«ҚазАқпарат» сайтының қытайша нұсқасы жарық көруі Қазақстан мен Қытайдың ақпараттық әріптестігінің тағы бір белесі - ҚХР елшісі Лэ Юйчэн
Осыған орай біздің тілшіміз Қытай Халық Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Лэ Юйчэн мырзаға хабарласып, осы атаулы оқиғаға байланысты пікірін білген еді.
- Құрметті Лэ Юйчэн мырза , бүгінде Қазақстан мен Қытай Халық Республикасы арасында саяси және экономикалық әріптестік жоғары қарқынмен дамуда. Сіз қазақстандық-қытайлық қарым-қатынастардың бұдан әрі даму әлеуетін қалай бағалайсыз?
- Қазақстан мен Қытай арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнатылғалы 22 жыл өтті, содан бері бұл әріптестік қарқынды дамып келеді. Елдеріміз жан-жақты стратегиялық серіктестік қатынастарын орната білді және осы арқылы әріптестігіміз тереңдей түсуде. Қазіргі кезде екі ел де тез дамудың шешуші кезеңінде тұр. Экономикалық жағынан бір-бірін толықтырып тұру, түрлі салаларда әріптестік жүргізу әлеуетінің үлкен мүмкіндігі және бір-бірімізге қол ұшын беруге деген шексіз ынталылық бізге екіжақты қарым-қатынастарды одан сайын дамытуға үлкен мүмкіндіктер ашады. Былтыр Қытай Халық Республикасының басшысы Си Цзиньпин Назарбаев Университетінде сөз сөйлеп, «Ұлы Жібек жолының экономикалық белдеуін» бірігіп құру керектігі жайлы бастамасын көтерген болатын. Қазақстанның жағрапиялық орналасуы, қарқынды дамудағы жойқын күші мен шексіз әлеуеті бұл елдің «Ұлы Жібек жолының экономикалық белдеуіндегі» негізгі қатысушы болатынын белгілеп берді. Сонымен қатар, Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан - 2050 стратегиясы» көбіне көп «Ұлы Жібек жолының экономикалық белдеуі» бастамасымен үндесіп жатады. Сондықтан қазіргі кездегі біздің басты мақсатымыз екіжақты саяси қарым-қатынасты одан сайын дамыта түсіп, жоғарыда атап өтілген ұзақмерзімді стратегияларды орындау жолында күш біріктіру болуы қажет.
Болашаққа көз жүгіртсек, екі ел арасындағы әріптестік қарым-қатынастың шексіз мүмкіндіктерін көруге болады. Сондықтан біз көліктік-коммуникациялық жүйе құру бойынша әріптестігімізді одан сайын тереңдетіп, «Батыс Қытай - Батыс Еуропа» автокөлік транзиттік дәлізін салу сияқты ірі жобаларды тиімді түрде жұүзеге асыра беруіміз қажет. Сонымен қатар, шикізаттық емес саладағы әріптестікті де сәт сайын дамытып, инвестициялық әріптестіктің де қарқынды дамуы үшін жаңа қайнар көздер іздей беруіміз керек. Ақтаудағы Битум зауыты, Атыраудағы мұнай өңдеу зауыты, Мойнақ СЭС-і сияқты ірі жобалар шикізаттық емес саладағы қытайлық-қазақстандық әріптестіктің жарқын көріністері. Болашақта біз ғылыми-технологиялық парк құрылысын бірлесіп салу, күн, жел, ядролық және басқа да экологиялық таза энергетика көздерін дамыту, ауыл шаруашылығы саласындағы, соның ішінде мал шаруашылығы, азық-түлік және қайта өңдеу өнеркәсібі саласындағы әріптестікті дамыту мүмкіндіктерін қарастыруымыз әбден мүмкін.
Сондай-ақ, біз халықтарымыздың да тығыз қарым-қатынасқа түсіп, мәдени, білім алу, туристік және басқа да гуманитарлық салаларда әріптестікті дамытып, екі ел арасындағы қарым-қатынасқа мықты рухани іргетас та орната білуіміз шарт. Осы ретте ортақ әрекеттердің нәтижесінде қазақстандық-қытайлық қарым-қатынастар жаңа сатыға көтеріліп, екі елдің халықтарына бұдан да үлкен ізгіліктер әкеледі деген үміттемін.
