ҚазАқпарат-Анонс: желтоқсанның 11-і мен 13-і аралығындағы оқиғалардың күнтізбесі

ҮКІМЕТ
Желтоқсанның 11-інде Туризм және спорт министрлігінде қысқы Азиада ойындарына арналған мәжіліс өтеді.
Желтоқсанның 11-інде Астана гарнизонының әскери қызметшілеріне Қараөткел кентіндегі (Ильинка) коттедж қалашығынан екі қабатты 130 үй пайдалануға беріледі. Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі Әділбек Жақсыбеков әскери қызметшілердің отбасыларына пәтер кілттерін салтанатты жағдайда табыс етпек.
ПАРЛАМЕНТ
Желтоқсанның 11-інде Парламент Сенатының жалпы отырысы болады.
Желтоқсанның 11-інде «Қазгидромет» кәсіпорнында Сенаттың Аграрлық мәселелер жөніндегі комитетінің көшпелі мәжілісі өтеді.
ҚОҒАМ
Желтоқсанның 11-інде Минск қаласында «Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығы: перспективалар, мәселелер мен қыр көрсетулер» атты халықаралық конференция өтеді деп жоспарлануда. Конференция барысында Қазақстанның төрағалыққа дайындығы жөнінде мәселелері талқыланады. Бұдан басқа, жиын барысында «Еуропаға жол» атты еліміздің мемлекеттік бағдарламасын іске асыру туралы ақпараттар қамтылады. 2010 жылғы Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығының логотипінің таныстыру рәсімін өткізу де жоспарлануда.
Желтоқсанның 12-сінде Қытай Халық Республикасының Төрағасы Ху Цзиньтаоның Қазақстанға жұмыс сапары жоспарланып отыр. Сапар барысында ҚР Президенті Н. Назарбаев пен ҚХР Төрағасы Ху Цзиньтао «Қазақстан-Қытай» газ құбырының бірінші желісін ашу салтанатына және екінші желісінің балқытып біріктіру жұмысының аяқталуына қатысуы жоспарланып отыр.
АСТАНА
Желтоқсанның 10-ы мен 11-і күндері Астанада «Нұр Отан» халықтық- демократиялық партиясының жастар қанаты «Жас Отан» ұйымының атқарушы хатшыларының слеті өтеді.
Желтоқсанның 11-і күні сағат 14.00-де ҚР Президенттік мәдениет орталығының концерт залында Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік мерекесіне және Қазақстан Халықтары Ассамблеясы XV сессиясының құрметіне арналған «Менің Қазақстаным - менің елім» атты өнер фестивалі өтеді.
Желтоқсанның 11-інде «Нұр Отан» партиясының орталық кеңсесінде «Жас Отан» жастар қанаты Орталық кеңесінің мәжілісі өтеді.
Желтоқсанның 11-інде «Аққу» қонақүйінде «Қоғамда әйелдерді саяси ілгерілету - гендерлік саясаттың қағидасы» деген тақырыпта республикалық конференция өтеді.
Желтоқсанның 11-інде вице-премьер Ө.Шөкеев пен Астана әкімі И.Тасмағамбетов «Тәуелсіздік» тұрғын үй кешенінің үлесшілеріне пәтер кілттерін табыс етеді.
Желтоқсанның 11-інде «Нұр Отан» партиясының орталық кеңсесінде «Нұр Отан» партиясы Парламентаризм институтының 2009 жылғы жұмыс қорытындысына арналған баспасөз мәслихаты өтеді
Желтоқсанның 11-інде Ұлттық академиялық кітапханада «Кореяға ашылған терезе» ақпараттық орталығының ашылу рәсімі болады.
Желтоқсанның 11-інде Музыкалық академияда «Астана-Мерей» конкурсының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтеді.
