ҚазАқпарат-Анонс: желтоқсанның 20-сы мен 27-сі аралығындағы оқиғалардың күнтізбесі

ҮКІМЕТ
Желтоқсанның 20-сында Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтың Ақтөбеге жұмыс сапары жоспарланып отыр.
Желтоқсанның 20-сында Үкімет үйінде ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демократиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның сайтының таныстырылымы болады.
Желтоқсанның 20-сында Қорғаныс министрлігінде министр Әділбек Жақсыбеков жаңажылдық қабылдау өткізеді.
Желтоқсанның 20-сында Әділет министрлігінде Сыбайлас жемқорлықпен күрес жөніндегі қоғамдық кеңестің 12-ші отырысы өтеді.
БАСҚА МЕМЛЕКЕТТІК ҚҰРЫЛЫМДАР
Қазан айынан бастап желтоқсан айының соңына дейінгі аралықта Кедендік бақылау комитетінің басшылары барлық мүдделі мәселелер бойынша азаматтарды қабылдайды. Сондай-ақ, азаматтар комитет төрағасының орынбасарларына да сауалдарын қоя алады. Төрағаның орынбасары Сержан Дүйсебаев желтоқсанның 24-інде қабылдау өткізеді. Ал Төрағаның орынбасары Игорь Тень азаматтарды желтоқсанның 21-інде қабылдайды. Қабылдау уақыты - сағат 16.30-дан 18.30-ға дейінгі аралық. Қабылдауға (8-7172) 79-45-79 телефоны арқызы жазылуға болады.
ҚОҒАМ
Желтоқсанның 21-інде «Байқоңырдың» №1 алаңынан Халықаралық ғарыш стансысының кезекті экипажымен «Союз ТМА-17» ғарыш кемесі ұшырылады. «Ресейғарыш» агенттігі ағымдағы жылды қорытындылайтын үшінші сапар желтоқсанның 29-ына белгіленіп отыр. Бұл жолы «Протон-М» зымыраны ғарышқа американдық «DirecTV 12» телекоммуникациялық ғарыш аппаратын алып ұшады.
ҚАЗАҚСТАН ЖӘНЕ ӘЛЕМ
Желтоқсанның 19-20-сында Ресей Президенті Д.Медведевтің Қазақстанға жұмыс сапары өтеді.
Желтоқсанның 19-20-сында Қырғыз Републикасының Президенті Құрманбек Бакиевтің Қазақстанға жұмыс сапары өтеді.
СПОРТ
Желтоқсанның 18-і мен 23-і аралығында Қарағандыда әлемнің күшті құрамаларының қатысуымен Ғалым Жарылғаповты еске алуға арналған Бокстан XXVI халықаралық турнир өтеді.
АСТАНА
Желтоқсанның 19-ы мен 31-і аралығында Астанада Жаңа жылға арналған салтанатты іс шаралар өтеді. Елордалық әкімдіктің баспасөз қызметі таратқан кесте бойынша, желтоқсанның 23-30-ы аралығында «Жастар» сарайында жаңажылдық қойылымдар, би кештері ұйымдастырылады. Желтоқсанның 24-інде Есіл жағалауында, «Көктал» тұрғын үй ораманың Мәдениет үйінің алдындағы алаңда, №23 орта мектепте Сарыарқа ауданындағы мектептердің арасында жарияланған үздік безендіру конкурсының қорытындысы шығарылады. Желтоқсанның 25-інен бастап елордалық циркте ресейлік «Мұз айдындағы цирк» жаңажылдық қойылымы басталады. Желтоқсанның 25-інде дарынды балаларға арналған Президенттік шырша болады.
Желтоқсанның 20-сында «Нұр Отан» партиясыны орталық кеңсесінде «Елдің жол-көлік инфрақұрылымының дамуы мен жетілдірілуінің өзгеруі» деген тақырыпта «дөңгелек үстел» отырысы өтеді.
Желтоқсанның 20-сында Президенттік мәдениет орталығында «Қазақстан ардагерлері» қауымдастығының 3-і съезі болады.
Желтоқсанның 22-сінде «Дәулет» спорт комбинатында үстел үсті теннисі бойынша «Жастар Қазақстанның бірлігі үшін» атты қаланың ашық турнирі ұйымдастырады.
Желтоқсанның 22-сі мен қаңтардың 3-і аралығында М.Горький атындағы Орыс драмалық театрында Жаңажылдық ертеңгіліктер өтеді.
Желтоқсанның 24-25-інде спорттық гимнастикадан Астана қаласының ашық чемпионаты өтетін болады.
АЛМАТЫ
Желтоқсанның 22-сінде Қазақтың әл-Фараби атындағы Ұлттық университетте қазіргі заманғы журналистикадағы бәсекелестік және конвергенция мәселелеріне арналған халықаралық семинар өтеді. Форумға АҚШ, Германия, Қытай және Ресей ғалымдары қатысады.
Желтоқсанның 23-24-інде «Жетісу» қонақүйінде Қазақстан Республикасында мүгедектер спортын дамытудың 2009 жылғы қорытындысына және 2010 жылы Қытайдың Гуанчжой қаласында өтетін Азиялық Паралимпиялық Ойындарға қатысуға дайындық мәселелеріне арналған республикалық семинар-кеңес өтеді.
АТАУЛЫ КҮНДЕР. ЕЛЕУЛІ ОҚИҒАЛАР. МЕРЕЙТОЙЛАР.
20 ЖЕЛТОҚСАН, ЖЕКСЕНБІ
Халықаралық адамдар ынтымақтастығының күні. БҰҰ Бас Ассамблеясының кедейлікті жою үшін күрес жөніндегі БҰҰ-ның бірінші Онжылдығын өткізуге арналған қарарында жарияланған. 2006 жылдан бастап жыл сайын 20-шы желтоқсанда аталып өтеді.
ОҚИҒАЛАР
15 жыл бұрын (1994) Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының үлкен залында Орта Азияның көрнекті ғалымы Ұлықбек Мұхаммед Тарағайдың 600 жылдығына (1394-1449) арналған ғылыми конференция болып өтті.
3 жыл бұрын (2006) Румыния астанасында Бухарест Университеті, Экологиялық университеті және Спиру Харет А.Караджи атындағы университеті профессорының «Қазақстан - Орталық Азияның барысы» атты кітабы жарық көрді. Кітап, «Михай Эминеску» халықаралық баспа қорымен Қазақстан Республикасының Бухарестегі дипломатикалық миссиясы көмегімен басып шығарылды, кітапта біздің елдің туристік назар аударатын жерлері туралы жалпы ақпарат бар.
