«ҚазАқпарат» ХАА ЕАЭО туралы
***
Шымкент бизнесі ЕАЭО құрылуынан кейінгі ынтымақтастықтың тиімді жобалары пайда болуын күтеді
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - ЕАЭО құру туралы шартқа қол қойылғанннан кейін көптеген қызықты жобалар пайда болады, деп санайды ОҚО Кәсіпкерлер палатасының директоры Жеңісбек Дулатов.
Ол шартқа қойылғаннан кейін тауар өндірушіге қойылатын талаптар регламенттеледі, елдер арасында тауар айналымы артады, өндірістік қуаттар өседі, деген пікірін білдірді.
«ЕАЭО ауқымында қызықты жобалар жүзеге асырылатын болады. Мәселен, біздің облыс үшін бұл Мәскеуде оңтүстікқазақстандық кәсіпкерлердің қатысуымен логистикалық орталық құрылысы болмақ. Қазір Ресейге жеміс-көкөніс және ет өнімдерін жеткізу мәселесі пысықталуда»
Әзірге бұл қызметте түйткілдер бар - ол ет өнімдерін Қазақстаннан тыс жерлерге шығаруға мүмкіндік бермей тұрған буферлік аймақ болып тұр. ОҚО Кәсіпкерлер палатасы тарапынан бұл шектеулерді алып тастау мәселесі пысықталды және Ұлттық палатаға жіберілді.
«ЕАЭО құрылуымен үш елдің тұтыну нарығын қалыптастыру басты игілік болмақ. 170 млн. адамдық нарық - бұл біздің ұлттық нарықтан 10 есе көп деген сөз. Тағы бір көретін пайдамыз - өндірілетін өнімдердің сапасы, жаңа технологиялар трансферті, өндірісті жаңарту жақсарады. Ал ОҚО-да ЕАЭО ауқымында агроөнеркәсіптік кешен саласында біраз жұмыс жасауға болады. Өйткені ОҚО экономикасының басты саласы - ауыл шаруашылығы мен оны өңдеу өнімдері», - деп әңгімеледі өңірлік Кәсіпкерлер палатасының басшысы.
Жеңісбек Дулатовтың пікірінше, Қазақстан бәсекеге қабілетті. Оның айтуынша, Қазақстан кәсіпкерлері жақсы қорғалған, өздерінің проблемаларын Үкіметке дейін жеткізе алады. Қазақстанда шешімдерді қабылдау шапшаңдығы да жоғары.
«Біз шартқа қол қойғаннан кейін өзара ынтымақтастық бойынша бизнес сегментіндегі жұмыс жандана түседі деп санаймыз. Тамақ өнеркәсібі, өңдеу өнеркәсібі салаларында, туризмде, АӨК-те фармацевтика мен машинажасауда бірлескен жобалардың жүзеге асырылуын күтудеміз, - дейді Жеңісбек Дулатов. - Біздің елде ықпалдастық үдерісінде артықшылықтар да бар. Мәселен, Қазақстанда салық төмен, меншік құқығы жақсы сақталуда, реттеу тетіктері қолжетімдірек. Мұндай практика Ресейде де, Беларусьта да жоқ. Біздің бұл елдерден көбірек инвестициялар тарта аламыз деген үмітіміз бар».
Кәсіпкер соңғы 5 жылда елде сапа және мемлекеттік қолдау деңгейі жақсара түсті деп санайды. Мәселен, «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы жұмыс жасауда, онда сыйақылар мөлшерлемелерін субсидиялау көзделген, зайымдарды кепілдендіру тетіктері бар, инфрақұрылымдар салуға да субсидиялар қарастырылған.
Оңтүстікқазақстандық кәсіпкерлердің Ресейдегі және Беларусьтағы әріптестерімен ынтымақтастығы жақсы жүріп жатыр. Ондаған кәсіпорындар Кеден одағына шықты. Бұлардың ішінде - «Ордабасы Құс», «Карлскрона», «Алекс», «Қазақ-Орыс мақта-мата альянсы» сияқты жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер мен «Арсенал Сад» шаруа қожалығы сияқты көптеген құрылымдар бар.
«Кәсіпкер палатасы жергілікті тауарларды экспортқа шығаруға үнемі көмек көрсетіп отыр. Мәселен, Палатаның жәрдемдесуімен «Карданвал» АҚ Минск трактор зауытымен 40 мың иінді білік жеткізуге келісім-шарт жасасты. Бұл кәсіпорын экспортқа дайын өнімдер ұсынуда», - деді Ж.Дулатов.
Кәсіпкерлерді қолдаудың тағы бір құралы көшпелі роуд-шоу болып табылады. Айталық, кәсіпкерлер Ауғанстанда болып, ынтымақтастық жөнінде 3 шарт жасасты. Ресейге, Беларусьқа, Өзбекстанға, Пәкістанға, Тәжікстанға және басқа да елдерге шығу ойымызда бар. Жергілікті өндірушілердің тауарларын ілгері жылжыту жоспарлары бар. Айталық, Мәскеудің ірі сауда желісімен ОҚО-дан ауыл шаруашылығы өнімдерін сатып алуға шарт жасалды. МТЗ үшін қосалқы бөлшектер жеткізу мәселесі де шешілді, ал Мәскеудегі логистикалық орталыққа жер телімі бөлінді.
Астанада Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес отырысы өтеді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Астанадағы Тәуелсіздік сарайында мемлекет басшылары деңгейіндегі Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысы өтеді.
Отырыстың шағын құрамдағы кездесуіне Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев, Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин және Беларусь Республикасының Президенті Александр Лукашенко қатысады. Ал кеңейтілген құрамдағы отырысқа бақылаушы-мемлекеттер басшылары Армения Республикасының Президенті Серж Саргсян мен Қырғыз Республикасының Президенті Алмазбек Атамбаев қатысатын болады. Отырыстың қорытындысы бойынша Қазақстан, Ресей мен Беларусь арасында Еуразиялық экономикалық одақ құру туралы шартқа қол қойылады деп жоспарланып отыр. Аталған одақ туралы келісім 2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді. Тарихи оқиғаға Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің үш басшысы: Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев, Ресей Президенті Владимир Путин, Беларусь Президенті Александр Лукашенко қатысады. Сонымен бірге, құжатқа қол қою рәсіміне Армения мен Қырғызстан Президенттері келеді деп күтілуде. Олардың тарапынан да Еуразиялық экономикалық одаққа қызығушылық білдіріліп отыр.
Аталған құжатта халықаралық ұйымдарға тән базалық аспектілер, мемлекеттердің егемендік теңдігі, аумақтық тұтастығы, сондай-ақ, Одаққа мүше мемлекеттердің саяси құрылымының ерекшелігін құрметтеу қағидаттары көрініс тапқан.
Шартта шешім қабылдау кезіндегі консенсус механизмі барлық деңгейде ескерілген. Сонымен қатар, тараптардың Одақ органдарындағы кадр саясаты аясында тең қамтылуы қағидаты да қарастырылған.
ЕАЭО 170 млн. Халықты құрайтын үш елдің ортақ нарығын құруды қарастырып отыр. Тауарларды, қызмет түрлерін, капитал мен жұмыс күшін еркін тасымалдауға жағдайлар жасалады. Сонымен бірге, мүше мемлекеттер экономиканың негізгі салаларында келісілген саясатты жүзеге асыруды қолға алады.
Автор: Қанат Мәметқазыұлы
В. Путин мен А. Лукашенко Астанаға келді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Еуразиялық экономикалық одақ құру туралы шартқа қол қою үшін Ресей Президенті Владимир Путин мен Беларусь Президенті Александр Лукашенко Астанаға сапармен келді.
Атап айтқанда, бүгін Астанадағы Тәуелсіздік сарайында мемлекет басшылары деңгейіндегі Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысы өтеді. Отырыстың шағын құрамдағы кездесуіне Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев, Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин және Беларусь Республикасының Президенті Александр Лукашенко қатысады. Сонымен бірге, құжатқа қол қою рәсіміне Армения мен Қырғызстан Президенттері келеді деп күтілуде.
Аталған одақ туралы келісім 2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді.
Автор: Руслан Ғаббасов
Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес барысында интеграциялық үдеріс аясын кеңейту қарастырылады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Астанадағы Тәуелсіздік сарайында мемлекет басшылары деңгейіндегі Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысы барысындағы келіссөздерде Еуразиялық интеграциялық үдеріс аясын кеңейту мәселесі де қаралады.
Атап айтқанда, Арменияның Еуразиялық экономикалық одаққа қосылуы туралы шарттың дайындалу барысын талқылау жоспарланып отыр. Сонымен қатар, Қырғыз Республикасының Кеден одағына қосылуы жөніндегі жол картасы қаралады деп күтілуде. Бұдан бөлек, Мемлекет басшыларының қатысуымен Кеден одағы мен Бірыңғай экономикалық кеңістікті дамытудың негізгі мәселелері жөніндегі бірқатар өзекті тақырыптар талқыланатын болады.
Тоқтала кететін жайт, Еуразиялық экономикалық одақ - бұл ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған ашық мегажоба. Армения мен Қырғызстаннан бөлек, басқа да мемлекеттер, интеграциялық ұйымдар тарапынан Еуразиялық одақпен өзара әрекеттестікке қызығушылықтар білдіріліп, ол жоғары перспективалы және нарықтық мүмкіндіктерге ие болатын ұйым ретінде қарастырылуда. Мәселен, сарапшылар бүгінгі таңда Вьетнам, Израиль, Үндістан мен Египет секілді бірқатар мемлекеттермен еркін сауда туралы келісім жасау жөніндегі мәселенің талқыланып жтқанын алға тартады.
Еске сала кетейік, бүгін Астанада өтетін Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес отырысының қорытындысы бойынша Қазақстан, Ресей мен Беларусь арасында Еуразиялық экономикалық одақ құру туралы шартқа қол қойылады деп жоспарланып отыр. Аталған одақ туралы келісім 2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді.
Еуразиялық экономикалық одақ теңқұқылық, мақсатқа сәйкестілік, кезеңділік, прагматизм және ортақ тиімділік қағидаттары негізінде құрылады.
Сонымен қатар, Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарт Қазақстан, Ресей және Беларусь азаматтарының әл-ауқаты мен тұрмыс сапасын арттыру мәселелерін шешуге бағытталған. Оның аясында тауарлардың, қызметтердің, капитал мен жұмыс күшінің еркін қозғалысын, үйлестірілген экономикалық саясат жүргізу көзделеді. Сарапшылар болашақтағы интеграциялық тиімділік шеңберінде 2030 жылға қарай Ішкі жалпы өнімнің жиынтық өсімін 900 млрд. доллар көлемінде бағалап отыр.
Автор: Қанат Мәметқазыұлы
Әлемнің 40-қа жуық елі Кеден одағының еркін сауда аймағына қосылуға ниетті - Ж.Құсманғалиева
АСТАНА. ҚазАқпарат - Әлемнің 40-қа жуық елі Кеден одағының еркін сауда аймағына қосылуға ниетті. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің көшпелі брифингінде Еуразиялық интеграция институтының директоры Жанаргүл Құсманғалиева айтты.
Оның атап өтуінше, қазіргі таңда біздің экономикамыз жоғары технологиялық өндірісті дамытуға бағытталған. Ал ол инвестиция үшін барынша тартымды ауқымды нарықтарды талап етеді. «Осы ретте Кеден одағымен еркін сауда аймағына қосылуға ниеттестіктері туралы қазірдің өзінде 40-қа жуық елдің мәлімдеме жасауы зор маңызға ие. Олардың қатарында Түркия, Үндістан, Жаңа Зеландия, Вьетнам сынды елдер бар. Еуроодақ пен Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы сынды блоктармен де ынтымақтастық жолға қойылуда», - деді ол.
Ж.Құсманғалиеваның сөзіне қарағанда, ЕАЭО-мен кедергісіз сауда-саттықты жолға қоюға Оңтүстік Америкадағы ірі интеграциялық бірлестіктердің бірі қызығушылық танытуда.
«Бұл қуантады. Өйткені, біздің Мемлекет басшымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың еуразиялық жобасы - бұл басқа да өңірлік интеграциялық бірлестіктермен, сонымен бірге қатысушы-мемлекеттермен ынтымақтастықты болжайтын ашық жоба», - деді департамент директоры.
Оның атап өтуіне қарағанда, Қазақстан, Ресей және Беларусь елдері құратын еуразиялық интеграцияға ең бірінші болып Армения қосыла алады. Ал одан кейін Кеден одағына кіру арқылы ЕАЭО-ға қосылуға дайын екендігін Қырғызстан мен Тәжікстан білдіруде.
«Мұның барлығы ЕАЭО-ның ашық дамушы, болашағы зор жоба екендігін тағы бір мәрте дәлелдей түседі», - деді ол.
Автор: Марлан Жиембай
Еуразиялық комиссияның басшылық қызметтері үш елдің азаматтарына тең бөлінеді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Еуразиялық комиссияның басшылық қызметтері үш елдің азаматтарына тең бөлінеді. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің көшпелі брифингінде ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқармасы төрағасының орынбасары Рақым Ошақбаев айтты.
