ҚазАқпарат-Анонс: Тамыздың 23-і мен 29-ы аралығындағы оқиғалардың күнтізбесі

None
None
None

ҮКІМЕТ

Тамыздың 23-інде Сыртқы істер министрлігінде апталық брифинг өтеді.

Тамыздың 23-інде ҚР СІМ баспасөз орталығында «Вена - Еуропа жүрегі» атты жалпыұлттық сауалнама-байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі болады.

ПАРЛАМЕНТ

Қыркүйектің 1-інде ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысы шақырылды.

ҚОҒАМ

Тамыздың 11-інде мұсылман әлемінің маңызды мерекелерінің бірі - Қасиетті Рамазан айы басталды . Қасиетті Рамазан айында ораза ұстау биыл тамыздың 11-інен қыркүйек айының 9-ына дейін жалғасады. Ал берілетін садақа мөлшері - 100 теңге.

Тамыздың 9-ы мен қыркүйектің 9-ы аралығында Венадағы Палфи сарайында «Ұлы Жібек жолы» жобасының аясында қазақстандық реставратор-суретші Қырым Алтынбековтың археологиялық жаңартылған жәдігерлері мен шығармашылық туындылары, сондай-ақ Қазақстанның қазіргі заманғы суретшілерінің көшпелі көрмесі таныстырылады.

Тамыздың 21-і мен 27-сі аралығында «Дала қыраны-2010» арнайы-әдістемелік бітімгерлік жаттығулары өтуде.

СПОРТ

Тамыздың 19-ы мен 28-і аралығында Өскемен қаласында ерлер командалары арасында шайбалы хоккейден Қазақстан кубогі жолындағы жарыс өтіп жатыр. Турнирдің А тобында Қарағандының «Сарыарқа», Рудныйдың «Горняк», Көкшетаудың «Арлан», Астананың «Барыс» командалары, В тобында Атыраудың «Бейбарыс», Өскеменнің «Қазмырыш - Торпедо», Павлодар қаласының «Ертіс-Павлодар» және Сәтпаевтің «Қазақмыс» клубтары күш сынасатын болады.

АСТАНА

Маусымның 29-ы мен қыркүйектің 1-і аралығында ҚР Тұңғыш Президентінің мұражайында «Назарбаев және Қазақстан» атты көрме өтеді.

Тамыздың 10-ы мен қыркүйектің 30-ы аралығында Астанада Қазақстан Республикасының Ұлттық мұрағатының ұйымдастыруымен Қазақстан Республикасы Конституциясының 15 жылдығына арнап «Қазақстан Республикасының Конституциясы - тұрақтылық, келісім, өрлеу» атты құжаттық көрме өтуде.

Тамыздың 23-інде Астана әкімдігінде Қазақстан халықтарының Тіл фестивалін өткізу мәселесіне арналған баспасөз мәслихаты болады . Бұл күні содай-ақ Абай ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімі өтеді.

Тамыздың 23-інде «Ramada Plaza Astana» қонақүйінде ІІМ, Астана ІІД қызметкерлерінің, Қазақстандағы көші-қон жөніндегі халықаралық ұйым өкілдерінің қатысуымен «Адамдарды құлдыққа сатуды тоқтатайық!» акциясы өтеді.

Тамыздың 23-інде «Нұр Отан» партиясының орталық аппаратында тұрмысы төмен және көпбалалы отбасылардың балаларына мектеп жарақтарын табыс ету рәсімі болады.

Тамыздың 23-інде «Жасыл ел» республикалық штабының кеңсесінде «Жасыл десант» экспедициясының қорытындысына арналған баспасөз мәслихаты болады.

Тамыздың 23-інде елордадағы Абай ескерткішінің алдында «Абай күні» поэзия күні өтеді.

Тамыздың 25-26-сында Ұлттық медициналық холдинг ғимаратында Еуроодақ бағдарламаларының медицина және денсаулық сақтау саласындағы конкурстарына қатысу мәселеріне арналған семинар өтеді. Іс-шараны Еуроодақтың "EECAlink - Шығыс Еуропа және Орталық Азия елдерімен арадағы халықаралық ынтымақтастықты қолдау және ілгерілету» жобасының өкілдері жүргізеді. Семинардың мақсаты - FP7 бағдарламасының медицина және денсаулық сақтау саласындағы конкурстарына қатысу ережелерімен таныстыру және Қазақстанның медициналық ғылымының басымдықтарын талдау.

АЛМАТЫ

Тамыздың 21- 23-і күндері Алматыдағы «АтакентЭкспо» көрме кешенінде «LESHOW. Қазақстан-2010» 5-ші халықаралық тері және былғары көрмесі өтеді

Тамыздың 23-інде 12.00 сағатта «Алма-Ата» қонақ үйінің мәслихат залында «2011 жылғы 7 қысқы Азия ойындарын ұйымдастыру комитетінің атқарушы дирекциясы» АҚ президенті А.Құлназаров пен «Қазақстан туристік қауымдастығы» ЗТБ директоры Р.Шайкенова Өзара түсіністік және ынтымақтастық туралы келісімге қол қояды. Меморандумның мақсаты - Қазақстанда 2011 жылғы қаңтар-ақпанда 7 қысқы Азия ойындары өткізілу уақытында туристтік ағымын қалыптастыру. Іс-шараға Қазақстанның бастаушы туристік операторлары қатысады.

Тамыздың 24-інде №1 қалалық перзентханада «Қазақстанда жүрек мүкісімен туған нәрестелердің шетінеуін азайту бағдарламасы. Бала туғанға дейінгі диагностика» деген тақырыпта баспасөз мәслихаты өтеді.

Тамыздың 29-ында Ш.Айманов атындағы "Қазақфильм" АҚ -да түсірілген «Қызғылт қоян туралы аңыз» атты жаңа фильмнің премьерасы болады. Премьераға елімізге белгілі мәдениет қайраткерлері, танымал актерлар мен режиссерлар, продюссерлер мен отандық шоу-бизнестің жұлдыздары, сонымен қатар, фильмнің түсіру тобы мен киностудияның басшылары қатысады.

