ҚазАқпарат-Анонс: Тамыздың 10-ы мен 15-і аралығындағы оқиғалардың күнтізбесі

ҮКІМЕТ
Тамыздың 10-ында Сыртқы істер министрлігінде ЦАРЭС көлік дәлізін қайта жаңарту жобасы бойынша займ туралы алмасу ноталары түріндегі келісімге қол қою рәсімі болады.
ҚОҒАМ
Тамыздың 11-інде мұсылман әлемінің маңызды мерекелерінің бірі - Қасиетті Рамазан айы басталады . Қасиетті Рамазан айында ораза ұстау биыл тамыздың 11-інен қыркүйек айының 11-іне дейін жалғасады. Ал берілетін садақа мөлшері - 100 теңге.
Қазақстан Республикасы ІІМ-нің әкімшілік полиция комитеті ағымдағы жылдың 26 шілдесі - 11 тамызы аралығында мүдделі мемлекеттік органдардың, үкіметтік емес ұйымдардың, жұртшылық пен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерін тарта отырып, «Зорлық-зомбылықсыз отбасы» акциясын өткізеді.
Тамыздың 9-ы мен қыркүйектің 9-ы аралығында Венадағы Палфи сарайында «Ұлы Жібек жолы» жобасының аясында қазақстандық реставратор-суретші Қырым Алтынбековтың археологиялық жаңартылған жәдігерлері мен шығармашылық туындылары, сондай-ақ Қазақстанның қазіргі заманғы суретшілерінің көшпелі көрмесі таныстырылады.
СПОРТ
Тамыздың 10-ы мен 14-і аралығында Астанада Қазақстан Республикасы Президентінің Кубогы үшін хоккейден бірінші халықаралық турнир өтеді. Хоккей жанкүйерлері асыға күткен бұл сайыс елордадағы «Қазақстан» Спорт сарайында өтеді. Президенттің Бірінші Кубогы үшін өтетін бұл сайысты «Нұр Отан» халықтық демократиялық партиясы мен Қазақстанның шайбалы хоккей федерациясы ұйымдастырып отыр. Турнирдің ақпараттық демеушісі - «Нұр Медиа» медиахолдингі. Турнирға төрт елдің, атап айтқанда Ресей Федерациясы, Латвия, Беларус Республикасы мен Қазақстанның командалары қатысады.
Тамыздың 11-і күні «Астана-Арена» стадионында Қазақстан-Оман футбол құрамаларының жолдастық кездесуі өтеді.
Тамыздың 25-26-сында Астанада Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының мини-футбол бойынша өткізіліп жатқан чемпионаттың финалдық ойындары өтеді. Оған өңірлерде өткен түйісу жарыстарының жеңімпаздары қатысады.
АСТАНА
Маусымның 29-ы мен қыркүйектің 1-і аралығында ҚР Тұңғыш Президентінің мұражайында «Назарбаев және Қазақстан» атты көрме өтеді
Тамыздың 10-ында «Нұр Отан» партиясы Орталық аппаратының кеңсесінде «Дағдарыстан кейінгі әлемде ЕҚЫҰ-ны жаңартудың басымдықтары» деген тақырыпта семинар болады.
Тамыздың 10-ында «Арман» бизнес-орталығында Вьетнамның Қазақстандағы елшісімен кездесу өтеді.
Тамыздың 10-ында Ұлттық академиялық кітапханада ҚР Президентінің Әкімшілігі басшысының орынбасары М.Әшімбаев үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерімен кездеседі.
Тамыздың 10-ында «Іскер» бизнес-орталығында «Жастар ортасындағы конфессияаралық өзара іс-қимылдар» деген тақырыпта «дөңгелек үстел» отырысы өтеді.
Тамыздың 10-ында Тұңғыш Президент мұражайында «Мұсылман әлемінің көріністері» көрмесі ашылады.
Тамыздың 10-ында «Қазақстан» спорт сарайында Қазақстан Республикасы Президентінің Кубогы үшін өтетін Хоккейден бірінші халықаралық турнирдің ашылу салтанаты болады.
Тамыздың 15-19-ы аралығында Астана қаласында «Заңғар» шығармашылық бірлестігінің ұйымдастыруымен «Тәуелсіз ұрпақтың 20 жылдығы» атты ІІІ Республикалық «Қаламгер - Азамат» жас тілшілер форумы өтеді. Форумның басты мақсаты - жастарды отансүйгіштікке, елжандылыққа шақыра отырып, олардың жүрегіне патриоттық сезім орнатуға үлес қосу. Өскелең ұрпақтың кәсіби біліктілігін шыңдайтын, заманауи заңдылықтарды меңгеруге мүмкіндік туғызу. Ақпараттық тәжірибе алмасу бағытында түрлі салада қалам тербетуге, журналистиканың қыр-сырын үйренуге талпынған жас буынның басын қосып, жинау болып табылады.
АЛМАТЫ
Тамыздың 10-ында Алматы қалалық Оқушылар сарайында «Тәуелсіз ұрпақтың 20 жылдығы» атты ІІІ республикалық «Қаламгер - Азамат» жас тілшілер форумын өткізуге арналған баспасөз-конференциясы өтеді. Ал форум тамыз айының 15-19-ы аралығында Астанада өтеді.
Тамыздың 10-ында Алматы әкімдігінде Қазақстан-Иран іскерлік кеңесінің бірінші мәжілісі өтеді.
Тамыздың 10-ында О.Сүлейменов атындағы Әлеуметтік-гуманитарлық институтта «Жапония мен Қазақстанның ядролық қайғысы қайталанбауы керек» деген тақырыпта «дөңгелек үстел» отырысы болады.
Тамыздың 10-ында Абай ескерткішінің алдында ұлы ақынның 165 жылдығына арналған «Абай оқулары» өтеді.
ШЫҒЫС ҚАЗАҚСТАН
Тамыздың 9-13-і аралығында Курчатов қаласында ҚР Ұлттық ядролық орталықтың базасында «Ядролық сынақтар мен олардың салдарын мониторингілеу» тақырыбында халықаралық конференция өтеді.
БАТЫС ҚАЗАҚСТАН
Тамыздың 10-ында «Өрт сөндіруші» АҚ-ның өрт сөндіру жөніндегі мамандандырылған бөлімі Қарашығанақ газ конденсаты кенішінің аумағында өрт сөндіру және апаттық-құтқару шаралары бойынша кешенді жаттығу өткізеді.
ПАВЛОДАР ОБЛЫСЫ
Тамыздың 9-ы мен 13-і аралығында Баянауылда Ұлттық БАҚ өкілдерінің форумы өтеді.
ЕЛЕУЛІ ОҚИҒАЛАР. АТАУЛЫ КҮНДЕР. ЕСІМДЕР
ТАМЫЗДЫҢ 10-Ы, СЕЙСЕНБІ
Эквадорда тәуелсіздік күні. Эквадор 1809 жылғы 10 тамызда испан колониясынан өздерінің тәуелсіздігін жариялады.