«Қазіргі уақытта Еуразиялық комиссияда 20-дан астам департамент бар. Өкінішке орай, комиссияның тұрақты мекенжайы Мәскеу болғандықтан департамент директоры лауазымында ресейлік азаматтардың басым екендігін көріп отырмыз. Яғни, Қазақстан не болмаса Беларусь азаматтарына қарағанда, департамент директоры лауазымындағы Ресей азаматтары басым болып тұр»,- деді ол.
Р.Ошақбаевтың атап өтуінше, қазіргі уақытта бұл теңсіздікті жою үшін келісімшарт мәтінінде департамент директоры және олардың орынбасарлары деңгейінде тең дәрежеде ұсынылатындығы жазылған.
«Яғни, егер департамент директоры Қазақстан азаматы болса, онда оның орынбасарларының бірі Ресей, келесісі Беларусь азаматы болуы тиіс. Бұл қаржыландыруды кеңейтуді талап етеді», - деді ол.
Автор: Марлан Жиембай
Ж.Құсманғалиева: Қазақстандықтардың 77 пайызы ЕАЭО аясындағы интеграциялық процесті одан ары дамыту қажет деп есептейді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандықтардың 77 пайызы ЕАЭО аясындағы интеграциялық процесті одан ары дамыту қажет деп есептейді . Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің көшпелі брифингінде Еуразиялық интеграция институтының директоры Жанаргүл Құсманғалиева айтты.
«Біздің институт тұрақты негізде түрлі әлеуметтік зерттеулермен сараптамалық сауалнамалар жүргізіп тұрады. Егер біздің институт жүргізген әлеуметтік сауалнама нәтижесіне назар аударар болсақ, онда ЕАЭО-ға кеңінен қолдау бар екендігін көруге болады», - деді ол.
Ж.Құсманғалиеваның атап өтуінше, қазақстандық қоғам Қазақстанның интеграциялық процестерге қатысуын еліміздің дамуының басты шарты ретінде қарастырады. Мәселен, сауалнамаға қатысқан азаматтардың 95 пайызы интеграцияны Қазақстан үшін өмірлік маңызды стратегиялық бағдар санайды.
«Халық пен сарапшылар қоғамдастығы арасында еуразиялық интеграцияға оң көзқарас бар екендігін атап өткен орынды. Мәселен, біздің сауалнама нәтижелеріне сәйкес, қазақстандықтардың 77 пайызы және сарапшылардың 84 пайызы ЕАЭО аясындағы интеграциялық процестерді одан ары дамыту қажет деп санайды», - деді институт директоры.
Автор: Марлан Жиембай
Израильді Еуразиялық экономикалық одақтың нарығы қызықтырып отыр
АСТАНА. ҚазАқпарат - Израильді Еуразиялық экономикалық одақтың нарығы қызықтырып отыр. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте Израиль Инфрақұрылым министрлігінің аға үйлестірушісі Юрий Бочаров мәлім етті.
«Адамдар әрқашанда өмір сүруге қолайлы жерге тартылатыны анық. Сондықтан да осындағы жағдай (Еуразиялық экономикалық одақ) жақсарған сайын, сіздерге жан-жақтан өзге елдер тартыла бастайтыны айтпаса да белгілі», - деді Ю. Бочаров.
Осы орайда ол бүгінде үш мемлекеттің арасында экономикалық тұрғыда қолайлы жағдай жасалғанына тоқталды.
Сарапшының пайымынша, Еуразиялық экономикалық одақтың дамуы қарқынына қарай оған қызығушылық танытатын елдер тек жақын шетелдермен ғана шектелмейтінін атап өтті.
«Бүгінде Түркия тарапынан болып жатқан ниеттер жайында айтылуда. Бұл тұрғыда тауар өткізетін осындай ауқымды нарық пен экономикалық мүмкіндіктер біз де қызықтырып отырғандығын жасыра алмаймыз», - деп түйді. Ю. Бочаров.
Автор: Руслан Ғаббасов
Мемлекет басшылары деңгейіндегі Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысы басталды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Астанадағы Тәуелсіздік сарайында мемлекет басшылары деңгейіндегі
Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысы басталды. Отырыстың шағын құрамдағы кездесуіне Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев, Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин және Беларусь Республикасының Президенті Александр Лукашенко қатысуда. Тоқтала кететін жайт, шағын құрамдағы кездесуден соң Кеңес жұмысы кеңейтілген құраммен жалғасатыны күтілуде. Оған үш мемлекет басшыларынан бөлек, бақылаушы-мемлекеттер басшылары Армения Республикасының Президенті Серж Саргсян мен Қырғыз Республикасының Президенті Алмазбек Атамбаев қатысатын болады.
Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, мемлекет басшыларының деңгейіндегі Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырыс қорытындысы бойынша Қазақстан, Ресей мен Беларусь арасында Еуразиялық экономикалық одақ құру туралы шартқа қол қойылады деп жоспарланып отыр. Аталған одақ туралы келісім 2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді.
Сонымен қатар, келіссөздерде Еуразиялық интеграциялық үдеріс аясын кеңейту мәселесі де қаралмақ. Атап айтқанда, Арменияның Еуразиялық экономикалық одаққа қосылуы туралы шарттың дайындалу барысын талқылау жоспарланып отыр. Сонымен қатар, Қырғыз Республикасының Кеден одағына қосылуы жөніндегі жол картасы қаралады деп күтілуде. Бұдан бөлек, Мемлекет басшыларының қатысуымен Кеден одағы мен Бірыңғай экономикалық кеңістікті дамытудың негізгі мәселелері жөніндегі бірқатар өзекті тақырыптар талқыланатыны күтіледі.
Автор: Қанат Мәметқазыұлы
Еуразиялық экономикалық одақ қатысушы мемлекеттердің жаһандық бәсекедегі ұстанымын нығайта түседі
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Астанадағы Тәуелсіздік сарайында мемлекет басшылары деңгейіндегі Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысы өтіп, оның қорытындысы бойынша Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа қол қойылады деп жоспарлануда. Қазақстан, Ресей мен Беларусь арасындағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарт 2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді. Осыған орай, Еуразиялық интеграцияның тарихи кезеңіне қатысты бірқатар мәселелерге назар аударсақ.
Еуразиялық экономикалық одақ теңқұқылық, мақсатқа сәйкестілік, кезеңділік, прагматизм және ортақ тиімділік қағидаттары негізінде құрылады. Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарт Қазақстан, Ресей және Беларусь азаматтарының әл-ауқаты мен тұрмыс сапасын арттыру мәселелерін шешуге бағытталған. Оның аясында тауарлардың, қызметтердің, капитал мен жұмыс күшінің еркін қозғалысын, үйлестірілген экономикалық саясат жүргізу көзделеді. Сарапшылар болашақтағы интеграциялық тиімділік шеңберінде 2030 жылға қарай Ішкі жалпы өнімнің жиынтық өсімін 900 млрд. доллар көлемінде бағалап отыр. Ал Еуразиялық экономикалық одақ туралы келісімшартқа қол қою қажетті құқықтық базаны қалыптастыруға бағытталады. Шарт құрылтайшылардан (институционалды) және салалық (функционалды) бөлімдерден тұратын бірегей құжат болып табылады. Оны даярлау барысында барлық тараптардың ұстанымдары келісіліп, сарапшылар қауымдастығының, іскерлер ортасының пікірлері барынша ескерілген.
Еуразиялық экономикалық одақтың базалық негіздері
Еуразиялық экономикалық одақтың басты мақсаты - бірыңғай рынок қалыптастыру, тауарлар, қызметтер, инвестиция мен жұмыс күші үшін кедергілерді жою, кәсіпкерлікті барынша тиімді жүзеге асыруға бағытталған келісілген экономикалық саясатты жүзеге асыру болып табылады. Ал Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарт мемлекеттердің егемендік теңдігі, территориялық тұтастық, сонымен бірге, Одаққа қатысушы-мемлекеттердің саяси құрылымының ерекшеліктерін құрметтеу қағидаттарына негізделеді. Бұдан бөлек, Еуразиялық экономикалық интеграция теңқұқылық, мақсатқа сәйкестілік, кезеңділік, прагматизм мен өзара тиімділік қағидаттары негізінде дамиды. Ең бастысы, Еуразиялық экономикалық одақ - саяси бірлестік емес. Ол өз алдына саяси міндеттерді қоймайды және саяси егемендікті шектемейді. Сондықтан да одақ туралы шарт тек қана экономикалық ынтымақтастық мәселелерін қамтып отыр.
Одақ аясында шешімдер қабылдау консенсусқа негізделеді
Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартта барлық деңгейдегі стратегиялық мәнге ие шешімдер қабылдау барысында консенсустың нақты тетіктері қамтамасыз етіліп отыр. Бұның өзі басқа да шаралармен қатар, қатысушы мемлекеттер арасындағы қандай да бір елдің басымдыққа ие болу мүмкіндігін түгелдей жоққа шығарады. Бұл ретте Еуразиялық экономикалық одақтың мемлекетүсті органдары «бір ел - бір дауыс» қағидатымен жұмыс істейтін болады. Еуразиялық экономикалық комиссияның жоғары органдары - Кеңес пен Алқадағы - басшылық етуші позициялары барлық қатысушы-мемлекеттердің теңдей өкілдер санымен тағайындалады.
Тоқтала кететін жайт, Еуразиялық экономикалық одақ - бұл ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған ашық мегажоба. Одақтың басқа мемлекеттермен, түрлі интеграциялық бірлестіктерімен қатынасына келсек, Астанадағы Тәуелсіздік сарайында мемлекет басшылары деңгейіндегі Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысы барысындағы келіссөздерде Еуразиялық интеграциялық үдеріс аясын кеңейту мәселесі де қаралады. Атап айтқанда, Арменияның Еуразиялық экономикалық одаққа қосылуы туралы шарттың дайындалу барысын талқылау жоспарланып отыр. Сонымен қатар, Қырғыз Республикасының Кеден одағына қосылуы жөніндегі жол картасы қаралады деп күтілуде. Бұдан бөлек, Мемлекет басшыларының қатысуымен Кеден одағы мен Бірыңғай экономикалық кеңістікті дамытудың негізгі мәселелері жөніндегі бірқатар өзекті тақырыптар талқыланатын болады.
Армения мен Қырғызстаннан бөлек, басқа да мемлекеттер мен интеграциялық ұйымдар тарапынан Еуразиялық одақпен өзара әрекеттестікке қызығушылықтар білдіріліп, ол жоғары перспективалы және нарықтық мүмкіндіктерге ие болатын ұйым ретінде қарастырылуда. Мәселен, сарапшылар бүгінгі таңда Вьетнам, Израиль, Үндістан мен Египет секілді бірқатар мемлекеттермен еркін сауда туралы келісім жасау жөніндегі мәселенің талқыланып жатқанын алға тартады. Сондықтан да, Еуразиялық интеграциялық үдерістер тек қатысушы мемлекеттермен арада ғана емес, әлемнің басқа да барлық елдерімен ынтымақтастықты тереңдету бағытында жаңа мүмкіндіктер ашатыны күтіледі.
Еуразиялық экономикалық интеграцияның басымдықтары
Интеграцияның жаңа кезеңіне - Еуразиялық экономикалық одаққа өту еліміздің сұранысын тез арада емес, керісінше ұзақмерзімді іргелі бағытта қамтамасыз етуді көздейді. Атап айтқанда, еуразиялық интеграция қатысушы-мемлекеттердің орнықты экономикасын нығайтуға, олардың нарықтық әлеуетін арттыруға бағытталады. Әлбетте, бірлестік ел кәсіпкерлері үшін барлық проблемаларды бірден жойып тастай алмайтыны айқын, алайда, одақ аясында кәсіпкерлікті дамсытудың жаңа деңгейі үшін жағдайлар құрылады, іскерлік айналымның барлық циклдары үшін жаңа мүмкіндіктер ашылатын болады.
Бұл ретте капиталдың, тауарлар мен қызметтердің, жұмыс күшінің еркін айналымы Еуразиялық экономикалық одақ аумағындағы бизнесті жүргізуді барынша оңайлатады. Ішкі шекараларда кедендік, фитосанитарлық, ветеринарлық және басқа да бақылаулардың жойылуы бизнес айналымын шапшаңдатып, кедергілерді керте түседі. Мұның аясында көліктік инфрақұрылымдарға теңдей қолжетімділік үлкен маңызға ие. Интеграциялық бірлестіктің тұтастай аумағында көліктік инфрақұрылымды бірыңғай пайдалану шарттары да осыны дәлелдей түспек. Бұл қазақстандық кәсіпкерлер үшін көліктік шығындарды төмендетуге, оның ішінде Ресей арқылы арзан тасымалдардың қолжетімділігіне жағдай жасайды. Шикізаттар, материалдар мен қондырғылар жеткізуге қолжетімділік оңайлатылады.
Тұтастай алғанда, Еуразиялық экономикалық одақ оған қатысушы үш ел экономикаларының сапалық параметрлерін арттыруға мүмкіндік туғызып қана қоймай, мемлекеттердің жаңа сапалы деңгейге көтерілуіне айтарлықтай рөл атқарады. Бүгінгі әлемде экономикалық интеграциялық бірлестіктердің жұмысы жаңа дәуірге қадам басып қана қоймай, олар барынша белсенді болып, ықпалдастықтың қажеттілігі күн санап артып отырғаны айқын. Ендеше, бүгін құрылатын Еуразиялық экономикалық одақты оған қатысушы-мемлекеттердің жаһандық бәсекелестіктегі ұстанымдарын нығайтуға арналған бірлестік деуге келеді.