ШЫҒЫС ҚАЗАҚСТАН

Тамыздың 29-30-ы күндері Өскеменде халықаралық мүшәйра өтеді. Бұл халықаралық фестиваль Ата Заңымыздың қабылдануының 15 жылдығына, ұлы Абайдың 165 жылдығына және Өскемен қаласының 290 жылдығына арналған іс-шаралар аясында өткелі отыр.

ЕЛЕУЛІ ОҚИҒАЛАР. АТАУЛЫ КҮНДЕР. ЕСІМДЕР

ТАМЫЗДЫҢ 23-І, ДҮЙСЕНБІ

Халықаралық құл саудасы мен оны жою туралы еске түсіру күні.

Жыл сайынғы Халықаралық құл саудасы мен оны жою туралы еске түсіру күні ЮНЕСКО Бас конференциясының 29 С/40 қарарымен жарияланған. Мұндай шешім осы ұйымның Атқару комитетінің 150 сессиясының 8.2 қарарында жасалған ұсыныстар негізінде қабылданды.

Тамыздың 23-і Санто-Доминго аралында 1791 жылы тамыздың 22-нен 23-не қараған түні лап еткен даңқты құлдар көтерілісін есте қалдыру мақсатында таңдап алынған.

Украинаның Мемлекеттік Туы күні. Украина Президентінің Жарлығына сәйкес жыл сайын 23 тамызда атап өтіледі.

Беларусияда мемлекеттік статистика қызметкерлерінің күні. Жыл сайын 23 тамызда атап өтіледі.

ОҚИҒАЛАР

8 жыл бұрын (2002) Н.Ә.Назарбаев Қарағанды қаласының Құрметті азаматы атанды.

НазарбаевНұрсұлтан Әбішұлы. Алматы облысы Қаскелең ауданы Шамалған ауылында дүниеге келген.

Днепродзержинск техникалық училищесін, Қарағанды металлургия комбинаты жанындағы жоғары техникалық оқу орнын, Кеңес Одағы Коммунистік партиясы Орталық комитетіне қарасты Жоғары партия мектебін бiтiрген.

1960-1969 жылдары - Қарағанды металлургия зауытында жұмыс істеді.

1969-1973 жылдары - Қарағанды облысы Теміртау қаласындағы партия-комсомол жұмыстарында жауапты қызметтер атқарып, 1973 - 1977 жылдары - Қарағанды металлургия комбинатының партия комитетінің хатшысы, 1977 - 1979 жылдары - Қарағанды облыстық партия комитетiнiң хатшысы, 2-хатшысы қызметтерін атқарған.

5 жыл бұрын (2005) Шығыс Қазақстан облысы Глубокий ауданының Винное ауылының маңында жаңа ипподром ашылды.

Жаңа ипподромның көрермендерге арналған трибунасы 500 орынға есептелген, жүгіру алаңы - екі жарым километр. Жүгіру алаңының ені жарыстың он екі қатысушысына арналған.

3 жыл бұрын (2007) Астанадағы Конгресс-Холлда тәжік қылқалам шеберлерінің ең таңдаулы туындылары және фотосуреттер көрмесі болып өтті.

Ұйымдастырушысы - Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі және «Қазақ әуендері» АҚ.

Көрмеге 48 өнер туындысы қойылды. Жұртшылықтың назарына Лутфия Ашурованың «Таудағы көктем», «Табиғат көрінісі» атты қолдан тоқыған еңбектері, Заур Дахтенің «Ұйқыдағы Будда», ІІІ- V ғасырдағы «Ямчунь бекінісі» сияқты Тәжікстанның еңбек сіңірген суретшілері мен жас таланттардың елдің табиғатын, тұрмысын, саяси өмірін, ежелгі тарихын бейнелеген суреттері және фотосуреттері ұсынылды.

1 жыл бұрын (2009) Павлодарлық облыстық көркем мұражайында суретшi Камиль Катлеевтің көрмесi өттi.

Бұл суретшінің алғашқы көрмесі. Экспозицияларда 50-ден астам суреттер ұсынылған, онда Ертістегі күннің шығуы және батуы, жаздың ыстық күндері және қыстың көгілдір сәуле таратқан күндері бейнеленген.

Камиль Катлеев бейнелеу өнерін белгілі Иван Лагутиннiң изостудиясындағы шеберханасында алпысыншы жылдары оқыған. Кейінен оқуын Омск педагогикалық институтының сурет-графика факультетінде жалғастырған. Суретшінің жұмыстары облыстық, республикалық және бүкілодақтық көрмелерге қойылған.

ЕСІМДЕР

60 жыл бұрын (1950) Павлодар облысы Екібастұз қаласының әкімі НӘБИЕВ Нұрлан Абзалұлы дүниеге келді.

Павлодар облысында туған. Павлодар қаласының индустриалды институтын бітірген.

Еңбек жолын 1973 жылы Қалқаман жол машиналар зауытында бастап, онда 1990 жылға дейін аға мастер, конструктор, бас технологтың орынбасары, бас инженердің орынбасары, бас инженер, зауыт директоры, 1990-1992 жылдары - халық депутаттары Кеңесінің Ермак аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары, 1992-1995 жылдары - Павлодар әкімшілігі басшысы аппаратының бөлім меңгерушісі, 1995-1996 жылы - Павлодар облысы әкімінің сауда және өнеркәсіп департаменті бастығының орынбасары, 1996-1998 жылдары - Павлодар қаласы әкімінің орынбасары, 1998-1999 жылдары Павлодар қаласының Индустриалды ауданының әкімі, 1999-2003 жылдары - Павлодар облысы Ақсу қаласының әкімі, 2003-2006 жылдары - Павлодар облысының экономика департаментінің директоры, 2006-2007 жылдары - Павлодар облысының кәсіпкерлік және өнеркәсіп департаментінің бастығы қызметтерін атқарған. Қазіргі қызметінде - 2007 жылдың мамыр айынан.