- 2011 жылы ҚХР Төрағасы Ху Цзиньтао Қазақстанға келген кезде біздің Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев екі тарап та әріптестік қарым-қатынастарын бекіте отырып, гуманитарлық салада да тығыз байланыс орнату қажет екенін айтқан болатын. 2012 жылы біздің Агенттік пен «Жэньминь жибао» газеті редакциясының интернет-орталығы болып табылатын «Жэньминьван» сайты арасында электронды ақпарат саласында әріптестік туралы келісімге қол қойылған болатын. Сіздің ойыңызша, мұндай әріптестік Қазақстан мен Қытай арасындағы барлық салалардағы екіжақты байланысты одан әр дамытуда қаншалықты үлес қоса алады?
- Ақпараттық әріптестіктің маңыздылығы айтпаса да түсінікті. БАҚ-ты тегіннен тегін «төртінші билік» деп атамаса керек. Ақпараттық жаһандану дәуірінде БАҚ-тың ақпаратты шартарапқа таратуы және кез келген оқиғаға үнқатуы айтарлықтай жеделдеді, олардың қоғамдық пікір, соның ішінде саяси пікір қалыптастыру мүмкіндігі күшейді. Қытай мен Қазақстанның түрлі салалардағы әріптестігі екі ел халқының қолдауынан жырақ өмір сүре алмайды. Сондықтан екі елдің БАҚ-тары да қоғамдық пікірдің дамуына өз үлестерін қосу үшін бірлесе қызмет атқарулары қажет. Осы орайда қос елдің БАҚ-тары жоғары деңгейде әріптестік қарым-қатынас орнатуы уақыт талабы болып табылады.
«ҚазАқпарат» Қазақстанның жалғыз мемлекеттік ақпарат агенттігі ретінде қазақстандық БАҚ-тардың ішінде бірінші болып Қытайда өз бөлімшесін ашқан болатын. Ол Қытайдың Синьхуа, «Жэньминь жибао» және басқа да ресми БАҚ-тарымен тығыз байланыса отырып, үнемі әрі белсенді түрде Қытай туралы, қытайлық-қазақстандық әріптестік туралы ақпараттар таратып келеді, сол арқылы «ҚазАқпарат» Қазақстан халқының Қытаймен таныс болуына үлкен үлес қосуда.
«ҚазАқпарат» пен «Жэньминьванның» әріптестік туралы келісімге келгендеріне өте қуаныштымын. Бұл жаңа БАҚ-тардың мүмкіншіліктерін ашуда үлкен рөл атқарып, екі елдің гуманитарлық әріптестігін нығайтып, екіжақты қарым-қатынастардың ортақ дамуына үлесін қосады. Екі елдің осы бұқаралық ақпарат құралдары бұл мүмкіндікті екі ел халықтарының бірін-бірі жақынырақ тануына ықпал жасауға, жедел әрі объективті жаңалықтар таратуға, тараптардың әріптестігі саласында жаңа бағыттар ашуға пайдаланады деген үміттеміз.
- Біздің агенттігіміздің жуырда халықаралық болып құрылуына байланысты жаңалықтар таспамызда қытай тіліндегі ақпараттар ағыны пайда болады. Сіздің ойыңызша қытайлық оқырман үшін дәл қандай жаңалықтар қызықтырақ болады?
- Мен «ҚазАқпаратты» қытайша нұсқасының ашылуымен шын жүректен құттықтаймын. «ҚазАқпарат» қытайша нұсқасын ашып отырған тұңғыш қазақстандық бұқаралық ақпарат құралы. Бұл нұсқаның ашылуымен қытай жұрты үшін Қазақстанды танитын «терезе» ашылады. Бұл оқиғаны Қазақстан мен Қытайдың әріптестігі саласындағы жаңа сатысы деп айтуға болады. Қазақстан Қытайдың құдайы көршісі. Екі елдің қарым-қатынастары күн сайын қарқынды дамып келеді. Дегенмен көптеген қытайлықтардың Қазақстан туралы білім деңгейі әлі де болса аз. Менің ойымша, сайттың қытайша нұсқасында қытай оқырмандарын тек Қазақстанның жаңалықтарымен ғана емес, сондай-ақ қазақтың тарихымен, мәдениетімен, салт-дәстүрімен, даму жетістіктерімен, бизнес туралы ақпараттармен және басқа да жаңалықтармен таныстыруға болатын сияқты. Қытайлық интернет пайдаланушылар мұндай дүниелерді қызыға оқиды деп ойлаймын.