Отырыс барысындағы келіссөздерде Еуразиялық интеграциялық үдеріс аясын кеңейту мәселесі де қаралады.
Атап айтқанда, Арменияның Еуразиялық экономикалық одаққа қосылуы туралы шарттың дайындалу барысын талқылау жоспарланып отыр. Сонымен қатар, Қырғыз Республикасының Кеден одағына қосылуы жөніндегі жол картасы қаралады деп күтілуде. Бұдан бөлек, Мемлекет басшыларының қатысуымен Кеден одағы мен Бірыңғай экономикалық кеңістікті дамытудың негізгі мәселелері жөніндегі бірқатар өзекті тақырыптар талқыланатын болады.
Тоқтала кететін жайт, Еуразиялық экономикалық одақ - бұл ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған ашық мегажоба. Армения мен Қырғызстаннан бөлек, басқа да мемлекеттер, интеграциялық ұйымдар тарапынан Еуразиялық одақпен өзара әрекеттестікке қызығушылықтар білдіріліп, ол жоғары перспективалы және нарықтық мүмкіндіктерге ие болатын ұйым ретінде қарастырылуда. Мәселен, сарапшылар бүгінгі таңда Вьетнам, Израиль, Үндістан мен Египет секілді бірқатар мемлекеттермен еркін сауда туралы келісім жасау жөніндегі мәселенің талқыланып жатқанын алға тартады.
Автор: Қанат Мәметқазыұлы
ЕАЭО аясында үш елдің ірі индустриялық орталықтарына көші-қон артуы мүмкін
АСТАНА. ҚазАқпарат - ЕАЭО аясындағы көші-қон ағымдары тұрғысында Қазақстан, Беларусь және Ресейдің ірі индустриялық орталықтары тартымды болуы мүмкін. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте Израиль Абсорбация министрлігінің бас ғалымы Зеэв Ханин мәлім етті.
«Әлемдік тәжірибеге сүйенсек, адамдар әлеуеті төмен елдерден өмір сүруге қолайлы мемлекеттерге жиі қоныс аударады. Атап айтқанда, кедендік, шекаралық, заңгерлік және басқа да кедергілер төмендеген сайын, қоныс аудару үрдісі арта түседі»,- деді З. Ханин.
Осы орайда ол үш елдің ірі индустриялық орталықтары, әсіресе Қазақстандағы орталықтар көші-қон ағымдары үшін тартымды бола түсетінін атап өтті.
Автор: Руслан Ғаббасов
Еуразиялық экономикалық одақ сапалы интеграцияның жаңа кезеңін білдіреді - Н. Назарбаев
АСТАНА. ҚазАқпарат - Еуразиялық экономикалық одақ сапалы интеграцияның жаңа кезеңін білдіреді. Бүгін Астанадағы
Тәуелсіздік сарайында мемлекет басшылары деңгейіндегі Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысы барысында ҚР Президенті Н. Назарбаев осылай мәлімдеді. «Біз Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартты әзірлеу бойынша ауқымды жұмысты тәмамдадық. Оған қол қою Еуразиялық кеңістіктегі сапалы интеграциялық үдерістердің жаңа кезеңін білдіреді. Шарт сауатты, теңгестірілген, оған қатысушы мемлекеттердің барлығының мүдделерін есепке ала отырып жасалды. Ауқымды жұмыс атқарылды. Келіспеушіліктер де баршылық болғанымен, біз барлық тараптарды қанағаттандыратын ортақ консенсусқа келіп отырмыз», - деді ҚР Президенті Н. Назарбаев.
Елбасының айтуынша, Шартта халықаралық ұйымдарда көрініс табатын барлық базалық аспектілер қарастырылған. «Мемлекеттердің егемендік теңдігі, территориялық тұтастығы, сондай-ақ, одаққа қатысушы мемлекеттердің саяси құрылымын құрметтеу қамтылып отыр. Оның ішінде барлық деңгейдегі шешім қабылдауларда консенсус қағидатының енгізілуі маңызды болып табылады. Осылайша, әрбір елдің дауысы айқындаушы басымдыққа ие болып табылады», - деді Н. Назарбаев.
Еске сала кетейік, отырыстың шағын құрамдағы кездесуіне Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев, Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин және Беларусь Республикасының Президенті Александр Лукашенко қатысуда.
Автор: Қанат Мәметқазыұлы
Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартта тілдік қағидаттар кемсітушілікке ұшырамайды - ҚР Президенті
АСТАНА. ҚазАқпарат - Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартта тілдік қағидаттар кемсітушілікке ұшырамайды.
Бүгін Астанадағы Тәуелсіздік сарайында мемлекет басшылары деңгейіндегі Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысы барысында ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев осылай мәлімдеді. «Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы барлық халықаралық келісімдер, комиссияның міндетті сипаттағы күші бар барлық шешімдері орыс тілінде қабылданады. Біз осылай келістік. Дегенмен, ондай құжаттар бірден тараптардың әрқайсысының мемлекеттік тілдеріне аударылатын болады. Сондықтан да тілдік принциптер бойынша да ешқандай кемсітушіліктер орын алмайды», - деді ҚР Президенті Н. Назарбаев.
Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарттың қатысушы-мемлекеттер халқының өмір сапасын арттыруға, жұртшылықтың әл-ауқатын көтеруге бағытталғанын атап өтті.
«Еуразиялық экономикалық одақтың құрылуы біздің экономикамызды жан-жақты жаңғыртудың қуатты ынталандыру тетігіне айналатынына, елімізді әлемнің жетекші мемлекеттер қатарына көтерілуіне септігін тигізетініне сенімдімін», - деді Елбасы.
Еске сала кетейік, отырыстың шағын құрамдағы кездесуіне Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев, Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин және Беларусь Республикасының Президенті Александр Лукашенко қатысуда.
Автор: Қанат Мәметқазыұлы
Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа қол қою тарихи маңызға ие - Владимир Путин
АСТАНА. ҚазАқпарат - Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа қол қою тарихи маңызға ие. Бүгін Астанадағы Тәуелсіздік сарайында мемлекет басшылары деңгейіндегі
Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысы барысында РФ Президенті Владимир Путин осылай мәлімдеді. «Біздің бүгінгі кездесу тарихи маңызға ие. Қазақстан, Ресей және Беларусь Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа қол қояды. Бұл құжат мемлекеттердің егемендігін сақтай отырып, біздің елдерді интеграцияның жаңа деңгейіне шығарады», - деді В. Путин.
Осы орайда РФ Президенті ЕАЭО-ны құру аясында тығыз әрі үйлесімді экономикалық ынтымақтастық қамтамасыз етіліп отырғандығын атап өтті.
«Шартқа қол қою рәсімі Қазақстан астанасында өтіп жатқаны символдық мәнге ие. Себебі, Еуразиялық одақ идеясының басында Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев тұрғаны белгілі. 1994 жылы Мәскеу мемлекеттік университетіндегі дәрісі барысында Қазақстан Президенті осы идеяны алғаш рет жария еткен болатын», - деді В. Путин.
Автор: Руслан Ғаббасов
ЖЕЭО кеңесі отырысында Арменияның Еуразиялық экономикалық одаққа қосылу мәселесі талқыланады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Арменияның Еуразиялық экономикалық одаққа қосылу мәселесі талқыланады. Бұл туралы бүгін Астанадағы Тәуелсіздік сарайында мемлекет басшылары деңгейіндегі Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысы барысында мәлім болды.
Қазақстан Президенті Н. Назарбаевтың айтуынша, Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес отырысының күн тәртібіне жеті мәселе шығарылып отыр. Барлық сұрақтар сарапшылармен, вице-премьерлермен кеңінен талқыланған, қол қоюға даяр. Оның ішінде Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа салтанатты түрде қол қою да қарастырылады. «Бұдан бөлек, Арменияны құрылатын одаққа қосу туралы пункт те бар. Бұл туралы кеңейтілген құрамдағы кездесуде айтылатын болады. Қырғызстан Еуразиялық экономикалық кеңеспен мақұлданған Кеден одағына қосылу туралы жол картасына қолдау білдірді. Дегенмен, қандайда бір қолдау көмектерін сұрап отыр», - деді ҚР Президенті Н. Назарбаев.
Еске сала кетейік, отырыстың шағын құрамдағы кездесуіне Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев, Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин және Беларусь Республикасының Президенті Александр Лукашенко қатысуда.
Автор: Қанат Мәметқазыұлы
Біз Еуразиялық экономикалық одақ құратын мәреге жеттік - А.Лукашенко
АСТАНА. ҚазАқпарат - "Біз Еуразиялық экономикалық одақ құратын мәреге жеттік". Бүгін Астанадағы Тәуелсіздік сарайында Мемлекет басшылары деңгейіндегі
Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысы барысында Беларусь Президенті Александр Лукашенко осылай деді. "Біз бірлесіп, бірнеше жыл бойы еуразиялық интеграцияның қиындыққа толы жолынан өттік. Әрбір қадам оңай болған жоқ. Дегенмен, біздің халқымыз бейбітшілік пен достықта өмір сүріп, олардың мемлекеттері өзара тиімді ынтымақтастықтың мығым негізінде жүзеге асырылатындығына нық сенімді болуына негізделген басты мақсатымызды көре білдік",- деді ол өз сөзінде.
А.Лукашенконың атап өтуінше, Қазақстан, Беларусь және Ресейдің таңдаған жолының дұрыстығын өмір көрсетіп отыр. Посткеңестік кеңістіктегі елдердің дезинтеграциялануына жол бермеу үшін Тәуелсіз мемлекеттер достастығы құрылды.
«Одан кейін ЕурАзЭҚ-ты, Кеден одағын құрдық, Бірыңғай экономикалық кеңістік контурын белгіледік. Бүгін біз Еуразиялық экономикалық одаққа әкелетін тікелей мәреге жетіп отырмыз», - деді Беларусь Президенті.
Автор: Марлан Жиембай
Владимир Путин: ЕАЭО әмбебап ашық ұстанымдармен жұмыс істейді
АСТАНА. ҚазАқпарат - ЕАЭО - бәсекеге қабілеттілігінің, қарқынды дамудың кепілі. Бұл туралы бүгін Астанадағы Тәуелсіздік сарайында мемлекет басшылары деңгейіндегі Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысы барысында РФ Президенті Владимир Путин мәлім етті.
«Осының барлығы біздің бірлестіктің бәсекеге қабілеттілігінің, оның күрделі және тез өзгеретін әлемде қарқынды дамудың кепілі екенін көрсетеді. Еуразиялық экономикалық одақ барлығына түсінікті әмбебап ашық ұстанымдармен жұмыс істейтіндігін айрықша атап өткім келеді. Оның ішінде ДСҰ нормалары мен ұстанымдары негізінде. Еуразиялық экономикалық одақ туралы келісім қол қоюға толығымен даяр. Бұл - біздің бірлескен жұмысымыздың, Қазақстан, Ресей және Беларусь үкіметтерінің тығыз өзара іс-қимылының нәтижесі», - деп түйді В. Путин.
Оның сөзіне қарағанда, географиялық жағдай үш елге өңірлік және жаһандық маңыздағы көліктік-логистикалық бағдарларды құруға мүмкіндік береді. Бұл тұрғыда Еуропа мен Азияның ауқымды сауда-саттығына араласуға жағдай жасалады
«Бүгін біз экономикалық дамудың қуатты әрі тартымды орталығын, 170 миллионнан астам адамды қамтып отырған өңірлік ірі нарықты құрамыз. Біздің одақ ауқымды табиғи ресурстардың қорын иеленіп отыр, оның ішінде энергетикалық ресурстар. Осы орайда газдың әлемдік қорының бестен бір бөлігі және мұнай қорының 15 пайызға жуық көлемі ЕАЭО-ның үлесінде», - деді РФ басшысы.
Сонымен қатар В. Путин үш елде бүгінде өнеркәсіп, индустриялық база, кадрлық және мәдени әлеует бар екендігін атап өтті.
Автор: Руслан Ғаббасов
А.Лукашенко ЕАЭО-ға қарсы саяси оппоненттерін ақылға келуге шақырды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Беларусь, Ресей және Қазақстан теңқұқылы процестің қатысушылары. Бүгін Астанадағы Тәуелсіздік сарайында Мемлекет басшылары деңгейіндегі Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысы барысында Беларусь Президенті Александр Лукашенко осылай деді.
Оның атап өтуінше, Еуразиялық экономикалық одақ құру жолы өте ауыр әрі ұзақ болып, көптеген қарсыластар батыста, таяу шет елдерде пайда болды. «Тіпті, біздің елдеріміздің ішінде де ондайлар болды, олардан бөлек, әсіресе либералды көзқарасты мемлекеттік тұлғалар мен шенеуніктер арасынан қарсыластар шықты. Біздерге қаншама айыптаулар мен наразылықтарды естуге тура келді. Интеграция - бұл кеңестік империяны қалпына келтіру, бұл егемендіктен айырылу, бұл басқа түскен ауыртпалық дегендер болды», - деді ол.
«Бұларға мынаны айтқым келеді: Ақылға келіңіздер, мырзалар! Біз Ресей, Қазақстанмен бірлескен теңқұқылы процестің қатысушыларымыз. Бұл біздің достық одағымыз», - деді ол.