«Құрмет» орденімен, «Астана» (1998), «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 10 жыл» (2001), «Қазақстан Республикасына 10 жыл» (2005) медальдарымен, «Изобретатель ССР» белгісімен марапатталған.

ТАМЫЗДЫҢ 24-І, СЕЙСЕНБІ

Украина Республикасының Мемлекеттік мейрамы - Тәуелсіздік күні.

1991 жылы 24 тамызда Украин КСР-і Жоғарғы Радасы Тәуелсіз Украина мемлекетін жариялады.

Украина - Шығыс Еуропада орналасқан мемлекет. Азов және Қара теңіздермен шайылады. Астанасы - Киев қаласы. Ресми тілі - украин тілі. Ақша бірлігі - гривна.

ОҚИҒАЛАР

18 жыл бұрын (1992) Қарағанды облысының Ақадыр ауданында қазақ батыры, қолбасшы, Кенесары ханның кеңесшісі Қоңырбайұлы Ағыбайдың туғанына 190 жыл болуына орай мерекелік салтанат өтті.

12 жыл бұрын (1998) Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Жарлығымен композитор Нұрғиса Тілендиевке «Халық Қаһарманы» атағы берілді.

Нұрғиса Тілендиев (1925-1998) - атақты композитор, білікті дирижер әрі домбырашы, Қазақстанның халық әртісі, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, КСРО халық әртісі, Халық ҚаһарманыАбай атындағы мемлекеттік академиялық опера және балет театрының (1953-1961), Қазақтың мемлекеттік Құрманғазы атындағы халық аспаптар оркестрінің (1961-1964) бас дирижері болған. 1981 жылы Қазақ мемлекеттік фольклорлық-этнографиялық «Отрар сазы» оркестрін ұйымдастырып, өмірінің соңына дейін оның жетекшісі болды. «Алтын таулар» операсының авторы (Қ. Қожамьяровпен бірлесіп жазған), «Достық жолымен» балетінің (Л. Степановпен бірлесіп), оркестрге арналған поэмалар «Ата толғауы», «Аққу», 40-шақты өлеңдер мен романстардың авторы. Ол 100-ге тарта спектакль, көркем және деректі, мультипликациялық фильмдерге музыка жазған.

5 жыл бұрын (2005) қазақстанның көрнекті саясат қайраткері, Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетовтың «Кентавры Великой степи» кітабы Мәскеуде өткен ТМД-ға мүше мемлекеттердің «Кітап өнері» атты II халықаралық көрмесінде байқаудың бас жүлдесін - «Гран-при» жеңіп алды.

5 жыл бұрын (2005) Алматыда белгілі ғалым, Қазақстан аграрлық экономикасының ұйымдастырушысы Темірхан Жақыповтың тұрған үйінің қабырғасына ескерткіш тақта орнатылды.

Темірхан Жақыпов (1912-2002) малшаруашылығы кешенін қалыптастыру және малшаруашылығын индустриалды негізге аудару бойынша қызмет атқарған. Ұлы Отан соғысына қатысқан, Калинин атқыштар полкінің, сосын Прибалтика майданының комиссары болған. 1-ші дәрежелі «Отан соғысы» орденімен және «Қызыл Жұлдыз», үш медальмен марапатталған. Әскерден кейін Қазақ КСР Ғылым академиясының ғылыми-зерттеу институтында, Экономика және ауыл шаруашылықты ұйымдастыратын ғылыми-зерттеу институтында қызметтер атқарған. 1967-1969 жылдары КСРО Ауыл шаруашылық министрлігінің тапсырмасымен Монғолияда жұмыс істеген, оның қызметі Құрмет грамотасымен және «Достық» медалімен белгіленген. 1971 жылы оған «Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген экономисі» атағы берілді.

1 жыл бұрын (2009) Алматыда «Эйр Астана» әуе компаниясы «Эйр Астана» - балаларға!» атты қайырымдылық жәрмеңкесін өткізді.

Жәрмеңке әуе компаниясы кеңсесінің жанында өтті. Қайырымдылық шара республикалық ұлттық әуе тасымалдаушы қызметкерлерінің күшімен ұйымдастырылған.

Жәрмеңкеде «Эйр Астана» қатынайтын әр түрлі елдердің ұлттық сувенирлері, қолдан жасалған әшекей бұйымдары, ыдыс-аяқтары, киім-кешектер, ұлттық тағамдары және тағы да басқа тауарлары қойылған 20 шатыр тігілген. Жәрмеңке аясында өткен аукционда балалар үйі мен зағиптар мектебінің тәрбиеленушілері жасаған бұйымдары сатылды. Әуе компаниясының қызметкерлері балаларға көмек ретінде балалар киімдерін, ойыншықтар, мектепке қажетті жабдықтарды берді.

Сатылымнан түскен қаражаттар №1 балалар үйіне және зағип және нашар көретін балалар мектебіне табысталды.

ЕСІМДЕР

120 жыл бұрын (1890-1985) акушер-гинеколог, медицина ғылымының докторы, профессор, Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген ғылым қайраткері МАЛИНИН Александр Иванович дүниеге келді.

Ресей Федерациясының Пенза облысында туған. Саратов университетін бітірген. 1916-1934 жылдары Кеңес Армиясы қатарында дәрігер, РКФСР-дің жоғары оқу орындарында оқытушы, ғылыми қызметкер. 1934 жылдан Қазақ медицина институтында акушерлік және әйел аурулары кафедрасының меңгерушісі. 1951 жылдан Ярославль, Саратов, Одесса медицина институттарында акушерлік және гинекология кафедрасын басқарды.

1 авторлық куәлік алған. Ол бедеу әйел денесіне жатыр түтігін ауыстырып салу әдісін, жаңа босанған және бала тастаған әйелдерді қағыну (сепсистік) ауруларынан сақтану жолдарын тауып, акушерлік және гинекология саласында қан құю мәселелерін зерттеді. Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет белгісі» ордендерімен және медальдармен марапатталған.