Эквадор Республикасы - Оңтүстік Американың солтүстік-батысында орналасқан мемлекет. Құрамына Галапагос аралы кіреді. Астанасы - Кито қаласы. Мемлекет және үкімет басшысы - президент. Заң шығарушы органы - Ұлттық конгресс.
ОҚИҒАЛАР
15 жыл бұрын (1995) Семей қаласында Абайдың жаңа мәдени-тарихи және аумақтық-мемориалдық кешен салтанатты түрде ашылды. Кешенге жаңа мұражай мен қайта өңдеу өткізілген Абайдың өзі тәлім алған медресе мен мешіт кіреді.
5 жыл бұрын (2005) ХІХ ғасырда Абай Құнанбаевтың аталары жерленген Шығыс Қазақстан облысы Ақшоқы ауылының аумағында ұлы ақын, философ, ағартушының 160-жылдық мерейтойына арналған қара мәрмәрдан жасалған ескерткіш тасы орнатылды.
Ұйымдастырушысы - «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясының өкілдері. Шараның мақсаты - ескерткіштер мен қасиетті жерлер аумағын және Қазақстан халқына рухани мағынасы бар орындарды қалпына келтіру.
3 жыл бұрын (2007) Өскеменде А.Пушкин атындағы облыстық кітапханада қала күніне орайластырылған «Туған күніңмен, сүйікті қалам!» атты кітап көрмесі өтті.
Қаланың үш жүз жылдық тарихы келушілерге кітап түрінде, жергілікті ақындардың өлеңдер жинағы және пайдалы қызықты мәліметтер ретінде ұсынылған. Бүгiнгi Өскеменнiң фотопортретi Шығыс Қазақстаны туралы сәндi суреттер альбомдардың беттерiнде бейнеленген.
Көрме Өскеменнің тарихымен қазiргi заманғы зерттеулерін еске түсiруге мүмкiндiк береді.
1 жыл бұрын (2009) Ақмола облысының Щучинск қаласында жаңа мешіт ашылды.
Ашылу салтанатына Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Әбсаттар қажы Дербісәлі қатысты.
Мешіте ортақ бөлмеден басқа үш намазхана, және қосалқы бөлмелер бар.
ЕСІМДЕР
165 жыл бұрын (1845-1904) ұлы ақын, философ, ағартушы, композитор ҚҰНАНБАЕВ Абай дүниеге келді.
Қазіргі Шығыс Қазақстан облысының Абай ауданында туған. Ол ауылдағы Ғабитхан молдадан сауат ашып, 10 жасында Семей қаласындағы Ахмет Риза медресіне оқуға барған. Мұнда араб, парсы тілдерін үйреніп, дін сабақтарын оқумен қатар Низами, Науаи, Сағди, Хафиз, Физули, т.б. шығыс классиктерінің шығармаларымен танысады. Медресенің үшінші жылында Семейдегі «Приходьская школаға» түсіп, 3 ай оқиды.
Сол кезден бастап А.С.Пушкин, М.Ю.Лермонтов, Л.Н.Толстой, И.А.Крылов, Ф.М.Достоевский, М.Е.Салтыков-Щедрин шығармаларын оқып, Гете, Дж. Байрон мұраларына ден қояды. 13 жасында әке ықпалымен оқудан қол үзіп, әкімшілік билікке араласады. Отаршыл Ресейдің қол астындағы халқының ауыр тағдырын көріп өседі. 1875 жылы Қоңыркөкше елінде өткен сайлауда жеңіске жетіп, 1878 жылға дейін болыс болды. Қазақ халқының дәстүрлі ел билеу жоралғыларын, әдеп-ғұрып заңдарын жетік білетін Абай ел ішіндегі әр алуан әкімшілік-құқықтық реформаларға белсене араласады. Егде тартқан шағында әкімқара биліктен, атқамінерліктен іргесін аулақ салып, шығармашылықпен ғана шұғылданған.
Оның көптеген шығармаларында Адам, Болмыс және Ғалам тақырыбы, сондай-ақ, абсолюттік ақиқат сыры тұрақты орын алады. Ол терең ғибратты ой-толғамдарға толы өлеңдермен қатар жастық ауан, ғашықтық сезімді, табиғат көріністерін, адамның жан дүниесін көркем тіл, бейнелі теңеу, психологиялық шендестіру арқылы шеберлікпен, төгілте жырлаған ақын. Ол дәстүрлі қазақ поэзиясына құрылымдық, стильдік және көркемдік тұрғыдан сонылық алып келді. Әсіресе, оның ғақлиялары - «Қара сөздеріндегі» көркемдік шеберлік пен ғылыми пайымдарды астастырған философиялық ой-толғамдары жалпы адамзаттық гуманистік-әлеуметтік мұраттарға ұласып жатады. Абай - қазақтың музыкалық өнеріне де мол мұра қалдырған тұлға. «Желсіз түнде жарық ай», «Айттым сәлем, қаламқас», «Көзімнің қарасы», «Сегіз аяқ», «Қараңғы түнде тау қалғып», т.б. әндері арқылы ұлттық әуен-сазға жаңа түр, тың ырғақ, өзгеше өлшем қосты.
Абайдың мазмұны терең, көркемдігі жоғары өлеңдері мен поэмалары («Масғұт», «Ескендір», «Әзім»), қара сөздері мен аудармалары сан рет жарық көріп, қазақ еліне тарады, көптеген шетел тілдеріне аударылды.
Елімізде ұлы ақынға жасалған құрмет ерекше. Абай атында қала, аудан, Семей, Қарқаралы қалаларында, Жидебайда әдеби-мемориалдық мұражайлар бар. Астанада, Алматыда және тағы басқа да қалаларда театрларға, көшелерге ақын аты беріліп, ескерткіштер орнатылған. Абай атындағы шың, асу бар. Сонымен қатар Абай қоры жұмыс істейді. Фильмдер, көркем шығармалар, зерттеулер жазылған. Қазақтың классик жазушысы М.Әуезовтың бас кітабы - «Абай жолы» ұлы ақынға арналған. Бұл эпопея дүниежүзі халықтарының 116 тіліне аударылған.
75 жыл бұрын (1935-1993) ғалым, техника ғылымдарының докторы, профессор ДАНИЯРОВ Асылхан Нұрмұхаметұлы дүниеге келді.
Қарағанды облысы Нұра ауданында туған. Қарағанды политехникалық институтын, Мәскеу кен институтының аспирантурасын бітірген.
1958-1961 жылдары - «Қарағандыкөмір» комбинатының «Октябрькөмір» тресі шахтасында кен мастері, механик. 1964-1968 жылдары Қарағанды политехникалық институтында ассистент, аға оқытушы, доцент, зертхана меңгерушісі, кешкі және сырттай оқу жөніндегі проректоры болған. 1968 жылдан өмірінің соңына дейін осы институттың өнеркәсіп көлігі кафедрасының меңгерушісі қызметін атқарған.
Оның жетекшілігімен 22 адам кандидаттық дисертация қорғаған. 200-ге жуық ғылыми жұмысы жарияланып, өнертапқыштығы үшін 37 авторлық куәлік алған. Сонымен қатар 1 монографиясы, 14 оқу құралы және 18 ғылыми-методикалық еңбегі жарық көрген. Негізгі ғылыми еңбектері мен өнертабыстары механикаландыру құралдарын және оларды пайдаланудың өзіне тән шарттарын ескере отырып бағалау тәсілдерін жасауға және жетілдіруге арналған.