Оның сөзіне қарағанда, үш мемлекет те ЕАЭО туралы келісімшартқа қол қоюға саналы түрде қадам басып отыр. Онда барлық мемлекеттер өз мүдделерін барынша қорғады. Серіктесінің ұстанымына да құрметпен қарады. Құжаттарға тыңғылықты сараптама жүргізіп, оның оң тұстарын атап өтті.
Автор: Марлан Жиембай
2030 жылға қарай Еуразиялық экономикалық одақ ІЖӨ жиынтық өсімі 900 млрд. долларды құрайтын болады - Елбасы
АСТАНА. ҚазАқпарат - 2030 жылға қарай Еуразиялық экономикалық одақ ІЖӨ жиынтық өсімі 900 млрд. долларды құрайтын болады.
Бүгін Астанадағы Тәуелсіздік сарайында мемлекет басшылары деңгейіндегі Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысы барысында Қазақстан Президенті Н. Назарбаев осылай мәлімдеді. Елбасы Еуразиялық интеграция үдерісінің кезекті кезеңіне қадам жасалып отырғанын атап өтті. «Еуразиялық экономикалық одақтың әлеуеті барынша жоғары. Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің жиынтық экономикалық ауқымы 2,2 трлн. долларды құрайды. Ал перспективада интеграциялық тиімділік нәтижесінде 2030 жылға қарай ішкі жалпы өнімнің жиынтық өсімі 900 млрд. доллар болады деп болжанады», - деді Н. Назарбаев.
Елбасының айтуынша, Еуразиялық экономикалық одақ қатысушы әрбір тараптың теңқұқықтылық, мақсатқа сәйкестілік мүддесіне сай құрылатын болады.
Еске сала кетейік, отырыстың кеңейтілген құрамдағы кездесуіне Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев, Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин, Беларусь Республикасының Президенті Александр Лукашенко және Армения Президенті Серж Саргсян мен Қырғыз Республикасының Президенті Алмазбек Атамбаев қатысуда.
Автор: Қанат Мәметқазыұлы
Еуразиялық экономикалық одақ халықтың игілігіне айналуы керек - ҚР Президенті
АСТАНА. ҚазАқпарат - Еуразиялық экономикалық одақ халықтың игілігіне айналуы керек. Бүгін Астанадағы Тәуелсіздік сарайында
мемлекет басшылары деңгейіндегі Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысы барысында Қазақстан Президенті Н. Назарбаев осылай мәлімдеді.
«Бүгінгі таңда біздің стратегиялық әрекеттерімізді айқындап, 15-20 жылғы алдағы келешек көкжиекке көз жүгірткеніміз орынды. Біздің одақтың ХХІ ғасырдың бірінші жартысындағы басты миссиясы екі маңызды аспектіден тұрады. Біріншіден, әлемнің басты макроэкономикалық өңіріне айналу. Бұл бізге батыс пен шығыс, Еуропа мен Азия арасындағы геоэкономикалық көпір ретіндегі шынайы бәсекелестікте басымдық береді», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Екіншіден, бұл әрбір қатысушы мемлекетке дамыған елдердің қатарына енуін қамтамасыз етіледі.
«Еуразиялық экономикалық одақ - бұл масылдық емес, халықтың және біздің ұлттық экономикамыздың игілігіне айналуы керек», - деп атап өтті Н. Назарбаев.
Еске сала кетейік, отырыстың кеңейтілген құрамдағы кездесуіне Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев, Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин, Беларусь Республикасының Президенті Александр Лукашенко және Армения Президенті Серж Саргсян мен Қырғыз Республикасының Президенті Алмазбек Атамбаев қатысуда.
Автор: Қанат Мәметқазыұлы
Н. Назарбаев Алматы қаласын ЕАЭО-ның қаржылық орталығы ретінде қалыптастыруды ұсынды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Астанадағы Тәуелсіздік сарайында мемлекет басшылары деңгейіндегі
Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысы барысында Қазақстан Президенті Н. Назарбаев Алматы қаласын Еуразиялық экономикалық одақтың қаржылық орталығы ретінде қалыптастыра беруді ұсынды. «Біз Еуразиялық экономикалық комиссия Мәскеуде орналасады және Одақтың орталығы болады деп келістік. Әрине, басқа да ұсыныстар болды. Ал Минскіде Еуразиялық сот орналасады, онда біздің одақтың құқықтық мәселелері шешімін табады. Ал Алматыда 2025 жылдан бастап одақтың қаржы нарығын реттейтін мемлекетүсті органы орналасады», - дей келе Н. Назарбаев өз ұсынысын алға тартты.
«Мен одақтың қаржы нарығын реттеуші органның құрылуын күтпестен-ақ Алматыны Еуразиялық экономикалық одақтың қаржы орталығы ретінде қалыптастыра беруді ұсынамын», - деді Н. Назарбаев.
Еске сала кетейік, отырыстың кеңейтілген құрамдағы кездесуіне Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев, Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин, Беларусь Республикасының Президенті Александр Лукашенко және Армения Президенті Серж Саргсян мен Қырғыз Республикасының Президенті Алмазбек Атамбаев қатысуда.
Автор: Қанат Мәметқазыұлы
Қазақстан, Ресей мен Беларусь арасындағы ЕАЭО туралы шартқа қол қойылды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін 2014 жылдың 29 мамырында, Астанадағы Тәуелсіздік сарайында мемлекет басшылары деңгейіндегі
Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес отырысының қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев, Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин, Беларусь Республикасының Президенті Александр Лукашенко Еуразиялық экономикалық одақ құру туралы шартқа салтанатты түрде қол қойды. Салтанатты қол қою рәсіміне үш елдің зиялы қауым және қоғамдық ұйым өкілдері, Парламент депутаттары қатысты.
Аталған одақ туралы шарт 2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді. Шартта халықаралық ұйымдарға тән базалық аспектілер, мемлекеттердің егемендік теңдігі, аумақтық тұтастығы, сондай-ақ Одаққа мүше мемлекеттердің саяси құрылымының ерекшелігін құрметтеу қағидаттары көрініс тапқан.
Шартта шешім қабылдау кезіндегі консенсус механизмі барлық деңгейде ескерілген. Сонымен қатар, тараптардың Одақ органдарындағы кадр саясаты аясында тең қамтылуы қағидаты да қарастырылған.
ЕАЭО 170 млн. халықты құрайтын үш елдің ортақ нарығын құруды қарастырып отыр. Тауарларды, қызмет түрлерін, капитал мен жұмыс күшін еркін тасымалдауға жағдайлар жасалады. Сонымен бірге, мүше мемлекеттер экономиканың негізгі салаларында келісілген саясатты жүзеге асыруды қолға алады.
Автор: Қанат Мәметқазыұлы
Қырғызстан Қой жылын ЕАЭО құрамында қарсы алуға ниетті
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қырғызстан 2015 жылды Еуразиялық экономикалық одақ құрамында қарсы алуға ниетті. Бүгін Астанадағы Тәуелсіздік сарайында Мемлекет басшылары деңгейіндегі Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысын Қырғызстан Президенті Алмазбек Атамбаев осылай деді.
«Әрине, мен бірнеше күннің ішінде барлық мәселелерді шешеміз деп мәлімдеме жасай алмаймын. Дегенмен, Жаңа жылды бір бірлесіктікте қарсы алғымыз келеді. Мен қырғыз парламентінің, біздің парламент депутаттарының қолдау білдіретіндігіне, түсінетіндігіне үміт артамын. Өйткені, 30-дан астам заңның барлығын және басқа да құжаттарды қабылдап, ратификациялауымыз қажет.
Жаңа жылды Еуразиялық экономикалық одақпен қарсы алғымыз келеді», - деді Қырғыз Президенті.
Оның атап өтуінше, Еуразиялық экономикалық одақ оның барлық мүшелерінің экономикалық дамуы үшін өзара тиімді алаң құратын тиімді ұйымға айналатын болады.
Автор: Марлан Жиембай
ҚР Президенті: Арменияның ЕЭО-ға кіруі туралы мәселе шілде айында шешіледі
АСТАНА. ҚазАқпарат - Арменияның Еуразиялық экономикалық одаққа мүше болу мәселесі алдағы шілде айында шешілетін болады. Бұл туралы бүгін Тәуелсіздік Сарайында өтіп жатқан Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңесте Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев айтты.
«Бізге тиісті шешімді дайындауды тапсыру қажет, егер барлығы дайын болса, қалған сұрақтар тез арада өз шешімін тапса, шын мәнінде, маусым айы бойы, яғни 1 шілдеге дейін аталған мәселені шешу жағын ойластыру қажет», - деді Н. Назарбаев.
Автор: Әбу-Асқар Мекешұлы
Н. Назарбаев Еуразиялық экономикалық одақтың құрылуымен құттықтады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін 2014 жылдың 29 мамырында, Астанадағы Тәуелсіздік сарайында мемлекет басшылары деңгейіндегі Жоғары Еуразиялық экономикалық
кеңес отырысының қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев, Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин, Беларусь Республикасының Президенті Александр Лукашенко Еуразиялық экономикалық одақ құру туралы шартқа салтанатты түрде қол қойды. Осыдан соң ресми мәлімдеме жасау барысында Қазақстан Президенті Н. Назарбаев тарихи шартқа қол қойылуымен барша азаматтарды құттықтады.
«Қымбатты Қазақстанның, Ресей мен Беларусь елінің азаматтары! Ханымдар мен мырзалар! Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа салтанатты түрде қол қою рәсіміне қоғамдық өкілдер, зиялы қауым мен үш елдің Парламент депутаттарының корпусы, баспасөз өкілдері мен жастар қатысып отыр. Мен баршаларыңызды Еуразиялық экономикалық одақ құру туралы шартқа қол қойылуымен құттықтаймын! Біз өзіміздің экономикалық әлеуетімізді халықтарымыздың игілікте өмір сүруі үшін біріктіріп отырмыз. Еуразиялық экономикалық одақ бұл ең алдымен экономикалық бірлестік, қатысушы мемлекеттердің саяси егемендігіне еш қатысы жоқ», - деп атап өтті Н. Назарбаев.
Автор: Қанат Мәметқазыұлы
Армения ЕАЭО-ға қосылу туралы келісімге биылғы 15 маусымға қарай қол қоюға ниетті
АСТАНА. ҚазАқпарат - Армения ЕАЭО-ға қосылу туралы келісімге биылғы 15 маусымға қарай қол қоюға ниетті. Бүгін Астанадағы Тәуелсіздік сарайында мемлекет басшылары деңгейіндегі Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысы барысында Армения Президенті Серж Саргсян осылай мәлімдеді.
2-3 мәселені қарастыру керек екенін, сонымен қатар олар бойынша сарапшылық деңгейде тиісті шешімдер жасалғанына тоқталған Армения Президенті, «Осы орайда Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа Армения Республикасының қосылуы жөніндегі келісімге қол қойылуы мерзімін биылғы 15 маусымға дейін белгілеуді сұраймын»,-деді.
С.Саргсян сонымен қатар келісімге қол қойылғаннан кейін Армения 200-ге жуық заңнамалық актілерді қабылдауға кірісіп, бірқатар маңызды жүйелік қайта құруды қамтамасыз ету керектігін, сондай-ақ бұл шараларға кем деген 6 ай уақыт керек екенін атап өтті.
Автор: Руслан Ғаббасов
Елбасы: Астана - Еуразиялық экономикалық одақтың бесігіне айналып отыр
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана - Еуразиялық экономикалық одақтың бесігіне айналып отыр. Бүгін Еуразиялық экономикалық одақ құру туралы шартқа салтанатты түрде қол қойылғаннан соң жасалған мәлімдемесінде ҚР Президенті Н. Назарбаев осылай айтты.
«Еуразиялық экономикалық одақ құру туралы тарихи актінің Тәуелсіз Қазақстанның жаңа елордасы Астана төрінде қол қойылуының символикалық мәні бар. Астана Еуразия кеңістігінің жүрегінде орналасқан. Елорда - қазіргі заман мемлекеттері арасындағы ең жас астана. Соған қарамастан Астананың хронологиясы халықаралық оқиғалардың жарқын беттеріне толы», - деп атап өтті Н. Назарбаев.
Бұл ретте Мемлекет басшысы Астанада Әлемдік діндер басшыларының съезі, ЕҚЫҰ мен ШЫҰ саммиттері, Ислам ынтымақтастық ұйымының алқалы жиындары өткендігін атап өтті. Астанада ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі ұйымдастырылатындығына да назар аударды.
«Қазақстан еуразиялық интеграцияны ілгерілетуге тарихи үлес қосып отыр. Дәл осы жерде ғасыр басында Еуразиялық экономикалық қауымдастық құрылды, біздің интеграциялық үдерісіміз үшін бірқатар маңызды қадамдар жасалды. Сондықтан да, Астананың Еуразиялық экономикалық одақтың бесігіне айналуы да заңды», - деді Н. Назарбаев.
Автор: Қанат Мәметқазыұлы
ЕАЭО-ның ұлтүстілік органдарына жекелеген өкілеттік беру біздің елдеріміздің егемендегіне еш зиян тигізбейді - РФ Президенті
АСТАНА. ҚазАқпарат - Еуразиялық экономикалық одаққа қазірден-ақ әлемдік ірі ойыншылар қызығушылық танытуда. Бүгін Еуразиялық экономикалық одақ құру туралы шартқа салтанатты түрде қол қойылғаннан соң жасалған мәлімдемесінде Ресей Президенті Владимир Путин осылай деді.