60 жыл бұрын (1950) «Жұлдыз» балалардың қоғамдық ұйымы одағы» қоғамдық бірлестігінің президенті, педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, Қазақстан Республикасының Құрметті білім беру қызметкері ДМИТРЕНКО Елена Александровна дүниеге келді.

Ақмола облысы Атбасар қаласында туған. Сейфуллин атындағы Целиноград мемлекеттік педагогикалық институтын, Қазақ педагогикалық институтының аспирантурасын бітірген.

1971-1972 жылдары - Целиноград қалалық орталықтандырылған кітапханасының кітапханашысы. 1972-1980 жылдары - орта мектептің шет тілі пәнінің мұғалімі, Целиноград педагогикалық институтының педагогикалық тәжірибенің меңгерушісі. 1980-1983 жылдары - Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының аспиранты. 1984-1994 жылдары - Целиноград педагогикалық институтының оқытушысы, педагогика және психология кафедрасының меңгерушісі, шет тілдері факультетінің деканы, ғылыми-әдістемелік жұмыстары жөніндегі проректоры, аға ғылыми қызметкері. 1994-1995 жылдары -Ақмола мемлекеттік университетінің доценті, Л. Н.Гумилёва атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры. 1995-2005 жылдары - Ақмола облыстық білім беру басқармасының бастығы. 2005-2010 жылдары - Ақмола облыстық білім беру департаментінің директоры, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі балалар құқы жөніндегі комитетінің адамның адамгершілік-рухани дамуы басқармасының бастығы, Қазақстан Республикасы Балалар қоғамдық бірлестігінің президенті, «Жұлдыз» балаларды әлеуметтік жағынан ынталандыру қорының қамқоршылық кеңесінің төрағасы, «Жұлдыз» қоғамдық балалар бірлестігі одағы» қоғамдық бірлестігінің президенті қызметтерін атқарған. «ЖасStar», «Ребёнок и право» республикалық ғылыми-әдістемелік журналдарының бас редакторы, Мәскеу қаласындағы Халықаралық балалардың қоғамдық қозғалысын зерттеу қауымдастығының мүшесі, Қазақстанның Балалар ұйымдарының одағының эксперттік кеңесінің мүшесі.

«Құрмет» орденімен, медалями «Астанаға 10 жыл», «Ыбырай Алтынсарин» медальдарымен марапатталған.

ТАМЫЗДЫҢ 25-І, СӘРСЕНБІ

Бразилия солдаттарының күні. Бразилия армиясының бас қолбасшысы, маршал Луис Альвес де Лима э Сильваның туған күніне орай жыл сайын атап өтіледі.

ОҚИҒАЛАР

15 жыл бұрын (1995) Алматы қаласында Президент Н.Ә.Назарбаев атындағы кубок үшін теннистен халықаралық турнир болып өтті.

5 жыл бұрын (2005) Алматыда, Қазақстан энергетиктерінің алғашқы кеңесі болып өтті.

Оған Қазақстанның барлық өңірінен келген өнеркәсіптік кәсіпорындардың 100-ден астам өкілдері, жақын және алыс шетелдерден келген энергетикалық жабдықтарды шығаратын кәсіпорындар, тағы да біздің еліміздің бірқатар министрлері қатысты.

Жұмыс барысында энергетика саласының заң шығару және нормативтік базасы, өнеркәсіптік кәсіпорындарын электрқуатымен қамтамасыз ету мәселелері және жаңа технологиялармен қазіргі заманғы жабдықтарды енгізу мәселелері талқыланды.

5 жыл бұрын (2005) Алматыда «Жеті Жарғы» баспасы Қазақстан Республикасы Конституциясының 10-жылдық мерейтойына орайластырған заңнама актілер жинағын және Қазақстан Республикасы Конституциясының сыйлық комплектісін басып шығарды.

Заңнама актілер жинағының құрастырушысы - белгілі ғалым, Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым Академиясының академигі Ғайрат Сапарғалиев. Жинақ қазақ және орыс тілінде жарық көрді, оның тиражы - 2500 дана.

Қазақстан Республикасы Конституциясының сыйлық комплектісі қазақ және орыс тіліндегі кішкентай кітапшадан тұрады, оның тиражы - 2000 дана. Тағы да сыйлық комплектісіне арнайы ыдыстағы қазақ, орыс және ағылшын тіліндегі кітап кіреді, оның тиражы - 1000 дана.

«Жеті Жарғы» баспаханасы 10 жылдан астам заң әдебиетін шығарады. Оның қызметінің негізгі бағыты - жаңадан қабылданған заңдарды, толықтырулар мен өзгертулерді, бұрын шыққан заңнама актілеріне толықтыруларды жедел түрде шығару және заңгерлердің практикалық қызметінде қолданылатын нормативтік-құқықтық актілер жинағын дайындау. 2002 жылы баспахана Франция өнеркәсібін қолдайтын қауымдастықтың Алтын медалімен марапатталды.

1 жыл бұрын (2009) Астанада «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясының орталық аппаратында Қазақстан әйелдері ұйымдарының форумы өтті.

Аталмыш шараға Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Әйелдер ісі және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрайымы Гүлшара Әбдіхалықова, сондай-ақ Парламент депутаттары, мәдениет, өнер саласының майталмандары, әйелдер ұйымдарының өкілдері қатысты.

«Нұр Отан» партиясы мен Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Әйелдер ісі және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссиясы арасындағы ынтымақтастық жөніндегі Меморандумға қол қойылып, Қазақстан әйелдері ұйымдарының альянсын құру жөніндегі қарар қабылданды.

1 жыл бұрын (2009) Елордадағы Успен Кафедралық Соборының күмбездері орнатылды.

Православ діні Ислам дінімен қатар дәстүрлі конфессия болып саналады. Әлемдік екі діннің арасындағы түсіністік қазақстандық қоғамның тұрақтылығын білдіреді.