- Сіз Қазақстандағы Елші қызметіне жуырда ғана кірістіңіз. Біздің еліміз Сізді қандай әсерге бөледі? Сіздің ойыңызша, Қазақстанның мықты тұстары қайсы? Қазақстанда Қытай елі көмектесе алатын шешілмей келе жатқан мәселе бар ма?
- Мен осыдан бірнеше жыл бұрын Астанада болғанмын. Сол кезбен салыстырғанда қала кәдімгідей өзгеріп кеткен, оның сұлулығы мен заманауилығы таңдай қақтырады. Тәуелсіздік алғаннан бергі 22 жылда Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен Қазақстан тез аяғынан тік тұрып, КСРО құлағаннан кейінгі ауыр жағдайдан жылдам шығып, дамудың даңғыл жолына түсті. Мәселен, бүгінде Қазақстан жан басына шаққандағы ЖІӨ бойынша Еуразиялық аймақта алдыңғы қатарлы елдердің тобына еніп, тіпті әлемнің 50 дамыған елінің сабынан көріне білді. Ал қазір Қазақстан батыл түрде әлемдегі ең мықты 30 елдің қатарына кіруді мақсат етіп отыр. Мұндай жедел әрі табысты даму тек таңданыс пен қызығушылық қана туғызады. Жер қойнауы тола байлық, жақсы инвестициялық ахуал, үлкен территория және Еуропа мен Азияны байланыстырып жатқан тиімді жағрапиялық орналасу - міне, осының барлығы Қазақстан үшін үлкен артықшылық әрі елдеріңіздің жедел дамуының басты басымдықтары. Ал Қытайға келер болсақ, оның қолында капитал, заманауи технология, қыруар еңбек күші және талантты мамандары бар, олар өз кезегінде Қазақстанға инфрақұрылымын жақсартуға, өнеркәсіптік кешенді дамытуға, заманауи ауыл шаруашылығын өрістетуге, технологиялық иннновациялардың мүмкіншілігін арттыруға көмектесе алады. Осындай артықшылықтарымызды тиімді пайдалана отырып, біз екі жақты жетістіктерге жетеміз деп ойлаймын.
- Астанада өтетін ЕХРО-2017 көрмесіне қытайлық кәсіпорындар қатыса ма? Сіздердің компанияларыңыз көрмеге «Болашақ энергиясына» қатысты қандай өнімдер немесе қызметтер алып келеді?
- Қытайлық кәсіпорындар «жасыл той» болатын ЕХРО-2017 көрмесін қалайда жіберіп алмауға барын салады. Экологиялық жағдайды қалай жақсарту керек деген мәселе Қытай үшін де маңызды болып отыр. Ал жаңа энергиялық ресурстарды дамыту осы мәселені шешудің бірден-бір жолы болмақ. Үкіметтің қолдауымен соңғы кездері Қытайда «жасыл» энергия көздері жақсы дамуда, мәселен «жасыл» үй, «жасыл» көлік, экологиялық таза тұтыным мен басқа да экомәдениеттің құрамдас бөліктері кең етек жаюда. Сондай-ақ, гидроэнергетика Қытай үшін электр қуатын өндірудің маңызды бағытына айналды, ал ауылдық үйлерде биогаз кеңінен қолданылады. Қытайлық фотоэлектрлі өнімдер Еуропа мен Америкаға кеңінен экспортталуда. Менің ойымша, енді үш жылдан кейін Астанадағы ЕХРО-да қытайлық компаниялар өздерінің жоғары технологияларын, заманауи өнімдерін көрсетіп, басқа қатысушылармен бірге болашақтың энергиясын дамытуда өзіндік ұстанымдарын ұсынады
- Әңгімеңізге көп рахмет .