3 жыл бұрын (2006) Астанада Қазақстан Республикасындағы Ұлыбритания елшілігі ресми түрде ашылды.
3 жыл бұрын (2006) Алматыда олимпиада чемпионы Бекзат Саттарханов туралы кітаптың таныстыру салтанаты өтті.
Бекзат Саттарханов (1980-2000) - 2000 жылғы Сиднейдегі Олимпиада ойындарының чемпионы, «Барыс» орденінің бірінші дәрежедегі кавалері. Кітап «Қазығұрт» баспасында басылып шыққан, қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жазылған. Отбасылық мұрағаттан алынған суреттер және көптеген спорт журналистерінің фото суреттері пайдаланған. Фотоальбом чемпионның спорттағы «шыңға жеткен» жеңістері хроникаларынан басталады. Кітаптың тиражы - 3000 дана.
1 жыл бұрын (2008) Қазақстандағы балалар хирургиясының негізін қалаушы, балалар хирургиясы мен педиатрия институтының директоры, медициналық ғылымдарының докторы, Қазақстан Республикасы Ғылым Академиясының академигі Қамал Ормантаевқа «Қызылорда облысының құрметті азаматы» атағы берілді.
ЕСІМДЕР
95 жыл бұрын (1914-1979) Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, актер ТҰРСЫНОВ Жүсіпбек дүниеге келді.
Ұлы Отан соғысына қатысқан.
Павлодар облысында туған.
1937-1951 жылдары Ақтөбе мен Жамбыл облыстық драма театрларында қызмет еткен. 1952 жылдан - Шымкент облыстық драма театрының актері.
Махамбет (М.Ақынжановтың «Исатай-Махамбет»), Жантық, Жағыпар (Ғ.Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» және «Амангелді»), Арыстан, Көбей, Керім (М.Әуезовтің «Айман-Шолпан» және «Еңлік-Кебек», М.Әуезов пен Л.Соболевтің «Абай»), Боқай (С.Адамбековтің «Біздің үйдің жұлдыздары»), Базарбай (Ә.Ордабаев пен Қ.Шаниннің «Сенім күші»), Қатай (С.Жүнісовтің «Ажар мен ажал»), Қарасай (Б.Майлиннің «Шұға»), Әли (Р.Ғамзатовтың «Тау қызы»), Подколесин (Н.Гогольдің «Үйлену») сияқты күрделі де қиын образдарды сомдады.
Қызыл Жұлдыз орденімен және медальдармен марапатталған.
85 жыл бұрын (1924-1975) ғалым, педагогика ғылымдарының докторы, профессор БЕРЖАНОВ Қартбай Бекемұлы дүниеге келді.
Батыс Қазақстан облысы Ақжайық ауданында туған.
Қазақ педагогикалық институтын (Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті) бітірген.
Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтының оқытушысы, доценті, проректоры, Алматы облыстық білім беру бөлімінің меңгерушісі, Қазақ мемлекеттік университетінің (әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) кафедра меңгерушісі қызметтерін атқарған.
Ғылыми-зерттеу жұмыстарының негізгі бағыты - революцияға дейінгі Қазақстандағы оқу-ағарту ісі мен жаңа кезеңдегі (1917-1941) Қазақстан мұғалімдерінің қоғамдық, мәдени-ағарту қызметі. «Педагогика тарихы» атты жоғарғы оқу орындарына арналған қазақ тіліндегі тұңғыш оқулықтың авторы.
21 ЖЕЛТОҚСАН, ДҮЙСЕНБІ
Түрікменстанның алғашқы президенті Сапармұрат Ниязовты еске алу күні. С.Ниязов 2006 жылғы 21-ші желтоқсанда жүрек ұстамасынан қайтыс болған.
Сөз жұмбақтың туған күні.Алғашқы сөз жұмбақты құрастырушы Ливерпульдан Нью-Йоркке қоныс аударған журналист Артур Уинн болған. Уинннің ойлап тапқаны отандастарына ұнамады. Автор өзінің 32 сөзден тұратын сөз жұмбағын «Нью-Йорк уорлд» газетіне жіберіп, ол 1913 жылғы желтоқсанның 21-де басып шығарылды.
Нидерландыда Қасиетті Томастың күні. Желтоқсанның 21-і - жылдың ең қысқа және ең қараңғы күні атап өтіледі. Бұл күн Рождество демалыстары алдындағы мектептегі сабақтардың соңғы күні болып табылады.
ОҚИҒАЛАР
16 жыл бұрын (1993) Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың Қаулысымен «Алтын Жұлдыз», «Халық қаһарманы» атағы, ордендер, медальдар, және басқа мемлекеттік сыйлықтар белгілерінің бейнелері бекітілді. «Халық Қаһарманы» атағы - Қазақстан Республикасының «Алтын Қыран» орденімен - айрықша ерекшеліктің жоғарғы дәрежесі белгісімен бірдей айрықша ерекшеліктің жоғарғы дәрежесі. Бұл орденмен тек қана Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген азаматтар марапатталады. Қазақстан Республикасының Президенті лауазымы бойынша «Алтын қыран» орденінің ерекше түрінің кавалері атанады. «Халық қаһарманы» атағын алған адамдарға Алтын жұлдыз ерекше белгісі және «Отан» ордені беріледі. «Отан» ордені - Қазақстан Республикасының жоғарғы ордендерінің бірі. «Отан» орденімен мемлекеттік және қоғам қызметтерінде: экономиканы дамытуда, әлеуметтік салада, ғылым мен мәдениетте, құқық қорғау және әскери қызметінде, демократия мен әлеуметтік саланы дамытуда ерекше еңбектері үшін марапатталады.
14 жыл бұрын (1995) Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың Қаулысымен Израиль мемлекетінде Қазақстан Республикасының елшілігі ашылды.
5 жыл бұрын (2004) Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Астана әкімшілігі жаңа ғимаратының ашылу салтанатына қатысты. Әкімшіліктің ғимараты қаланың орталығында Әуезов пен Бөкейхан көшелерімен қиылысатын Кеңесары көшесінде орналасқан. Жаңа ғимарат Қазақстан Республикасы Үкіметінің қолдауымен Кувейт қорының қаражатына салынды.
4 жыл бұрын (2005) Ақмола облысы Ерейментау қаласында қазақтың танымал батыры - Қанжығалы Бөгенбай батырдың мұражайы ашылды. Батыр XVIII ғасырдың бірінші жартысында жоңғарлармен күрес жылдары дарынды әскери басқарушы болған. Мұражайға келушілердің назарына жарты мыңнан астам экспонаттар көрмеге қойылған.
