ҚазАқпаратқа 95 жыл: Абай әлем халықтарын достыққа шақырады

АСТАНА. ҚазАқпарат (ҚазТаг) - Агенттігіміздің 1995 жылғы 10 тамыз күнгі хабары. «Егемен Қазақстан», №155 саны.
None
None

Біздің республикамызға Абай мерейтойының салтанатына келген Әзербайжанның Президенті Гейдар Әлиевті, ЮНЕСКО-ның Бас директоры Федерико Майорды, БҰҰ Бас хатшысының арнаулы өкілі Самир Санбарды, Өзбекстанның Премьер-министрі Абдулхашим Муталовты, Ресей Федерациясы үкіметі төрағасының орынбасары Юрий Яровты және Қырғызстанның Президенті Асқар Ақаевты тамыздың 9-ында Президент Нұрсұлтан Назарбаев қабылдады.

Кездесулер барысында мәртебелі меймандар қазақтың ұлы гуманист-ақыны, ойшылы әрі философы қалдырған мұраның халықтар арасындағы байланыстарды кеңейтуде маңызының зор екенін атап өтті. Сондай-ақ біздің мемлекеттеріміздің өзара тиімді экономикалық ынтымақтастығын одан әрі дамытудың мәселелері көтерілді.

Кездесуден соң журналистермен сұхбаттасқан Г. Әлиев, бұрын Қазақстан мен Әзербайжанның арасында берік шаруашылық байланыстары болғанын, Әзербайжан жағының қазір де оларды қалпына келтіруге әзір екенін айтты.

Ф. Майор Абайдың Қазақстан тарихында жаңа кезеңді бастап бергенін мәлімдеді. Оның мұраттары мен ойлары ойшыл адамды қалыптастырудың негізі ретінде қаралады, адамның бойында ізгі қасиеттерді ұялатып, зиялылық пен жарасымдылыққа шақырады.

Сондықтан да Абайдың ұлылығы даусыз.

С. Санбар өз кезегінде Тәжікстандағы және бұрынғы Югославиядағы жанжалдарды реттеуде біздің Елбасымыздың бітімгершілік рөлі Біріккен Ұлттар Ұйымында оң бағаланып отырғанын, сөйтіп ұлы Абайдың достық пен бейбітшілік туралы өсиеттерін Қазақстанның жүзеге асырып отырғанын атап көрсетті.

Мәскеу мен Санкт-Петерборда, Ресейдің басқа да аймақтарында Абайдың мерейтойы салтанатпен атап өтілді, деп мәлімдеді Ю.Яров. Көптеген ресейліктер оның шығармасымен баяғыдан таныс, сондықтан да қазақ халқының ұлы перзентін тарихтағы аса көрнекті ойшылдармен бір қатарға қояды.

(ҚазТАГ)

Соңғы жаңалықтар