1994 жылдың сәуір айында қазіргі Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінің Өнеркәсіп көлігі кафедрасына профессор Асылхан Нұрмұхамбетұлы Данияров есімі беріліп, бейнетақта орнатылды. Сонымен қатар жыл сайын профессор А.Н.Данияров атындағы стипендия тағайындалады. Ол бір студент пен бір аспирантқа беріледі.
ТАМЫЗДЫҢ 11-І, СӘРСЕНБІ
Қасиетті Рамазан және мұсылмандардың бес парызының бірі - Оразаның басталу күні.
Рамазан - мұсылман күнтізбесінің тоғызыншы айы. Бұл айда мұсылман қауымы ораза тұтады, оны парсы тілінде «Рузе», түрік тілінде - «ураза», ал қазақ тілінде «ораза» деп атайды. Ораза тұтуды 624 жылы Мұхаммед пайғамбар белгілеп кеткен. «Ораза» деген сөздің мағынасы «алыстау» деген ұғымды білдіреді. Шариат бойынша ораза тұту дегеніміз, таң сәріден күн батқанша дейін тамақ пен судан, басқа да тән ләззатынан еркін түрде бастарту. Ораза - мұсылманға берілген бес парыздың үшіншісі. Ораза тұту Қасиетті Құран Кәрімнің аяттарында жазылған.
Мұсылмандар осы айда ораза тұтады, тұрып намаз оқиды, Құран оқуларына қатысады, зекет пен садақа береді. Сонымен олар өздерінің жүректеріне имандылық ұялатып, рухани тазаланады, өйткені дәл осы айда адамдарға Қасиетті Құран Кәрімнің бірінші аяттары жіберілген болатын.
ОҚИҒАЛАР
15 жыл бұрын (1995) Жидебай қорығында салынған «Абай мен Шәкәрім күмбездері» мемориалының ашылу салтанаты болды.
Кешеннің жалпы ауданы: 180 де 60 метр. «Абай мен Шәкәрім күмбездері» маңғышылақтың ақ кірпіштерінен салынған және сыртынан қарағанда өлшемдерімен ғана ерекшелінеді: (ұзындығы-ені) 37 де 9 метр және 35 те 7 метр. Жобаның авторы - Бек Ибраев.
Мемориалдың жанында ақ киіз үйлер тігіліп театрландырылған көрініс және үлкен концерт болып өтті.
5 жыл бұрын (2005) Орал көшелерінің біріне белгілі қоғам және мемлекет қайраткері Мұстахим Ықсановтың есімі берілді.
Мұстахим Ықсанов (1926-1991) Батыс Қазақстан облысы Жәнібек ауданының Борсы ауылында дүниеге келген. 1975-1986 жылдар аралығында КОКП Орал облыстық комитетінің бірінші хатшысы қызметінде аймақты ойдағыдай басқара отырып, қала сәулетіне ерекше көңіл бөлді. Қазақ КСР Министрлер Кеңесі төрағасының орынбасары қызметін атқарған. Бірнеше мемлекеттік сыйлықтардың иегері. Мұстахим Ықсанов тұрған үйде ескерткіш тақта және оның атындағы мектептің алдында бюст орнатылған.
3 жыл бұрын (2007) Павлодар қаласында Ресей Федерациясы Ғылым академиясының жоғары марапаттары салтанатты түрде табыс етілді.
Павлодар қаласының әкімі Бәкір Демеуов денсаулық сақтау саласының дамуына қосқан үлесі, әлеуметтік мәні бар дәрі-дәрмек өнімдерінің отандық өндірушілерін қолдағаны үшін Ресей Ғылым академиясының Ұлы Петр орденімен марапатталды. Сондай-ақ, «Ромат» фармацевтикалық компаниясының президенті Тұрарбек Рақышқа және вице-президент, химия ғылымдарының докторы Күнназ Баймұхановаға «Рихлокаин» антиаритмикалық анестезия жаңа бірегей препараты мен туберкулезге қарсы жаңа буын дәрісін жасағаны үшін Ломоносов атындағы орден берілді.
Ресей Федерациясы Ғылым академиясының жоғары марапаттарын Биомедициналық проблемалар ғылыми-зерттеу институтының директоры, Ресей Ғылым Академиясының академигі Анатолий Панов тапсырды.
1 жыл бұрын (2009) БҰҰ-ның Нью-Йорктегі штаб-пәтерінде «Ядролық қаруға жол жоқ» атты қазақстан-жапон көрмесінің салтанатты ашылуы болды.
Қазақстан мен Жапонияның БҰҰ жанындағы тұрақты өкілдіктері көрмені ядролық қарусыздану жөніндегі шаралардың аясында және келесі жылы өтетін Ядролық қаруды таратпау жөніндегі келісімшартқа қатысушы елдердің Шолу конференциясы қарсаңында өткізіп отыр. Семей сынақ алаңындағы ядролық сынақтардың тоқтатылуының 20 жылдығы мен Халықаралық «Невада- Семей» қозғалысының құрылуына арналған.
Көрме жұмысында Қазақстан Республикасы Ұлттық ядролық орталығы және Орталық мемлекеттік мұрағат мағлұматтары қолданылған.
Көрмені ұйымдастыруға Семей, Хиросима және Нагасаки қалаларының әкімшіліктері, Сәулеге ұшырағандардың денсаулығы мәселелері жөніндегі Хиросима Халықаралық кеңесі, Қазақстанның Ұлттық ядролық орталығы мен Орталық мемлекеттік мұрағаты қатысты.
Көрменің ашылу салтанатына БҰҰ-ға мүше елдердің, БҰҰ Хатшылығының, АҚШ-тың қоғамдық-саяси және іскер топтарының өкілдері, қазақстандық диаспора мен бұқаралық ақпарат өкілдері қатысты.
ЕСІМДЕР
85 жыл бұрын (1925-1983) Кеңес Одағының Батыры КРОНИТ Альберт Викторович дүниеге келді.
Шығыс Қазақстан облысы Семей қаласында туған. Орталау мектепті, Балтық әскери-теңіз авиациялық училищесін бітірген.
1943 жылдың тамызынан Ұлы Отан соғысына қатысып, Танкке қарсы қарудың көздеушісі, 60-шы Орталық майданның 75-ші гвардиялық атқыштар дивизиясы, 241-ші гвардиялық атқыштар полкі танкке қарсы қарудың нысанашысы, гвардияның кіші сержанты болған. А.Кронит 1943 жылы 24-ші қыркүйекте Глебовка ауылының маңында Днепрден өтіп, өзі екі танкті өртеп жібереді, жараланғанына қарамастан жау пулеметін тартып алып, шабуылдаушы гитлершілерді атып, қоян-қолтық айқаста бірнеше фашистің көзін құртады.
Кеңес Одағының Батыры атағы 1943 жылдың 17 қазанында берілді. Соғыстан кейін әскери-теңіз авиациялық училищесін бітіріп, Балтық және Солтүстік флоттарында қызмет еткен. 1949 жылдан запастағы аға лейтенанты.