ЕСІМДЕР
80 жыл бұрын (1929-2002) құрметті спорт шебері, республикамыздың он дүркін чемпионы, КСРО-ның екі дүркін чемпионы УЛЬЯНОВ Степан Иванович дүниеге келді.
Батыс Қазақстан облысында туған.
КСРО чемпионатының және ІІ КСРО халықтары спартакиадасының қола жүлдегері. Теміржолшылар арасында өткен жарыстардың чемпионы.
Ульянов екі қолымен көтеру жаттығуында 12 мәрте КСРО рекордтарын және 6 мәрте әлем рекордтарын жаңғыртты.
Жаттықтырушысы - А.Костин.
45 жыл бұрын (1964) Атырау облысы Сәулет және қала құрылысы басқармасының бастығы ДҮЗЕЛБАЕВ Бақтыбай Жексенбайұлы дүниеге келді.
Атырау облысында туған.
Алматы сәулет-құрылыс институтын бітірген.
Атырау облысы Сәулет және қала құрылысы департаментінің директоры қызметін атқарған. Қазіргі қызметінде - 2008 жылдың 23 сәуірінен.
22 ЖЕЛТОҚСАН, СЕЙСЕНБІ
Дунчжицзе қыс күндерінің тоқырау мейрамы. Жыл сайын қыстағы күнің тоқырау күні желтоқсанның 21-і мен 22-і аралығына келеді. Қыстағы күнің тоқырау күні жылдың ең қысқа күні және ең ұзақ түні болып есептеледі. Ежелгі Қытайда осы уақыттан бастап табиғаттың «еркектік күші» көтеріледі және жаңа кезең басталады деп есептелген. Сондықтан қыстағы күнің тоқырауы ең бақытты күн және тойлауға лайықты мейрам деп саналады.
ОҚИҒАЛАР
10 жыл бұрын (1999) Алматыда белгілі ғалым Евней Арыстанұлы Бөкетов өмір сүрген үйінің қабырғасына ескерткіш тақта орнатылды. Академик Е.Бөкетов (1925-1983) 9 ғылыми монография жариялады. Шәкірттері дайындаған 14 монографияға басшылық етті. Өз пікірлестерімен бірігіп, 242 ғылыми еңбек жазып шықты. 100 авторлық куәлігі бар. Кейбір жаңалықтарына АҚШ, Франция, Англия, Канада, Австралия, Италия, Германия мен Жапонияда патент алды. Бұл жаңалықтар әлі де өз пайдасын алып келуде.
1 жыл бұрын (2008) Қызылордада ТМД елдерінде баламасы жоқ күріш кеспесін өндіретін зауыт ашылды. Кеспені өндіру кезінде күріштің барлық түрі пайдаланады. Өнім Америка мен Еуропа елдерінде жоғары сұраныста.
1 жыл бұрын (2008) Оралдағы Д.Қонаев атындағы ықшамауданда Кеңес Одағының Батыры Михаил Абдоловқа ескерткіш тақтасы орнатылды. М.Абдолов (1918-2006) барлаушы болып қызмет атқарды, Волгадан Берлинге дейін соғысқа қатысқан.
5 жыл бұрын (2004) Өзбекстанда Брайл әрпімен терілген Құран басып шығарылды. Бұл кітап көзі көрмейтін және көзі нашар көретін адамдарға мұсылмандардың қасиетті кітабының уағыздарын оқуға мүмкіндік береді.
ЕСІМДЕР
150 жыл бұрын (1859-1919) Алаш қозғалысының көрнекті қайраткері ҚҰЛМАНОВ Бақтыгерей дүниеге келді.
Жәңгір мектебін, Санкт-Петербургтегі Император университетінің Шығыс факультетін тәмамдаған. 1887 жылы ғылым кандидаты атағын алып, көп уақыт Бакудегі түрлі сайланбалы жауапты жұмыстарда болды.
Б.Құлманов 1906-1907 жылдары І Мемлекеттік және ІІ Мемлекеттік Думаларға Ішкі орда қазақтарынан депутат болып сайланып, мұсылман фракциясын басқарған. 1917 жылғы сәуірдің 23-нен желтоқсанның 2-не дейін Бөкей ордасындағы уақытша үкіметтің комиссары болды. 1917 жылғы желтоқсанның 3-7 аралығында Орынборда өткен жалпықазақ съезінде президиум басқарып, Алашорда үкіметінің төрағалығына Ә.Бөкейхановпен бірге ұсынылды.
45 жыл бұрын (1964) мемлекеттік 3-сыныпты әділет кеңесшісі, Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің төрағасы АХМЕТЖАНОВ Марат Мұратұлы дүниеге келді.
Қарағанды облысында туған.
Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген.
Павлодар, Оңтүстік-Қазақстан облыстарының прокуроры қызметін атқарған. Қазіргі қызметінде - 2009 жылдың 3 қыркүйегінен.
45 жыл бұрын (1964) Атырау облысы Ішкі саясат басқармасының бастығы ҚЫСТАУБАЕВА Әсия Баянқызы дүниеге келді.
Атырау облысында туған.
Гурьев педагогика институтын (Х.Досмухамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті) бітірген.
Облыс әкімі аппараты басшысының ұйымдастыру-бақылау және кадр мәселесі жөніндегі орынбасары қызметін атқарған. Аталған қызметінде - 2008 жылдың 10 маусымынан.
23 ЖЕЛТОҚСАН, СӘРСЕНБІ
Жапонияның мемлекеттік мейрамы - Императордың туған күні. 1933 жылы Жапонияның 125-ші императоры Акихито дүниеге келді. Оның туған күні өз елінде ұлттық мереке болып табылады. Акихито әкесі Хирохито қайтыс болғаннан кейін 1989 жылғы қаңтардың 7-інде таққа отырды. Сол кезден бастап, жапондықтардың Хэйсэй деп аталатын жаңа жыл санау кезеңі басталды. Акихито 14 жасынан ел басқару ісімен айналысып келеді.
Қазақстан Республикасымен дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылғы қаңтардың 26-да орнатылды.
Швеция корольдігінің Ұлттық мейрамы - королева Сильвияның туған күні. 1943 жылы Швеция королевасы Сильвия дүниеге келді. Королева Сильвия жұмысқа жарамсыз мүгедектерге қол ұшын беру ісмен айналысып жүр. Ол - мүгедек балалар ойындары мен спорты саласын зерттеу ісін қолдайтын Король қайырымдылық қорының төрайымы. Мүгедек балаларды спортпен айналысуға жетелейтін швед, ағылшын, неміс және испан тілінде жарық көрген «Дегеніңе жет» атты кітаптың шығуына тікелей басшылық жасады және демеушісі болды. Құлағы нашар еститін жандармен тілдесу үшін королева саңыраулардың тілін үйренді. Сильвия ханым - мүгедектердің олимпиадалық ойындарының тұрақты қонағына айналды.