Желтоқсанның 13-і күні Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті Механика-математика факультетінің күндері» іс-шарасы өтеді. Іс-шара желтоқсанның 16-сына дейін жалғасады
Желтоқсанның 14-і күні Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде ҚР Мұсылмандар діни басқармасының төрағасы, жоғарғы мүфти Әбсаттар қажы Дербісәлімен кездесу өтеді.Кездесу аясында еліміздің бас имамы Ә.Дербісәлі студенттер мен оқытушылар алдында дәріс оқиды. Іс-шара аясында мәртебелі мейманға «Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-дың құрметті профессоры» ғылыми дәрежесі тапсырылады.
АЛМАТЫ
Желтоқсан айының 10 мен 19-ы күндері аралығында Қазақтың Мемлекеттік М.Әуезов атындағы академиялық драма театрында Тынымбай Нұрмағанбетовтың «Қожанасыр тірі екен» атты комедиялық қойылымның премьерасы өтеді.
Желтоқсан айының 11-і күні Алматыда Республика сарайында қазақтың көрнекті ақыны Қадыр Мырза Әлидің «Өз елім» атты шығармашылық кеші өтеді. Шығармашылық кеш Алматы қаласы әкімдігі мен «Қазақстан мәдениеті» қоғамдық қорының қолдауымен ұйымдастырылады. Кешке эстрада жұлдыздары мен танымал әншілер Бибігүл Төлегенова, Нұрғали Нүсіпжанов, Ескендір және Біржан Хасанғалиевтер, Донеділ Қажымов, Келденбай Өлмесеков, Қыдырәлі мен Қарақат, Тоқтар Серіков, «МузАрт» тобы және тағы да басқа өнер шеберлері қатысады.
Желтоқсанның 11-інде Халықаралық Бизнес академиясында «Бизнестің жас перілері» деген тақырыпта жас ғалымдар студенттердің халықаралық конференциясы өтеді.
Желтоқсанның 11-інде Қазақ Ұлттық университетінде «Ақынжанов оқулары -2009» ғылыми конференциясы өтеді.
Желтоқсанның 11-інде «Нұр Отан» партиясының Алматы кеңсесінде «Тәуелсіздік - сан ғасырлық арман, болашаққа қадам» деген тақырыпта «дөңгелек үстел» отырысы болады.
Алматыда желтоқсанның 12-сі күні Республика сарайында "Шығыс жұлдыздары" өнер фестивалі өтеді. Бұл шара Невада-Семей қозғалысының 20 жылдығы мен Желтоқсан көтерілісінің 23 жылдығына арналып отыр.
Желтоқсанның 14-інде «Нұр Отан» ХДП Алматы филиалының ғимаратында «Шаңырақ» Республикалық қоғамдық бірлестігінің ұйытқы болуымен «Қазақстан Республикасының облыс әкімдерінің жанындағы Қоғамдык кеңестерді эксперттік сараптамалармен қолдау мәселесі бойынша және осыған қатысты шараларды ұйымдастыру және өткізу» тақырыбындағы конференция өтеді. Конференция жұмысына ҚР Парламентінің Мәжіліс және Сенат депутаттары, ҚР Үкімет өкілдері, Алматы қаласының атқарушы мен өкілдік билік органдары, әлеуметтік келіспеушіліктерді шешетін және сараптайтын эксперттер, үкіметтік емес ұйымдар мен саяси партиялар өкілдері және бұқаралық ақпарат құралдары қатысады.
АЙМАҚ
ҚАРАҒАНДЫ ОБЛЫСЫ
Желтоқсанның 14-15-інде Қарағанды облысының Сәтбаев қаласында ұлттық мереке - Тәуелсіздік күні қарсаңында «Тәуелсіздік құрдастары - Қазақстанның болашағы» атты жастар форумы өтеді.
АТАУЛЫ КҮНДЕР. ЕЛЕУЛІ ОҚИҒАЛАР. МЕРЕЙТОЙЛАР.
11 ЖЕЛТОҚСАН, ЖҰМА
Демікпенің бүкілдүниежүзілік күні. Кеңірдек демікпесі ауруына назар аударту мақсатында Бүкілдүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бастамасымен атап өтіледі. Бұл күннің негізгі мақсаты - денсаулық саласындағы күрделі мәселелерінің бірі болып саналатын демікпе ауруының себеп-салдарларымен халықты жан-жақты таныстыру. Оны жеңу жолында ғылым саласында жасалған жаңалықтар туралы хабарлау. Бүгінде әлемде 300 миллион адам демікпемен ауырады. Ол көбіне нашар экологияның салдарынан пайда болады.