Ленин орденімен, 2-дәрежелі Отан соғысы ордендерімен және медальдармен марапатталған.
ТАМЫЗДЫҢ 12-І, БЕЙСЕНБІ
Жастардың халықаралық күні.
Жастар істері жөніндегі министрлердің Бүкіләлемдік конференциясының (Лиссабон, 1998 жылғы тамыздың 8-12 аралығы) ұсынысымен мақұлданған БҰҰ Бас Ассамблеясының қарарына сәйкес 1999 жылғы желтоқсанның 17-нен бастап атап өтіледі.
Тайландта аналар күні (Ханшайымның туған күні). Тамыздың 12-інде Тайландта Ұлы мәртебелі Сирикит ханшайымның туған күніне арналған мереке өтеді. Бұл тек барлық тай халқының маңызды мерекесі ғана емес, сонымен қатар Аналар күніне орайластырған ұлттық мереке. Бұл күні ханшайымға арналып концерттер, әртүрлі іс-шаралар өткізіліп, спорттық жетістіктер көрсетіліп, жаңа қайырымдылық ұйымдар құрылады.
ОҚИҒАЛАР
13 жыл бұрын (1997) Душанбе қаласында Мұхтар Әуезовтың туғанына 100 жыл толуы аталып өтті.
Әуезов Мұхтар Омарханұлы (1897-1961) - қазақ әдебиетінің классигі, жазушы, қоғам қайраткері, филология ғылымының докторы, профессор, Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген ғылым қайраткері. Қазіргі Шығыс Қазақстан облысының Абай ауданында туған.
3 жыл бұрын (2007) Астанада Адам құқықтары және Еуропалық құқық институтының директоры Марат Башимовтың «Новый Казахстан в новом мире» атты кітабының таныстырылымы болды.
2002 жылдың тамызында омбудсмен институтын - адам құқығын қорғайтын мемлекеттік органды құру туралы шешім қабылданды. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің бағдарламасы бойынша шығарылған кітап елімізде құрылған институттың омбудсмен жұмысынның талдауына арналған
3 жыл бұрын (2007) Атырауда «Где единство, там и процветание» атты халық өнерінің фестивалі өтті.
Ұйымдастырушылары - «Нұр Отан» Халықтық демократиялық партиясы және Қазақстан халықтарының Ассамблеясы.
Фестиваль шығармашылық жарыс ретінде өтті, оған Атырау облысында жұмыс істейтін барлық ұлттық-мәдениет орталықтарының өкілдері қатысты.
Негізгі мақсаты Қазақстанда тұратын әр түрлі халықтардың салт-дәстүрлерін және құндылықтарынның мәртебесін жоғарлату болып табылады.
Фестивальде армяндар, башқұрттар, грузиндер, қазақтар, кәрістер, немiстер, орыстар, татарлар, украиндер және тағы басқа ұлт өкілдері өз өнерлерін паш етті.
1 жыл бұрын (2009) «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ мен «Мемлекеттік қызметтің персоналын басқару ұлттық орталығы» АҚ арасындағы ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойылды.
Қол қойылған ынтымақтастық жөніндегі меморандум стипендиаттардың оқу тәжірибесін мемлекеттік орган мен ұйымдарда өткізуге, мемлекеттік қызмет саласында карьералық бастамалар үшін стипендиаттарға тренинг ұйымдастыруға, мемлекеттік қызметке орналасқан стипендиаттарға бағыт-бағдар беруге ықпалдасады.
ЕСІМДЕР
45 жыл бұрын (1965) Қазақстан Республикасының Парламентi Мәжілiсінің Аппараты заң шығару бөлімiнiң меңгерушісi ТІЛЕУХАН Наркес Төлекқызы дүниеге келді.
Шығыс Қазақстан облысы Шұбартау ауданында туған. С.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін (әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) бітірген. 1987-1994 жылдары - Әуезов аудандық атқару комитеті әлеуметтік қамсыздандыру бөлімінің инспекторы, Алматы қалалық атқару комитетінің бақылау бөлімінің есепші-тексерушісі, Алматы қалалық әлеуметтік қамсыздандыру басқармасының зейнетақы бөлімінің бастығы, Қазақ КСР Әлеуметтік қамсыздандыру министрлігінің жиынтық-талдау бөлімінің бастығы, Қазақстан Республикасы Халықты әлеуметтік қорғау министрлігі зейнетақымен қамсыздандыру бас басқармасының бастығы. 1994-1995 жылдары - Қазақстан Республикасы Жоғарғы кеңесі аппараты заң шығару сараптама бөлімінің сектор меңгерушісі, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесі Аппаратының уақытша жұмысшының заң жобалары жөніндегі жұмыс тобының басшысы. 1995-1998 - жылдары Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің заң шығару және құқық экспертизасы бөлімі меңгерушісінің орынбасары. 1998-2000 жылдары - Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі Аппаратының заң шығару бөлімінің меңгерушісі. 2000-2002 жылдары - Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі Аппараты заң шығармашылығы және мониторинг орталығы директорының орынбасары. 2002-2004 жылдары - Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі Аппаратының заң жобасы жұмысы орталығының директоры, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі Аппараты ақпараттық-талдау жұмысы бөлімінің меңгерушісі қызметтерін атқарған. Қазіргі қызметінде - 2004 жылдан.
«Ерен еңбегі үшін», «Қазақстан Конституциясына 10 жыл», «Қазақстан Республикасының Парламентіне 10 жыл», «10 жыл Астана» медальдарымен марапатталған.
ТАМЫЗДЫҢ 13-І, ЖҰМА
Солақайлардың халықаралық күні.
1984 жылы Халықаралық солақайлар конфедерациясының бастамасымен атап өтіледі.
Әлем тұрғындарының 10 пайызға жуығы - солақай. Солақайлардың қатарында Юлий Цезарь, Жанна д׳Арк, Наполеон, Уинстон Черчилль, Микеланджело, Рафаэль, ағылшын королевасы Елизавета, Бетховен, Мэрилин Монро, Грета Гарбо сынды танымал тұлғалар бар.
Тунисте әйелдер күні.
Тунисте 1956 жылғы 13 тамызда әйелдер құқық субъектілері ретінде танылған Манифест қабылданды. Бұл күні әйелдердің тәуелсіздігі атап өтіледі.
ОҚИҒАЛАР
90 жыл бұрын (1920) бірінші қазақ ақпарат агенттігі, қазіргі «ҚазАқпарат» ұлттық компаниясы» АҚ-ы 1920 жылы РОСТА-ның Орынбор-Торғай бөлімшесі негізінде құрылды. 1925 жылы - агенттік аты ҚазРОСТ болып өзгертілді. 1937 жылы - ҚазТАГ деген атпен Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің қарауына берілді. 1997 жылы қыркүйектің 10-ында Қазақстан Республикасы Президентінің №3629 Жарлығымен «Қазақ ақпарат агенттігі (ҚазААГ)» республикалық қазыналық кәсіпорны болып өзгертілді. 2002 жылы қарашаның 8-інде, Қазақстан Республикасы Үкіметінің №1186 қаулысына сәйкес ҚазААГ негізінде «Қазақ ақпарат агенттігі» Ұлттық компаниясы («ҚазАқпарат» ҰК) құрылды. 2008 жылы шілденің 3-інде Қазақстан Республикасы Үкіметінің №668 қаулысына сәйкес «Арна Медиа» Ұлттық ақпараттық холдингі» акционерлік қоғамының құрамына кірді.