Қазақстан Республикасымен дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылғы сәуірдің 7-де орнатылды.
ОҚИҒАЛАР
15 жыл бұрын (1994) Бішкекте Қазақстан Республикасының елшілігі ресми түрде ашылды.
15 жыл бұрын (1994) Алматы қалалық №12 қазақ орта мектебіне қазақтың белгілі ағартушысы Шоқан Уәлихановтың есімі берілді.
4 жыл бұрын (2005) Байқоңырда «Байқоңыр» космодром жобасының алғашқы жетекшісі Алексей Ниточкинге арналған ескерткіш тақтаның ашылу салтанаты өтті.
1 жыл бұрын (2008) Маңғыстау облысында «Өзен - Жетпісбай» кесіндіде орналасқан «Өзен - Ақтау» магистральді газ құбырының резервті тармағы ашылды. Жобаның мақсаты - тұтынушыларға үздіксіз «көгілдір» отынды жеткізу және аймақтағы газды өндірудің жоғарылауына байланысты тасымалдау жүйесін жақсарту. Жаңа тармақ басты құбырда техникалық ақаулар болған жағдайларда аймақты газбен қамтамасыз етеді.
ЕСІМДЕР
120 жыл бұрын (1889-1937) Алашорда үкіметінің Батыс бөлімшесінің мүшесі және белсенді қайраткері ЖАНҚАДАМОВ Бижан (Бижанғали) Әбілқасымұлы дүниеге келді.
Б.Жанқадамов 1916 жылы қазақтан майдандағы тыл жұмысына адам алуды тоқтату жөніндегі Жайық сырты қазақтары делегациясы құрамында Петроградқа барды. Сол жылы қазан айында Қазан қаласында оқитын бір топ қазақ студенттерінің қатарында майдандағы тыл жұмысына алынғандарға, олардың үй-ішіне көмектесу жөнінде «Қазақ» газетіне хат жазды. 1917 жылы наурыз айында Ә.Бөкейхановтың шақыруымен қазақ оқығандары тобында Батыс майданға келіп, жігіттерді елге жеткізу ісін ұйымдастырды. 1917 жылы күзде ел ішіндегі ықпалды адамдардың ұсынуымен Жымпиты уездік земство басқармасы төрағалығына Жәленовпен баламалы негізде шарға (сайлау) түсіп, басым дауыспен төраға болды. Ол Земство жүйесін бірден-бір жергілікті билік органы деп біліп, оның демократтық негізде жұмыс істеп, халық шаруашылығы міндеттерін толықтай атқаруына күш жұмсады. М.Шоқай, Х.Досмұхамедов, И.Қашқынбаев, Б.Қаратаевтармен тығыз байланыста жұмыс істеп, Алашорданың үкімет ретінде танылуына зор үлес қосты. 1937 жылы сәуірдің 10-ында «белсенді алашордашы, халық жауы» ретінде тұтқындалды. Жауап алу кезінде Ж.Досмұхамедовты құрметтейтінін, А.Байтұрсыновтың, М.Жұмабаевтың талантына бас иетінін тайсалмай айтып, Батыс Алашорда құрамында болғанын жасырмағаны үшін 1937 жылғы желтоқсанның 2-де атылды. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты коллегиясының 1992 жылғы қыркүйектің 16-дағы ұйғарымымен ақталды.
105 жыл бұрын (1904-1945) композитор, домбырашы КӨШЕКБАЕВ Смағұл дүниеге келді.
Атырау облысы Теңіз ауданында туған.
Құрманғазының күйлері мен Мұхиттың әндерін орындаушы.
1936 жылдан Жамбыл атындағы мемлекеттік филармонияда қызмет етті.
Құрманғазының «Ертең кетем», «Лаушкен», «Повестка» күйлерін Е.Г. Брусиловскийге нотаға түсіртті. «Майданға», «Жас достар», «Май гүлі», т.б. ән-романстардың авторы. 1939 жылы Шымкент қорғасын зауытында, 1941 жылы Ащысайда (Оңтүстік Қазақстан облысы) халық аспаптар оркестрін құрды.
Қызыл Жұлдыз, 2-дәрежелі Отан соғысы, Қызыл Ту ордендерімен, медальдармен марапатталған.
85 жыл бұрын (1924) суретші, кескіндемеші, акварелші, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері ӘЖИЕВ Үкі Әжиұлы дүниеге келді.
Ұлы Отан соғысына қатысқан.
Алматы облысы Қаскелең ауданында туған.
Н.В.Гоголь атындағы Алматы көркемсурет училищесін бітірген.
Шығармашылығы Қазақстанның бейнелеу өнерінде елеулі орын алады. Республикадағы сурет көрмесінің бәріне белсене қатысты. Англия, Гана, Нигерияда болып, қала көрінісінің бірнеше картиналарын жазды. Суретшінің «Бұқара», «Самарқан» серияларына енген «Хиуа көшесі», «Шайханада», «Хиуа 1968 жылы» деген шығармалары ерекше көзге түсті. Мұнда Әжиев Шығыс қалаларының көріністері мен халықтың жарқын тұрмысын шынайы бейнеледі. Туған жер табиғатын танытатын «Асы жайлауы», «Алатау бөктерінде» атты шығармалары шыншылдығымен, нақтылығымен құндылы. Портрет жанрында да көп еңбек етті. «М. Әуезовтың портреті», «Студент қыз», «Механизатор» сияқты портреттер суретші дарынының жан-жақтылығын танытады.
Қазақстан мемлекеттік сыйлығының иегері. Бірнеше медальдармен марапатталған.
24 ЖЕЛТОҚСАН, БЕЙСЕНБІ
Сочельник (католиктік мейрам). Батыс елінде Сочельник мерекесін Әулие Иса пайғамбардың туған күні қарсаңында тойлайды. Дәстүрге сай, әрдайым осы күні, Иса туылған жер - Вифлеемде мерекелік шеру өтеді. Түн ортасы ауғанда шіркеуде месса басталады. Месса - Ватиканда өтетін ең салтанатты қызмет түрі.
Албания Республикасының Ұлттық мейрамы - Республика күні (1924). Бұл ел 1912 жылғы қыркүйектің 28-де тәуелсіздігін алды. 1946 жылғы қаңтардың 11-де Албания халықтық республика болып жарияланды. 1976 жылғы Конституцияға сәйкес, Албания Халықтық Социалистік Республика деп атын өзгертті.
Қазақстан Республикасымен дипломатиялық қарым-қатынас 1993 жылғы қыркүйектің 21-де орнатылды.
