«ҚазАқпарат» ХАА тілшісі «Тіл мен тілші» байқауының жеңімпазы атанды - БҚО
БҚО тілдерді дамыту басқармасынан түскен мәліметке қарағанда, ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» ордені мен халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Ақұштап Бақтыгереева жетекшілік еткен қазылар алқасы барлығы он екі үміткердің облыстық және республикалық басылымдарда жыл басынан бері жарық көрген 62 мақаласын сарапқа салды. Қазылар алқасы өзекті тақырыпты саяси жағынан сауатты көтерген халықаралық «ҚазАқпарат» агенттігінің БҚО бойынша меншікті тілшісі, ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Ғайсағали Сейтақтың мақала-сұхбаттарын бірінші орынға лайық деп тапты. Сондай-ақ ақындар, БҚО сотының бас маманы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Аманкелді Шахин мен «Жайық ұстазы» газетінің бас редакторы Ақмаржан Таубаева - екінші, облыстық «Орал өңірі» газетінің бөлім редакторы Сәкен Әбілхалықов пен ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Мұрат Сабыр, Қаратөбе аудандық «Қаратөбе өңірі» газетінің тілшісі, ақын Ертай Бимұханов үшінші жүлдені еншіледі.
Жеңімпаз-жүлдегерлерге сыйлықтар 10 желтоқсан күні табыс етіледі.