«Шын мәнінде біз ТМД кеңістігінде 170 миллионнан астам адамы, ауқымды өндірістік, ғылыми және технологиялық әлеуеті, мол табиғи ресурсы бар алып біртұтас нарық құрудамыз. Бұл бірлестікке қазірдің өзінде әлемдегі ірі экономикалық ойыншылар қызығушылық танытып отыр», - деді Ресей Президенті. Оның атап өтуінше, ол барған барлық елдерде болашақ Еуразиялық экономикалық одақпен қарым-қатынасты қалай жолға қоюға болады деген сауал алдынан шығып отырған. «Әлемдік аренада халықаралық құқық субъектісіне толық көлемде ие және Дүниежүзілік сауда ұйымы ұстанымдарына сай жаңа экономикалық ұйым пайда болады. Одақтың ұлтүстілік органдарына жекелеген өкілеттіліктерді беру біздің елдеріміздің егемендегіне түбегейлі зиян тигізбейтіндігі маңызды», - деді В.Путин.
Автор: Марлан Жиембай
Қазақстан Президенті ЕАЭО құру туралы Келісімшартты ратификациялау уақытын біріздендіруді ұсынды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ҚР, РФ және БР парламенттеріне Еуразиялық экономикалық одақ құру туралы Келісімшартты ратификациялау уақытын біріздендіруді ұсынды.
«Келісімшартымызға қол қойғаннан кейін, оны парламенттерімізде ратификациялау мәселесі күтіп тұр. Сондықтан біздің депутаттық корпустарымыздың алдында қазіргі кездегі ең маңызды әрі кең ауқымды Халықаралық Келісімшарттардың бірі болы табылатын біздің бүгінгі Келісімшартты бекітуде үлкен жұмыс күтіп тұр», - деді Н.Назарбаев Астанада өтіп жатқан Жоғары еуразиялық экономикалық кеңес барысында.
«Мен бұл жұмыстың уақытын үш елде де біріздендіріп, Одақтың 2015 жылдың 1 қаңтарында толық жұмысқа кірісуін қамтамасыз етуді ұсынамын», - деді Мемлекет басшысы.
Елбасының айтуынша, Кеден одағына мүше елдердің парламенттерінде бірігіп жұмыс істеу тәжірибесі бар.
«Біздің парламенттерімізде бір уақытта ратификациялау тәжірибесі бар. Сондықтан, менің ойымша, депутаттарымыз бұл қызметті абыроймен атқарып шығады, бұл жолда біз оларға барлық құжаттарды дайындауда көмектесеміз», - деді Н.Назарбаев.
Автор: Әбу-Асқар Мекешұлы
ЕАЭО ең алдымен жарқын келешек пен жастар үшін құрылып отыр - Елбасы
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Еуразиялық экономикалық одақ құру туралы шартқа салтанатты түрде қол қойылғаннан соң ҚР Президенті Н. Назарбаев барша жастарға үндеу жолдады.
«Еуразиялық экономикалық одақ Сіздер үшін құрылып жатыр. Ол қатысушы мемлекеттердің кез келгенінде сапалы білім алуда, кәсіби машықтануда жастар үшін ерекше басымдық береді. Бүгінгі оқиға біздің елдеріміздің келешегі, оның ішінде бірінші кезекте келешек толқын жастар үшін жаңа мүмкіндіктер ашады», - деді Н. Назарбаев. Сонымен қатар, Елбасы бүкіл әлем алдында интеграцияның өміршеңдігін дәлелдеу секілді маңызды міндеттер тұрғанын мәлімдеді. Н. Назарбаев, жоғары деңгейде қол жеткен барлық келісімшарттар үшін Үкімет басшыларына, орталық ведомство жетекшілеріне ризашылығын жеткізді. «Бұл жұмыс қаншалықты қиын болса, соған жұмсалған уақыт соншалықты аз болатын. Зор алғыс баршаңызға», - деді Н. Назарбаев.
Автор: Қанат Мәметқазыұлы
Н. Назарбаев: 29 мамыр - Еуразиялық интеграция күні ретінде атаулы датаға айналуға лайық
АСТАНА. ҚазАқпарат - 29 мамыр - Еуразиялық интеграция күні ретінде атаулы датаға айналуға лайық. Бүгін Еуразиялық экономикалық одақ құру туралы шартқа салтанатты түрде қол қойылғаннан соң жасалған мәлімдемесінде ҚР Президенті Н. Назарбаев осылай айтты.
«Бүгінгі күн Қазақстан, Ресей мен Беларусь мемлекеттерінің халықтары үшін айтулы тарихи күн. Еуразиялық экономикалық одақ - бұл мәңгі достық пен өзара әрекеттестіктің, елдеріміз арасындағы тату көршіліктің жаңа әрі мығым механизмі. Мен сондықтан да 29 мамырды біздің елдеріміздің айтулы даталар күнтізбесінде - Еуразиялық интеграция күні ретінде енуге лайықты деп санаймын», - деді Н. Назарбаев.
«Сондықтан да, барша азаматтарды осынау тарихи күнмен құттықтай отырып, біздің экономикалық одағымызға ақ жол тілеймін», - деді.
Автор: Қанат Мәметқазыұлы
Соңғы 3 жылда КО ішіндегі тауар айналымы 50 пайызға артты - РФ Президенті
АСТАНА. ҚазАқпарат - Соңғы 3 жылдың ішінде Кеден одағы ішіндегі тауар айналымы 50 пайызға артып, 23 млрд. долларды құрады. Бүгін Еуразиялық экономикалық одақ құру туралы шартқа салтанатты түрде қол қойылғаннан соң жасалған мәлімдемесінде Ресей Президенті Владимир Путин осылай деді.
Сонымен қатар оның атап өтуінше, өткен жылдың қорытындысында Кеден одағы аясындағы тауар айналымы 66,2 млрд. долларды құраған. «Беларусь пен Қазақстан бірлесіп, Ресей Федерациясының Еуропалық одақ пен Қытайдан кейінгі сыртқы сауда балансында 3-ші орынға шықты», - деді ол. РФ Президентінің алға тартқан деректеріне қарағанда, Ресей мен Еуропалық одақ арасындағы тауар айналымы 440 млрд., Қытаймен 87 млрд. долларға жеткен. Әрине, Қазақстан мен Беларусь мұндай алып әлемдік экономикалармен қатар тұра алмайтындығы анық. Дегенмен 3-ші орын жаман көрсеткіш емес. «Осындай деңгейге шығып отырғанымыз интеграциялық процестердің арқасы», - деді В.Путин.
Автор: Марлан Жиембай
Елбасы: ЕАЭО елдерімізді әлемдегі жетекші орындарға шығару үшін қуатты серпін береді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің мемлекет басшылары деңгейіндегі отырысы өтті, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
Шағын құрамдағы отырысқа Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев, Ресей Президенті Владимир Путин және Беларусь Президенті Александр Лукашенко қатысты. Мемлекет басшылары Кеден одағы мен Бірыңғай экономикалық кеңістікті дамытудың негізгі бағыттарын, сондай-ақ еуразиялық интеграциялық үдерісті кеңейту мәселелерін талқылады. Қазақстан Президенті бұл кездесудің Қазақстан, Беларусь және Ресейдің болашағы үшін тарихи маңызға ие екенін айтты. - Біз Еуразиялық экономикалық одақ құру туралы шартты әзірлеу жөніндегі орасан жұмысты аяқтадық. Оған қол қою арқылы еуразиялық кеңістіктегі ықпалдастықтың жаңа сапалы кезеңі басталады. Шарт барлық мемлекеттеріміздің мүдделерін ескерген, салиқалы, сауатты әзірленген, бірқатар келіспеушіліктерге қатысты қол жеткен консенсус барлық тарапты қанағаттандырды. Құжатта халықаралық ұйымдарға тән барлық базалық аспектілер көрініс тапқан, мемлекеттердің егеменді теңдігі, аумақтық тұтастығы, сондай-ақ одаққа мүше мемлекеттердің саяси құрылымының ерекшеліктерін құрметтеу қағидаттары бекітілген. Ұйымның барлық деңгейіндегі шешім қабылдауда консенсус қағидатының болуы маңызды. Осы орайда әрбір тараптың даусының шешуші мәні бар, - деді Мемлекет басшысы. Нұрсұлтан Назарбаев Одақтың органдарындағы кадр саясаты тараптардың тең қамтылуы қағидатын ескере отырып және осы маңызды жұмысқа мейлінше білікті мамандарды тарту үшін конкурстық негізде жүргізілетінін атап өтті. Қазақстан Президенті шарт үш мемлекеттің азаматтарының әл-ауқатын арттыруға бағытталғанына назар аударды. - Еуразиялық экономикалық одақты құру біздің экономикамызды жан-жақты жаңғыртуды жалғастыру, елдерімізді әлемдегі жетекші орындарға шығару үшін қуатты серпін беретініне сенімдімін. Күн тәртібіндегі барлық мәселелер пысықталды, енді негізгі Шартқа қол қоюға дайынбыз. Құрылып жатқан одаққа Арменияның қосылуы туралы тармақ бар. Өз кезегінде Қырғызстан Еуразиялық экономикалық комиссия кеңесі мақұлдаған Кедендік одаққа қосылу туралы жобаны қолдады, - деді Мемлекет басшысы. Беларусь Президенті А.Лукашенко өз сөзінде елдерімізге экономикалық интеграция жолы оңайға түспегенін атап өтті. - Әрбір қадам оңай болған жоқ, бірақ біздің басты мақсатымыз айқын - халықтарымыз татулық пен достықта өмір сүріп, мемлекеттерді дамыту мен нығайту өзара тиімді ынтымақтастықтың негізінде жүзеге асырылып жатқанына олардың сенімді болуын қамтамасыз ету. Біздің дұрыс жолды таңдағанымызды өмірдің өзі көрсетті. Бұрынғы кеңестік кеңістіктің қайтарымсыз кері интеграциясына жол бермес үшін біз ТМД-ны құрудан бастадық, сосын Еуразиялық экономикалық қоғамдастықты, Кеден одағын құрдық, Бірыңғай экономикалық кеңістіктің нобайын сыздық. Бүгін біз мәреге жеттік, ол бізді Еуразиялық экономикалық одаққа әкелді, - деді Беларусь Президенті. Бұл ретте А.Лукашенко қол қойылып отырған шарттың ережелерін оған қатысушылардың барлығының ортақ пайдасына қарай жетілдіру мүмкіндіктері бар екенін атап өтті. Өз кезегінде Ресей Президенті В.Путин Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарт мемлекеттік егемендікті толық сақтай отырып, елдерімізді интеграцияның мүлде жаңа деңгейіне алып шығатынын айтты. Сондай-ақ, Ресей көшбасшысы Еуразиялық одақ идеясының бастауында Нұрсұлтан Назарбаев тұрғандықтан шартқа Қазақстанның елордасында қол қойылуының символдық мәні бар екеніне тоқталып өтті. - Бүгінде біз бірлесіп, экономикалық дамудың қуатты, тартымды орталығын, 170 миллионнан астам халықты біріктіретін ірі өңірлік нарықты құрудамыз. «Үштік» елдерінде дамыған өнеркәсіп, индустриялық база, қуатты кадрлық, интеллектуалдық, мәдени әлеует бар. Географиялық жағдайымыз бізге тек өңірлік қана емес, жаһандық та маңызы бар көлік-логистикалық бағдарлар қалыптастыруға, Еуропа мен Азияның ауқымды сауда жолдарын өзімізге «бағындыруға» мүмкіндік береді. Осының барлығы - біздің бірлестігіміздің бәсекеге қабілеттілігінің, оның жедел өзгеріп жатқан әрі күрделі әлемдегі қарқынды дамуының кепілі, - деді Ресей Президенті.
ЕАЭО елдерінде жақсы жұмыс іздегендерге еш кедергілер болмайды - Ресей Үкіметі
АСТАНА. ҚазАқпарат - Еуразиялық экономикалық одақ елдерінде жақсы жұмыс іздеп жүргендерге еш кедергілер болмайды. Бұл туралы бүгін Астанадағы Тәуелсіздік сарайында мемлекет басшылары деңгейіндегі Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңесі отырысынан кейінгі брифингте РФ Үкіметі төрағасының бірінші орынбасары Игорь Шувалов мәлім етті.
Оның сөзіне қарағанда, ЕАЭО аясында Беларусь, Қазақстан немесе Ресейге келіп, жақсы жұмыс іздеп жүргендерге мүмкіндік жасалып отыр. Осы үш елдің кез келген азаматы еш кедергісіз, қандай да бір қиындықтарсыз жұмысқа орналаса алады. Бұрынғыдай көші-қон заңнамасы тарапынан азаматтарға кедергілер болмайды. Сонымен қатар ресейлік вице-премьер енді осы жұмысшыларға ұсынылатын әлеуметтік кепілдер ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің ішіндегі кепілдермен бірдей жағдайда ұсынылатынын атап өтті.
Автор: Руслан Ғаббасов
Н.Назарбаев: Еуразиялық экономикалық одақ - Еуропа ареалы мен гүлденген Азия арасындағы сенімді көпір
АСТАНА. ҚазАқпарат - Еуразиялық экономикалық одақ - Еуропа ареалы мен гүлденген Азия арасындағы сенімді көпір. Бүгін Астанадағы Тәуелсіздік сарайында Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа қол қою салтанатынан кейінгі мәлімдемесінде ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев осылай айтты.