ОҚИҒАЛАР
65 жыл бұрын (1944) Абай атындағы Қазақ мемлекеттік опера және балет театрында Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамидидің М.Әуезов либреттосына жазылған «Абай» операсы алғаш рет қойылды. Бұл опера театр репертуарынан орнықты орын алған қазақ композиторларының алғашқы шығармасы. Басты рөлді Ришат Абдуллин сомдаған «Абай» операсы Мәскеу, Ленинград, Берлин, Дрезден, Лейпциг, Ташкент, Ярославль театр сахналарында қойылды.
10 жыл бұрын (1999) Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Жарлығына сәйкес сол кездегі «Отан» партиясы төрағасының міндетін атқарушы С.А.Терещенко мен Армян мәдени орталығы төрағасының орынбасары Э.А.Тер-Погосян Бейбітшілік және рухани келісім президенттік сыйлығының лауреаты атанды.
7 жыл бұрын (2002) Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевқа Бейжің университетінің Құрметті докторы ғылыми атағы берілді.
5 жыл бұрын (2004) Астана қаласы Есілдің сол жағалауындағы жаңа әкімшілік орталығы аумағында орналасқан Қазақстан Республикасы Президентінің Резиденциясы ресми түрде ашылды. Ашылу салтанатына елорданың барлық ұлттық-мәдени орталықтарының өкілдері мен құрметті ақсақалдар қатысты. Қазақстан Республикасының Президенті Резиденцияның ашылу салтанатында жаңа ғимаратты «Ақ Орда» деп атады. Резиденция 2001 жылы қыркүйек айында салына бастады. Ғимараттың жалпы көлемі 36720 кв.м. Ғимарат қазіргі заманғы құрылыстың ең таңдаулы әдістерін қолдана отырып, монолит құйматастан салынған. Шатырсүмбіні қоса есептегендегі ғимараттың биіктігі 80 метр.
ЕСІМДЕР
70 жыл бұрын (1939-1999) ақын ОРАЗАЕВ Совет дүниеге келді.
Алматы облысында туған.
Қазақ мемлекеттік университетін (әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) бітірген.
Аудандық және облыстық газет редакцияларының, Қазақстан Жазушылар одағының көркем әдебиетті насихаттау бюросының, Жезқазған облысы Ақадыр аудандық «Ақадыр таңы» газетінің қызметкері болған.
Өлеңдері бірнеше рет ұжымдық жинақтарға енген. «Дала дауысы», «Шырқау биік», «Өлеңім - өзім» атты жыр жинақтарының авторы.
25 ЖЕЛТОҚСАН, ЖҰМА
Рождество. Еуропада Рождество мерекесі Әулие Николаус күні, яғни желтоқсанның 6-да басталып, қаңтардың 6-да аяқталады. Еуропаның көптеген елдерінде бұл мереке - нағыз отбасылық мейрам болып саналады. Рождествоны тойлау екі-үш күнге созылады да дәстүрлі бірінші жұлдыз жанған сәтте кешкі асқа отырудан басталады.
ОҚИҒАЛАР
30 жыл бұрын (1979) «Тараздың көне ескерткіштері» атты мемлекеттік мұражай-қорығы құрылды. Мұражайдың құрамына көне Тараздың ескерткіштері және Әулиеата кезіндегі қала құрылысы мен сәулет ескерткіштері кіреді. Солардың ішінде Айша бибі, Қарахан, Бабаджа хатун, Дәуітбек (Шамансүр) кесенелері, Әбдіқадыр мешіті, Үштөбе сақтар қорғаны, Төнкеріс, Төрткөл үй-жайы және т.б. бар. Мұражай экспонаттарына көне-түрік жазулары, күйіктас құмыралары, ағаш ыдыстар кіреді.
27 жыл бұрын (1982) «Отырар сазы» атты фольклорлық-этнографиялық оркестрі құрылды (қазіргі Н.Тлендиев атындағы Мемлекеттік фольклорлық-этнографиялық оркестр академиясы).
3 жыл бұрын (2006) Алматыда «Ахмет Жұбанов» атты деректі фильмнің премьерасы болды.
Көріністің авторы - танымал режиссер Қалила Омаров. Фильмнің сценарийін музыкант Жұбановтың қызы Ажар Ахметқызымен бірге жазған. Фильмде кейіпкердің танымал және танымсыз өмірінің көріністері пайдаланылған. А.Жұбановтың туған жері - Ақтөбе облысында және Алматыда, Астанада және Париждегі мерейтойлық шаралар өткен ЮНЕСКО-ның штаб-пәтерінде түсірілген. Мәскеу мұрағаттарынан материалдар пайдаланылған. Фильмде Жұбановтар әулетінің көптеген мүшелері және оның шөбересі, жас танымал дирижер Алан Бөрібаев та қатысқан.
3 жыл бұрын (2006) Семейде алғашқы рет қазақстандағы дөңгелекті тракторды ТТЗ-80.10. құрастыру конвейерлік желісі іске қосылды. Бұл оның құрылуына Беларус, Ресей, Өзбекстан және Қазақстан қатысқан бірлескен кәсіпорын.
ЕСІМДЕР
120 жыл бұрын (1889-1941) Алаш қозғалысының қайраткері, Түркістан өлкесі халықтарының азаттық күресі жетекшілерінің бірі, публицист МҰСТАФА Шоқай дүниеге келді.
Қызылорда облысы Шиелі ауданында туған.
Сұлутөбе станциясындағы орыс мектебінде бастауыш білім алған ол 1902 жылы Ташкенттегі гимназияға түсіп, 1910 жылы үздік бітіріп шығады. Болашақ қайраткер 1910 жылы Санкт-Петербор университетінің заң факультетіне оқуға түсіп, оны 1917 жылы бітіреді.