Халықаралық тау күні. 2003 жылғы БҰҰ Бас Ассамблеясының 57-ші шешімі бойынша желтоқсанның 11-де атап өтіледі. 2004 жылдан бері БҰҰ шешімі бойынша «Бейбітшілік - таулардың тұрақты дамуына кілт» атты ұранмен өткізіледі. Бас Ассамблеяның қарарында таулы аймақтардың тұрақты дамуына бағытталған ерекше өзекті мәселелер белгіленген. Бұл күні Бас Ассамблея халықаралық бірлестіктерге жоғары деңгейдегі мерекелік шаралар ұйымдастыруына шақырды, оның мақсаты таулы аймақтардың тұрақты дамуын насихаттау.
Жер шарының шамамен төрттен бірін алып жатқан таулар 10 пайызға жуық тұрғындардың үйі. Бұл - өсімдіктер мен жануарлардың сирек кездесетін көптеген түрлері үшін қорық, жердегі негізгі өзендердің қайнар көзі.
ОҚИҒАЛАР
12 жыл бұрын (1997) Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев Ресейдің қолданбалы ғылымдар академиясының Құрметті мүшесі болып тағайындалды.
11 жыл бұрын (1998) Астанада Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қалың елім, қазағым» атты кітабының тұсау кесер рәсімі болып өтті.
3 жыл бұрын (2006) Алматыда көпшілікке Шайх-Асан Курайшин ас-Сунна деген атпен танымал журналист Асан Сарқұловтың «Заман көшіндегі дін ақиқаты» атты кітабының тұсау кесері болды.
Ол кітапта Қазақстанда мұсылман дінін тарату туралы, ислам дінінің дамуы туралы және де осы тақырыпта басқа жаңа баспалар шығару туралы жазылған. Кітаптың тиражы үш мыңға жуық.
3 жыл бұрын (2006) Батыс Қазақстан облысының Жаңақала ауданы орталығында танымал қоғам қайраткері Сәтқали Сапаровтың тұрған үйіне ескерткіш тақта орнатылды. С.Сапаров (1928-1976) 14 жыл ішінде аймақтағы үш ауданды - Зеленовка ауданын (1962-1963), Тасқалы ауданын (1963-1972) және Жаңақала ауданын (1972-1976) басқарды. Ол басқарған аудандардың дамуына сіңірген еңбегі үшін екі мәрте Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет белгісі» ордендерімен марапатталды. Жаңақала ауылының орталық көшелерінің біріне есімі берілген.
ЕСІМДЕР
90 жыл бұрын (1919-1995) әнші, музыкатанушы БЕКХОЖИНА Талиға дүниеге келді.
Семей қаласында туған.
Алматы консерваториясын (Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерватория) бітірген.
Қазақ мемлекеттік филармониясының әншісі, Қазақстан Ғылым Академиясының Әдебиет және өнер институтының кіші ғылыми қызметкері болған.
Фольклорлық экспедиция құрамында Қазақстанның және Өзбекстанның жергілікті тұрғындары арасынан бұрын белгісіз болып келген 1500-ден астам әндерді нотаға түсірген, халық шығармашылығының орындаушылары жайында деректер жинаған. Ақын әрі композитор Ш.Құдайбердиевтің әндерін құрастырып, кітап шығарған («Аманат», 1989).
12 ЖЕЛТОҚСАН, СЕНБІ
Қазақстан Республикасы Кеден органдарының құрылған күні. Қазақстан Республикасы Президентінің 1992 жылғы желтоқсанның 12-ндегі «Қазақстан Республикасының қаржы, салық және кеден қызметін қайта құру туралы» Жарлығын орындау мақсатында осы қызметтердің барлығы бір жүйеге - ҚР Қаржы министрлігіне біріктірілді. ҚР Кеден комитеті Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Бас кеден басқармасы болып қайта құрылды.