«Мен Еуразиялық экономикалық одақ құру туралы бастаманы осыдан 20 жыл бұрын Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінде жариялаған едім. Уақыт қана сенімділік қабілетіне ие. Біздің екі онжылдық тарихтағы тәжірибеміз - бұған куә», - дей келе Елбасы еуразиялық интеграция идеясының Ресей мен Беларусь президенттері тарапынан қолдау тапқанын, дәл соның арқасында бүгінгі тарихи шартқа қол қойылғанын атап өтті. Сонымен қатар, Елбасы интеграцияның игілікті тұстарына да тоқталып өтті. Президенттің айтуынша, соңғы 5 жылда Қазақстанның Кеден одағына қатысушы елдермен тауар айналымы 88 пайызға артып, 24 млрд. долларға жетті. Еуразиялық интеграция бойынша әріптес елдерге Қазақстанның экспорты 63 пайызға өсіп, 6 млрд. долларға жетті. «Бұл абстракциялы көрсеткіш емес, олардың артында жүздеген кәсіпорындар мен мекемелер, өзара байланыстың жаңа желілері тұр», - деді Н.Назарбаев. Осы ретте Мемлекет басшысы басқа да интеграциялық бірлестіктердің тәжірибесін зерделеу маңызды екенін айта келе, бірінші кезекте Еуропалық Одаққа назар аударды. «Мұндағы басты мәселе - қатысушы мемлекеттердің бір де біреуін деиндустрияландыру үдерісіне ұшыратпау, ұлттық экономиканың дәстүрлі салаларында, өнеркәсіпте, ауыл шаруашылығында құлдырауды болдырмау. Еуропалық экономика рецессиясының сабақтары да осында жатыр. Ал әлемдік тәжірибенің өзі интеграция дегеніміз ең алдымен экономиканы дамыту үшін ұзақмерзімді жағдай жасау мен халықтың игілігі үшін жаңа мүмкіндіктер ашу екенін көрсетіп отыр. Сондықтан Еуразиялық экономикалық одақтан біз жаһандық байланыстар желісіндегі ашық экономикалық қауымдастықты көреміз. Еуразиялық экономикалық одақ - Еуропа ареалы мен гүлденген Азия арасындағы сенімді көпір», - деді Мемлекет басшысы.
Автор: Қанат Мәметқазыұлы
Тиімді салықтық режімнің арқасында ресейліктер Қазақстанда бизнестерін ашып жатыр - И. Шувалов
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР-да салықтық режім тиімді болғандықтан, ресейлік көптеген кәсіпкерлер Қазақстанда бизнестерін ашып жатыр. Бұл туралы бүгін Астанадағы брифингте РФ Үкіметі төрағасының бірінші орынбасары Игорь Шувалов мәлім етті.
«Біз Ресей Федерациясында кәсіпкерлердің іс-қимылын байқап отырмыз. Олардың көбі бизнестерін Қазақстан ашуда. Өйткені, Қазақстанда салықтық режім көптеген ұстанымдар бойынша тиімдірек»,-деді И. Шувалов Тәуелсіздік сарайында мемлекет басшылары деңгейіндегі Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңесі отырысынан кейін. Сонымен қатар ол ЕАЭО аясында Ресей үлкен нарықты ұсынып отырғанын айта келе, «осы орайда біздің нарыққа қолжетімділік Қазақстан мен Беларусь кәсіпкерлеріне пайда жасауға мүмкіндік беріп отыр»,-деді.
Автор: Руслан Ғаббасов
ЕАЭО өзін толығымен азық-түлікпен, энергиямен қамтамасыз ету әлеуетіне ие - Н. Назарбаев
АСТАНА. ҚазАқпарат - Еуразиялық экономикалық одақ өзін толығымен азық-түлікпен, энергиямен қамтамасыз ету әлеуетіне ие. Бүгін Астанадағы Тәуелсіздік сарайында Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа қол қою салтанатынан кейінгі мәлімдемесінде ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев осылай айтты.
«Еуразиялық интеграцияны дамыта отырып, біз заңды экономикалық кезеңдерді өткердік: еркін сауда аумағы құрылды, Кеден одағы қызмет етті, Бірыңғай экономикалық кеңістік қалыптасты. Еуразиялық экономикалық одақ құру туралы шартқа қол қоя отырып, біз енді бүгінгі әлемдегі ең ірі интеграциялық бірлестікті заңды түрде рәсімдедік», - деді Н. Назарбаев. Бұл ретте Елбасы бірлестік халқының 170 млн. адамды құрап, әлемде 7-орынға шығатынын алға тартты. «Бірлестік Жер шарындағы ең ірі тұтыну нарығының біріне айналып отыр. Оған қатысушы мемлекеттердің үлесіне әлемдегі барлық барланған пайдалы қазбалардың төрттен бірі тиеді және бүгінгі бағалаумен олардың құны 40 триллион долларға жетеді. Біздің интеграциялық бірлестік әлемдегі ең көлемді энергоресурстардың, ал соңғы жылдары азықтық бидайдың экспорттаушысына айналып отыр. Одақ өзін-өзі толығымен азық-түлікпен, энергиямен қамтамасыз ету әлеуетіне де ие», - деді Елбасы. «Біз мемлекеттердің тәуелсіздігіне кепіл болатын негізгі ресурстармен өзімізді өзіміз толық қамтамасыз ете аламыз. Осылайша, бүгінгі күні ХХІ ғасырдағы геоэкономикалық жаңа бірлестік дүниеге келді», - дей келе Н. Назарбаев, ондай одақтың қажырлы еңбек арқасында құрылғанын атап өтті.
Автор: Қанат Мәметқазыұлы
Интеграцияны құру бір басқа, ал оның өміршеңдігін әлем алдында дәлелдеу ұлы міндетіміз - Н.Назарбаев
АСТАНА. ҚазАқпарат - Интеграцияны құру бір басқа, ал оның өміршеңдігін бүкіл әлем алдында дәлелдеу біздің ұлы міндетіміз. Бүгін Астанадағы Тәуелсіздік сарайында Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа қол қою салтанатынан кейінгі мәлімдемесінде ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев осылай айтты.
«Біз Еуразиялық экономикалық одақты жаңғырта алдық. Алдымызда жаһандық орнықтылық жағдайындағы қалыптасу мен дамудың күрделі кезеңдері күтіп тұр. Интеграцияны құру бір басқа, ал оның өміршеңдігін бүкіл әлем алдында дәлелдеу біздің ұлы міндетіміз», - деді Н.Назарбаев.
Елбасының айтуынша, интеграция өздігінен керемет өмір сүруге кепілдік бере салмайды. Бұл үшін әрбір мемлекетке тынымсыз жұмыс істеу қажет.
«Жаңа қатерлер, жаңа қауіптермен қатар, тың міндеттер болады. Экономика табандауы да мүмкін, өзара сауда-саттық бүгінгі қарқынын төмендетуі де ғажап емес. Біз бұған дейін пайдаланбаған люфтты енді пайдалану жолын таңдап отырмыз. Осының өзі тек қана алға жылжудан басқа реакциялар тудырмауы керек. Біз кез-келген мәселенің ортақ шешімін табуға дайын болуға тиіспіз, барлық дағдарысты бірлесе еңсеруге тиіспіз», - деді Н.Назарбаев.
Автор: Қанат Мәметқазыұлы
Экономикалық ықпалдастыққа негізделген ЕАЭО аясында еш күмән болмауы керек - ҚР Үкіметі
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгінгі құрылған Еуразиялық экономикалық одақ тек экономикалық ықпалдастыққа негізделген.
Бұл туралы бүгін Астанада ЕАЭО туралы шартқа қол қойылғаннан кейінгі брифингте ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев мәлім етті.
«Бүгін үш елдің мемлекет басшылары қол қойған шарттың мазмұнына тоқталатын болсақ, онда ЕАЭО аясындағы жұмыстар тек экономикалық мәселелерге негізделгені анық көрсетілген. Яғни, біздің бүгінгі құрылған Еуразиялық экономикалық одағымыз экономикалық ықпалдастықты қамтамасыз етеді. Бұл тұрғыда ешқандай саясат жоқ. Осы Одақты құру кезінде саяси мәселелер ескерілмеді. Атап айтқанда, әр ел өзінің егемендігі, қауіпсіздік мәселелерін ұлттық деңгейде қалдырды», - деп атап өтті Б. Сағынтаев.
Осы орайда бірінші вице-премьер құрылған Одақ аясында еш күмән болмауы керектігін қадап айтты.
Автор: Руслан Ғаббасов
В.Христенко: ЕАЭО «Қазақстан-2050» Стратегиясын жүзеге асыруға оңтайлы жағдай жасай алады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Еуразиялық экономикалық одақ «Қазақстан-2050» Стратегиясын жүзеге асыруға оңтайлы жағдай жасай алады. Бұл туралы бүгін Астанада ЕАЭО туралы шартқа қол қойылғаннан кейінгі брифингте Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының төрағасы Виктор Христенко мәлім етті.
«Бүгінгі еуразиялық жобада интеграция жағдайы, яғни Еуразиялық экономикалық одақ өзінің мәні мен тәжірибесі бойынша уақытылы құрылып отыр. Ол сыртқы әлемдегі барлық тәуекелдерге және ұлттық үкіметтер өздері үшін белгілеген стратегияларға жауап ретінде құрылды», - деп тоқталды В. Христенко. «Бұл жоба Қазақстанның 2050 жылға дейінгі ұлттық стратегиясын, Ресейдің ұлттық стратегиясын толықтырады. Осы ықпалдастық алдағы мақсаттарды жүзеге асыру үшін оңтайлы жағдай жасайды», - деді Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының төрағасы.
Автор: Руслан Ғаббасов
Еуразиялық экономикалық одақтың отандық кәсіпкерлер мен кәсіпорындардың тынысын кеңейтетініне сенім мол - Т.Бопин
АҚМОЛА ОБЛЫСЫ. ҚазАқпарат - Еуразиялық экономикалық одақтың отандық кәсіпкерлер мен кәсіпорындардың тынысын кеңейтетініне сенім мол. Бұл туралы «Астана Агро Продукт» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі директорының орынбасары Түсіпбек Бопин мәлім етті.
Оның пікірінше, Астанада Қазақстан, Ресей және Беларусь президенттерінің Еуразиялық экономикалық одақ келісіміне қол қоюы - бұл тарихи маңызы зор оқиға. Өйткені, бұл елдермен Қазақстан кеңестер заманында тығыз саяси-экономикалық қарым-қатынаста болды. Бүгінгі таңда Ресей экономиканың барлық саласында озық болса, Беларусь мал шаруашылығын дамытып отыр. Олар осы саланың біздің елде де дамуына ықпал етеді деген сенім бар. Осыған дейін біз малды ірі ауыл шаруашылығы кәсіпорындары мен шаруа қожалықтарынан сатып алатын едік. Енді шикізатты одақ елдерінен де сатып алуға мүмкіндік туды.
Елбасы өз сөзінде одақтың елімізге пайдасы бар екенін, біз үшін ол экономикалық жағынан тиімді болғаннан кейін оған барып отырғанымызды атап өтті.
Сабынды ауылында орналасқан «Астана Агро Продукт» серіктестігінің «Бакара» ет комбинаты 2010 жылдың қыркүйек айынан бастап жұмыс істеп келеді. Былтырдың өзінде Мәскеу қаласына 16 тонна ет өнімдерін жөнелткен. Комбинат биыл Ресейге 200 тонна ет экспорттауды көздеп отыр. Ал 2018 жылы бұл көрсеткіш бір мың тоннаға жеткізілмекші.
«Өткен жылы біз 1755,1 тонна ет өнімдерін өңдеп, оны Астана қаласының «Рамстор», «Астықжан», «Әлем», «Еуразия», «Метро» сияқты ірі сауда орындарында саттық. Сондай-ақ Алматы, Қарағанды және басқа да үлкен қалаларға саудаға шығардық. Алдағы уақытта өнімдерімізді Ресей мен Беларусь елдерінде тұрақты сатуды көздеп отырмыз. Комбинат ауысымына 10 тоннаға дейін мал сойып, ет өнімдерін өңдейді.
Бізге Мәскеу қаласындағы бір мейрамхананың бас аспазшысы келіп, қойдың мүшеленген еті, қабырғалары, сан мен қол еттеріне тапсырыс беріп кетті. Осындай тапсырыс бойынша әр ай сайын 15-20 тонна өнім дайындаймыз. Олар арнайы автокөлікпен тасымалданады. Комбинатта пісірілген жоғары сұрыпты шұжық пен сиыр еті «Бакара» сауда маркасымен тұтынушыларға ұсынылады. Оның арасында пісіріліп, ысталған қазы, шұжық, жая және кесек еттерден жасалатын өнімдер бар. Астана қаласындағы ірі сауда орындарының тапсырысы тез арада орындалады.
Кәсіпорында жүзге жуық адам жұмыс істейді. Сойылатын малдың 90 пайызы ірі қара мал, қалғаны жылқы мен қой. Біз сауда орындарының тапсырысы бойынша жұмыс істейміз. Алдағы уақытта мұндай тапсырыс одақтас елдерден түседі деген сенімдеміз. Еуразиялық экономикалық одақ осыған зор мүмкіндік беріп отыр», - деп қорытты сөзін Т.Бопин.