Студент шағынан қоғамдық-саяси өмірге белсене араласып, түркі-мұсылман студент жастарының қозғалысына қатысады. 1917 жылы сәуірдің 16-21-і аралығында Ташкентте өткен Түркістан өлкесі мұсылмандарының 1-ші съезіне қатысып, оның төралқасына мүше болып сайланды. «Бірлік туы» газетінің негізін қалап, оның алғашқы редакторы болды. Түркістан өлкесі жергілікті халқының мүддесін қорғауды мақсат еткен қоғамдық-саяси ұйымдардың қызметін үйлестіру үшін құрылған «Түркістан өлкесі мұсылмандарының орталық кеңесіне» төрағалық етті. Бірінші жалпықазақ съезіне қатысып, Бүкілресейлік құрылтай жиналысына депутаттыққа кандидат ретінде ұсынылды. 1917 жылы Қазан төңкерісінен кейін Ташкенттегі жұмысшы-солдат депутаттар кеңесі жергілікті халықтың өзін-өзі басқару құқығын мойындаудан бас тартып, қарашаның 15-22-інде өткен кеңестердің 3-ші съезі қабылдаған «өлкедегі барлық билік еуропалық нәсіл өкілдерінен кұралған Түркістан Халық комиссарлар кеңесіне көшеді» деген қаулысын Мұстафа Шоқай нағыз әділетсіздік деп бағалады. Ұлттық қоғамдық-саяси ұйымдарды кеңестердің қырына алуына байланысты Мұстафа Шоқай жетекшілік еткен «Түркістан өлкесі мұсылмандарының орталық кеңесі» Ташкенттен Қоқанға көшіп, онда өлке мұсылмандарының төтенше съезін тез арада өткізу ісін қолға алды. 1917 жылы қарашаның 28-інде өткен Түркістан өлкесі мұсылмандарының төтенше 4-ші съезінің төралқасына басшылық етті. Осы съезд шешімімен құрылған Түркістан (Қоқан) автономиясының 54 адамнан тұратын Уақытша Халық Кеңесі құрамына сайланды және жаңа Уақытша үкіметтің Сыртқы істер министрі болды. Уақытша үкіметінің төрағасы М.Тынышбаев қызметінен кеткеннен кейін оның орнына Мұстафа Шоқай сайланды. Ол сондай-ақ 1917 жылы желтоқсанда Екінші жалпықазақ съезіне қатысып, Алашорда құрамына сайланды. Съезд аяқталғаннан кейін Мұстафа Шоқай біртұтас автономия құру мәселесін қарау үшін Сырдария қазақтарының құрылтайын шақыру туралы тиісті қайраткерлерге жеделхат жолдады. Онда: «Сырдария халқына өз тарапымнан айтарым, тегінде Алаш баласының басы қосылатын кезі осы бүгін. Айрылсақ, мұнан соң жұрттың басын қосуымыз қиын. Алаш ұранына шаппайтын қазақ баласы болмас. Сырдария қазағы кешікпей Алаш туының астына жиналар деген үміттеміз делінген еді. Мұстафа Шоқайдың Сырдария өңірі қазақтарын Алаш автономиясына қосу жолындағы әрекеті нәтижесіз болған жоқ. 1918 жылдың бас кезінде өткен Сырдария облысы қазақтарының съезі «Алашорда өз алдына автономия жариялап, Түркістан (Қоқан) автономиясымен одақ болса, Сырдария қазақтары Түркістан автономиясынан шығып, Алаш автономиясына кіреді» деген қаулы қабылдады. Қоқан қаласын большевиктер жаулап алып, Түркістан (Қоқан) автономиясын құлатуына байланысты Мұстафа Шоқай шет елге эмиграцияға кетуге мәжбүр болды. 1918 жылы мамырда Шоқай Ақтөбеге, одан Екатеринбургке жетті. Онда кеңестік билікке қарсы оппозиция күштермен байланыс орнатып, большевиктер үстемдігіне қарсы күрес жүргізудің жолдарын қарастырды. Бүкілресейлік Құрылтай жиналысының Самарадағы комитеті мәжілістеріне қатысты. Осы комитеттің ұйымдастыруымен 1918 жылы қыркүйекте Челябинскіде шақырылған съезге қатыспақ болып барғанында өзге делегаттармен бірге Колчак әскерлері тарапынан тұтқынға алынды. Сәті түсіп, тұтқыннан босап шыққан соң 1919 жылы көктемде Маңғыстау арқылы Бакуге, одан Тбилисиге келді. Мұстафа Шоқай онда 1921 жылғы ақпанның 25-іне дейін болып, осетиндік белгілі қайраткер А.Цалыковтың редакторлығымен шығатын «Вольный горец» және Грузия меньшевиктерінің «Борьба» газеттерінде істеді. 1920 жылы Тбилисиде украиндықтармен бірлесе отырып «На рубеже» журналын шығаруды жолға қойып, оның редакторы қызметін атқарды. Сонымен бірге ол «Шафақ» («Таңсәрі») газетіне бас редактор болды. Тбилиси қаласы Кеңес өкіметінің қолына өткен соң Мұстафа Шоқай зайыбымен бірге Түркияда біраз аялдап, соңынан Францияға ауысты. Шетелдік эмиграция жылдарында көптеген қиыншылықтарды жеңе отырып, ол кең ауқымды, терең мазмұнды саяси күрес жүргізді. А.Керенскийдің «Дни» және П.Милюковтың «Последние новости» газеттерінде қызмет етті. 1927 жылдан Зәки Уәлиди Тоғанның редакторлығымен Парижде шығып тұрған «Иени Түркістан» журналына атсалысып, «Туркестан милли бирлиги» («Түркістан ұлттық бірлігі») ұйымына жетекшілік етті. Эмиграцияда жүрген түркі-мұсылман халықтарының Ә.Топчибашев және Г.Исхаки секілді өкілдерімен жиі араласып, пікірлес болды. Оларды Ресейдегі түркі-мұсылман халықтарын азаттыққа жеткізуде күш біріктіре әрекет етуге үндеді.
1940 жылы Парижге неміс әскері кіргенде, Мұстафа Шоқай тұтқынға алынып, бірнеше ай концлагерьде отырып шығады. Көп ұзамай Мұстафа Шоқай Берлиндегі «Виктория» ауруханасында күмәнді жағдайда көз жұмып, қаладағы мұсылмандар зиратына жерленді.
Францияның Ножан-сюр-Марн (Валь-де-Марн департаменті) қаласында қазақ ұлт өкілдерінің қатысуымен ескерткіш тақта орнатылған. Алматы қаласында Мұстафа Шоқай есімімен аталатын көше бар. Қызылорда қаласындағы Экология университетіне Мұстафа Шоқай есімі берілген. Қайраткердің туған ауылына ескерткіші қойылған.
70 жыл бұрын (1939) қазақтың ақын қызы, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстан Республикасының халық жазушысы ОҢҒАРСЫНОВА Фариза Оңғарсынқызы дүниеге келді.
Атырау облысында туған.
Атырау мемлекеттік педагогика институтын бітірген.
Ауылдық мектептің мұғалімі қызметін атқарған. 1966-1969 жылдары - «Коммунистік еңбек» облыстық газетінің әдеби қызметкері. 1969-1977 жылдары - «Лениншіл жас» («Жас Алаш») газетінің Атырау, Ақтөбе, Орал облыстары бойынша меншікті тілшісі, «Қазақстан пионері» газетінің редакторы. 1978 жылы - «Пионер» журналының бас редакторы.
