді жақсартады. Шоколадтың «ракқа қарсы» күшті әсері бар деген болжам да бар және ағзаның қартаюын тежейтін қасиеті бар.

ОҚИҒАЛАР

5 жыл бұрын (2005) Елбасы «Теңізде мұнай операцияларын жүргізу кезінде өнімді бөлу жөніндегі келісімдер туралы» Заңға қол қойды. Қабылданған заң мұнай-газ саласындағы өнімді бөлу шарты негізіндегі келісімдерді жүзеге асыруда Каспий теңізінің қазақстандық аумағында және Арал теңізінде мұнай операцияларын жүргізу құқығын берумен байланысты құқықтық қатынастарды үйлестіреді.

3 жыл бұрын (2007) облыстық мәслихаттың шешімімен Ақтөбе облысындағы 11 ауыл және 2 ауылдық округтің атауы өзгертілді.

Атап айтқанда, ауылдардың «орыс тілді» атаулары бұрынғы қазақша атауын немесе атақты ақтөбелік және қазақстандықтардың атын алды. Осылайша, Ақтөбенің іргесіндегі Новостепановка ауылы - Кеңес Нокин атындағы ауыл, Алға ауданының Березовка ауылы - Қайыңдысай ауылы, Қобда ауданының Вознесеновка, Пятигорка және Қызылту ауылдары - Қурайлы, Бестау және Егіндібұлақ ауылы деп аталатын болды. Атақты композитор Шәмші Қалдаяқовтың аты Қарғалы ауданының Александровка ауылына берілді. Осы ауданның тағы 2 ауылы - Эрзерум мен Бородиновка - Сарыбұлақ және Қайрақты деп өзгертілді. Сондай-ақ Мартөк ауданының Новомихайловка ауылы енді Байнассай ауылы, Казанка ауылы - Қазан ауылы, Мұғалжар ауданының Юбилейный ауылы Алтынды ауылы деп аталатын болды. Алға ауданының Ключевой округі - Үшқұдық ауылдық округі, Қобда ауданының Белогорский ауылдық округы - Бестау ауылдық округі деп өзгертілді.

1 жыл бұрын (2009) Елбасы Н.Назарбаев «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ақпараттық-коммуникациялық желілер мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ақпараттық-коммуникациялық желілер арқылы ел аумағында ақпарат таратумен байланысты қарым-қатынастарды мемлекеттік реттеу жүйесін жетілдіруге бағытталған Заңға қол қойды.

ЕСІМДЕР

110 жыл бұрын (1900-1980) энтомолог, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор ХАРИН Сергей Александрович дүниеге келді.

Алматы қаласында туған. Санкт-Петербордың зоология және фитопатология институтын бітірген.

Қазақ өсімдік қорғау ғылыми-зерттеу институты фитопатология зертханасының ғылыми қызметкері, меңгерушісі, Қазақ ауыл шаруашылық институтының энтомология кафедрасының оқытушысы, доценті, профессоры, кафедра меңгерушісі қызметтерін атқарған.

Ол қозаның өсімдігінің, жеміс дақылдарының зиянкестерін жоюдың механикалық тәсілдерін өндіріске ұсынған.

«Справочник по борьбе с вредителями сельскохозяйственных культур в Казахстане» анықтамалығының авторы.

40 жыл бұрын (1970) Ақмола облысы Егіндікөл ауданының әкімі СҰЛТАНОВ Болат Ибрагимұлы дүниеге келді.

Ақмола облысының Есіл ауданында туған. Қазақ мемлекеттік аграрлық университетін, «Тұран» университетін бітірген.

Ақмола облысы Атбасар аудандық әкімі аппаратының құқық жөніндегі бас маманы, аудандық салық комитетінде, Ақмола облысы Жақсы ауданы әкімінің орынбасары қызметін атқарған. Қазіргі қызметінде - 2007 жылдың қыркүйегінен.

Соңғы жаңалықтар