2003 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен Астана Әлемдік және дәстүлі діндер съезі өткізілетін жерге айналған, онда конфессияаралық ынтымақтастық саласындағы маңызды әрекеттер ұсынылған.

Бұл Орталық Азияда соңғы 20 жылда салынған жалғыз кафедралық собор. Ол аймақтағы Орыс православ шіркеулерінің рухани орталығы болмақ. Аумағы 900 шаршы метр, ал биіктігі 68 метр болатын шіркеуге бір уақытта 4 мың адам кіре алады.

ЕСІМДЕР

85 жыл бұрын (1925) жазушы, драматург, Ұлы Отан соғысына қатысушы ИСАБАЙ Қалмұқан дүниеге келді.

Павлодар облысындағы Баянауылда туған. Қазақ мемлекеттік университетін (қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті.

1955-1985 жылдары «Социалистік Қазақстан» газетінде әдеби қызметкер, «Жұлдыз» журналының бөлім меңгерушісі, Қазақстан жазушылар одағы жанындағы әдебиетті насихаттау бюросының директоры қызметтерін атқарған. 1985 жылдан бастап шығармашылық жұмыспен айналысады.

Алғашқы әңгімелер жинағы «Баян» атты әңгімесі 1959 жылы жарық көрді. Бұдан соң «Ажал құрсауында», «Жұмбақ үй», «Бетпе-бет», «Соңғы тәулік» повесть, әңгіме, очерктер жинақтары, «Cұнқар самғауы», «Айқыз», «Жолдас комендант», «Көгілдір қазына», «Серт», «Арна» т.б. романдары басылды.

Қызыл Жұлдыз, Еңбек Қызыл Ту, І-дәрежелі Отан соғысы, «Құрмет» ордендерімен, және көптеген медальдармен марапатталған.

80 жыл бұрын (1930-1992) геолог-ғалым, техника ғылымының докторы, профессор, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген ғылым қайраткері ЛИМАНОВ Есенғали дүниеге келді.

Солтүстік Қазақстан облысының Шал ақын ауданында туған. Мәскеу Геологиялық барлау институтын бітірген.

Лисаков, Адай темір кенінде және Алакөл титан кен орнында, Қазақ КСР Геология министрлігінде, Қазақ минералды шикізат ғылыми-зерттеу институтында жұмыс істеген. 1967 жылдан өмірінің соңына дейін Қазақ политехника институтында қызмет атқарды. Ғылыми жұмыстарының бағыты ұңғымаларды бағыттап бұрғылаудың теориясы мен практикасына және бұрғылаудың тиімді әдістерін жасап, өндіріске енгізуге арналған. Оның басшылығымен қойтасты-малтатасты түзілімдердің өнімділігін 12-15 есе арттыруға бағытталған пневмосоққылы бұрғылау жасалған. 200-ден аса ғылыми еңбектің, оның ішінде 19 монографияның, 38 авторлық куәліктің, 3 патенттің авторы.

«Қазан төңкерісі», «Құрмет белгісі» ордендерімен және медальдармен марапатталған.

ТАМЫЗДЫҢ 26-Ы, БЕЙСЕНБІ

АҚШ-та әйелдердің теңдігі күні.

Бұл күннің негізін американдық саясаттанушы, заңгер, қоғам қайраткері, жазушыБелла Абзуг қалаған, алғаш рет 1971 жылы атап өтілді.

ОҚИҒАЛАР

170 жыл бұрын (1840) Оралда орталық мәдениет және демалыс бағы ашылды.

Бақтың бастапқы аумағы 7,5 шақырымды құрады. Қазіргі кезде 5,6 гектар жерді құрайды. 1935 жылы баққа Сергей Кировтың есімі берілген. 1997 жылы ол мемлекет қорғауындағы тарихи және мәдениет ескерткіштер санына қосылған болатын, кейінен мемлекеттiк қазыналық коммуналдық кәсiпорынға өзгертілді.

90 жыл бұрын (1920) тамыздың 26-ы мен 31-і аралығында Гурьев (қазіргі Атырау) қаласында Гурьев уезі Кеңесінің бірінші съезі өтті. 125 делегат қатысқан бұл съезде жергілікті мемлекеттік басқару органы құрылды.

12 жыл бұрын (1998) Тараз қаласындағы Тараз мемлекеттік университетінің алдына ұлы тарихшы, шығыстанушы, ойшыл, ақын, қолбасшы Мұхамед Хайдар Дулатиге ескерткіш орнатылды.

5 жыл бұрын (2005) Алматыда Қазақстан Республикасы Конституциясының 10-жылдық мерейтойына арналған жаңа көркем пошта маркаларының таныстырылымы болып өтті.

Пошта маркасында Қазақстан Республикасы Конституциясының 10-жылдығын тойлау рәсімі бейнеленген. Марканы офсет әдісін қолданып төрт түрлі бояумен орындаған, өлшемі 33 х 27,5 мм. Ресімдеуші - Р.Жапалова. ҚХР байланыс және ақпараттандыру министрлігі жанындағы Қытай пошта маркаларының типографиясында жасалған.

1 жыл бұрын (2009) Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов қалалық білім жүйесіне жан-жақты қолдау көрсеткен үшін «Қазақстан Республикасының білім беру ісіндегі ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды.

ЕСІМДЕР

80 жыл бұрын (1930-1999) Генерал-майор, Қазақ КСР-нің мемлекеттік қауіпсіздік қызметінің құрметті қызметкері НАЛПИН Виктор Федорович дүниеге келді.

Ресей Федерциясының Красноярск өлкесінде туған. Томск политехникалық институтын бітірген.

Өскемен қаласында мастер, аусым бастығы, инженер, партия комитеті хатшысының орынбасары, Шығыс Қазақстан бойынша Мемлекеттiк қауiпсiздiк комитетi басқармасында бөлім бастығы, Қазақ КСР-нің Мемлекеттiк қауiпсiздiк комитетi басқармасы бастығының орынбасары, Ақтөбе облысы бойынша Мемлекеттiк қауiпсiздiк комитетi басқармасының бастығы қызметтерін атқарған.