Әр жылдары агенттіктің басшылары болғандар: ҚазТАГ-тың бірінші басшыларының бірі Вятич-Кириллов Аркадий Иванович; журналист, қоғам қайраткері Қасым Шәріпов; жазушы, қоғам қайраткері Кәкімжан Қазыбаев; жазушы, филология ғылымының докторы, қоғам қайраткері Жұмағали Ысмағұлов; еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, қоғам қайраткері, Амангелді Ахметәлімов; Парламенттің ақпараттық-сараптамалық орталығының бастамашысы және авторы Мұрат Әренов; «Мир» мемлекетаралық телерадиокомпаниясының негізін қалаушы, Халықаралық журналистика академигі, ҚР Парламенті Мәжілісінің үшінші шақырылым депутаты Ғаділбек Шалахметов; мемлекет және қоғам қайраткері, доцент, философия ғылымдарының кандидаты Омаров Жанай Сейітжанұлы. Қазақ ақпарат агенттігінде әр жылдары еліміздің: Н.Оразбек, Ж.Түменбаев, А.Ротмистровский, Б.Аманғалиев, Н.Ыдырысов, В.Черкизов, С.Машаков, О.Еркімбаев, Н.Савицкая, Т.Дәулетов, Т.Есілбаев, А.Шағалақов және тағы басқа танымал журналистері, Т.Чапала, В.Венгловский, Г.Кошкинцев, Р.Дүйсенғалиев, И.Будневич секілді фотоқызмет шеберлері жұмыс істеді. «Қазақ ақпарат агенттігі (Қазақпарат)» Ұлттық компаниясы - бұл акциялар топтамасы 100% мемлекетке тиесілі ашық акционерлік қоғам.
Бүгінгі таңда компанияның 110-ға жуық қызметкері бар. Қазіргі уақытта «ҚазАқпарат агенттігі» Ұлттық компаниясы» Акционерлік қоғамы басқармасын Дияров Дәурен Кеңесұлы басқарады. 2005 жылдың желтоқсан айында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев сайлаудан кейін «Қазақпарат» ҰҚ» АҚ-ның кеңсесінде болды. «ҚазАқпарат агенттігі» жоғары билік буындарындағы тағайындаулар мен өзгертулер, президент жарлықтары мен үкімет қаулылары жөнінде мейлінше дәл ресми ақпарат беріп, республиканың барлық облыстарының экономикалық, мәдени ең соңғы жаңалықтарын ұсынады. Қазақстан, Орталық Азия, Еуразия Экономикалық қауымдастық, ТМД және Балтық жағалауы елдері жаңалықтары қазақ, орыс тілдерінде, сондай-ақ араб қарпінде қазақ тілінде, Қазақстан мен Орталық Азия жаңалықтары ағылшын тілінде жедел таратылып тұрады.
ҚазАқпарат - АТААҰ (Азия және Тынық мұхит елдерінің ақпарат агенттіктері ұйымы), ТААҰ (Түркі елдері ақпарат агенттіктері ұйымы) сияқты халықаралық қауымдастықтардың мүшесі. ҚазАқпарат - РАТА-ТАСС, «Жаңалықтар» РАА, Синьхуа, Би-Би-Си, Кабар, БелТА, УкрИнформ сияқты ақпарат агенттіктердің серіктесі. Бүгінде агенттік ТМД аумағында жұмыс істейтін 527 жаңалықтар веб-сайты рейтингінде алдыңғы қатарларға шығып отыр. «ҚазАқпарат» Қазақстандағы ең ірі және таралымы жоғары ақпарат агенттігі болып табылады. Елдің барлық облыстарында, Астана, Алматы, Ақтау, Атырау, Байқоңыр, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Павлодар, Петропавл, Тараз, Талдықорған. Орал, Өскемен, және Шымкент қалаларында меншікті тілшілері бар. Арнаулы тілшілер республикамызға стратегиялық маңызы бар таяу және алыс шетелдердің астаналары мен қалаларында - Нью-Йорк, Мәскеу, Бейжің, Брюссель, Ташкент, Бішкек және Санкт-Петербор мен Түменде арнайы тілшілер жұмыс істейді. Агенттік шет елдердегі тілшілер желісін одан әрі кеңейтуді жоспарлап отыр. «ҚазАқпарат» жаңалықтары агенттіктің - www.inform.kz, www.nkkazinform.kz, www.kazinform.kz - веб-сайттары арқылы қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде, араб қарпіндегі қазақ тілінде таратылады. Сонымен қатар қазақ тіліндегі жаңалықтар академик Ә.Қайдар әдісі нұсқасы негізінде латын қаріптерімен де беріледі. Осының арқасында шет елдерде тұратын және кирил әрпін білмейтін қандастарымыз өздерінің тарихи отандарында болып жатқан оқиғалардан хабардар болу мүмкіндігіне ие. Сонымен қатар ағылшын тіліндегі сайтты пайдаланушы елдердің қатарында Венгрия, Бельгия, Франция, Түркия, Польша, Нидерланд, Украина, Қырғызстан, Жапония, Сингапур, Израиль, Австрия және тағы да басқа мемлекеттер бар.
«ҚазАқпарат» ҰК» АҚ-ның негізгі ақпараттық өнімдері, жаңалықтар таспасы, сатып алушыларға жіберілетін негізгі ақпараттық топтамалар: «Таңғы жаршы», «Ресми жаршы», «ҚазАқпарат», «Қазақстан-бизнес», «ҚазАқпарат-анонс», «ҚазАқпарат-фото» фотожаңалықтар таспасы, «Атаулы күндер. Оқиғалар, Есімдер» ақпараттық күнтізбесі.
Қазіргі уақытта ҚазАқпараттың www.foto.inform.kz фотосайты жұмыс істейді. www.foto.inform.kz қызметінің негізгі бағыты - фотоөнімдерді дистанциялық сату.
ҚазАқпарат бүгінде On-line режимінде қазақ, орыс және ағылшын тіліндегі қазақстандық және әлемдік жаңалықтардың шұғыл, обьективті және эксклюзивті таспасы. Қазақстан Республикасының Президент Әкімшілігі, Үкімет, Мәжіліс, аумақтық мемлекеттік органдар, ұлттық қаржылық және өнеркәсіптік құрылымдар сияқты - мемлекеттік құрылымдардың қызметі туралы толық және нақты ақпарат беріп отырады.
Қазақстанның барлық аймақтарының, Орталық Азияның және әлемдік қауымдастықтың әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси өмірінің барлық салалары бойынша анық та сарапталған нақты ақпараттар береді.
Агенттіктің орталық кеңсесі Астана қаласында орналасқан.