Автор: Аслан Оспанов
Валюталық-қаржылық одақ болмайды - Бақытжан Сағынтаев
АСТАНА. ҚазАқпарат - Валюталық-қаржылық одақ туралы мәселе көтерілген емес. Бұл туралы бүгін Астанада ЕАЭО туралы шартқа қол қойылғаннан кейінгі брифингте ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев мәлім етті.
«Бұл мәселені біздің деңгейде де, мемлекет басшыларының деңгейінде де қарастырған емеспіз. Ешқандай да валюталық-қаржылық одақ туралы мәселе көтерілген емес»,-деп атап өтті Б. Сағынтаев. Естеріңізге сала кетейік, өткен айдың басында Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында Бақытжан Сағынтаев Қазақстан интеграциялық үдерістер аясында өзінің ұлттық валютасынан бас тартпайтынын мәлімдеген болатын. «Еуразиялық экономикалық одақ аясында бірыңғай ұлттық валюта туралы әңгімелер қайдан тарап отырғанын білмеймін. Біз бұл мәселені талқылаған емеспіз. Қазақстанның ұлттық валютасы теңге осыған дейін болды және алдағы уақытта да болады»,- деп қадап айтты ҚР Үкімет басшысының бірінші орынбасары.
Автор: Руслан Ғаббасов
Еуразиялық экономикалық ықпалдастық үдерісінде кезекті белес бағындырылды - ҚР Президенті
АСТАНА. ҚазАқпарат - Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің кеңейтілген құрамдағы отырысы өтті, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
Отырысқа Қазақстан, Ресей және Беларусьтің мемлекет басшыларымен бірге Армения Республикасының Президенті Серж Саргсян және Қырғыз Республикасының Президенті Алмазбек Атамбаев, сондай-ақ Жоғары Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының төрағасы Виктор Христенко қатысты. Мемлекет басшылары Арменияның Еуразиялық экономикалық одаққа қосылуы туралы шартты әзірлеу барысын, сондай-ақ Қырғызстанның Кедендік одаққа қосылуы жөніндегі Жол картасын қарады. Қазақстан Президенті еуразиялық экономикалық ықпалдастық үдерісінде кезекті белестің бағындырылғанын айтты. «Бүгінде біздің бұдан арғы іс-қимылымыздың стратегиясын кемінде 15-20 жылға айқындап, алыс көкжиекке қарау маңызды болып отыр. Одағымыздың XXI ғасырдың бірінші жартысындағы басты миссиясы екі жайтқа байланысты екенін түсіну керек. Біріншіден, әлемнің маңызды экономикалық макроөңірлерінің біріне айналу, бұл бізге Шығыс пен Батыстың, Еуропа мен Азияның арасындағы «экономикалық көпір» ретінде бәсекелестікте табиғи артықшылық береді. Екіншіден, елдеріміздің әрқайсысының әлемдегі дамыған мемлекеттер қатарына қосылуын қамтамасыз етеді», - деді Мемлекет басшысы. Нұрсұлтан Назарбаев Еуразиялық экономикалық одақ халықтар мен мемлекеттер үшін ауыртпалыққа емес, игілікке айналуы тиістігін атап көрсетті. «Осындай ұстанымда болу арқылы ғана еуразиялық таңдаудың тартымдылығын қамтамасыз етіп, Еуразиялық экономикалық одақтың тағдырлы мақсаттарына қатысты кез келген күмәнді біржола сейілте аламыз. Біз Еуразиялық экономикалық комиссия Мәскеуде болады деп келістік. Минскіде Еуразиялық сот орналасады. Ол жерде біздің одақтың құқықтық аспектілер шоғырланады. Одақтың қаржы нарықтарын реттеу жөніндегі ұлтүстілік органы 2025 жылдан бастап Алматыда болады», - деді Қазақстан Президенті. Бұл ретте Мемлекет басшысы одақтық қаржылық регулятордың құруын күтпей-ақ Алматыны Еуразиялық экономикалық одақтың қаржы орталығы ретінде таныта беруге шақырды. Сондай-ақ, ол Еуразиялық экономикалық одақ құру экономикамызды жан-жақты жаңғыртуға қуатты серпін беретініне сенім білдірді.
Армения Президенті С.Саргсян Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа қол қою тәрізді тарихи оқиғаға және Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысына қатысуға шақырғаны үшін алғысын білдірді. «Кеден одағының мемлекеттер басшыларын ЕАЭО-ның, көп жағынан оған кіретін елдердің бұдан әрі дамуы айқындайтын бірлестіктің құрылуының маңызды белесіне қадам басумен шын жүректен құттықтаймын. Сөз жоқ, бұл - бәрінің көңіліне қонымды құжатты келісу үшін мүмкін болғанды жүзеге асырған, түрлі кедергілер мен келіспеушіліктерді еңсере отырып, ымыралы ұсыныстар бойынша тіл табыса білген көптеген сарапшылар мен лауазымды тұлғалардың еңбегінің нәтижесі. Бірақ соның барлығы мемлекеттер басшыларының саяси жігерінсіз мүмкін болмас еді», - деді С.Саргсян. Армения Президенті Беларусь, Қазақстан және Ресейдің салалық мекемелерімен, Еуразиялық экономикалық комиссиямен бірлесе жүргізілген жүйелі жұмыс Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа Арменияның қосылуы жөніндегі шарт жобасын көзделген мерзімде дайындап шығуға мүмкіндік бергенін айтты. Қырғызстан Президенті А.Атамбаев Нұрсұлтан Назарбаев көтерген Еуразиялық экономикалық одақ құру идеясы шын мәнінде жүзеге асқанын атап өтті. «Мен ЕАЭО барлық мүшелерінің экономикалық дамуы үшін бәріне пайдалы алаң қалыптастыратын пәрменді ұйымға айналады деп сенемін. Кеден одағымен және одан кейінгі ЕАЭО-мен интеграция Қырғызстан үшін саналы шешім және экономикалық саясаттың маңызды бағыты болып саналады. Кеден одағына мүше елдер біздің тек негізгі экономикалық серіктестеріміз ғана емес, бұлар - ең алдымен араларында ешқандай тілдік кедергі жоқ, рухы және ортақ тарихы жөнінен жақын халықтар», - деді А.Атамбаев. Сондай-ақ, ол Қырғызстан экономикасын өтпелі кезеңде қолдау тетігін әзірлеуге көрсетілген көмек үшін Қазақстан мен Ресей тарапына алғысын білдірді.
Алматының ЕАЭО қаржылық орталығы болуға толық мүмкіндігі бар - сарапшы пікірі
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматының ЕАЭО қаржылық орталығы болуға толық мүмкіндігі бар. Бұл туралы пікірін ҚазАқпарат тілшісіне Қазақстан-Британ Техникалық Университетінің профессоры, экономика ғылымдарының директоры Нұрлан Нұрсейіт жеткізді.
Маманның пікірінше, Алматы ЕАЭО қаржылық орталығы болса, бұл Қазақстанның экономикасының дамуына оң ықпалын тигізеді. Алайда, айтып қою - бір мәселе де, іс жүзінде жүзеге асыру - бір мәселе. Әлемдік тәжірибеде қаржылық орталықтар қатысушы елдердің ортасында географиялық тұрғыдан оңтайлы жерлерде орналасқан, белсенді сауда және инвестициялық операциялардың тоғысқан жерінде қалыптасады. Айталық, Лондон, Гонконг, Нью-Йорк, т.б. қалалар қаржылық орталық статусына ие. ЕАЭО елдері арасындағы сауда әлемдік өлшем бойынша өте жоғары бағаланып отыр. Әрине, бұл жерде Алматыдан гөрі қаржылық ағын мен географиялық орналасуы жағынан Мәскеудің мүмкіндігі жоғарырақ, - деп санайды маман. «Алматының қаржылық орталығы болуға толық мүмкіндігі бар, егер де Батыс елдері Ресейге қатысты қаржылық санкция енгізетін болса. Бірақ, оған дейін бармайтын шығар. Сол кезде Ресейге Батыс елдерінің банктерімен қаржылық операцияны Қазақстан банктері арқылы жүзеге асырған тиімді болады. Сонда ЕАЭО елдерінің қаржылық есептесу орталығы табиғи жолмен Алматыға көшеді. Өйткені, Алматыда Қазақстан банктерінің бас офистері шоғырланған», - деді Н.Нұрсейіт. Оның айтуынша, ЕАЭО елдері шикізаттық емес тауарларының бәсекелестігі артып, әбден нығайған кезде әрі сол арқылы еш шығынсыз Қытай, Үндістанмен еркін сауда туралы келісімге келе алатын деңгейге жеткен кезде Алматының мүмкіндігі одан әрі арта түседі.
Автор: Гүлмира Ғосманәли
ЕАЭО имиджін қалыптастыру бойынша жұмыстар жүргізу керек
АСТАНА. ҚазАқпарат - Еуразиялық экономикалық одақтың имиджін қалыптастыру бойынша жұмыстар жүргізу керек.
Бұл туралы бүгін М.В.Ломоносов атындағы ММУ-дің посткеңестік кеңістікте қоғамдық-саяси үдерістерді зерттеу бойынша ақпараттық-сараптамалық орталығының директоры Сергей Рекеда мәлім етті.
«Біздің алдымызда Еуразиялық экономикалық одақ туралы имиджді қалыптастыру, сондай-ақ ЕАЭО-ның мақсат-міндеті туралы түсіндіру шараларын жүргізу жұмыстары тұр. Бұл экономикалық ықпалдастықты идеялық толықтыру керек»,-деді С. Рекеда Астанадағы Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысынан кейінгі панельдік сессия барысында.
Оның сөзіне қарағанда, еуразиялық интеграцияны дамыту көрсеткіші ретінде ішкі көзқарастармен қатар, сыртқы бағамдарды да ескеру қажет.
Автор: Руслан Ғаббасов
ЕАЭО аясында көліктік әлеуетті тиімді пайдалану қажет - Ю. Солозобов
АСТАНА. ҚазАқпарат - Еуразиялық экономикалық одақтың құрылуы нақты ықпалдастықтың қадамы және ол алдағы даңғыл жолдың бастауы болып табылады. Бұл туралы бүгін «Халықаралық энергосаясат» орталығының жетекшісі Юрий Солозобов мәлім етті.
«Бүгінгі қол қойылған келісімді баршамыздың үлкен жеңісіміз деп білемін. Бұл нақты интеграциялық қадам және ол алдағы үлкен жолдың бастауы»,-деді Ю. Солозобов Астанадағы Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысынан кейінгі панельдік сессия барысында. Бұл одақ қысқа мерзімде құрылғанына тоқталған ол, мәселен, Еуропалық одақ бірлестікке 40 жыл уақыт жұмсағанын еске салып өтті. Оның сөзіне қарағанда, Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің ЕО мен Қытайдың арасында географиялық орналасуы біздің елдердің экономикаларына оңтайлы ықпал етеді. «Бізде осы орталықтарды қосу тұрғысында тек транзиттік мүмкіндіктерді пайдаланумен ғана шектелмеудің барлық жағдайы бар. ЕАЭО-ның тағы бір басымдығы шикізаттық тәуелділіктен кетіп, шикізаттық емес индустриялды және экономиканың жаңа секторларын құруға байланысты»,-деп түйді ол.
Автор: Руслан Ғаббасов
ЕАЭО мүше елдердің көшбасшылары «Астана Опера» театрындағы салтанатты концертті тамашалады
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Астана-Опера» театрында Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа қол қоюға арналған салтанатты концертті Еуразиялық экономикалық одаққа мүше-мемлекеттердің көшбасшылары, сондай-ақ бақылаушы елдер өкілдері тамашалады.
Мемлекет басшыларының назарларына ұсынылған бағдарламада 5 елдің орындаушылары өнер көрсетті, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметінен.
Н. Назарбаев пен В. Путиннің кездесуінде бірқатар құжаттарға қол қойылды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путинмен кездесті, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
Келіссөздер барысында индустрияландыру, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы екіжақты ынтымақтастық мәселелері талқыланды, сондай-ақ халықаралық күн тәртібінің өзекті тақырыптары қаралды. Мемлекет басшылары қол қойылған Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарттың өзекті аспектілері мен елдердің осы бірлестік аясындағы өзара іс-қимылының негізгі бағыттары жөнінде мәселе қозғады. Нұрсұлтан Назарбаев экономиканың маңызды салаларын дамытуға игі ықпалын тигізіп отырған Қазақстан мен Ресей арасындағы ынтымақтастықтың жоғары қарқынын атап көрсетті. Өз кезегінде В.Путин екіжақты қарым-қатынастардың табысты дамып отырғанына тоқталып, жоғары технологиялы салалардағы өзара іс-қимылдың мейлінше белсендірек болу қажеттігін атап өтті. *** Кездесу қорытындысы бойынша мынадай құжаттарға қол қойылды: - Ресей Федерациясы Үкіметі мен Қазақстан Республикасы Үкіметі арасындағы Қазақстан Республикасына мұнай және мұнай өнімдерін жеткізу саласындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы 2010 жылғы 9 желтоқсандағы келісімге өзгеріс енгізу туралы хаттама; - Қазақстан Республикасы аумағында атом электр стансасын салудағы ынтымақтастық жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандум; - «Қазатомпром» ҰАК» АҚ мен «Росатом» МК баламалы энергетика және сирек кездесетін жер металдары өндірісі саласындағы ынтымақтастықты дамыту туралы бірлескен мәлімдемесі; - Атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы Қазақстан-Ресей ынтымақтастығының кешенді бағдарламасы; - Қорасан-1, Ақдала, Оңтүстік Іңкай (4 учаске) кен орындарында жер қойнауын пайдалану мәселелерін реттеу жөніндегі Жол картасы.