Алғашқы кітабы «Сандуғаш» 1967 жылы жарық көрген. «Мелодия», «Беспокойная пора», «Гордое поколение», «Көгершіндерім», «Тревоги», «Ожидание солнца», «Озарение» жыр жинақтарының, «Биіктік» очерктер жинақтарының, «Біздің Кәмшат» повесінің, Ә.Тәжібаев, М.Мақатаев, чили ақыны Пабло Неруды шығармашылықтары туралы әдеби-сын мақалалардың авторы. С.Вангелидің «Приключения Гугуце», «Дедушкин министр» балаларға арналған повестерін, С.Капутикянның, Е.Евтушенконың, Р.Казакованың, араб ақыны Әбдурахман әл-Хамисидің өлеңдерін, П.Нерудың кітаптарын қазақша аударған. Ақынның көптеген шығармалары шет тілдерге аударылған.
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің бірінші және екінші шақырылымының депутаты.
«Құрмет белгісі», «Парасат» ордендерімен, медальдармен марапатталған.
26 ЖЕЛТОҚСАН, СЕНБІ
Словенияның тәуелсіздігі мен ынтымақтастық күні. 1990 жылғы 26-шы желтоқсандағы референдумның қорытындыларын жариялайды. Референдум 1990 жылғы желтоқсанның 23-де өткізілген болатын.
ОҚИҒАЛАР
18 жыл бұрын (1991) Қазақстан мен АҚШ арасында толық көлемді дипломатиялық ара-қатынас бекітілді.
14 жыл бұрын (1995) Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасының Президенті туралы» Конституциялық заңы қабылданды.
14 жыл бұрын (1995) Қазақстан Республикасының «Бухгалтерлік есеп және қаржылық есептілік» Заңы қабылданды.
4 жыл бұрын (2005) Ақтөбе облысындағы Алға ауданы орталығында 19 ғасырдың аяғында Ақкемір кентінде өмір сүрген хазірет Мұхамбетқазы Мендіқұлов атындағы мешіт салтанатты түрде ашылды. Ол исламның беделді қызметшісі, Меккеге бірнеше рет қажылық жасаған, ағартушы, сол өңірдің тарихына өз ізін қалдырушы. Мұхамбетқазы Ресей патшасының қабылдауында болып және Ақкемірде мектеп ашуына рұқсат алған.
3 жыл бұрын (2006) Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан жолы» атты кітабының тұсау кесер рәсімі өтті.
3 жыл бұрын (2006) Павлодарда Чернобыль атом электр стансасы апатында құтқаруға қатысқан павлодарлықтарға арналған ескерткіштің ашылу рәсімі өтті. Ескерткіштің ортасында - адам денесінің нұсқалары, «атом ядросын» ұстауға талпынған қолдар. Павлодарлықтар мен Чернобыльдықтардың шығармашылық қоғам ұжымының жобасы қала әкімшілігінің қолдауымен іске асырылған.
1 жыл бұрын (2008) Батыс Қазақстан облысы Қазталов ауданы Қаракөл ауылында Қазақстан Республикасының композиторы, еңбек сіңірген ұстазы Нәсекен Сүлейменовтың мұражайы ашылды.
ЕСІМДЕР
115 жыл бұрын (1894-1938) мемлекет және қоғам қайраткері, Түркістан Республикасы Халық комиссарлары Кеңесінің төрағасы, Түрксіб құрылысының негізін салушылардың бірі РЫСҚҰЛОВ Тұрар дүниеге келді.
1907-1910 жылдары Тұрар Меркедегі орыс-қазақ бастауыш мектебінде, 1910-1914 жылдары Бішкектегі ауыл шаруашылық училищесінде оқып, бау-бақша мамандығын алады. 1914-1916 жылдары Меркеде және Ташкент түбіндегі бау-бақша ісімен айналысады. 1916 жылдың жазында Әулиеата оязында отаршылдыққа қарсы қарулы көтерілісті ұйымдастырғаны үшін қамауға алынады. Қазақ халқының 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалысы жас интеллигенттердің саяси сауаттану мектебі болды және олардың тағдырын айқындап берген ұлы қозғалыс еді. 1917 жылғы революция кезінде патшаның тақтан құлағанын естіген Т.Рысқұлов Ташкенттегі оқуын тастап, Әулиеата оязындағы Мерке ауданына келеді. Онда еркіндік пен тәуелсіздік үшін күресу мақсатында 1917 жылдың басында «Қазақ жастарының революциялық одағын» құрады. 1918 жылы Әулиеата оязы Совдепі төрағасының орынбасары қызметін атқарады. Қазан айында Кеңестердің VІ съезінде ТүркОАК құрамына кіреді. Одан кейін Түркістан Республикасының денсаулық сақтау халкомы болып тағайындалады. Түрлі қызмет атқарып, 1920 жылы Түркістан Компартиясы ОК-нің мүшесі, Түркістан АКСР ОАК төрағасы болып сайланды.
Рысқұловтың саяси, мемлекеттік қызметкер ретіндегі есімі Мұсылман бюросындағы қызметімен байланысты кеңінен белгілі болды. Оның басшылығымен Мұсбюро Орталықтың қысымы мен диктатына қарсы үнемі күрес жүргізді. Түркі Республикасы мен Түркі компартиясын құру жөніндегі Рысқұлов көзқарастары Мұсбюроның ІІ конференциясында қолдау тапты. Бірақ орталық араласып, түркістандықтардың ұлттық бағдарлануға деген еркіндігін басып тастады. Тұрарға пантюркизм мен ұлттық ауытқу жөнінде айып тағылып, өмірінің соңына дейін қалмады. Т.Рысқұлов 1920 жылы Бакудегі Шығыс халықтарының І съезінің жұмысына қатысты. 1920 жылы желтоқсанда РСФСР Ұлттар ісі жөніндегі халкомының орынбасары, 1922 жылы Түркістан Республикасы Халық комиссарлары Кеңесінің Төрағасы қызметіне тағайындалды. 1924 жылы Монғолияға Коминтерннің өкілі ретінде жіберілді. 1925 жылы Қазрайком БКП (б) баспасөз бөлімінің меңгерушісі және «Еңбекші қазақ» газетінің жауапты редакторы, 1926-1937 жылдары мақта жөніндегі тұрақты мәжіліс төрағасының орынбасары.
Оның қаламынан ондаған кітап, кітапша, 100-ден аса мақалалар шықты.
1937 жылдың мамыр айында Мәскеуде қамауға алынған. 1934 жылы құрылған «Бүкілодақтық біріккен орталықты» ұйымдастырушы деген айып тағылған. 1938 жылдың 10 ақпанында ату жазасына ұшыраған.