ҚР Кеден органдарының негізгі қызметі - Қазақстан Республикасы экономикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету, материалдық және мәдени құндылықтарды заңсыз шет елге шығарудың алдын-алу, қару-жарақ, есірткі заттар тасымалдауға тосқауыл болу, контрабандамен күрес, республика бюджетіне кеден салығының уақытында түсіп отыруын қамтамасыз ету, Қазақстан Республикасының шекарасы арқылы азаматтар мен автокөлік өткізу жұмысын ұйымдастыру және басқалар. Ең басты мақсатының бірі - кәсіби деңгейі жоғары кеден қызметінің мамандарын даярлап шығару.
Ресей Федерациясының Мемлекеттік мейрамы - Конституция күні. РФ Президентінің 1994 жылғы жарлығымен Ресейдің мемлекеттік мерекесі ретінде бекітілген.
Қазақстан Республикасымен дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылғы қазанда 21-інде орнатылды.
ОҚИҒАЛАР
3 жыл бұрын (2006) Астанада Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтің қатысуымен Эталон орталығы ашылды. Елбасы Орталық Азиядағы жалғыз цезий негізіндегі уақыт эталонын өз қолымен қосты. Қазіргі заманғы 8-қабатты ғимаратта 76 эталон мен эталон жабдықтарының бірлігі 10 түрлі зертханада орналасқан.
1 жыл бұрын (2008) БҰҰ-ның штаб-пәтерінде Қазақстанның мүгедектер құқығы Конвенциясына және оның факультативті протоколына қол қою рәсімі өтті. Қазақстан Конвенцияға қосылған әлемнің 137-ші елі болды. 2006 жылғы желтоқсанның 13-де БҰҰ-ның Бас Ассамблеясында құжат қабылданып 2008 жылғы мамырдың 3-де күшіне енді. Біріккен Ұлттар Ұйымында Конвенцияның орындалуын бақылайтын орган құрылды. Мүгедектер құқығының комитеті Конвенцияға қатысушы-мемлекеттердің баяндамасын қарап, ұсыныс пен ортақ ұсынымдар шығарады.
ЕСІМДЕР
80 жыл бұрын (1929) актер, Қазақстанның халық әртісі ЖӘКІБАЕВ Қасым Әбенұлы дүниеге келді.
Алматы облысы Жамбыл ауданында туған.
Т.Жүргенев атындағы Алматы көркемсурет училищесін бітірген.
1948 жылдан - Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ балалар және жасөспірімдер театрының, «Қазақфильм» киностудиясының актеры.
Театр сахнасында Сарман, Жақай («Алтын сақа», «Ыбырай Алтынсарин» М.Ақынжанов), Полонии («Гамлет» У.Шекспир), Врум («Махаббат пен зұлымдық» Ф.Шиллер), Қайрабай («Мөлдір махаббат» С.Мұқанов), Тоқай («Ұлпан и Есеней» Ғ.Мүсірепов пен К.Ысқақов), Шыңғыс хан («Миғұла терісі үстіндегі сот» Ш.Айтматов пен М.Шаханов) рөлдерін ойнаған. «Дерсу Узала», «Қан мен тер», «Үшеу», «Сталинге сыйлық», «Отырардың күйреуі», «Тоғысқан тағдырлар», «Махаббат стансасы» сияқты 100-ге жуық фильмдер мен сериалдарға түскен.
«Құрмет» орденімен марапатталған.
75 жыл бұрын (1934) әскери қайраткер, генерал-майор МАРДЕНОВ Жүкен Баймұханбетұлы дүниеге келді.
Павлодар облысында туған.
Алматы мемлекеттік шет тілдер институтын бітірген.
Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті (МҚК) Павлодар облыстық басқармасының қызметкері болған. 1968-1983 жылдары - Қазақ КСР МҚК-нің орталық аппаратында, МҚК-і Көкшетау және Шығыс Қазақстан облыстық басқармалары бастығының орынбасары. 1983-1991 жылдары - Қазақстан МҚК-і Бірінші (барлау) басқармасының бастығы - Қазақстан МҚК-і Алқасының мүшесі, МҚК-і Целиноград (Ақмола) облыстық басқармасының бастығы, облыстық партия комитетінің бюро мүшесі, Халық депутаттары облыстық және қалалық кеңесінің депутаты, Қазақ КСР МҚК-і төрағасының кадр жөніндегі орынбасары. 1991-1994 жылдары - Қазақстан МҚК-і барлау бөлімінің бақылаушысы. 1994 жылдан - «Аксель» компаниясы бас директорының орынбасары. Қазіргі кезде күзет фирмасын басқарады.
«Генералдар кеңесі» қоғамдық бірлестік президиумы төрағасының орынбасары.
«Құрмет белгісі» орденімен, «Жауынгерлік ерлігі үшін», «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігіне 10-жыл», басқа да медальдармен, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің грамотасымен, «Қазақстан Республикасы ҰҚК-нің құрметті қызметкері» белгісімен, Қазақстанның халықаралық қатынастар орнатуына белсенді үлес қосқаны үшін Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы - сыртқы істер министрінің Алғыс хатымен марапатталған.
55 жыл бұрын (1954) актер, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі ЖЫЛГЕЛДИЕВ Сағат Ермағамбетұлы.
Қызылорда облысында туған.
Қазақ драма театры жанындағы театр студиясын, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясын бітірген.
1977 жылдан - Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ балалар және жасөспірімдер театрының актеры.
Сахнада Ақын («Ауылдан келген ару» И.Сапарбаев), Байжан («Алтын ажалы» И.Ғайып), Абдолла («Ең әдемі келіншек» С.Балғабаев), Қожа Ахмет Иасауи («Әзірет Сұлтан» О.Дастанов), Шеге, Байдалы би, Сердәлі («Қыз Жібек», «Ұлпан», «Ақан сері -Ақтоқты» Ғ.Мүсірепов) рөлдерін сомдаған.
«Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған.
13 ЖЕЛТОҚСАН, ЖЕКСЕНБІ
Мальта Республикасының Ұлттық мейрамы - Республика күні. 1974 жылы Өкілдер Палатасының шешімімен Мальта республика болып жарияланды.
Бүкіләлемдік балалар телеарнасы мен радиохабарламаларының күні. Бұл мерекелік күнді 1994 жылғы сәуірде Каннада БҰҰ Балалар қорының (ЮНИСЕФ) өкілдері жариялады. Сол кезден бері жыл сайын желтоқсанның екінші жексенбісінде атап өтіледі.
ОҚИҒАЛАР
14 жыл бұрын (1995) Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың Қаулысымен Сауд Арабия Корольдігінде Қазақстан Республикасының елшілігі ашылды.
5 жыл бұрын (2004) Астанада вокзал алаңында 1922 жылы шығарылған республикадағы ең ескі паровоз қойылды. Астананың теміржол вокзалында «Батыр-паровоз» ескерткішін орнату туралы Қазақстанның Президенті Н.Назарбаев 2004 жылғы 6-шы тамызда теміржолдың 100-жылдығына арналған салтанатты жиналыста айтқан болатын. Паровоз Швецияда жасалған. 1922-1982 жылдар аралығында Қазақстанның темір жолдарында және басқа бұрынғы одақ республикаларының магистраль жолдарында пайдаланыста болған, Ұлы Отан соғысы жылдары майдан маңындағы учаскелеріне жүк тасымалдаған.
5 жыл бұрын (2004) Тараздағы Абай атындағы Орталық кітапханада электронды залдың көрсетілімі болып өтті. Электронды залда жаңа компьютерлер, сканерлер, құжаттардың бай электронды коллекциясы бар. Бұл кітапханалық жүйе Қазақстанның Ақпараттық кітапханалар консорциумының мүшесі.