«ҚазАқпараттың» Алматыдағы филиалы ірі мегаполистің, еліміздің қаржы және мәдени орталығының тіршілігінен жедел ақпарат беретін тәжірибелі журналистермен қамтылған.
7 жыл бұрын (2003) Павлодарда «Аутсайдер күнделігі» атты жастар журналының бірінші саны жарық көрді.
«Аутсайдер күнделігінің» шығарушысы - ақындар мен әдебиетшілерді, фотосуретшілер мен журналисттерді, жас суретшілерді біріктірген тәуелсіз Бірлескен жастар қоры.
7 жыл бұрын (2003) Батыс Қазақстан облысы Жаңақала аудан орталығынан 130 шақырым жердегі Бекетай құмдарында Исатай-Махамбет көтерілісшілерінің патша әскерімен шайқасқанына арналған ескерткіш орнатылды.
Дәл осы жерде 1837 жылғы қарашаның 15-інде күрескерлер бостандық үшін патша әскеріне қарсы тұрған тарихи Тастөбе шайқасы болды.
Көтерілісшілерді Исатай Тайманов пен Махамбет Өтемісұлы басқарды.
Ескерткіштің биіктігі 5 метр, ал салмағы 3 тонна. Исатай мен Махамбеттің басып алушыларға қарсы шыққан шайқасы туралы мәліметтер қабырғаға қашаланған.
3 жыл бұрын (2007) Батыс Қазақстан облысының Ақжайық ауданы Базартөбе ауылының әкімі Аманжол Сәлімов басқарған археологиялық және өлкетанушылық жұмыстары нәтижесінде ұлы ақын әрі батыр Махамбет отырған зынданның есігі табылды.
Төбесі дөңгеленіп өрілген, тік төрт бұрышты қабырғалары қыш-тастан қаланған бұл зынданның биіктігі 3, ені 4 метрдей болған. Ішіне кіргенде, тастан трапеция етіп өрілген баспалдақпен 1-1,5 метрдей төмен түсуге тура келеді. Жоғары жағында екі торлы терезе болған. Қабырғаларына тұтқынның қолын байлайтын темір шығыршықтар бекітіліпті. Есіктің жасалуы ерекше, ешқандай дәнекерлеуші құралсыз темірден түрлі ою-өрнектер салып, оны мықтап бекіткен.
Махамбет Өтемісовті (1804-1846) Орынбор губернаторының бұйрығы бойынша 1841 жылы Жылыой жағында казак-орыс әскері тұтқынға алады. Содан оны алдымен Гурьевке (Атырау) әкелген, сосын Калмыковқа (Тайпақ) жеткізген. Калмыковтан Оралға апара жатқанда Антон ауылындағы (қазіргі Атамекен ауылы) зынданға салып, бір түн «түнеткен».
3 жыл бұрын (2007) Қытайда қазақ жазушысы және драматургі, Атырау облысының тумасы Рахымжан Отарбаевтың төте жазумен және қытай тілінде жарық көрген «Соғыстың соңғы бомбасы» (қытай аудармасы - «Хэй Сюаньфэн») кітабының таныстырылымы өтті.
Жинаққа «Бәйтерек», «Американың ұлттық байлығы», «Жалғыздық», «Жайық туралы аңыз» және т.б. повестері мен тарихи әңгімелері кірді. Кітап Қытайда тұратын қазақтар қоғамының бастамасымен аударылып отыр.
1 жыл бұрын (2009) Өскеменде тамыздың 13-і мен 15-і аралығында Қазақстандағы беларустардың мәдениеті мен тарихының күндері өтті.
Бұл шара беларустардың Қазақстан жеріне қоныстана бастауының 100 жылдығына арналып отыр.
Беларустар XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың бас кезінде Қазақстанға қоныс аударуы 1861 жылы крепостнойлық құқықтың жойылуымен және «Село тұрғындары мен мещандарды қазына жерлеріне өз еріктерімен қоныс аудару» туралы заңның қабылдануымен байланысты. Көші-қон үдерісі столыпиндік аграрлық реформадан кейін және 1849 жылы Сібір темір жолы ашылғаннан кейін күшейе түскен.
1 жыл бұрын (2009) Оралда ақын Сағат Әбдіғалиевтің (1948-1984) «Жанымның жалғыз бұлбұлы» атты жаңа өлеңдер жинағы жарық көрді.
Кітап «Ақ Жайық қаламгерлерінің кітапханасы» топтамасы шеңберінде «Ағартушы» баспасынан басылып шықты. Жинақтың тиражы - мың дана.
Кітапты баспаға дайындаған және құрастырған журналист, ақындар Ғайсағали Сейтақ және Қазыбек Құттымұратұлы. Жинаққа ақынның бұрынғы және соңғы өлеңдері енді.
ЕСІМДЕР
100 жыл бұрын (1910-1987) ғалым, тарих ғылымдарының докторы, профессор ДАУЫЛБАЕВ Нәби Нұғыманұлы дүниеге келді.
Ақмола облысының Целиноград ауданынында туған. Қазақ педагогикалық институтын (Абай атындағы Қазақ ұлттық педогогикалық институт) бітірген.
Ақмола қаласында педагогикалық техникумның оқытушысы, мектеп директоры, Қазақ КСР Оқу халық комиссариатының бөлім меңгерушісі, Қазақ мемлекеттік университетінде доцент, декан, кафедра меңгерушісі, профессор-консультант қызметтерін атқарған.
Ғылыми жұмысының негізігі бағыты - Қазақстан көмір өнеркәсібінің даму тарихы, осы салада жұмысшы табы кадрларының қалыптасуы.
75 жыл бұрын (1935-1978) жазушы, аудармашы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі ЖАНҰЗАҚОВ Тельман дүниеге келді.
Алматы облысы Райымбек ауданы Нарынқол ауылында туған. С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін (қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін) бітірген.
Еңбек жолын 1965 жылы «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш) газетінің әдеби қызметкері болып бастады. Осы газетте бөлім меңгерушісі, бас редактордың орынбасары, 1967-1971 жылдары «Правда» газетінің Қазақстандағы тілшісі, 1972-1974 жылдары екі тілде шығатын «Ара» журналының бас редакторы, 1974 жылдан өмірінің соңғы күндеріне дейін «Қазақфильм» киностудиясы директорының орынбасары, директоры, Қазақстан Кинематографистер одағының екінші хатшысы қызметтерін атқарған.
«Ради жизни на земле», «Олимпийский факель», «Азаматтар» атты кітаптардың авторы. Швейцар жазушысы Ф.Дюрематтың «Сот пен жендет» повесін, Америка жазушысы Ф.Купердің «Могиканның соңғы тұяғы», А.Толстойдың «Инженер Гариннің гиперблоиды» романдарын қазақ тіліне тәржімалады.
Оның есімі Алматы облысы Райымбек ауданының Нарынқол ауылындағы орта мектепке берілген.
ТАМЫЗДЫҢ 14-І, СЕНБІ
Португалия корридасының туған күні.
Жыл сайын тамыздың 14-інде Абиуле қаласында ұлттық дәстүрдегі португалиялық коррида мерекесі атап өтіледі.