Алматыда ірі даңғылдардың бірі Рысқұлов есімімен аталады.
50 жыл бұрын (1959) Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі төрағасы МАРЧЕНКО Григорий Александрович дүниеге келді.
Алматы қаласында туған.
Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтын бітірген.
1984-1991 жылдары - Қазақ КСР Түсті металдар министрлігі конструкторлық-технологиялық бюросының инженер-конструкторы, басқару кадрлар бөлімі бастығының орынбасары - министр кеңесшісі, Қазақ ғылыми-экономикалық және техника-экономикалық зерттеулер ғылыми-зерттеу институты аудармашысы, редакторы, аға редакторы және маркетингтік ақпараттық тобының жетекшісі, Шалаөткізгіштік машина құрылысы конструкторлық бюро секторының атқарушы директоры, «Алое» ғылыми-өндірістік кооперативтік орталығы конструкторлық бюросының төрағасы. 1991-1999 жылдары - «Еуразия» аймақаралық мемлекеттік экологиялық консорциумы сыртқы экономикалық байланыстар бойынша бас сарапшысы, Қазақстан Республикасы вице-президентінің көмекшісі, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі төрағасының орынбасары, Қазақстан Республикасы Бағалы қағаздар жөніндегі ұлттық комиссияның төрағасы, Қазақстан Республикасы Президентінің штаттан тыс кеңесшісі, «Deutsche Bank-Securities (Kazakhstan)» ААҚ-ның президенті. 1999-2009 жылдары - Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі төрағасы, Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің бірінші орынбасары, Қазақстан Республикасы Президентінің экономикалық мәселелер жөніндегі көмекшісі, Қазақстан Республикасы Президентінің штаттан тыс кеңесшісі, «Қазақстанның Халық Жинақ Банкі» АҚ-ы басқармасының төрағасы. Аталған қызметінде - 2009 жылдың қаңтарынан.
Қазақстан Республикасындағы Сингапур Республикасының, Алматы қаласындағы Испания Корольдігінің құрметті консулы.
«Парасат», «Қазақстан Республикасының Тұнғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев» ордендерімен, «Қазақстан Республикасының Конституциясына 10 жыл» медалімен марапатталған.
27 ЖЕЛТОҚСАН, ЖЕКСЕНБІ
1429 хижра жылының 10-шы мұхаррамы - Ашура күні - Алланың Пайғамбарлары мен Елшілерін еске түсіру күні. Ашура - «ашара» сөзінен шыққан, мағынасы - «он» дегенді білдіреді. Бұл күні Мұхаммед пайғамбар адамдарды ізгілікке шақырып, оның шапағатты Ұлы күн екенін айтқан. Ашура күні тұтылған ораза адамды өткен және алдағы күнәларынан тазартады деп саналған. Ал бұл күні сырқаттың халін барып сұрау - Адам атаның барлық балаларын аралағанмен бірдей болады екен. Бұл күні сусағанға су берген адам - күнәсіз, пәк адам саналады, бұл күні толық жуынып, дәрет алған адам - көптеген ауру-сырқаулардан, азап-тозақтардан қорғалады
Ресей Федерациясының құтқарушы күні. Ресей Федерациясы Президентінің 1995 жылғы 26-шы қарашадағы Қаулысымен бекітілген.
Қырғызстанның төлқұжат-бұрыштама қызметкерлерінің күні. 1932 жылғы желтоқсанның 27-де Орталық атқарушы комитет пен КСРО Халық Комиссарлар Одағы «КСР Одағына Бірыңғай төлқұжат жүйені бекіту туралы» Қаулы қабылдады және төлқұжатта міндетті түрде тіркеу болу керек. Осы уақыттан бастап төлқұжат-бұрыштама қызметінің құрылған күні деп есептеледі. 2006 жылғы мамырдың 30-да Қырғыстан Республикасы Президентінің Қаулысымен төлқұжат-бұрыштама Департаменті құрылды.
ОҚИҒАЛАР
85 жыл бұрын (1924) Семейде Орыс географиялық қоғамының Абайды еске алуға арналған мәжілісі және қалалық театрда ұйымдастырған кеші өтті. М.Әуезов Абай шығармашылығы туралы баяндама жасады.
4 жыл бұрын (2005) Қазақстан Республикасы Президенті Қаулысымен Қазақстан Республикасының азаматтары мен шетел азаматтарына қолдау көрсету, Қазақстан Парламентінің дамуына өз еңбектерін сіңіргені үшін Қазақстан Республикасының Парламентінің 10-жылдығына орай мерейтойлық медальдар бекітілген.
ЕСІМДЕР
85 жыл бұрын (1924) ғалым-биохимик, биология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым қайраткері СЕЙІТОВ Зұлқарнай дүниеге келді.
Қостанай облысында туған.
Омбы ауылшаруашылығы институтын, оның аспирантурасын бітірген.
1954-1997 жылдары - Алматы зоотехникалық-малдәрігерлік институты (Қазақ ұлттық аграрлық университеті) органикалық химия және биохимия кафедрасының доценті, профессоры, меңгерушісі. 1998-2001 жылдары - әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры. 2002 жылдан - С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университеті биохимия кафедрасының профессоры.
Негізгі ғылыми еңбектері мал биохимиясына арналған. Сиыр мен бие, түйе сүтіндегі белок, амин қышқылы, май қышқылы, үшглицерид, витаминдер құрамы мен оның технологиялық қасиеттерін химиялық тұрғыдан зерттеді. Бие мен түйе сүтін, саумал қымыз бен шұбатты молекулалық деңгейде кептірудің жаңа әдісін тауып, содан алынған құрғақ ұнтақтан табиғи қымыз бен шұбат өндірудің жаңа биотехнологиясын ұсынды. «Қазақ бальзамы» шипалы сусыны мен ішіне алтын тамыр салып ашытқан «Алтын су» тұнбасының, 150 астам ғылыми еңбектердің, 7 авторлық куәлік пен 2 патенттің авторы.
2-дәрежелі Отан соғысы, Қызыл Жұлдыз ордендерімен марапатталған.
60 жыл бұрын (1949) 3-дәрежелі мемлекеттік әділет кеңесшісі, Қазақстан Республикасы Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі (қаржы полициясы) төрағасының орынбасары ОҢҒАРБАЕВ Сәттібек Оңғарбайұлы дүниеге келді.
Оңтүстік Қазақстан облысында туған.
Р.А.Руденко атындағы Свердлов заң институтын бітірген.
Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының орталық аймақтық көлік прокуроры қызметін атқарған. Қазіргі қызметінде - 2006 жылдан.