3 жыл бұрын (2006) алғашқы рет Қазақстанда С.Бегалин атындағы мемлекеттік балалар кітапханасында балаларға арналған - «Мұхаммед Пайғамбар» және «Қажы» атты исламның жорамалы мен құндылықтары, әлемнің ең ірі діні туралы Санйаснаин Хан кітабының тұсау кесері өтті. Кітаптар «Расскажи мне о?» сериясында берілген. Олар көптеген елдерде ағылшын,орыс және басқа тілдерде шықты. Кітап бәріне түсінікті тілде жазылған және тамаша көркемделген.
3 жыл бұрын (2006) Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағанбетов «Золотой Икар» атты сыйлықтың иегері атанды. Сыйлықты Еуразиялық кеңістікте мәдени байланыстарды дамытуға елеулі үлес қосқаны үшін «Далл'арко» Халықаралық мәдени қордың шешімімен қордың вице-президенті Янник Мерсье табыс етті.
ЕСІМДЕР
240 жыл бұрын (1769-1844) орыс жазушысы, ақын, мысалшы, Санкт-Петербор Ғылым Академиясының академигі КРЫЛОВ Иван Андреевич дүниеге келді.
Мәскеу қаласында туған.
Крылов орыс әдебиетінде мысал жанрын биік сатыға көтерді. Өткір де айшықты тілімен, әжуасықағымен ерекшеленетін 200-ден астам мысал жазды. Шығармаларында өмір шындығын терең бейнелеп, адам бойындағы жағымсыз қылықтарды шенеді. «Рухтар поштасы» сатиралық журнал шығарды. Көптеген пьесалар мен либреттолардың авторы.
Қазақ оқырмандарын Крылов мысалдарымен алғаш рет Ы.Алтынсарин («Қарға мен түлкі»), Абай («Есек пен бұлбұл», «Шегіртке мен құмырсқа», «Піл мен қанден») таныстырды. А.Байтұрсынов Крыловтан аударған және өзі жазған мысалдардан тұратын кітап шығарса, С.Көбеев «Үлгілі тәржіма» атты кітап жазып, оған Крыловтың 37 мысалының аудармасын енгізді. Крыловтың туындылары «Мысалдар» деген атпен қазақ тілінде жеке кітап болып шыққан.
85 жыл бұрын (1924) түркітанушы, филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Ұлттық Ғылым Академиясының академигі, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым қайраткері ҚАЙДАР Әбдуәли Туғанбайұлы дүниеге келді.
Ұлы Отан соғысына қатысқан.
Алматы облысында туған.
Қазақ мемлекеттік университетін (әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университет), Қазақстан Ғылым Академиясының аспирантурасын бітірген.
1954-1995 жылдары - Қазақстан Республикасы Ғылым Министрлігі - Ғылым академиясы А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының ұйғыр-дүнген мәдениеті секторының кіші ғылыми қызметкері, шығыстану секторының аға ғылыми қызметкері, ұйғыр филологиясы бөлімінің меңгерушісі, директордың ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары, директоры қызметтерін атқарған. 1995 жылдан - Қазақстан Республикасы Ғылым Министрлігі - Ғылым академиясы А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының құрметті директоры.
Негізгі ғылыми ізденістері қазақ және ұйғыр тілдері және жалпы салыстырмалы түркітану, сөзтану, этимология, ономастика, терминология, семасиология, фразеология, паремиология мәселелерін зерттеуге арналған. Елдегі тіл саясатына белсенді араласып, қазақ тілінің мемлекеттік деңгейде қолданылуына қатысты елеулі ат салысты.
Ш.Уәлиханов атындағы сыйлықтың иегері. Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының құрметті президенті. Башқұртстан Ғылым Академиясының құрметті академигі. «Известия НАН РК», «Советская тюркология» ғылыми, ғылыми-танымдық журналдарының редакторы, редакциялық алқасының мүшесі.
3 дәрежелі «Даңқ», екі мәрте «Қызыл Жұлдыз», екі мәрте «Отан соғысы», «Халықтар достығы», «Отан», «Құрмет белгісі» ордендерімен, «Ана тілінің айбары» алтын белгісімен, медальдармен марапатталған.