«ҚазАқпарат» ХАА ұжымы Арыс тұрғындарына екі күндік жалақысын аударады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігінің қызметкерлері екі күндік жалақысын Арыста болған жарылыстан зардап шеккендерге аударады.

Айта кетейік, «ҚазАқпарат» осыған дейін Түркістан облысының Арыс қаласындағы әскери бөлімнің қоймасында жарылыс болғандығын хабарлады.

Оқиға орнына шұғыл түрде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жетіп, жарылыс аумағынан эвакуацияланған тұрғындармен кездесті.

ҚР Президенті «Қала қалпына келтіріледі, бәрі дұрыс болады. Бұл төтенше жағдай, апат. Қайтеміз, кейбір уақытта солай болады. Үкімет ақша, қаражат береді, көмектеседі, алаңдамаңыздар!. Бәрі жақсы болады. Жөндеу жұмыстарын жасап береміз. Үкімет қанша қаражат керек екенін санайды. Содан кейін қаражат бөлеміз. Бәрін түсініп отырмын, бәрі жақсы болады. Әдейі келіп отырмын», - деді Мемлекет басшысы тұрғындармен кездесуі барысында.

Сондай-ақ Президент Арыс тұрғындарына барлық облыс, ең алдымен Үкімет көмектесетінін айтты.

«Менің тапсырмам бойынша барлық облыс, ең алдымен Үкімет көмектесетін болады. Сәл-сәл шыдаңыздар, бәрі дұрыс болады. Бұл мәселелердің барлығын жеке өзімнің бақылауыма аламын», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Болған оқиғаға байланысты Арыстағы жарылыстан зардап шеккендерге көмек қолын созу мақсатында елімізде «Арыс, біз біргеміз» акциясы басталды.

Акция аясында Мәдениет және спорт министрлігі, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің қызметкерлері бір күндік жалақысын аударатын болды. Осы бастамаға депутаттар да қосылған.

Енді міне, ортақ іске «ҚазАқпарат» ұжымы да жұмылып отыр.

Соңғы жаңалықтар