Коррида - бұл тек жарыс қана емес, сонымен қатар ер жүрек адамдардың қатысуымен спорт пен өнердің, көрініс пен шеберліктің тамаша үйлесімділігі.
Кабальеро атпен жарысқа шығады, ал фуркадуш - жаяу жауынгерлер жарысқа кіріседі, ол кезде бұқаны фарпамен - ұзындығы екі сантиметрдей ұзын үшкір күршекпен жаралайды. Оның ауырғаны, қолға ине тығып алғандай. Жаттығу алдында бұқаның мүйізіне арнайы былғарыдан жасалған, соқтығыстарды жеңілдететін қаптар кигізіледі. Ол фуркадушты қателік жасаған сәттерде құтқарып қалады. Жарысқа қатысушылардың тек ер жүрек қана емес, сонымен қатар көзі мінсіз, қозғалысы жылдам және салқын қанды болу керек.
Ресейде денешынықтырушылыр күні. Ресейде жыл сайын тамыз айының екінші сенбісінде атап өтіледі.
ОҚИҒАЛАР
7 жыл бұрын (2003) тамыздың 14-17 аралығында Мәскеудегі Бүкілресейлік көрме орталығында Қазақстанның ұлттық көрмесі болып өтті.
Ұлттық көрмеге Қазақстанның әр аумағынан келген 200-ге тарта фирмалар мен компаниялар қатысты. Көрме республикамыздың экономика, ғылым және технология, тағы да қазақ халқының тарихы мен мәдениетті: ұлттық дәстүр және ұлттық тағамдар туралы, қазіргі сурет және сәндік-қолданбалы өнері туралы айтатын көп салалы тақырыпта көрсетілген.
5 жыл бұрын (2005) Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қырғыз елордасындағы Қазақстан елшілігінің жаңа ғимаратын ашты.
Елбасы Қырғызстанда Қазақстан Республикасының елшілігін ашу туралы Жарлыққа 1993 жылғы 9 қаңтарда қол қойған болатын. Қазақстанның Қырғыз Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі - Исабаев Бейбіт Өксікбайұлы.
3 жыл бұрын (2007) Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Ғылым мен техника, әдебиет пен өнер саласындағы Қазақстан Республикасының мемлекеттік сыйлықтары туралы» Жарлыққа қол қойды.
3 жыл бұрын (2007) Қызылорда облысы Сырдария ауданы О.Мәлібаев атындағы ауылы мектебінің алдында қызмет атқару кезінде қаза болған, полиция лейтенанты Талғат Қозыбаевқа арналған ескерткіш орнатылды. Оның есімі ауылдың бір көшесіне берілді.
Талғат Қозыбаев 1978 жылы дүниеге келген, 2003 жылы Тартоғай ауылының полиция учаскелік инспекторының қызметін атқарған. Қызметін атқару кезінде, бұзақылардан жас ауылдасын қорғап қаламын деп өзі қаза болды. Сол жылдың желтоқсан айында полиция лейтенанты Талғат Қозыбаев Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен екінші дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталды.
1 жыл бұрын (2009) Үндістанның Дж.Неру атындағы университетте қоғамдық, аналитикалық және студенттік ортаның және жергілікті БАҚ-тың қатысуымен «Заманауи Қазақстан: алға бағытталған жол» атты кітаптың тұсау кесу рәсімі болып өтті.
Кітапта, Қазақстанның әлеуметтік-саяси және экономикалық процесстері туралы Қазақстанның жетекші сараптамашыларының мақалалары және Қазақстан мен Үндістан арасындағы екі жақты қарым-қатынастар дамуы жарияланған. Бұл кітап 2009 жылдың қаңтарында Қазақстан Республикасы Н.Назарбаевтың Үндістанға жасаған мемлекеттік сапарына арналған.
ЕСІМДЕР
105 жыл бұрын (1905-1977) оториноларинголог, медицина ғылымдарының докторы, профессор, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген ғылым қайраткері ЕЛАНЦЕВ Борис Владимирович дүниеге келді.
Томск қаласында туған. Томск мемлекеттік медицина университетін бітірген.
1940 жылдан Қазақ медицина институтында құлақ, мұрын, көмей аурулары кафедрасының доценті, меңгерушісі, кеңесшісі болды. 1960 жылдары Қазақ КСР Денсаулық сақтау министрлігінің бас оториноларингологы.
Негізгі ғылыми зерттеулері оториноларингология мәселелеріне арналған. Ол бірқатар арнайы емдеу құралдарын, ауыртпалық сезімін жоятын «Ринокаин» дәрісін жасап, дәрігерлік жұмыста пайдаланды.
50 жыл бұрын (1960) Шығыс Қазақстан облыстық білім беру басқармасының бастығы, педагогика ғылымдарының докторы, профессор НӘБИЕВ Ерсаин Ахметуәлиұлы дүниеге келді.
Өскемен қаласында туған. Өскемен педагогикалық институтын (С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университеті) бітірген.
Өскемен қаласындағы № 25 мектебінің тарих пәнінің мұғалімі, Өскемен педагогикалық институтының оқытушысы, Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінде ғылыми-зерттеу секторы бастығының орынбасары, Қазақстан Республикасының ғылымдарының Ұлттық Академиясының Шығыс бөлімінің ғылыми хатшысы, Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің проректоры, Шығыс Қазақстан классикалық университетінің ректоры, Қазақстан-Американдық Еркін университетінің вице-президенті қызметтерін атқарған. Қазіргі қызметінде - 2009 жылдың 5 қазанынан.
Алпыстан астам ғылыми еңбектері, сонымен қатар монография мен оқу құралдары бар. С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің Құрметті профессоры.
«Астанаға 10 жыл» мерейтойлық медалімен, «Қазақстан Республикасы білім берудің құрметті қызметкері» Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінің төсбелгісімен, Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың алғыс хаттарымен марапатталған.
45 жыл бұрын (1965) профессор, география ғылымдарының докторы, Алтынсарин атындағы Білім Академиясының академигі, Қостанай мемлекеттік педогогикалық институтының ректоры БАЙМЫРЗАЕВ Қуат Маратұлы дүниеге келді.
Алматы облысының Жамбыл ауданында туған. С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін (әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) және оның аспирантурасын бітірген.
1991-1997 жылдары - С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университеті ректорының көмекшісі. 1997-2004 жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің студенттік мәселелер жөніндегі проректоры, жалпы және өндірістік-шаруашылық жұмыстар жөніндегі проректоры, география факультетінің деканы. Қазіргі қызметінде - 2004 жылдан.
50 аса ғылыми еңбегі жарияланған, соның ішінде «Платежи за пользование природными ресурсами» және «Экономический механизм природопользования» атты шығармалары бар.
ТАМЫЗДЫҢ 15-І, ЖЕКСЕНБІ
Спорт және туризм күні.
Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 2003 жылғы 15 қарашадағы Жарлығына сәйкес жыл сайын тамыздың үшінші жексенбісінде атап өтіледі.
Археолог күні.
Археология - тарих ғылымының көне дәуір мен орта ғасырдағы адамзат қоғамы дамуының заңдылықтары мен негізгі кезеңдерін зерттейтін саласы.