Қызыл Жұлдыз орденімен және медальдармен марапатталған.

75 жыл бұрын (1935-1996) архитектор, Қазақстанның еңбек сіңірген архитекторы РАТУШНЫЙ Юрий Григорьевич дүниеге келді.

Алматы қаласында туған. Новосибирск инженер-құрлыс институтын бітірген.

Алматы қаласындағы Қазақ қала құрылысын жобалау институтында жобалау тобының жетекші, жобалау шеберханасының архитекторы қызметтерін атқарған.

Оның негізгі жұмыстары: Республика сарайы (Н.И. Рипинский, В.Ю. Алле, В.Н. Ким, Л.Л.Убохотов т.б. бірге), «Қазақстан» қонақ үйі (Убохотовпен бірге), Саяси-оқу үйі (Т.Ералиевпен бірге), Орталық мұражайы (З.Мустафинмен бірге) т.б. ғимараттарды салған.

КСРО және Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының иегері. Қазақстан Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталған.

ТАМЫЗДЫҢ 27-І, ЖҰМА

Молдава Республикасының тәуелсіздік күні. Молдава Республикасы Парламенті 1991 жылғы 27 тамызда Тәуелсіздік жөніндегі Декларацияны қабылдады.

ОҚИҒАЛАР

3 жыл бұрын (2007) Ақтауда жоспарланып отырған Ақтау-Сити құрылысының аумағында сексеннен астам тарихи құнды ескерткіштері бар 28 тарихи-археологиялық кешен табылды.

Энеолит және қола дәуіріндегі тұрақтар және қола, темір және орта ғасырлардағы қорымдар табылды. Олардың арасында Қазақстан аумағында мал шаруашылығының тараған дәуіріндегі Қосқұдық-1 және Қосқұдық -2 тұрақтары орналасқан.

Археологиялық қазбалар кезінде Басқұдық-1 діни-қабірлеу орнының қалдықтары табылды. Қалдықтарды тазалау кезінде 11-12 ғасырға жататын қыпшақ бозбаласының қорымы, 12-13 ғасырға жататын мұсылмандардың қорымы табылды.

1 жыл бұрын (2009) Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «2010 жылдан 2020 жылға дейінгі кезеңдегі Қазақстан Республикасының құқықтық саясатының тұжырымдамасы туралы» Жарлыққа қол қойды.

1 жыл бұрын (2009) Павлодардағы Бұхар жырау атындағы облыстық мұражайда тәуелсіз Қазақстанның Ата заңы туралы әңгімелейтін көрме ашылды.

Көрмеге байырғы қазақ қоғамының қажетін өтеуге толық лайықталған және араб жазуымен жазылған Әз-Тәуке ханның «Жеті Жарғысы», фотосуреттер мен Конституцияға арналған материалдарды, Ата заңның қабылдануына жетекшілік жасаған Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың суреттері, Елбасы жазған кітаптар, Қазақстанның жаңа тарихы туралы баяндайтын журналдар, құқықтанушы-ғалымдардың материалдары қойылған.

ЕСІМДЕР

85 жыл бұрын (1925-2009) мүсінші, ұлттық кәсіби мүсін өнерінің негізін салушылардың бірі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның халық суретшісі, Қазақстанның өнер қайраткері, КСРО Суретшілер одағының мүшесі, Қазақстан Республикасы Суретшілер Одағының мүшесі НАУРЫЗБАЕВ Хакімжан Есімханұлы дүниеге келді.

Қостанай облысының Меңдіқара ауданында туған. Харьков көркемдік институтын бітірген.

1952-1954 жылдары - Қазақстан Суретшілер одағы басқармасының төрағасы. 1961-1965 жылдары - Лениндік сыйлық жөніндегі комитеттің мүшесі. 1959-1965 жылдары - КСРО Суретшілер одағы басқармасының мүшесі. 1952-1966 жылдары Алматы көркемөнер училищесінде оқытушы болған.

Абай Құнанбаев, Шоқан Уәлиханов, Жамбыл Жабаев, Мәншүк Мәметова, Ахмет Байтұрсынов пен Міржақып Дулатов ескерткішінің авторы. «Амангелді Иманов», «Құрманғазы», «М.Хакімжанова», «Сәкен Сейфуллин», «Шоқан Уәлиханов» атты ескерткіштерінде пропорция, ритм заңдылықтарын, тиімді пайдалану арқылы образдарды шынайы кескіндеді әрі ұлттық колоритке жіті назар аударды.

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік өнер мұражайында, сондай-ақ Қ.Сәтбаев, Ы.Жақаев, А.Жұбанов, Т.Тәжібаев, Ж.Саин, Д.Нұрпейісова, Т.Жароков, Х.Есенжанов, М.Әуезов, С.Мұқанов, Жамбыл тұлғаларын жасады.

«Парасат», Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет белгісі» орденімен және медальдармен марапатталған.

ТАМЫЗДЫҢ 28-І, СЕНБІ

Украинада авиация күні. Украина Президентінің Жарлығына сәйкес тамыз айының соңғы сенбісінде атап өтіледі.

ОҚИҒАЛАР

14 жыл бұрын (1996) Венгрияда Қазақ мәдениетінің күндері болып өтті.

9 жыл бұрын (2001) Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Бейбітшілік кіндігі» кітабының тұсаукесері өткізілді.

3 жыл бұрын (2007) Алматыда www.atameken-asr.com қазақ тіліндегі жаңа веб-сайт құрылды.

Тәуелсіздік жылдары ресми ақпарат көзі бойынша республикамызға 650000 оралмандар қоныс аударды. Көші-қон саясаты мемлекеттік саясаттың бірден-бірі болып табылады. Құрылған сайт көші-қон саласының жетістігіне және Қазақстанда ақпараттық технологиялардың дамуына ықпал етеді.

1 жыл бұрын (2009) Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Астанадағы көп бейінді «Абу Даби Плаза» кешені құрылысының іргетасына капсула қалады.