Қазақстан халқы Ассамблеясы Еуразиялық экономикалық одақты құруды толығымен қолдайды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарттың қол қойылуына байланысты Қазақстан халқы Ассамблеясының ел азаматтарына Үндеу жариялады.
«Бүгін біз әлемдік деңгейдегі оқиғаға - Еуразиялық экономикалық одақты құру туралы келісімге Беларусь, Қазақстан, Ресей мемлекеттері басшыларының қол қою рәсіміне куә болып отырмыз.
Еуразиялық кеңістікте тең құқықты, көпғасырлық достық, ашықтық және өзара сенімділік принциптеріне негізделген XXI ғасырдың жаңа интеграциялық бірлестігі құрылып отыр. Үш бауырлас мемлекет үдемелі модернизациялау, тұрақтылық пен ұлттық экономикалардың бәсекеге қабілеттілігін нығайту, адамдардың әл-ауқатын арттыру үшін өздерінің әлеуеттерін біріктіруде. Болашақтағы экономикалық қауіпсіздіктің сенімді негізі қалануда. Елбасы 20 жыл бұрын бастамашы болған Еуразиялық интеграцияның ғаламдық идеясы өзінің елеулі пішіні мен нақты бейнесін тапты. Бұл Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың еңбегі, ынтасы және саяси жігерінің нәтижесі, халықаралық беделінің мүлтіксіз мойындалуының дәлелі. Келісімге Отанымыздың елордасы - Астанада қол қойылуының да өзіндік мәні бар. Қазақстан Тәуелсіздік жылдары Елбасының жетекшілігімен мықты мемлекетке айналды. Біздің жалпы ішкі өніміміз адам басына шаққанда 14 мың АҚШ долларына жетті, ал алтын-валюталық резервтер 100 млрд. АҚШ доллары межесіне көтерілді. Еліміз аса ірі адами және өнеркәсіптік әлеуеті бар, 170 млн.тұрғыны бар нарықты біріктіретін, 20 млн.шаршы километрден астам территориясы немесе жер шарының 15% құрлығын құрайтын орасан зор табиғи ресурстары бар қуатты ұйымның мүшесі болды. Еуразиялық экономикалық одақты құру экспорттық өндірісті, транспорттық инфрақұрылымды одан әрі қарқынды дамыту бойынша жаңа мүмкіндіктерді ашады, әлем мұхитына шығу жолдары ашылады. Интеграциядан болатын макроэкономикалық әсер еліміздің дамуында қарқынды қадам жасауға, жаңа мүмкіндіктерді ашуға және инновациялық экономиканың өсуіне мүмкіндік береді. Бірақ, ең бастысы - халықтың әл-ауқатының өсуі үшін орасан зор мүмкіндіктер ашылады. Қазақстан халқы Ассамблеясы Еуразиялық экономикалық одақты құруды толығымен қолдайды. Еуразиялық экономикалық одақ әлемдік интеграциялар орталықтарының біріне айналатынына және жетекші интеграциялық одақтардың үштігіне кіретініне сенімдіміз. Қазірдің өзінде бірлестіктің қызметіне әлемнің көптеген мемлекеттері жоғары қызығушылық танытуда. Елбасы «Қазақстан жолы - 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауында Қазақстанның ең дамыған 30 мемлекеттің қатарына қосылу бойынша қойған міндеттерді орындау үшін Еуразиялық экономикалық одақ жұмылдырушы бастама болатынына сенімдіміз. Еуразиялық экономикалық одақ болашақ ұрпағымыздың игілігі үшін жасалатын, еліміздің үдемелі дамуының кепілі болып табылатын қоғамдық келісімді, ел бірлігін және Қазақстанның Тәуелсіздігін нығайтуға жаңа серпіліс беретінін атап өтеміз!", - дей келе Қазақстан халқы Ассамблеясы халқымызды алға жетелейтін жаңа міндеттерді орындау үшін Елбасы, еліміздің Президенті Н.Ә.Назарбаевтың жанына топтасуға шақырады.
ЕАЭО - бұл масылдық емес, халықтың және ұлттық экономикамыздың игілігіне айналуы тиіс
АСТАНА. ҚазАқпарат - Талай халықаралық алқалы жиындар мен келелі кеңестерге куә болған қазақ елінің елордасы бүгін тағы бір тарихи шешім қабылданған орталыққа айналды.
Иә, бүгін елорда төріндегі Тәуелсіздік сарайында Қазақстан, Ресей және Беларусь Президенттері Нұрсұлтан Назарбаев, Владимир Путин, Александр Лукашенконың қатысуымен Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысы өтіп, оның қорытындысында Еуразиялық экономикалық одақ құру туралы шарт рәсімделді. Бұл шараға аталған одақтың елі үшін тиімділігін жете бағалап, алдағы уақытта мүшелікке етуді мақсат тұтып отырған Армения Республикасының Президенті Серж Саргсян мен Қырғыз Республикасының Президенті Алмазбек Атамбаев та куә болды. Бірден айта кетерлігі, Армения ағымдағы жылдың 1 шілдесінде бұл ұйымнан ойып тұрып орын алуды алдына мақсат қойса, қырғыз елі алдымыздағы Қой жылын әлемдік аренада халықаралық құқық субъектісіне толық көлемде ие және Дүниежүзілік сауда ұйымы ұстанымдарына сай құрылған жаңа экономикалық ұйыммен қарсы алуға ниет танытып отыр. Бұдан бөлек, қазірдің өзінде әлемнің Түркия, Үндістан, Жаңа Зеландия, Вьетнам сынды 40-қа жуық елінің Кеден одағы аясындағы еркін сауда аймағына қосылуға қызығушылық танытуы да біраз жайттан хабар берсе керек-ті.
Тарихқа жүгінер болсақ, осыдан тура 20 жыл бұрын Қазақстан Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің академиялық аудиториясы алдында дәріс оқып, алғаш рет Еуразиялық экономикалық одақ құру туралы идеяны көтерген болатын. Алайда сол кезеңде Елбасының бұл идеясы ТМД елдерінің көптеген саясаткерлері үшін түсініксіз болуымен қатар олардың тарапынан әділ бағасын ала алмағаны есте. Ал бүгінде Еуразиялық экономикалық одақ термині саясаткерлер мен сарапшылардың, қоғам мен бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің арасында сәнге айналған саяси термин болып отырғандығы да өмір шындығы десек болады.
Ал бүгінгі алқалы жиынға келер болса, онда қабылданған Еуразиялық экономикалық одақты құру туралы шарт үш елдің де барлық мүдделері жан-жақты ескеріле отырып, қабылданған құжат болғандығы анық. Оны Елбасымыз да баса атап өтті. «Біз Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартты әзірлеу бойынша ауқымды жұмысты тәмамдадық. Оған қол қою Еуразиялық кеңістіктегі сапалы интеграциялық үдерістердің жаңа кезеңін білдіреді. Шарт сауатты, теңгестірілген, оған қатысушы мемлекеттердің барлығының мүдделерін есепке ала отырып жасалды. Ауқымды жұмыс атқарылды. Келіспеушіліктер де баршылық болғанымен, біз барлық тараптарды қанағаттандыратын ортақ консенсусқа келіп отырмыз», - деді Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысын ашқан ҚР Президенті Н. Назарбаев.
Қазақстан Көшбасшысының бұл сөздеріне Беларусь Президенті Александр Лукашенко да барынша қолдау білдіре келе: «Біздің дұрыс жолды таңдағанымызды өмірдің өзі көрсетті. Бұрынғы кеңестік кеңістіктің қайтарымсыз кері интеграциясына жол бермес үшін біз ТМД-ны құрудан бастадық, сосын Еуразиялық экономикалық қоғамдастықты, Кеден одағын құрдық, Бірыңғай экономикалық кеңістіктің нобайын сыздық. Бүгін біз мәреге жеттік, ол бізді Еуразиялық экономикалық одаққа әкелді», - деді. Өз кезегінде Ресей Президенті Владимир Путин Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарт мемлекеттік егемендікті толық сақтай отырып, елдерімізді интеграцияның мүлде жаңа деңгейіне алып шығатынын баса атап өтті.
Сонымен, үш елдің арасында құрылған, таяу аралықта қатары жаңа мемлекеттермен толыға түсетін бұл экономикалық одақ елімізге тауарлардың, қызметтер мен капиталдың және жұмыс күштерінің еркін қозғалысына мүмкіндік беретін болады. Міне, осындай қадамдардың нәтижесінде 2030 жылға қарай жиынтық ішкі жалпы өнімнің өсімі түріндегі интеграциялық тиімділіктің перспективасы шамамен 900 миллиард долларды құрай алады. Қазіргі уақытта тек қатысушы үш ел экономикасының жиынтық көлемі 2,2 триллион долларды құраса, шығарылған өнеркәсіп өнімінің жалпы көлемі 1,5 триллион АҚШ долларына жуықтады. Мәселен, 2009 жылдан бері Қазақстанның Еуразиялық экономикалық кеңістік және Кеден одағы әріптестерімен тауар айналымы 88 пайызға артып, 24,2 миллиард долларға жетіп отыр.
Қорыта айтқанда, Елбасы Н.Назарбаев атап өткендей, Еуразиялық экономикалық одақ - бұл масылдық емес, халықтың және біздің ұлттық экономикамыздың игілігіне айналуы тиіс.
Автор: Марлан Жиембай
ЕАЭО шартына қол қойылуын зиялы қауым өкілдері қолдауда
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Астанадағы Тәуелсіздік сарайында мемлекет басшылары деңгейіндегі Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес отырысының қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев, Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин, Беларусь Республикасының Президенті Александр Лукашенко Еуразиялық экономикалық одақ құру туралы шартқа салтанатты түрде қол қойған болатын.
Осынау тарихи оқиғадан кейін үш елдің басшылары өнер өкілдері мен зиялы қауыммен кездескен еді. Жүздесуге қатысқан мәдениет қайраткерлері үш ел арасындағы бұл ықпалдастықтың ежелден бауырлас мемлекеттердегі тату қарым-қатынасты одан ары тереңдетуге ерекше әсер ететіндігін баса айтуда.
«Аса қадірлі Нұрсұлтан Әбішұлы халықтың қанатын жаздырып, құлашын ұзартып, өрісін кеңейтіп елдің әлеуетін, тұрмыстық абатын жақсарту жолындағы жасаған осынау шешіміңіз елдің игілігіне жарасын», - деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Қуаныш Сұлтанов.
Ал Қазақстанның Еңбек Ері Аягүл Миразова Қазақстан Президентінің Еуразиялық экономикалық одақ құру туралы идеясы осынау 20 жылдың ішінде пісіп-жетіліп, бүгін қол қойылуы барша қазақстандықтар үшін үлкен қуаныш, үлкен жетістік екендігін баса айтты.
«Үш елдің басшыларының халқының қамын ойлағандықтан, халқының экономикалық байлығын және әлеуетін ойлағандықтан осында бірлестікке, қауымдастыққа қол қойған тарихи оқиғаға куә болғаным үшін қуаныштымын. Өйткені, бұл Еуразиялық экономикалық қауымдастық біздің елдерімізді экономикалық белсенділікке, биіктікке, жетістіктерге апарады деп сенеміз», - деді Қазақстанның халық әртісі Тұңғышбай Жаманқұлов.
Ал мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков: «Бұл жалпы әрбір мемлекеттің еркін дамуына, бұрынғыдан да қарқынды дамуына ерекше әсер етеді деп ойлаймын. Біздің сауда-саттық, жасаймын, тіршілік етемін деген адамдардың өрісі кеңейді кеңейді. Осы мына медицина мамандығы болмаса, онан басқа мамандықтың бәрінде, үш мемлекетінде оқу орындарында бітірген дипломның күші бірдей болады», - деді.
Айта кетерлігі, «Астана-Опера» театрында Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа қол қоюға арналған салтанатты концерт өтіп, оны Еуразиялық экономикалық одаққа мүше-мемлекеттердің көшбасшылары, сондай-ақ бақылаушы елдер өкілдері тамашалаған болатын. Осы концертке қатысты ойын «Астана-Опера» мемлекеттік балет театрының директоры Төлеген Мұхамеджанов білдірді. «Бүгінгі концерт барысында әр нөмерде достық сөзі айтылды. Достық - бірлестіретін ұғым. Қазіргі заманда Ресей, Белоруссиямен экономикалық ықпалдастықта болуымыз халқымызға жақсылық әкелеріне сенемін», - деді ол.
Ал КСРО Халық әртісі Иосиф Кобзон ЕАЭО шартына қол қойылуымен барлық Қазақстан, Ресей және Беларусь елдерінің халқын құттықтай келе: «Мен үшін Қазақстан қымбат, менің жүрегімнен үлкен орын алады. Және дәл бүгін осындай жасымда тарихи сәтке куә болып отырмын. Мұны Нұрсұлтан Әбішұлы 20 жыл бұрын армандаған еді. Бұл - сол кісінің идеясы» - деді.
Автор: Марлан Жиембай