Археология термині жыл санауға дейінгі 4 ғасырда көне заманды зерттейтін ретінде қолданыла бастағанымен, ғылыми археологиялық зерттеулер Еуропада Қайта өркендеу дәуірінде ғана жүргізілген.
Үндістанда тәуелсіздік күні. Үнді елінің Ұлыбританиядан өз тәуелсіздік алған күні. 1947 жылдан бастап жыл сайын атап өтіледі. 1947 жылғы 15 тамызда Делиде елдің алғашқы Премьер-министрі Джавахарлалом Неру тәуелсіз үндістанның үш түсті жалауын алғаш рет көтерген болатын.
Үндістан - Оңтүстік Азияда орналасқан. Бангладеш, Бирма, Бутан, Қытай, Непал және Пәкістан елдерімен шектеседі. Астанасы - Дели. Мемлекеттік тілі - хинди. Ақша бірлігі - рупий.
Коста-Рикада аналар күні. Жыл сайын аталып өтіледі.
ОҚИҒАЛАР
18 жыл бұрын (1992) әдебиетші, қоғам қайраткері Сағат Әшімбаевтың тұрған үйіне орнатылған ескерткіш тақтаның ашылу құрметіне орай Алматы қаласы жұршылығының жиыны өтті.
Сағат Әшімбаев (1947-1991) Қазақстан Республикасының саяси қайраткері, әдеби сыншы, тележурналист, жазушы.
Алматы облысының Райымбек ауданында туған. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін бітірген.
Еңбек жолын 1969 жылы «Жас Алаш» газетінде әдебиет және өнер бөлімінің әдеби қызметкерлігінен бастаған. «Жұлдыз» журналынның бөлім меңгерушісі, «Жас Алаш» газеті редакторының орынбасары, «Жалын» баспасында қызмет істеген, ҚазТВ «Парыз пен Карыз» бағдарламасының жүргізушісі, Қазақ КСР Телевизия және радиохабарын тарату жөніндегі мемлекеттік комитеті төрағасының орынбасары, төрағасы қызметтерін атқарған.
«Сын мұраты», «Талантқа тағзым», «Парасатқа құштарлық», «Шындыққа сүйіспеншілік», «Ақиқатқа іңкәрлік» атты кітаптардың авторы. Алматы қаласының көшелерінің біріне оның есімі берілген. 1993 жылы Алматы облысының Райымбек ауданындағы Сағат Әшімбаев атындағы мектептің алдына оның мүсін-ескерткіші орнатылды.
14 жыл бұрын (1996) Қызылорда облысының Байқоңыр қаласында қазақтың ұлы ақыны, философы, ағартушы, композитор, қазақтың реалистік жаңа жазба әдебиетінің негізін қалаушы Абайға арналған ескерткіші ашылды.
3 жыл бұрын (2007) Павлодар облысы Қашыр ауылында алғаш рет ауылдық Халыққа қызмет көрсету орталығы (ХҚО) ашылды.
Ашылу шарасына облыс әкімі Қайрат Нұрпейісов қатысты. ХҚО - ауыл тұрғындарының әр түрлі құжаттарды рәсімдеу кезінде уақытын үнемдейді. Қазіргі заман стандарттарына сай салынған кең ғимаратта Қашыр ауданының барлық қызметтері - жылжымайтын мүлік орталығы, АХАЖ, заң және әлеуметтік тұрғыдан қамтамасыз ету қызметтері жұмыс істейді.
1 жыл бұрын (2009) Астанадағы әуежайдың аумағындағы жаңа футбол алаңының ашылу рәсiмі өттi.
Спорт алаңының ашылуы астаналық әуежай қызметкерлерін спорт рухына баулудың және салауатты өмір салтын ынталандырудың ең маңызды үлесі болып табылады.
ЕСІМДЕР
85 жыл бұрын (1925-1990) режиссер ҚОСЫБАЕВ Мұрат Жолдыбайұлы дүниеге келді.
Орал қаласында туған. Алматыдағы киноактерлер мектебін, Ташкент театр институтын бітірген.
Қазақ академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында, Қарағанды облыстық драма театрында бас режиссер қызметтерін атқарған.
Ол аталмыш театр сахналарында «Есірткен ерке» (Ш.Құсайынов), «Әпенде» (Н.Хикмет), «Ыбырай Алтынсарин» (М.Ақынжанов), «Бүліншілік» (Д.А.Фурмановтың романы бойынша), «Үйлену» (Н.В.Гоголь), «Қара қыпшақ Қобыланды» (М.Әуезов), «Беу, қыздар-ай!» (Қ.Шаңғытбаев пен Қ.Байсейітов), «Құдағи келіпті» (Қ.Мұхамеджанов), «Ақан сері - Ақтоты» (Ғ.Мүсірепов), т.б. спектакльдерді сахналады.
80 жыл бұрын (1930-1992) композитор, Қазақстанның халық әртісі, Қазақстанның қазіргі әнұранының авторы ҚАЛДАЯҚОВ Шәмші дүниеге келді.
Оңтүстік Қазақстан облысының Отырар ауданында туған. Сарыағаштағы Қапыланбек малдәрігерлік техникумын, Ташкенттегі музыка училищесін, Алматы мемлекеттік консерваториясын бітірген.
1950 жылдан бастап шығармашылық қызметпен айналысқан. Ол ұлттық музыка өнерінің ән жанрына аса айқын, соңғы леп ала келген сазгер ретінде танылды. Оның әндері құлаққа жағымды, жүрекке жылы қабылданып, жұртшылықтың сүйіспеншілігіне бөленді. Композитор шығармаларының тақырыптық, мазмұндық ауқымы аса кең. Елге, жерге, Отанға, ата-анаға, жарға, дос-жаранға деген сүйіспеншілік Шәмші шығармаларының басты тақырыбы. Оның азаматтық лирикаға тұнған, республикамыздың кең байтақ жерін жырға қосатын «Ақ ерке - Ақ Жайық», «Арыс жағасында», «Сыр сұлуы», «Теріскей», «Қарқаралы», «Өмір өзен», т.б. туындыларын жұртшылық ерекше ықыласпен қабылдады. Композитордың марш екпінді, жігерлі, шаттықпен шырқалатын «Менің Қазақстаным», «Бақыт құшағында», «Бәрінен де сен сұлу» сияқты әндері халық арасына кеңінен тарады.
1992 жылдан бастап сазгерлер мен әншілер үшін Қалдаяқов атындағы халықаралық байқау-фестиваль дәстүрлі түрде өткізіліп тұрады.
Шымкент қаласында облыстық филармония, бір көше, Алматы қаласында бір көше, композитор туған өлке - Шәуілдір ауылындағы музыка мектебі - Қалдаяқов есімімен аталады. Шымкент филармониясының алдына Қалдаяқов ескерткіші орнатылған 1991 жылы ол жайлы ғұмырнамалық «Жылдарым менің, жырларым менің» (режиссері Т.Ахметов) деген деректі телефильм түсіріліп, «Шәмшіғұмыр» естеліктер мен мақалалар жинағы жарық көрді.