2009 жылғы шілденің 7-де Қазақстан Республикасының Заңымен еліміздің Үкіметі мен Біріккен Араб Әмірліктері арасында аталған кешеннің құрылысы бойынша келісім бекітілген болатын. Жобаны «Алдар ЕуроАзия» ЖШС-і жүзеге асырады. Оның жұмысына Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайы жобасының авторы британдық сәулетші Норман Фостердің бюросы тартылып отыр.

«Абу Даби Плаза» жобасы бойынша нысанның биіктігі 382 метр болатын 88 қабатты құрайды. Аталған кешенде жоғары және орта сыныптағы 450 пәтер мен 2 қонақ үй салынатын болады.

Жалпы ауданы 80 мың шаршы метрден тұратын кеңселік орын-жайлардың құрылысы қарастырылған. Оның аумағында 4,5 мың автокөлікке арналған тұрақ орналасады. Жобаның құны 1 млрд. АҚШ долларынан астам қаржыға бағаланып отыр. Нысанның бірінші кезеңінің құрылысын 2013 жылдың қыркүйегінде тапсыру жоспарланған. Ал екінші кезегі 2014 жылдың аяғына қарай пайдалануға берілмек.

1 жыл бұрын (2009) тамыздың 28-і мен 30-ы аралығында Солтүстік Қазақстан облысының аудандарында Конституция күніне орай 1600 шақырымдық қашықтыққа алаумен жүгіру шаралары өтті.

Петропавлдық «Үміт» желаяқтар клубының мүшелері қатысқан бұл жорықтың бағыты облыстың барлық аудандарын қамтыды. Олар Солтүстік Қазақстан облысында алғаш өткен «Ақбидай» IV республикалық ауыл ойындарында тамыздың 15-інде жағылған алаумен жүгіруде.

Қатысушылардың ең үлкені Алик Әзмұхаметов - 69 жаста, ең жасы - 18 жаста. Жүгіру Конституция күні Петропавлда мәреге жетті.

ЕСІМДЕР

90 жыл бұрын (1920-1985) қоғам және мемлекет қайраткері, экономика ғылымының кандидаты, Ұлы Отан соғысына қатысқан ҚАШАҒАНОВ Екейбай дүниеге келді.

Жамбыл облысының Қордай ауданында туған. Алматы педогогикалық техникумын. Қазақстан КП ОК жанындағы жоғары партия мектебін, КОКП ОК жоғары партия мектебін бітірген.

Луговой ауданы партия комитетінің бөлім меңгерушісі, 2- және 1-хатшы, Жамбыл облысының партия комитетінде бөлім меңгерушісі, хатшы, Оңтүстік Қазақстан өлкелік партия комитетінің хатшысы, Семей обкомының 2-хатшысы, облыстық атқару комитетінің төрағасы қызметтерін атқарған.

Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының иегері. 3 рет Еңбек Қызыл Ту, Құрмет белгісі, Халықтар Достығы, І- және ІІ-дәрежелі Отан соғысы, 2 рет Қызыл Жұлдыз ордендерімен, 6 рет «Ерлігі үшін» медалімен марапатталған.

60 жыл бұрын (1950) футболшы, Қазақстан футбол федерациясының вице-президенті БАЙШАҚОВ Сейілда Икрамұлы дүниеге келді.

Тараз қаласында туған. Қазақ дене шынықтыру және спорт институтын бітірген.

«Қайрат» футбол командасында және КСРО ұлттық құрама командасында ойнады.

«Қайрат» Футбол клубы» АҚ вице-президенті, Қазақстан Республикасының мини-футбол Қауымдастығының президенті, Дене шынықтыру және спорт клубы төрағалық комитетінің төрағасы, Дене шынықтыру және спорт клубының вице-президенті, Қазақстан футбол федерациясының балалар мен жасөспірімдерге арналған футболының жетекші маманы қызметтерін атқарған. Қазіргі қызметінде - 2007 жылдың тамыз айынан.

30 жыл бұрын (1980) Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігінің Тіл комитеті төрағасының орынбасары ЩЕГОРЦОВА Анастасия Геннадьевна дүниеге келді.

Павлодар қаласында туған. Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетін бітірген.

Еңбек жолын «Конгресс духовного согласия» халықаралық Қоғамдық Қорының филиалында бастады. Астана қаласы ішкі саясат департаментінде бас маман, Мәдениет және ақпарат министрлігі талдау және стратегиялық жоспарлау департаментінің директор орынбасары, талдау және стратегиялық жоспарлау департаментінің директоры қызметтерін атқарған. Қазіргі қызметінде - 2010 жылдың сәуір айынан.

ТАМЫЗДЫҢ 29-Ы, ЖЕКСЕНБІ

Шахтер күні.

Тамыз айының соңғы жексенбісінде атап өтіледі. КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының 1947 жылғы 10 қыркүйектегі Жарлығымен бекітілген.

Қазақстанның көмір өнеркәсібі еліміз экономикасының ең ірі салаларының бірі болып табылады. Көмір қоры бойынша Қазақстан әлемде 8 орынға ие, республикамыздың кенді қойнауында бүкіләлемдік қор көлемінің 4 пайызы жинақталған. Көмір өнеркәсібі ел электр энергиясының 80 пайызға жуығын қамтамасыз етіп отыр.

Ядролық қарудан бас тартудың халықаралық күні.

2009 жылғы 30 қазанда БҰҰ Бас Ассамблеясының Бірінші комитетіне Қазақстан 29 тамызды Бүкіләлемдік ядролық қарудан бас тарту күні деп жариялауды ұсынды. Қазақстан ұсынған қарардың бірлескен авторлары 26 мемлекет болды, оның ішінде Армения, Беларус, Бразилия, Катар, Қырғызстан, Монғолия, Араб Әміршілігі, Тәжікстан, Түрікменстан және Жапония.

ОҚИҒАЛАР

290 жыл бұрын (1720) Өскемен қаласының негізі қаланды.

Өскемен қаласы ұлы мәртебелі І Петр патшалық құрып тұрғанда қамал-бекініс ретінде салынған еді. 1868 жылы Өскеменге қала мәртебесі берілді. Қалада сауда, ауылшаруашылығы өнімдерін өңдейтін өндіріс орындары дами бастады, айлақ (пристань) құрылысы басталды. Кейіннен жеңілөнеркәсіп, теміржол құрылысы салына бастады. Ұлы Отан соғысы жылдары ауыр өнеркәсіп дамыды.

Өскемен Қазақстанның батыс-шығыс бөлігінде Ертіс пен Үлбі өзендерінің сағасында орналасқан; көлемі 54,4мың га жерді алып жатыр.

Қазіргі Өскемен Қазақстандағы түсті металдар орталығының бірінен саналады. Аймақтың жетекші салалары - түсті металдар өндіру, машина жасау. Шағын және орта бизнес қамтылған.

7 жыл бұрын (2003) Алматыда «Балтика-Транзит» жүрдек контейнерлік пойызының таныстырылымы өтті.

Бұл пойыз Еуропа елдерінен Орталық Азия мемлекеттеріне қысқа мерзімде Балтық порттары арқылы жүк тасымалдайды.

Сібіраралық тасымалдаулар Халықаралық Басқарушы кеңесі және Темір жол көлігі кеңесі дирекциясы «Балтика-Транзит» жүрдек контейнер пойызын құрастырып Латвияның, Литваның, Эстонияның, Ресейдің, Қазақстанның және Өзбекстанның темір жолдарында енгізген.

7 жыл бұрын (2003) Алматыда қалалық Жастар үйі ашылды.

5 жыл бұрын (2005) Алматыда «Президент және халық» жаңа апталық газетінің алғашқы саны жарық көрді.

Республикалық қоғамдық-саяси газет қазақ және орыс тілдерінде шығады. Газеттің бас редакторы - белгілі журналист Марат Тоқашбаев. Газетке Елбасы қабылдаған шешімдер, еліміздің және шетелдердің негізгі оқиғалары, билік органдары қызметінің материалдары басып шығарылады.

Көлемі сегіз беттен тұратын баспаның алғашқы санының тиражы 10 мың дананы құрады.

3 жыл бұрын (2007) Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев жер бетіндегі бейбітшілікті нығайтуға қосқан елеулі үлесі үшін АҚШ-тың «Нова» университеті бекіткен Халықаралық бейбітшілік сыйлығының тұңғыш лауреаты атанды.

Сыйлықты АҚШ-тың Таяу Шығыс және ұлттық қауіпсіздік жөніндегі ұйымының хатшысы, аталған университеттің профессоры Сэм Барони табыс етті.

3 жыл бұрын (2007) Шымкентте «Абай» жаңа мәдени газетінің алғашқы саны жарық көрді.

Республикалық тарихи-танымдық, әдеби-көркем «Абай» атты газеті жұма сайын шығады, онда ұлы ақын, ойшыл Абай Құнанбаевтың шығармашылығына арналған мақалалар, оның және басқа да атақты қазақ авторларының шығармалары жарияланады.

1 жыл бұрын (2009) Өскеменде Абай мен Пушкинге ескерткіштері салтанатты түрде ашылды.

Қазақ халқының ұлы ойшылы Абай Құнанбайұлына ескерткіш Республика алаңында, ал Александр Сергеевич Пушкинге оның есімімен аталатын облыстық кітапхана ғимаратының алдында ескерткіш мүсіні орнатылды.

ЕСІМДЕР

100 жыл бұрын (1910-1985) Қазақстанның еңбек сіңірген сәулетшісі, КСРО-ның халық сәулетшісі, сәулет докторы, КСРО Көркемсурет Академиясының мүшесі РУБАНЕНКО Борис Рафаилович дүниеге келді.

Самара қаласында туған. Санкт-Петербор қаласындағы коммуналдық құрылыс инженерлері институтын, Көркемсурет академиясын бітірген.

Алматыдағы бұрынғы қала әкімшілігі ғимаратының жобасын жасауға қатысқан. 1954 жылдан педагогикалық қызметпен (1968 жылдан - профессор) айналысты.

КСРО Мемлекеттік сыйлығының иегері. Ленин орденімен, Қазан Революциясы, Еңбек Қызыл Ту ордендерімен және медальдармен марапатталған.

35 жыл бұрын (1975) Ордабасы ауданы әкімінің орынбасары ҚҰРМАНБЕКОВ Бақыт Бейсенбекұлы дүниеге келді.

Қызылорда облысы Жаңақорған ауданында туған. Қ.А.Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетін бітірген.

2000-2005 жылдары - Түркістан қаласы қаржы бөлімінің бас маманы. 2005-2006 жылдары - Түркістан қаласы экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің сауда, туризмді дамыту және кәсіпкерлікті қолдау бөлімінің бастығы. 2006-2007 жылдары - Түркістан қаласы кәсіпкерлік бөлімінің бас маманы, облыс әкімі аппараты сыртқы байланыстар бөлімінің бас маманы, облыс әкімі аппараты инфрақұрылымды және ауылдық аумақтарды дамыту мониторингі бөлімінің бас маманы. 2007-2008 жылдары - облыс әкімі аппараты ұйымдастыру-инспекторлық бөліміндегі облыс әкімінің бас инспекторы. 2008-2009 жылдары - Оңтүстік Қазақстан облысының жұмылдыру дайындығы, азаматтық қорғаныс, авариялар мен дүлей зілзалалардың алдын алу және жоюды ұйымдастыру департаменті директорының орынбасары, Оңтүстік Қазақстан облысының жұмылдыру дайындығы, азаматтық қорғаныс, авариялар мен дүлей зілзалалардың алдын алу және жоюды ұйымдастыру басқармасы бастығының орынбасары қызметтерін атқарған. Қазіргі қызметінде - 2009 жылдың желтоқсан айынан.

Соңғы жаңалықтар